Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет3/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Бату Казакша

ДҮНИЕНІҢ ШЫҢЫ
Аспараның күткені болмай шығады.
Домбыраның құбылуы.
Өткен шақ па, осы шақ па?
Жоқ, бұл Сол жағалау емес!
Жын-жыпырдың шабуылы. Аспараның тойтарыс беруі.
Батудың ат шабысына қатысуы.
Жұмбақ үңгір.

... Шетсіз-шексіз қу медиен шөл дала. Қаз бауыр қара қошқыл бұлттар көз жетер жерге дейін аспанды тегіс жапқан. Олардың жер сызып салбырап тұрғаны сонша, жадағай төбе басына шығып, қолмен түртіп көрсе болғандай. Тек оны істер тірі пенде жоқ: ызғырық жел екпіні ғана біресе былтырғы шөпті жапырып, біресе өршелене көкке ұмтылады.


Аяқ астынан төбе басына шырқ үйірілген құйын ойнақтап шыға келді. Ішінде әлденелер қараң-құраң етеді. Сәлден соң құйын сап болды да, төбе басында Бату мен Аспара ғана қалды, әмбе Аспара қару-жарақ асынып, мұздай құрсанып шыға келіпті. Үстіндегісі, әрине, алтындатқан шерулік салтанатты сауыт-сайман емес, нағыз жауынгер жанболаты мен дулығасы еді. Әйтсе де, далалық жауынгер үшін міндетті делінетін бес қарудан сақ патшазадасы – Аспара соның дәл өзі болатын - тек келте семсер «ақинақ» пен қанжарлы белдік қана тағыныпты. Ол ерттелген арғымақты шаужайынан ұстап тұр еді. Сиқырлы ұшу сапарынан есі ене қоймаған Бату, сонда да аттың ерекше екенін байқап үлгерді... Бәсе! Бір кезде тура көз алдыда аттың шоқтығынан зор алтын қанаттар өсіп шығып, әне-міне ұшардай қомданып тұрды...

  • Мәссаған! Мынау – Гиппогриф қой, иә?!

Аспара бұлт қалыңы арасынан әлденені көруге тырысып, аспанға көзін қадап тұрған. Ықылассыз, жаңылыс жауап берді:

  • Екеуміз Ғаламның кіндігінде тұрмыз, қазір бұл жерлерді Шыңғыс таулары деп атайды.

  • Ал, Гиппогриф қайдан шықты? – деп тықақтады Бату.

  • Кім? Ә, домбыра қанатты тұлпарға айналып кетті. Бөгет болмашы! – Аспара тың тыңдап, қайта қалшиды.

Бату жайлап қолын созып, алтын көң тәрізді қанатқа тигізе бергені сол еді, пырақ оқыс осқырып, танауы пырылдай, тұяғымен жер тарпып қалды. Бату қышқырып жіберіп, шетке ыршып кетті.

  • Жабайы ма?! Ей, Аспара, мынауың үйретілген бе, жоқ па? Ал, сонда бұл домбырадан қалай шықты?

  • Тоқташы. Түсінсем бұйырмасын, біз қайдамыз? – деп, күйгелектенді Аспара жан-жағына қарап.

  • Мынау қылыш па? Берші, көрейін! Тым болмаса, пышақты ұстатшы! – деп, Аспараның қаруына қызығып кеткен Бату, желімдей жабысты.

Анау айналаға көз жіберіп тұрып, қанжарды қынынан тездете суырып, Батуға ұстата салды.
Төбе етегінде көсілген кең далада адам тіршілігінің ізі сайрап жатыр. Қар астынан бетон тақталардың сынықтары, таттанған арматура кесектері шошаяды. Төбенің өзі кей жерінен үзілген тікенекті сым темірмен қоршалған. Әудем жерде шатыры опырылған күңгірт-сұрқай жатаған жайлар қалқаяды. Шамасы, Аспара мұндайды көрем деп ойламаса керек.

  • Аспара, пышағың керемет екен! – деді Бату тамсана. – Неғып қабағың түсіп кетті?

  • Бұл дұрыс емес! – деп, күңк етті Аспара. – Түсінсем, бұйырмасын, қай қиырға кетіп қалғанбыз... Жаңылысқаным ба? Мына жерде төбе, ал, оның үстінде аспанмен таласқан дарақ болуы тиіс еді... Дарақты айнала жынысты орман өскен. Ал, төбенің қасында...

  • Қасында не? – деп сұрады Бату кідірістен соң.

  • Бірақ, ол жоқ! – деп дағдара сыбыр етті Аспара. – Киелі орын жоқ. Біз қайдамыз? Тәңір жарылқасын, айтшы!

Бату қанжарды жалаңдатып тұрып:

  • Күресінде тұрмыз. Әлде құрылыс орнында. Ал, сен қайда барғың келіп еді? – деді.

  • Домбыра бізді Бәйтерекке, Дегелеңге жеткізуі тиіс еді, - деді Аспара.

  • О не дегенің, Аспара! Бәйтерек – Астанада. Ал, Дегелең, білуімше, Семейдің маңайында, онда тағы ядролық полигон болған.

  • Не айтып кеттің, түсінбедім ғой?

  • Мен не айтып тұрғанымды білем, - деді Бату әлдебір үстемдікпен.

Расында, Дегелеңдегі ядролық полигон туралы бұл бала көп ересектен біршама артық білетін, өйткені, бұл оның дәрігер-әкесінің өмір бойы айналысып келе жатқан басты тақырыбы болатын. «Сәуле ауруы», «радиация», «туабітті дүбәралық», «құрбандарды қалпына келтіру», «жерүстілік ядролық сынақтар» - осындай сөздер мен атауларды Бату одан бала күнінен бері естіп келе жатыр.
Кенет Батудың басына бір ой келе қалды:

  • Аспара! Біз уақыттан жаңылған сияқтымыз! Өткенге ұшып келіппіз! Бұл, сірә, Бәйтеректің құрылысы болар. Демек, біз Астанада, Сол жағалауда тұрмыз. Міне, тамаша! Баяғыдан осы жерде болып көргім келген!

Бату қардан шошайып шығып тұрған арматураға жүгіріп барып, жұлқып қалды, сосын кірпіш кесегін теуіп жіберді.

  • Олай болмауы да мүмкін... Бәрі қаңырап бос жатыр.

Теледидардан көрген жаңа елорданың қайнаған құрылысына онша ұқсамайтын жабырқау көрініске үңіле қараған Батудың өрекпуі су сепкендей басылды:

  • Демалыс па, тегі? Көтергіштері қайда кеткен? Темір де ескірген, әбден таттанып кеткен. Қой, тезірек қонақүй тауып, үйге қоңырау соғуымыз керек.

Аспара меңірейген кейіпте:

  • Домбыра пыраққа айналды, демек, ол бізді, шынымен-ақ, Бәйтерекке алып келді. Бірақ, қайда ол? – деді.

  • Бәйтеректі әлі тұрғызған жоқ қой, біз өткен шақтан бір-ақ шықтық, түсінемісің? Пырағың шалыс кетті, - деп иығын қомдады Бату.

  • Қайдағы құрылысты айтып тұрғаныңды білмедім, - деп қабағын түйді Аспара. – Бәйтерек – жер бетіндегі ең алып ағаш. Ол Дүниенің кіндігі – Дегелеңде өседі. Ол адамдар әлі жер бетін жайламаған кезде-ақ көк тіреген зәулім болған. Басқа ағаштардың барлығы – соның балалары. Бәйтеректің ұшар басында үлкен ұя бар. Онда ана қыран Самұрық мекендейді. Домбыра бізді Бәйтерекке алып келуі тиіс болатын, өйткені, ол соның бұтағынан шауып жасалған. Сол үшін мен Самұрыққа бағышталған шыңырау-пернені пайдаландым ғой. – Аспара өз-өзін тексеріп, бәрін жөнімен атқарғанына көз жеткізгісі келіп, жіпке тізгендей рет-ретімен айтып шықты.

  • Жүр, қонақүй іздейік, - деді Бату Аспараның сөзін парықтап жатпай-ақ. – Сенің ақшаң бар ма? Қалтаңды қарашы... Қап, сенде қалта дейтін қалта да жоқ екен-ау!

Кенет Аспара жадырап сала берді, тіпті, күліп жіберді.

  • Қалай ғана есімен шығып кеткен! – Ол қолын белбеуіндегі кісесіне сұғып, кішігірім қауырсын алып шықты. – Қазір, тоқтай тұр! – Сол кісесінен шақпақ шығарып, лайықтау тас тауып алды да, шағып жіберіп, ұшқындатып, қауырсынды тұтатты. Бату аузын ашам дегенше болған жоқ, Аспара осының бәрін қолы-қолына жұқпай лыпылдатып, лезде-ақ жасай қойды.

  • Бұл – Самұрықтың қауырсыны, оны маған анам тарту еткен, - деді ол Батуға, жанып бітуге айналған қауырсынға қарап тұрып.– Оны тұтатсаң, Самұрық ұшып келіп, жәрдем етеді!

Әлден соң, Аспараның қолында қарая бұратылған өзегі ғана қалды. Дәнеңе бола қоймады. Аспара басын шалқайтып, көк аспанға үміттене көз сүзді. Бату да төбеге телмірді. Енді қайтеді? Мына меңіреу мекеннен тезірек шығу керек. Еріксіз Батудың есіне кей-кейде әке-шешесінен тығылып көретін «қорқынышты кинолардағы» көріністер түсіп кетті. Дәл осылай күн бұлыңғыр тартқанда ескі қамалдардан, ежелгі қирандылар мен қоқсықтардан тірі өліктер, айналғырлар, елестер қалқып шыға келетін... Бр-р-р. Бату үрпие қалды, оның үстіне қалтырап тоңа бастаған.
Бұлт көлегейлеген күн, шамасы, ұясына қонуға таянды. Сұрқай күннің онсыз да көмескі жарығы сөнуге айналды. Бату көзінің қырымен Аспараға қарады – күйгелектеп тұр. Осы жерде мәңгіге қалып қойса, қайтпек?! Ешқандай да сиқырлы құстың көрінетін түрі жоқ. Рас, тағы қанатты пырақ бар... Қызық, ол екеуін көтерер ме екен?
Тосыннан тыныштықты адамдікіне ұқсамайтын ащы өксік бұзып жіберді. Бату шоршып түсіп, қоюлана түскен ымырт қараңғысында бірдеңе айыруға тырысып, алақтай, тұрған орнында шыр айналды. Аспара дыбыстың қай тараптан шыққанын ұғуға күш салып, ширыға кеңістікке үңілді. Өксік қайталанып, енді күңіренген үздіксіз ұлуға ұласты. Ақыры, Бату төбе басына құйғытып жетіп қалған қарайғанды аңғарды. Ол үрейден көзі шарасынан шығып, серейіп қатты да қалды: адамша қос аяқтап, Аспара мен Батуға қарай қолапайсыз қорбаң-қорбаң қарғылап, көзге қораш мақұлық жүгіріп келе жатты. Ауық-ауық еті қашып, арбиған ұзын қолдарын ербеңдете көтеріп қояды. Тоз-тоз шоқпыты мен ұйысқан аппақ сабалақ шашы желге желбірейді.
Аспара семсеріне қол салды.
Сап-сары көздері шырақтай жанған Мыстан кемпір (басқа кім дейсің?) өңмеңдеп таяна түсті. Сол кезде аузындағы қайқы қылыштай сорайған азулары, имек тұмсығы айқын көрінді... Міне, ол тағы да ұлып, ұшуға талпынғандай, қолдарын арбаң-арбаң еткізді – Бату тура тамағына кезелген қап-қара сойдақ тырнақтарды анық көрді! Осы бүгіле берген тырнақтарды көре салысымен, Батудың ішіндегі сығылған серіппе оқыс тіктелгендей болды да, бойды құрсаған тас түйіннен арылған ол, бақырып, беті ауған жаққа зыта жөнелді.
Айқасқа әзірленіп тұрған Аспара сасып қалды. Осы кезде Бату бірдеңеге шалына, ұзынынан сұлап, қанжарын түсіріп алды. Бұны көрген Аспара қайта бекінді. Атқа міне сала, Батудың жанына шауып жетіп, еңкейді де, бір ышқынып, оны іліп алды. Сол мезетте Мыстан кемпір сидиған қорқынышты қолымен тұлпарды шаужайынан шап беріп ұстап алмақ болды. Бату шыңғырып қалып, ат аспанға шапши бергенде, Аспара мүлт кетті – семсер Мыстан кемпірдің қолын сырып қана өтті. Жараланған пәлекет «Абу-у-ю-ю!» деп, зар илеп, қанданған қолын төсіне баса қойды...
Аспара ысқырып қалды да, сойқан шабыс басталды. Мыстан кемпір тез айығып, қайтадан қуа жөнелді. Батудың басы ырғаң-ырғаң етіп келеді, ерге ішін тіреп, Аспараның алдында жатқан ол, қарғыс атқыр хайуанның жер үстімен ұшып келе жатқандай, орғып-қарғып, аттың соңынан қалмай жүйткігенін көрді. Аспара атты аяқтарымен жүргізіп келе жатты, оң қолымен баяғыша семсерін қысып, сол қолымен Батуды ер үстінен аудырмай ұстап келеді. Ол досына әлдене деп айғайлай берді, бірақ, анау оның не қалайтынын ұға алмай-ақ қойды. Ақыры Бату оның:

  • Өзің ұстан! – дегенін естіп қалды.

Бірақ, ханзаданың еркін қимылдауына бөгеу болмас үшін, атқа қалай орнығып отырса екен? Бату тұлпардың қанаттарынан ұстанып отыруға тырысты. Ол да оңай болмай шықты, қанаттардың алтынды терісі сусып, майысып кетеді. Әмбе сар желген пырақтың әр аттағаны Батуды алдымен әуелете лақтырып, сосын жалп еткізіп, аттың жотасына тастай салады да, ол кейін лықсиды. Осылай ат үстінде қопақ-қопақ еткен ол, әупіріммен ғана құламай отырды.
Мыстан кемпір бұларды бір емес, екі емес, әлденеше қуып жеткен, бірақ, оны бірде тұлпардың артқы тұяқтары, біресе Аспараның семсері үркітті. Ақыр аяғы, Бату шыдамай кетіп, айғай салды:

  • Самға! Ұш! Көтеріл!

Алайда, ат оның әмірін естімегендей, жермен шаба берді. Бату басын Аспараға бұрды:

  • Аспара, ол неге ұшпайды?

  • Білмеймін! Бәлкім, Бәйтеректі таба алмағандығымыздан шығар! – деп айғайлай жауап қайырды Аспара.

Қуғын жалғаса берді. Күтпеген жерден тұлпардың аяғының астында мұз сықырлады. Бұл даланың кішкентай өзеншесі еді. Тұлпар жайдақ жағамен ағызып келеді. Осы жерде Мыстан кемпір кейіндеп қалды. Сәл есін жиып, жан-жағына қаранған Батудың көзі, кенет алдағы биік шошақ төбелі ғимаратты шалды. Сұлбасын шырамытатын тәрізді, тегі, көне мазар болуы керек, әйтеуір, осыған ұқсас әлденені Бату бір оқулықтан көрген сияқты. Бірақ, осы кезде ойы бөлініп кетті, өйткені, бұлар шауып келе жатқан аңғар күрт тарылып, өзеншік айнала биік төбелердің қыспағында қалып бара жатты... Тұзақ! Бату басқа жаққа бұрылмаса, қоршауға түскен аңдардай арандап қалатындарын зерделейқойды!

  • Аспара! – деп, айғайлап жіберді ол. - Бұл – тұзақ! Ол бізді бұнда ұстап алады!

  • Қорықпа! Осы жерде үңгір болуы тиіс, - деп жұбатты оны Аспара.

Тағы біраз далақтап шапқан олар, тұйыққа келіп тірелді. Аттан қарғып түскен Аспара, көзге елеусіз аздаған жарығы бар жартасқа тұра ұмтылды. Аспараның аяғының астында қабыршақ мұз сынып, су шылпылдайды.

  • Түспе! – деп, қатты дауыстай ескертті ол Батуды. – Міне, ол!

Тегінде, өзен жартастағы едәуір аумақты үңгірден бастау алады екен. Аспара атты шаужайынан ұстап, үңгірге жетеледі. Бату үңірейген үңгір аузының жоғары ернеуіне басын соғып алмауы үшін, еңкеюге мәжбүр болды.

  • Тезірек! Көмектес маған! – деп шақырды Аспара.

Бату тұйық кеңістікке тап болысымен, қалалықтарға тән әдетпен бірден өзін қауіпсіз жерде тұрғандай сезінді. Қолымен қанаттың түбінен ұстанып, асықпай аттан түсті. Әмбе велосипед теуіп үйреткенде, әкесі кеңес қылғандай, мінер жақтан секіріп түсті: шабандоз дәл осы - аттың сол жағынан мініп-түсуі тиіс. Жауынгер бабаларымыз да солай еткен, себебі, сол қолымен шылбыр, ал, оң қолымен қару ұстаған. Бату Аспараға көз қиығын тастады – байқады ма екен? Бірақ, патшазада бұл жаққа қараған да жоқ. Жерге табанын тіреп, дәу қойтасты қозғалтпақ боп мықшыңдап жатыр екен. Бату көмекке ұмтылды. Екеулеп жүріп, әйтеуір, тасты шайқалтып, кіре беріске қарай жылжытты. Әрине, шомбал тас үңгірдің тесігін толық бітей қойған жоқ, дегенмен, кіруге кәдімгідей тосқауыл болады.
Бату алқынып, былғаныш қолымен маңдайының терін сүртті де, әлсіреп, жерге отыра кетті:

  • Уф-ф...

Аспара қараңғыда түртінектенуін қоймай, әлдене іздестірді, құрғақ шырпы, қураған шөп-шалаңды үңгірдің аузына үйді. Сосын шақпақ алып, от тұтатуға кірісті. Бату шошып кетті:

  • Не істеп жатырсың? Құбыжық байқап қояды!

  • Зұлым күш оттан қорқады! – деп, жөн білетін кісіше жауап берген Аспара, қайтадан бықсыған оттың көзін ашуға кірісті.

  • Қайдам, ондайын байқамадым. Анда, төбе басында от жағып ең, әлгі Мыстан кемпір бізге тап берді ғой, - деп күңк етті Бату.

  • Ол Мыстан кемпір емес. Ол – Жезтырнақ, - Аспара тіктеліп, ойлана тіл қатты. – Иә, расында... Самұрық ұшып келмеді, оның орнына Жезтырнақ келді. Мұның мәнісі не екен?

  • Мыстан кемпірі не, Жезтырнағы не – бәрібір емес пе! Одан да, айтшы, үйге қалай қайтамыз? – Бату өз иығын қапсыра құшақтады – жылғадан суық леп есіп тұрды.

  • Домбыра да бізді діттеген Дегеленімізге алып келді, - деп сөзін жалғады Аспара, досын естімегендей, - Мына тұс пен үңгірді танып тұрмын ғой! Міне, тыңда: мазардың орнында бұрын киелі тас тұрған...

Кенет Аспара алау ішінен жанып жатқан ұзын бұтақты суырып алды да, ентелей басып, қабырғалардың біріне беттеді. Лекер шырақтың жыпықтаған тұрлаусыз жарығында Бату тасқа қашалған суреттерді ажыратты. Адамдар, аңдар, тіпті, атарба да бар сияқты - әйтеуір, доңғалақты бірдеңе.
Аспара қалт етпей, көне белгілерге үңіле қарады. Иә, бұнда бәрі сол баяғы екі жарым мың жыл бұрынғыдай қалпы. Сол кезде ол өзінің жас ұландар жасағымен бірге осы жерге келіп еді-ау. Оларды жауынгер қатарына алу ғұрпына куәгер болған бірнеше даңқты жауынгерлер мен сүгірге ілесіп келген болатын...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет