Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет8/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16
Байланысты:
Бату Казакша

ЖАҢА ТҰМАРДЫҢ ТУУЫ
Кәнігі тыңшының жымысқы жоспары.
Алтын тостаған қайда екен?
Скорпион таңғажайып қылық танытады.
Дана мен Саша Аспарамен танысады.
Ұшпалы шатыр.
Бағзыдағы бақсы ойыны.
Жұмбақ орамалдың оюы – шынымен-ақ, карта ма?
Қуанышты хабар. Алақай! Бауы берік болсын!
Үйдің жаңа мүшесіне ат қойылады.

Скорпион, яки, Руслан Скоробогат, атасына шегір көзімен шатынай қарап, тағы да мыңқ-мыңқ етті:



  • Ата, жіберші... Жіберші, а? Батоннан кешірім сұрауға бармаймын. Мені кім деп жүрсің?

  • Бармаймысы-ың? – даусын соза сөйлеген атасы, жадырай күлгенсіп, кеңк-кеңк етті де, кенет байқатпай, шалт қимылмен немересінің бүйірінен ауырта нұқып қалды. – Ал, сен сүмелектен сұраған кім бар? – деп қырылдады ол, бала ауырсына, бүйірін басып, бақырып жібергенде. – Әлі-ақ жүгіріп барасың... Қане, бойыңды тікте... Кімге айттым!

Руслан-Скорпион әлі де бүйірін қолымен ұстап, қорқақтай атасына тесірейіп, жалма-жан тіктеле қалды. Нұрсыз көздер оның бет-әлпетін суық сыдырып өтті:

  • Сораңды ағызбай, сүрт... Өй, бейшара. Сонымен, барасың да, кешірім сұрайсың, ұқтың ба? Және күлімсірейтін бол!

  • Ж-жарайды... Бәрін істеймін.. Тек сосын мені жібересің ғой, иә, аташым?

Шал жауап берместен, төс қалтасынан кішігірім қорапша алып шықты да, ішінен қара пластмасса затты суырды. Неге екенін, оны үрледі, сосын жарыққа тосып, қарады да, немересіне созды:

  • Не істеу керектігі есіңде ме?

Скорпион шарасыз басын шұлғып, мұрнын жеңімен сүртті де, тартыншақтай басып, Бату тұратын үйге беттеді.
Бұл кезде Батудың пәтерінде қазына іздеушілер қатарына жаңадан кіргендердің қызу мәжілісі жүріп жатқан. Күн тәртібіндегі жалғыз сұрақты Дана осымен үшінші мәрте жария етті:

  • Тағы да ойланып көрейік, Алтын тостаған қайда кетуі мүмкін?

  • Ең қарапайым жорамал – оны Аспараның ағасы алып кетті. Өйткені, оның өзі де со күйі табылмады ғой, - деді Саша.

Бату ашулана қарсылық білдірді:

  • Олай деме! Аспара ағасына сенеді, ал, мен Аспараға сенем.

  • Біз барлық нұсқаларды қарастыруымыз керек, - деді Саша да жеңістік бермей. – Мынандай техника бар, brain storming деп аталады, «ой талқы» деген мағына береді. Оның мәнісі - ортаға жабыла ой тастау, жарыса ой бөлісу, айтылған ойларды талқыға салу. Тақырыпқа қатысты кез-келген, тіпті, ең тұрпайы, қисынсыз идеяларды да ірікпей айтып, түгел жазып отыру керек. Оларды артынан талқылап, сұрыптап аламыз. Қалам мен қойын дәптер әкел!

Сашаның ұсынысы Батудыңкөкейіне қона кетті. Ол үстелде бейберекет жатқан оқулықтар мен дәптерлерді ақтарыстыра бастады.

  • Бұл кімге тиімді екенін анықтап, сол тарапта іздестір... деуші еді әкем бұндайда - деп, келелі ойын ортаға салған Саша, сөзге тартқан сыңаймен достарына қарады.

Осы мезетте Сашаның "артынан талқылаймыз" дегені көңілін көншітпеген Дана, сүйегіне сіңген сыншыл мінезіне бағып, айтылған сөзді іліп әкетті:

  • Мәселе сонда ғой, халайық! Бұл кімге тиімді болуы мүмкін? Қараңдар, егер кімде-кім тостағанды қымқырып, одан сусын ішетін болса, шыншыл адамға айналып, қылмысын мойындайды. Демек, қолды болған тостағанды өзі-ақ қайтарады. Олай болса, тостағанды оның сиқырлы қасиеті жайлы білмейтін біреу алған болып шығады. Ал, ондай адамдар ол кезде болмаған.

Ақыры Бату басы шайналған қарындаш, таза қағаз қиындысын тауып алды да, оларды Сашаға беріп жатып, сауал тастады:

  • Ал, егер ұры одан өзі ішуді ойламаған болса ше?

Дана ұрының алтын тостағаннан өз туыстары мен дос-жарандарына ішкізіп отырғанын жіті көз алдына келтіре қойды да, оқыс күліп жіберді:

  • Ол ақымақтық болар еді! Егер ұры тостағаннан өзі ішпей, өзге адамдарға ішкізсе, айналасындағылардың бәрі дана әрі адал болып кетеді! Сөйтіп, әрине, қылмыскерді жазалайды, иемденгенін қайтартқызады!

  • Әйтсе де, Батудың жорамалының жаны бар, - Сашақұптай, досы жаққа қарата басын изеп қойды. – Мәселен, қылмыскер тостағанды басқа адамдардан құпия мәлімет алуға пайдаланбақ болды делік!

Дана бұған да мырс етті:

  • Сыр сандықтың кілті ме екен ол сендерге...

Есіктің қоңырауы зың етті. Бірақ, достардың әңгіме қызығына түскені сонша, есікті әжейдің ашуына тура келді.
Келген қонақ, әрине, Скорпион еді. Ол «топас Батонның әжесімен» әлінше сыпайы амандасты.

  • Сәлеметсіз бе! Кешіріңіз, Бату үйде ме?

  • Сен де сәлемет бол! Батуға қонаққа келдің бе? Төрлете ғой, достарың жиналып та қойды. Қазір шай ішеміз, - әжей қонақжайлықпен Батудың бөлмесі жаққа нұсқап, есікті бекітті де, асүйге қарай асықты.

Шай қайнатып, нақысты қыш табаққа тәтті-дәмділерді сала жүріп, әжей, әдетінше, әлдебір әнді ыңылдаумен болды... Тағы да немерелі болатынын қуана ойлап, көкірегін қуаныш кернеген әжейдің кенет көңілі бұзылып сала берді... Апыр-ай! Мына баланы, Батудың жаңа досын шырамытатын сияқты ғой, өзі? Бұрын оны бұл үйден көрмеп еді. Оның шегір көздерінен жағымсыз, тіпті, қатігез әлдене байқағандай болды-ау... Жоға, елестеді, әрине... Қарттықтың кесірі ғой, ол әлі Батумен жасты бала емес пе, қайдағыны ойлап кеткені несі?
Алайда, әжей ішкі түйсігіне көбірек құлақ түріп, сол сәтте дәлізге шығып қараған болса, келген қонақтың қылығы оны қатты таңырқатар еді...
Скорпион мысықтабандап, Батудың бөлмесіне тақады да, ар жағынан өзі жек көретін үштіктің дауыстары жетіп тұрған жабық есікке жабысып, құлағын тосты. Қане... Қайдағы бір тостаған туралы былжырайды... Аха, мынау әлгі ақымақ қыз ғой, өткендегі ауладағы оқиға үшін есесін алады ол әлі. Қарай гөр, қалай-қалай сайрайды, дауысы да өктем...

  • Өздерің ойлаңдаршы, ондай тостағанды арам пиғылмен пайдалану мүмкін емес. Естеріңе түсіріңдер, суайттар оны қолына да ала алмаған. Ал, оның көмегімен біреудің құпиясын білмек болу, тіптен...

  • Екі жарым мың жыл ішінде тостағанның ешбір жерден шықпағаны, еш жерде пайда болмағаны қызық екен, - деді кенет Саша.

  • Еш жерде шықпағанын қайдан білесің? – деп таңғалды Дана тосын тұжырымға.

  • Ал, сен бұрын-соңды әлдебір елде әлдебір заманда адамдар шетінен дана әрі шыншыл, бетегеден биік, жусаннан аласа болып кетіпті дегенді естігенің бар ма?

  • Эврика! – деп саңқ етті Бату. – Бәзбір бай коллекционерлер қылмыскерлерден ұрланған өнер туындыларын сатып алады. Олар Интерполдың қолды болған шедеврді іздестіретінін біледі, оны біреулерге көрсетіп, мақтана алмайтынын абіледі. Бірақ, ондай есуас, әйтеуір, әлгі затты иемденсе болғаны, сол үшін ол миллиондап ақша төлеуге бар. Тостағанды ұрыдан сондай манъяк-миллионер сатып алып, тығып қойған!

  • Дәл солай. Сосын өліп қалған. Ал, тостаған бір жерде тығулы жатыр..., - деп іліп әкетті Саша.

  • Жоқ. Тостағанды адамдардың ақылды, адал, тату болғанын қаламаған біреу ұрлаған, - дедіДананығарлап, өйткені, Саша суреттеген көрініс оның көңілінен шыққан еді. Ол кенеттен тостағанның арқасында барша адамдар жақсы жағына қарай өзгеретін дүниеде өмір сүргісі келіп кетті! Ойлаудың өзі ғанибет, соғыс, аштық, лаңкестік атаулы жойылады, қылмыскерлер мен өтірікшілер атымен болмайды! Ертегі дерсің!

Саша Данаға құрметке толы көзбен қарады:

  • Иә-ә, бұл күшті-ақ нұсқа. Сонда тостағанды не манъяк-миллионер, не адамдардың ақымақтығын, зұлымдығын, алауыздығын, соғыстарды тиімді пайдаланатын біреу ұрлаған болып шығады.

  • Соғыс кімге тиімді болуы мүмкін? – деп сұрады Бату сенімсіздікпен.

Есік сыртында тың тыңдап тұрған Скорпион өзіне пайдалы бәлендей ештеңе ести қоймайтынын баяғыда-ақ ұққан, бірақ, көзілдірікті қиялидың мына сөзі оны да қызықтыра алған еді.

  • Мәселен, қару жасаушылар мен оны сатушыларға. Немесе нашамен айналысатын алпауыттарға, немесе ойын залдары мен казинолардың қожайындарына... Әрі-беріден соң, кез-келген қылмыскерге тиімді! Соғыс жүріп жатқан уақытта ол арамзалардың қалай белшеден олжаға бататынын білемісің?!

Компьютерлік ойындардың әуесқойы Бату аузын қисайтты:

  • Саудагерлер, нашамен айналысатын алпауыттар – жарайды, ал, ойын залдарының бұған қатысы не, а?

Осыны естігенде, Дана, әлбетте, оны тәрбиелеп қалудан бас тарта алмады:

  • Қатысы сол, кейбіреулер компьютердің алдында жамбасы тесілгенше тәуліктеп отырып, соңғы ақшасын желге шашуға бар, тек, әйтеуір, атыспақ ойнаса болды. Төңірегінде – соғыс па, наша ма, өлім бе - не болып жатқанына түкіргені бар олардың... Сондай әуесқойдың Алтын тостағаннан сусын ішкенін елестетші. Ол әрі қарай да ойын залына ақша төлеуге барады деп ойлаймысың? Және клиентінен айырылғанына қожайын да қуана қояды ғой деймісің?

  • Жә, керіспеңдер, - деп, тізесін салып қалды Саша. – Сонымен, бізде екі нұсқа бар. Бірақ, олармен жұмыс істеу үшін, бүкіл көне тарихты қопарып шығуымызға тура келеді. Сол заманда кім қару сатқан? Сол кезде соғыс кімге тиімді болған? Әлде, сол кездің өзінде-ақ әлгіндей құнды затты иелену үшін ештеңеден тайынбайтын байлар болған ба екен?

  • Бәлкім, Аспарадан сұрармыз? Оның анасы да өзінше тергеу жүргізген болуы әбден мүмкін ғой... – деп күтпеген жерден ұсынды Дана.

Осынау шешімнің қарапайым әрі айқындығы сонша, балалар бір-біріне бақырая қарап, үндемей қалды. Сашаның денесі мұздап сала берді. Өзіне Бату мен Дана айтып бергеннің бәрін ол осы кезге шейін құр қиял деп, ойын деп қабылдап келген. Дәл сол себепті де патшазададан сұрастыру оның ойына келмеген еді. Бату болса, орындығында отырған қалпы, ағытылып тұрған компьютерге қарай бұрылды да, ақырын шақырды:

  • Аспара! Аспара!

Саша жақсырақ көргісі келіп, диваннан көтеріліңкіреді де, Батудың иығына мінбелей төнді. Дисплей қап-қара болып қала берді... Секундтар жылжып жатты. Саша көңілі қалып, күрсінді де, досын қағытпақ болып, аузын аша бергені сол еді, кенет... Әлі де қараңғы экранда күңгірт айнаға түскен көмескі кескіндей, көрінер-көрінбес сұлба пайда болды. Кескін тез айқындалып, жақындай берді, ақыры, экран толық жарықтанды да... Саша монитордан шаш қойысы бір түрлі ерсі, күлімсірген қара торы бозбаланы көріп, ох деп, диванға сұлай кетті.

  • Армысың, Бату!

Бату құлаққа тосаң сәлемдесуге қалай жауап берерін білмей, кібіртіктеп қалып, артынша сөз тапты:

  • Сәлем, Аспара! Мен сені достарыммен таныстырайын деп едім. Бұл – Дана мен Саша.

Осы мезетте есік түбінде қылқиып, мына мағынасыз әмбе түсініксіз қазақ тіліндегі мылжыңды тыңдаудан жалығып кеткен Скорпион сағатқа қарады. Атасымен келіскен уағдалы мезгілге дейін әлі уақыт бар еді, бірақ, ол есікті итеріп қалды да, нық басып, бөлмеге енді:

  • Сәлем бердік! Күтпедіңдер ме?

Компьютердің қасында тұрған Саша басқалардан шапшаңырақ қимылдап, қам жасап үлгерді: ол күтпеген қонаққа жай ғана бұрылмай, дисплейді оның көзіне көрсетпей, көлегейлеп қалды. Скорпион үй иесіне жақынырақ барғысы келгендей кейіп танытып, оның артына үңілмек еді, бірақ, Саша сақтық танытты.
Ақыры Бату зорға тілге келді:

  • Скорпион?! Сен неғып келдің?

Өзіне таңылған рольден жиіркеніп, Скорпион ең жағымсызынан неғұрлым тезірек құтылуға тырысып, бастырмалата жөнелді:

  • Тыңдашы, Батон, яғни, әлгі, Бату! Біз Қайрат екеуміз... Біз саған тиісуді, әлгі, ойлаған жоқпыз... Яғни, ойладық, бірақ, түсінесің бе... Қысқасы, кешірші бізді, а?

Таңданыстан Батудың аузы ашылып қалды. Саша мен Дана аңырып, көздері алақандай болып, Скорпионға тесілді. Анау болса, бұларға әсер ете алғанына мәз болып, майдай еріп, езуі жайыла берді:

  • Әрі-беріден соң... Біздер әлгі... Сыныптаспыз ғой. Бір үйдің баласындаймыз, иә, Батон? ТүҺ, яғни, Бату!

Бекер аузынан қағыныпты... Өктем қыз бөлменің ортасына атып шықты да, жұдырығын түйіп, әр сөзін шегелей сөйледі:

  • Әй, сен! Не айтқаныңды өзің түсіндің бе?! Қайрат екеуің бірінші сыныптан бастап Батудың қыр соңынан қалмай келе жатқандарыңды ұмыттың ба?! Кешірім сұраған екенсің, енді тайып тұр! Қане?

Скорпион қыпылдай бастады... Қап-ай, шынымен-ақ, бүлдіргені ме? Егер бұлар өзін желкелеп қуып шықса, соның кесірінен атасының жоспары зая кетсе, лағнет атқыр шал бұның басын жұлып алады! Скорпион сағатқа көз қырын тастады. Қайткенде де, атасы белгілеген уақытқа дейін осы жерде бір-бір жарым минут бөгелуі керек...
Осы кезде, оңдағанда, бөлмеге сүйретіле басып, Батонның кеңкелес әжесі кірді. Қолына бәліш пен кітірлек нан салынған таба ұстаған. Тамақ па? Дәл келді! Кемпір бұл кезде табақты Батуға соза беріп, сондай мейірімді үнмен:

  • Бату, бұл сенің жаңа досың ба? Неге отыруға шақырмайсың? – деді.

Батон тістене тіл қатты:

  • Төрлет... Руслан. Отыр.

Қыз диванға өтуіне жол беріп, шетке тықсырылды. Бірақ, Скорпион бұны байқамағансып, баяғыша бүкір арқасымен компьютерді қалқалап тұрған оқымысты қиялиды айналып өтті де, айналмалы отырғышқа еркінси жайғасып, экранға сұғанақтана көз салды. Дисплей қап-қараңғы еді.
Шығып бара жатып, кемпір:

  • Барып, шәйнек алып келейін. Дана, кәселерді әкелуге көмектесесің бе? - деді.

Қайта күш алған Скорпион қылмыңдап, қызға көзін қысып қойды. Ол болса, дәрменсіз долылықпен теріс айналып кетті де, кемпірдің ізінен ерді.
Олардың соңынан есік жабылды.
... Дәл осы сәтте Скоробогат атай жерге қадалған арзан қытай отшашуына оттықты апара берген...
Соңғы кезде адам айтқысыз батылсынып кеткен Батон қатқыл үнмен:

  • Ал, қане, айт, неге келдің? – деп сұрады.

Скорпион кемпірдің дәміне қол сала беріп, аузын ырситты:

  • Достарды осылай қарсы алушы ма ең, Батон? Ұялсаң етті? Жаман бала... Әжесінің немелтайы... – ол Батонның қаны қайнап, түтігіп кеткен жүзінен көз айырмаған күйі, бәлішті аузына тығып, шайнаңдай жөнелді. Сонымен бір мезгілде еденді қиқымдай, екінші қолының саусақтарымен жұқа кітірлекті сындыра берді... Бірақ, ойы салқынқандылықпен секунд санаумен болды.

  • Қарын тойдыруға келсең, тағы бір бәліш ал да, бұл жерден аулақ барып серуенде! Біздің өз шаруамыз бар, сен бұл жерде артықсың. – Батон, тіпті, ызадан бір орында тұра алмай, ойқастай бастады. Тарпа бас салмаса, неғылсын...

Алаңда болған өткендегі төбелесті, адал Қайраттың жақын маңда жоқтығын есіне алған Скорпион, бәледен қашып, езуін жиды да, қолдарын сілкіп, орындықтан тұра берді:

  • Жарайды, жұлқынба! Болды, кеттім, кеттім!

Кенет ауладан ащы ысқырық естілді. Скорпионнан басқасының бәрі еріксіз селк етіп, бір пәс ар жағында отшашу түрлі-түсті гүл болып төгілген терезеге бұрылып кетті.

  • Құрып кеткір, - деп, демін басты Бату. – Біреудің туған күні ме, немене...

Батон Скорпионға қадалды:

  • Сен әлі осындамысың?

Балалар әрі қарап кеткенде ісін тындырып үлгеріп, іштей өзіне риза болған Скорпион, дәлізге тұра ұмтылды. Әйткенмен, кетіп бара жатып, қапаланған сыңай танытуды ұмытпады:

  • Жарайды, балалар. Әзірше достығымыз жарасатын емес... Өкінішті, өкінішті...

Бату оған ілесе шықты да, үн-түнсіз сыртқы есікке дейін шығарып салып, ол кетісімен, есікті тарс еткізіп жауып алды. Жиреніш сезіммен бөлмеге қайтып келді.

  • Құтылдық-ау, әйтеуір, - деді Дана, Бату кірісімен. Ол асүйден кесе, сүт пен ыстық шәйнек әкеліп үлгеріпті. – Ал, кім шай ішкісі келеді?

  • Кейін, Дана... – деп, шыдамсыздана кідіртті оны Саша. – Бұнда бір шикілік бар, балалар. Ол неге келді? Кешірім сұрауға емес шығар?

  • Иә, Скорпион кешірім сұрамай қалсын... Әлде атасы жетесіне жеткізді ме екен? – деп сықылықтады Дана.

  • Жарайды, құрып кетсінші, - Бату иығын қиқаң еткізді де, қарайып тұрған компьютер экранына қайта бұрылды. – Аспара! Аспара! Қайдасың?

Бұл жолы Аспара еш бөгелместен экранда пайда болды. Ал, келесі мезетте көз ілеспес қимылмен одан ажырап, бөлмеден бір-ақ шықты. Саша естілер-естілмес «ох!» деп қалды да, көзін уқалады. Аспара оған жылыұшырай күлімсіреп, Данаға басын изеді де, диванның алдындағы кілемшеге жайғасты.
Батудың ұядай бөлмесі тарылып шыға келді. Әлгінде ғана бұлар дәл осылай төртеу еді, әмбе ешқайсысы сасық текедей Скорпионның жанына отырғысы келмеген, бірақ, сонда да ешқандай тарлық сезілмеген. Патшазада, әрине, бұлардың бәрінен ересек, бір төбе биік, әлдеқайда жауырынды болатын, дегенмен, мәселе онда емес еді... Әсілі, Аспара өзінің тәні сыйып отырған жерден де кеңірек өрісті жайлайтын тәрізді.

  • Аспара, қарсы болмасаң, менің достарым бізге Алтын тостағанды іздеуге көмектеседі, - деді Бату.

Барлығы демін тартып, сілтідей тынған. Үнсіздік көпке созылды. Аспара балаларға: диванда отырған өршіл бірбеткей қызға, дәл табалдырықтың жанында үлкен дене шынықтыру добының үстінде отырған көз әйнекті ақ сары ұлға – түстеп қарап алды. Сосын қатарында құлақ қақпай отырған Батуға назарын аудырды да, басын иіңкіреді.

  • Мен құп алам, - деді ол байыппен. Балалар осы бір патшаға тән салмақты үннен селк етісті. – Бізге қолғанат болады.

Бату Сашаның жанарынан дағдарғандық байқап қалды.

  • Түсінбей отырсың ба? – деп ақырын ғана сұрады ол досынан. – Саған аударып берейін бе?

  • Түсінем, - деп, дәл солай ақырын жауап қайырды Саша. – Бату, мен қазақ тілінен талай олимпиадаларда жеңімпаз болдым ғой... Тек ол... Аспара... Бір түрлі қызық сөйлейді екен. Қазіргі замандағыдай емес... Бәрін ұғына алмадым... Бірақ, төселіп кететін шығармын?

  • Әрине, төселесің, - деп жеңілейе жауап берді Бату. – Мен де бастапқыда бірін түсінсем, бірін түсінбей, шорқақтағам... Есесіне, ойлашы, Саша, бұл тіл ұстартудың таптырмас амалы емес пе!

Саша бір езулей жымиып, көзілдірігін түзеді:

  • Сен кешір, әзірше орысша сөйлей тұрайын, жарай ма? Аспараға аударып бересің бе?

Бату басын шұлғыды. Саша тамағын кенеп алып, патшазадаға тіл қатты:

  • Аспара, сенен сұрайық деп едік: анаң ұрлықшыларды іздеді ме? Ол тостағанды ұрлау кімге тиімді болуы мүмкін екенін анықтаған жоқ па?

Бату Сашаның сұрағын аударды. Аспара иығын қушитты:

  • Әрине, ағама қалай іздеу салса, тостағанды да солай іздеді. – Аспара анасы мен сүгірдің әңгімелерінен ғана қаныққан істің мән-жайын есіне түсіріп, бір сәт меңірейіп отырып қалды. Өйткені, ол шақта буыны қатып, бұғанасы бекімеген бала болғандықтан, сол қым-қуыт көктемнің оқиғаларына қатыстырылмаған-тын. – Анам, Тұмар падиша жан-жаққа тәжірибелі ізкесер жасақтарын аттандырды. Ондай ізкесер құлағын жерге төсеп, алты қырдың астындағы кез-келген дыбысты, тіпті, тағасыз аттың дүбірін естіп қояды. Бірақ, олар ештеңені де, ешкімді де таппады...

  • Ал, төбеде ше? Айтшы, төбеден не тапты? – деп қобалжи бөліп жіберді Бату.

  • Онда, оттың айналасында тек алтын Соқа, Мойынтұрық пен Айбалта ғана қалыпты. Айтпақшы, жапырылған шөптің үстінде туырлықтай кілем жатты...

  • Кілем? – деп місе тұтпай, қайыра сұрады Дана. – Кәдімгі кілем бе?

  • Ағаңның кілемдер төселген шатыры болып па еді? – деп нақтылады Саша.

Бату қолма-қол аудара қойды. Аспара байсалды жауап берді:

  • Жоқ, онда тоқымның астына салатын терліктен басқа ештеңе болған жоқ.

  • Ал, алыс-жұлыс, ұрыс-төбелестің ізі болды ма? – деп қызына сұрады Бату. Ол қиялында, тура кинодағыдай, қылыштардың қаршылы, айғай-шу, сұмдық соққылардың есті алған дыбысы шыққан жекпе-жекті суреттей қойды. – Несі бар, жапырылған шөп – соның айғағы емес пе!

Аспара қабағын шытты:

  • Жоқ! Ізге қарағанда, сол түні ағама не атты, не жаяу ешкім келмеген. Бірақ, шөпті жапыра шатыр тігіліп, кілемдер жайылғанға ұқсайды.

Балалар жаңа, мүлде күтпеген мағлұматты саралауға тырысып, үндемей қалды. Саша қағазға бірдеңелерді сүйкектете жазды. Сосын ойлана қарындашын тістелеп, сөйлеп кетті:

  • Демек, Аспара, салт атты, яғни, сенің ағаң елсіз даладағы төбеге келіп, аттың ер-тоқымын алып, шідерлеген. Содан соң, от жағып, қоржынынан алтын бұйымдарды алып шығып, шөпке тастаған. Солай ма? - Саша қалай қазақша сөйлей бастағанын өзі де аңғармай қалды. – Оның өзі, сірә, терліктің үстінде отырған әлде, мүмкін, ерді басына жастап жантайған да болар. Бәлкім, ұйықтап кеткен шығар? Жә, ол маңызды емес. Ең қызығы: оған не жаяу, не көлікпен ешкім жуымаған. Бірақ, артынан біреу сол жерге шатыр тігіп, кілем төсеген болып шығады. Тура көктен түскендей! Ал, таңға қарай әлгі біреу де, патшазадамыз да, анау ұшатын шатыр да Алтын тостағанмен бірге ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Айтпақшы, басқа жәдігерлер орнында қалған. Анау кілемше де... Ақылға сыймайтын оқиға!

Ол өзі оқыған көптеген детективтерді есіне түсіріп, үнсіз қалды. Бұл шытырманның шиесін Шерлок Холмс немесе Эркюль Пуаро қалай тарқатар еді? Ех, дерек аз, айғақ, тіптен, жоқ... Әлгі кітаби із кесушілерге оңай еді: ана жерде сигара күлі, мына жерде қанмен жазылған құпия жазу қалады. Не болмаса, қара киімді жұмбақ сұлба бұрыш тасасында бұғып тұрады... Ал, мында куәгерлерді айтпағанда, айғақ атаулы баяғыда-ақ желге ұшып кеткен мың жыл бұрынғы істі ашуға тура келіп тұр.
Осы арада Бату:

  • Ал, анаң бұл жайында не деген еді? – деп сұрады.

Аспара иығын көтерді:

  • Гәп сонда ғой, ештеңе деген жоқ!

  • Қалайша? – деді Саша қайран қалып, - мүмкін емес! Тегі, сен барлық әңгімені естімегенсің ғой!

  • Кілтипан онда емес... – Аспара ойланып қалды, сосын әлдеқайда кеңістікке жанарын тігіп, ақырын былай деді. – Олардың... Анам мен сүгірдің сөз сыңайына қарағанда, шатыр оқиғасы... ерекше ештеңесі жоқ, үйреншікті, жай нәрсе сияқты еді. Бұл маған сол кезде-ақ оғаш көрінген.

  • Жарайды, шатыр мен кілем хикаясының астарында бізге беймәлім бір сыр бары анық, - деп ойлана тіл қатты Саша. – Бірақ, падишаның өзі бұған мән бермеген болса, біз де бұны қазбаламай-ақ қойғанымыз жөн шығар?

Маналы бері үнсіз отырған Дана кенет:

  • Ал, ағаңның жайы не болды, Аспара? Оны іздеді ме? - деп сұрады.

Аспараның жүзін көлеңке шалды, даусы солғындап, сынып естілді:

  • Анам ағамды көп іздеді... Көп нәрсе есімде қалмапты, бірақ, ержете бастағанымда, ол маған ағам жайында... оны қалай іздегені жайында жиі әңгімелеуші еді... Ізшілерден қайран болмаған соң, ол мұқым елге аты мәлім бақсы, сәуегейлерді алдына келтірді. Олардың кейбіреуі көкке құс ұшырып, солардың ұшуына қарап болжаған. Енді біреулері - жауырыншылар - қойдың жауырынын жағып, отқа түскен сүйектің жарықшағына қарап жіберіп, бал ашқан...

Осы сөзді естігенде, Бату күлкісін тыя алмады, бірақ, Саша салмақты қалпынан танбады:

  • Құстың ұшуына қарап Ежелгі Римнің абыздары да бал ашқан. Ол «ауспиций» деп аталған.

  • Мүйізді тымақ пен бақсы киімін кигенең атақты - арқалы бас бақсы, - деп, бұл арада сөзін сабақтады Аспара, - анам мен оның өрен-жарандары отырған шатырдың ішінде сарын айтып, ойын салған екен. Әуелі ұзақ қобыз тартыпты, одан соң, шатыр ішінде шыр айнала бастапты. Отқа қызған көсеуді жалап, семсермен ішін тесіпті. Бірақ, денесінде күйіктің я жараның ізіқалмапты, тіптен, сызат та түспепті. Содан кейін шаңырақтан секіріп шығып, жоқ болып кетіпті. Келесі күні оны орманның бір түкпірінде сілесі қата қалжырап, ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған екен. Есін жиған соң, ол анама былай депті: «Алтын тостаған ұлыңда. Ол бәз-баяғыша оны қорып отыр. Бірақ, ол тым шалғайда. Бұл өмірде ешқайсымыз оны енді қайтып көрмейміз». Падиша қайғыға батты. Ал, оның қол астындағылардың арасында пасық сөз,қауесет-қаңқу тарады... – Аспара өзегі өртене сөйледі. – Бірақ, анам ұлық әмірші еді. Әсте алып-қашты әңгіме, өсек-аяңды елең қылған емес.Ол өзінің ұлы, яғни, менің ағамның арлы адам екеніне бек сенетін. Ержете бастаған кезімде маған ол жайында жиі әңгімелейтін...

  • Неткен мұңды еді, - деп күрсінді Дана. – Шынымен-ақ, сонымен бәрі тынғаны ма? Ағаңды со күйі таба алмады ма?

Аспара басын шайқады. Сосын кенет:

  • Ал, кілемді көзінің қарашығындай сақтады... – деп қосты да, қойнынан бүктеулі жібек мата алып шығып, алақанымен тегістеп жазды. – Ол дәл кілемдегідей ою-өрнекті орамал тоқыттырып, ағатайымды ұмытпасын деп, маған берді.

Балалар кестелі орамалға төнді.

  • Бір түрлі қызық өрнектер... – Саша қасын керді. – Олардың не ұғым беретінін білетіндерің бар ма?

  • Кәдімгі өрнектер, - деп, иығын қиқаң еткізді Бату. – Әжемнің жамылғысындағы оюларға ұқсайды екен.

Дана орамалға шұқшия үңілді, сосын ойлы жүзбен тіл қатты:

  • Әжем әрбір өрнек – белгі, кейбір көне оюларды кітап сияқты оқуға болады, деуші еді.

  • Кітап сияқты? – деп салған жерден ықылас таныттыСаша. – Мүмкін, карта сияқты шығар? Қане, берші!

Саша орамалды олай да, бұлай да айналдырып көре бастады:

  • Жоқ, картаға ұқсамайды... Аспара, ал, сен не ойлайсың?

  • Ою-өрнекті сөйлетуді там-тұм үйренгенім бар еді, - деді Аспара, Сашадан орамалды алып. – Бұнда төртбұрышты дүние бейнеленген деп ойлаймын...

  • Төртбұрышты? – деп оқыс күліп жіберді Бату. Шынымен-ақ, ежелгі патшазада, ертегідегі Хоттабыч қарт сияқты, Жерді пілдер мен тасбақа көтеріп тұр деп ойлай ма? – Аспара, жер доп сияқты дөңгелек, сен бұны білмеуші ме ең?

  • Біз оны төрткүл дүние атаймыз. Өйткені, дүниенің төрт тарабын ажыратамыз, - деп сабырмен ұғындырды Аспара, кекесінге еш көңіл аудармай. – Міне, қара: шығыс – күншығыс тарап, батыс – күнбатыс тарап. Адам шығысқа қарап тұрғанда, оң жағы – оңтүстік – оң тарап және сол жағы – солтүстік, - Аспара саусағымен орамал үстін сызды. – Қараңдар, міне, олар, дүниенің төрт тарабы. Ал, мынау – дүниенің кіндігі, ал, кіндікте – Бәйтерек, оның басында - құс. Бұл – Самұрық. Ал, мынау тостаған тәрізді...

  • Демек, бұл шынында да карта болды ғой! – деп толқи дауыстап жіберді Саша.

Аспара оның құлшынысын қуаттай қоймады:

  • Қайдам. Мен де солай ойлағам. Сол себепті де, Батумен бірге Дегелеңдегі Бәйтерекке аттандым.

  • Иә, - деді Бату керіліп. – Ағашты со күйі таппадық. Самұрықты да көрмедік. Ал, Мыстан кемпірден қашып, біраз далақтауға тура келді...

Ауызғы үйде қоңырау шылдыр етті. Тағы да әжесі барып ашты. Сол мезетте-ақ дәлізден әкесінің қуанышты үні естілді:

  • Апа, немерелі болдыңыз. Көйлек тігер туды! Сүйінші!

Бату мен оның достары сыры ашылмаған құпиялар, жұмбақ кілем, тіпті, ежелгі патшазаданы бірер уақыт ұмыт қалдырып, дәлізге атып шықты... Аспара олардың соңынан мұңая жымиды да, баяу ауаға сіңіп, жоқ болып кетті.

  • Бату, айналайын, сен енді аға болдың! – деп көңілі шалқыған әжесі Батуға бұрылды. – Енді сенің қарындасың бар!

Аңырайып қалған Батуға жан-жақтан достарының көңілді құттықтаулары жауып кетті:

  • Құттықтаймыз! Бауы берік болсын!

Далада, Батудың үйінің бұрышында тығылып тұрған Скоробогат шал тырысып, құлағындағы тың тыңдайтын тығын аспапты жұлып алды:

  • Ал, ендігі еметайы үзіліп, жылап-сықтаған елжіректігінің керегі жоқ бұлардың... Әй, миғұла, микрофонды қайда тыққаның есіңде ме?

  • Әрине, есімде, аташым, - деп, мәймөңке үн қатты Скорпион. – Мен оны үстелдің беткі тақтайының астына жапсырдым.

  • Үстелдің беткі тақтайы?.. – деді көңілі толмаған шал даусын соза, қалтасынан әмиянын алып жатып. – Ал, тауып алса ше?

  • Кім таба қояр дейсің! Үстелінің үсті қалай былығып жатқанын білесің бе? – Скорпион атасының буындары қабынып, бырысқан саусақтарының қитыға ыбылжыған әр қимылын бағып тұрды. – Рақмет, аташым...

Ол атасының қолынан ақшаны жұлып алды да, түңілісін байқатпауға тырысты. Екі жүз теңге – досқа күлкі, дұшпанға таба! Бірақ, тайталасып, тіленшектенбеді – желкесінен шығарады. Әлгі бірдегі атасының бүйірін нұқып, ауыртқаны әлі кезге қатты қимылдаған сайын білініп, бебеу қақтырады.
Расында да, бұдан әрі Батудың үйінде салмақты әңгіме айтылмасы белгілі еді. Жұрт ауыз жаппай дабырласып, күлісіп, құшақтасып, мәз-мейрам. Осы абыр-сабырда әжей бір сәтке ары қарап кетіп, алақанымен көздерін сүртті.
Соңыра, сабаларына түскесін, үлкені бар, кішісі бар - баршасы жиылып, асығыс жайылған дастарқан басына жайғасты. Ұлына бір қарап алып, тыныштық орнаған соң, әжей салиқалы сөз бастады:

  • Бату, соңғы кездері сен кәдімгідей есейіп кеттің. Мен осы әулеттің үлкені ретінде, немеремнің атын қою еркін, өзімнің үлкен немерем – саған берем! Қарындасыңды кім деп атайсың, Бату?

Бату аң-таң болып, әкесіне қарады – ол басын изеп, жымиды. Кідіріс орнады. Баршасы Батудың байламынкүткен еді. Ал, ол не дерін білмеді. Қиялында ойламаған жерден көрініс туды: сәнді көйлек киген бақытты ана, қолында – қарақаттай қап-қара көздері күлім қаққан топ-томпақ балақай. Ол осы ойнақы көздерге үңіліп еді, шешім өзінен-өзі келе қалды:

  • Мен қарындасымды Тұмар деп атаймын!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет