2.2 Ауылшаруашылығын реттеудегі мемлекеттік саясат Ауыл шаруашылығы экономикасының ең күрделі мәселелерінің бірі – сатып алынатын және сатылатын тауарларға баға теңгермешілігін(паритетін) сақтау, яғни, ауыл шаруашылық өнімдері мен осы салаға арналған өнеркәсіп өнімдері құндарының арасындағы қатынас осы екі саланың да мүддесінен шығу мәселесі. Халқымыздың тұрмыс деңгейін арттыруда бұл мәселені дұрыс шешудің үлкен маңызы бар. Бірде-бір дамыған елде егін және мал шаруашылықтары тұтастай нарықтың ерікті «ағысына» жіберілмеген.
Кейбір кәсіпкерлер бизнес мемлекеттік реттеуді қабылдамайды деп санайды. Бірақ, Нобель сыйлығының лауреаты Дж. Стиглердің мемлекеттік реттеу жөніндегі белгілі зерттеулеріне сүйенетін болсақ, бизнес мемлекеттік реттеуден мүлдем алшақтамайды, қайта керісінше ол бәсекедегі тәуекелді істерді мемлекет тарапынан қорғауды талап етеді. Бұл құбылыстар нарықтық қатынастағы Қазақстанның аграрлық секторына да тән.
Ең алдымен экономикалық реттеуде жер реформасы – мемлекет деңгейіндегі ұлттық мәселелерді қамтитын аса күрделі процесс. Әлемдік тәжірибеде жерге шексіз жеке меншіктік құқығын бермей, мемлекет және қоғамдық мүдделердің артықшылығын қамтамасыз ететін әр түрлі шектеулер бар. Мұндай құқықты беру – мақсат емес, тек жерді пайдалану тиімділігін арттыру үшін пайдаланылатын құрал. Ауыл тұрғындарын көп толғандыратын мәселе – жерге жеке меншік орнатудан гөрі, одан алынатын өз еңбегінен түскен нәтижеге иелік ету құқығы. Атап айтқанда, кеңінен етек алған бұрынға тәжірибені, яғни, алдымен ауылдың бар өнімін, пайдасын алып қойып, соңынан дотация, қарыздарын өтеу түрінде біртіндеп қайтарудан арылу мүмкіндігін беру қажет.
Ауылшаруашылығында экономикалық қарым-қатынастарды реттеу үшін залогтық (кепілдікті) сатып алу операциясы бойынша есеп айырысуды енгізу жөніндегі ұсыныстардың едәуір мәні бар. Бұл жағдайда шикізатты өңдеу, дайын өнімді алғаннан соң тауар өндірушілерге шикізат құны мен нақтылы төленген аванс сомасы арасындағы айырмашылықты залогтық баға бойынша төлеу қажет. Кепілдікті сатып алу операциясын жүзеге асыру үшін дайындаушы және өңдеуші кәсіпорындарды кепілдікті сатып алу ұйымдары етіп құратын болсақ, нарықтық баға құрылымын және ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерінің табыстылығын реттеуге жағдай жасалынады.
Мемлекеттік салық саясатында ауыл шауашылығына қатысты жеңілдікпен салық салу арқылы олардың ынталандырушы функциясын күшейту керек. Салық салудың негізгі объектісі ретінде жалпы табысты ғана алу тиімді болар еді.
Республика халқын азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ету үшін жыл сайын дайындаушы, өңдеуші, сатушы ұйымдардың және жеңіл өнеркәсіп орындарының тауар өндірушілер мен форвардты, фъючерстік контрактілер жасап, кепілдікті сатып алу операцияларын жүзеге асыруы қажет. Сонда тауар өндірушілералдын ала пайызсыз несие алу мүмкіндігіне ие болады. Өйткені, форвардтық операциялар – бұл болашақтағы өнімді қазіргі сату бағасымен контрактілі өткізу де, фъючерстік операциялар – белгілі бір көлемдегі, саладағы болашақтағы өнімнің контрактісін болашақтағы нарықтық баға негізінде сату. Алдағы жылдың өнімін сату – бұл пайызсыз несие алумен қатар, ауыл шаруашылық бағалы қағаздар нарығын құруға, тұрақты сұраныс пен өнімді кепілдікті өткізуге, сатып алушылардың қаржы қорларын тиімді жұмсауына және инфлияциялық процестердің төмендеуіне мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қаржы жағдайына сатылған өнімге уақтылы есеп айырысудың сақталмауы қатты әсер етеді. Сондықтан өзара есеп айырысудың бақылау мерзімін бекіту керек.
Қазіргі қиын нарық жағдайында әртүрлі ауыл шаруашылық субектілеріне техника иемдену басты проблема болып тұр. Осы қиыншылықтан шығудың бірден бір жолы лизингтік қаржыландыру. Мен Қазақстан жағдайындағы лизинг туралы бірнеше мәселені талдап көрейін. Лизингтік қаржыландырудың банктік несие жүйелерінен айырмашылығы бар ма?, ауыл шаруашылығы техникаларын лизингтік қаржыландырудың, содан кейін лизингтік қаржыландырумен қол жеткен техникаларды сақтандыру жүйесінің қазіргі пәрмені қандай? деген сияқты бірнеше сұрақ туындайды. Мен осы секілді бірнеше сұраққа жауап беріп көрейін.
Қазір лизинг компаниялары лизингтік жолмен қаржыландырылған техникаларды сақтандырудың тәжірибесін қолға ала бастады. Бұл бірқатар компанияларда сыннан өтіп үлгерді. Лизинг техникасы ұрланған, өртеніп кеткен немесе уақытша істен шыққан жағдайда оның шығынын сақтандыру жүйесі арқылы жабудың теориялық, тәжірибелік мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Бірақ сақтандырудың бұл түрі әлі сұранысқа ие болған жоқ.
Әрине шаруалар үшін лизингтің ең қызықты жағы ол –пайыздық өсім. Алдағы уақытта лизингтік келісімшарттар негізінде лизингтік пайыздың өсімі төмендету мәселесі тағы туындап отыр, Енді осыған тоқталып кететін болсақ: Лизингтік келісімшарттар құрылымы жағынан инвестициялық институт болғандықтан, ол қысқа мерзімді болуы мүмкін емес. Кез келген лизингтік компанияның несиелендіру мерзімі 3-5 жыл, әрі кетсе 10 жыл болуы мүмкін. Несиелендіру мерзімі де, оның пайыздық мөлшері де жобаны қаржыландырып отырған қаржыландыру көзіне, сонан соң жобадағы лизинг мүлігінің өзін-өзі ақтайтын мерзіміне байланысты. Өзіндік құнын 10-12 айда ақтайтын техниканы 3-5 жылға несиелендіру мүлдем ақылға сыймайды. Нарық саласында жүрген кез келген компания нарық динамикасының алдын алып жүруі тиіс. Лизингтік несиенің пайыздық мөлшерін төмендетуге кез келген компания мүдделі. Көптеген компаниялар өзінің несиелендіруші – құрылтайшы банктерімен қатар еуропалық Қайта құру және Даму банкінің несие жүйесі арқылы ірі жобаларды қаржыландыруды қолға ала бастады. Тіпті пессимистік болжамның өзі алдағы 2 жылда лизингтік пайыздар мөлшері айтарлықтай төмендейтінін айтады. Ауыл шаруашылығы техникаларын лизингтік қаржыландырудың қазіргі мүмкіндіктері туралы тоқталып кетейін. 2004 жылы елге лизингтік қаржыландыру арқылы жеткізілетін бірқатар техникалар Үкімет қаулысымен қосымша құн салығынан босатылған. Кейбір лизинг компаниялары ауылда, жеке меншігінде 5 гектардан 500 гектарға дейін жері бар кәсіпкер-шаруаларды құны 5-50 мың АҚШ доллары тұратын ауыл шаруашылығы техникасымен лизинг арқылы несиелендіруді бастады. Енді ауылдағы кәсіпкерлер лизингтік жобамен қаржыландырылған лизинг мүлігін кепілге қойып, оның бастапқы жарнасын төлеп, қажетті техникаға ие бола алады.
Ресей, Өзбекстандағыдай өнім арқылы лизингтік несиемен есеп айырысу үрдісі бізге әлі енгізіле қойған жоқ. Бір айта кетер жайт – лизингтік несиеге қол қойған шаруа банктердегідей ай сайын емес, жылына бір рет, өзіне қолайлы мерзімде есеп айырыса алады. Банктер ауыл шаруашылығы үшін консервативті жүйе болса, лизингтік қаржыландыру құрылымы жағынан ауыл шаруашылығына жақындау. Банктік несие мен лизингтік несие арасындағы бәсеке Қазақстанда ғана емес, барлық елде бар. Меніңше, ерте ме, кеш пе, банктер лизинг компанияларын дербес құрылым ретінде «жеке отау» етіп бөлек шығарады. Өйткені лизинг жүргізуге арнай рұқсаты бар кейбір екінші деңгейдегі банктер әрбір жоба үшін лицензиялап отыруы қажет. Ал бұл міндет лизинг компаниясының тікелей құзырында болғандықтан, лицензияның қажеті жоқ, лизинг алу үшін компания көмегіне жүгінген кәсіпкер қалтасынан қосымша шығын шығармайды. Бұл – екі жақ үшін де уақыт та, қаржы да үнемделеді деген сөз.
Салалық лизингтердің ерекшеліктері ең алдымен лизинг техникасының өтімділігінде дер едім. Егер транспорт немесе жылжымалы мүліктің өтімділігі жоғары болса, дефольт жағдайында компания өз өнімін қайтарып алып, қайталама нарықта қайта сата алады.
Айта кету керек, лизинг жобасындағы техникалардың өтімділігі жоғары болған сайын оның бастапқы жарнасы да қомақты болады. Бұл – компанияның дефольт жағдайынан өзін-өзі сақтандыруы. Енді мемлекет тарапынан лизингтің дамуына қосып жатқан үлесі жайлы айтып кетейін. Мемлекеттің жасап жатқан іс –шаралары өте ауқымды. Бұның дәлелі ретінде “ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамы «Қазақстанның Даму Банкінің» еншілес ұйымы болып табылады және «Қазына» Тұрақты даму қоры» АҚ жүйесіне кіретін компанияны айтын кетуге болады. Компания Қазақстан Республикасының индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру шеңберінде «Қазақстанның Даму Банкі» ұсынған инвестициялық жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейту мақсатында 2005 жылдың 6 қыркүйегінде құрылды.
Өкімет басшылығымен құрылған компания қызметі – Қазақстан Республикасы кәсіпорындарының негізгі қорларын жаңарту үшін қажетті жағдайлар туғызу, жаңа өндіріс орындарын құру үшін инвестициялау саясатын қарқынды дамыту.
Мақсаттары:
- лизинг саласындағы мемлекеттік инвестициялық саясатты жетілдіру және оның тиімділігін арттыру;
- өңдеуші өнеркәсіпті, өндіруші және көлік инфрақұрылымын дамыту;
- ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту мен орналастыру кезінде даму институттарымен өзара бірлесіп жұмыс істеу.
Міндеттері:
- инвестициялық жобаларды орташа және ұзақ мерзімді лизингілік қаржыландыру;
- Қазақстан Республикасы экономикасының өндіруші секторын басқа қаржы институттарымен бірлесіп қаржыландыру жолымен лизингілік қаржыландыруды ынталандыру;
- ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін лизингілік қаржыландыру механизмін қолдану.
- жабдықтардың жекелеген түрлерінің импортын қосылған құн салығынан босату.
«ҚДБ- Лизингтегі» лизингілік қаржыландырудың негізгі шарттары:
- Лизингінің ең төменгі сомасы 1 млн. АҚШ доллары
- Лизингінің мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейін
- Лизингінің пайыздық ставкасын жобаның тәуекелдік деңгейіне сәйкес белгілеу
- Инвестициялық басымдықтарға сәйкес болу.
Қалай дегенмен, лизингтік қаржыландыру біздің еліміздің ауылшаруашылығының “ локомативтерінің” бірі . Сондықтан, лизингтік қаржыландыруды дамыту біздің міндетіміз.