ТӘҢІРДІҢ КҮБІРІ
Күйшінің кабинеті.
Домбыраның құрылымы хақында.
«Жанды» күй. Қадишамен танысу.
Скорпион құстардың тірлігін бақылайды.
Орнитология жаңалықтары.
Күйшінің әңгімесі. Дегелең – Жер Кіндігі.
Бәйтеректің өлімі. Күйші Қара адамды таниды.
Көне сиқыршылықтың құпиялары.
Іздеген үйі осы екеніне тағы бір көз жеткізіп, қағазына қарап алған Саша, қоңырауды басты. Есікті самайын ақ шалған орта жастағы нығыз денелі қоңырқай өңді қазақ ашты.
Саша ұяң жымиды:
Сәлеметсіз бе! Мен – Сашамын, сізбен кездесуге келіскен едік. Ал, мынау менің достарым, Бату мен Дана.
Үй иесі басын изеді де, шетке жылжып балаларды ішке өткізді:
Үй иесі балаларды кабинетіне бастады. Шағын бөлме небір түрлі заттарға сықалған. Кітап сөрелеріне сыймаған көп кітаптың қиқы-жиқы үйінділері бейнекассеталар мен дискілермен аралас бұрышта жатыр. Олардың үстінде шаң басқан қарапайым магнитофон тұр. Кітап мұнаралары, құлап кетердей болып, терезе алдында да зораяды. Жазу үстелінде үйілген қағаз бумалары арасынан уақ-түйек канцеляриялық заттарға толы бірер консерві банкілері қылтияды. Үлкен үстелдің қатарында бұрандалармен тұрпайы бекіте салған, сүргіленбеген тақтайлар мықтап ұстап тұрған тағы бір салқам үстел сығылысқан. Үстінде әлдебір ағаш тетіктер, өңдеуге дайындалған шикізат шашылып жатыр, бет тақтайына көп қолданылған қысқыш бұрап бекітілген. Бұл ұстаның жұмыс үстелі болса керек. Ортасы түсіңкіреген диван тұсында алдыңғы қақпағы жоқ тік бұрышты домбыра ілулі тұр.
Үй иесі дивандағы бір құшақ газетті түсіріп, бұрыштан орындық алып шығып, ымдап, отыруға шақырды да, бөлмеден шығып кетті. Өзіне жайдақ орындық әкелуге кеткен екен. Ақыры, бәрі жайғасып болды. Үй иесі жымиып, балаларға қарады. Саша әңгімені дәл өзі бастауы керектігін түсінді:
Аға, Сіз «Табалдырық Қосбасар» күйін білесіз бе?
Үй иесі сабырлы қалпын тапты. Ләм деместен, орнынан тұрып, қабырғадағы домбыраны алды. Ұста үстелінен ортасында ойығы, жиегінде ағаш шабақтары шошайған алақандай фанер қиығын алып, оны домбыраға жабыстырды да, саусақтарымен екі-үш шабақты сыртқы қаңқаның шет-шетіндегі ұяларға батырып кіргізді. Сөйтіп, бұның әлдебір себеппен алынып тасталған бет тақтай екені анық болды.
Күйші орындыққа отырып, оң аяғын ұста үстелінің көлденең ағашына қойды. Оң шынтағымен қақпақты қаңқасына жабыстыра түсіп, асықпай аспаптың құлақ күйін келтірді. Бату демін ішіне тартып, үй иесінің қозғалған сайын дөп түсетін дағдылы, бір қалыпты қимылын бағумен болды. Ол домбыраның мойны аса жуан, берік, ал, пернелері Дананікіне қарағанда әлдеқайда көбірек екенін аңдады. Күйшінің қолдары да күнге күйген, бұлшық етті, сүйектері көк мүйізденген құрылысшы я жүк тиеушінің қолдарына келердей кетпектей әрі әлеуетті екен...
Күйші аспапты бабына келтірді де, жайымен сөз бастады:
Мен бұл күйді шалдардан үйрендім. Солардың айтысында, жалғыз баласы өліп, соған налып, өлімге бет бұрған бір адамды жұбатуға барғанда, дәулескер күйші Тәттімбет әлі бозбала екен. Содан бір кеште алпыс екі тамырлы «Қосбасар» күйін шертіпті. Мынау – сол бірнеше тарау күйдің ең алғашқысы. Шерлі әке жатқан киіз үйдің табалдырығына отыра сала, Тәттімбет осы күйді шерткен дейді.
Ақыры Күйші тыңдаушыларының басынан асыра әлдеқайда көз тігіп, күмбірлете жөнелді.
Бұл неткен музыка? Саша бұл сауалға жауап беруге қиналар еді. Өзі кей-кейде теледидар я радиодан естіп қалатын көңілді домбыра әуеніне ұқсамайды. Қиял-ғажайып фильмдерде ойналатын қайғылы-мистикалық дыбыстар қатарына және ұқсамайды. Бұл күй бәрінен де Сашаға әлдебіреудің көңіл толқытқан толғанысындай, ынтығып айтқан сөзіндей әсер етті. Бірақ, Саша оның тілін білмеген, көрікті күмбірдің өзіне НЕНДЕЙ сыр жеткізгісі келетінін түсінбеген. Сөйте тұра, шындап ықылас қойса, сылқым саздың жетелеген жағына жүріп, жан түкпіріндегі әлдебір сезімді оята алса-ақ, сол сырды тани алатындай, қалай да танитындай көрініп кетті оған...
Скорпион балалар кіріп кеткен пәтер есігінің алдындағы баспалдақ алаңынан шырғалап шықпады. Ол ендігі ұялы телефон арқылы атасына нақты мекен-жайды хабарлап та қойған. Бұнда кім тұрады екен? Батон серіктерін ертіп, бұнда неге келді? Атасы бір жерде бөгеліп, бірақ, өзі келгенше тосуын талап еткендіктен, Скорпион әйтеуір бірдеңе естіп қалғысы келіп әмбе қатты зерігіп, құлағын қайтадан есіктің түймедей көзіне, одан соң құлыптың тесігіне тосты. Біресе кібіртіктеп, біресе кең далада көсілген аттай шабысты қазақ музыкасы ғана естіледі. Атасы осы бір құрып кеткір домбыраны қалай атаушы еді? «Екі жіпті бір таяқ»...
Төменнен жеңіл аяқ алысы естілді. Скорпион дер кезі есіктен кейін серпіліп үлгерді де, баспалдақпен келе жатқан арықша қыз ештеңе байқамаған тәрізді.
Сен кімге келдің? Бізге ме? – деп сұрады ол, қалтасынан кілтін алып жатып.
Скорпион басын шайқап, шеткері барып тұрды. Қыз есікті ашқанда, музыка сарқырай төгілді. Скорпион оның иығынан асыра ішке үңілді. Есіктің ар жағында әдепкі пәтердің әдепкі дәлізі көрінді. Не үй иелері, не Батон көзге шалынбады. Қыз артына бұрылды:
Сен не, мекен-жайды шатыстырдың ба?
Түсініксіз бірдеңе деп күңк еткен Скорпион, баспалдақпен төмен қарай тұра безді.
Күйші балаларға ескі күйдің бірнешеуін шертіп, арасында олардың мазмұнын тарқатып, аңыз-әңгімесін қоса айтып берді. Қолынан келмейтіні жоқ, ағаштан түйін түйіп, темірді қамырша илеген керемет шеберді патша әскері жазалауға айдап әкеткені, сол кезде оның анасымен, жарымен, ағайын-туғанымен қоштасқаны туралы хикая Батуды қатты тебірентті. Тыңдап отырғанда, екі ішек алма-кезек зар илеп, жылаған әйел мен жұбата ыңылдаған еркектің даусына сала, бір-бірімен үн қатысқандай көрініп кетті. Шертіп болып, Күйші біресе бір, біресе екінші ішекті басып, былай деді:
Домбыраның небәрі екі ішегі бар: бірі – өмір, екіншісі – өлім. Бірі – жарық, екіншісі – түнек. Бірі – бұл дүние, екіншісі – о дүние. Әдетте, күй тартылғанда, бір ішек ашық, бос болады, ал, екіншісі пернеге басылады. «Қосбасар» - екі ішек те басылатын күй. Өйткені, өмір мен өлім бір-біріне жақын, қашанда қатар жүреді, өйткені, табалдырық бұл дүние мен о дүниені байланыстырады.
Бөлмеге қыбырсыз басып, бадам қабақ, қой көзді нәзік қыз кірді. Күйші оның келгенін сезіп, бұрылды:
Ә, қызым, келдің бе? Бізге шай қойшы.
Қадиша? – деді Дана таңданыспен.
Сәлем, сен бұнда не істеп жүрсің? – деп, сұраққа сұрақпен жауап берген Қадиша, әкесіне түсіндірді. – Көке, бұл Дана, екеуміз бір партада отырамыз.
Күйші жымиды, бірақ, ештеңе демеді. Дана диваннан көтерілді де, Қадишамен бірге бөлмеден шығып кетті.
Әкеңнің күйші екенін неге айтпағансың? – деп сұрады ол асүйге кіре бере.
Ал, сен ондайға қызығушы ма ең? – деп енжар жауап қайырды Қадиша газды тұтатып жатып. – Музыка мектебіне баруға сені әке-шешең мәжбүрлегенін айтушы ең ғой ылғи.
Солай ғой, бірақ, мынаның жөні мүлде бөлек. Әкең бізге небір қызықты нәрселерді айтып берді...
Қадиша сол енжар қалпы иығын қиқаң еткізді:
Ал, мен саған MTVғана қызық па деп ойласам...
Бұл кезде іші пысқан Скорпион, екінші қабаттағы ескі балконға сүйретіле басып шыққан алба-жұлба халатты семіз кемпірдің ісін марғау бағып, аулада тұрды. Кемпір балкон қоршауына бекітілген тақтайға үгітілген нан септі де, аһілеп-уһілеп, бөлмеге қайта кіріп кетті. Тақтайға бірінші болып қағілез торғайлар тобымен ұшып жетті. Бұны байқап, жем салғышқа он шақты торсиған кептер қалықтап кеп қонды. Олар тұмсықтарымен шоқып, әп-сәтте ұсақ құстарды тырқыратып айдап шықты. Торғайлар жерге барып қонып, жоғарыдан түскен қиқымдарды теріп жей бастады. Тақтайда жем толып тұрса да, екі-үш кептер ерінбей-жалықпай төменге ұшып түсіп, торғайларды біржола қуып тастады. Қиқымды да қимай, әрлі-берлі кердеңдеп, балкон астын кезе бастаған кептерлерді сол замат жертөледен шыққан жүдеу мысық нысанаға алды. Мысық қарғып қалды, бірақ, мүлт кетті – көк кептерлер сақтық танытып, дүр етіп, жем салғышқа қарай ұшып кетті. Мысық құстарды қайта келуге шақырғандай, кетіп қалды. Сол-ақ екен, шашылған үгіндіге жақын жердегі ағашта отырған бір топ торғай лап қойды. Торғайлардың басынғанына ызаланған кептерлер, балконды тастай сала, бәсекелестерін қууға кірісті. Бұл жолы мысық әккілеу әрекетке көшті. Ол үйдің табанын бойлай қазылған, ішінде әлі де ойдым-ойдым сұрқай қар жатқан арыққа түсті де, еңбектей жөнелді. Кептерлерге сездірмей тақап келген ол, арықтан бір-ақ атылды, бірақ, тағы да сәтсіздікке ұшырады.
Бұл көрініс айналып кеп қайталана берді: кептерлер торғайларды қуады, мысық кептерлерді аулап, мүлт кетеді, бос қалған алаңға қайтадан торғайлар қаптайды. Скорпионның осы тұйықталған тамашаның қызығына батқаны сонша, атасының келіп қалғанын да байқамай қалды.
«Ақ көгершін, көгершін, қолқанат құс сен едің...», - деп, мысқылдай тақпақтады ол.– Ал, біздің торғайларымыз қайда? Хе-хе...
Саша іске кірісетін кез келгенін білдіргендей, Батуға сұраулы жүзбен қарады. Бату сүлесоқ бас изеді:
Күйші Сашаның әңгімесін мұқият тыңдады. Ұзамай, Қадиша мен Дана кабинетке қайтып келді.
... Міне, болғаны осы. Сіз бізге сенесіз бе? – деді Саша.
Күйші маңдайын сүртті:
Иә, сенем. Алланың құдіреті шексіз, оның жаратқан дүниесі кереметке толы.
Ол Батуға бұрылды:
Сендер Бәйтеректі Шыңғыстаудан, Дегелеңдегі ядролық полигонның маңынан іздедіңдер. Ол ағаш есімде. Анығында, ол жалғыз емес, домбыраның қос ішегіндей, қос ағаш болатын. Екеуінің діңі қатар, бір-біріне тақау орналасқаны сондай, бастары айқасып, тұтасып кеткен еді. Ол туралы жазушы Мұхтар Мағаин «Қос ағаш» деген эссе де жазған. Олар орманды төбеде, бір қабатты аласа үйлердің арасындағы көп қабатты зәулім үйлердей, өзге ағаштардан айбыны асып, көкке бойлап өскен еді. Неше жыл жасағанын ешкім білмейтін. Мың жыл ма екен?! Әлде екі мың жыл?! Не одан да асады. Адамдар сол Қос ағашты тәуап еткен. Оларды қасиет тұтқан. Әкем мектеп бітіру кешінен кейін сыныптастарымен бірге сол жерге барған екен. Сегіз жігіт құлаштарын жазып, қол жалғай өлшегенде, біреуінің де діңіне құшақтары жетпепті.
Содан кейін әлдебір қара былғары күртелі адамдар сол Қос ағашты жықпақ болып келді. Әуелі аралап көрді – бірақ, ештеңе өндіре алмады. Байырғы тұрғындар Бәйтерекке ара түспек болып жиылды. Бірақ, сол кезде келімсектерге жарлық беріп жүрген ер адам тастың үстіне шығып, қазақтарға қарата, сөз сөйледі. Былғары киімді сол адамның шегір көзінен от шашып, маңдайына түскен қара кекілін қайта-қайта қайырып, былай дегені әлі күнге есімде:«Мына дөңкиген дәу ағаш қара халыққа еш пайда бермейді. Күнді қалқалап, пайдалы өсімдіктердің өсуіне кедергі келтіреді. Оны бұтарлап, осы өңірді түгел бірнеше жылдық отынмен қамтамасыз етеміз, жерді жыртып, дән егеміз». Дәл солай деді.
Жұрт оған сенді. Сенгендіктен де, «былғары киімдінің» жандайшаптары қуатты тракторларды айдап әкеп, Бәйтеректі тамырымен қопаруға әрекеттенгенде, ешкім наразылық білдірмеді. Әлгілер, сірә, атам заманғы ағаш баяғыда шіріген деп үміттенсе керек. Қайдам! Тракторлары қабығын ғана сыдыруға жарады. Сонда бірнеше қайратты жігіт имек темірлердің көмегімен өрмелеп шығып, әрқайсысы аумақты ағаштай жуан бұтақтарды кесе бастады. Сол бұтақтардың біріншісі дүрс етіп жерге құлағанда, қара жер қақырағандай болды.
Шынымен-ақ, Қос ағашты қорғап, бір ауыз сөз айтуға жарайтын жан табылмағаны ма? – деп, қобалжи сұрады Саша.
Күйші басын түсірді.
Білмеймін, ол кезде ойын баласы едім ғой. Түсінемісің, ол кезге қарай елдің тоқтау салар төресі мен мырзасы, жақсы мен жайсаңы, өр кеуде батылдары қаза болған не іргесін аулақ салып, көшіп кеткен, біреулері шет ел асып, ал, енді біреулері абақтыға жабылғанболатын. Аш құрсақ, үріккен жұрт тоқ тіршілік туралы ертегіге де, оған жетуге көне ағаш кедергі келтіріп тұр дегенге де сенді. Әрине, Самұрық ағашты қара адамдардан қорғап қалар еді. Бірақ, ол балапандарын асырау үшін, азық іздеп кеткен болатын.
Аралаушылар барған сайын жоғарылай берді. Бұтақтар бірінен соң бірі жерге құлап жатты. Ақыры Қос ағаш қалған бұтақтарын көкке созып, мінәжат етті: «Уа, Тәңірім! Жер бетінде біздерге енді тұрақ жоқ. Өзің асқақтата көтеріп ең, өзің абыроймен әкете гөр!». Сол кезде аспанды түнерген бұлт торлап, шатыр етіп жасын ойнады. Ұшы көк аппақ жасын созыла тартылып, сорғалай құйылып келіп, бұтақтары бытысқан Қос ағашқа түсті. Қос ағаш лап етіп, қып-қызыл отқа оранды.
Қаулай жанған жалынның ыстық лебіне шыдамай, адамдар тым-тырақай қашты. Олар ағаш басындағы ұясын айнала ұшып, балапандарын құтқармақ болып, отқа ұмтылған алып құсты байқамады. Ол оралған Самұрық еді.
Самұрық? – деп басын жерден жұлып алды Бату. Бетін жас жуып кетіпті.
Иә, Бәйтеректің басына ұя салған, Аспара іздеген Самұрық. Мезгілі жеткенде аналарынан тумақ балалардың жандары соның аумақты ұясында жетілетін. Сөйтіп, соңыра олар дана, сазгер, ақын, батыр болып дүниеге келетін.
Жарты аспанды алып, үш күн, үш түн тынымсыз жалаңдаған от түнде қып-қызыл шоқ болып, ат жетер төңірекке түгел көрініп тұрды. Самұрық күндіз-түні қызыл өрттің үстінен ұшумен болды. Бірақ, байғұс құс ес кірмеген балапандардың бәрін қайдан әкете алсын? Содан қайтып Самұрықты ешкім көрген емес.
Қос ағаш күл болып жанып кеткен соң, қара адамдар қайтып келді. Жай келмей, әскерилерді қаптатып жіберді. Олар адамдарды баспаналарынан қуып шығып, айнала түгел тікенекті сым темірмен қоршап тастады. Бульдозерлер мен эксковаторларды жапты. Ал, көп ұзамай, Бәйтеректеріне со күйі араша бола алмаған адамдар от пен түтіннен тұратын алып бағанды көрді. Бұл ядролық саңырауқұлақ еді. Еуразияның кіндігі – Дегелеңді қара адамдар ядролық сынақ алаңына айналдырды.
Дегелеңде ядролық бомбаларды жарудың қажеті не еді? – деп сұрады бозарып кеткен Саша. – Полигондарды тірі жан мекендемейтін жерлерде құрмаушы ма еді?..
Дегелең адамдарға сүйіспеншілігі мен аналық мейірімін сыйлап, күш-қуат дарытушы Жердің жүрегі соғып жатқан киелі мекен, рухани қайнар еді. Ал, Бәйтерек Мәңгі Көк аспан мен Қара жерді жалғастырған Ғалам ағашыеді.
Қара адамдар бізге анамыз – жер, әкеміз – көк аспан екенін ұмыттырғысы келді. Және... халық, шынымен де, бәрін ұмытты. Дәрменсіз, сырқат, қайырымсыз болып кетті...
Бәрі төмен тұқырайып, үнсіз қалды.
Бату айналасында бүліне бастаған бетон кесектері мен таттанған тікенекті сым темір шашылған, желі азынаған ашық-шашық төбені есіне түсірді. Бір кездері оның үсті жайқалған орман, баурайы қайнар бұлақ, етегі қаптаған ел болғанын елестетудің өзі мүмкін емес.
Саша ойша Еуразияның картасын көз алдына келтірді: расында да, құрлықтың тап ортасында Қазақстан және осы айтылған Шыңғыстау жатыр.
Күйші кең алақанын Батудың төбесіне тигізді:
Сол себепті, сендер не Бәйтеректі, не Самұрықты таба алмадыңдар. Сол себепті, адамдар шыңырау пернені де, «Қосбасар»-ды да ұмытты. Олардың шыңырау пернені басып, ұшып бара қояр жері де қалмады. Содан бері күйшілер де тумады, өйткені, балапандар – болашақ күйшілердің жандары – Самұрықтың ұясында өртеніп кетті ғой.
Балалар бастары салбыраған күйі отырды. Күйші мұңая жымиып, домбырасын қолына алды...
Иә, бұл күйді біз музыка мектебінде өткенбіз, бірақ, сіздің тартысыңызда басқаша естіледі, - деді Дана. – Бұндайда әжем айтатын: жүрегім бұлақтың бал суына қанғандай болды, деп.
Тәттімбеттің бұл күйі «Сарыжайлау» деп аталады. Қазір тыңдаушы оны жанға жайлы жайлаудың көркі, табиғат суреті деп қарайды. Алайда, бұл күйдің мәні – қол жетпес арман, Жерұйық мекен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, адамдар шетінен дана, бір-бірімен тату болған заманды аңсау.
Тату болған дейсіз бе? – деп елең ете қалды Саша. – Ал, Сіз Алтын тостаған жайында білесіз бе? Ол қалай жоғалған?
Бәлкім, Аспараның ағасы сонда, әлгі... Жерұйықта шығар? – деп сұрады Бату.
Жоқ, мен Тостағанның қалай қолды болғанын, оны қайдан табуға болатынын білмеймін. Аспараның ағасы жайынан да бейхабармын. Мен тек ата-бабаларымыздың Тостаған туралы естелікті үнемі көкіректе сақтап келгенін білемін.
Күйші сөреге қолын созып, семіз томды суырды да, бетін ашты:
Міне, қараңдар: ежелгі грек ақыны скиф-сақтардың жер бетіндегі ең қайсар әрі әділ халық болғанын жазған, - ол бірнеше парақты аударды. – Ортағасырлық көпес Марко Поло да көшпелілердің әділдігі мен шыншылдығына тамсанған.
Күйші кітапты орнына қайта тықты да, бұрыштағы кітаптарға жақындап, әлгіден де жоян кітапты алып, балаларға айқара бетті ашып көрсетті. Сарғайыңқы қағазға тастан тұрпайы қашалған адам мүсіндерінің бірнеше суреті тіз қатар салыныпты. Кейбірі ерлердің, кейбірі әйелдердің сұлбалары екен. Барлығы дерлік жүрек тұсында тостаған ұстап тұр. Сашаның есіне түсті: осыған ұқсас бейнелерді ол бірнеше мәрте мұражайдан, тіпті, қала орталығындағы әлдебір мейрамхананың жанынан көргені бар.
Бұлар - балбалдар. Биіктігі үш-төрт метрдей болған. Бабаларымыз оларды қорғандардағы молалардың басына орнатқан. Олар көп болған, мың-мыңдап қойылған. Соларға қарап, көшпелілер сайын далада бет түзеген. Бабаларымыз адам өз жүрегін таза ұстаса, Киелі тостағандай, даналық пен әділдікке толы болатынына кәміл сенген. Қара адамдар балбалдарды жек көрген, мансұқтаған. Оларды тракторлармен құлатып, талқандап, жермен-жексен еткен.
Күйшінің даусы қайтадан қалтырай бастады. Қадиша оған абыржи көз тастады да, жеделдете сөйледі:
Жүріңіздер, асүйге барып, шай ішейік!
Саша үй иесінен кітап үйінділерін ақтаруға рұқсат алудың ретін ойластыра, кабинеттен соңғы болып шықты.
Балалар терезе тұсындағы ас үстелін айнала жайғасты. Олар аш қасқырдай, жұқалап туралған жылқы етіне бас қойды. Қадиша тез босаған кеселерге еппен шай құйып отырды. Бір кезде терезенің алдындағы өрік-мейіз салынған табақты алмақ болып, түрегеліңкіреген оның назары еріксіз төменге, аулаға түсіп кетті.
Қызық, анау бала әлі кетпепті.
Кім? – деп сұрады Дана.
Әне, қарашы.
Шынында да, төменде үйдің кіре берісінде торуылдаған екеудің қарасы көзге шалынды: тыңшылық ойынынан әлдеқашан жалыққан Скорпион ұялы телефонының түймелерін басып, шарбақта отыр, ал, атасы жонын күжірейтіп, ағаштың тасасында шылым шегіп тұр.
Бату, Саша, Скорпион ізімізге түсіпті! – деп дауыстап жіберді Дана, шайға күйіп қала жаздап.
Қобалжып, өре түрегелген ұлдар терезе әйнегіне жабысты.
Қане, кейін тұрыңдар, есуастар! – деп быжылдады Дана, Бату мен Сашаны жеңдерінен тартқылап. – Көріп қойса, қайтесіңдер!
Сендерде несі бар олардың? – деп сұрады, терезеден қарамақ болып, ұлдармен жарыса орнынан тұрған Күйші.
Білмейміз, бірақ, соңғы күндері бізді қорып жүр, - деп ойлана тіл қатты Саша. – Біздің сыныптасымыз бен оның атасы.
Осы мезетте шал шылымның тұқылын тастай салды да, жоғарғы қабаттың терезелерін жіті көзімен тінте қарады. Бәрі әйнектен кейін серпілді.
Жоқ, мүмкін емес. Бұл – сол, сол! – деді кенет Күйші қабағы түйіліп.
Кім – сол? – деп алаңдай сұрады Саша.
Бәйтеректің түбіне жеткен қара адам, - деп жауап берді Күйші. – Әлі тірі болғаны ма? Жасы нешеде сонда? Немересі аузынан түскендей, өзінен аумай қалыпты!
Осы уақыт бойы үндемей тұрған Бату кенет елең ете қалды:
Солай ма? Менің әжем де Скорпионды біреуге қатты ұқсатқанын айтып еді. Бәлкім, ол кісі де бір кезде мына қара адаммен кездескен болар?
Скорпион? – деп Күйші таңданыспен қайта сұрады.
Бұл оның лақап аты, ал, тегі – Скоробогат, - деп ұғындырды Саша.
Скоробогат? Бұл нені білдіретінін түсінемісіңдер? - Күйші күрсініп, орнына отырды да, суып қалған шайдан сүлесоқ ұрттады. – Аяқ астынан қазына тауып алған, сөйтіп, мол дәулетке кенеліп, тезінен байып шыға келгендерді баяғыдан осылай атайтын болған. Шынтуайтында, ол адамдар ешқандай да қазына тауып алмаған, олар сақ қорғандарын тонаған, сондықтан, оларды тағы «оба қазушылар» деп те атаған.
Сақ қорғандарын тонаған ба? Бәлкім, ол Алтын тостағанды да тапқан болар? – деп желпіне жорамалдады Бату.
Олай ойламаймын. Бірақ, ол – өте қауіпті адам!
Күйші орнынан ширақ тұрды да, шкафқа барып, суырманы өзіне тартты.
Былай болсын, балалар. Міне, асықтар. Әрқайсың үшеуден алыңдар да, үнемі қалталарыңа салып жүріңдер.
Не үшін? – деп, таңғалды Дана, Күйшінің сыйын алып жатып.
Бұл – көне сиқыр, - деп, сабырмен жауап берді Күйші, асықтарды ұлдарға ұсынып тұрып. – Дұшпандарыңа әрқайсыңның жаныңда қарауылдарың бардай көрінетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |