ХИМИЯНЫ ОҚЫТУ ҮРДІСІНДЕ ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАҒЫТТАП ОҚЫТУ
Далеуова Алмагуль Асауовна
Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің химия пәнінің оқытушысы
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «ұлттық және бүкіл адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» деп көрсетілген [1].
Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну.
Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Адамдардың бойында қалыптасқан имандылық қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.
Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.
Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын.Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін:бірі -өзім, екіншісі-халқым» - дейді.
. Халқымыздың ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Ерекшелігі сол: жас жеткіншектерді есті, адал, еңбекқор, парасатты болсын деген үмітпен ата-баба тәлім-тәрбиесін әрқашан мұра тұтып келген және оны талап етіп отырған. Ұрпағын жаман әдеттерден жирендіріп, жақсылыққа жетелеп, өсиет сөздерін күнделікті бойына ұялатып отырған. Әр халық өзінің жас ұрпағын қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ізгі ниетті, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды, бұл мәселені өзінің тұрмыссалтына байланысты шешіп отырады. Ол үшін ғасырлар бойы қолданып, сұрыпталып, өмір тәжірибесінен сыннан өткен салт-дәстүрлерді, педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдаланады.
Ұлттық педагогика элементтерін химия сабағында қолданып оқыту оқушылардың пәнді түсіну қабілетін арттырып, түсінуге қиын сабақтарды оңай меңгеруге және есте жақсы сақтауға дағдыландырады, ғылыми ұғымның қалыптасуын, ойлау қабілеттерінің, адамгершілік, ұлтжандық, ұлттық мәдениетті дәріптеу дағдыларын жете қамтамасыз ету мүмкіндіктері туады.
Ұлттық құндылықтарды оқу үрдісінде пайдаланудың қазіргі маңызы-аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ырым мен тыйымдар, өлең-жырлар арқылы оқушылардың ой-өрісін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге, тез тапқырлық пен ұшқыр ойлануға, өз бетімен ізденуге ой салатын, Отанын сүю мен еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятатын, соған ұмтылдыратын білімдік, тәрбиелік мәні бар халық шығармаларымен сабақ барысын қызықты ету және көркейту. Осы орайда химия пәнiнен көркем шығармалар мен поэзияны пайдалану арқылы оқушы шығармашылығын дамытуға болатынын дәлелдеген /2/.
«Темiрдiң табиғатта кездесуi, қосылыстары» тақырыбын өткенде темiр элементiн қазақ халқы өмiрiне ертеден етене енгенiн, халқымыз жыр дастандарынан да байқауға болады.
Мысалы, “Қобыланды батыр” жырында /5/:
«Атадан қалған ақсауыт,
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбiз
Алтын қалпақ дулыға
Шекесiндей жарқылдай” — деген өлең жолдарын сабақта пайдалана отырып, оқушыларға сұрақ беруге болады:
- бұрынғы көшпелi халықтың тiршiлiк болмысында әрi киiм, әрi қорғаныс құралы, әрi қару-жарақ болған химиялық элементтi ата.
- бұл өлеңде темiрдiң қандай қасиетi суреттелген?
Сонымен қатар, осы сабақта қара жер қойнауындағы мол қазынаның iшiндегi ең асылының не екенiн шешуге арналған жұмбақты келтiремiз:
Қара жер адамзатқа болған мекен,
Қазына iшi толған қазына кен.
Iшiнде жүз мың түрлi асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен.
«Темiр металлургиясы» тақырыбына байланысты ақын М.Мақатаевтың:
Жер асты көгiлдiр тау - ғұлама жер,
Жер үстi көк тiреген мұнаралар,
Көлбеп жатқан көк тасқа сына қағар
Кеншiлер кереметтей ғұламалар — деген өлеңiмен Б.Ысқақовтың:
Аладайдан көздi тартып
Тұр бiр завод зәулiм биiк,
Бұйра түтiн көкке шалқып
Көк мұржасы бұлтқа тиiп,
Кен - қазына — темiр, мырыш
Түсiп оның елегiне,
Ағады, елге болып ырыс,
Жарап Отап керегiне — дейдi./3/
Осы екi ақынның өлеңдерi металлургияның құдiретiн көрсетуге арналған. Оны жай сөзбен айтпай, көркем поэзия тiлiмен жеткiзген. Оқушыларға:
1. Бұл өлең жолдарын қалай түсiндiңдер?
2. Өлеңнiң темiр металлургиясына қандай қатысы бар? — деген сұрақтар қойылады.
Көшпелi халықтың тiршiлiк болмысына өмiрiне көз салсақ оларға темiр әрi киiм (сауыт, кiреуке, көбе, белдемше), әрi қорғаныс құралы — дулыға, қалқан, әрi қару-жарақ - найза, қылыш, садақ, айбалта, семсер, мылтық, әрi кәсiптiк зат - үзеңгi, таралғы жүген, әрi мықтылықты бейнелеген. Ерте кезден белгiлi жетi металдың бiрi — темiрдi ата-бабамыз аспан iлiмiмен байланыстырған. Жұлдыздың — Темiрқазық аталуы осыдан болар. Соғыс құралдары тағы басқа аспаптарды темiрден жасады. Халық тiптi темiрсiз өмiр болмайтынын да бiлген. Соған байланысты “Тұзсыз ас, темiрсiз халық болмайдьг” мақалынан бiлуге болады. Тiптi қанға қызыл түс беретiн гемоглобинде темiр мол болмаса адам тiршiлiгi болмас едi. Темiр металы өте ерте кезден-ақ халықтың тұрмысына кең енгенiн “Темiр сырын отта танытады”, “Тегi жаман темiрдi қанша қайрасаңда өтпейдi”, «От— көмiр жейдi, тат — темiр жейдi” мақалдарынан байқауға болады./4/
Бұл мақалдар халықтың темiрдi көмiрмен қорыту керек екенiн, темiрден жасалынған бұйымдар қоршаған ортада ылғалды жерге түссе гидратталган темiр оксидтерi пайда болатынын ғылыми негiзде бiлмесе де “тот басу”, “топану” құбылысының бар екенiн оның зиянын бiлген. Темiрдiң жылуды, электр тоғын жақсы өткiзу қасиетiн де түсiнген. «Темiрдiң бiр басы ыстык, бiр басы суық», созуға, июге келетiнiне «Ағаш кессең ұзын кес - қысқартуға оңай, темiр кессең қысқа кес - ұзартуға оңай» - деген мақалдары темiрдiң физикалық қасиетiнен хабардар болғанын көрсетедi. Темiр тарихы - қоғам тарихы мен егiз десек артық болмас. Сондықтан, тарихшылар Темiр — революционер элемент дейдi. Тарихта мыс, қола дәуiрiн ығыстырып келген дәуiр темiр ғасыры. Осылардың бірi темiрдiң қасиетiн талдау барысында қолданылады.
Қазақ халқы ертеде темiрдi жел көбiрек соғатын жардың қабағына, аңның iнiндей қуыс қазып, оның iшiн отынмен, көмiрмен, темiр кенмен араластырып толтырып, қарсы алдынан үрлеген жел отты күшейтiп, қызу кендi балқытып, темiрдi айырып, алған.
Темiр сыртына бұжыр-бұжыр жабысқан қожды (шлак) балғамен ұрып ұшыратын да темiрдi соққылап керегiн жасаған. Желдiң көмегiмен от күшеймесе, темiр алынбаған. Сондықтан адам көп ойланып, iзденiп ақыры пештi жер бетiне шығарып, көрiк арқылы жасанды үрлеудi ойлап тапқан. Бұл алғашқы домна пешiнiң бастамасы едi. Көрiктi ешкі терiсiнен жасаған.
Темiр мен оның қорытпалары болат пен шойынды қорытып алып оның қасиеттерiн бiлген, сондықтан “Шойындай ауыр, болаттай берiк” деген сөз тiркестерi осы қосылыстардың қасиеттерiне байланысты айтылған. Темiр көбiне шойын, болат құймалар ретiнде қолданалады.
Темiр табиғатта бос, таза күйiнде болмайды. Ол кен түрiнде магниттi, коңыр темiр тас түрiнде болады, одан темiрдi алу үшiн темiр қорытпалары шойын мен болатты алады. Шойын мен болат темiрдiң көмiртекпен құймасы. Ол тақырыпқа кейін толық тоқталамыз. Алдымен презентациядан Қазақстанның кең орындары орналасқан картаны көрсетеміз.
Химия сабағында ұлттық ойындарды пайдалану оқушылардың тапқырлығын, ептілігін, ой-өрісін жетілдіреді. Демек, ұлттық ойындар халық педагогикасының бір саласы болып табылады. Ұлттық ойындарды сабақта, үзілісте, сыныптан тыс жұмыстарда тиімді пайдалануға болады. Химия есептерін шығарғанда өлең, әзіл, ертегі, жаңылтпаш түрінде келтіру оқушының кеңірек ойлануын қажет етеді. Тақпақ есептер арқылы химияның өмірде алатын орнын, химиялық құбылыстарды, химиялық заңдылықтарды сипаттауға болады. Мұндай есептер оқушыларды ұйымшылдыққа, ұстамдылыққа адамгершілік қасиетке, химияны құрметтеуге, достыққа тәрбиелейді /5/.
Химия сабағында халық ойындарын қолданудың түрлі жолдары бар. Ойынды сабақтың барысында қолдану жаңа сабаққа немесе сұралатын үй тапсырмасына оқушыларды түгел қатыстыру мақсатын көздейді. Егер ойынды сабақтың ортасында қолданса, онда мұғалім оқушылардың көңіл күйін сергітуге, шаршағанды ұмыттырып ерік-жігерін дамытуға ұмтылуы тиіс. Ойын сабақтың соңында болса тақырыпты бекіту немесе оқушылардың сол сабақтан алған білімін жинақтау мақсатында пайдаланады.
«Металдар мен бейметалдарды қорытындылау» сабағында қолданған ойын-сабақ үзіндісін үлгі ретінде көрсетсек.
Арқан тартыс ─ «Асу бермес асқар жоқ»
Металдар туралы мақал-мәтелер.
Тот темір жейді,от ---- жейді. (көмір)
Темір кессең қысқа кес, ұзартуға оңай,
---- кессең ұзын кес,қысқартуға оңай. (ағаш)
Қойдың сүті - .....................(қорғасын)
Арпа бидай ас екен, алтын- .................. тас екен (күміс )
Өнерлінің қолы алтын,өлеңшінің сөзі .......................(алтын)
Пәлен жерде алтын бар, барсаң ............. та жоқ. (мыста)
Көптің аузы-........талқы (темір)
Болған іске........ берік бол (болаттай)
Аспанда ай әкім болса, Жердегі адамның әкімі ........(күміс)
Ақыл арымас .....шірімес (алтын)
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»
Химиялық жұмбақ
Қоржында 7 нөмірленген асық болады.
1 -Өзі химиялық элемент, егер «ан» қосымшасын жалғасақ, қыстың қаһарлы күндерін есіңе түсіреді. Ойлаңыздаршы бұл қай элемент? (В - боран)
2 -Өзі химиялық элемент, су астында жайлап жарқырап тұрады да, одан алып шыққанда, ызаға шыдай алмай лап етіп жанады да, көп кешікпей жалт етіп сөнеді. Ойлаңдаршы, бұл қай элемент? ( Ақ фосфор)
3 - Мен саған, сен маған. Әр топ бір─біріне сұрақ қояды.
4 - Қымбат деп айтатындай емес алтын
Сонда да тапты игілік содан халқым.
Апарып айға елімнің туын тікті,
Жемісін ақыл-ойдың, елдің салтын. (Темір)
5 - Табылса бар там-тұмнан,
Қазір көп әрбір өлкеде.
Қымбат болды алтыннан,
Қандай металл ертеде. (Алюминий)
6 - Ақ металл, айналады тыныш таппай,
Жүргенде су бетінен орын жақпай.
Аздан соң суға сіңіп, жоқ болады,
Оқушым, ал ойланғын, қойма таппай. (Натрий, калий)
7 - Қатты сутекті қосылыс, отта жанбайды, суға батпайды. Бұл қай сутекті қосылыс? (Мұз, су)
Құранда темір туралы:
«Сондай-ақ темірді түсірдік. Онда мықты күш, әрі адамзат үшін қажеттер бар…»
(Хадид 57 : 26)
Құранда 26-сүре Әл – Хадид сүресі қазақша–темір сүресі ,ол темірдің периодтық кестедегі орнына сәйкес келеді.Бұл кездейсоқ жайт емес.
Осы әл-Хадид-темір сүресінің ғажаптары, темірге байланысты өзге де сырлар Ақжан әл-Машани еңбектерінде түбегейлі зерттелген.
Әдебиетші:
Бұл жерде біз данышпан Абайдан бір үзік жұмбақ келтірелік:
Қара жер адамзатқа болған мекен,
Қазына іші толған әр түрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен?
Шешуі: темір.
Ұрпағын ойламайтын халық болмайды. Онсыз өсіп өну, ілгерілеу жоқ. Халықтың оқу-тәрбиесінің негізгі мақсаты – жалпы адамды, ең алдымен баланы сұлулық дүниесімен хабардар ете отырып тәрбиелейді. Оқу мен тәрбие алдында ата-ана да, тәрбиеші мен ұстаз да, адамды қоршаған ұжым да, тіпті көшедегі кездейсоқ халық та жауапты. Сол себепті химия пәнін оқытуға мысалды алыстан іздемей-ақ халқымыздың пайдаланып келген ұлттық құрал-саймандарын, ұлттық атауларын қолдануға болады./6/
Қорыта келгенде, ұлттық мектеп алдындағы басты міндет – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұраларының сабақтастығын сақтай отырып оқыту мен тәрбиелеу және жеткіншектің жан - жақты қалыптасуына мүмкіндік жасау.
Ғұлама ақын, әрі дүние жүзінің екінші ұстазы Әл-Фараби атамыз айтқандай «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың жері, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» - деген.
Әдебиеттер тізімі
ҚР «Білім туралы заңы». — 1999.
М.Жұмабаев. «Педагогика».1991
Мақатаев М. Өлеңдер, поэмалар М.Мақатаев.- Алматы.:Жазушы.- 1982.
Тәрбие мен білім. Химия мектепте, -Алматы, 2009. №4. – Б.46- 48.
Қожахметова Ж., Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. Алматы, 1993
Қ.Бөлеев «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау».-Алматы, 2004.
Достарыңызбен бөлісу: |