И. А. Зимняя педагогикалық психология екінші, толықтырылған, түзетілген және қайта өңделген басылым


І БӨЛІМ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯ



бет4/188
Дата27.02.2023
өлшемі2,06 Mb.
#170321
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   188
Байланысты:
Зимнаяя

І БӨЛІМ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯ:
ҚАЛЫПТАСУЫ, ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ АХУАЛЫ






Педагогикалық психологияны қолданбалы психологияның ерекше бір тармағы, өз алдына дербес ғылым ретінде қарастыру керек.
Л.С. Выготский. Педагогическая психология.

1 тарау. Педагогикалық психология –
ғылыми білімнің пәнаралық саласы


§ 1. Педагогикалық психологияның
жалпы ғылыми сипаттамасы


Педагогикалық психология басқа
адамтану ғылымдарының ішінде

Қазіргі заман ғылымының дамуында оның ғылыми салалар, пәндер мен проблемалық салалардың (жүйелендіру, иерархияландыру, куммулятивтік сияқты беталыстармен қатар) ықпалдасуы мен саралап жіктелінуі сияқты негізгі екі беталысының өзара әрекеттесуі неғұрлым айқын көрініп келеді. Ғылымның ықпалдастығын талдай келе, Ж. Пиаже, Б.Г. Ананьев пен Б.М. Кедров ғылыми білімнің ортасында адам туралы ғылым - психология тұр деп көрсеткен. Ғылыми білім үшбұрышының Б.М. Кедров ұсынған түсіндірмесі (оның шыңы – жаратылыстану ғылымдары, оның тағандарының бұрыштары – философия және қоғамдық ғылымдар, ал оның ортасында осы ғылымдармен психология түйісіп тұр) Ж. Пиаженің келесі пайымдауымен сәйкестендіріледі «...психология барлық басқа ғылымдардың өнімі ретінде ғана маңызды орын алып тұрған жоқ, ол сондай-ақ олардың қалыптасуы мен дамуына түсініктеме бере алушы бастау ретінде де орталық орын алады» [172, 155 б.].


Адам проблемасының ғылым дамуындағы рөлін анығырақ Б.Г. Ананьев [7] анықтайды, оның ойынша адамды тереңірек зерттеу, саралап жіктеу, сонымен бірге осы саладағы барлық зерттеулердің ықпалдасуы адам проблемасының жалпы ғылымдық сипатқа ие болуына ықпалын тигізді. Осы адам мәселесін жаһандандыру беталыстарының педагогикалық психология саласындағы көрінісін кезінде К.Д. Ушинский да байқаған, яғни 1868-1869 жылдардағы «Адам тәрбие пәні ретінде. Педагогикалық антропология тәжірибесі» атты еңбектерінде, адам тәрбиесіне өз үлесін қосқан ғылымдардың бағыныстылығын анықтау негізінде психологияның жетекші рөлі атап көрсетілген.
Өз кезегінде, психология да күрделі ықпалдасқан білім болып табылады, оның құрылымдық көрінісінің негізінде, А.В. Петровскийге сәйкес, келесі психологиялық жақтары алынған: «1) нақты іс-әрекеттің, 2) даму, 3) адамның (дамуы мен іс-әрекеттің субъекті ретінде) қоғамға қатынасы (өзінің іс-әрекеті мен іске асатын дамуы)» [39, 80 б.]. Педагогикалық психология көбінесе «нақты іс-әрекет» негіздемесі бойынша ажыратылатын жалпы психологиялық білімдердің дербес саласы ретінде қарастырылады, оның негізінде оның басқа тағы екі жағы өз көріністерін табады. Бұл тұжырым, педагогикалық психологияның негізін білім беру іс-әрекетінің өзі, немесе, педагогикалық психологияның негізін салушылардың бірі П.Ф. Каптеревтің анықтауындай, білім беру процесінің механизмдері мен заңдылықтары қалайтынын білдіреді.
Педагогикалық психология әр түрлі себептерге байланысты көптеген басқа ғылымдармен байланысты. Біріншіден, ол ғылыми білім үшбұрышының ортасында орналасқан жалпы психологиялық білімнің нақты саласы болып табылады. Екіншіден, оның басқа ғылымдармен байланыста болуының себебі, білім беру процесі өз мақсаты мен мазмұнына сәйкес әлеуметтік мәдени тәжірибені беруші болып табылатынында және осындай мәдениетте бүкіл өркениеттік білімдердің таңбалық, тілдік формада шоғырландырылғанына байланысты. Үшіншіден, оның зерттеу пәні өзі танып білуші және танып білуге үйретілуші, басқа да көптеген адамтанушы ғылымдармен зерттелінетін адам болып табылады. Педагогикалық психология, мысалға педагогика, физиология, философия, лингвистика, әлеуметтану және т.б. ғылымдармен үздіксіз байланыста екені анық. Соның өзінде, педагогикалық психология – жалпы психологиялық білімнің саласы деген тұжырымдама оның осы білімдердің негізінде, яғни психикалық даму, оның қозғаушы күштері, адамның даралық және жыныстық-жас ерекшеліктері, оның тұлға ретінде жетілуі мен дамуы жайлы білімдердің негізінде қалыптасатынын білдіреді. Сондықтан педагогикалық психология психологиялық білімдердің (әлеуметтік, дифференциалды психологиямен және т.б.) басқа салаларымен, ең алдымен жас ерекшелік психологиямен байланысты.
Педагогикалық және жас ерекшелік психология бір-бірімен осы ғылымдардың зерттеу объекттерінің ортақтығымен байланысты. Яғни, олардың зерттеу объекті дамып келе жатқан адам болып табылады. Бірақ, жас ерекшелік психологиясы «адам психикасының жас ерекшелік динамикасын, дамып келе жатқан адамның психикалық процестері мен психологиялық қасиеттерінің онтогенезін» [43, 5 б.] зерттесе, ал педагогикалық психология білім беру ықпалымен психикалық жаңа құрылымдардың қалыптасуының шарттары мен факторларын зерттейді. Осыған байланысты педагогикалық психологияның барлық проблемалары білім беру процесіндегі адамның жас ерекшеліктерін есепке алу негізінен қаралады. Сонымен бірге, (бұл жағдайды тағы да ерекше атап көрсетейік) педагогикалық та, жас ерекшелік психология да «...жалпы психологиялық заңдылықтарды ашып көрсететін, қалыптасып қойған адам тұлғасының психикалық процестерін, психикалық күйлерін және даралық-психологиялық ерекшеліктерін зерттейтін» жалпы психологияның білімдеріне жүгінеді [96, 7 б.]. Педагогикалық психологияны бір жағынан пәнаралық ретінде, ал екінші жағынан – ғылыми білімнің дербес саласы ретіндегі осындай түсіндірмесі, Б.Г. Ананьев позициясымен теңестіріледі. Б.Г. Ананьев бойынша, педагогикалық психология – шекаралық, кешендік білімдер саласы, ол «...педагогика мен психологияның ортасынан белгілі орын алып, өсіп келе жатқан ұрпақты дамыту, оқыту, тәрбиелеу арасындағы өзара байланысты бірлесе зерттеу сферасына айналды» [8, 14 б.].
Алайда, мұндай түсіндірме басқа авторлар келтірген педагогикалық психологияның мәртебесінің анықтауларына сәйкес келмейді, мұның өзі осы сұрақты шешудің біржақтылы еместігін көрсетеді. Мысалы, «Жалпы, жас ерекшелік, педагогикалық психология курсында» «...егер жас ерекшелік және педагогикалық психологияның дамуының бірінші кезеңінде олардың жекелену беталыстары байқалса, онда біздің кезеңде, керісінше – жақындасу, кейбір жағдайларда тіпті қосылуы байқалады» [101, 4 б.] деп көрсетілген. Екінші жағынан, «Жоғары мектеп педагогикасы мен психологиясының негіздерінде» бір кешендік ғылыми пәнді қалыптастырған, педагогика мен психологияның бірлігін, кешенділігін атап көрсетеді [157, 5-6 б.]. Іс жүзінде педагогикалық психология кешендік болып табылды деп ұйғаруға болады. В.И. Гинецинский [52] бойынша педагогика оның теоретикалық және тәжірибелік жақтарында онымен тығыз байланысқан дербес ғылым болып табылады. Ал жалпы және жас ерекшелік психология онымен іштей тығыз, үздіксіз байланыста болатын жалпы психологиялық білім саласы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   188




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет