І Қазіргі қазақ терминологиясының тарихи қалыптасу жолдары



бет2/3
Дата15.09.2017
өлшемі1,03 Mb.
#32749
1   2   3

ҮЛГІ

ЛЫҚ

ТЫҚ


ДІК

ТІК



Біз бұл жерде А.Байтұрсынұлының қаламынан туындаған терминдердің бірнеше үлгісін ғана көрсеттік. Берілген үлгімен жасалған терминдердің бәрін қамтуды да мақсат етпедік. Мәселен, төртінші үлгі бойынша жасалған терминдер қатарын БАСТА+МА, ҚЫЗДЫР+МА, ЕРМЕКТЕ+МЕ, ҰСЫН + БА, ҚОРЫТ+ПА сияқты, ал бесінші үлгіні ЕКПІН+ДІК, ДӘЛДЕУ+ЛІК, ЕМЕС + ТІК тәрізді терминдермен толықтыра беруге болады. Жоғарыдағы үлгілермен жасалған терминдердің кейбіреулері тілде бұрыннан болған. Олар терминдену жолымен өздерімен бір үлгіде жасалған терминдер қатарына еніп, жүйелілікті сақтап тұр. Олардың қатарына БАЙЛАНЫС, ШИЕЛЕНІС, ТАРТЫС терминдерін жатқызуға болады (5,46).

А. Байтұрсынұлы жасаған терминдердің ішінде мұндай бір үлгімен жасалған терминдер жетерлік. Ол арнайы әңгіме арқауы боларлық мәселе. Осында берілген бірнеше мысал арқылы ғана ұлт тілінде термин жасау жолымен де ұғымдар жүйесінің ерекшелігін көрсетіп, терминологиядағы жүйелілікті сақтауға болатындығын байқау қиынға соқпайды. Осы тұста терминтанудың дамуына айрықша үлес қосқан ғалым А. Реформатскийдің терминдердің жүйеге байланысты, оған бағынышты болуы керектігі туралы айта келіп, "Терминдер өздері белгілейтін заттар мен құбылыстардың жүйелілігін көрсететін жүйе құрауы тиіс" деген сөзінің орынды айтылғанына тағы да көз жеткіземіз.

Кейінгі жылдары да бұл тәрізді бір тектес ұғымдардың өзіндік ерекшелігін көрсетіп бере алатын үлгілес терминдердің жасалып жүргендігін айту керек. Мысалы, солардың қатарына тілші ғалым Ә. Жүнісбек жасаған фонетика терминдерін жатқызуға болады. Олар -м, -ым, -ім форманттары арқылы жасалған төмендегі терминдер:


АЙТЫЛ+ -АКУСТИКА

ЖАСАЛ+ - АРТИКУЛЯЦИЯ

ҚАБЫЛДАН+ -ВОСПРИЯТИЕ РЕЧИ

ЕСТІЛ+ -ПЕРЦЕПЦИЯ




ым


ІМ


Бұл терминдер қатарына үндесім (сингармонизм), жуысым (щелинность), тоғысым (смычка) сияқты терминдер де кіреді. Мұндай терминдерді терминологиядағы жүйелшікті бұзып тұр деуге ешқандай негізіміз жоқ. Сондықтан да термин жасауға жауапкершіліксіз қарау салдарынан сәтсіз жасалған кейбір терминдерді мысалға келтіре отырып, ұлт тілінде термин жасау жүйесіздік туғызады деген пікірді қолдай алмаймыз. Терминологиядағы жүйесіздік - жүйелілікке негізделген терминдер жасай алмаудан, ұлт тілінің мүмкіндігін дұрыс пайдаланбаудан, терминологиялық жұмыстарды кәсіби деңгейде жүргізе білмеуден туындайтын жайт.

Сонымен, қорыта айтқанда қазіргі кезенде ұлт тілінде термин жасау, біршама жанданып отыр. Бұл ғылыми-техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыруға бағытталған дұрыс үрдіс, Оған теріс баға берудің орны жоқ. Тек қазіргі кезеңде термин шығармашылығында орын алып отырған кемшіліктерді уақытында түзетіп, терминологияны жетілдіру жолындағы терминологиялық жұмыстарды жоғары кәсіби деңгейде жүргізу - ең басты міндет.

Терминологияны қалыптастыру туралы айтылғанда терминология стандартталған, біріздендірілген, реттелген, жетілдірілген болуы қажет деген талаптар да қойылып жатады. Терминологиядағы жүйелілікке қол жеткізіп, аталған талаптардың орындалуы үшін мақсатты түрде үнемі жүргізіліп отыратын жұмыстар бар. Оларды терминологиялық жұмыстар деп атайды. Төменде олардың негізгілеріне тоқталамыз. Терминологияға қойылатын өзге талаптар осы терминологиялық жұмыстармен тікелей байланысты, дәлірек айтқанда терминологиялық жұмыстардың барлығы сол талаптардың орындалуы үшін жүргізіледі. Ғалым Ш. Құрманбайдың пікірінше: «Термин шығармашылығы стихиялы түрде жүзеге асып жататын жұмыс емес. Әр маман өз бетінше термин жасап, оны қалауынша қолданатын болса немесе термин шығармашылығы жалпыхалықтық, бұқаралық сипат алып термиді жасау ісі үйлестірілмей, кәсіби тұрғыдан қолға алынбай ырқына жіберілсе, онда терминқор қалыптастыруда жүйесіздік, ретсіздік, жарыспалылық, тілдік нормадан ауытқушылық сияқты көптеген кемшіліктер орын алады. Сондықтан да кез келген тілдің ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру - кәсіби мамандардың белгілі бір жоспарлы жұмыстарды жүргізуі арқылы жүзеге асырылады» (10,74). Терминтануда ондай жұмыстардың басын қосып, жинақтай отырып, терминологиялық жұмыстар (терминологические работы) деп атайды. Терминологиялық жұмыстардың қатарына біріздендіру (унификация), стандарттау (стандартизация), реттеу (упорядочение), жетілдіру (усовершенствование), жүйелеу (систематизация), нормалау (нормализация) сияқты жұмыс түрлері жатқызылып келді. Терминтану саласындағы әдебиеттерде бұл жұмыстар түрлерін нақты жіктеп-жіліктеп, әрқайсысының ауқымын мейлінше дәл анықтап беру жағы әлі де болса жетісіңкірей бермейді. Оларға берілген анықтамалар да кейде ішінара бірін-бірі қайталап жатады немесе бұл ұғымдарды әр зерттеуші түрліше түсіндіретін жағдайлар да кездеседі. Мәселен, Г.В. Степанов бұлардың ішінен біріздендіру, стандарттау, реттеу үшеуін негізгі терминологиялық жұмыстар ретінде атап көрсете отырып, оларға төмендегідей анықтама береді:

  1. Реттеу - терминдердің белгілейтін ұғымдарына мүмкіндігінше толық сәйкес келуін іздеуге бағытталған мамандардың бірлескен жұмысы.

  2. Стандарттау - әр ұғым үшін бір ғана терминді таңдап, оны арнайы құжаттарда бекіту. Бұл терминмен қатар кейде кодификация атауы да синоним ретінде қолданылады.

  3. Біріздендіру - әр түрлі ұлттық тілдердегі терминдермен аталатын ғылыми және техникалық ұғымдардың сәйкес келуі(14,56).

Терминологиялық жұмыстардың атаулары алмастырылып, бұл жұмыстардың ара-жігі ажыратылмай, жалпы қолданыла беретін немесе әр ғалымның бір ғана терминологиялық жұмысты түрліше атауын да кездестіре беруге болады.

Тілші-терминолог ғалымдардың терминологиялық жұмыстардың атауларына қатысты пікірлері әр түрлі болғанмен, әлем халықтарының тілдерінде олар түрліше аталып жүргенімен терминология дамуының барлық кезеңінде бұл жұмыстар жүргізіліп келген және жүргізіле де береді. Терминқор қалыптастыру барысында оны ғылым тілінің, термигологияның талаптарына, тілдік қатысым мен тілдік нормаға сәйкес жүйелеуге тура келеді. Алайда бір атаумен әр түрлі ұғымдарды немесе бір ұғымды түрліше атап жұртты жаңылыстырмас үшін терминологиялық жұмыс атауларының өзін бірізді қолданған жөн.

90-жылдардан кейін жарық көрген А.В. Суперанская, 11.В. Подольская, Н.В. Васильева сиякты авторлар өздерінің бірлесіп жазған еңбектерінде реттеу мен біріздендіру нормалаудың құрамына кіреді деп біледі. Нормалау термині мейлінше дәйекті әрі оның ауқымы кең дей келіп, олар халықаралық термин болғандықтан оны аударудың қажетсіздігін және бұл терминнен нормалау (нормализовать) немесе нормаландыру (нормализировать), нормаланған терминология (нормализированная терминология), нормалау қызметі (нормотизаторская деятельность) тәрізді туынды терминдер қатары өрбиді дейді.

«Біздің терминологиялық жұмыстардың барлығы да кеңестік кезеңде орыс тіліне негізделген халықаралықтандыру бағытында жүргізілді. Тілішілік, тіларалық, халықаралық деңгейлердің қай-қайсысын да біз жалпы кеңестік терминқор қалыптастыру бағытын негізгі бағдарымыз ретінде берік ұстандық»,- дейді Р. Барлыбаев ().

Терминологияны стандарттау - негізгі терминологиялық жұмыстардың бірі. Бұл жұмыс белгілі бір ұлт тілінің шеңберіндеде, халықаралық деңгейдеде жүргізіледі. Р.Г. Котов "Терминологияны біріздендіру мен стандарттау туралы айта отырып, дәлме-дәл мағынасында стандарттаудың қол жетуі қиын мақсат екенін, оның өзінше бір идеал екендігін атап көрсету қажет"-деген болатын. Ғалымның бұл пікірін терминологиядағы стандарттылықтың аса күрделі, оңайшылықпен қол жете коймайтын жоғары талап екендігін сезіне отырып айтылған сөз деп ұққанымыз орынды болар. Бір ғана терминнің төңірегінде сала мамандарының ішінде он түрлі пікір айтылып, ортақ шешімге келе алмай жататын жағдайлар жиі ұшырасады. Ал бір тіл деңгейінде, одан шығып тіларалық, бірнеше тілдер арасындағы халықаралық стандарттауға қол жеткізу одан да қиын жұмыс. Дегенмен терминологияны халықаралық деңгейде стандарттауға әлемдік деңгейде едәуір көңіл бөлініп келеді. Халықаралық стандарттау ұйымының (ИСО) негізгі бағытының бірі терминологияны стандарттау болып саналады. Бұл жұмыстардың күрделілігі мен маңызын ескере отырып, ЮНЕСКО-ның бастамасымен терминология бойынша халықаралық ақпараттық орталық ИНФОТЕРМ 1971 жылы құрылды. Бұл орталықтың негізгі міндеттерінің бірі терминология бойынша Халықаралық ақпараттық желі -ТЕРМНЕТ жүйесін құру болатын. Қазір бұл жұмыс жолға қойыла бастады.

Стандарттау жұмысы КСРО кезінде 30-жылдардан басталып жүргізілді. Басқа терминологиялық жұмыстар сияқты стандарттау да біздің тілімізде халықаралық сипатқа ие болды. "Нормалау мен стандарттау бір тілдің көлемінде, туыстас тілдер шеңберінде, белгілі бір аймақта қатар өмір сүріп жатқан тілдер тобының арасында немесе әлемдік масштабта жүргізілуі мүмкін. Терминологиялық жұмыс көлемі, мақсаты мен міндеті, осы жағдайларға байланысты өзгеріп отырады"- деп ғалымдардың дұрыс атап көрсеткеніндей, 90-жылдардан бастап, отандық терминологтың жұмыс көлемі де, мақсаты мен міндеті де өзгерді. Себебі, бұрын ұлттық республикалардағы терминология дамуының негізгі бағыт-бағдарын да терминологиялық жұмыстарды жүргізудің негізгі қағидаттарын да орталық, яғни Мәскеу белгілеп отырса, енді сол жұмыстардың барлығын да өз қолымызға алуға тура келді. КСРО халықтарына ортақ терминологиялық қор құрып жатқан едік, сол КСРО-мыз тарап кетті. Терминқорымызды жетілдірудің, дамытудың бағыт-бағдарын анықтап алу қажеттілігі туындады. Тәуелсіздігін жариялаған тәуелсіз мемлекеттер өз тілдерінің терминологиясын қалыптастырудың жаңа бағыттарын таңдауға кеше бастады. Кезінде одақтың ортақ тілі орыс тілін үлгі ете отырып ұлттық терминқорын қалыптастыруда саяси сыңаржақтық, тілдік үстемдік, терминологиялық жұмыстарды жүргізуде бір-жақтылық орын алғандықтан жаңа құрылған ТМД елдерінің бірде-бірі ортақ терминқор құру мәселесін қайта көтермеді. Ұлттық терминжүйені қалыптастыруда орыс тілін үлгі етіп білу былай тұрсын, оны терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде танып, өзге шет тілдері сияқты пайдалануға да пейілділік байқатпады. Мұны кезіндегі Одақтың тіл саясатында орын алған сыңар жақтықтың, ұлт тілдеріндегі ғылыми-техникалық терминологияны қалыптастырудың қағидаттарын белгілеудегі негізсіз үстемдіктің салдары деп ұққан дұрыс болар. Соңғы он-он бес жыл көлемінде кеңестік дәуірде орыс тілінен ұлт тілдеріне өзгеріссіз қабылданған терминдерді қайта қарау, олардың орнына жаңа атау жасап ұсыну, әр тілдің өз ішкі лексикалық қабаттарынан балама тауып алмастыру үрдісі көрініс бере бастады. Бұл құбылыс бізде де анык байқалды. 90-жылдардың басында академик Ә.Қайдар «Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген термин-атауларды мүмкін болғанынша қазақша аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау" ұлттық терминологияны дамытудың қағидатарының бірі (6-қағидат) болуы керек деген ұсыныс жасады, Академик ұсынған 11 қағидаттың алтыншысы ретінде көрсетілген бұл қағидат ұлттық терминологияны дамытуда басшылыққа алынуы қажеттігі мемлекет тарапынан ресми белгіленбегенімен соңғы жылдардағы термин шығармашылығына ықпал етпеді деп айту қиын.

Қазақ терминологиясы дамуының соңғы он-он бес жылды құрайтын жаңа кезеңінде бұрын ұзақ жылдар бойы қолданылып, тілімізге сіңіп кеткен орыс сөздері мен терминдерінің көпшілігіне казақша баламалар ұсынылды. Мәселен, клетка, ткань, белок, председатель, совет сияқты атауларды бұрын еш жатырқамай қолданып келген болсақ, бір-екі ұрпақтың санасына сіңісті болып қалған осы терминдерді жасауына, ұлпа, ақуыз, төраға, кеңес тәрізді төл баламаларымызбен алмастырдық. Бұл соңғы баламалар электронды бұқаралық ақпарат құралдарында, мерзімді басылымдарда жаппай қолданылып, көптеген оқулықтар мен оқу құралдарына, терминологиялық сөздіктерге енді. Орыс тіліне сол тілдің дыбыстық-құрылымдық ерекшеліктеріне сәйкес қабылданып, ал өзге ұлт тілдеріне дәл орыс тіліндегі қалпын сақтап енгізілген өзге тілдер сөздердің де бірқатары ұлт тілдеріне аударылды.

Жалпы халықаралық терминдерді ұлт тіліңдегі баламамен алмастыру әлем халықтарының көптеген тілдерінде оның ішінде, бірқатар еуропа халықтары мен орыс тілінде де көрініс беріп отырған құбылыс. Бұл жөнінде З.Стоберский (Stoberski 1989 9/10, 6) "XX ғасырдың соңғы ширегінде бүкіл әлемде ұлтшылдық үрдіс өрістеп, бұл терминологтардың да жұмысына әсер етті" десе, орыс ғалымдары мұндай үрдістің Ресейде де көрініс беріп отырғанын атап көрсетеді. "70-80 жылдары көптеген елдерде өз тілдерінде жасалған терминдерге басымдық беру үрдісі байқалды, бізде де терминологиялық жүйені орыстандыруға бетбұрыс жасалды"-деп жазады ғалымдар.

Әрине, халықаралықтандыру бағытына басымдық беріп келгенмен 70-жылдарға дейін де өзге ұлт тілдерімен салыстырғанда орыс терминологиясының ұлттық сипаты әлсіз болды деп айту қиын. Айталық еуропа халықтарының тілдерінен алған терминдердің барлығы орыс тілінің фоно-морфологиялық заңдылықтарына бағындырылып жазылды. Жаппай сипат алмаса да орыс тілінде термин жасау жүріп жатты. Оларда ұлт тіліндегі термин шығармашылығы дәл біздегідей тоқырауға ұшырап қалған жоқ. Орыс тілі КСРО құрамына кірген ұлт тілдерінің барлығына терминқор Суперапская А., Подальская Н., Васильева Н. Общая терминология. Терминологическая деятельность. М, 1993. Стр. 181. қалыптастырудың негізгі сыртқы кезі ретінде, үлгі тіл ретінде ұсынылды. Ғалымдардың 70-жылдардан бастап терминологияны орыстандыруға бетбұрыс жасалды деп отырғанын бұл жерде орыс тіліне бұрын қабылданған халықаралық терминдердің төл баламалармен алмастырылудың қарқын ала бастағаны деп түсінген дұрыс(14,73).

Ал бізде ұлт тілінде термин жасау, терминологиямыздың ұлттық сипатының басым болуы керектігі тек 90-жылдары ғана ашық айтыла бастады. Термин шығармашылығындағы бұл үрдіс соңғы он-он бес жыл көлемінде көптеген тілші ғалымдар, терминологтар, ұлт зиялылары тарапынан қолдауға ие болды. Ең алдымен ұлт тілінің ішкі мүмкіндігін пайдалана отырып жасалған жекелеген салалардың терминдері қолданысқа еніп, терминологиялық сөздіктер жарық көре бастады.

Бізде терминологиялық жұмыстарды жүргізіп отырған ғылыми мекемелер мен мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың ешқайсысы терминологияны стандарттау жұмысымен арнайы айналысып отырған жоқ. Әр түрлі салалар бойынша дайындалған терминологиялық стандарттарды Мемтерминкомның келісімінен кейін Қазақстан Республикасы индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (бұрынғы Стандарттау және метрология комитеті) бекітіп келеді. Министрлік комитеті мен Мемлекеттік терминология комиссиясының бұл саладағы жұмысы шығармашылық, сараптамалық тұрғыда емес, мемлекеттік құрылымдар арасындағы құжат айналымы деңгейінде жүзеге асып жатады. Жалпы бізде терминологияны стандарттау жұмысы кейбір басқа елдердегідей үлкен маңызға ие болып отыр деуге болмайды. Бізде терминологияны стандарттау жұмысы негізінен Мемтерминкомның ресми бекіткен терминдерін ұсынумен шектеліп келеді. Мемтерминком - консультациялық-кеңесші орган. Сол себепті оның шешімін орындау міндетті болмағандықтан, бекіткен терминдері де Мемстандарт бекіткен стандарттар сияқты жалпыға міндетті емес. Сондықтан да Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен терминдердің елеулі белігі бірізді қолданысқа тұсіп, тұрақты терминдер қатарына қосылып кетпей, бекітілген қалпында қағаз жүзінде қалып қояды. Мемтерминкомға терминдердің термин шығармашылығымен кәсіби тұрғыда айналысып жүрген білікті мамандардың қаламынан туындап немесе солардың сарабынан өтіп барып ұсынылуы қажет-ақ. Бізде бұл түрғыда атқарылуға тиісті жұмыстар әлі жетерлік.

Жалпы терминологияны стандарттау жұмысы кеңестік дәуірде бізде терминдерді Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан ресми бекіту түрінде жүзеге асып келсе, бүгін де сол тұрғыда жүргізіліп келеді.

2.3.1 Қазіргі қазақ тіліндегі халықаралық терминдердің бірізділі
Арнаулы салалардың атаулары термин сөздер туралы сөз болған жерде бірізділік мәселесі міндетті түрде көтеріледі. Біріздендіру - терминология болған жерде үздіксіз жүргізіліп отыруға тиіс негізгі терминологиялық жұмыстардың бірі болғандықтан да термин туралы алғаш сөз бола бастаған жылдардың өзінде-ақ бірізділік мәселесіне айрықша мән берілген еді. Мәселен, сонау 1917 жылы Мұхтар Әуезов "Сарыарқа" газетінде жарық көрген "қайсысын қолданамыз?" атты шағын мақаласында-ақ терминдерді бірізді қолдану мен терминдерді алатын өзге тілдерді, терминологияны қалыптастырудың сыртқы козін пайдалану мәселесін көтерген еді. 20-жылдарда да бұл мәселеге Ахаң бастаған алаш зиялылары тарапынан да үнемі мән беріліп отырған.

1928 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде "Тағы да жат сөздерді қолдану туралы" деген тақырыппен атын көрсетпей "оқытушы" деп жазған автордың мақаласы да сол кезеңде жарияланған. Осы мақаласында автор терминдерді біріздендіру жөнінде былай деп жазады: "ілім кемесиесі "минутаны " — "мүйнет "деб алды. Ал, оқығандардың біреуі менот, біреуі монет, біреуі мінот деп жазады. Айдың аты да осындай. "Январьды" біреулер "ғынауар", біреулер "жануар", біреулер "жанбар" дейді. Түбінде осының "ғануары" қолайлы-ау деймін.

Тілгірам, тілігірап, тілпон. Кітәб кітаб, боген, багон, болшебек, балшабек, үстел, үстол - осы сөздердің бәрін де дұрыстаб бір ізге салыб алу керек", деп берілген екен,-дейді М. Әуезов(4,65).

Терминологияны біріздендіру бірнеше сатыдан тұратын ауқымды да күрделі жұмыс. Тілші-терминолог ғалымдар терминологияны біріздендірудің бес сатысын атап көрсетіп жүр. Бірінші - белгілі бір тар мамандықтың шеңберінде біріздендіру; екінші - сала шеңберіндегі біріздендіру; үшінші - нақты бір ұлт тілінің шеңберіндегі біріздендіру; төртінші - туыстас тілдер шеңберіндегі біріздендіру; бесінші - тіларалық, ұлтаралық біріздендіру; алтыншы - халықаралық, бүкіл ортақ терминдері бар тілдер арасындағы біріздендіру.

Аздаған тірліктер атқарыла бастағанымен, өкінішке қарай біз қазір терминологияны біріздендірудің қай сатысында да жұмыс өз дәрежесінде жоғары кәсіби деңгейде жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз. Олай болуының себебі - бізде бұл іспен кәсіби түрде тұрақты айналысып отырған білікті мамандары бар, терминологиялық жұмыстарды Мусаев К. Формирование терминологии на титульных языках республик Российской Федерации и СНГ. М., Институт языксянания РЛН, 2000. стр.32.) ғылыми-практикалық, әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ете отырып, бір орталықтан үйлестірілетін дербес органның болмауынан әркім өз білгенінше сөздік шығарып, ғылыми еңбектерінде қалаған терминдерін қолданып, термин жасаумен оның мән-жайын жақсы білмейтіндер де айналыса беретін болса, онда біздің терминологиядағы бірізділікке кол жеткіземіз деуіміз сөз жүзінде ғана қалып қоя береді.

Дегенмен дейінгі жылдары Тіл комитеті мен Мемтерминком тарапынан салалық терминдерді біріздендіру бағытында біршама жұмыстар колға алынды. Соңғы үш жыл көлемінде, нақтырақ айтқанда 2002-2004 жылдары заң, іс жүргізу, тіл білімі, әдебиеттану, тарих, география салалары бойынша мамандандырылған жұмыс топтары құрылды. Олардың жинақтап ұсынған атаулары алдымен сала мамандарының, одан соң тілдік сараптамадан өтіп барып Мемлекеттік терминология комиссиясында қаралды.

Биылғы 2005 жылы да экономика, медицина, химия, сәулет-құрылыс сияқты төрт арнаулы саланың терминологиясын біріздендіруге қаржы бөлініп, осы салалардың мамандарынан тұратын жұмыс топтары құрылды.

Бұл жұмыстардың көлемі - тілге оның ішінде терминологияға бөлінген қаржы көлеміне байланысты болса, орындалған жұмыстың сапасы - осы салалардың терминдерін жасаған салалық мамандардың біліктілігі мен термин жасау ісіне жауапкершілігіне тікелей байланысты болғандығын ашық айту керек. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы барынша артып, ауқымы кеңейе түсер деп үміттенеміз.

Ал, халықаралық терминологияны біріздендіру жұмысының осы уақытка дейін жүргізілу бағыты мен сипатына келер болсақ, ол жөнінде мынаны айтуға болады. Жалпы терминологияны біріздендіру мәселесі термин жасау мен оларды қалыптастыру жұмыстарын үйлестіре жүргізуге, жарыспалылықты болдырмауға байланысты туындайды. Термин шығармашылығы кезінде жарыса қолданылып жүрген баламалардың біріне тоқталып, оны арнаулы ұғымның атауы ретінде терминологиялық лексикада тұрақтандыру процесін біріздеидіру деп түсінетініміз белгілі. Бірі іздендіру термині 2000 жылы Мемтерминком ресми бекіткенге дейін кеңестік дәуірде қалыптасқан унификация нұсқасында қолданылып келді. Қазақ тілі білім беру мен ғылым сала-сындағы қызметін атқару мүмкіндігіне ие болып. терминдерді үлт тілінде жасап, қалыптастыруға бет бұрған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, аталған терминнің формасы ғана емес мағынасы да өзгеріске ұшырағаны байқалады. Термин шығармашылығының отызыншы жылдардан тоқсаныншы жылдарға дейінгі кезеңінде терминдерімізді орыс терминологиясына қарап қалыптастыру дәстүрі орныққан болса, терминологиядағы біріздендіру жұмыстары да сол бағытта жүргізілді. Белгілі бір терминнің шет тілі мен орыс тіліндегі және қазақ тіліндегі нұсқаларының бірін таңдау қажет болған жағдайда, көбінесе, ең алдымен орыс тілінде орныққан нұсқа басымдыққа ие болатын еді. Мұндай таңдау кеңестік тіл саясатына да ұлт тілдерінде терминологияны дамытудың сол кезеңдегі принциптеріне де сәйкес келетін. Тілімізге қабылдаған кірме терминдердің орыс тіліндегі жазылуына нұқсан келтіріп алмау үшін әліпбиімізге өзгертулер мен толықтырулар енгізгеніміз де ешкімге құпия емес. Отызыншы жылдарға дейін жасалып, қалыптаса бастаған көптеген терминдер, жаңа қолданыстар отызыншы жылдардың бас кейінен бастап, қолданыстан шеттетіліп, олардың орны орыс тіліндегі нұсқасымен алмастырылды. Мәселен, 1925 жылы Мәскеуде Қошке Кемеңгерұлының редакторлығымен басылып шыкқан "Қазақша-орысша тілмашта" берілген төмендегідей терминдер мен атауларға мән беріп көрелік: пленка - үлдірік, экономия - үнем, экономный - үнемшіл, экономность - үнемшілдік, экономист - үнемші, прогресс - үдеу, колонизатор - отаршыл, колонизаторство - отаршылдық, патриот - отаншыл, патриотизм - отаншылдық, федерация - құрама, экспертиза - сарап, эксперт - сараншы, интеллигент - зиялы, центробежный - делегей, урок, лекция - дәріс, поэма - дастан, творчество - шығаршылық, антитеза - шендестіру, чиновник - төре, чиновничсство - төрешілдік, музыка - әуез өнері, администратор, правитель - әкім, административность, власть - өкімдік, методика –әдістеме.

Осы атаулардың барлығы дерлік қазақ терминологиясы дамуының А. Байтұрсынов кезеңінде баспасөз беттерінде кеңінен қолданылып, сол кезеңде жарық көрген оқулықтар МСН оқу құралдарына, сөздіктерге еніп, тілде орныға бастаған болатын. Ұлт тілдерінде терминологияны дамытудың 30-жылдардан бастау алатын келесі кезеңінде бұл терминдердің халықаралық сипатын арттырып, орыс тіліндегі нұсқасын қалдыру қажет деп танылды. Терминдерді біріздендіру жұмысының бағыты да басқа арнаға ойысып, ұлт тілінде жасалған терминдердің арнаулы салалардан орын алу мүмкіндігі барынша шектелді. Нәтижесінде пленка, колонизатор, патриот, экспертиза, интеллигент, творчество, антитеза, администратор тәрізді шет тілдерінен қабылданған мындаған терминдер мен кірме сөздерге басымдық беріліп, олар тілімізден берік орын тепті. Терминдерді біріздендіру мәселесі терминологияны халықаралықтандыру бағытына сәйкес жүргізілді. Бір ғана ұлт тілінің ауқымында жүргізілетін тіршілік біріздендіру (внутриязыковая унификация) жұмысынан гөрі кеңестік тіл саясатының мүддесіне сай келетін тіларалық біріздендіру (межьязыковая унификация) ісіне мемлекет тарапынан айрықша мән берілді. Кейбір ғалымдар терминологияны іштей біріздендіру (внутренняя унификация терминологии) терминін де қолданып жүр. Біздіңше, тілішілік біріздендіру термині ықшамдылығы жағынан да, терминологиялық жұмыстың мазмұнын ашуы тұрғысынан да алдыңғы терминнен гөрі ұтымдырақ.

Тіларалық біріздендіру жұмыстарын жүргізуде КСРО халықтарының ортақ тілі орыс тілін үлгі етіп алу ұсынылды. Мәскеудегі КНТТ (Комитет научно-технической терминологии) Одақ көлеміндегі терминологиялық жұмыстарды үйлестіріп отырған басты мемлекеттік орган әрі ғылыми мекеме ретінде кеңес халқына ортақ терминологиялық қордың (общесоветский терминологический фонд) орыс тілі негізінде қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Халықаралық біріздендірудің түпкі мақсаты - екі немесе одан да көп тілдердің терминологиялық жүйесінің ортақтығы артып, жақындай түсуін көздейді. Сол себепті де кезінде бұл терминді А.В. Крыжановская "терминологиялық интеграция" деп атауды ұсынған болатын. Алайда ғалымның бұл ұсынысы жаппай қолдау тауып кете алған жоқ. Ғылыми-техникалық әдебиеттерде бұрынғысынша көбінесе екі тілге қатысты тіларалық біріздендіру, екі немесе бірнеше тілге қатысты әңгіме қозғалғанда халықаралық біріздендіру термині қолданып келді.

1981 жылы наурыз айында Мәскеуде терминология мәселелеріне арналып өткізілген бүкілодақтық семинарда жасаған бас баяндамасында академик Г.В. Степанов терминологияны біріздендіру жұмыстарының елеулі қиындықтарға тап болып отыруына республикаларда орыс, латын, грузин, армян графикаларытта негізделгсн төрт түрлі әліпбидің пайдаланылуының себеп болып келе жатқандығын және орфографияның фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, тарихи принциптерге негізделуі де өзара термин алмасу процесін қиындатып отырғанын айтады. Өз жазуларын сақтап қалған армян, грузин және латын графикасын пайдаланған балтық жағалауы республикалары болмаса, кириллицаға көшіп, 30-жылдары-ақ әліпбиімізді орыс сөздерін бұрмаламай жазу үшін бейімдеп, кеңейтіп, толықтырып алғандықтан, біз академик атап көрсеткендей, терминологияны біріздендіруге де, термин алмасуға да кедергі келтіргендер қатарына жатпаймыз. Керісінше, сол кедергіні алғаш бұзып терминологиямыздың советтік-халықаралық сипатын барынша арттырған халықтар санатына қосыламыз.

Г.В. Степанов осы баяндамасында терминологиялық жұмыстардың ең негізгілерінің бірі ретінде біріздендіруге айрықша мән беру қажеттігін айта келіп, бұл жұмыстың маңызын былайша атап көрсетеді: "В многонациональном государстве важное значение приобретает работа по унификации, смысл которой состоит в достижении соотносимости научных и технических понятий, выражаемых терминами на различных национальных языках" .

Көп ұлтты мемлекетте терминологияны халықаралық-тандырудың, тіларалық біріздендірудің маңызды мәселе ретінде көтеріліп, оған мемлекеттік тұрғыдан үлкен мән берілуі түсінікті. Онсыз ғылым мен техника саласындағы және басқа да тілдік қатынастарда бір тілдің үстемдігін орнату мүмкін болмаған болар еді.

"Термин унификация употребляется в постановлении об унификации терминологии на языках народов СССР"- деп көрсетеді Ю.Д. Дешериев өз мақаласында Терминологияны тіларалық біріздендіруге мемлекеттік тұрғыдан айрықша мән берілгендігін бұл істі бүкіл одақ көлемінде үйлестіре отырып жүргізу мақсатымен арнайы қаулы қабылданғандығынан да көруге болады. Ондағы түпкі мақсат - бір тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласындағы қызметін атқаруына мемлекттік тұрғыдан барынша ықпал ете отырып, жүйелі де жоспарлы жұмыстар жүргізу арқылы көп ұлтты құрама елдің тіл мәселесін түбегейлі шешу еді. Кеңестік тіл саясатының көрегенділікпен жүргізіліп отырғандығын, терминологияны біріздендірудің бүкілодақтық деңгейде орыс тілін үлгі етіп ала отырып жүзеге асырылып жатқандығының дұрыстығын және бұл үрдістің солай жалғастырыла беруі қажеттігін әр қырынан дәлелдеуге ат салысқан ғалымдар Мәскеуде де ұлттық республикаларда да аз болмағаны белгілі. Мәселен, мәскеулік ғалым Р.Г. Котов терминологиялық тасқынның ғылым мен техникадағы, басқару саласындағы қарым-қатынасты едәуір қиындатқанын, көп тілді елдегі мұндай кедергінің туындауына тілдік бөгеттің (языковой барьер) үлкен тосқауыл болып отырғанын, оны жою керектігін айта келіп, былай дейді : "Таким образом, проблемы развития и упорядочения терминологии оказываются тесно связанными с актуальными информационными проблемами современного общества, среди которых важное место занимает проблема преодоления языковых барьеров"

Әрине, көп ұлтты елде тілдік бөгеттің шешімін күтетін әлеуметтік лингвистикалық күрделі мәселе ретінде көрініс беруі табиғи нәрсе. Ғалымның бұл мәселені терминологияны дамыту және реттеумен тығыз байланыста шешуі қажет деуі де орынды. Алайда мәселенің үлкені сол терминологиялық жұмыстарды жүргізу барысында қай тілдің мүддесі көзделіп отырғандығында.

Ғалымдардың алға тартқан дәлелдері мен ұсыныс-пікірлерінен біріздендіру жұмыстарын қандай мақсатпен, қай бағытта жүргізу көзделгенін көруге болады. Жалпы-кеңестік терминологиялық қор құру мақсатын көздеген терминологияны біріздендіру жұмыстары мемлекеттік тұрғыдан қолдау тауып, ғылыми-әдістемелік негізде бір орталықтан үйлестіріле жүргізіліп отырғандықтан едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Оған 70-80 пайызын орыс терминологиясымен ортақ терминдер құрайтын біздің терминологиялық лексикамыз бен біз тәрізді одақ құрамында болған көптеген халықтардың терминологиялық қоры құрамына қарап-ақ көз жеткізуге болады.

Ендігі жерде терминологияны біріздендіру жұмысы қалай, қай бағытта жүргізілуі қажет деген мәселеге келсек, бұл жұмыс мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мүддесін көздей отырып жұзеге асырылуы керек екендігі дау тудырмайды. Қоғам өмірінде болған саяси, тарихи-мәдени өзгерістерге байланысты көптеген жаңа терминдер жасалды және кезінде орынсыз шеттетілген бірқатар терминдер терминологиялық лексикамызға қайта қосылды. Оған жоғарыдағы Қошке Кемеңгерұлының сөздігінен алынған мысалдағы отаршылдық, отаншыл, ошаншылдық, сарапшы, зиялы, дәріс, дастан, шендестіру, әкім, әкімдік, әдістеме атауларының тілімізде кеңінен қолданыс тауып жүргендігі, тіпті кейбіреулерінің ресми бекітілген термин ретінде терминологиямыздан орын алғандығы дәлел бола алады.

Біріздендіру жұмысы ең алдымен, ұғым мазмұнын дәл бермейтін, терминге қойылатын талаптарға сай келмейтін атаулардан арылып, сәтсіз жасалған баламалар мен терминологияда ретсіздік туғызып, жарыса қолданылып жүрген нұсқаларды сараптан өткізіп, солардың бірін тілде орнықтырудан бастау алуға тиіс. Сондай-ақ тілімізде арнаулы ұғымды дәл беретін байырғы атауы бола тұрып орынсыз шет тілінің сөзімен алмастырылған немесе сөз-жасам, терминжасам тәсілдерін ұтымды пайдалана отырып сәтті жасалған терминдер де ұлттық терминологиялық қордан орын алу қажеттігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Термин шығармашылығы терминологияны біріздендіру, жетілдіру жұмыстарымен қатар жүріп жататын үздіксіз процесс болғандықтан, жаңадан жасалып қолданыска ене бастаған терминдерді іріктеп алумен бірге қажеттілігіне қарай жаңа терминдер жасап, оларды тілде орнықтыруға да көңіл бөлінгені жөн. Бұл жұмыс барлық арнаулы саланың терминдер жүйесін қамти отырып жүзеге асыруды қажет етеді. Яғни тіршілік біріздендіру ісіне жете мән берілуі керек.

Ал тіларалық біріздендіру жұмысы да бұрынғыдай орыс тілін ғана үлгі етіп алып, бір жақты сипат алмай, ғылыми негізделген байыпты бағытты ұстануы керек. Әсіресе, туысқан түркі тілдес халықтар тілдерінің арасындағы терминжасам тәжірибесін бөлісу мен термин алмасу ісін дұрыс жолға қоюдың маңызы өте зор. Ділі мен тілінің ұқсас қырлары, ортақ жақтары мол туысқан халықтардың өзара термин алмасу ісін жолға қоймай, өзгеге тәуелді кезде солардың белгілеп берген қағидаттарын әлі басшылыққа алып, ескі сүрлеуден шыға алмай отыруымызды құптау қиын. Бұл осы саладағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын көрсетсе керек. Тілдік туыстығы жағынан бір топқа жататын өзге халықтар тілдері арасындағы термин алмасу тәжірибесі де ескеріліп, оның ұтымды жақтары бізге үлгі болуы қажет. Бірімізде жоғымызды бірімізден тауып, тілдік байланысымыз бен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды нығайтудың тарихи-мәдени әрі саяси маңызы да зор деп білеміз.

Орыс тілімен және орыс тілі арқылы еуропа тілдерімен арадағы термин алмасу дәстүрі бізде кеңестік кезеңце әбден орныққан деуге болады. Тіпті, термин алмасудың бірден-бір дұрыс жолы ретінде ұсынылды десек, шындықтан ауытқымаймыз. Ол дәстүрден үзілді-кесілді бас тартып, туыстық жақындығы жоқ тілдерден сөз, термин алмасуды тоқтатайық деген жолды ешкім де ұсынып отырған жоқ. Ұлт тілінде термин жасау, тіліміздің ішкі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үрдісі жандана бастады деген соңғы он шақты жылдың колемінде де еуропа тілдерінен көптеген терминдер тілімізге еніп үлгерді. Ол тілдерден ендігі жерде сөз алуға болмайды деуге де еш негіз жоқ. Еуропа тілдері де өзге тілдер сияқты терминологиялық лексиканы қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде қала беруге тиіс. Тек терминдерді қай тілдерден қандай мөлшерде, нендей тілдік және тілден тыс заңдылықтарға сүйене отырып қабылдайтындығымыздың себептерін ғылыми тұрғыдан анықтап алуға тура келеді. Саяси және экономикалық тұрғыдан ықпалы зор, әскери қуаты күшті, ғылым-білімі өркендеген елдердің тілдерінен термин қабылдау қашан да, қай тілдің де басында болатын құбылыс. Мемлекет нығая түскен сайын мемлекет құраушы ұлттың ғылымды өз тілінде өркендетіп, ақпарат алмасу процесінде өзінің тиесілі орнын алуға ұмтылуы табиғи нәрсе. Біз қазір дәл осы кезеңді бастан кешіріп отырмыз. Қазіргі кезеңде де кешегі кеңестік дәуірдің кемшіліктерін қайталап, терминологияны дамытуда біржақтылыққа ұрынуға жол беруге оолмайды. Әлемдік ғылымның даму үрдісіне сәйкес өзге тілдердің терминдер қорын қалыптастырудағы ұстанып отырған бағытын, терминологиясын қалыптастыру тәжірибесін де ескеріп, алайда басқанікінің бәрін асыл көріп, козсіз көшіруге ұрынбай, ұлт тілі мен ғылыми-техникалық прогрестің мүддесін ұштастыра жұмыс жүргізгенде ғана мәселе дұрыс шешімін таппақ.

Сонымен қорыта айтар болсақ, тілішілік біріздендіруді тіларалық біріздендіру жұмысын да ескі сарынмен жүргізе беруге болмайды. Тілішілік біріздендіру барысында ұлт тілінің ішкі мүмкіндіктері сөз жүзінде емес, іс жүзінде барынша кәдеге жаратылуы керек. Барлық лексикалық қабаттарды терминологияны қалыптастырудың ішкі көзі ретінде, ал сөзжасам, терминжасам тәсілдерін тіліміздегі термин жасаудың жолы ретінде кәсіби шеберлікпен пайдалану арқылы ғана ғылыми-техникалық терминдер бұрын ұлттық тіл негізінде қалыптастыра аламыз. Ал аралық біріздендіру ғылым мен техниканың өркендеуі немесе мемлекеттердің саяси және экономикалық ықпалдылығы сияқты тілден тыс (эксталингвистикалық) факторларға ғана негізделмей, тілдердің туыстыгы мен құрылымдық ұқсастығы тәрізді таза тілдік (лингвистикалық) факторларды да ескере отырып жүргізілуі қажет. Сонда бізде терминологияны қалыптастыруда кеңестік деңдегідей орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы қабылдаудан басқаны білмейтін біржақтылық орын алмайды. Терминологиялық қорды қалыптастырудың сыртқы көзін қажеттілігіне қарай сұрыптап пайдалануға, терминді қай тілден қабылдаудың тиімділігін анықтап, оларды елеп-екшеп алуға да мүмкіндік туындайды.

Орыс ғалымдары Д.С. Лотте мен Кеңес өкіметінің ҒА-ның ғылыми-техникалық терминология комитеті еңбектерінің негізінде жазылған "Как работать над терминологией. (основы и методы)" атты еңбекте ғылым мен техниканың немесе пәннің терминологиясын реттеу үиіін сала мамандары мен іргелес сала мамандарынан тұратын ғылыми комиссия құрып, оған түрлі ғылыми мектептер мен әр түрлі көзқарастағы ғалымдарды тарту қажеттігі атап көрсетіледі. Сондай-ақ осы еңбекте реттелуге тиісті терминдерді мамандар талқысына ұсынудың үлгісі беріледі. Онда бірінші бағанға терминдердің рет саны, екінші бағанға ұғым атаулары терминдер әліпбилік емес, жүйелік тәртіппен беріледі де, үшінші бағанға сол терминдердіц анықтамалары орналастырылады.

Бұл үлгіні ұсыну арқылы ғалым терминнің атауы мен мағынасының сәйкес келуін әрі атаулардың ұғымдар жүйесінің ерекшелігіне сай болуын максат еткені аңғарылып тұр. Г.В. Степановтың терминологияны реттеу жұмысын осылай түсінгенін оның берген анықтамасынан көруге болады. Реттеуді ғалымдар түрліше түсініп, әрқалай түсіндіреді: Бірі бұл жұмысты біріздендіру аясында қарастырса, екіншілері кең мағынада қолданып, терминологиялық жұмыстардың барлығының басын қосып реттеу деп ұғады. Біз терминологияны реттеуді Д.С. Лотте, Г.В. Степанов т.б. ғалымдардың берген анықтамасы негізінде ұсынып отырмыз.

Терминдердің белгілейтін ұғымдарына мүмкіндігінше толық сәйкес келуін іздеуге бағытталған мамандардың бірлескен жұмысының реттеу (упорядочение) деп аталатынын жоғарыда атап көрсеттік (1.5). Ұғым мазмұнына оның атауының сәйкес келуі жөнінде бізде жиі сөз болады. Бұл мәселе жөнінде терминтанушы тілшілер де, лексикологтар да, сала мамандары да жалпы филологиялық білімі барлар да, қаламгерлер де кейде журналистер де пікір білдіріп жатады. Бірақ пікірдің де пікірі бар. Біреулер сөздің қыскалығын, біреулер сөздің ұзындығын, біреулер оның төркінін қуып

моңғолдың, арабтың. гректің немесе ағылшынның сөзі екендігін сөз етеді. Сөз біздің меншігіміз оған араласпа деп ешкімге тыйым салуға болмайды. Әркім де пікір білдіруге қақылы. Бірақ мәселеге біліп араласқанға, мәселенің мәнін ұғып, оны зерттеп, зерделеп барып жүйелі ой айтып, тұжырым жасағанға не жетсін. Бұлай деуіміздің себебі, термин мағынасы жөнінде айтылып жататын пікірлердің арасында лексикалық, терминологиялық мағына табиғатын терең түсініп, оның нәзік қырларын аңғара отырып, кәсіби біліктілікпен айтылатын ой-тұжырымдардан ғөрі жоқ-барды теріп, жалпы, үстірт пікір білдіретін жағдайлар бізде көбірек ұшырасып жатады. "Тіпті мына сөз маған ұнайды, немесе "ұнамайды" бұрынғысы дұрыс еді" деген пайымдауларды еш лингвистикалық негіздеусіз-ақ алға тарта беретін мақалалар жарық көріп жатады. Таңбаланушы мен таңбалаушының, атау мен ұғымның байланысы, термин-сөз мағынасының ерекшеліктері, ұғым белгілерінің мағына құрауға қатысы деген нәрселер шолып өтіп, атүсті ой айта салатындай оп-оңай мәселелер емес. Сондықтан мұндай іске қай-қайсымыз да арнайы дайындықпен, ізденіспен келіп, жауапкершілікті сезе отырып араласып, терең зерделеуге сүйене отырып пікір білдірсек, ортақ шаруамыздың оңалуына үлес қосылар еді.

«Бізде әлі де айтылған пікірлерді сараптан өткізіп, дұрыс-бұрысын ажыратып, ғылыми құндылығы барларын ескеріп, оларды реттеу жұмысында қажетімізге жаратып отыру жағы жолға қойылмай келе жатқаны алаңдатарлық мәселе. Жоғарыда тоқталғанымыздай, құнды пікір-ұсыныстармен бірге негізсіз айтылатын пайымдаулардың көп орын алып жататыны да осындай мамандар тарапынан жұмылып жасалып отырған мақсатты жұмыстың жүргізілмей отырғандығынан. Егер білікті мамандар бірлесе отырып, түрлі басылымдар мен баспасөзде жарияланған мақалалар мен ұсыныс-пікірлерді жіті қадағалап, оларды дер кезінде електен өткізіп сұрыптап отырса, бұл мәселеге ерінбегеннің бәрі араласып үстірт, жайдақ пікір айтушыларға жол берілмес еді. Істің жоғары кәсіби деңгейде, біліктілікпен жүргізілуіне қол жеткізе алар едік. Әзірге олай болмай отыр. Реттеудің мамандардың бірлескен жұмысы негізінде жүзеге асатынын ескеріп, терминологияны реттеу жұмысын осы бағытта жүргізу керектігін айрықша атап айтқымыз келеді»,-дей отырып, ғалым Құрманбай келесі пікірлерді ұсынады: «Терминология туралы сөз болған жерде ұлт тілінің ішкі мүмкіндігін сарқа пайдалану қажет деп жатамыз. "Қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалануды" академик Ә.Қайдар терминологияны дамыту қағидаттарының бірі ретінде ұсынды (3-принцип). Ахандар кезеңінен бастап келе жатқан бұл бұл қағидатты біз де қолдаймыз. Тілдің лексикалық байлығын сарқа пайдалану мүмкін болмас, оны барынша ұғымды пайдаланудың қажет екендігі дау туғызуға тиіс емес. Жалпы лексикалық байлығымыз ғана емес "тіліміздің ішкі мүмкіндігін барынша немесе сарқа пайдалануымыз керек" деген сөз жиі айтылып жатады. Алайда бізде сол барынша пайдалану дегеннің не екенін нақтырақ, дәлірек түсіндіру жағы жетісіңкірей бермейді. Біздің ұғымымыз-тіліміздің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалану дегенміз - тіліміздегі лексикалық қабаттардан арнаулы сала ұғымдарын атауға жарайтын сөздерді үлкен ыждағаттылықпен, кәсіби біліктілікпен сұрыптап ала білу мен терминжасамның барлық тәсілдерін жаңа атау жасау кезінде шығармашылықпен сауатты пайдалану. Ал ендігі мәселе – «тіліміздің ішкі лексикалық мүмкіндігін қалай пайдаланамыз?» деген сұраққа жауап беру. Тіліміздің лексикалық байлығын терминқор қалыптастыруда ұтымды пайдалану үшін алдымен сол байлықкөз алдымызда, қолымызда болуы керек. Лексикалық байлық халық тілінде бар болғанымен оны жинақтап, жүйелеп, мағыналарын анықтап отыр. Әдістемелік, анықтамалық құралдар дайындамасақ, арнаулы ұғымдарға ат беру кезінде оларды пайдалану мүмкіндігіміз төмен болады. Сөз байлығы мол, тілді ең жақсы біледі деген адамның өзінің сөздік коры шектеулі, екіншіден, атау іздеп отырған ұғымға қажет сөзді термин жасаушы білген күннің өзінде оның жадында сол сөз үнемі кезегін күтіп тұра бермейді. Қажет кезінде қажет сөздің табыла қоймауы, еске түсе бермеуі мүмкін. Ондай сөзді асықпай, көптеген әдебиеттерді ақтарып іздеуге, ұзақ бас қатыруға тура келеді. Сондықтан да қазақша термин жасау барысында ұғымды дәл беретін ең ұтымды сөз қалтарыста қалып қойып, оның орнына мамандардың мағынасы біршама жуықтайтын сөзді алып, сөздікке, оқулыққа енгізетін жағдайлары ұшырасып жатады. Осындай кемшіліктерге орын беріп алмау үшін терминқор қалыптастырудың ішкі көздері анықталып, термин ретінде пайдалануға болатын лексикалық қабаттар көрсетілуі керек.

Жалпы кез келген тілдің терминологиялық лексикасының түзілуіне негіз болатын екі кезі бар. Оның бірі - ұлттың өз тілі де, екіншісі - өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы - терминжасамның ішкі көзі, ал кейінгісі - сыртқы көзі деп аталады.

Бұл көздердің термин шығармашылығында пайдаланылуы - ғылым-білімнің даму деңгейіне, ұлт тілінің қоғам өмірінде алатын орнына тікелей байланысты. Соған сәйкес бір тілдің терминологиялық лексикасының басым белігін ұлт тілінде жасалған терминдер құрайтын болса, кейбір тілдерде керісінше, өзге тілдерден қабылданған кірме терминдер өте көп ұшырасады да, төл терминдердің үлес-салмағы елеусіз болып жатады.

Мәселен, қытай тілін зерттеген ғалым И.М.Ошанин қытай терминологиясы туралы былай деп жазады: "Многотысячелетнее развитие китайской культуры с ее материальным и духовным богатством, с ее развитой теоретической мыслью, отраженной в многочисленных сочинениях по философии, истории, экономике, медицине, математике и т.д., обусловило огромные словообразовательные возможности, позволяющие передавать сред-ствами своего языка любые понятия, заимствованные у других народов "Поэтому удельный вес прямых заимствованных и иностранных слов в китайском языке чрезвы-чайно мал..."


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет