Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет4/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Бату Казакша
UNIT 4 Amirkhan Tolkyn, Guidebook
Үңгірдегі айқас
Аспараның естелігі.
Киелі тұлғалар.
Тұтқиыл шабуыл.
Бату бас сауғалап қалады.
Бозбала жауынгердің басым жауға ұрыс салуы.
Мәңгіге қалғандары ма? Орайы келген оралу.
Бату аруақтарды көреді. Дана жоғалды.

... Соғыс өнеріне машықтық, қажыр-қайрат пен табандылық таныту, тән жарасына төзе білу тәрізді сынақтардан Аспара мен оның ұландары сонау падиша қосынында, дүйім елдің алдында өтіп қойған. Сол кезде патшазада бірауыздан үздіктердің бірі ретінде танылған. Ал, мында, киелі Ұмай-ене үңгірінде бозбалалар жауынгерлердің жебеушісі Ұмай-ене мен ардагер арыстардың аруақтары алдынан жеке-дара өтуі тиіс болатын. Өйткені, жауынгер ұрысқа жолдастарымен бірге кірсе де, жалғыз жер жастанады. Және де, егер жауынгер ұрыс даласында абыройдан айрылмай, ерлерше қаза тапса, Ұмай Тәңір-ана бағзыда өткен батырлардың жандары сияқты, оның да жанын жеңіл қабыл етеді.


Үңгірге кірмес бұрын, Аспара мен оның жолдастары өзен ағысын төмен бойлап, үш күн шатырда тұрды. Осы уақыт бойы олар Тәңір-анамен кездесуге дайындалып, нәр татпады, бір-бірімен тілдеспеді, суық тұнық суға шомылды: қастерлі ғұрып алдында тәнін де, ой-пиғылын да тазартуы тиіс еді олар. Сүгір шәкірттеріне септесіп, шатырды қасиетті аршаның түтінімен аластады. Сосын үңгірдің аузына таман екі алау жақты. Бозбалалар кезекпен оттың арасынан өтіп, үңгірге кірді.
Аспара жауынгерлердің киелі үңгірде көрген-білгендерін бір-біріне айтып, сыр шашпағы жөн емес екенін білетін. Және өйтіп әңгімелесіп отыруға өзінің де, достарының да мұршасы болмады. Оқиғалар бірінен соң бірі едел-жедел өте шықты: Ұлы Анамен кездесу, жауынгер қатарына өту, салтанатты жиын-той және... айқас. Алғашқы һәм соңғы айқас.
Айқас қарсаңындағы түні сүгір оларға үлкен алау жаққызған. Сосынол дашәкірттерімен бірге, тең адамдарша, шеңберге тұрды да, бәрі қолдарын бір-бірінің иығына артысып, алауды айнала бастады... Ырғақты секірістен жер тітірегендей еді. Жалын көкке, көктегі жұлдыздарға ұшқын шашып, бозбалалар сол жұлдыздар мен бір-бірінің жанарына қараумен болды. Олар шайқасқа, өздерінің алғашқы шайқасына дайындалған еді...
Қолындағы шырағымен қабырға жағалай кезген Аспара, әлдебір өз ойларына бас изеп қалды да, түкпірге беттеді. Бату үрейлене ұмсынды:

  • Қайда барасың?

  • Ер соңымнан! –деген күңгір жетті үңгір түбінен.

Батудың орнынан тұрып,үңгірдегі тастардың үстімен сылдырай аққан өзенді жағалай, Аспараның артынан жүруіне тура келді. Үңгір барған сайын тарылып, төмендей берді. Ақыры олар қабырғадағы жылымшылап су ағып шығып жатқан апандай тесікті көрді. Бастапқыда Бату оны тағы бір сыртқа шығатын жер екен деп қалған, өйткені, тесіктен сәуле түсіп тұрды. Бірақ, артынша даланы ендігі қараңғылық басқанын есіне алды. Әмбе, сәуле де бір түрлі қызық, көгілжім еді.
Аспара шырақты жарықшаққа қыстырды да, тесікке еңкейді. Сосын төрттағандап, суды елеместен, ішке енді.

  • Онда не бар? – деп сұрады Бату. Жауап болмаған соң, Аспараға ілесті. Жеңдері мен шалбары лезде су болды, бірақ, Бату оған мән бермеді. Ересек жолдасының ізінше тесіктің ар жағынан бір-ақ шықты да, түрегелді.

Шашырай төгілген мақпал сәуле аумақты дөңгелек үңгірішін мол жайлаған. «Қайдан түсіп тұр?», - деп ойлай берген Батудың назары үңгірдің ортасындағы үйінді тасқа ауды. Ол үлкен-үлкен тастарды бір-біріне қиыстырып қалаған есік пен төрдей нән үстел екен, ал, үстел үстінде... Үстелде тастандомбайлап қашалған сауыт-сайманды бозбаланың тұлғасы ұзынынан сұлай жатыр. Жанында биік шошақ төбелі сәукеле киген сондай тас пішінді қыз отыр. Аспара тас тұлғаларға жақындап, бір тізерлей тұрды да, оң қолын кеудесіне қойды. Сосын үстелде жатқан мүсіннің маңдайына қолын тигізіп:

  • Қозы, - деді. Одан соң отырған мүсінге бұрылды: - Ұмай-ана – Баян.

Бату Аспараның бұнысын тастан шапқан бейнелермен сәлемдескені деп ұқты. Және бұл есімдер оның есіне әлденені еміс-еміс түсіргендей болды. Әжесі оқыған жырлардан естігені ме?

  • Бұларды білуші ме ең? Бұнда болған ба едің?

  • Жоқ. Мен тек ауызғы үңгірден қайтқам. Ал, мында ұрыста қаза тапқан ұлы жауынгерлер ардагерлер еліне сапар шегеді. Ардагерлер елі – тылсымға кеткен бабалардың аруақтары...

  • Елестерге айнала ма? – Бату еріксіз селт етіп, айналасына алақтай бастады: Хэллоуин кезінде елестерді кейіптеу – бір жөн, ал, олар жайында мынау үрейлі үңгірде әрі Мыстан кемпірдің әлегінен болған алашапқыннан кейін тыңдаудың жөні, тіптен, бөлек қой...

Аспара мырс етті:

  • Қорықпай-ақ қой. Ол – ғұрып...

Бату жалма-жан көзін төбеге көтерді, кенет...

  • А-а-а!!! – деп үрейлене бақырып қалды ол.

Әлдеқайдан жоғарыдан, шамасы, үңгір төбесіндегі әлгі сәуле түсіп тұрған тесіктен болуы керек, бұлардың үстіне Мыстан кемпір секіріп, құлап келе жатты...
Аспара шетке ыршып кетті де, семсерін қыннан суырды. Бату болса, дүрк беріп, үңгірдің аузына тұра жүгірді. Ол тесіктен өту үшін төрттағандап үлгерер-үлгерместен-ақ, арт жағында қызу айқас басталып та кетті. Аспара Мыстан кемпірдің сояу тырнақты қолдарынан жалтарып, оған семсерімен соққы беруге тырысып-ақ бақты. Аспарадан екі қарыс биік Мыстан кемпірдің шапшаң қимылдайтыны сонша және қолдарының сорайған ұзын әрі тегеурінділігі сонша, жас жауынгерді тықсыра бастады.

  • Бату! Шырақ, шырақ әпер маған! – деп айғайлап жіберді ол соңғы күшін жиып, ал, Мыстан кемпір оған жауап бергендей, ұли жөнелді:

  • Абуйю-ю-у-у!

Артына жалт қараған Бату, қанжардай қорқынышты тырнақтарды бойына дарытпай, жалт бұрылған патшазаданың семсерімен күшті соққы бере, Мыстан кемпірді бүйірге түйрегенін көрді. Мыстан кемпір ауырсына өкіріп қалды да, тұрған жерінде бір айналып кеп, бар пәрменімен қарсыласының кеудесінен ұрып жіберді. Үстіндегі жанболат Аспараны тырнақтардан қорғап қалды. Бірақ, соққының қатты болғаны соншалық, патшазада бірер қадам ұшып кетіп, басын бір түрлі ерсілеу шалқайтып, құлап түсті. Бату жанұшыра тесіктен өтіп, төрттағандаған күйі үңгірдің қараңғы бұрышына жүгіріп жетті де, қабырғаға жабыса, алқынған жүрегінің солығын басуға тырысып, қатты да қалды. Іле-шала тесіктен жаралы Мыстан кемпір еңбектеп өтті де, атып тұрып, сол қолын бүйіріне баса, бір уыс боп бүріскен Батуға көзінің қырын да салмастан, шомбалмен бітелген шығар ауызға қарай ұмтылды.
Үңгірдің шыға берісінде байлаулы тұрған пырақ көкке бір-ақ шапшыды. Мыстан кемпір оның тұсынан жүгіріп өтіп бара жатып, қанатынан жоғарырақ әлде итеріп, әлде салып қалды. Сосын дәу қой тасты бұйым құрлы көрмей бір-ақ ысырып, сыртқа шықты. Оның суды шалпылдата басқан аяқ дыбысы жарадар пырақтың кісінеуімен араласа, бірталайға шейін естіліп тұрды. Одан соң тұлпар да сабасына түсіп, тыншыды. Тек жанып бітуге айналған от шытыры ғана тыныштықты бұзады.
Құлақ тұндыра, түн құсы сұңқ етті. Былтыр жаз бойы кеш түссе-ақ, Батудың ауласында бір құс дәл осылай жағымсыз үнмен шақыра беріп еді. Бірақ, әжесі бұны жақсылыққа жорып, оның тау етегіндегі төбелерден ұшып келген байғыз екенін айтқан-ды.
Жалын өшті, үңгірді еңсені езген қара түнек басты. Бату қимылдауға батпай, отыра берді. Байғыз бақыт қонарын болжап, шақыра берді. Ақыры бала бұғып отырған бұрыштан шықты. Суық пен бойды алған қорқыныштан қалтыраған ол, тұнжырап тұрған пыраққа жақындап, шоқтығына қолын созды:

  • Жараландың ба?

Тұлпар «Аулақ жүр» дегендей, құр басын шұлғыды. Бату уақытты бұдан әрі созудың реті жоқ екенін түсінді. Алақанының сыртымен көзін сүртіп, бұрылды да, нық басып, қараңғыда жарықтанып тұрған түпкі үңгірдің аузына қарай беттеді. Тесіктен өтіп, тас үйіндінің жанында жатқан Аспараны көрді. Патшазада семсерін әлі де қолына қысып жатыр екен. Адымын баяулатып, Бату ақырын ғана шақырды:

  • Аспара, Аспара! Жараланып қалдың ба?

Жауап болмады, тек ауызғы үңгірдегі пырақтың аянышты кісінегені естілді. Бату буынын бекітіп, жерде жатқан жауынгерге тақау барды.

  • Аспара... – деп солғындау үн қатты ол.

Ол сұлық жатқан досының жанына отырды да, қос қолымен тізесін құшақтап, еңіреп қоя берді. Қайғыдан көкірегі қарс айрылған Бату, айғай салғысы келді, тамағында түйіртпектелген кінә тасын итеріп шығарып тастағысы келді.Бірақ, ол осынау нұрға бөленген тылсым үңгірде, мынау көне тас мүсіндердің қасында бұндай қылық ерсі боларын түйсінген еді. Осы сәтте Бату өмірде ешқандай көз жасы жеңілдете алмайтын қайғы болатынын түсінді... Ол осыдан бірер сағат бұрын ғана Аспарамен қалай танысқанын еске алды. Арқа сүйер әлді әрі сенімді аға туралы арманы орындалғандай еді. Міне, бәрі бекер болып шықты. Аспара қолындағы жалғыз-ақ келте семсерімен құбыжықпен қаржасты, Батуды ес көріп, көмек сұрады, оны шақырды... Ал, енді демі бітіп жатқаны. Және, тіптен, Бату өзгеріп, жүрек жұтқан батырға айналса да, ендігі болған іске еш дауа жоқ. Бату, өксіп, сыбыр етті:

  • Кешірші мені, Аспара...

Кенет Аспараның қабағы дір етті. Бату өз көзіне өзі сенбей, еңкейе түсті... Жас жауынгердің ерні жыбырлады. Бату елең етіп, құлақ төсей қойды.

  • Су!..

  • Аспара, тірімісің?!

Аспара көзін ашыңқырады.

  • Су... Су берші.

Бақыттан есі шыққан Бату, атып тұрды:

  • Қазір, қазір!

Ол бастауға жүгіріп барды да, суды неге құярын ойластыра, қалбалақтап, зыр қақты. Ойына со күйі түк келмеген Бату, кір алақандарымен суды көсіп алды да, кері жүгірді..

  • Іш, Аспара! – Бірақ, әлбетте, алақандарында су қалмаған еді. Бату әбден дағдарды. Аспара басын бұрды:

  • Дулығамды ал...

Бату еппен дулығаны шешіп алды да, қайтадан суға жөнелді. Сосын досын иығынан құшақтап, көтерілуіне көмектесті де, ақырындап су ішкізе бастады. Жүзінде өзінен-өзі бақытты жымиыс пайда болды.
Сусыны қанып, тағы біраз отырған соң, Аспара тұра алатынын сезді. Ол Батудың сөзінен тұлпардың жазым болғанын біліп, абыржып қалды. Екі дос бірге пырақтың жанына келгенде, пыраққуанғандай, кісінеп жіберген. Аспара оның қанталаған жарақатын анықтап қарады, сосын сөнген оттан күл алды да, алақанына салып, жақсылап уқалап, жараға септі.

  • Ол бізді үйге апара ала ма? – деп имене сұрады Бату.

  • Білмеймін. Өзі онсыз да ұша алмап еді ғой. Ал, жарадар күйінде... Әрі төбеге қайтып бару қауіпті. Бәйтеректі тапқан болсақ, пырақ домбыраға айнала алар еді, ал, былай...

Аспара пырақты суаруға ыңғайлы жерге жетелеп әкелді. Тұлпардың шөлі қанғанын тосып, достар жүрелей отырды. Тіпті, осы ала көбеңде де досының көзіне қарауға жүзі шыдамай, Бату ақырын ғана сұрады:

  • Айтшы, Аспара, мені несіне өзіңмен ерттің? Менен еш пайда жоқ қой. Атымды туған кезімде әжем қойыпты. Жайдан-жай, еш ерліксіз қоя салған. Ер белдігі туралы өтірік айтқанымды, менің... менің... қоян жүрек қорқақ екенімді білдің ғой?!

Аспара сабырмен сенімді түрде жауап берді:

  • Есім ешкімге жайдан-жай берілмейді. Демек, сені Бату деп атауға себеп болғаны. Сен өз есіміңнің биігіне өсіп-жетіле аласың. Бәлкім, өмірлік мұратың да сол шығар...

  • Сен... маған сенесің бе? – дегенді зорлана айтты Бату, дәмеленуге де дәті бармай.

Аспара мырс етті:

  • Биікке жетелер бірінші қадамды жасап та қойдың. Өзіңнің қорқақ екеніңді мойындау үшін де батылдық керек.

  • Бәлкім... әйтеуір бір кезде, шынымен-ақ, саған жәрдемім тиіп қалар? - деп сұрады Бату басын көтере беріп. Естіген жауабы оны таң қалдырды:

  • Көмегің тиді де!

  • Қалайша?

  • Сен тұрақ етіп, өмір сүріп жатқан бұл дүниеде мен небәрі он үш жыл тіршілік еттім. Сосын екі жарым мың жылды о дүниеде өткіздім. Мен сені күттім.

  • Мені ме? Дәл мені ме? – деп қайран болды Бату.

  • Менсен сияқты жүрегінің оты бар, елгезек баланың менің жауап беруіме қолайлы күні қолайлы жерде өзіме тіл қатқанын күткен едім. Түсінесің бе, осы уақыт бойы мен тұрақ еткен дүние, ол - байырқалы мәңгілік мекен. Тұрғындары мәңгі өлмейді. Алайда, мәңгілік дүниедегінің бәрі мәңгі. Түсінемісің? Біз өзгермейміз, өсіп-өне алмаймыз, қартаймаймыз. Бізде уақыт деген ұғым жоқ. Сол себепті, ештеңе істей алмаймыз, ештеңені өзгерте алмаймыз.

Аспара үндемей қалды. Осы кезде табалдырықта отырып, күнделік мұқабасындағы кескінге үн қатқан сәтін есіне түсіргенБату,неге екенін, Аспараның да соны еске алғанына сенімді еді.
Сосын тағы ол Аспараның айтысындағы дүниені көз алдына келтіруге тырысты: күміс даланың керілген төсіндегі төбеде өзінің жасыл желекке оранған қуатты бұтақтарын кең жайып Бәйтерек тұр; алыста көгілдір таулар көз тартады; ал, Бәйтеректің түбінде жер астынан шымырлай шапшып Нұрбұлақ ағып жатыр. Осынау нұрлы дүние көрінісінің санасында қалай туындағанын Бату өзі де білмейді. Ол өмір-бақи көкірегінде жазулы тұрғандай, оны әжесінің кілеміндегі өрнектерден көргендей.
Аздан соң Аспара сөзін сабақтады:

  • Ал, әрекет ете алуымыз үшін, сендердің бізді еске алып, біз туралы ойлағандарың, бізбен тілдескендерің қажет.

  • Кім туралы ойлауымыз керек? – деп қайыра сұрады Бату.

  • Біздер, яғни, ата-бабаларың туралы.

Олар тағы үнсіз қалды. Бұл үнсіздікті пырақтың кісінегені үзді.

  • Ұмытып кетіппін ғой, - деді кенет Бату, қолын қалтасына салып жатып. – Бауырсақ жейсің бе?

Екі дос бауырсақты асап жеп, дулығадағы өзен суынан ұрттап қойып отырды. Аспара ойлана сауал тастады:

  • Бату, әжең шелпек пісірді ме?

  • Әлбетте, әдеті ғой. Оны кешке, әкем жұмыстан келгенде жейміз деген. – Осыны айтқан Бату, кенет әкесінің баяғыда-ақ үйге келіп қойғанын, бұны іздеп шарқ ұрып, уайымдап жатқандарын ойлап кетті. – Ой, тым жай болып кетті, мені іздеп жатқан болар!

  • Қам жеме, күн жаңа кешкірді. Басыңнан көп оқиға өткергенде, уақыт та көп өткендей болып көрінері бар. Бату, бұл өте маңызды: әжең расымен шелпек пісірді ме?

  • Әрине, - деп иығын қомдады Бату. – Қайтесің сол шелпекті, бауырсақ жесеңші, қайта, сол дәмдірек!

  • Мені мұқият тыңдағын, Бату! – деді Аспара байсалды түрде. – Тап бүгін үйіңе оралудың орайы түсіп тұр. Иіс – заттың жаны, өзегі. Аруақтар – яғни, өлгендердің жаны - иістен нәр алады. Шелпек одүниедегілерге бағышталып пісіріледі. Жеті шелпектің иісі бұ дүниеге ғана емес, жеті қат аспан асып жайылады...

  • Жеті шектес дүниеге ме? Керемет! – Батудың көзі дөңгеленіп кетті.

  • Әкең мен әжең дұға оқып, «Тие берсін» дей бергенде, шелпектің иісін барынша жұтып, өзіңді дастарқан басында, солардың жанында отырғандай елестет. Ұқтың ба?

Бату Аспараның сөзіне ойланып қалды да, кенет қалай әрекет ету керектігін түсініп, қайран болды. Сосын көзін жұмып, ден қойып, ас үйдегі өзінің үйреншікті орнында отырған ақ жаулықты әжесін көзіне елестетті. Жанында әкесі отыр. Әжесі ұлына сөз қатады:

  • Бату қайда жүр?

  • Тағы да далаға жүгіріп кеткен шығар. Саша мен Данамен ойнап жүр де. Шеше, онсыз бастай берейік.

Әжесі табақтың бетіндегі майлықты алады, табақта - үюлі жеті шелпек.

  • Бісміллә... – әкесі күбірлеп Құран сүресін оқиды. Одан соң олар қолдарын жайып, бастарын иеді.

Осы мезетте Бату әкесі мен әжесін ғана емес, олардан басқа біреулерді де көріп тұрғанын аңдап, таң қалды: әкесі мен әжесінің үстінде, бейне, басқа әлемде жүргендей, ескіше киінген қарт аталар мен әжелер, сауыт-сайманды ерлер, ұзын етек көйлек киіп, моншақ тағынған әйелдер, жас балалар қалықтайды... Сол адамдардың бәрі ақ дастарқан басына отырып, қолдарын жайып, дұға қылады. Батудың назары ішіндегі жүзі жарқын, күлімдеген жас жігітке ауды. Ол адам әжесінің әкесі, өзінің арғы атасы екенін ұға қойды...
Сыйынып болған әжесі шелпекке қол созады. Бетіндегісінен бір жапырақ үзіп алып, ұлына ұсынады да, екеуі де ақырын:

  • Тие берсін! – дейді.

Үздіге күткен сөздерді естісімен, Бату пырақты шаужайынан ұстап, көзін жұмды да, қуырылған шелпектің сынаптай сусып тарқап бара жатқан хош иісін мейлінше қатты мұрнына тартты.
Міне, Бату ас үйдегі өз орнынан бір-ақ шықты, қолында - домбыра. Ал, оның аяқ астынан пайда бола кеткеніне еш таңырқамаған әжесі оның бетін сүртіп, бұрқылдап ала жөнелді:

  • Қожалағым менің, келдің-ау, әйтеуір. Бар, қолыңды жу.

Ваннаға барып, қолын жуып келген Бату, бір қойдың етін тұтас жұтып қоярдай аш екенін сезініп, қайтадан дастарқанға жайғасты. Буы бұрқыраған палау салынған табақты алдына жылжытып қойған әжесі, шелпектен үзіп алып, немересіне созды:

  • «Тие берсін» деп же! Арнап пісірген нанымыздың иісі ата-бабаларымыздың рухына тие берсін, шешеңнің жаны қысылғанда, демеу болсын. Жаңа жылда шаңырағымызға құт-береке дарысын.

Жоралғыны бұлжытпай атқарып (енді ол ой-ниеттің күші барын анық біледі ғой), Бату палауға қол сала бергені сол еді, ауызғы үйде қоңырау шыр етті. Әкесі барып ашты. Келген көрші, Дананың әкесі екен. Әжесі бәйек болып, қонақты дастарқан басына шақыра беріп еді, ана кісі оны ишарамен тоқтатты:

  • Апа, асығыспын. Наннан ауыз тиейін. – Сөйтті де, шелпектен үзіп алып жеді. – Дана әлі келген жоқ. Бату, оның қайда жүргенін білмейсің бе?




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет