4. Алыс кезең (реабилитациялық кезең) — 3 аптадан 2-3 айға дейін. Операциядан кейінгі жуық кезең мен ерте кезеңнің ағымы операциялық жарақаттың, наркоз бен мәжбүрлік жағдайдың организмге әсеріне тікелей тәуелді.
Қалыпты асқынбаған операциядан кейінгі кезеңдегі организмдегі реактивті процестер әдетте 2-3 күнге созылады. Науқастың дене қызуы 37- 37,5оС-қа дейін көтеріледі. Орталық жүйке жүйесінде тежелу процестері байқалады. Шеткі қан құрамы өзгереді (орташа дәрежелі лейкоцитоз, анемия, тромбоцитопения), қанның тұтқырлығы күшейеді.
Асқынбаған операциядан кейінгі кезеңдегі шаралар — организмдегі болып жатқан өзгерістерді түзету, негізгі ағзалар мен жүйелердің қызметін бақылау, мүмкін болатын асқынулардың алдын-алу.
Асқынбаған операциядан кейінгі кезеңдегі қарқынды ем мынадай:
ауырсынумен күрес;
жүрек, қантамыр жүйесінің қызметін және микроциркуляцияны қалпына келтіру;
тыныс шамасыздығының алдын-алу және емдеу;
су-электролиттік тепе-теңдікті түзету;
дезинтоксикациялық терапия;
құнарлы тамақтандыру;
шығару жүйесінің қызметін бақылау.
Осы аталған пункттердің әрқайсысы ағзалар мен жүйелер қызметінің компенсациясына байланысты жеке қарауды талап етеді.
Операциядан кейінгі кезеңде асқынбаған қалыпты жағдайдың өзінде бірқатар өзгерістер болады. Осы өзгерістерді әртүрлі авторлар әрқалай атайды: операциядан кейінгі ауру (Лериш), операциядан кейінгі патологиялық жағдай (С.М. Богословский), агрессиядан кейінгі реакция (И. Теодореску), операциядан кейінгі стресс, операциядан кейінгі жағдай. Отандық әдебиетте «операциядан кейінгі жағдай» термині қабылданған және оның ағымы 3 фазаға бөлінеді: катаболикалық (ыдырау) фаза, кері даму фазасы, анаболикалық (жасақтау) фаза.
Ыдырау фазасы 5-7 күнге созылады. Оның ұзақтығы мен көрнектілігі науқастың операция алдындағы жағдайы мен жасалған операцияның көлеміне байланысты. Бұл фазадағы өзгерістер энергетикалық, пластикалық метариалдарды тез жеткізуге бағытталған. Симпатикалық-адреналдық жүйенің белсенділігі күшейеді, қандағы катехоламиндердің, глюкокортикиодтардың, альдостеронның мөлшері артады.
Осы аталған нейро-гуморалдық өзгерістер салдарынан қан тамыр тонусы көтеріліп, ақырында микроциркуляция мен тотығу-қалыптастыру процестері бұзылады. Тіндерде қышқыл көбейеді, организмде, оның ішінде бұлшық ет пен дәнекер тіндердегі белоктар, ферменттік белоктар көп мөлшерде ыдырай бастайды. Көлемі үлкен операциялардан кейінгі белок жоғалту деңгейі тәулігіне 30-40 г құрайды. Ерте кезеңдердің асқынулары (пневмония, қан кету) қосылса, бұл фазаның ағымы ауырлай түседі.