Жаңа тас ғасыры (неолит) Еңбек құралының дамуы адамзатты терімшілік пен аңшылықтан егіншілік пен мал шаруашылығына алып келді. Адамдар табиғат сыйына тәуелділіктен құтылып, өмір сүруге қажетті азық-түлікті өздері өндірді. Жер өңдеудің қарапайым түрін меңгеріп, жабайы жануарларды қолға үйретті. Кен өндіру және тоқымашылықпен айналыса бастады. Сонымен, неолит дәуірінің басты ерекшелігі – өнімді еңбектің пайда болуы.
Тас өңдеу биік деңгейге көтерілді. Ұсақ тастардан өткірленіп алынған ұштар мен кескіштер құрамалы құралдар жасау үшін қолданылды. Мұндай құралдарға жебе мен найза, жүзі өткір тастардан жасалған пышақ пен орақтар жатады. Құрамалы құралдар екі түрлі материалдан құрастырылып, құралдың ұшы немесе жүзі ұсақ өткір тастан жасалған.
Неолиттік тұрақтар мен қоныстар еліміздің аумағында көптеп кездеседі. Олардың жалпы саны 500-ден астам. Неолиттік тұрақтар адамдар уақытша және ұзақ уақыт аралығында тұрақты өмір сүрген қоныстар болып екіге бөлінеді.
Ежелгі адамдардың негізгі аулайтын аңдары аша тұяқты болып, жайылымын жиі өзгертетін болғандықтан, аңшылар олардың соңынан жылжып көшіп отырған. Сондықтан мекендердің көпшілігі уақытша болған.
Неолиттік тұрақтар: Усть-Нарым (Шығыс Қазақстан), Қарағанды, Зеленая Балка (Орталық Қазақстан), Пеньки (Солтүстік Қазақстан). Бұл тұрақтар Сарыарқаның солтүстігінде, Ертістен Есілге дейінгі аралықта орналасқан және жаңа тас ғасырының соңғы кезі – б.з.б. 5 мыңжылдыққа жатады.
Жаңа тас ғасыры (неолит) б.з.б. 5-3 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Тас дәуірінің дамыған кезеңі неолитте адамзат көптеген жаңалықтар ойлап тапты. Мата тоқып, киім тігуді үйренді. Қыш құмыра (керамика) жасауды біліп, ыдыстарға өрнектер салған. Сондықтан бұл дәуірді “қыш құмыралар заманы” деп атайды. Саздан жасалған қыш ыдыс көзе деп аталады.
Жезқазған өңірінен 150-ге жуық тұрақ, көне кен шығару, жерлеу орындары табылды. Қабірдің қабырғасы тас плиталармен қоршалған. Адамның басын солтүстік-батысқа қаратып, шалқасынан жерлеген. Бұл о дүниеге деген сенімнің болғандығын білдіреді.
Қызылорда облысында орналасқан Сексеуіл тұрағының маңында су қоймасы болған. Тұрақтан қой мен сиырдың (80 пайыз) және жабайы жылқылардың қаңқалары табылды. Бұл тұрақтың тұрғындары мал өсірумен және аңшылықпен айналысқан.