Лукпанова Самал Ерлановна
Химия пәні мұғалімі
ІІ санатты, ІІІ деңгейлі сертификатталған, БҚО, Ақжайық ауданы, Тайпақ мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі
««Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» жолдау: «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз ... Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс »»
Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы Қазақстан халқына жолдауы
Жаңа заман – жаңа сұраныс – жаңа технологиялар. Педагогикалық дамуды қамтамасыз ету үшін кәсібилікті түсіндірудің нақты тәсілі талап етілді. Осы тәсілдің шеңберінде қоғамдастықтың басты бөлігі – мұғалім дамыту жұмысының көшбасшысы. Білім беру үрдісі сияқты, көшбасшылық та ұстаз бойындағы қабілеттердің, қасиеттердің, құндылықтардың, біліктіліктің дамуына әкеледі.
Бұндай жетістікке жету үшін ұстаз жан-жақты ізденуді, шығармашылық жұмыстармен айналысуды, кәсіби шеберлігін әрқашан шыңдауды, сыни тұрғысынан ойлауды жетілдіре түсуді қажет етеді. Қазіргі таңда өзін білікті маман ретінде көргісі келетін әр ұстаз жаңа бағытта біліктіліктерін арттыруға асығып, өздерінің біліктіліктерін арттыруда.
Үшінші деңгейлік базасында сертификатталған мұғалім жұмысының ең бастысы орта мерзімді сабақ жоспарын құру болып табылады. Жаңа бағдарлама негізінде орта мерзімдік жоспарда сабақтағы барлық мақсат, нәтиже, әдіс-тәсілдер, оқушылар әрекеттері, бағалау формалары, дарынды және әзірге кедергісі бар балаларды оқытуға арналған тапсырмалар, қосымша дереккөздер толық қамтылып дайын түрінде көрініп тұрады. Бұдан әрі орта мерзімдік сабақ жоспарынан қысқа мерзімдік сабақ жоспарын құру өте тиімді және түсінікті. Сабақтың мақсатын қойып, нәтижесіне жету үшін оқытудың топтық талқылау, жұптық диалог, зерттеушілік әңгіме, блум таксономиясының «ашық» және «жабық» түрткі болар сұрақтар т.б. жаңаша әдістер енгізіп отырамын. Барлық оқушыларды сабаққа тарту жұмыстары, оқушылардың оқып үйрену барысын бағалау формативті және суммативті бағалау тәсілдері таңдап алынды. Тақырыпты меңгертудегі мақсатым, күтілетін нәтижем және қай тақырыпта қандай әдіс-тәсілдер қолданатыным орта мерзімді сабақ жоспарымда нұсқау беріп тұрады. Орта мерзімді сабақ жоспарын құруда модульді ықпалдастыруды, бір тарауға жоспар құруды, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрендім. Орта мерзімдік жоспарды бағдарламаның 7 модулін ықпалдастырып құрып дайындаймын, топтық жұмысқа ыңғайлы әдіс-тәсілдерімді әр қашан жетілдіріп отырамын.
Қазақта жеті санын қасиетті санға теңесе, мен үшін Үшінші деңгейлік оқу бағдарламасының негізі болып табылатын жеті модуль әдістері ерекше қасиетті.. Осы 7 модульді өз сабақтарымда ықпалдастырған кезде, сыныптың іші жылулыққа толып, оқушылардың бір-біріне, пәнге деген көзқарасы жаңа серпін алып, оқу үдерісіндегі «өмір бойы азық боларлықтай білім беру» идеясы «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына өзгерді.
Мен үшін өзгеріс – ол жаңа әдіс тәсілдер. «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деп ағартушы ұстаз А.Байтұрсынов айтқандай баланы оқытуды түзету үшін алдымен өзім бағдарлама негізінде өзімнің іс-тәжірибеме өзгеріс енгіздім. Ең алдымен енгізген жаңа тәсіл – тренинг. Тренинг сынып арасындағы жағымды атмосфераны қалыптастырып, сабағымның жоғары дәрежеде өтуіне үлкен көмегін тигізгеніне көзім жетті. Тренинг – оқушы назарын жаңа сабаққа аударуда, миын шынықтыруда, қызығушылықты арттыруда, мейірімділікке баулуда маңызды тәсіл болып табылады.
Жаңа тәсіл бойынша оқушылар арасындағы байланысты арттыру мақсатында топқа бөлу әдісінің көптеген түрлерін қолданып келемін. Әсіресе топқа бөлуде үй тапсырмасына немесе жаңа сабаққа қатысты етіп аламын. Мысалы: «металдар мен бейметалдар», «Сілтілік металдар, сілтілік жер металдары, радиоактивті металдар», «галогендер, халькогендер, инертті газдар», «оксидтер, қышқылдар, негіздер, тұздар». Сабақ соңында топтар арасындағы бәсекелестік емес, достық қарым-қатынас пен жақсы көңіл-күй байқалады. Топқа бөлу әдісінде оқушылар шығармашылыққа, рөлдік ойындарды ойнауға, сыни тұрғысынан ойлауға үйренді. Үй тапсырмасын сұрау кезінде оқушыларды қызықтыру, сыни ойлауға жетелеу мақсатында түрлі әдістерді «стикердегі диалог», «сұрақты ұстап ал», «серпілген сауал», «өрмекші торы», «карта ойыны», «ыстық орындық» т.б. тиімді қолданып жүрмін.
Жаңа сабақты меңгертуде мен үшін өзгерістің бірі – жаңа тақырыпты айқындап, мақсатын оқушылармен бірге ашуға арналған тұсаукесер бөлімі. Бұл бөлімде оқушыларға арнайы тапсырма беру арқылы оқушыларға сұрақтар беріп, оларға толық емес жартылай жауап алу арқылы оқушылардың көмегімен жаңа тақырыпты айқындап, «оқушылар тағыда нені білгілерің келеді?» деген сауалды қоя отырып сабақтың мақсатын ашып алуды үйрендім. Бұл әдістер (9 ромб, стоп кадр, бұл не?, құпия зат?, автобус аялдамасы, карусель, 10 сұрақ, сұрақты тап, т.б.) оқушыларға көп көмегін тигізді, себебі оқушылар сол мақсатқа жетсем екен деп талпынады. Жаңа сабақты меңгертуде бағыт-бағдар беріп отырамын. Мысалы: «Маршруттық карта» мен «Блум таксономиясы», «Өкіл», «Джиксо», «Аквариумдегі балықтар», т.б. әдістері.
Бағалау – одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметтерді бақылау үшін қолданылатын термин. [1:56 бeт] Жалпы, жаңа бұрын-соңды мен қолданбаған жаңа тәсілдердің бірі – формативті бағалау. Сабақ барысында оқушылардың арасында өзара, жұптық, топтық әдістерді бағалау үшін «Смайликтер», «Бағдаршам», «Мадақтау сэндвичі», «Басбармақ», «2 жұлдық, 1тілек», «критериалды бағалау» әдістерін тиімді қолданып келемін. Бұндай бағалау арқылы оқушыларды әңгімеге тартып, ойларын жинақтап, бір-бірін сынамай, сындарлы дос ретінде, ынталандыру мақсатында ұсыныс айтуға үйренді. Бағалау оқушы көрсеткіші ғана емес, ол тәрбиелік мәні зор құрал болып табылады. Сыныптастарын бағалауы, жұптық, топтық бағалау арқылы ойын жинақтап, өзін-өзі реттеп, өзін және сыныптастарын тани алады. Мектептегі химияның әр сабағын өткізу барысында оқушылар үшін де, мұғалім үшін де бағалаудың критериалды болуы тиімді болатынын түсіндім.
Сабақ соңында оқушы жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін талдап, өз-өзіне және сыныпқа баға беру мақсатымен рефлексияны жаздыртып отырдым. Мен қолданып жүрген кері байланыс түрлері: «Блоб сынып бөлмесі», «Сұрақтары бар қорап», «3:2:1», «Мадақтау сэндвичі». Рефлексифті парақтарға көз жүгіртсем оларға топ болып жұмыс істеген ұнайтындықтарын, сабақта өзін белсенді деп танулары, кейбір оқушылардың өзіндік мені, көшбасшылық қабілеттерінің оянғандықтарын көрдім. Кері байланыс арқылы өткізген сабағымды қорытындылап, келесі сабағымды жоспарлауда оқушылармен пікір алмасуды үйрендім. Оқушыларымды үйрете жүріп, менің де үйренерім көп деп айта аламын. Қазіргі таңда беріліп отырған, түрлі бағдарламалардың оқушы бойына дұрыс таралуы нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс деп білемін .....
Қасиетті жеті модульді тиімді пайдалану пәнге деген оқушылардың қызығушылығын арттырып, білім сапасын жақсартуда тигізетін әсері мол. Менің сабағымда оқушыларда селқостық, зерігу сәттері болмай, әр бала шығармашылықпен шұғылданып, құзырлы оқушыны қалыптастыруда аянбайтыныма сенемін. Жаңа форматты мұғалім - мектептің негізін қалаушы көшбасшы, ал мұғалімнің рухани ішкі жан дүниесі өзгерген кезден бастап, мектеп те түгелдей өзгеріске ұшырайды деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Мұғалімге арналған нұсқаулық. (Үшінші деңгей) «Назарбаев Зияткерлік мектебі» 2013 жыл
www.orleuzko.kz
Жүнісова М.Р., Әубәкірова Х.Ж., Ә.О. Туғанбаев «Жаратылыстану – математика бағытындағы пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту» Қарағанды, 2008
Асхат Әлімов «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» Оқу құралы Алматы – 2013
|