Тәжірибе барысы: Концерттік эстрадада, тарихи кинофильм немесе боевик фильм түсірілімдерінде пайдаланатын заттардың жануының нәтижесінде отсыз және жалынсыз түтін будақтары – бұның бәрі химиктердің ісі. Әдетте, мұндай әсерді тудыру немесе нәтижеге жету үшін ауада түтіннің немесе тұманның майда қатты бөлшектерін түзетін оңай айдалатын заттарды пайдаланады. Мұндай сипаттамалар мысалы, парафинге, аммоний хлоридіне, нафталинге тән.
«Түтінді» құрамның бірін 5г нашатыр (аммоний хлориді), 2г нафталин, 2г бертолле тұзы (калий хлораты) және 1г ағаш көмірінен дайындайды. Мұндай қоспаны тек ашық ауада ғана жағу керек. Өйткені, жанған кезде аммиак пен нафталиннің жағымсыз иісі бар жалынсыз қою түтін түзіледі.
Егер сіз түтінді жабық жерде көрсеткіңіз келсе, онда стақанның ішін бірнеше тамшы тұз қышқылымен шайып, сосын оның жоғарғы жағын төмен қаратып нашатыр спиртімен ылғалданған мақтамен жабу керек. Немесе тағы бір нұсқасы: екі ерітіндіге батырылған таяқшаларды бір-біріне жақындатып тигізуге болады. Сол кезде стақанның ішінің барлық жері бірден аммоний хлоридінің түзілуімен ақ түтінге толады. Химиялық реакция теңдеуі мынадай:
NН4ОН + НСІ = NН4СІ + Н2О
Будақтаған ақ түтін - аммоний хлоридінің майда түйіршіктері. Көрермендерді одан сайын таң қалдырғыңыз келсе судан да түтін алуға болады. Ол үшін стақанға суды құямыз және оған «құрғақ мұздың» кішкене кесегін – көміртек диоксидін салып жібереміз. Сол сәтте су бұрқылдап, стақаннан су буының салқындауы нәтижесінде пайда болған қою түтін шығады. Бұл түтін мүлдем қауіпсіз болып табылады.
Заттардың түтінсіз және жалынсыз жануын көрсетуге болады. Стақанға 10-15мл ацетон құйыңыз (Абайлаңыз!Ацетон өртке қауіпті!) және оған сұйықтықтың сыртына тимейтіндей етіп қыздырылған мыс сымды салыңыз. Мыс сым барлық ацетон бітпейінше жарқырап тұрады. Тәжірибе одан сайын әсерлі болу үшін бөлменің жарығын сөндіріп қояды. Мыстың сыртында тотығу үдерісі жүреді және көп мөлшерде жылу бөлінеді.