Ал қазақ терминологиясының жайы мүлдем басқаша. Тілші ғалымдар терминологиямыздың 70-80 пайызын кірме терминдер құрайтынын айтып жүр. Өз билігі өзінде болмаған халықтың тілінің де еркін дамуына мүмкіндік тумайтыны белгілі.
Терминологиямыздың ұлттық сипатынан айырылуы - тіліміздің ғылым саласында, термин шығармашылығында өз деңгейінде пайдаланылмағандығының көрінісі болып табылады.
Ендігі жерде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі өзінің ғылым саласындағы қызметін толық атқаруға көшуге тиіс. Ол үшін терминжасам тәсілдері іске қосылып, үздіксіз жетілдіріліп отыруымен қатар, термин жасауда пайдаланылуға тиісті лексикалық қабаттар тиімді пайдаланылуы қажет.
Қазақтілі арнаулы лексикасының оның ішінде терминжасамның ішкі көзін пайдалану арқылы қалыптасқан терминологиялық лексиканың жасалуына жалпыхалықтық тілдің негіз болғандығы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бірақ жалпыхалықтық тілдегі барлық сөздердің терминдену қабілеті бірдей бола бермейді. Белгілі бір лексикалық қабаттар немесе лексика-семантикалық топтар термин шығармашылығында өнімділік танытса, кейбіреулерінің терминологиядағы үлесі өте төмен.
Мәселен, сөз таптарының терминденуі тұрғысынан қарар болсақ, барлық сөз таптарының (сын есім, етістік, үстеу, есімдік) негізінде жасалған терминдерді қосқанда бір ғана зат есім негізінде туындалған терминдермен теңдесе алмайды. Сөздердің қолданылуы тұрғысынан келгенде де тіліміздегі лексикалық қабаттардың терминге айналу мүмкіндігі әркелкі»(10,52).
Қорытынды Сонымен қорыта келгенде, қазіргі қазақ тілінің "терминологиялық лексикасын құрайтын терминдену тәсілімен жасалған терминдердің елеулі бөлігі - ұлттық әдеби тілдің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздер негізінде жасалған. Жалпы қолданыстағы сөздер терминденудің барлық жолдары арқылы терминдене алады. Оларға бірден көшпестен бұрын осы терминдену процесінің қалай жүзеге асатындығына назар аударып көрелік.
Термин пайда болу үшін ең алдымен белгілі бір терминдер жүйесіндегі орны нақтыланған ұғым болуға тиіс. Ол ұғымның орнының нақтылануы деп біз сол ұғымды өзге ұғымдардан ажырататын оның өзіне ғана тән айрықша белгілері мен қасиеттерінің анықталуын айтып отырмыз. Яғни, бұл ұғымның қамтитын шекарасын, көлемін анықтау деген сөз. Одан әрі айқындалған ұғымның басты белгілерін көрсете отырып, оның мазмұнын толық ашатын анықтама беріледі. Ондай анықтаманың немесе терминнің дефинициясының (мәні) дәл болуы аса қажет. Егер терминнің дефинициясы дәл берілмесе, онда ұғымның мазмұны да солғын ашылады. Соған сәйкес ондай ұғымды сөзбен белгілеу кезінде де ауытқушылық кетеді. Терминнің дефинициясы ұғымның басты белгілерін, көлемін көрсету арқылы сол ұғымның өзі қатысты болатын арнаулы салада қаншалықты деңгейде игерілгендігінен, зерттелгендігінен хабардар етеді.
Ұғымдар жүйесіндегі орны айқындалып, басы ашылған ұғымның қамтитын ауқымын негізгі белгілерін дәл көрсететін ғылыми анықтама бергеннен кейін, анықтамаға сүйене отырып, сол ұғымға өзінің мазмұнына сәйкес келетін атау беру (ат қою) қажеттілігі туындайды. Ұғымға ат коюдың, яғни терминжасам тәсілдерінің бірі - терминдену болып табылады.
Ұғым мазмұны белгілі болғаннан соң, терминолог немесе салалық маман мазмұннан формаға қарай ойысады. Аталған тәсілді пайдалану арқылы термин жасауды ұйғарған зерттеуші өз тілінде бар сөздердің ішінен ұғымды беретіндей (ұғымның мазмұнын қамтитын) сөзді таңдауға көшеді. Дәл осы тұста өзі ат қойғалы отырған ұғымның терминдер жүйесіндегі алатын орны мен оның мазмұнын жақсы түсінумен бірге (бұл лингвистерге қатысты) сол үғымға тиісті атау іздеп отырған тілді де жетік білуі қажет екендігін айтқан жөн.
Біздің терминологиямыздың басым бөлігін орыс және еуропа тілдерінен енген терминдер құрауы себептерінің бірі - сол салаларда қызмет істейтін салалық мамандардың, ғалымдардың қазақ тілін білмеуінен немесе нашар білуінен, еңбектерій өз тілінде жазбауынан деп білеміз. Ана тілін білмейтін маманның өз тілінен (немесе өзге ұлт өкілінің өзі білмейтін тілден) ұғымға атау іздеп, бас қатырмайтынын дәлелдеп жатудың реті жоқ.
Осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын (1948 жылы) академик Нығмет Сауранбаев: "Кезек күтпейтін үлкен бір мәселе - қазақ әдеби тілінің терминологиясын жасау мәселесі... Барлық ғылымның терминдерін жасау өте қажет. Ал оны қазақ тілін білетін әрбір ғылымның мамандары жасай алады, яғни казақ әдеби тілінің терминін жасау казақ, интеллигенциясының міндеті"-деген болатын ().
Қазақ интеллигенциясы қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, өз еңбектерін қазақ тілінде жазғанда ғана ондай міндетті атқара алады. Ұғымды және сол ұғымға атау беретін Тілді жақсы білгенде ғана форма мен мазмұн бірлігіне қол жеткізуге болады. Мәселен, аса көрнекті тілші ғалым А.Байтұрсынұлы жасаған зат есім, сын есім, сан есім, ісімдік, үстеу, етістік, шылау сияқты терминдердің санамызға сіңіп, қалыптасып кетуінің, өміршеңдігінің сыры - олардың білікті тіл маманы ретінде терминделуші ұғымдардың мазмұнын, олардың тіл жүйесіндегі орны мен қызметін терең білуімен бірге, өзі ғылыми ұғымдар атауларын жасап отырған қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген игінде жатқаны дау туғызбаса керек.
Терминнің іші мен сырты үндесіп, затына аты сай келуі - термин жасаушының ұғым атауының біз сөз етіп отырған екі жағына бірдей мән беріп, оларды ұштастыра білу шеберлігіне тікелей байланысты.
Жалпы қолданыстағы сөз термин қатарына өткенде өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып, мүлде жаңа ұғымды белгілеуі мүмкін. Мысалы, жалпы қолданыстағы күмбез сөзі "мешіт, сарай, т. б. құрылыстардың сәнді өрнектермен әшекейленген шаңырақ тәрізді төбесі" және "әдемілігімен көзге түсетін әшекейлі құрылыс - деген мағыналарды білдірсе, геологиялық терминологиядағы күмбез термині "биіктігі жүздеген метрден мыңдаған метрге дейін жететін, көміліп қалған не қазіргі вулкан конусы " деген ұғымды білдіреді.
Сондай-ақ жалпы қолданыста қалта деп "киімнің омырауына т.б. тігіліп, ұсақ-түйек зат салуға арналған бөлігін " - айтса, биологиядағы қалта (бурса) термині "қимылдау кезінде сіңірдің сүйекке үйкелісін бәсеңдететін сіңір, бұлшық ет, тарамыс астында болатын кілегейлі қалтарыс, дорба " - деген ұғымды білдіреді.
Жалпы қолданыстағы күмбез, қалта сөздерінің терминденуі негізінде геология, биология терминдері жасалған. Терминденудің мұндай жағдайында жалпы қолданыстағы сөздер мен арнаулы саладағы терминдердің таңбаланушылары (означаемое) белек-белек, ал таңбалаушылары (означающее), яғни лексема екі ұғымға да ортақ болады.
Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуіне көп ретте тілде бұрыннан бар ұғым мен терминологиядағы терминделуші ұғымның қандай да бір ұқсастықтары себепкер болып табылады.
Келтірілген мысалдардағы күмбез, қалта сөздері ұғымдардың сыртқы формаларының ұқсастықтары негізінде терминденген. Геологиядағы вулкан конусының пішіні құрылыстың төбесіне, биологиядағы кілегейлі қалтарыстың киімге т.б. қоса тігілетін қосымша бөлікке ұқсайтындығынан сөздің бастапқы мағынасы метафоралану жолымен терминге айналып, басқа-басқа ұғымдар ортақ атауға ие болған. Нәтижесінде жаңа сөз пайда болып, жүйеаралық (жалпы лексикалық жүйе мен терминологиялық жүйе арасында) омонимдер туындаған.
Терминденудің бұл жолымен жасалған терминдерді ғылым мен техниканың кез келген саласынан кездестіруге болады. Мәселен, жалпы қолданыста тозаң деп "Зат үстіне қонған не ауаға көтерілген жұқалаң селдір шаңды " немесе "қалың шаң - топырақты " айтса, өсімдіктануда "Жалаңаш тұқымды және жабық тұқымды өсімдіктердің микроспорасын тозаң" дейді. Сондай-ақ әдеби тілде "Адамның көркі, оңі, ажары шырайы" делінсе, тіл білімінде шырай деп сапалық сын есімдерге тән, шаттардың сындарын салыстырып, шендестіріп, күшейтіп көрсететін грамматикалық категорияны айтады.
Келтірілген мысалдардан тозаң сөзі мен тозаң терминінің және шырай сөзі мен шырай терминінің дыбысталулары сәйкес келгенімен, олар бір-біріне қатыссыз басқа-басқа ұғымдарды білдіретінін көріп отырмыз.
Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі өзге тілдердің әсерінсіз, жоғарыдағыдай бір ғана ұлттық тілдің шеңберінде де, сондай-ақ өзге бір тілдің әсерімен де жүзеге асуы мүмкін. Өзге тілдің әсерімен терминдену дегенде біз қазақ тілінің өзінің лексикалық материалын пайдалану арқылы семантикалық тәсілімен термин жасауды айтып отырмыз. Ондай терминдердің өзіндік ерекшеліктері - олар бір жағынан қазақ тілінің өз сөздерінің негізінде жасалған терминдер болса, екінші жағынан өзге тілден алмасқандығы олардың семантикасы арқылы аңғарылып тұрады.
Мәселен, өсімдіктанудағы гүл бөліктерін білдіретін ескек, желкен, қайықша терминдері орыс тіліндегі весло, нарус, лодочка терминдерінің негізінде семантикалық калька жолымен жасалған. Калькалаудың аудармадан басты ерекшелігі - қабылданушы тілде жаңа сөз пайда болып, ол сөздің мағынасы сол жаңа сөздің жасалуына негіз болған тілдегі сөздің мағынасымен сәйкес келеді. Қазақ тіліндегі терминдердің елеулі бөлігі калькалаудың түрлі тәсілдері арқылы жасалған.
Терминологиядағы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған терминдердің енді бір бөлімніцң таңбаланушылары да, таңбалаушылары да өзінің жасалуына негіз болған сөзбен сәйкес келеді. Мұндай лексикалық қабаттың әдеби тіл жүйесі мен оның терминологиялық кіші жүйесіне бірдей қызмет ететіндігі айтылып жүр.
В.П.Даниленко сөздің әдеби тілден терминологияға ауысу барысында өзге ұғымды белгіленуінің нәтижесінде омоним туындауын сөз алмасу құбылысы десе, әдеби тілдегі сөздің терминологияға өтуі кезінде омоним пайда болмай, сөздің бір мезгілде екі жүйеге бірдей (жалпы әдеби тіл жүйесі мен оның терминологиялық кіші жүйесіне) қызмет етуін сөздің "екі жақты қызметі" деп, ондай лексикалық қабатты алғашқыдан бөлек қарауды ұсынады.
Әрине, аталған құбылыстардың арасында автор көрсеткендей айырмашылықтардың бар екендігі рас. Бірақ соған қарамастан, олардың ұқсас жақтары да жоқ емес. Сол ұқсастықтардың маңыздылығын негізге ала отырып, біз бұл аталған екі құбылысты терминдену процесінің аясында қарастырған дұрыс деп білеміз. Басқаша айтқанда, аталған құбылыстарды бір ғана терминдену процесінің жүзеге асуының екі түрлі жолы деп түсінеміз.
Біріншіден, терминденуші сөз екі түрлі жағдайда да жалпы әдеби тіл мен оның терминологиялық жүйесіне бірдей қызмет етеді. Омоним туындаған жағдайда сеө екі басқа ұғымды белгілегенімен оның дыбыстық жағы, яғни лексема екі жүйеге де ортақ. Мұндағы ортақтық деңгейінің әркелкілігін олардың арасын бөлудің негізгі шарты ретінде тануға болмайды. Сонымен бірге, бұл ортақтықты екі құбылыстың басын біріктіретін басты белгі деуден де аулақпыз. Осы тұста тілдік таңбаның екі жүйеге де ортақ болуына көп жағдайда терминденуші сөз атау болған әдеби тілде бұрыннан бар ұғымдардың арасында қандай да бір ұқсастықтың (форма, қызмет т. б.) болатынын да ескерген жөн. Ондай ұқсастық болмаған жағдайда, сол терминделуші ұғымға ұлттық тілде бұрыннан бар сөздің атау ретінде таңдалуына ешбір мотивациялық негіз болмаған болар еді.
Мәселен, перде деп әдеби тілде "есікке, терезеге, театр сахнасына құрыліан шымылдықты " айтсақ, есімдіктануда "көптеген өсімдіктердегі ауалы қуысты бөліп тұратын, жасушалардан құралған бөгет қабатты" айтады.
Мұндағы термин мен жалпы қолданыстағы сөздің омоним болуына негіз болған екі ұғымнында бір нәрсенің арасын бөліп тұратын қызметтерінің ұқсастығы.
Екіншіден, әдеби тілдегі сөз бір мезгілде екі жүйеге бірдей қызмет еткен жағдайда да сөз бен терминнің арасында елеулі айырмашылықтар болады. Сөз жалпы лексикалық өрістен терминологиялық өріске өткенде жаңа сапаға көшіп, терминге тән қасиеттерді иеленеді. Жалпы лексикалық өрістегі сөзге тән қасиеттерінен айырылады.
Мәселен көп мағыналылық, эмоционалды-экспрессивтік, модальдік т. б. термин үшін қажетсіз деп саналады. Бір ғана лексема арқылы көрініс беретін сөз бен терминнің мағыналық айырмашылықтарын аңғару үшін екі жүйеге де ортақ деп саналатын су, жел сөздерінің анықтамаларын салыстырып көрелік.
Су деп әдеби тілде "өзен, көл т.б. түзетін түссіз, мөлдір сұйық затты айтсақ, терминологияда су ден "сутегі оксиді, Н2О қалыпты жағдайда сутегінің оттегімен қарапайым орнықты химиялық байланысын (массасы бойынша 11,19 процент сутегі жоне 88,81 процент оттегі)... " айтады.
Сондай-ақ әдеби тілде жел деп "кейде қатты, кейде баяу соғатын ауаның ағымын "айтса, ал физикалық географияда "ауаның жоғарғы қысымды аймақтан төмен қысымды аймаққа қарай горизонталь бағытта қозғалуын жел"- дейді.
Су және жел сөздерінің жалпы әдеби тілге де, терминологияға да ортақ бір ғана ұғымның атауы екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Алайда осы екі жүйеге де бірдей қызмет ететін сөздің келтірілген анықтамаларынан-ақ термин мен термин емес сөздің арасында едәуір айырмашылықтардың болатынын байқау қиын емес.
Әдеби тілдегі сөз негізінен неғұрлым жалпылама атаулық қызмет атқарып, ұғымның сыртқы белгілерін ғана қамтыса, терминнің дефинициясы арқылы ұғымның тиісті ғылымның даму деңгейіне сәйкес анықталған әрі оның терминологиялық өріс ішіндегі алатын орны мен көлемін нақтылай түсетін, сырт кезге аңғарыла бермейтін ішкі белгілер көрсетіледі. Сөздің бастапқы лексикалық мағынасы арқылы көрінетін белгілерімен терминденгеннен кейін оған дефиниция арқылы бекітіліп берілген белгілері сәйкес келмейді.
М.Н.Володина жуырда жарық көрген зерттеу жұмысында көп жағдайда белгілі бір тілдегі жалпы қолданыстағы сөздердің термин ретінде жиі қолданылатын айта келіп. былай дейді: "Раскрывая через дефиницию наиболее существенные признаки специальных в своей области понятий, какие слова-термины кодируют информацию дважды: в первый раз с их помощыо кодирувтся общеязыковая информация, а во второй - терминологическая "'.
Яғни, жалпы тілдік және арнаулы ақпараттарды жинақтай отырып, термин бір мезгілде әрі тілдік, әрі кәсіптік-ғылыми саланында бірлігі болып табылады. Термин екі жүйеге бірдей ортақ болатынын, оның "екі қожайынның қызметшісі" екенін кезінде А.А. Реформатский де айтқан болатын. Бұл шындықты кейінгі жылдары термин мәселесімен арнайы айналысып жүрген танымал мамандардың барлығы дерлік мойындап келеді. Мойындап қана қоймай оны жаңа деректермен толықтырып, жан-жақты дәлелдеп те жүр. Қалай болғанда да жалпы қолданыстағы сөз бен оның негізінде жасалған терминнің айырмашылығын анықтау қажеттілігі туындайды. Ол үшін сөздің лексикалық мағынасы мен терминологиялық мағынасын құрайтын семантикалық белгілерді салыстырып көру қажет болады.
Төмендегі мысалдан да оны анық көруге болады. Мәселен, жалпы қолданыста тау деп "айналасында жерден едәуір көтеріңкі, биік жері айтса, физикалық географияда тау термині "айналасынан оқшау, айқын байқалатын беткейі, етегі және шыңы бар, теңіз деңгейінен биіктігі кемінде 200м болатын көтеріңкі жер ",- деген ұғымды білдіреді.
Терминнің мазмұны логикалық жолмен арнаулы сала үшін ең қажетті және жеткілікті белгілері айқындалған тұрақты дефинициясы арқылы ашылған. Айталық таудың биіктігі кемінде теңіз деңгейінен 200м көтеріңкі болатындығы - сондай қажетті белгілердің бірі. Терминде ондай белгілер бірнешеу.
Л.А.Капанадзе "терминдену дегеніміз - сөздің лексикалық мағынасын "кесіп ", оған дефиницияны "таңып беру"2 - деген болатын.
Омоним туындамаған жағдайда да терминология қарамағына өткен сөзге терминге тән дефиниция беріледі. Сол дефиниция арқылы бұрыннан бар ұғым өзге белгілері арқылы жаңа сапалық деңгейден керініс береді. Сондай-ақ ондай термин белгілі бір терминологиялық өріспен шектеліп, ұғымдар жүйесінен орын алады. Бұл сөздің термин қатарына өткендігінің, яғни терминденгендігінің белгісі. "Жалпы қолданыстағы сөз терминологиялық өріс ішінде бұрынғы мағынасынан бөлек, арнайы мағынаға ие болады".
Сонымен, қорыта айтқанда тіліміздегі жалпы қолданыстағы, сөздердің терминденуінің екі түрлі жолын көрсетуге болады:
Біріншісі - халықтың ұғымында бұрын болмаған ғылым мен техниканың, өнердің даму барысында ашылған жаңа ұғымды ұлттық тілде бұрыннан бар сөзбен белгілеу. Терминденудің мұндай жағдайында сөздің тек дыбыстық жағы алынады да бір ғана лексема екі жүйеде (жалпы лексика мен арнаулы лексика) екі басқа ұғымды білдіреді. Нәтижесінде бастапқы сөзбен жаңа термин омонимдік қатар түзеді.
Екіншісі - халықтың ұғымында бұрыннан бар ұғымның атауымен қоса, жалпы лексикалық өрістен белгілі бір терминологиялық өріске етуі. Бұл жағдайда ғылым мен техниканың даму деңгейі мен терминологиялық жүйенің талабына сәйкес ұғым жаңа сапалық белгілерді иеленеді. Сөздің лексикалық мағынасын құрайтын, белгілерінің орнын (кейбір белгілері сақталуы мүмкін) ғылыми немесе арнаулы ұғым белгілері алмастырады.
Терминденудің екі түрінің арасында елеулі өзгешеліктер бар екендігіне қарамастан екі түрлі жолмен терминденген сөз де бірдей терминдік қасиеттерді иеленіп, белгілі бір терминологиялық өріске бағынышты болады. Әдеби тілдегі сөздер қай тәсілмен терминденсе де өріс ішінде бірдей қызмет атқарып, бір деңгейде тұрады.
Қазақ тілінің аймақтық лексикасы, оның өзіндік ерекшеліктері мен әдеби тілге қатысы тілші ғалымдар тарапынан едәуір зерттелген мәселелер деуге болады. Оған тіл білімінің диалектология саласын арнайы зерттеген С.А. Аманжолов, Ж.Д. Досқараев, Ш.Ш. Сарыбаев, Ә. Нұрмағамбетов, С. Омарбеков, О. Нақысбеков, Н. Жүнісов, Ғ. Қалиев, Т. Айдаров, Ж. Болатов сияқты ғалымдардың еңбектері куә бола алады.
Әдеби тілдің лексикасы мен аймақтық лексика арасындағы байланыс сияқты, ғылым мен техниканың түрлі саласына қатысты терминологиялық лексика мен аймактық лексика арасында да байланыс бар. Алайда бұлардың соңғыларының арасындағы байланыс қазақ тіл білімінде әлі арнайы қарастырыла алмай келе жатқан мәселелердің қатарында болып табылады. Сондықтан оған арнайы көңіл бөлудің мәні айрықша. Бұл әсіресе терминология үшін өте қажет.
Біз төменде мәселенің нақты бір қырына, яғни аймақтық лексиканың терминологияны байыту мүмкіндігі мен оның терминдену жолдарына баса назар аударамыз.
Қазақ терминологиясында диалектілік лексиканың терминденуі арқылы жасалған терминдер тым жиі болмаса да кездеседі. Мәселен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында қолданылатын топ сөзі биология терминдерінің қатарынан орын алған. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде бұл сөзге - "сөктен жасалған ботқа, каша. Көженің қоюы " деген түсініктеме берілсе, 1988 жылы жарық көрген биология арнаулы сөздігінде топ (барда) терминіне - "малға жем ретінде пайдаланылатын спирт өндіргенде қалатын қоймалжың қалдық" деген анықтама берілген.
Байқап отырғанымыздай, диалекті сөздің білдіретін ұғымы мен терминдік ұғымның ұқсастығына (қою, қоймалжың және азықтық қасиеттеріне қарай) орай термин жасалынған. Осы сынды Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандарында қолданылатын құжат сөзі қазір өз мағынасында жұмсалатын терминком ресми бекіткен терминдердің қатарында екені белгілі.
Семей облысының Абай ауданында ұйым мағынасында қолданылып келген ұжым, Түрікменстан, Қарақалпақстан және Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында әдет, дәстүр мағынасында қолданылын келген үрдіс сөздері де аздаған мағыналық өзгерістерге ұшырау арқылы терминденіп, ресми бекітілген терминдер қатарына қосылды. Осы тізімге алқа (коллегия), егемендік (суверенитет), түнек (лежка), собық (ночаток), қандауыр (скальпель) сияқты терминдерді де қосуға болады.
Сондай-ақ диалекті сөздердің арасында жалпы қолданыстағы қазақша баламалары болмай келген сөздердің баламасы ретінде қолданылып жүргендері де барқатар; ақжайма (простыня), орам (квартал), түшпара (пельмени) т. б.
Жоғарыдағы терминденген диалекті сөздердің көпшілігі қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігіне енгізілген екен. Түсіндірме сөздіктен орын алуы – олардың термиңденуіне белгілі дәрежеде ықпал еткен деп білеміз.
Жалпы диалектизмдер есебінен арнаулы лексиканың жалпы лексиканың да қатары жолыға түсетіндігін тілдік деректер көрсетіп отыр. Алайда аймақтық лексиканың терминдену деңгейі өзге лексикалық қабаттармен, оның ішінде жалпы қолданыстағы сөздермен салыстырғанда онша жоғары емес. Оның ең басты себебі - көбінесе диалектизмдердің әдеби тілде баламасы болуынан деп түсінеміз. Терминдену кезінде таңдауға алдымен әдеби нұсқа ілігеді. Ал жоғарыдағы терминденген диалекті сөздерге келсек, олардың көпшілігінің әдеби тілде қазақша баламалары болмай шықты. Олардың терминдену мүмкіндігі болуының бір себебі сонымен де байланысты болса керек.
Екіншіден, мұны аймақтық лексиканың терминологияны байытудың кезі ретінде танылып, оның термин шығармашылығында қажетке жаратылмай келгендігінен де ге түсіндіруге болады.
Түптеп келгенде, бұл ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметінің шектеліп келгендігін, сондай-ақ тіл білімінің салаларымен салыстырғанда қазақ терминологиясының аз зерттелгендігін де көрсететін факторлардың бірі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі Айғабылұлы А. Қазақ тілінің лексикологиясы . - А..,1997 ж.—146 бет.
Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыртасуы. А..,1986 ж. –213 бет.
Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. А..,1991 ж.
Әуезов М. Қазақ тіліндегі терминология мәселелері. Жиырма томдық шығармалар жинағы. -А.., 1999 ж.
Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. А.., 1999 ж.
Барлыбаев Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. А.., 2000 ж.
Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. А.., 1994 ж.
Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудағы өзекті мәселелер. А.., 2001 ж.
Досмұхамедұлы Х. Қазақ тіліндегі терминдердің аталу ерекшеліктері. А.., 1985 ж.
Костенко Ф.Д. , А. Н. Матвеева.Теория терминологической номинации. М.., 1991 ж.
Айтбекова М.. Бағытты білім беруде жаңа терминдерді енгізудің жеке тұлға дамуына әсері. //Қазақ тілі мен Әдебиеті. №3, 2005 ж.
Беспалько В. Л. Как должен быть термин?. М.., 1989 –412-бет.
Выготский Л.С Термин и его мотивированность. М.: Просвещение.1991
Левин Т. Введение в терминоведение. М., 2001, 207с.
Махмутов М. Организация проблемного обучения в школе. Москва,1977,240с.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис.-Астана,2002
Шерубай Құрманбай. Қазақ тіліндегі терминдерді оқыту методикасы.-Алматы, Мектеп, 1988
Қозыбаев С. Қазақ тіліндегі терминдерді оқыту методикасы. Алматы,1988