Зира Наурызбаева, Лиля Калаус
Алтын тостағанды іздеу
Бату мен оның достарының бастан кешкендері
Повесть
2014
Шыңғыстаудағы Жер кіндігі, Геродот жазған
аримасптар мен исседондар, Қозы Көрпеш пен
көне заманда Ұмай атанған Баян сұлу туралы және
Семей ядролық полигонын ұйымдастырушылардың
астыртын пиғылы туралы жазуды армандап өткен
Серікбол Қондыбайдың (1968-2004) рухына бағышталады.
ҚҰПИЯ ҚОНАҚ
Не артық – фильм бе әлде кітап па?
«Пацифистер» келеңсіздіктерге тап болады.
Скорпионның әдісқой әккілігі.
Дана зұлымдықпен айқаста жеңіп шығады.
Батудың Аспарамен танысуы.
Шынымен-ақ, елес пе?
Мектептен қайтып келе жатып, Саша мен Бату жол бойы тағы да Гарри Поттер жайлы соңғы фильмді талқылаумен болды.
Түсінесің бе, фильм, әрине, тамаша болып шыққан: арнайы түсірілген әсерлі көріністер, компьютерлік графика – бәрі керемет. Әйтсе де, кітап артық! – Саша таңқы танауының ұшына қарай сырғи беретін дөңгелек көзілдірігін байыппен түзеп қойды.
Несі артық дейсің? – Бату алақтай артына қарады да, жүрісін үдете түсті. – Сен-ақ ақылгөйси береді екенсің, Саша!
Сен өзі бесінші томын оқыдың ба? Феникс ордені туралы? – деді Саша шамданып.
Несіне оқимын... Кинода онсыз да бәрін көрсетеді. – Бату тағы да артына қарайлады. – Тезірек жүрейік, әжем тосып отыр.
Әжең? Неменеге тосады? – деді Саша таңырқай. – Кішкентай баламысың сен?
Өзің... Кішкентайсың... – Бату күрсінді.
Бұл күн Бату үшін ауыр болды. Тарих пәнінің мұғалимасы баттитып «екілік» қойғаны аздай,күнделігіне ескерту жазып, ата-анасын мектепке шақыртып жатыр. Рас, артынша аздап жолы болғандай еді – мектептен елеусіз сытылып шығудың сәті түсті, бірақ, ол да неғайбіл. Өйткені, зәбір көріп, заразап болған басы жақсы біледі – Скорпион ешкімді оңайшылықпен жібере қоймайды. Тезірек жүгіріп, үйге жетіп алуы керек, ал, мына төрткөз тағы да сүйікті Поттерін жырлап кетті.
Түсінсеңші, кітапта небір қызық нәрселер айтылады, егжей-тегжейлі суреттеледі: Гарри қалай оқиды, Хогвартста қандай сабақтар жүреді, мұғалімдері қандай, онда қандай жануарлар мекендейді, өзге балалар не істейді, тіпті, нағыз дуалар келтіріледі...
Иә, саған, нағыз... Не, өзің жасап көрдің бе? – деп күліп жіберді Бату, бір сәтке басына түскен келеңсіздіктерін ұмытып.
Оны айтпаймын ғой! – деп шыж ете қалған Сашаның томпақ бетіндегі секпілі айқындалып шыға келді. – Тіпті, жасап көрсем де, не тұр екен! Қызық емес пе...
Не сонда, қауырсын ауада қалқып ұшты ма? Гиппогрифті ерттеп міндің бе? Әлде мандрагораның тамыры жылап қоя берді ме? – деп келемеж қылды Бату. – Сен де танти береді екенсің! Сиқыршы болған түрін!
Саша, әрине, өкпелеп қалды: томсырайып, үнсіз қаздаңдай жөнелді. Өкпелей берсін. Бәрібір, тылсым сиқырға толы ертегі біткен – бөбектерге арналған шатпырақ. Ал, бұл, Бату, баяғыда есейген. Немене, ересектер кітапты көп оқушы ма еді? Қайдан оқысын, онсыз да шаруалары бастарынан асады. Әмбе Бату, шынымен-ақ, жөні түзу кітап, анау Роулингтің кітаптарындай, семіз әрі ұсақ әріптермен басылған болмауы тиіс деп пайымдайтын. Ондай қойыртпақты қартайғанша оқып тауыспассың, ал, киноның жөні бөлек – небәрі екі-ақ сағат көресің. Және жай отырмай, попкорн жеп, артынан кока-кола жұтасың... Сөйтіп, бәрін біліп аласың! Бәлкім, бәрін емес шығар, дегенмен...
Қане, айтшы өзің! – деп саңқ етті кенет Саша. – Сондай қалың кітапты бір фильмге қалайша сыйдыруға болады?! Қаншама қысқартуға тура келді десеңші!
Соны айтам, - деп, досының қайтымдылығына қуанып кеткен Бату, іліп әкетті. –Қалғанының керегі не саған? «Ұзын сөздің қысқасы жақсы»! Әкем ылғи осылай дейді!
Дегеніне болайын!– деп, елеурей сөзін жалғады Саша, қолдарын сермелеп. – Мәселен, Гермиона, жай жатқасоғар біреу емес қой, ол өте шыншыл әрі әділ...
Бату шабытына мініп, көсіле жөнелген досының сөзіне бас шұлғып, қостап қоюды ұмытпай, өзі қайтадан теперішті тағдыры туралы ойға батты. Бүгін ол тағы да мектепке «салық» әкеле алмады. Әдетте ақша беріп тұратын анасы, бір апта болды, перзентханада жатыр, ал, әкесінен сұрауға батпайды, өйткені, ол «күнделікті шай-пұлдық ақша балаларды бұзады» деп санайды. Түңілген Бату таңертең әжесін айналдырып көрген, бірақ, ол да ұлының, яғни, Батудың әкесінің сөзін жыға алмады. Сөйтіп, өмірінде бірінші рет немересінің меселін қайтарды. Онысына өзі де қапаланып, тіпті, жыларманға келгенін көргенде, Бату өзін тап бір оңбаған сезінді.
Құрып кеткір сол ақшаны қайдан тапса екен? «Салық»-тың өсімі тағы бар... Неше есе өсті екен? Анасының ақшасы да жетпей қалса, қайтпек?! Сол сәтте сап етіп, Қайраттың күнге күйген, сүйектері мүйізденген жуан қара жұдырықтары есіне түсіп кетті.
Қайрат, әрине, өте күшті, атыс-шабыс фильмдердегідей, нағыз сойқанның өзі. Алайда, Бату, неге екенін, Қайраттан гөрі Скорпионнан - оның зәндемі жымиысынан, озбыр, ежірейген шегір көзінен - көбірек сескенетін. Баяғыдан, сонау балабақшадан бері қорқады. Бұл қорқыныштың сыры өзге түгіл, Батудың өзіне түсініксіз еді: былай қараса, Скорпионның бойы бір-ақ тұтам, өзінен әлдеқайда аласа, ілмиген арық, тегі, бәлендей күшті де емес. Әрине, екеуі ешқашан төбелескен емес. Скорпион өзі қолын былғамайды, ол үшін бәрін Қайрат тындырады...
Үрейін ұшырған ойлардан Бату терлеп кетті. Жә, оқа емес, анасы перзентханадан шыққан соң, көбірек сұрап алады, бәлкім, бәрі жайымен тынар...
Бату салық төлеудің басы болған сол бір күнді есіне алды. Сол күні Қайрат мектепте абыржыған кейіпте жанына келді де: «Батон, достығың болсын, ақша керек боп тұрғаны, бере аласың ба?» - деп қиылды. Бату әуелгіде, тіпті, қуанып кеткен, Қайратты жау қылғанша, дос қылып алған артық. «Елу теңгем бар», - деп жауап берген ол елп етіп. «Ол аз, - деді Қайрат. – Мың теңге керек». Бату мұңайып қалды: «Менде мың теңге қайдан болсын? Маған ондай ақша ұстатқан емес».
Кенет бір бүйірден сумаң етіп көзі жылтыраған Скорпион шыға келді де, Батуға мың теңгелік қағазды соза берді: «Қажет болса, қарызға бере алам!». Бұл болса, аңқиып, жадыланғандай, Скорпионнан мың теңгені алып, Қайратқа ұстатты. Қайрат үнсіз ғана бұрылып, өз жөнімен кетті. Ал, Скорпион былай деді: «Есіңде болсын, оған сен бердің, ал, маған қарызсың. Ертең қайтарасың, әйтпесе, қарызың өсе береді – күніне екі жүз теңге». Бату қарызды қайтару керектігін білетін және өсімақы дегеннің қалыпты нәрсе екенін түсінетін. Дегенмен, ол қалайша аяқ астынан біреуге берешек болып шыға келгеніне миы жетпей, дал болды. Және, ең бастысы – ешқандай кірісі болмаса, қарызды қайтіп қайтармақ?
Бүгін Скорпионмекерлене жырқ етіп, тарих сабағының үстінде бұған тіл қатты: «Батон, ақыры ақша әкелмеген екенсің, сені жазалауға тура келеді. Мұғалима сабақ сұрағанда, тұрма. Отырған күйі көзіңді төңкер – міне, былай, ұқтың ба?». Солай деп, сүйкімсіз көздерін ағы ғана көрінетіндей етіп айналдыра, маңдайына қарай апарған. Айтқанын істеуге тура келген... Бату түршіге тітіренді. Нәтижесінде мұғалима ата-анасын мектепке шақыртып жатыр.
... Сөйтіп, ол әлгі байғұс ергежейлілерді, көзге көрінбейтін үй иелерін қорғауға бел буады, - деген сөздер шалынды Батудың құлағына, - олардың бас еріктері жоқ қой, бәрі оларды ренжітеді, тегін жұмысқа салады, ал, басқа сиқыршылар, тіпті, сенің сүйікті Гарриің де, тіпті, Дамблдордың өзі де олардың жайын мүлде ойламайды! Сиқыршы қыздың бұнысы ерлік емес пе?! Иә, Вольдеморттың да жазасын беру керек, әрине, бірақ...
Сарнауын! Ерні-ерніне жұқпайды-ау! Батудың өзі де осылай жатық сөйлегісі-ақ келеді: тақта алдында тұрғанда септігі тиер еді. Әйткенмен, әншейінде ауыз жаппас Сашаның сабақ айтқанда тілі күрмеледі. Өйткені, ол өлердей ұялады, қашан көрсең, міңгірлеп, кібіртіктеп тұрғаны. Мектеп директоры сияқты ақылға диқан болса да, өмірінде ауызша жауабы үшін үштен артық баға алып көрген емес. Бір ой қылт етті: неге осы Скорпион мен Қайрат, айталық, Сашаға немесе сыныптағы басқа біреулерге емес, дәл өзіне ұрынды екен?! Саша өте әлжуаз, нашар көретіндігінің кесірінен, тіпті, дене шынықтыруға да қатыспайды... Осы кезде Бату өз ойынан өзі ұялып кетті. Ұяттан ба, көктемнің шағырмақ күні шыжытып бара ма, кәдімгідей пысынап кетті. Ол күртесінің түймесін ағытты да, малақайын шешіп, қалтасына сүңгітті. Саша да, жағы сенбеген күйі, милықтата киген күнқағарлы қалпағын желкесіне қарай ысырып еді, ақшыл шашы дудырап маңдайына түсті. Қай-қайдағыны ойлап кетті-ау! Байғұс Саша, өзінің әкесі де жоқ, шешесі мен кішкентай інісі ғана бар, ешқашан дәмханаға да бармайды, ақшасын кітаптарына үнемдеп жүргені...
Олар әжептәуір аумақты әрі тыныш аулаға келіп кірді. Ересектер бір жолы жалпы жиналыста аулаға көлік қоймауға, гараж салмауға бірауыздан келісіп, шешім қабылдаған. Тек әлдеқашан иелерінің қоймасына айналған атам заманғы ескі кірпіш гараж ғана сонау бұрышқа сұғынып, оқшау тұр. Үлкендердің сол ұйғарымының арқасында бала біткен, Бату мен Саша да, аулада алаңсыз велосипед пен ролик тебеді. Бірақ, дәл қазір айнала қаңырап тұр еді. Тіпті, жаздағыдай құп-құрғақ футбол алаңында да қыбыр еткен жан жоқ, тек біреулердің трансформатор күркесінің артында кептіруге жайған ақжаймалары өкпек желдің өтінде желкен құсап, сатырлай желбірейді. Анда-мында көлеңкеде әлі де күртік қар жатыр, сол үйінділерден сыз білініп, мысықтың мұрынды жарған сасық иісі мүңкиді. Бату шіміркене бұйықты. Ал, Саша өз есігінің кіре берісінде жүрісін бәсеңдетіп, асыға сөзін күрмей берді:
... Сондықтан, одан да кітапты екі қайыра оқып шыққаным артық...
Әрі қарай Бату досының сөзін ести алмады, өйткені, әлдекім әй-түйге қарамай, иығынан шап берді. Әрине, бұл Қайрат еді, ал, жанында жиіркенішті ырсиып Скорпион тұр.
Батудың іші мұздап сала берді. Ол сасқанынан былдырлай бастады:
Жә, балалар, бұларың не? Ертең әкелем ғой... Шын айтам...
Одан аулақ жүріңдер, - деп, Саша араға түспек болған еді, Қайрат оны шетке итеріп жіберді. Саша сатпақ қарға ебедейсіз жалп етіп отыра кетті, «поттердікіндей» дөңгелек көзілдірігі күнге шағылыса, сырт етіп қасына түсті.
Сен, оқымысты қияли, килікпе, ұқтың ба? – деп зірк етті оған Скорпион. – Ал, сен, күшік, жазаланасың! Қайрат, оған түйме тарту ет!
Қайрат есеңгіреген Батуға жақындап, шалт қимылмен күртесінен бір түймені жұлып алды да, дәл танауына тақады: «Ұста сыйлықты. «Рақмет» қайда?». Бату түймені алды да, «Рақмет» деп сыбыр етті. Қас қылғандай, көзіне кілк етіп үйірілген жасты қалай бөгерін білмей қиналды.
Қысқасы былай, Батон, - деді Скорпион, - ақшаны төлеу керек, онымен ойнауға болмайды. Соза берсең – күн сайын әкеңді танытып төмпештейміз, әуелі мен, сосын Қайрат, сосын тағы мен, солай кете береді.
Бату үн шығармады, тек жасы тоқтаусыз сорғалап, жүзін жуды.
Скорпион тісін ақситып, күтпеген жерден қалтасынан ұзын, шұбар әлденені суырып алды да, бірден Батудың дәл бетіне тақай қойды... Онысы тірі жыланға ұқсайтын резеңке жылан еді - Бату баж ете қалды.
Сүй! – деп, мазақ қылған екі ұл кісіней күліп, кетуге ыңғайланды. Ал, Бату бейжай бір күйге енді. Құлағы шыңылдап, Қайраттың есірік қарқылы қалың мақта арасынан өткендей, талып жетті. Жыланның басы кенеттен зорайып шыға келіп, көз қарықтыра жарқыраған ақ кіреуке аясында Қайрат пенСкорпионның қарауытқан сұлбаларын көлегейлей берді. Оның қарашығы тіп-тік жасыл көздері бағалағандай бажайла-а-ап қарайды... Арбай бастағаны...
Наг-г-айна, - деп, естілер-естілмес сыбыр етті Бату.
Жылан кенет құлақ тұндыра ысылдай жөнелді, басын қайқаңдатып, аранын аша, айыр тілін жалаңдатты... Үрейден есінен тануға шақ қалған Бату, Гарри Поттердің Малфойдың жеңді білектей жыланымен айқасқан кезде айтқандарынан, тым болмаса, бір сөз есіне түсіруге тырысты. «Бірақ, ол жай ғана фильм ғой, кішкентайларға арналған ертегі! Адам жыланмен сөйлесе алмайды!» - деген ой қылаң етті. Кенет жыланның жасыл көзі қараға айналып, құдды адамдікіндей жыпылық қақты, со мезет буалдыр да сейілді. Қараса, дәл жанында құрбысы тұр екен.
Д-да-н-на... – дегенді зорға айтты әлі де бозарыңқы Бату.
Ойыншық жылан Дананың уысына көшіпті– ол күтпеген жерден ытқып кеп, оны Скорпионның қолынан жұлып алған еді.
Қазір сазайыңды аласың, жексұрын! – деп, едірең қағып шыға келген Скорпионға айғай салған Дана, қаймықпай құлашын керіп, резеңке жыланның құйрығымен салып қалды. Скорпион қолын тоса қойды, бірақ, жылан бүгіле бере, қайқаң етіп, оның бетін осып өтті. Құлақты жарған өкірік ауланы жаңғырықтырды.
Ал, енді бар, ойыншығыңды ізде! – Дана кілт бұрылды да, жыланды бұталардың арасына лақтырып жіберді. Скорпион жағын ұстаған күйі, жалма-жан бұталарға қарай ұмтылды.
Қайрат абдырап қалған. Қызға қол жұмсауға батпайды, ал, одан қараптан-қарап таяқ жеп, көзі көгергенін тіптен қаламайды. Тегінде, тік мінезімен атағы шыққан Дананың тастай қатты жұдырығымен қойып қалуы ғажап емес.
Дана Батудың қолынан шап беріп, жұлқып қалды:
Бату! Ей! Есіңді жидың ба? Саша! Үйге тарттық!
Солай деп, Дана Батуды сүйрей жөнелді. Саша соңдарынан тыпың қақты.
Бірден екі баспалдақ аралығына ұшып шыққан Дана, достарын күтіп, тоқтай қалды. Саша мен Бату ауыр тыныстап, сатылармен жоғары жүгіріп келеді. Қайрат пен Скорпион арттарынан әлдене деп айғайлап, сес көрсетіп жатты, бірақ, көтерілуге асыға қоймады. Аздан соң, үндері өшіп, сыртқы есік тарс жабылды. Дана Батуға бұрылды:
Немене, қайдағы бір ойыншықтан қорқып қалдың ба? Ұялсаң етті?
Олар мұның түймесін жұлып алды, - деді Саша алқына ырсылдап. – Мойнына ақша іліп, қарызын өсімімен қайтаруға мәжбүрлеп жүр... Сұмдық емес пе?
Ал, керек болса! – Дана қабағын шытты. – Тым еркінсіп кеткен екен, бұзақылар. Бату, әкеңе айтуың керек!
Тапқан екенсің... – Бату ентігін басып, әрі көршісі, әрі ескі құрбысына жақтырмай қарады. – Олармен бекер-ақ іліністің. Мен олармен келісер едім. Ал, енді екеуі мектепте мені қыздың артына тығылды деп дабыра қылатын болды! Қарызым да ешқайда кеткен жоқ...
Ой, қойшы, ә?! – деп тыжырынды Дана. – Қорқақтамау керек! Мамаң каратэ секциясына қаншама ақша тасып әлек, ал, сен сол қалпыынжықсың.
Батудың жүзі күреңітіп кетті:
Мен қорқақ емеспін! Мен тек... адамды ұра алмаймын. Біз – ципа... типа... пацифистпіз. Сен бұны түсінбейсің. Айтшы, Саша!
Саша иығын құныстырып, көзін тайдырып әкетті.
«Батырға да жан керек» десеңші одан да, - деп, нығырта мазақ қылды Дана. – Сендерді де ұл дейді-ау...
Саша бір езулей жымиды да:
Жарайды, мен кеттім. Ертең кездескенше, балалар, - деді.
Оның баспалдақтағы аяқ дыбысы басыла бергенде, Дана қуырылған қамырдың тіл үйіретін тәтті иісі аңқыған ауаны құшырлана жұтты да, татуласуға шақырғандай:
Әжеңнің бауырсағы керемет қой, шіркін... – деді.
Бату иығын қиқаң еткізді де, үн-түнсіз төртінші қабаттағы үйіне беттеді. Дана ілесе жүрді – екеуі бір баспалдақ алаңында тұратын көрші әрі түйдей құрдас болатын, тек бөлек оқитын: Дана күн сайын музыкалық арнайы мектепке баратын. Әрі ол үш інісінің тілеуқор қамқоршысы болатын. Осы естияр қызды Батудың әжесі ерекше жақсы көретін, содан да бауырсағынан құр қалдырмайтын.
Балалар әрқайсысы өз ойымен болып, баспалдақпен көтеріле берді. Бату Данаға ұрлана көз тастады: оның көңілі қаяу тартып, жүзін көлеңке басқандай көрінді... «Өз әжесі есіне түсіп кеткен ғой», - деп сезе қойды Бату. Дананың нағашы әжесі бір жылдай бұрын қайтыс болған. Бату ол кісіні бір-ақ мәрте - ауылдан қызы мен немерелеріне қыдырыстап келген кезіндекөрген. Дана сияқты қара торы, тарамыстау, қунақ жан айналасындағыларға әлі тың көрінген. Сондықтан болар, ол кісінің аяқ астынан ауырып, көп ұзамай-ақ қайтыс болғаны оның өз өрен-жаранын да, оны таныған басқа жұртты да қатты таңғалдырды. Әжесінің қазасы, әсіресе, Дананы қатты күйзелтті: ол кішкене күнінде әжесінің қолында өскен, оны жан-тәнімен жақсы көретін, тіптен, оның асырап алған қызындай болатын. Осы жайында әңгімелеп отырып, Батудың әжесі «бауырына басты» деген тосын сөзді айтып қалып еді. Бату осынау қызық көріністі көз алдына келтірген: қушиған қария Дананы бауырына қысып тұр, күлкілі-ақ. Бірақ, әжесі Батуға қазақтардың ұғымында «бауыр» деген ұғымның қандас туыстықты білдіретінін, сондай-ақ, бұл сөздің «іні-бауыр, бірге туысқан ет-жақыны» деген мағына үстейтінін, ал, ата мен әже немеренің үлкенін асырап алғанда, «бауырына басты» делінетінін тәптіштеп түсіндіріп берген.
Әмісе ақжарқын, кейде, тіпті, тым өжет болып кететін Дана әжесі жерленгеннен кейін кісі танымастай болып өзгерді. Оның анасы бір жолы шай үстінде Батудың әжесімен Дана жайлы ұзақ сөйлескені бар. Бату үлкендердің ұзын-шұбақ әңгімесіне әдейі құлақ түрмесе де, олардың сөзінен Дананың әлдебір түсініксіз түстер көретінін аңдап қалған.
Саты асыра аттап, баспалдақпен тез-ақ көтерілген Дана, пәтердің есігін аша бастады. Бату құлықсыз өз пәтерінің қоңырауын басты да, үстіндегі күртесін сыпырып, оны жұлынған түйменің орнындағы жіп үзіктері көрінбейтіндей етіп, орап алды. Есікті әжесі ашты. Сол-ақ екен, бауырсақтың иісі бұрқырап, мұрнын жарды.
Құлыным! Келдің-ау! Дені-қарның сау ма? Ештеңеге ұрынбай, жеттің бе, әйтеуір? – деп еміренді әжесі, алақанын бетіне аялай тигізіңкіреп.
Амансыз ба, әже! – деп сәлем берді Дана.
Есенбісің, айналайын! Қазір шай ішеміз, Данажан, сен де кел, - деп жауап қатқан әжесі, асүйге қарай асықты.
Қос есіктің арасындағы кең табалдырықта тұрған күйі, Бату күртесін ауызғы үйдің бұрышына атып ұрды да, тарс еткізіп, сыртқы есікті жапты, сосын оған арқасымен сүйене, баяу төмен сырғыды. Неге екенін, оған, әжесінің тыйымына қарамастан, осылай, аяғын созып жіберіп, табалдырықта отырған ұнайтын. Ол дорбасынан мұқабасында Алтын адам кескінделген күнделігін алып шықты да, мұғалиманың қып-қызыл қолы шимайлаған бетті ашты. Сол сәтте көкейінде: «Әжеме қол қойдырып алсам, қайтеді?» - деген ой жылт етті.
Әжесі асүйден басын қылтитты:
Бату, қанша айтам, табалдырықты баспа!
Бату күнделігін жапты да, Алтын адамға қарап, күрсінді:
Сенің де әжең күні бойы: «Табалдырықта тұрма, босағаны керме!» деп, құлақ етіңді жеген шығар?!
Кенет суреттегі тотығыңқы жүз жымиды:
Иә, әжелердің бәрі солай дейді!
Бату айран-асыр қалып, өзінің үйреншікті, ендігі біршама қырылған күнделігінің мұқабасына тесілді. Ал, барыстың үстінде тұрған Алтын адам, бейне, мұқабаның бетінен ажырағандай, оқыс қыбыр етті. Бату қияли көріністен құтылғысы кеп, көзін жұмып, басын сілкіп қалды. Алайда, көріністің кеткісі жоқ еді: көзін ашып жібергенде, Бату алдында торы жүзді, қой көзді, бұлшық еті бұлтиған бозбала тұрғанын көрді.
Сен... Сен... кімсің? Қайдан шықтың?..
Бейтаныс басын кекжитіңкіреп, көңілдене күліп жіберді. Өзі бір түрлі қызық киінген: күміс қамар белдікпен буылған жеңі қысқа қаусырма күртеше, күртенің ішінен сұр көйлек киген, бұтында – күдері шалбар мен дәл сондай илі теріден тіккен етік. Шаш қойысы одан да оғаш: шекесі мен қос самайында ұзын қара үш өрім, тағы екеуі – шүйдесінде.
Асүйден әжесі бой көрсетті. Бейтаныс сыбыссыз ауызғы үйдің бұрышына аттай қойды да, саусағын ерніне жабыстырды.
Бізге қонақ келген бе, тегі? Бату, кіммен сөйлесіп жатырсың?
Ешкім жоқ, әже, жай, өзіммен-өзім сөйлескенім ғой, - деді Бату саспай.
Әжесі пешіне қайта барды. Бату бейтанысқа жалт қарады:
Кімсің сен? Есімің кім? Қайдан тап болдың?
Алайда, ауызғы үйде ешкім жоқ еді... Өзіне бүгін не көрінген? Қайдағы-жайдағы елестеп кеткені несі?! Әлде сырқат па? Әжесіне айтса ма екен, айтпаса ма екен? Бату әжесінің қалай шошып кететінін, көз жасын сығымдап отырып, бұны әкесіне айтатынын, онсыз да анасы үшін уайымдап жүрген әкесінің қабағы түйіліп, жүйкелене саусақтарымен үстелді тықылдататынын еріксіз көз алдына келтірді... Сосын не болмақ? Ауруханаға аттана ма? Ой, құрысын!.. Бату бөлмесінің есігін нық итеріп қалды. Ешкімге ештеңе айтпайды. Мүмкін, ағзасында дәрумендер жетіспейтін шығар, содан келіп, не болса, сол елестейді де... Өзі-ақ басылады.
Бөлмесінде Бату дорбасын еденге түсірді де, мектепке тағатын галстугін басынан сыпырып шығара бастады.
Сен менің кім екенімді, қайдан тап болғанымды сұрадың ба? – деген бәсең дауыс естілді кенет ту сыртынан. Бату селк етті, дәрмені құрып, таңертең со күйі жиналмай қалған төсегіне сылқ түсті...
Бейтаныс белдігіндегі қамары сылдырай, оның тұсынан өтіп барып, баппен кілем үстіне малдас құра отырды.
Менің есімім – Аспара. Ал, қайдан келгенімді түсіндіру қиындау. Сенің күнделігіңнің мұқабасынан - десе болады. Сендердің дүниелеріңмен шектес тылсым дүниеден - десе болады.
Бату жалма-жан немқұрайды жанына тастай салған күнделігіне үңілді. Оның мұқабасында Алтын адам баяғыша барыстың үстінде тұрды, бірақ, бетінің орнында... Бетінің орны үңірейіп тұр еді! Тек Бату сонау күзде, кезекті әдебиет сабағында зерігіп отырып, Алтын адамның бетіне салған мұрты мен сақалы сыйықсыз сексиеді. Негізі, Батуға мамасы сатып алып берген күнделік ұнамайтын, содан да, мұқабасын шатпақтағанда, көкейінде оны әлдеқайда сәндісіне алмастыруға рұқсат берер деген дәмесі бар еді. Ол айла-шарғысынан тәртібі үшін екіліктен өзге, ештеңе шықпады.
Сонда сен... Сен шектес дүниеден келдің бе? – деп сұрады Бату даусы тарғылданып.
Білесің бе, егер осы жерден күншығысқа қарай жүре берсең, Есік қаласына жетесің. Ол – ерекше қасиетті жер. Онда... Онда, қорғанда менің тәнім жерленген...
Зәресі ұшқан Батудың тері бұрқ етті:
Жерленген?.. Сонда сен – е-елессің бе?!
Достарыңызбен бөлісу: |