ЖЕТІМ – ТҰЛ ЕМЕС
Достар араздасады. Ескі достар және Қадиша.
Бату Күйшіден Аспара жайлы аңыздың ақиқатына жетеді.
Кәрі және жас Скорпиондар тыңшылықты жалғастырады.
Шағыстырушы шабарман.
Қайрат достарға «қоңыз» туралы құпияны жеткізеді.
Суға ағызу. Скорпиондардың жаңа тіміскі әрекеттері.
Тостаған қайда көмілген?
Қадиша жол бастайды.
Кішкентай Тұмардың тұңғыш саяхаты.
Қадиша үйден шықты. Ауада қардың лебі сезіледі. Бойы тоңазып, тітіренген ол, күртесін түймеледі де, оңға бұрылды.
Бұрыштан Скорпион қылқиды. Балуан денелі үш жолсерігінің ортасында кетіп бара жатқан қыздың ту сыртынан зілдене қарады.
Мына құжбан қараларды қайдан тауып алған? Жә, бұлармен байланыспай-ақ қойдым, - деп күбір етті Скорпион.
Шындығында, кәдімгідей жаурап қалған ол үйіне жеткенше асық еді.
Бұл кезде Саша Батудың пәтеріне келді.
Сәлем, Бату!
Сәлем, Саня! Төрлет.
Бүгін көптен күткен жазғы демалыстың бірінші күні болса да, Батудың, неге екенін, тағы ұнжырғасы түсіп кетіпті.
Бірдеңе болды ма, Бату?
Жо-жоқ, бәрі ойдағыдай.
Аспарамен тілдестің бе?
Бату тұқиып төмен қарады:
Иә, тілдестім.
Жөндеп айтсаңшы, - деп талап етті Саша. – Мен не, енді әр сөзді аузыңнан суырып алуым керек пе?
Бату тілін жұтқандай, ләм демеді. Үнсіздік созыла берді. Саша тұрған орнында тағатсыздана теңселіп:
Аспара не айтты сонда? Расымен, шындық болғаны ма? Әлгі... Қайраттың, дәлірек айтқанда... анау алжыған шалдың былжырағаны... А? - деді.
Бату күрсінді.
Ол маған ештеңе де айтпады. Басы салбырап, ғайып болды.
Саша қапаланып қалды:
Ал, керек болса. Демек, кәрі Скорпионның айтқаны өтірік болмағаны ғой?..
Құлағына тың тыңдайтын аспапты тығып алып, асүйінде отырған Скоробогат шал папиросын консерві банкісіне мыжи өшіріп, өзіне риза кейіпте мырс етті:
Иә, кей шындық ойдан шығарылған өтіріктен де қитұрқы келеді! Әй, шымбайларына батты-ау, күшіктердің!
Не, Асараға бола айтысып жатыр ма? Бір-бірімен жұдырықтасса, тіптен, қатып кетер еді! – деді Скорпион үміттене, қуырылған жұмыртқадан басын жұлып алып. Оның бойы жылынып, көңілі қошуақ еді. – Аташым! Берші, мен де тыңдайыншы.
Скорпионның армандағанындай, жағдай ушыға түскен сияқты: шекесі тырысқаны беп-белгілі Бату айғайға басты, бірақ, оқымыстың да қалысар емес. Жұмыртқаның сарысы жағылған еріндері жайыла жымиған Скорпион масаттана қолдарын бір-біріне үйкелеп, атасына бас бармағын көрсетті.
Жетер, Саша!
Не жетер? Маған несіне шаптығасың? Кінәм не менің?
Әншейінде ұстамды досының шамданғанын көріп, Бату сабасына түсуге тырысты. Ол отырды да, қараңғы мониторға қайта қарап, қинала сөйледі:
Одан ештеңесін де сұрамауым керек еді...
Саша көзілдірігін түзеді де, тәлімсіп:
Ал, меніңше, әрқашан шындықты білген жөн! - деді.
Бату еш жауап қатпады. Аспара мен Жезтырнақтың үңгірдегі айқасы қайта елес беріп өтті.
Саған айту оңай, - деді ол ақыры көмескі үнмен. – Ол, мүмкін, ағасынан айырылған шығар. Ал, менде аға деген атымен болған емес...
Данаәуелі өзі киініп, сосын ауызғы үйдегі аласа орындыққа отырып, кіші інісінің аяғына бәтіңкесін кигізіп жатқан. Ересектеу екі інісі өз бетінше киінуге күш салып, дәл жанында пыс-пыс етеді.
Есік қоңырауы шырылдады. Дана інісін тізесінен түсірді де, есікті ашты: алдында суықтан қызара бөрткен Қадиша тұр.
О, сәлем, Қадиша! Төрлет!
Жоқ, оған уақыт тар. Әкем тездетіп, Батуды табуымды өтінді.
Ә, ол іргеде тұрады. Жүр, былай қарай.
Дана киінбеген күйі баспалдақ алаңына зып беріп шығып кетпек болған інісіне зекіді, сосын құлыптың кілтін шығарып, «өздерің киіне беріңдер, қазір келем» деді де, Қадишаның ізінше сыртқа шықты.
Есіктің ар жағынан жамырай жылаған дауыс естілді. Оны естімегендей кейіп танытқан Дана, көрші есіктің қоңырауын басты. Оған есік ашқан Батудың мамасы өзі де бір жаққа баруға жиналған сыңайлы.
Сәлеметсіз бе! Бату үйде ме? Бұл – Қадиша, менің сыныптасым, - деп, бастырмалата жөнелді Дана.
Кіріңдер, қыздар, төрлетіңдер! Батуға Тұмарды бағыса тұрыңдаршы, - деді Батудың мамасы абыржып. – Менің шұғыл шаруам болып тұрғаны. Әжей де үйде жоқ еді.
Пәтер түкпірінен нәрестенің наразы бажылы жетті.
Ух... Бұлардың бәрі неге бақыра береді екен? – деп, басын шайқады Дана. – Өстіп жүріп, жынданып кететін шығармын.
Ал, мен саған қызығам. Тым құрыса, бір інім болса ғой!
Әсілі, Батудың өзі де, алдына артып алған кенгуру-дорбада жатқан қарындасына тәп-тәуір қарайтын сияқты. Тұмар ендігі жылауын қойып, қарақат көздері көңілдене жылтырап, былдырлай бастаған. Саша да жұмысқа жегілген: балақайдың дәл танауының алдында ынты-шынтысымен сылдырмақты сілкілейді. Дана жалма-жан Сашадан сылдырмақты тартып алып, өзін диваннан тайдырды да, баланы айналып-толғана бастады:
Қошақан-мошақан. Көзіңнен айналдым... Қуыр-қуыр-қуырмаш...
Қадиша күрсінді де, ұлдарға бұрылды:
Сәлем, Бату, Саша! Телефондарың қайда?
Саша оған радиотелефон тұтқасын алып берді. Қадиша нөмірді терді:
Көке, тұтқаны Батуға берем.
Бұл кезде Скорпион құлағындағы аспапты түзеп қойып, атасына түсініктеме берді:
Баспалдақта тұрғанымда көрген қыз, Батудікіне барып та қойыпты.
Оқа емес, солай болғаны тіпті жақсы. Әрекет ететін кез келді, - деп жауап берді атасы.
Бату телефонды алып, Күйшінің даусы бөлмедегі баршасына естілетіндей етіп, фондық режимді қосты.
Бату! Сендер кеткеннен кейін мен осы оқиға туралы, әсіресе, Аспара мен Тұмар падиша жайында көп ойландым. Білесің бе, Геродот деген ежелгі грек тарихшысы болған. Оны «тарихтың атасы» деп атаған. Ол парсылар мен сақ-скифтердің соғысын сипаттап, жазып кеткен. Жарты әлемді жаулаған парсының патшасы Құрыш көшпелі сақтарды да бағындырмақ болған. Сонда массагет тайпасынан шыққан патшаның жесірі Тұмар, грекше есімі Томирис, көшпелі еркін тайпаларды басқыншыларға қарсы біріктірген. Парсылар көшпелілерді бетпе-бет майданда жеңе алмаған.
Сөйтіп, олар тұзақ құрады. Әдемі шатыр тігіп, ішіне дастарқан жайып, небір тәтті-дәмді тағамдар мен шарап құйылған құмыраларды самсатып қояды. Дәл сол кезде әлі бір де бір ұрысқа қатысып көрмеген жас жауынгер – ұландар жасағы жортуылға аттанған болатын. Араларында Томиристің ұлы Спаргапис те бар еді (Геродот Аспараны грекше осылай атайды). Ұландар жастары тете, өзара дос балалар болатын. Олар тоғыз жыл бойы жас қасқырлар қосынында бірге тұрып, жауынгерлік өнерге бірге жетіккен. Жауынгер қатарына жаңаалынғандықтан, жасақты жетекші-сүгір басқаратын.
Сөйтіп, олар күзетшілер қоршап тұрған парсы патшасының ордасының үстінен шығады. Парсы күзетінің садақшылары садақтарын тартып-тартып қалады. Оқтың біреуі сүгірге тиеді. Ұландар қапияда тәжірибелі жетекшіден айырылады.
Түсінесің бе, олар әлі бала еді ғой. Жетекші-тәлімгердің кегін алуға асықты, өздерін қолынан іс келетін аламан әскер ретінде танытқылары келіп, жаумен айқасқа түсіп, ерлік көрсетуге асықты. Сөйтіп, ұрысқа лап берді.
Парсының жасағы қулық жасап, олардың тегеурініне төтеп бере алмай, ұрыс даласын тастай қашқансиды. Өтірік жеңілген түр танытады. Бақыттан бастары айналған ұландар жеңістің құрметіне парсының ордасына кіріп, әл жинап алуды ұйғарысады. Олар қашқан парсыларды күлкі қыла отырып, етке бас қояды. Әлі шараптың НЕ екенін білмейтін бастары, оны құмырадан көзелерге құйып, суша сіміреді. Енді біразда масайып, ұйықтап қалады.
Осы сәтті күткен жаулар қайтып келіп, ұйықтап жатқан ұландарды қырып салады. Тек патшазада Аспараны ғана тірі қалдырады. Аспара оянғанда, арандап, тұтқынға түсіп қалғанын, серіктерінің қаза болғанын біледі. Қолдары шандулы еді. Жасауылдар оны Құрыштың жорық тағының алдына алып келеді.
Құрыш жеңімпаз Тұмар падишаның ұлымен жылы-жұмсақ сөйлесуге кіріседі. «Аспара, мен сенің анаңмен, халқыңмен татулықты қалаймын. Саған қиянат жасамаймын. Өз ұлымдай көріп, үлде мен бүлдеге ораймын. Тек сен анаңа хат жазып, менімен ымыраға келуін өтінуің керек», - дейді парсының патшасы.
Аспара жан-жағына қаранады. Қашу мүмкін емес еді. «Жақсы, айтқаныңның бәрін істейін. Тек қолымды босат, байлаулы қолмен хат жаза алмаймын ғой», - дейді ол ақыры.
Құрыш күзетшілерге иек қағады. Олар Аспараның қолын шешеді.
Аспара ұйыған қолдарын уқалап тұрып, аспанға, айнала кең далаға қарайды. Сосын жанында тұрған күзетшінің беліндегі семсерді қынабынан көз ілеспес жылдамдықпен суырып алады да, ұшын жүрегінің тұсына тіреп, бір-ақ қадайды. Парсылар анасын бопсаламасын деп, еріксіз сондай амалға барады.
Жас патшазада өз қатесін өліммен өтеді. Құрыш оның денесін массагеттерге құрметпен қайтаруға бұйрық береді...
Міне, сондай хикмет. Сондықтан, Скоробогат шал сендерге өтірік айтқан жоқ. Тек өзінің қалауынша өңін айналдырып жеткізді...
Қадиша Батуға көз қырын тастады. Дәл қазір оның өңі қап-қара шашының қасында тым қуқыл көрінді. Ол қарындасы жатқан дорбаны қапсыра құшақтап, өзіне тартты.Қобалжып тұрған сыңайлы.
«Аспараның ағасы сол жортуылда бірге болса, ұландар тұзаққа түспес еді-ау», - деп ойлады Бату.
Саша басқаша ойға қалды. Ес білгелі оның ең қызық ермегі кітап оқу болып келген. Ол кітапқа беріліп, қиялымен қиянды кезіп кететін. Ал, бірақ, өзі, өзінің таныстары кітап қаһармандарына айналып, қиялда емес, шындық өмірде, тап қазір, тап жанында болып жатқан таңғажайып оқиғалардың бел ортасында жүруі мүмкін-ау деген ой бұрын-соңды басына келіп көрмепті. Осының бәрін өз басынан кешіп жатқанын ол енді айқын сезінді.
Сосын Саша дауыстап былай деді:
Шалдың бұл хикаяны қайдан алғанын білер ме еді? Шынымен-ақ, Геродотты оқыған ба?
Пәтерде қамаулы бауырлары туралы мүлде ұмытқан Дана, іліп әкетті:
Міне, көрдіңдер ме, Аспараның кінәсі жоқ! Оған ештеңе айтпай-ақ қою керек.
Бату көзін тайдырды. Бұны қалт жібермей бағып тұрған Қадиша:
Бату, неге үндемейсің? Сен не, Аспарамен сөйлесіп те үлгердің бе? - деп сұрады.
Батудың үнсіздігі-ақ бәрін айтып тұр еді.
Қадиша күрсінді:
Өкінішті-ақ, сонша асығып едім... Айтпақшы, анау сендердің сұмпайы Скорпиондарың ізімді аңдыды.
Неліктен біздің Скорпионымыз дейсің? – деп, көңілсіз мырс етті Саша. – Абай болғаның жөн... Ол сұмырай арам әрі әккі.
Әкем берген асықтарды өзіммен ала шыққам, - деді Қадиша иығын қомдап. – Солар Скорпионды үркітіп жіберді.
Қап, сайтан! – өз үйінде отырған Скорпион жұдырығымен үстелді қойып қалды.
Тың тыңдау аспабы – өте пайдалы зат, - деп түйді атасы данышпансып. – Бірақ, оны құрбан етуге тура келеді.
Қоңырау әндетіп қоя берді.
Мамам неғып тез қайтып келді екен? - деп таң қалды Бату.
Бірақ, келген мүлде мамасы болмай шықты. Есік сыртында тұрған Қайратты көрген Саша, кекесінмен даусын соза:
Мейман деп осыны айт! Біз шақырмасақ та, сіз жетіп келдіңіз бе? – деді...
Жетпегені осы еді, - деді Бату наразылықпен ауызғы үйдің түкпірінен.
Ол тағы бірдеңе деп қоспақ еді, бірақ, Қайрат оны бөліп жіберді. Көзін бадырайтып, саусағын аузына жабыстырды:
Содан соң ымдап, сыныптастарын баспалдақ алаңына шақырды. Бату мен Саша оған құлықсыз ілесті.
Бату, тыңда, сенің бөлмеңде, әлгі... қоңыз бар! – деп сыбыр етті Қайрат.
Қайдағы қоңыз тағы? – деп еріксіз таңданды Бату.
Тың тыңдайтын аспап! Скорпион жабыстырып кетті оны сендерге! – деп тықылдады Қайрат лепіріп.
Сен не, тарақанға тойып алғанбысың, дәу?
Бұдан арғы әңгімені мағынасыз көріп, Бату пәтерге кірмек болып, бұрыла берген.
Бірақ, осы кезде Саша өз маңдайын шарт еткізіп салып қалды:
Скорпион сол үшін келген екен ғой! Бату, есіңде ме, ол өткенде бізбен тіл табысып, достасқысы келетіндей болып сүмпиіп жетіп еді ғой?! Ал, керек болса! Сонда ол қоңызды қайдан ала қойды екен?..
Соны да сөз деп... Қытай базарын тіміскілеп жүріп тапқан да. Онда қалағаныңның бәрін сатып алуға болады, - деп жауап берді Қайрат маңғазсынып. – Ал, барып іздейміз бе?
Осыдан соң, әлбетте, ішінде Қайрат та бар, бәрі жабылып, қоңызды іздеуге кірісті. Үн-түнсіз, ыммен ұғысып, булыға шиқылдап жүріп, балалар пәтерді құшырлана тінтіп, шаң басқан бұрыш-бұрыштың бәріне үңілді. Әлгі айтқан қоңызының түр-түсі қандай екенін ешқайсысы тап басып білмейтіндіктен, ізденіс көпке шейін сәтсіз болған еді. Дана, не үшін екені белгісіз, ауызғы үйдегі тумбаның сирағын бұрап жұлып алды, ал, Саша дәретханадағы желдеткішті сындырып ала жаздады. Іздестіру шарасы оң нәтижесін беріп, баяғыда жоғалып қалған конструктор тетіктері, жамауға келмейтін жыртық шұлық пен ескіріп, тас болып қатып қалған сағыз табылды.
Үйдің іші астаң-кестең былыға бастағанын көріп, Бату ойдан шығарылған қоңыздың ізденісінен бас тартпақ болған. Бірақ, дәл сол кезде компьютердің пернетақтасын төңкеріп, ынты-шынтысымен сілкілеп жатқан Қадиша, еденге еңкейіп, қайта көтеріле бергенде, үстелдің бет тақтайының астына жабыстырылған оғаштау бір затты байқап қалды. Сол-ақ екен, даусын шығармай, өршелене мыңқылдап, қолдарын сермелей жөнелді.
Техникалық сарапшылар ретінде Бату мен Саша осы бұйымды іздестірілген қоңыз деп тануға қаулы етті. Шынымен тірі сасық қоңызды не үстін шырыш басқан ұлуды ұстағандай-ақ, өлердей жиіркеніп, Бату пластик жәндікті екі саусағымен қысып алды, сосын дәретханаға апарып, унитазға тастады да, суын ағызды.
Қоңызды ағызып жіберген достар, одан шыққан «бүлк-бүлк» деген дыбыстан Скорпион мен оның атасы қалай аңырайып қалатынын елестетіп, тырқылдап, көпке шейін күлді.
Жаудың бұл істі алдын-ала жоспарлағанын, сол себепті де, әлгі құрбандықты сабырмен, тіпті, әлдебір қанағаттанушылықпен қабылдағанын көрсе, бұлар бүйтіп көңілдене қоймас еді. Шал бар болғаны: «Міне, біздің серігіміз да келмеске кетті» - деді де қойды...
Ей, қарындасымды әкел бері!
Бату баламен диванға жайғасып үлгерген Қайраттың қолынан Тұмарды жұлып алды. Қайрат ымырашылдықпен:
Жә, қойшы енді... Мен тек ойладым... Диваннан құлап кетіп жүрсе тағы.
«Жоғал бұл жерден» дегендей бірдеңе айтпақ болып, аузын аша берген Бату, ұялып, үндемей қалды. Есесіне Саша сұрады:
Қайрат, бізге қызықты тағы не айтасың?
Бұл сұрақта қанша кекесін болса, сонша шынымен білуге құмарлық та бар еді.
Жауаптың орнына Қайрат түрегеліңкіреп, қалтасынан ұялы телефонын суырды. Бату жирене тыржиды:
Телефоныңды әрмен әкет. Өзің де құры.
Бату, тыңдап көрейік. Жалған дерек екенін білеміз ғой, сондықтан, бұны да өз мақсатымызға пайдалана аламыз, - деді Саша естілікпен.
Қайрат сол сәтте-ақ телефонды қосты. Дисплейде тағы да бір түрлі төменнен түсірілген Скоробогат шал пайда болды. Шіңкілдеген даусымен ол үзік-үзік сөйледі:
Әрекет ететін кез келді! Уақыт тығыз. Мен поезға билет алып қойдым. Үңгірге анау күшіктерден бұрын жетіп алу керек... Мен тостағанды үңгірдің кіре берісіне, оң жаққа көміп тастағам...
Осы жерден жазба үзілді.
Саша атып тұрды:
Бату! Аспараны шақыр! Кеңесу керек.
Жоқ, мен... Біз Тостағанды өзіміз табамыз. Аспараға жасаған сыйымыз болсын, - деп ойлы жүзбен жауап қайырды оған Бату. – Ал, сосын... Сосын мен одан кешірім сұраймын.
Осы сәтте Қайраттың жүзінде қылаң еткен мысқылды байқап қалған Қадиша:
Менің әкеммен кеңескеніміз жөн... – деді нығыздаңқырай.
Оған уақыт жоқ! Скорпион атасымен ендігі поезда отырған шығар. Саня, менімен барасың ба?
Сәл бөгеліңкіреген Саша, домбыраны ала сала, табалдырыққа аттауға әзір тұрған Батуға қарады.
Әрине. Бірақ, сен төбеден үңгірге дейінгі жолды табамысың?
Бату ойланып қалды.
Білмеймін... Аспара екеуміз барғанда қараңғы болып еді. Тіпті, қай тарапқа шапқанымыз да есімде жоқ.
Демек, жергілікті тұрғындарды тауып, жол сұрауға тура келеді, - деп күрсінді Саша.
Иә саған! Біз кезіктіретін бірінші жергілікті тұрғын Жезтырнақ болады, - деп, тыныш тұрмай, тілімен шағып алды Дана.
Бату сенімсіздене, тыпыршып қалды. Үнсіздік созыла түсті. Кенет Қадиша:
Ей, оның не қиындығы бар? Неге бірден үңгірге аттанбасқа? - деді.
Бату түсіндіре бастады:
Түсінесің бе, шыңырау перне бізді Бәйтерекке, дәлірек айтқанда, Бәйтеректің өскен орнына жеткізеді...
Қадиша оның сөзін бөліп жіберді:
Аспара басқа дүниелерге саяхаттау үшін Бәйтерекке барғысы келген. Ал, бізге басқа дүниеге я басқа уақытқа аттанудың қажеті жоқ. Біз тек Скорпионнан бұрын үңгірге жетіп алуымыз керек. Солай ма?
Балалар иықтарын қушитып, бір-біріне қарады.
Ендеше ол үшін жетім пернені пайдалансақ та жетіп жатыр! – деп сөзін күрмеді Қадиша.
Қандай перне? – деп бәрі қосарласа сұрады.
Жетім перне. Бірақ, бұл атау тұл, жалғыз деген мағынадағы жетім дегенді білдірмейді. Жетім - туған үйінен, әке-шешесінен жырақ кетіп, өзін қиынға салған, сол арқылы барлық өнерге, оның ішінде жауынгерлік өнерге де жетік нағыз ер-азаматқа айналып, биік мақсатқа жетуді, яғни, жетілуді көздеген жасөспірім, жеткіншек. Әкем солай дейді. Сол пернені басып тұрып, барғың келетін жерді көз алдыға келтіріп, елестету керек.
Бату қайта күшіне мінді.
Тамаша, ол пернені есіме сақтап алдым. Саша, кеттік!
Тоқта, - деп, кідіртті оны Қадиша.– Домбыра сағасында екі жетім перне бар. Бірі – жолға аттану үшін, екіншісі үйге оралу үшін қолданылады.
Бату, Қадиша бізбен бірге барса, жақсы-ақ болар еді. Оның кеңесі керек болып қалады-ау, - деді Саша күтпеген жерден.
Бату қомсынып қабағын түйді: анау қаптаған түсініксіз пернелерді түгел ажырата алса да, бейтаныс қызбен жақсы атақты бөліскісі жоқ еді оның. Әйтсе де:
Қадиша, бізбен барасың ба? – деп сұрады.
Әрине! – деп ойланбай айтып қалған Қадиша, Данаға жалт қарады.
Ал, сен, Дана, Тұмармен үйде қаласың, - деді Бату, тағы да табалдырыққа беттеп бара жатып.
Тапқан екенсің! Мен қайтсем де, бұндай қызықтан құр қалмаймын! – деп қияңқыланды көрші қыз.
Бату артына қарады:
Дана, Тұмармен біреу қалуы керек қой!
Қайрат қалсын, - деді Дана иығын қиқаң еткізіп.
Мен Қайратқа... – Бату немқұрайды төбеге тесіліп тұрған содырға алара қарады. – Яғни... Тұмар Қайратты жатырқайды ғой!
Ендеше Саша қалады. Мен бәрібір барам, біліп қой!
Батудың зығырданы қайнап, Данаға тесірейді. Мына қыздардың ызасын-ай! Өзін зорға тежеп, дүңк еткізді:
Сен қызсың! Ал, қыздар кішкентайларды бағуы тиіс! Ол еркектің ісі емес!
Енді қайтейін! Еркек болған түрін, Қайраттың өзіңді төмпештегенін ұмыттың ба? – деп қыңырайды Дана.
Осы кезде бұлардың тәжікесіне Қайрат араласты:
Батон, сен не, қорқасың ба?
Қадиша шағыстырушыға секемдене қарады. Балаларға үңгірге барар жолды сілтегені бекер болды ма? Бірақ, шегінуге кеш еді. Бату нық қимылмен қарындасы жатқан кенгуруді мойнына асты, оның керек-жарағын сөмкеге тықты:
Жарайды. Бәріміз барамыз.
Есік көзі опыр-топыр болды да қалды: саяхатқа аттану үшін Тұмар балақайды есептемегенде, бесеуі бірдей есіктің екі жағын ала қырындап, бір аяқтарын табалдырыққа қойып тұруы тиіс еді.
Қадиша Батуға әжесі тарту еткен ескі домбыраны алды да, сол қолымен жоғарғы жетім пернені басып, оң қолының бас бармағын қақпағына тіреді, ал, қалған төртеуін (және, ең әуелі, әкесі үйреткендей, тегеурінді төртінші саусақты) ішекке көміп жіберіп, қағып қалды.
Батуға баяғыдан таныс тербеліс бұл жолы әрі күштірек, әрі жұмсағырақ болды. Ол кеңістікті тіле заулап келе жатып, қатарында ұшқан достарының серең-серең еткен аяқ-қолдарынан қарындасын қорғаштаумен болды. Осы ұшыста бәрінен де оның есінде сақталып қалғаны Тұмардың бақырайған қарақат көздері еді.
Достарыңызбен бөлісу: |