Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет7/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16
Байланысты:
Бату Казакша

СЫРТҚА ШАШЫЛҒАН СЫР
Скейт тепкен қазына іздеуші.
Сашаны абдыратқан әңгіме.
Өтіріктен де өткен шытырман шындық.
Бату ұрыс тәсілдерін еске түсіреді.
Скорпион мен Қайраттың масқара болуы.
Көлденең кезіккен қарттың көмегі.
Дананың баяны.
Айналғыр-әже ме? Сашаның түршігуі.
Бату өзін ер ЕР сезінеді.


  • Сәлем, Бату!

  • Сәлем, Саша!

Қиылыста кездескен екі дос қол алысты да, келісіп жатпай-ақ, әл-Фараби даңғылына қарай тартты. Әрқайсысы бір-бір скейт арқалап алған. Екеуі сырғанау тәсілдеріне жетіге түспек болып, Жаңа алаңға бармаққа уағдаласқан. Өйткені, жылы аймаққа жайсыз тиген ерекше суық қыстан соң бұлар тұратын шағын ауданда, дәл таудың етегіндегі Алматының оңтүстік шетінде қар әлі ери қоймаған. Айнала жүріп жатқан сансыз көп құрылыс жұмыстарынан да жол жақсара қоймаған еді. Оған қоса, Тәуелсіздік монументінің маңынан мықтырақ скейтбордистерді кездестіріп, солардан жаңа машықтарды меңгеруге болады.
Бұрнағы күні Саша лоджиядағы ескі кітап сөресін ақтарыстырып, Қазақстан мен Сібір аумақтарында табылған қазыналар жайлы тозығы жеткен ескі кітапты тауып алды. Кітапта, сондай-ақ, қазына іздеу технологиясы туралы да айтылған. Соны оқып, қисапсыз көп қазына ацтектер астанасының қирандыларында я Чад көлінің маңайында ғана емес, осы жерде, тап іргеде тығылып жатуы мүмкін ғой деп ойлады Саша. Мәселен, үй артындағы тақырда сәл ғана томпайған төмпешік әлдеқашан ұмыт болған, бульдозерлер жаймалап тастаған сақ қорғаны болып шығуы әбден мүмкін-ау деген ой мүлде дегбірін алды.
Дана іздестіріліп жатқанда, Саша сол кітапты түні бойы құшырлана оқып, ұйқылы-ояу күйде келесі күні де оқып бітіріп, енді алған мағлұматпен Батумен бөліскенше асық еді.

  • ... Білесің бе, біздің үйдің артындағы төбелерден неше мәрте көне сақ бұйымдары табылыпты, - деп самбырлады Саша, алға озыңқырай, Батудың көзіне үңіліп, - Сосын Тимирязевтің бойында телеорталықты тұрғызғанда да, небір бұйымдарды тапқан көрінеді... Ей, Бату, естимісің?

  • Аха, - дей салды Бату немқұрайды. Ол осы екі күнде басынан өткерген оқиғаларды ойша саралаумен болып, досын шала тыңдап келе жатқан.

  • Қазыналар, көбінесе, нөсер жауыннан кейін табылған дейді, су оларды жер астынан шайып шығарады екен... Сосын мынандай заңдылық барын оқыдым: үлкен темір кесектерін жер өзі-ақ итеріп шығарып тастайды екен. Көзіңе елестетші, мәселен, көне тиындар салынған қазанды бір метр тереңдікке көміп тастайды, ал, жүз не екі жүз жыл өткенде ол өзі-ақ сыртқа шығады... Қызық қой, иә?

  • Аха...

Өзі күткендей емес, Батудың хабарды бір түрлі селқос қабылдағанын елеместен, Саша жалпылама тақырыптан нақты жоспарға көшуді ұйғарды:

  • Қысқасы, қалың нөсерлер басталғанда, Есентайдың екі жағасын сүзіп шығуымыз керек! Сосын, бірдеңе ғып, құрылыс алаңына кіруіміз керек... – Саша темір дуалмен қоршалған құрылыс жақты нұсқады.

  • Аха...

Досының әлпетінен секем алған Саша, оған не болғанын түсіне алмай дал болды. Ақыры, достар скейттеріне тұрды да, әл-Фарабиден Сейфуллин даңғылының бойымен заулай жөнелді. Әлі ерте болатын, қала көшелерінде көлік қаптай қоймағандықтан, екі ұл жап-жаңа асфальтпен емін-еркін сырғанап келеді.

  • Металл іздегіш құрал тауып алсақ қой... Айтшы, Бату?

  • Аха.

Досының түсініксіз самарқаулығы Сашаның зығырданын қайната бастады. Өз басы Бату да бұған таң-тамаша қалып, тамсанып, әдетінше, идеялардың тиегін ағытарына сенімді болған. Ал, енді... Саша кілт тоқтады.

  • Бері қарашы, Бату, саған не болған? Ұйықтап келесің бе? Бірдеңе болып қалды ма?

  • Түк болған жоқ, бәріжақсы.

Бату кідірмей, әрі қарай сырғанай берді. Бірер уақыт достар бір түйісіп, бір ажырап, үнсіз зырлап келе жатты. Міне, олар Сәтпаев көшесіне жетті, алдыдан қанатты барысты бағындырған Алтын адамның тұлғасы қасқайған биік тұғыр көрінді. Осы кезде Бату да бел буды. Ол скейттен секіріп түсіп, оны қағып алды да, Сашаға қол бұлғады. Анау да Батудың тәсілін қайталады. Енді екеуі хауыздар мен жөкелі аллея тұсымен жаяу жүрді.

  • Саня... Тыңдашы, мен саған бір нәрсе айтып бермекпін. Тек сен мені жынданған немесе шегіп алған екен деп ойлап қалма...

Бұндай кіріспеден Саша тіксініп қалды:

  • Бату, саған не болған? Алыстан орағытпай, турасын айтсаңшы.

  • Неден бастарымды да білмеймін. – Бату күмілжи бастағанын сезіп, өз-өзіне ызаланды. – Қысқасы... Айтшы, сенде мынандай болып па еді: бәрі күндегідей жап-жақсы келе жатады да, сосын бір кезде – мә, саған! – бірақ, сырттай ештеңе болмаған сияқты... А?

  • Түсінсем бұйырмасын, - деді Саша даусын соза, көзілдірігін түзеп. – Әлгі өңіңде түс көру туралы айтып тұрсың ба? Әлде виртуалды шындық туралы ма?

«Міне, кітапты көп оқығанның кесірі, - деп ойлады Бату аздап шамырқанып. – Бұған қалай ғана түсіндірсем екен?».

  • Жоға, олай емес. Ұйықтап жатқан жоқ сияқтысың, бірақ, бәрібір – айналаңда бір түрлі түсініксіз нәрселер болып жатады... Немесе сен түсініксіз деп ойлайсың, бірақ, ол бар нәрсе.

  • Ә! Әлгі кітапқа кіріп кетіп, сосын өзіңнің қайда екеніңді, ненің шын, ненің жалған екенін айыра алмай қалатының сияқты ма? – деп жеңілейе күліп жіберді Саша. – Болады ғой.

Бату ауыр күрсініп, ескерткіштің ұшар басына нұсқады да, ішіндегі сырын лақ еткізіп ақтарып салды:

  • Турасын айтқанда, ол маған күнделіктен шыға келді. Сосын екеуміз саяхаттадық. Бәйтерекке, сосын мен өзім, әлгі... Жылан патшасына...

  • Ол кім сонда? Кімді айтасың? – деп қайыра сұрады толқып кеткен Саша.

  • Алтын адамды айтам. Негізі, оның есімі Аспара. Түсінесің бе, екеуміз қазына іздедік – Алтын тостағанды...

Осы сөздер айтылғанда, таң сәріден сәкіге жайғасып алып, «Совершенно секретно» газетін оқып отырған ақ шашты арық шал газет тасасынан имек мұрнын шығарып, нұры тайған жасыл көздерін Батуға қадай қалды. Екі ұл өзімен қатарласа бергенде, шал газетіне қайта сүңгіп кетті. Достар ештеңе байқамады.

  • Міне, болғаны осы, Саня, - деді Бату. – Енді сен менің не күйге ұшырағанымды білесің. Тек миым ауысып кеткен екен деп ойлап қалып жүрме.

Саша терең тыныстап, тершіген маңдайын сүртті:

  • Ал, керек болса...

  • Тоқта! Данадан sms келді. Оған біздің қайда екенімізді айтқам... – деген Бату, шиқ еткен ұялы телефонын қалтасынан алды.

Саша осы аз-маз кідіріске, тіпті, кәдімгідей қуанып қалды. Себебі, Батудың әңгімесіне не дерін білмеді. Тегінде, Бату әзілкеш болатын, ылғи бірдеңелерді ойлап табады да жүреді. Бірақ, ол ойнап, әлдекімді алдап соққысы келгенде, онысы сезіліп қалатын: әдетте Бату күлкісін тыя алмай қалатын. Ал, бүгін ол аузын буған өгіздей үнсіз, есіл-дерті басқада, тіптен, ұнжырғасы түсіп кеткендей. Өз ойымен әлек. Бұл әсте ойынға ұқсамайды. Демек, сонда...

  • Айтпақшы, Дана қазір келеді, ол да бірдеңе айтып береді.

Саша қабағын түйіп, әлденені салғастырды:

  • Дана жоғалып кетіп, кеше ғана табылды емес пе. Ол не, осы уақыт бойы сенімен бірге болды ма? Мәссаған!

  • Барлық кезде емес, - деп мырс етті Бату. – Саня, азырақ сабыр қылсаң, бәрін де түсінесің.

Бату скейтіне мінді де, көлбеу текшеден сырғып түсті. Сол сәтте ол шым-шытырық оқиғаны осылай жүре айтса, баяндауға да, ұғымға да жеңіл тиер деп ойлады. Және, солай сияқты да. Өзіне қиын тиетін 180 градусқа бұрылуға машықтанам деп, шалынып, скейттен ұшып кетіп, сосын қайта тұрып, аяқ астынан көтерілген желден даусын асыра, айғайлап сөйлеп, біресе Аспараны, біресе Жезтырнақты, біресе кеңістік арқылы ұшуды, біресе Жылан патшасын кейіптей жүріп, Бату ерекше бір күйге енді. Екі беті албырап, тұла бойы шымырлап, саусақтарының ұшына шейін жыбырлап кетті. Бату жел мен қимылдан делебесі қозып, өзін сондай еркін әрі батыл ерен әрекеттерге бейім сезінді.
Бату сол маңайда Сашадан басқа тағы бір саққұлақ тыңдаушы барын байқаған жоқ - сәкіде отырған шал балалар келгелі бері бір рет те газетін парақтамай, сөз аңдумен болған еді.
Саша әлі де Батудың хикаясын қай саққа жүгіртерін білмей дал. «Осындай небір айшықты, қызықты оқиғалар менің де түсіме неғып кірмейді екен осы», деп ойлады ол. Және әжесі айтып еді, балалар ұйықтағанда түсінде ұшып жүргендей болады, сол кезде олар өседі, деп. Шынында да, Бату осы екі күнде өсіп, бойшаң тартып қалғандай...
Сашаның ой-толғанысын Скорпион мен Қайраттың келуі үзді. Қап-ай! Сашаның бұлай қынжылғаны төбелестен қорыққаны емес еді. Әрі-беріден соң, қалалық әкімдіктің алдындағы алаң адам жүрмейтін қуыс-қалтарыс емес қой. Бұнда ешкім де екеуіне ойларын келгенін істетіп, талтаңдатып қоймайды. Гәп басқада еді – Саша кішкене кездерінен Батуды жан досы, жалғыз-ақ шын досы санайтын. Ал, Батудың мына оңбағандардан қорқақтап, олармен мәмілеге келуге тырысып, жарамсақтануы Сашаға қорлық болып көрінетін. Ол Скорпионның тікенектей көзқарасынан сонша төменшік тартып, тайсақтайтынына Батудың өзі неліктен арланбайтынын түсіне алмай-ақ қойды. Бұл сондай аянышты еді. Саша өзі үшін, досына көмектесе алмайтын дәрменсіздігі үшін де ұялып бітетін...
Міне, қазір де мысқылдай ыржиған Скорпион Сашаны байқамағансып:

  • Ей, Батон! Не, шықтың ба, әйтеуір? Ініңде бұғып отыра беруден жалықтың ба? - деді.

Кенет... Бату сұрланып, бойын тіктеді де, озбыр шегір көздерге тура қарады:

  • Мен саған Батон емеспін, ұқтың ба?!

  • Ақша әкел, Бауырсақ, - бұл сөзге араласқан Қайрат еді.

Саша көзілдірігін түзеп алды да, неғұрлым нығарлап:

  • Жоғалыңдар бұл жерден! – деді.

  • Өзің жоғал, қияли, саған да таяқ жегізбей тұрғанда! – деп кісіней күлген Қайрат, жуан жұдырығын Сашаның мұрнына тақатты.

  • Қорқақ қана күшіне сеніп, күпсінеді. Иә, Қайрат? – деді оған Бату, қитығына тие баяу сөйлеп. – Айтпақшы, былай: мен ешкімге ештеңе беруге тиіс емеспін. Сұрақ бар ма?

Кідіріс орнады. Батудың көңіл-күйіндегі өзгеріс айқын (көңіл-күйінде өзгеріс бары анық), оны байқамау мүмкін емес. Саша төбелестен қашып құтыла алмайтындарын түсінді. Және, әлбетте, ол төбелесте жеңе алмаймыз деп ұйғарған ол, көзілдірігін шешіп, қалтасына тықты. Төңіректі мұнар торлағандай болды. Бала бұлдыраған жанарын оңдауға тырысып, көзін сығырайтты.
Скорпион сыздықтап сөйледі:

  • Бұл бір жаңалық екен. Қайрат, мыналарды жөнге сал...

Қайрат тіл алғыштықпен екі айтқызбай жұдырығын көтере берді... Сол кезде! Бір аяғымен айналып, соққыдан тайқып кеткен Бату, екінші аяғын бүгіп, Қайратты тізеден төмен ұрып жіберді. Әрине, бұнысы жаттығуларда меңгерген ката емес, әйтеуір, бар тапқан лажы, әншейін фильмнен көрген көзбояу тәсіл еді. Дегенмен, Бату осындай әсерлі бір әрекет жасауды баяғыдан армандап жүрген!

  • Айдаһардың соққысы, - деп жайбарақат мәлім етті ол.

Бату керемет бір жеңілдік сезінді.Қарқылдай күліп, анау Джеки Чанға ұқсап, әуелей ұшып барып, мына сүлкиген екеуді сілейтіп салғысы келді. Осы бір қуыс кеуделердің қысасына соншама ұзақ қалайша шыдап, қарадай қорқып келген?!
Алайда, әзір жеңіске масаттануға ерте еді. Зіңгіттей Қайратқа оның «айдаһар соққысы» шыбын шаққан құрлы болған жоқ. Ол тәлтіректеп қалды, бірақ, тез оңалып, сол жұдырығын сілтеді. Бату қағып жіберді.

  • Болды, Қайрат, балалардың ойнайтын уақыты бітті. Үйіңе қайта ғой, - деп елеуреді Бату қыр көрсетіп.

Бірақ, қыр көрсетпей-ақ, қақтығыстың куәлары – Саша мен Скорпион – төбелерінен жай түскендей күйде тұр еді. Енді ше! Батонның, мынау сумұрын жылауық Батонның Қайратпен төбелесуге, оның соққыларын тойтаруға дәті барып қана қоймай, қарсыласын мазақ қып, қылжақтап қоятынын қайтерсің! Ызадан долырып шыға келген Қайрат, бар күшін салып, тағы да соққы сілтеді. Ол әліне қарамай өктемсіп кеткен тәштекті орнынан тұрғысыз етуге бар еді. Бірақ, Бату ептілік танытып, жалт берді. Ол Қайраттың қара күшке мығым екенін, бұл жағдайда оның қолын қағып тастауға тырысу арыстанның айға шапқанындай бос әурешілік екенін түсінген. Қайраттың соққыларынан жалтара жүріп, өзі де есе қайтаратын қолайлы сәтін бағуы керек. Бату оның да кезі келетініне сенімді еді, себебі, күшті, бірақ, қимылы шабан қарсыласының қорғанысында «ұрымтал жер» жетіп артылатын еді. Дәлірек айтқанда, қорғаныс деген атымен жоқ, күтпеген қарсылықтан кәріне мінген Қайрат қорғануға тырыспайды да. Бату жағдайды қадағалай алғанына насаттанып, құтырына бастады. Бұны байқаған Саша мазасыздана берген еді...
Кенет сәкіде отырған шал газетін шетке қойып, міңгір етті:

  • Бейбастақтық! Кхе-кхе... Қаланың дәл әкімшілік орталығында бұл неткентәртіп бұзушылық?! – солай деп, кенет шаңқ ете қалды: - Бұзақылар! Милиция!

Балалар аңырып тұрып қалды. Саша Скорпионға көз тастады – ол күтпеген килігістен дағдарып қалған еді. Шал болса, өңештей түсті:

  • Кішкентайларға тиісейін дедің бе?! Мен саған көрсетейін! Милиция!!

Ақыры Скорпион тілге келді:

  • Ата, оның не?

Әділ ашудан қызарақтап кеткен шал, барқ етті:

  • Ал, сенің есеңді үйге барған соң берермін! Тап қазір кешірім сұра, есерсоқ!

Бірақ, кешірім сұрау Скорпионның ойына кіріп те шыққан жоқ:

  • Ата, саған не болды? Неге сонша бүліндің?

Шал сәкіден жеп-жеңіл атып тұрып, жылмаң қағып Батудың жанына жетіп келді де, көзіне қарап, бастырмалата жөнелді:

  • Балам, кешірші оны, түсінесің бе, немерем тентек боп өсті! Қайтейін енді... –кешірім өтінгендей, Сашаға жалт етіп бір көз салып өткен шал, Скорпионды шынтағынан тас қып ұстады да, ит терісін басына қаптап, дырылдатып сүйрей ала жөнелді:

  • Зиянкес, арамтамақ, май құйрықтан белдікпен шықпырту керек сені! Шашымның ағына қарамай, ұятқа қалдырасың! Мынандай жап-жақсы балаларды ренжітесің! Тоқтай тұр, бәлем, ендігі ісім сенімен болсын, азғын! Анау доссымағыңды ендігәрі көрмейтін болайын! Сұмпайылар!

Қайрат көзі бақырайып, состиып тұрып қалды.

  • Ей, кеще! – деп, көңілдене айғай салды оған Бату. – Неғып тұрсың?

Саша селк етті. Ақымақ, Қайратты ызаландырып несі бар?! Тап қазір осы дабыр-дұбырды пайдаланып, тайып тұру керек!
Ал, Қайрат бұларды зіл батпан жұдырықтарымен мылжалап тастаудың орнына, кенет күжірейіп, бұрқ етті:

  • Жарайды, қиялилар, кездесерміз әлі! – сөйтті де, тездете басып, аллеямен төмен жүріп кетті.

  • Оның рас, оған уәде берем! – Бату алақандарын шарт еткізе, бір-біріне үйкелеп, келесі кездескенше асық екенін білдірді.

Саша жалма-жан қалтасына қолын сұғып жіберіп, көзілдірігін алып шықты да, танауына қонжитты. Ойлары пышырай берді... Ақылға сыяр емес! Бату есе қайтарды ма?! Қайратқа ма?! Оған күлді ме?! Ұрыс тәсілдерін көрсетті ме?! Шынымен-ақ, бұны істеген Бату ма?

  • Бату, қатырдың-ау!

  • Саша, Жезтырнақ пен Жылан патшасынан кейін... Итаршысын ерткен Скорпионды қайтем мен, - деді ақырын ғана Бату салмақпен.

Достар сәкіге келіп отырды. Саша басын шайқады:

  • Сонда айтып бергеніңнің бәрі шын болғаны ма?! Ғажап!

Ол үндемей қалды, сосын күрсінді:

  • Жұрттың жолы болғыш... Мен-ақ бәрінен құр қалып жүрем...

Бату досын иығынан қағып қойды:

  • Қорықпа, әлі талай оқиға болады! Бәрімізге де жетеді.

Олар тағы үнсіз қалды. Саша өмірдегі оқиғалардың кітаптағыдан әлдеқайда қызықтырақ екенін ойлады. Ал, Бату міндетті түрде Аспара мен Сашаны таныстыратынын ойлады, өйткені, Саша оның ең жақын досы ғой?! Дананы есепке алмағанда, әрине. Санасында әлгіндегі Скорпион мен Қайратпен болған қақтығыс қайта жаңғырды:

  • Қалай ойлайсың, Саша, Скорпионның атасы неғып бізге ара түсе қалды екен?

  • Иә, Скорпионның атасы жақсы адам деп кім ойлаған. Адам тегіне тартпай қоймайды, жақсыдан жақсы туады деп жатады ғой... Соның бәрі бос сөз, - деп күңк еткен Саша, көзілдірігін сүртіп отырып, ойға қалды. Әсілі, осы оқиғада бір шикілік бардай, бойын бір түрлі сезік биледі. Бірақ, ол не шикілік? Ол жағын Саша айыра алмады.

Ал, Скорпионның атасы алаңнан кетуге асыға қоймаған еді. Ол артық сөзге келмей, жуасып қалған немересін үйіне қайтарып жіберді де, өзі әудем жердегі бір түп қалың қарағаштың ішіне жасырынды...

  • Сәлем! – таңқурай түстес спорттық костюмін киіп, қырмызыдай құлпырған Дана ролигімен қаздай қалқып кеп, екі ұлдың жанына тоқтай қалды. – Неғып отырсыңдар? Скейттеріңді жоғалттыңдар ма?

Бату мен Саша атып тұрды:

  • Дана, сәлем! Қалың қалай? Кешегі үшін қатты ұрысты ма?

  • Онша емес, - деді Дана мұңайып.

Одан да ұрыс естігені артық еді! Анасының жылай-жылай қажыған түрі мен інілерінің еңіреп кеп бас салғанын еске алғанша, түнімен бұрышта тұрып, бір ай компьютер ойнамағаны артық еді...

  • Әкем маған коменданттық сағат жариялады. – Дана қолын сілкіді. – Енді ұялы телефонмен қайта-қайта хабарласып тұруым керек, жетіден кейін далаға аттап баспайтын болам... Іш пыстырады!

  • Ал, қайда болғаныңды не деп түсіндірдің? – деп сұрады Бату әуестікпен.

  • Ауылдағы әжеме бардым деп айттым.

Сашаның таңданыстан аузы ашылып қалды:

  • Сен не, жынданғанбысың? Әжең былтыр қайтыс болды емес пе!

  • Қызының анасын жұбатқан түрін қара, - деп қияңқылана шиық етті Бату.

  • Даурықпасаңдаршы! – Дана қабағын түйді. – Мен, расында, әжемдікінде болдым.

Бату мен Саша бір-біріне қарасты. Дана шамданып қалды:

  • Сендерге ештеңе де айтпаймын!

Ол шалт бұрылып, ролигімен жол жағалап, сырғанай жөнелді.
Бастапқыда Дана басынан өткен оқиға жайын ешкімге айтпауға бекінген. Бірақ, біреумен бөлісуі керек қой?! Біреумен емес, деп ызалана түзетті ол өз-өзін, Батумен, әрине. Және екеуі дос болғаны үшін ғана емес. Онымен сырласқысы келетін тағы бір себебі... Ол да СОНДА болды ғой. Шет жағасын өзі де көрді, демек, бұны жындыға балай қоймайды.

  • Дана, қойшы енді, - бұл сәл ентігіп кеп, қатарласа берген Бату еді. Сол жақтан Саша заулап жетті.

  • Саша, сен ендігі бәрін білетін шығарсың? Бату айтып берді ғой, иә? – деп жүре сұрады Дана, әлі де кейіңкіреп.

  • Білем, - Саша кілт тоқтады. – Бірақ, сені де тыңдасам деп ем...

  • Беттестіру ме? – деп тілін безеді Бату, ол да тоқтап.

  • Біле-білсеңдер, - деп салмақпен қадап айтты Саша, ендігі күн шуағына қызыңқыраған тас бағанға жалп етіп отыра кетіп, - тарихта, былайша аталатын, "жаппай жынданушылық" жайттары көптеп тіркелген...

  • Сен не, Дана екеумізді жынды санаймысың сонда?! – деп шүйліге сұрады Бату, қасына отырып жатып.

Дана маңғаздана иегін көтеріп, ролигімен иір-қиыр, айқыш-ұйқыш қимылдар жасап, асфальт үстін шиырлауға кірісті.

  • Оны әлі білмеймін... Бірақ, жаппай жынданушылық деген - адамдардың уақытша естен жаңылуы. Егер оның шығу тегі... яғни, себебі анықталып, жойылса, ол тез басылады. Ең таңқаларлығы сол, - Саша түсіндірем деп, өзі де әңгіменің қызығына түсіп кеткенін байқамай қалды, - кейде жүздеген, тіпті, мыңдаған адамдар бір нәрсені бір мезгілде естіп, көре бастайды екен...

  • Сонда нені, мәселен? – деп сұрады Бату қутың етіп.

  • Енді, мәселен, аспаннан Айсаның анасы – Богородицаны... Немесе Беймәлім Ұшатын Нысанды. Немесе ұшып бара жатқан мыстандарды. Тарихшылар ортағасырлық мыстандарды жазалау процестері, инквизиция, тағысын-тағылар дәл осы айтқан жаппай елестету мен жынданушылықтың салдарынан болған деп есептейді. Әрине, ол кезде адамдар сауатсыз надан болған, кенеусіз ас ішкен (у авторов заменить?: дұрыс тамақтанбаған?), ауыр еңбекпен шұғылданған... Діни соқыр наным... Соғыстар... Түрлі тартыстар...

Дана сырғанап кеп, тура бағананың алдына тоқтай қалды.

  • Саша, бері қара! Қазір ХХІ-ғасыр, Бату екеуміз дәмді тамақ жейміз, өзің білесің, аула кезіп, небір зиянды бәлекеттермен әуестенбейміз, отбасымыз тату-тәтті тұрады. Оның үстіне, біз жеке-жеке тап болдық қой... СОЛ ЖЕРГЕ... Және бір нәрсені бір-бірімізден бөлек көрдік. Осыны қалай түсіндіресің?

  • Енді... – Саша көзілдірігін түзеп, иығын қушитты. – Ал, сен не көрдің, Дана?

Қыз басын шұлғыды:

  • Айтып берейін. Тек әуелі... Бату, Жыландар патшалығындағы Жыланды тауы есіңде ме? Міне, сол тауға мен бұрын да барғанмын, әжеммен бірге. Менің әжем емші болған. Ол адамдарды шөппен, тамырлармен, басқа да заттармен емдейтін. Сосын ол кісі сынықшы болатын, адамға қол тигізбей, жай ғана сынған жердің үстінен қолымен жүргізіп отырып-ақ сынықты орнына салатын. Тіпті, улы жылан шаққан адамды да емдеп, уын қайтара алатын.

Дана күрсініп, әжесінің шексіз мейірімді әжімді жүзін есіне ала, көзін жұмды. Сосын жол жиегіне жайғасып отырды да, әңгімесін жалғады:

  • Жұрт әжемді жақсы көретін, бірақ, одан сескенетін де. Олар ауылдағы үйіміздің астында ордалы жылан бар шығар, деп күбірлесетін-ді. Расындада, әжеміздің үйінің іші-сыртында жылан өріп жүретін. Олар ешкімге тимейтін. Бірақ, адамдар бәрібір үйімізге жақындауға батпайтын. Әжемнің алдында да әдеп сақтайтын, сірә, жыландары өш алады деп қорқатын болуы керек. Сол себепті, үйіміздің есігіне құлып та салынбайтын. Кішкентай кезімде әжем олармен сөйлесе алады деп ойлайтынмын, соған және сенімді болатынмын. Әжем мысыққа сүт құйған сияқты, үйге кірген жыланға да табаққа сүт құйып беретін. Сосын тағы дәрі-дәрмек жасау үшін жыландардың уын алатын...

  • Ә, білем! – деп саңқ етті Саша, - ол туралы оқығанмын!

  • Уландырушылар туралы ма не? – деп тұнжырай дүңк еткізді Бату. Басынан өткен оқиғалардан кейін жыландардан қорықпайтындай болғанымен, бәрібір оған бауырымен жорғалаушылар жайындағы әңгімелер ұнамайтын.

  • Өзің уландырушысың! – деді Дана наразылықпен. – Әжем бәрі мөлшерге байланысты дейтін...

  • Әрине! – деп іліп әкетті Саша. – Ғалымдар аз мөлшердегі удың таптырмас дәрі екенін баяғыда-ақ түсінген. Бату, сенің әкең дәрігер емес пе, халықаралық медициналық таңба - тостаққа оратылған жыланды есіңе түсірсеңші.

  • Сосын менің әжем алдағыны болжай алатын, аң-құстың тілін білетін, жер астындағы қазынаны көретін, - деп сөзін үстеді Дана. – Осының бәріне оны жыландар үйреткен деп ойлаймын. Жылма-жыл ол Жыланды тауына барып, сирек шөптерді жинайтын. Ал, екі жыл бұрын мені де ала кетті!

  • Тоқта, сен, шынымен, сонда бардың ба? Осы біздің дүниеде ме? – деп білуге ынтықты Бату.– Сонда қалай жеттіңдер? Ол тау қай жерде?

  • Білмеймін, - деп күрсінді Дана, - біз автобуспен ұзақ жүрдік, сосын мен ұйықтап қалдым. Сол жерде, тауда әжем көп ұзамай біздің дүниемізден кететінін айтты. Және ол менің де Жыланды тауына апарар өз жолымды табатынымды, ал, сосын... Сосын менің де сол кісідей емші болатынымды айтты.

Дана ойын жинақтап аз-кем үнсіз отырды, сосын сөзін сабақтады:

  • Мен үйіме қайттым. Арада көп уақыт өтпей, ауылды сұмдық індет жайлапты. Бір жолы түнде әкем сол үрейлі оқиға жайлы шешеме әңгімеледі, мен естіп жаттым... Дәрігерлер еш қайран қыла алмапты. Адамдар қырыла беріпті және оның не дерт екенін ешкім ұға алмапты! Өзі есірік ауруына ұқсайды екен, жұртты – еркегі бар, әйелі бар, баласы бар, қарты бар,– тегіс жалмауға айналыпы. Әкем оны құс тұмауы әлде доңыз тұмауы сияқты, тұмаудың бір түрі болар, аса жұқпалы деді... Дәрігерлер әжемнің ауылын оқшаулау керек деген екен, сол үшін әскери бөлімше жіберіліпті. Бірақ, ауылды қоршауға алған сарбаздар да ауыра бастапты... Жұрт қатты дүрлігіпті.

  • Бұл қашан болған? Былтыр ма?! – Саша атып тұрды, аяғымен скейтті іліп кетіп, тротуарға жалпасынан түсе жаздады. – Мен ол туралы ештеңе естімедім! Жаңалықтарда ондай ештеңе хабарлаған жоқ! – ол тағы да бағанға отырып, қолын жайды. – Мүмкін, бірдеңе шатастырып тұрған шығарсың? Ондай індет құпия болып қалмас еді!

  • Ештеңені де шатастырған жоқпын! – деді Дана нықтап. – Әрі қарай тыңда! Бәрі өлмеген, аман қалғандары құтырған адамша ылғи өтірік айтатын болыпты...

  • Өтірік айтқаны қалай? – деп күліп жіберді Саша. – Ондай болмайды! Соны да аурудың белгісі деп!

  • Енді... көздеріне әлденелер елестеп, содан бірдеңелерді сандырақтаған шығар, - деп шыдамсыздана бөліп жіберді оны Бату. – Жә, Дана, тезірек әрі қарай не болғанын айтшы!

  • ... Бірде түн ішінде таудан күркірей ақырған дауыс, ағаштардың сатырлағаны, тастардың домалай құлағаны естіледі. Таңертең тауға көтерілген жігіттер дүмдей жаралы ақ жыланды көреді, ал, тап қасында... – Дана әсерді күшейте түсіп, сәл кідірді, - өлі қара аю жатыр екен! Сол маңдағы ағаштар сынған, шөп жапырылған, ал, кей жерлер, бейне, соқамен жыртқандай, дейді. Ақ жылан мен қара аю түні бойы айқасқан көрінеді. Жылан аюды буындырып өлтіріпті, бірақ, өзі де әлінен айырылыпты. Сәлден соң ол адамдардың көз алдында баяу жылжып, шатқалға сіңіп кетіпті. Сол күннен бастап індет толастапты. Жұрт қара аю әлгі аурудың иесі екенін айтады.

Екі ұл хикаяны ой елегінен өткізіп, үнсіз отырды. Дана олардың аңырған түрлеріне көзінің қырымен жымия қарап қойды.

  • Сонда әлгі ақ жылан сенің әжең болды деп ойлаймысың? – деді Бату бір кезде үнсіздікті бұзып. – Мәссаған! Ал, керек болса!

  • Не тантып кеттің? – деп наразылық білдірді Саша. – Жылан қалайша әжесі болады? Сен не, осы ертегіге сенесің бе?

  • Сенсем, сенетін шығармын! – деді Бату елеурей, содан соң сабырмен былай деп қосты: - Өзім көрген хикметтен кейін, енді не айтылса да сенем,Саша!

  • Аха! Көктемгі емтиханды «беске» тапсыратыныңа да ма? – деп қарқылдай күлді досы. – Жоқ, Бату, шынайы өмірді виртуалды өмірден ажырата білу керек...

Бату бірдеңе білетін кісінің сойымен қасын керді, сосын Данаға бұрылды:

  • Ал, сен не ойлайсың?

  • Білмеймін. – Дана ойлы жүзбен басын шайқады. – Әкемнің айтуынша, әжем дәл сол түні қатты науқастанып қалыпты. Көп ұзамай ол кісі... қайтыс болды - деді ол айтуға ауыр тиетін сөзге келгенде мүдіріп. – Ол кісі жерленген соң, жыландар бір түннің ішінде ауламыздан ауып кетті. Ал, жетісі болғанда, бүкіл зират жыпырлаған жыландарға толып кеткен екен, жұрт әжемнің моласына барып, дұға оқи алмады. Келесі күні ғана жыландардың бар-жоғын тексере барған батылдау бірер кісі зират басынан ештеңе таппады. Тек әжемнің моласында ғана өлі ақ абжылан жатыр екен. Сол жылан әжемнің киесі болған деседі жұрт...

  • Қалайша? – деп таңданды Бату. – Әжең, не, айналғыр болған ба?

Дана шамданып, аузын аша бергені сол еді, әншейінде ақылды Саша тіптен лағып:

  • Ақымақсың, Бату, айналғыр емес, хайуан кейпіне ене алатын сиқыршы! - деп қойып қалды.

  • Жетер! Ойдан шығарылған шатпырақты оқып алып, шатуларын! – Дана кейістік білдіріп, атып тұрды. – Бату, өзің де сонда болдың ғой? Не айтып кеттің?

  • Жарайды, жарайды, Дана, кешір. – Бату құрбысын сабырға шақырғандай, қос алақанын көтерді. – Келісем, қайдағы жоқты көкіп кеттік... Біз... жай... түсінбей қалдық, иә, Саша? Киесі болғаны қалай сонда?

  • Құрып кеткір, мен қайдан білейін! – деді Дана, ашуын тежеп. – Сендерге қалай түсіндірсем екен... Өз басым былай ұқтым: әжем бір мезгілде әрі әже, әрі жылан болған. Білесіңдер ме, - Дана үндемей қалды, сосын зорлана сөйлеп, сөзін бітірді, - кейде мен сол жыланды түсімде көрем... Және оның әжем екенін білем!

Дана көзінің астымен ұлдарға қарады. Егер бұлардың біреуі тағы да анау Нагайна я Василиск туралы шатып-бұтатын болса, екеуін де буындырып өлтірер еді!
Біреулер мысыққа не итке бауыр басады, ал, Дана кішкентайынан жыландарға бой үйреніп, олардан қорықпайтын болып кеткен. Әрине, жұрт әжесін сыртынан сөз қылатын. Сөйте тұра, әлдеқалай дерт меңдей қалса, дауа іздеп, әжесіне жүгіретін! Хат таныған соң, Дана кітаптарда жыландардың дәйім жақсылықты білмейтін залым әрі аяр болып бейнеленетінін ұқты. Тек қазақ ертегілерінде ғана жыландар залым ғана емес, сұңғыла, мейірімді, ізгі де болып келетін. Бала біткен өліп-өшіп Гарри Поттер туралы кітаптарға бас қойғанда, Дана мысқылдап, миығынан күлген. Тәйірі, Гарри жыланша сөйлей алады екен! Сөйлеген сиқы сол, ысылдайды екен... Күлкіні келтіреді! басқа-басқа, ал, жыландармен тілдескенде, ысылдаудың түк қажеті жоқ екенін Дана білетін. Оның үстіне, сюжет бойынша бұл қасиет Гарриге жауыз, зұлым сиқыршы Волан де Морттан дариды ғой, яғни, онысы ақырында жақсы қасиет болмай шығады... Сөйтіп, Дананың Гарри Поттер туралы шатпақ ертегіге қызығушылығы тез сап болды, ал, Бату мен Сашаның қашан көрсең осы тақырыпты мыжи беретіні қитығына тиетін.
Дана Батуға көзін көтеріп, маңыздана тіл қатты:

  • Жыланды тауынан бір-ақ шыққанда, бірден жыланға айналып кеткеніме өз басым онша таңдана қоймадым. Неге екенін енді түсінген шығарсың? Мен өз үйімде жүргендей болдым...

  • Иә... сен, тіпті, жылан патшайымы, жылан патшасының қызы болып таныстың менімен... – Бату көзін сығырайтты. – Айтпақшы, неге олай дедің? Әлде әкең шын мәнінде...

  • Жоқ, әрине! – деп күліп жіберді Дана. – Өз әкемнің жыландарға еш қатысы жоқ. Ол жақтағы қылығым мен сөздерімнің мәнісін қазір өзім де түсініңкіремеймін. Ал, жылан кейпінде болғанымда, керісінше, адамдық болмысым өзіме түсініксіз көрінген еді. Таңғажайып құбылыс. Түсінесіңдер ме?

  • Түсінеміз... – Бату оның иығынан қағып қойды. – Әлгі ақ жылан әжеңнің киесі болса, жылан патшайымы сенің киең болғаны-ау,сірә!

Дана оған ризашылықпен басын изеді. Саша сәл күрсінді. «Байғұс-ай... Қандай күйде екен қазір?» - деп ойлады Дана. Ол өзі де басынан өткерген оқиғалардың шындығына әрең сенеді. Бату, қабағы түйіліп, үнсіз тұр. Шамасы, ол да іштей шүбәланатын болуы керек...

  • Әжем өлім турасында: «Қайтыс болу», "Қайту" деуші еді және ешқашан өлімнен қорықпайтын. Ол сонда, тауда жүргендей көрінеді маған. Сол жерде онымен қайта кезігем... – Дана қиқарлана иегін көтеріп қалды. Білсін бәрі: қоян жүрек қорқағың бұл емес, жол түссе-ақ, Жыландар патшалығына қайта аттанады!

Ауада тағы да кідіріс кілкіді. Дана басын кегжең еткізді, сосын, жігерленіп, былай деді:

  • Тағы... Айтайын дегенім... Бату, рақметсаған! Сен мені құтқардың ғой... Жыландардан қорықсаң да... Бұндай батыл екеніңді білмеппін! – қыздың екі бетінің ұшы қызарып шыға келді, ол қысылып қалған Батуға ұяң жымиыс сыйлады да, шалт бұрылып, роликтері даңғырлап, асфальт үстімен сырғи жөнелді.

Әлі де бұталы дуалдың тасасында тұрған шал түнеріп, күбір етті:

  • Мына қызымка не деп кетті?.. Кім екен өзі?.. Иә... Бұл үшеудің жолын кеспесе болмайды екен... – солай деген оның жымырыңқы ұртына шаянның уытындай кекесінді күлкі үйірілді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет