HTML тілінің атқаратын қызметі Web-парақтар экранда ықшам түрде безендіріліп көрсетілгенмен, HTML тілі мәтіндерді пішімдеп (форматтап) көрсететін тілге жатпайды. Өйткені әрбір тұтынушы әр түрлі компьютерлерді пайдаланады. Сол себепті жаңа ғана зауыттан шыққан бір компьютердің Wіndows жүйесінде жұмыс істей алатын броузері бар болса, екінші бір тұтынушы компьютері тек MS DOS жүйесінде жұмыс істейтін ескі броузерді пайдалануы мүмкін. Бұл екеуінің көрсету мүмкіндіктері әр түрлі болғандықтан, бір файл екеуіне екі түрлі болып көрсетіледі.
Құжаттарды әрбір тұтынушының әр түрлі құрылғыларда және әр түрлі броузер программалармен көретіндіктерін ескерсек, HTML тілін мәтіндерді пішімдеу (форматтау) тәсілдерін жазуға арналған тіл деп айтуға болмайды. Ол Интернеттегі мәтін бөліктерінің атқаратын қызметін анықтап, соларды әрбір тұтынушыға бейімдеп жеткізе алатын құжатты функционалды түрде белгілейтін тіл болып табылады.
Мысалы, егер мәтін тақырыбын бейнелеу керек болса, онда HTML коды оны тақырып ретінде көрсетуге тырысады. Тақырыптың белгілеу коды алынған соң, оны броузер-программа өз мүмкіндігін пайдаланып, оны үлкейтіп ірі әріптермен жазуы ықтимал немесе тек экран жолдарының ортасына жылжытып қана көрсетуіне де болады. Ал егер бұл құжат мәтіні дыбыс синтезаторы арқылы берілетін болса, онда тақырып қаттырақ шығатын дауыс арқылы айтылып, одан соң аздап үзіліс жасалуы да мүмкін.
HTML тілінде мәтінді форматтау тәсілдерінің көптеген мүмкіндіктері бар, бірақ жалпы тұрғыдан алғанда құжаттың маәтіні мен оны безендіріп көрсету жолдарының айырмашылығы сақталып отырады. Мысалы, HTML тілінің соңғы [HTML 4.0] нұсқасында мәтінді форматтау командаларын пайдалану ұсынылмаған.