Жыр
Салқын-салқын таң самалы өскенде,
Сақалды боз торғай сайрағанда,
Бәдәуи аттар иесін көріп оқыранғанда,
Сақалы ұзын азаншы жар салғанда,
Түн түріліп, ағарып таң атқанда,
70
Бауыры көркем биік тауларға күн түскенде,
Бек жігіттер дуылдап кеңескенде,
ала таңмен Дерсе хан орнынан тұрды. Ұлын жанына алып,
қырық жігітін соңынан ертіп аңға шықты.
Аң аулады, құс салды. Қырық арамзаның бір тобы
баланың жанына келіп: «Әкең аңдарды қуып, менің
алдыма келтірсін, ұлымның ат ойнатып, қылыш шауып, оқ
атқанын көрейін, сүйсініп қуанайын» деді. Бала не білсін,
аңдарды қуып, әкесінің алдына келтіріп, әкем ат
ойнатқанымды көрсін, қуансын, оқ атқанымды көріп
қуаттансын, қылыш шапқанымды көріп сүйсінсін деп
ойлады. Ол қырық арамза айтты: «Дерсе хан, көремісің
ұлыңды, жазық далада киік қуып, сенің алдыңа келер,
киікті атқан болып, оғын сізге тигізер, ұлың сені өлтірмей
тұрып, сен оны өлтіргенің жөн», – десті.
Бала киікті қуған бойы әкесінің алдына келіп-кетіп
жүр еді. Дерсе хан Қорқыт сіңірлі қатты садағын қолына
алды, үзеңгіге шіреніп қатты тартып, көздей атты. Баланың
екі жауырынының арасына тигізді. Оқ қадалған жерден
қызыл қан сорғалап, қойны толды, бәдәуи атының мойнын
құшақтай жерге құлады. Дерсе хан ұлының жанына
бармақшы болып еді, қырық арамза жібермеді, атының
шылбырын ордасына қарай тартты.
Дерсе ханның ханымы ұлының алғашқы аңшылығы
деп аттан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойдырды,
қанды оғыз бектеріне той бермекші еді. Сылаңдап орнынан
тұрды, қырық қынама белді қызын қасына ертіп, Дерсе
ханның алдынан шықты. Қабағын көріп Дерсе ханның
жүзіне қарады, оң-солына көз салды, ұлын көрмеді. Қара
бауыры езілді, жұдырықтай жүрегі ойнақшыды, қара қима
көздеріне қанды жас толды. Дауыс шығарып Дерсе ханға
сөйледі, көрелік, хан-ием, не сөйледі:
71
Бері келгін, басымның бағы, үйімнің тағы,
Хан әкемнің күйеуі,
Ханым-ана сүйеуі,
Ата-анам бергенім,
Көзімді ашып көргенім,
Көңіл беріп сүйгенім.
А, Дерсе хан, Дерсе хан!
Орныңнан ерте тұрып ең,
Қара қош атқа мініп ең,
Көгілдір көркем тауларға
Аң аулауға шығып ең,
Екеу болып кетіп ең,
Қарақан басың жетіпті
Қараңғы түнде жаралған
Ұлым көзден кетіпті
Көзім неге шықпайды?
Төсім жаман сыздайды,
Ұлым келіп ембесе
Кесіліп неге қалмайды?
Жалғыз ұлды көре алмай
Аппақ тәнім ісінер,
Сары жылан шаққандай,
Қара бауырым езілер
Ішіме от жаққандай.
Қурап қалған бұлаққа
Су жібердім ішсін деп,
Қара тонды дәруішке
Қайыр бердім алсын деп,
Ғаріп көрсем ас бердім,
Жалаңашқа тон бердім,
Төбедей ғып ет үйдім,
Көлдей қымыз саудырдым,
Тілекті Тәңірім бергені,
Дүниеге ұлдың келгені.
Жалғыз ұлдың хабарын,
Дерсе хан маған айтсайшы.
Қарсы жатқан Ала тау
Аса алмай ұлым ұшты ма?
72
Ағыны қатты топан су
Кеше алмай ұлым ақты ма?
Арыстан мен қабылан
Жемтік етіп жеді ме?
Азғындаған кәпірге
Хан әкемнің алдына мен барайын,
Тұтқын болып кетті ме?
Ауыр қазына, көп әскер бірге алайын,
Азғын дінді кәпірге мен барайын.
Мыж-мыж болып қазылық аттан құлағанша,
Қан таусылып, кеудеден жан шыққанша,
Қол-аяғым үзіліп сұлағанша,
Жалғыз ұлдың жолынан оралмайын,
Жалғыз ұлдың хабарын бергін маған,
Қара басым бұл күні болсын құрбан! –
деп зарлап жылады. Сонда Дерсе хан ханымына жауап
таппады, қырық арамза түсіп айтты: «Ұлың аман-сау, аң
аулап жүр, бүгін болмаса ертең келер, қорықпа қайғырма,
бек сырқаттанып тұр, жауап бермес»,— десті.
Дерсе ханның әйелі кері қайтты. Тұрақтамады, қырық
қынама бел қыздарын қасына алып, бәдәуи атқа мініп,
ұлын іздеуге шықты. Қысы-жазы қар-мұзы ерімейтін
Қазылық тауына келді, төменнен биікке шауып шықты,
көз жіберіп қараса, бір сайдың ішіне қарға-құзғындар
ұшып-қонып жүр екен. Бәдәуи атын қамшылап, солай
қарай шапты.
Сөйтсе, сұлтаным, бала сол арада жығылып жатыр
екен. Қарға-құзғын қан көріп, баланың үстіне қонбақшы
екен. Баланың екі күшігі бар еді, қарға-құзғынды қуып
қондырмапты. Бала жығылғанда боз атты Қызыр жанына
келіп, үш рет жарасын қолымен сипап: «Саған бұл жарадан
өлім жоқ, қорықпа, таудың гүлі мен анаңның сүті сенің
жараңа дауа болады», – деген де ғайып болған еді.
73
Анасы баланың жатқан жеріне шауып келді. Қараса,
баласы қызыл қанға боялып жатыр. Боздап ұлына сөйледі,
көрелік, хан-ием не сөйледі:
Қара қима көздерің,
Ұйқы алыпты, ашсайшы!
Тәңірі берген тәтті жан,
Сайрандамай, қайтсайшы!
Өз кеудеңде жан болса
Ұлым хабар берсейші!
Қара басым құрбандық
Болсын саған, сезсейші!
Қазылық таудың көп суы
Ағар екен, ақпасын!
Қазылық таудың көк шөбі,
Шүйгін екен, тапталсын!
Жүйрік сенің киігің,
Жортпасын енді, тас болсын!
Не білейін, ұланым,
Арыстаннан өлді ме?
Не болмаса ажалы
Қабыланнан келді ме?
Бұл қазаңды білдіріп,
Кеудеңде жаның бар болса,
Ұлым хабар берсейші!
Қара басым құрбандық
Болсын саған, сезсейші
Тілге енді келсейші!—
деді. Сонда баланың құлағына зарлаған үн жетті. Басын
көтеріп, жалындаған көзін ашты, анасының жүзіне қарады.
Сөйледі, көрелік, хан-ием, не сөйледі:
Бері келгін, ақ сүтін емдірген, ханым, ана,
Ақ жаулықты, ізетті, жаным ана.
Аққан суды, анашым, қарғамағын,
Қазылық таудың бұл жерде күнасы жоқ.
74
Шүйгін шөпті, анашым, қарғамағын,
Қазылық таудың бұл арада кесірі жоқ.
Желдей жортқан киікті қарғамағын,
Қазылық таудың мұнда да жазығы жоқ,
Арыстан мен қабыланды қарғамағын,
Қазылық таудың бұл арада айыбы жоқ.
Қарғасаң қарғай бергін өз әкемді,
Бар айып, барлық жаза сонан келді, –
деді. Бала тағы айтты: «Ана, жылама, маған бұл жарадан
өлім жоқ, қорықпа, боз атты Қызыр маған келіп, үш рет
жарамды сипады, бұл жарадан саған өлім жоқ, тау гүлі,
анаңның сүті саған дауа деді». Сонда қырық қынама бел
қыздар жан-жаққа тарап, тау гүлін терді. Баланың анасы
емшегін бір сауғанда сүті келмеді, екі сауғанда келмеді,
үшіншісінде зар иледі, қан аралас сүт аға жөнелді. Тау
гүлін сүтке араластырып ұлының жарасына таңды. Ұлын
атына мінгізіп, ордасына әкелді де, тәуіпке тапсырып,
Дерсе ханнан жасырды.
Ат аяғы – көлік, озан тілі – жүйрік. Хан-ием, баланың
жарасы қырық күнде жазылды, сап-сау болды. Бала атқа
мініп, қылыш шауып, аң аулап, құс салатындай болды.
Бұдан Дерсе ханның хабары жоқ, ұлым өлді деп ойлады.
Баяғы қырық арамза мұны біліп қойды, енді не
істейміз деп ақылдасты. «Дерсе хан егер ұлын көрер болса
безінбес, біздің бәрімізді қырар», – десті. «Келіңдер, Дерсе
ханды ұстайық, аппақ қолдарын артына байлайық, қыл
арқанды ақ мойнына тағайық, сөйтіп, кәпір еліне
қашайық», – деп, Дерсе ханды ұстады, аппақ қолдарын
артына байлады, қыл арқанды мойнына салды, ақ етінен
қан шыққанша бұғаулады. Дерсе хан жаяу, олар атқа мініп,
қанды кәпір еліне жөнелді.
Дерсе хан тұтқын болып кетті. Дерсе ханның
тұтқынға түскенінен оғыз бектерінің хабары жоқ.
Сөйтсе, сұлтаным, Дерсе ханның әйелі мұны біліп
қойды. Ұлына барып сөйледі, көрелік, хан-ием, не сөйледі:
75
«Көремісің, ей ұлым, нелер болды? Құз-қиялар шайқалмай
жер опырылды, елде жау жоқ деме, әкеңе жау келді, ол
қырық арамза, әкеңнің жолдастары әкеңді тұтқындады,
аппақ қолдарын артына байлады, қыл арқанды ақ мойнына
тақты, өздері атқа мінді, әкеңді жаяу айдады, қанды
кәпірлер еліне жөнелді, хан-ием, ұлым орныңнан тік
көтеріл, қырық жігітіңді қасыңа ал, әкеңді ол қырық
арамзадан құтқар, жортуылда, әкең саған кейісе де, сен
әкеңе кейіме», – деді.
Баласы анасының сөзін тастамады. Бұқаш бек
орнынан тік көтерілді, қара болат өз қылышын беліне
қыстырды, ақ жебелі берен садағын білегіне ілді, алтын
найзасын қолына алды, бәдәуи атына қарғып мінді, қырық
жігітін қасына алды, әкесінің соңынан жортып кетті.
Баяғы арамзалар болса бір жерде қонақтап, шарапты
ыдысымен қотара ішіп отыр еді. Бұқаш хан шауып жетті,
ол қырық арамза мұны көрді. Айтты: «Келіңдер, барып сол
жігітті тұтқындайық, екеуін қосақтап, кәпірге жеткізейік»,
– десті. Дерсе хан айтты: «Қырық жолдасым болыңдар
есен-аман, Тәңірінің бірлігіне жоқ қой күман, менің
қолымды шешіңдер, қолша қобызымды қолыма беріңдер,
ол жігітті қайтарайын, сонан мейлі мені өлтіріңдер, мейлі
босатыңдар», – деді. Қолын шешті, қолша қобызын қолына
берді. Дерсе хан өз ұлы екенін білмеді, қарсы келді.
Сөйледі, көрелік, хан-ием, не сөйледі:
Жыр
Құлаш мойын бәдәуи ат кетсе кетсін менен-ақ,
Мінерің болса ішінде айт, жігітім,
Сайыспай-ақ, ұрыспай-ақ ал, берейін, қайтыңыз!
Қотан толы қойлар кетсе менен кетсін,
Соярың болса ішінде айт, жігітім,
Сайыспай-ақ, ұрыспай-ақ ал, берейін, қайтыңыз!
Қызыл бұйра қызыл түйе кетсе кетсін менен-ақ,
76
Жүк артарың болса ішінде айт, жігітім,
Сайыспай-ақ, ұрыспай-ақ ал, берейін, қайтыңыз!
Алтын басты, еңселі үйлер кетсе кетсін менен-ақ,
Ордаң болса ішінде айт, жігітім,
Сайыспай-ақ, ұрыспай-ақ ал, берейін, қайтыңыз!
Ақ жүзді, күлім көзді келін-қыздар кетсе кетсін
менен-ақ,
Таңдағаның болса ішінде айт, жігітім,
Сайыспай-ақ, ұрыспай-ақ ал, берейін, қайтыңыз!
Ақсақалды қарылар кетер болса менен кетсін,
Ақсақалды әкең болса ішінде, айт, жігітім,
Сайыспай-ақ, ұрыспай-ақ құтқарайын, қайтыңыз!
Менің үшін келген болсаң жігіт сенде жазық жоқ,
Ұлымды мен өлтірген ем, енді кері қайтыңыз! –
деді. Бала сонда әкесіне сөйледі, көрелік, хан-ием, не
сөйледі:
Құлаш мойын бәдәуи ат сенен кетсе,
Менің де ішінде мінерім бар.
Берерім жоқ қырық арамзаға
Қызыл бұйра түйелер сенен кетсе,
Менің де ішінде артарым бар,
Берерім жоқ қырық арамзаға.
Қотан толы қойларың сенен кетсе,
Менің де ішінде соярым бар,
Берерім жоқ қырық арамзаға.
Ақ жүзді, күлім көзді келіндер сенен кетсе,
Менің дағы ішінде таңдарым бар,
Берерім жоқ қырық арамзаға,
Алтын басты биік үйлер сенен кетсе,
Менің де ішінде отауым бар,
Берерім жоқ қырық арамзаға.
Ақ сақалды қарылар сенен кетсе,
Менің дағы ішінде ақылы аз, білігі жетпес кәрі әкем
бар,
Берерім жоқ қырық арамзаға, –
77
деді. Қырық жігітіне дүрбелең салды, қырық жігіт бәдәуи
аттарын ойнатты, балаға жабылды. Бала қырық жігітін
қасына алды, ат тебінді, соғыс ашты. Қайсы бірінің басын
кесті, қайсы бірін тұтқынға алды. Әкесін құтқарып кері
қайтты. Дерсе хан сонда ұлының сау екенін білді. Хандар
ханы хан Байындыр балаға бектік берді, тақ берді. Қорқыт
атам әңгіменің тиегін ағытты, жыр жырлады, бұл оғыз-
нәмені шығарып былай деді:
Олар бағы бұл дүниеге келді- кетті,
Керуен сынды қонды-көшті,
Оларды да ажал алды, жер жұтты,
Пәни дүние соңында және қалды.
Келімді-кетімді дүние,
Аяғы өлімді дүние.
Қара түнек өлім келсе, иман берсін. Деніңе саулық
берсін, дәулетің артсын. Ұлы Тәңірім дос көріп медет
берсін! Бата берейін, хан-ием:
«Үйірлі Қара тауың жығылмасын, зәулім бәйтерегің
кесілмесін, тулап аққан мөлдір суың сарқылмасын,
Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын, шабар болсаң, ақбоз
атың арымасын, шапқаныңда қара болат өз қылышың
кетілмесін, шаншарыңда ала найзаң мұқалмасын, ақ
жаулықты анаңның тұрағы пейіш болсын, ақсақалды
бабаңның тұрағы жұмақ болсын, Қақ жандырған шырағың
сөнбесін, қадір Тәңірі сені арамзаға мұқтаж етпесін, ей,
хан-ием!
Достарыңызбен бөлісу: |