Операция (немесе хирургиялық ота)- дегеніміз патологиялық өзгерістерге ұшыраған ағзаларды ашу және оларға әртүрлі емдік диагностикалық манипуляция жасау үшін тіндер мен ағзаларды ажырату мен олардың тұтастығын бұзу арқылы тіндерге механикалық әсер етумен жүретін емдеу шарасы.
Хирургиялық операциялардың жіктелуі Хиругиялық операциялардың түрлері өте көп. Олардың классификациясының негізіне белгілі бір критерийлер салынған.
1. Операцияның алдына қойылған мақсатына сәйкес операциялар диагностикалық және емдік операциялар болып екіге бөлінеді. Диагностикалық операциялардың мақсаты — диагнозды дәлелдеу, дерттің сатысын анықтау. Диагностикалық операцияларды клиникалық зерттеу әдістері дәл диагноз қоюға мүмкіндік бермей, дәрігер науқаста емдеу тактикасы жүргізіліп жатқан емнен өзгеше ауыр дерттің (ісік, даму ақаулары, ауыр қабыну процестері) бар екенін жоққа шығара алмаған жағдайда қолданады. Бұған: биопсияның түрлері, арнаулы диангостикалық операциялар (лапароскопия, торакоскопия, артроскопия, лапароцентез, торакоцентез) және т.б жатады. Соңғылары науқас өміріне қауіпті сондықтан, барлық инвазиялық және аз инвазиялық әдістер мүмкіндіктері толық пайдаланылып болған соң ғана жасалуы тиіс. Бұл операция жоспарлы түрде де, шұғыл түрде де қолданылуы мүмкін. Кейде қатерлі ісікке жасалатын операциялар да, диагностикалы болып табылады.
Хирургияның дамуына, науқастарды тексеру қосымша әдістерінің жетілдірілуіне байланысты қазіргі кезде диагностикалық мақсатта жасалатын дәстүрлі хирургиялық операциялар сирек қолданылады.
Емдік операциялар науқасты сауықтыру немесе оның жағдайын жақсарту мақсатында жасалады.
Операциялар организмдегі патологиялық процеске әсеріне байланысты түбегейлі, паллиативті және симптоматикалық операциялар болып бөлінеді:
Түбегейлі операциялар деп науқасты дерттен сауықтыратын операцияларды атайды.
Паллиативтік операциялар науқастың жағдайын жақсартуға бағытталған, бірақ дерттен айықтырып жібермейді.
Симптоматикалық операциялар жалпы паллиативтік операцияларға ұқсас болғанымен, науқастың жалпы жағдайын жақсартуға емес, тек дерттің бір ғана қауіпті белгісін жоюға бағытталған.