ЖЫЛАН ПАТШАСЫНЫҢ ҚЫЗЫ
Дана қайда құрып кетті?
Аспара бұ дүниедегі досымен тілдесудің тәсілін табады.
Кішкене домбырашы қыздың қатерлі қателігі.
Ғаламның құрылымы: бұны әркім білуі тиіс.
Бату құтқару жорығына жалғыз аттанады.
Жайлы қону. Бату жыландарды жек көреді.
Мейрам күні болғанына қарамастан, Дана үшін алаңдаулы Бату таң-сәріден тұрып кетті. Кеше Батудың әкесі өзге көршілермен бірге қас қарайғанша аулалар мен гүлзарларды аралап, маңайдағы шатырлардың асты мен жертөлелерді сүзіп шыққан. Дананың әке-шешесі туыстарын аяқтарынан тік тұрғызып, қызының құрбыларына қоңырау шалып, қаланың барлық дерлік ауруханаларына бас сұғып, ақыры, түңіліп, қыздың жоғалғаны туралы полицияға хабарлады. Батудың іздесуіне рұқсат етілмеген соң, ол кеш бойы үйде сарсылып, Дананың қайда құрып кетуі мүмкін екенін ойлап, бас қатырумен болды.
Кешкілік Бату Сашаға қоңырау соғып, екеуі ойласа келе, «Дана құрбыларының бірінікінде бөгеліп қалған болар» деп ұйғарысты. Бұлардың өзіне тым сенімді өжет құрбысы түн қараңғылығынан тайынған емес. «Ол кімнен қорқа қояр дейсің, - деп білгішсінді Саша баяғы оқымыстылығына бағып.– Жұдырығы тастай ғой оның!». Бату тыжырынды: Дананың қарғыс атқыр Скорпионды қалай төпелегенін еске түсірудің өзі жайсыз тиді оған. «Оның рас, Дана кез-келгенді таяқтың астына алады, - деп міңгір етті ол. – Оған несіне қам жейміз». Сөйтіп, Дананы қаперінен шығарып тастаған Бату, осы бір қызық күні басынан өткен таңғажайып оқиғалар тізбегін ойша жаңғыртып көрмек еді, бірақ, бірін де байыптап үлгермеді, масқара болғанда, әкесінің келгенін де күтпей, маужырап ұйқыға кетті.
Ал, Дана со күйі табылмады. Рас, үлкендер кешелі-бүгінгі жаңалықтардан бейхабар болатын. Қатты қобалжыған Бату, кешеден бөлмесінде жатқан Дананың домбырасын іліп алып, шолғынға тартты.
Ол баспалдақ алаңына шықты да, көршінің қоңырауын басты. Бірден есікті Дананың мамасы ашты. Қызының орнына Батуды көргенде, жанарында жылт еткен үміт сәулесі қайта өшті. Шешелерінің етегіне жармасып тұрған Дананың бауырларының көздері бұлаудай. Бату бәрін түсіне қойды. Ол үнсіз басын төмен салып, домбыраның мойнын қолында қысқан күйі, үйіне қайтып келді.
Бату бөлмесінің терезесіне тақап, төмендегі алаңсыз, жайбарақат аулаға бей-жай қарап, біраз тұрды... Елеулі оқиғадан шет қалғандай екіұдай сезім жанын жегідей жеп барады. Ақыры Бату тыным таптырмаған сауалға жауап тапқандай болды. Дананың жоғалуы кешегі күннің оқиғаларыменбайланысты, оған еш шүбә жоқ! Бұл сабақтастықтың сырын түсіндіріп бере алмас, бірақ, іші сезеді! Енді қайтсе екен?! Қайткені несі, өзі неткен кеңкелес еді! Дереу Аспараны шақыру керек. Бату домбыраны төсекке тастай сала, бөлме ішінде шарқ ұрып, безілдеп кетті:
Аспара! Аспара! Қайдасың, Аспара! Дыбыс берші, естимісің! Көмектесші маған!
Мен мұндамын, - деген патшазаданың бәсең қуақы үні естілді со замат.
Қайдасың?!
Аспара күліп жіберді:
Шынымен-ақ, түсінбедің бе?
Бату дауысқа бұрылды да, күтпеген жерден ағытулы компьютердің мониторы биязы бозаңытып, жарықтанып тұрғанын, ал, экраннан таныс қара торы кескін езуі жайыла күлімсіреп тұрғанын таңырқай байқады.
Түсіндің-ау, әйтеуір... Ей, Бату! Не болып қалды? Күнделігіңді жоғалттың ба?
Қуанып кеткен Бату компьютерге тұра ұмтылды. Аспараның тіршілікте барына сенбегендіктен емес, әйтсе де... Таңертең ұйқыдан оянғанда, о дүниені, қирандыларды, үңгірді, мүсіндерді, ал, ең бастысы – құбыжық Мыстан кемпірді... Аспараны да... өңінен гөрі, түсінде ғана көрген екен деп қалуы оңай еді... Бірақ, енді, бақытына орай, Бату ғажайыптың жалғасып жатқанына көз жеткізді.
Компьютерге қалай кіріп кеткенсің? – деп сұрады ол бір сәтке бәрін есінен шығарып.
Аспара күрсінді:
Мен о дүниеде өмір сүрем ғой. Өмір сүрем деуге келмес... Мекен етемін. Ал, біздің дүниелеріміздің арасындағы Есік күнде ашыла бермейді. Сенің дүниеңдегі адамдардың мынандай тамаша бұйымдарды жасағаны қандай жақсы! Сенімен күнде көрісіп, мылжыңдасып отырса, сондай ғанибет болар еді-ау деп ойладым. Сосын сенің шақырған үніңді естігенде, мына терезелі заттың есіме түсе кеткені... Не, шынымен де, күнделігіңді жоғалттың ба? Сол үшін әжеңнен сыбағаңды алдың ба?
Жоқ, - деп салмақтана қалды Бату. – Оның бәрі түк емес. Әжем мен әкемнің оған қарайтын мұршалары жоқ қазір. Анам перзентханада жатыр ғой. Оның үстіне, қазір мейрам, - Бату мүдірді. – Білесің бе... Бізде басқа жағдай болды. Дана жоғалып кетті.
Кім?
Дана, көршім. Кеше домбырасын алған қызды айтам. – Бату Аспараның назарын аудармақ болып, домбыраны ала салды да, оны монитордың алдында сермелеп, ішектерді ебедейсіз қағып қалды. – Есіңде ме? Бәріміз уайымдап жүрміз, ал, мамасы мен бауырлары жылай береді... – Бату қасіреттене күрсінді. – Міне, енді ойлағаным ғой... Мүмкін, оның қайда екенін білуге сен көмектесерсің?
Аспара Батудың шашыранды сөзін ұғуға тырысып, оған дисплейден ширыға қарап тұрған. Кенет мойнын созып, Батудың қолындағы домбыраның бәсеңси берген үніне құлақ тіге қойды.
Бұл не? Қане, тағы да қақшы, - деді Аспара. – Тағы бір шертші. Өзің үндеме!
Бату ішектерді тағы да қақты. Аспара қабағын түйіп, тыңдады.
Жауап берместен, Аспара ойлана сұрақ қойды:
Дана іргеде тұрушы ма еді?
Иә, бөлмесі қабырғаның ар жағында, - деп жауап берді Бату, оның нені меңзеп тұрғанын әлі де түсінбей. – Дана, тіпті, кейде мені аңдып, тың тыңдайды, түтігі арқылы. Ол қу... Өткен жылы тыңшы болып ойнағанбыз... Әрі балконымыз да ортақ.
Онда бәрі түсінікті, - деді Аспара қатқыл сөйлеп. – Дана – қайсар әрі тәуекелшіл, жауынгердей, өр мінез қыз. Солай ма?
Иә-ә... – деді Бату даусын соза. – Оны қайдан білдің?
Кеше бірдеңе байқап қалғам. Саған айтпадым, көзіме елестеген болар деп ойлаған ем. Онда сол болды, Дана кеше біздің сөзімізді тыңдап тұрды. – Аспара үзік-үзік сөйледі, қастары қосылып кетіпті, өзі өте мазасыз болып көрінді. – Құрбың шыңырау пернені пайдаланып, біз сияқты саяхаттамақ болыпты. Ессіз қыз! Ішегі босап кеткенін байқамай қалған, сондықтан...
Сондықтан не? – деп дауыстап жіберді Бату.
Ол қазір сұмдық қатерге қалуы мүмкін... – деп, ойланғандай, соза сөйледі Аспара. – Ол діттеген жеріне жеткен жоқ... Мүлде басқа жаққа кетіп қалды.
Қай жаққа? Неліктен біз бұл домбырамен ешқайда бара алмадық? Дананы қайдан білесің?! – Бату сұрақты бірінен соң бірін жаудырды.
Оны қойшы, қазір маңыздысы ол емес, - деп шыдамсыздана қайтарып тастады Аспара. – Бату, мұқият тыңда. Неліктен домбыра кеше бізге көмектескісі келмей, артынан Данаға көмектесті – оны айту қиын. Бәлкім, Дана шын иесі болғандықтан шығар?! Бәлкім, бұл домбыраның бір асаулығы бар шығар, мүмкін ол байғұс қызға қитығып – қасақана апарып тастаған шығар... сол жерге.
«Сол жерге» деген қай жер?! – деді Бату айғайлаңқырай. – Жөндеп түсіндірсеңші!
Ақыры Аспара Батуға назарын тіктеді. Сосын осы кезге дейін күлбілтелеп келгені үшін кешірім өтінгендей, кінәлі кейіпте жымиды:
Түсінесің бе, Бату, дүниелердің барлығы, соның ішінде, бұл дүние де, дыбыстан, әуеннен жаралған. Әрбір перне – тұтас дүние. Дананың домбырасындағы негізгі, таза дыбыстар – сендердің дүниелерің. Ал, әрбір өтпелі аралық пернеге сәйкес өз дүниесі бар. Басқа дүние. Ондай шектес дүниелер көп...
"Онда не тұр?" – деп ойлады Бату. Бірақ, кенет Аспара екеуінің бөлменің табалдырығына барып тұрғаны, бір мәрте қол тигізгенде-ақ, домбыраның оларды кеңістік арқылы даладағы төбе басына ала жөнелгені есіне түсті. «Егер Аспара басқа пернені басса, біз, сірә, тағы бір жерден шығар ма едік», - деп ойлап кеткен Бату, досының пайымына ден қойды.
... Дүниелер домбыраның қос ішегіне моншақтай тізілген. Ол моншақтардың дені бірдей, ірілері – бір ғана сендердің дүниелеріңдегі әр түрлі мекендер мен мезгілдер. Ал, олардың аралығында басқа дүниелерге тиесілі түрлі моншақтар ұшырасады. Сенің арғы атаңның домбырасында ондай өзге дүниелерге жетелейтін пернелер жетіп артылады. Мәселен, қашаған перне. Ал, мына Дананың домбырасында басқа дүниелермен байланысты пернелер жоқ.
Бату өзінің гитара тартып үйренбек болған сәтсіз талабын, анау мезі қылатын до-ре-милерді есіне алды. Оларды бойлай, құрық тимес қашаған жүйріктердің жүйткіп бара жатқанын көзіне елестетті. Сосын әңгімені әлдеқайда түсінікті, пайдалыарнаға бұру керектігін ойлады. Аспара да әрекетке көшетін кез келгенін ұғынған сияқты:
Дана біздің ізімізден аттанбақ болған. Бірақ, босап кеткен ішектің кесірінен Шыңғыстау емес, шектес дүниеден бір-ақ шыққан. Домбыраны да қолынан шығарып алған. Енді, қалай ораларын білмей дал болар.
Енді қайттік? – деп сұрады Бату, аяқ астынан даусы қарлығып.
Мына домбыра соңғы болып ұстаған адамның кім екенін айтып тұр. Осы ізбен Дананың артынан аттануға болар еді. Бірақ, менен еш қайран жоқ. Сенің баруыңа тура келеді...
Бату даусы дір етіп:
А-а... Мүмкін, бірге аттанармыз... – деді.
Мен үшін мына Есік тек үш айдан соң, жазғықаңтардаашылады.
Бату басын тұқыртты. Қайда екені белгісіз айдалаға аттануға өз басы, шынын айтқанда, құлықсыз еді. Алайда, үш ай қол қусырып күтіп отыру тағы мүмкін емес. Ол аралықта Дананың жайы не болмақ? Анасы да қиналып бітеді ғой. Сашаны өзімен ала кетсе, қайтеді? Бірақ, оған ненің не екенін түсіндіріп болам дегенше, қыруар уақыт зая болар. Осы ойлар Батудың басында зу етіп өте шыққан еді.
Дана екеуінің кішкентай кездерінде дүрдараздықпен бірде шекісіп, бірде татуласып өскені есіне түсті. Неге екенін, Дана өзінің қуыршақтарын елең қылмай, Батудың ойыншық машиналарымен ойнауға әуес болатын. Әжесін жерлеп қайтқан соң, Дананың қандай күйде болғаны есіне түсті: ол ернін тістеп, көзімен жер шұқып, аулада сағаттап отырар еді. Жерден әлденені көргісі келгендей-ақ...
Аспара сабырмен сөз қозғады:
Бату, бұл сапар саған қатерлі бола қоймас деп үміттенем. Дананың қайда екенін білетін сияқтымын.
Бату күрсінді. Ол тәуекелге бел буған еді.
Не істеуім керек?
Табалдырыққа барып тұр, сол қолыңмен мына пернені басып, оң қолыңмен ішектерді қақ.
Ал, мен қалай... Дана екеуміз қалай ораламыз?
Сен аттанып бара жатқан дүниенің иесі көмектеседі саған.
Жарайды, олай болса, мен кеттім.
Батылдығы көпке жетпейтінін білетін Бату неғұрлым тез қимылдамақ болды. Домбыраны қаттырақ қысып, бекінгендей, Аспараның көзіне қарады. Анау салмақты қалпынан айнымай, күлімсіреді де, әлдебір салтанатпен соңғы сөзін айтты:
Бату, есіңде болсын: мейірімділік пен батылдық – екеуі бір-ақ нәрсе. Жолың оңғарылсын!
Міне, Бату Дананың домбырасын ұстап, табалдырықта тұр. Сол қолымен ішекті Аспара нұсқаған пернеге ебедейсіз жабыстыра басып, оң қолымен дәл солай ішектерді епсіз қағып қалды...
Бұл жолғы әсерлер мүлде басқаша болды: тәнін қалқытып ала жөнелген толқындар емес, жұлқа тартқан бір күш. Бату желкесімен төмен құлап бара жатқанын сезді. Бұлт етіп, бойын тіктеуге тырысқан ол, домбыраны жібере салып, қолдарын сермеледі, бірақ, сол күйінше құлдай берді. Басынан айнала қалбағайлаған Бату өзін түпсіз тұңғиыққа ұшып бара жатқандай сезінді.
Бақытына қарай, ол ұшып түскен тұңғиықтың түбі таңғаларлықтай жұмсақ болып шыққаны... Шөп пе? Жоқ, бұл ештеңенің де түбі емес!
Бату жаңа ғана өзі келіп қонған көлбеу беткейде шалқасынан жатыр еді. Төбесінде қаннен-қаперсіз төңкерілген көк аспан. «Иә, биіктен секіру – маған қол емес», деп ойлады ол, тамылжыған тыныштық пен таяныш болған тығыз жерден ләззат алып. – Қызық, жаңағы мен жасаған сальто-мортале – мына дүниенің ерекшелігі ме әлде менің тамаша домбыра қағысымның нәтижесі ме екен? Жарайды, бастысы – жеттім ғой, әйтеуір. Іздеген мекен-жайым осы болар деп үміттенем».
Бату тіктеліп отырды да, жан-жағына қарады. Ауа тұнық әрі мөлдір еді, тіпті, қиядағы қылт еткенге шейін, жақсы бинокльмен қарағандағыдай, ап-анық көрінеді. Тек енді ғана Бату жолы болып, жайлы жерге қонғанын түсінді. Өйткені, айналада көк майсадан гөрі, үшкір жартастар мен тас шөгінділері әлдеқайда көбірек еді. Жартастардың көлеңкелі қойын-қойнауында қар ағараңдайды. Жер сыз еді. Тастардың арасында күреңсе тартып, қаудыраған былтырғы қыр гүлдері қылтияды. Бату бұларды бір жерден көрген сияқты, иә, айтпақшы, әкесі анда-санда шай орнына соларды қайнатады. Жә, қазір гербарийді ойлайтын жайы жоқ. Әрі қарай не істеу керек?
Қап! Неге Аспарадан тиянақтап сұрап алмады екен? Дананы енді қайдан іздемек? Мына дүниенің иесі кім екен? Жарайды, биігірек шығып, жан-жақты шолмаса, болмас.
Албаты жүре бермей, алды-артын бағып, өзі құрған жоспармен әрекет етіп келе жатқанын ойлап, сәл жігерленген Бату, қай жартасқа шығатынын межелеп, тастақ сүрлеумен төскейлей берді. Әрине, бұл жоспары мінсіз деуге болмас. Мәселен, Батуда альпинистке қажетті жабдық-жарақ пен жартасқа өрмелеу дағдысы мүлде жоқ. Оның үстіне, маңайды әбден шолу үшін, ең биік құзды таңдауға тырысуы керек. Ал, Бату, задында, тау-тасты сүйетіндер санатынан емес-тін. Содан да, әке-шешесі Алматы төңірегіне кішігірім саяхатқа шықпақ бола қалса, еріншектігі ұстап, түрлі желеумен оларға ермей қалатын. Дегенмен, жақын болып көрінген биіктің шын мәнінде әлдеқайда алыс болып шығатынын, тіпті, бұл да білетін. Сондықтан, биікке шығып, қайткенде де беталысын бағдарлап алуы қажет болғандықтан, Бату уақыт жоғалтқысы келмей, жолға шықты.
Ол біресе тас шөгінділермен тайғанақтап, біресе көгі тебіндеп, бусанған жермен салпақтап, жүре берді, жүре берді. Күн тас төбеге тырмысып келеді. Оның шуағына жылынып, жанданған шыбын-шіркей, ара сияқты жәндік біткен қаптап жүр. Күнібойғы жүрістен салыққанБатудың жүрегі сазды. Ол келесі жолы (болса, әрине) саяхатқа қапысыз қамдану керектігі жайлы ойлады. Сосын аялдап, еру жасауға ыңғайлы жылға жолығуын армандады...
Қызыл қоңыр қына басқан жартасты айнала берген бала, кенет біреудің айғайлағанын естіді:
Адамзат, адамзат, көмектесші маған!
Бату алақтап, жан-жағына қарады, бірақ, ешкімді көре алмады. Айғай қайталанды. Сыңайы, кішкене бала сияқты. Және өте жақын маңда, қол созым жерде тұрғандай. Батудың басына ой келді: оң жақтағы тастың тасасын қарау керек. Ол қиыстап, аттай бергені сол еді, айғай енді тура табанының астынан шықты.
Бату төмен қарады да, ыршып түсті: жерде, тура алдында кіп-кішкентай ақ жылан жатыр екен. Құйрығы тасқа қыстырылып қалыпты. Бүкіл денесімен иретіліп, жанұшыра қалтырайды. Бату шетке қарай секіріп кетпек еді, бірақ, бадалып қалғандай, аяқтары икемге көнер емес. Жиреніш аралас үрей санасын осып өтті...
Адамзат, көмектесе гөр!..
Бұл сөздер Батудың басында зың-зың етті. Ақыры байыбына жетті: айғайлаған осы, мына жәндік, ол өзінен көмек сұрайды. Мәссаған! Қорқыныш сейіліп, жиіркенішке енді аяушылық араласты. Бату Аспараның: «Бату, шырақты әпер. Қорықпа, шырақты әпер маған!» деген жан дауысын есіне түсіріп, ұялып кетті.
Бату жұтынды. Әрине, қайдағы бір құртақандай жылан мен Аспараны теңестіруге келмейді. Әйтсе де, Аспара: «Мейірімділік пен батылдық – бір-ақ нәрсе» демеп пе еді. Ендеше...
Өрекпіген көңілін орнына түсіргісі келіп, Бату бар зейінін іске аудырды. Тас зіл батпан, жалаңаш қолмен көтере алмас. Шетке домалатып әкетсе, әрине, оңайырақ болар еді. Бірақ, онда мына бейшара жәндікті біржола жаншып тастауы кәдік. Тегершік керек! Кітаптарда осындайда дәйім бас қаһарманның қолына мықты бұтақ іліге кететіні бар емес пе. Бату жан далбаса төңірегіне көз жүгіртті. Иә, шын өмірде бәрі басқаша-ау... Айнала сол баяғы тас шөгінді. Ең жақын шыршаға дейін ширек шақырымдай.
Тапты! Бату тасты айналды да, құлама жар шетіне отыра қалып, астынан нығыздалып қалған құм мен ұсақ жұмыр тастарды асығыс қазып шығара бастады. Құрғыр, мына дөңкиген бәле өзін басып қалмаса, игі еді...
Бату жыланға қайта келді. Оны бұрынғыдан бетер жаралап алмау үшін, жап-жаңа кроссовкалы аяғын тастың астына сұқты да, оған бар пәрменімен қос қолдай тіреніп, көтеріңкірей, жарқабаққа қарай итеріп қалды. Сәті түсті! Тас домалап құлап кетті!
Бала құтқарылған жәндікке көз салды. Құйрығы қимылсыз жатқан жыланның жиырылғанын көргенде, төбе құйқасы шымырлап кетті. Бұны енді қайтпек?! Қойнына салып алмайтын шығар?! Жылан қимылын үдете берді. Бір кезде толқынды тербеліс біртіндеп денесінің жансыз бөлігін қамти бастады. Тегі, тас денесіне қатты батқан болар. Әрине, жыландар денесінің ауырғанын сезбеуі де мүмкін. Бірақ, сезген күнде де, онысы бәлендей байқалмады, ол тек тынымсыз ирелеңдеумен болды. Ақыры, жылан басын көтерді. Бату тіксініп, елең етті. Кім біледі – шағып алса ше? Бірақ, ол еш екпінсіз бір сарын дауыспен ысылдай сөйлеп ала жөнелді:
Рахмет с-саған, адам балас-сы. Мен жер ас-сты елінің әміршіс-сі ж-жылан Бапы ханның қызы едім. Менімен ж-жүр. Әкем мені құтқарғаның үшін с-саған разы болады...
Достарыңызбен бөлісу: |