І бөлім Қарқаралының марқасқасы -мәди



бет1/7
Дата26.06.2018
өлшемі1,04 Mb.
#44467
  1   2   3   4   5   6   7
Мазмұны

Кіріспе…………………………………………………………………………......3


І бөлім Қарқаралының марқасқасы –Мәди.…………..........................................6
1.1 Мәди Бәпиұлының өмірбаяны ..............................................................6

1.1.1 Мәдидің көркем бейнесі...................................................................12

1.2 Мәди жайлы айтылған деректер..........................................................14
ІІ бөлім Арқа ән мектебіндегі Мәди шығармашылығының сипаты.................22
2.1 Арқа дәстүрлі ән мектебі жайлы жалпы мағлұмат…………............22

2.2 Сал -серілер ізбасары…………………….......……….........................30


Қорытынды............................................................................................................43
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі…………………....……………………....…44
Қосымшалар………………………………………………………………...…....45

Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қандай ел болмасын, мейлі ол отырықшы, әлде көшпелі болсын сол елдің ғасырлар бойы тарихи жағынан қалыптасқан өмір тұрмысы, салт-дәстүрі өзін қоршаған табиғи ортаны қабылдаудағы түйсік-сезімі мен ойлау жүйесіне орай лайықты жасалған туған тілі, төл мәдениеті болмақ. Мәдениеті мен өнеріне қарай ел өмірі мен оның рухани тұлғасы, бет-бейнесі мен бедел-белі де айқындалып танылмақ.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар музыкалық қазынасының терең бір арнасы – ән өнері. Бұл өнер заманалардың қатал сын-дауылдарынан мүдірместен өтіп, өзінің сан қырлы көркемдік сипатымен сақталынып, көшпелілердің биік руханияты мен мәдениетінің сарқылмас бұлағына айналды. Қазақ әндері о баста ауызекі түрде шығып, тарап, өз тыңдаушыларының жүрегіне биік орнығып, әр заманда сұрыпталып, сан түрлі реңі-бояуларымен, міне XXI ғасырға да жетіп отыр.

Халқымыздың рухани тынысының кеңеюі мен эстетикалық сана-түсінігінің терең қалыптасуына бұл әндердің әсер-ықпалы орасан зор болды. Ән өнері халықтық тұрмыс-тіршілікке, әдет-ғұрыпқа деген талғамын ғана өсіріп қойған жоқ, сонымен бірге біздің жан-дүниемізді сұлулық пен мейірімге, ізденіс пен махаббатқа түбегейлі іңкәр етті.

Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген қазақ халқы небір әдемі әуенге өрілген, асыл сөздің мөлдіреген моншақ-кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын ізгілік пен адамгершілікке жетеледі. Осылайша буыннан-буынға жалғасып келеді.

Кейбір кер заманда қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалар халық әндерінің тағдырына да кері әсер еткені анық. Мәселен, кешегі қызыл империяның ызғары қазақтың ән өнеріне өзінің сұсты көлеңкесін түсіріп кетті. Өйткені, қаншама әндер авторларының аты-жөнін ашық айтуға болмағандықтан, олардың көшпелі халық әндері қатарына барып қосылған болса, енді біразы әлі де иесін таппай жүр. Сондай-ақ, кейбір әндердің әуендері ұқсас болып келгенімен, ән мәтінінде алшақтық байқалады. Енді бірсыпыра әндер қоғамдық-әлеуметтік игі өзгерістердің әсерінен заңды иелерін тауып та жатыр.

Өз заманыңда өлең жырлары, жыр шумақтары қағаз бетіне түспеседе ел аузында аңыз боп сақталған дархан даланың дүлдүлі – Мәди Бәпиұлы. Мәди сегіз қырлы, бір сырлы сом алтындай саф таза талант. Ол -ақын. Ол - сазгер. Ол - әнші. Ол - қазақ өнерінің асқан шебері. Оның таланты ерте танылып, елге етене мәшһүр болды. Он төрт жасында Қызылжар қаласының іргесіндегі Тайынша жәрмеңкесінде Біржан сал мен Ақан серіге кездесіп, солардың алдында әуелетіп ән салған. Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде талай онер саңлақтарымен жүздескен. Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Иман - Жүсіп, үкілі Ыбырай сынды сүлейлер меп дүлдүлдердің ақ батасын алған.

Біздің ұрпаққа Мәдидің бейнесі оның әндерінен жетті. Мәдидің бейнесі бізге көзін көрген қариялардың әңгіме-естеліктерінен жетті. Мәди біздің санамызда "Сұрасаң руымды Қаракесек" деп бүкіл әлемге әйгілі классикалық туынды болған асқақ әнімен белгілі.

Біздің қолымызға тиген Мәди ақынның бірнеше әндерімен, бір ғана өлеңі және ақындармен айтысқа түскендігі әншінің соңында қалған шалқар дүниенің сарқыты ғана. Мәди ақынның өлеңдері мен айтыс саласындағы мұрасы жайын біріктіре қараған еңбек жоқтың қасы. Аталған жайттар диплом жұмысы тақырыбының өзектілігін көрсетеді.



Диплом жұмысының мақсаты: Мәди ақынның өнерін жан-жақты қарастыру.

Зерттеу нысаны: Мәди Бәпиұлының ән өнері.

Зерттеу пәні: Мәди шығармашылығындағы ақындық белгілері.

Қарастырылатын мәселелер:

  • Мәдидің ән өнерін қарастыру;

  • Мәди шығармашылығындағы ақындық ерекшеліктерін саралау;


Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мәди жайлы дерек-мәліметтерді қарастыра отырып, ән мұрасына талдау жасап, арнайы зерттеген еңбектердің жоғын байқадық. Тек қана оның өмірі мен өлеңдерінің әр кезеңдерде жинақталып, баспа бетін көргенін аңғардық.

Ақын шығармалары 1942 жылы «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» жинағына топтастырылды, 2007 жылы «Сарыарқа саңлақтары» кітабына айтысы жарияланды, өмірі мен шағармашылығы жайында «Қарқаралы» аймақтық журналына (1996 және 2005) жазылады.

Бүгінгі біздің ақын-жазушыларымыз Мәди туралы қалам тербеуде. Сапарғали Ләмбековтың «Қаракесек» поэмасы, Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» атты романы, Әшімбек Бектасовтың «Мәди » атты деректі кітабында , Масғұт Халиолланың «Кеудесін кек кернеген кесек талант» атты ессесінде әйгілі ақын жайлы біраз сыр шертеді.

Зейнұр Қоспақовтың 1999 жылы жарық көрген « Қазақтың әншілік өнері» деген кітабында да Мәди жайлы деректер келтірілген.

2000 жылы шыққан Кәрім Сауғабайдың «Мәди» жайлы деректі хикаяттар мен автордың осы тақырыпқа орайлас жазылған өлеңдері де енгізілген.Ақын –жазушыларымыз, Мәди бабамыздың ақындық әрі әншілдік өнерін ыстық сезіммен суреттейді.

2001 жылы академик-ғалым, музыкатанушы Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде ақынның өмірбаяны жайлы терең зерттелген.

2005 жылы Мәди Бәпиұлының туғанына 125 жылдығына орай Ермек Балташұлы мен Сламбек Жұмағалидың «Сұрасаң Мәди еді менің атым» екі актілі, жеті көріністі тарихи драмасы жарық көрді.

Осы аталған еңбектерден басқа Мәди Бәпиұлы мұрасы жайында арнайы зерттеуді арқау еткен ешқандай еңбек кездестірмедік.



Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Мәди ақынның өнері алғаш жан-жақты рет қарастырылды. Мәдидің ән мен айтыс өнерінде ақындық белгілері табылып отыр.

Еңбектің теориялық және тәжірибелік маңызы.

Дипломдық жұмыс материалдары дәстүрлі және қазақ музыкасының тарихы бойынша оқу к урстарында қолданылуына болады.



Диплом жұмысының құрылымы. Мәди әншінің мұрасын қарастыруға арналған диплом жұмысымыз дәстүрлі кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

1 БӨЛІМ. ҚАРҚАРАЛЫНЫҢ МАРҚАСҚАСЫ – МӘДИ
1.1. Мәди Бәпиұлының өмірбаяны
Мәди Бәпиұлы 1880 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Едірей болысы, №3 ауылда дүниеге келген. Туып, өскен жері Үшқара деген биік коңыр тау. Оның руы өзі асқақ әніне қосқан - Қаракесек. Арғы аталары Үш жүзге бәтуалы билік айтқан аузы дуалы Қаздауысты Қазыбек, одан туған Бекболат билер болып келеді де бұдан бергі Алшынбай, одан Жанықұл, Қақабай, Қосық, Шәпи, Бәпи болып тарайды. Мәди Бәпидің баласы. Алшынбайдың алғашқы төрт ұлы "сен тұр да мен атайын" төрт құбыласы түгел бай-манаптар болса, Бәпи шаруасы коңторғай, әрі басқа да жарымаған, ешкімге жасар қиянаты жоқ момын адам екен. Ол осылай қам көңіл күй кешіп жүргенде маңдайына жұлдыз еткен, жалғызы Мәди өмір есігін ашады.

Алшынбай бидің кенжесі Бәпиден туған Мәди ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша қара шаңырактың иесі атанып, мейірбан әже Алшынбайдың бәйбішесі Ұлжанның бауырына салынып, тәрбиесіне беріледі. Көпті көрген көкірегі ашық зерделі әженің ешкімге бетінен қақтырмай, жасытып, жабырқатпай өсірген немересі Мәди жасынан-ақ алғыр басынан өзгенің өктемдігін асырмайтын өжет болып өседі. Ол оңы мен солын тани келе ақындық, әншілік, сазгерлік, атбегілік, тіпті зергерлік пен етікшілік өнерге де бой ұрады. Ер жігітке сегіз өнер де аз дегендей табиғатынан тал бойына серілік дарыған Мәди шын мәнінде ел еркесі, той-думанның серкесі атанады. Сөйте жүріп ол қиянатқа жаны қас, озбырлыққа жүрегі тас азамат болып қалыптасады.

Сөзін де, әнін де өзі шығарып, оны әуелете шырқайтын Мәди "Жігіттік ақ семсердің жүзі емес пе, қайрап ап қалың жауға сермегендей" деп қанаты талмас қырандай саңқылдайды. Бірақ өнерді-есерлік, бетке тура айтылған әділ сөзді -бас бұзар тентектік деп бағалайтын қолында билік бар оның дөкір кеуде ағайындары алмас қылыштай жарқылдаған Мәдиді телі-тентекпен шайқасуға, кедей-кепшіктің жағасына жармасуға айдап салмақшы болады. Алайда дүниеқоңыздықты, зорлық-зомбылықты жастайынан жек көретін дарын иесі олардың ойлаған жерінен шыға қоймайды. Қайта ел тыныштығы үшін қиянатқа қасқая қарсы шығады, жарлы-жақыбайларды қанатының астына алуға тырысады.

Халқымызда "Сүтпен біткен мінез сүйекпен бірге кетеді" деген даналық сөз бар. Адамға құрмет, аяныш сезіммен қарау Мәдидің бойына Тәңір жазған мінез болып қалыптасады. Оны ауыздан-ауызға тарап, қалың ел арасында айтылып жүрген әңгімелер бекіте түседі. Сірә, оның жүрегіңде адамгершілік асқақ сезімді оятқан, сөз жоқ Абай өлеңдерінің шарапаты болса керек. Демек Мәди ұлы ақынның өлендерін жастайынан жаттап өскен. Бұған Абайдың оған жезде болуы (Абайдың үлкен әйелі — Ділда Бәпидің ағасы Жүсіптің қызы) игі әсерін тигізген. Ол он жасында-ақ Абайдың "Айттым сәлем Қаламқас", "Сегіз аяқ", "Татьянаның қырдағы әні" өлең әңдерін шырқаған. Сонымен бірге Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбрай, Шөже мен Кемпірбай — Мәдидің рухани ұстаздары. Сары-арқада саф өнердің туын тіккен осыңдай саңлақтардың әсем әндері мен кестелі көркем жырлары Мәдидің жүрегіне ертеден-ақ ұялаған.

"Атадан ала да, құла да туады", демекші Қақабай сияқты тек алдындағы малы мен аз күндік бағына лепірген қарашоқпармен катар оның інісі Бәпиден сөйлесе төрт аяғы тең жорғадай көсілген, ән салса даусы алты қырдың астынан естілетін, күрессе жауырыны жерге тимеген, әділдік десе қоң етін кесіп беретін Мәдидің дүниеге келуі сирек кездесетін құбылыс. Қақабайдың айналасына әділетсіз каһарын жүргізген болыстық озбырлығы Мәдидің адамгершілігіне әсерін тигізе қоймайды. Еңді жарты патшамыз деп жүрген одан гөрі өнер иесі жалынды жігіт Мәдидің ел арасында қадірі артып, аз уакыттың ішіңде көптің сүйіктісі болып алады. Бұл жәй көркеуде Қақабайдың ішін удай ашытты, жүрегін сыздата түседі. Соңдықтан ол өзінен абыройы артып бара жатқан Мәдиге тор құра бастайды. Ақыры болыстың озбыр мінезі, ожар іс-әрекеті салдарынан Мәди Атбасар жағына жер аударылып, абақтыға жапқызылады.

Иә, Мәди ат басын тіремеген жер жоқ шығар. Ол кеудесіне нан піскен шонжар-шодырлардың талақтай жабысқан пәле-жаласынан ұры-қары, бас бұзар барымташы атанып, берісі Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Семей, әрісі Кереку, Омбы түрмелерінің ащы дәмін татты. Ол кезде бүгінгідей ақ-қараның жігін ашып, адамшылдық пен озбырлықты талдап, таразылап жатқан кім бар, мойынға бұғау түсіп, қол-аяқ кісенделіп, Мәди түрмеден-түрмеге айдалып кете барды...

Арқаның азаттықты ту етіп кетерген сегіз қырлы, бір сырлы табиғи талант иесінің өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеп, оның туған халқымен қауыштыруға алғашқылардың бірі болып академик, дарынды сазгер Ахмет Жұбанов кіріскен еді. Ол сонау 1942 жылы Қазақтың біріккен баспасы арқылы Алматы қаласында жарық көрген "Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы", одан кейін жазылған "Замана бұлбұлдары" кітаптарында Мәдидің азаматтығы, ақылдығы мен әншілігі, қажырлы күрескерлігі жайында толғана қалам тартқан екен.

"Замана бұлбұлдары" кітабында Ахаң түрмеден-түрмеге қамалған Мәди туралы былай деп сыр шертеді: "...Қайратты жігіт қанша күшіне мінгенімен, қолды бұғау, аяқты кісен тырп еткізбейді, налытады, ойға шомылдырады. Қазақтың ескі салтында тәрбиеленген Мәди қысылған жерде аруақты, ата-бабасын айтып, өзінің трагедиясына тоқтайды.


Бабамыз кешегі өткен Алшынбайды,

Ақылы өткел бермес терең сайды.

Әруағың Алатаудай бабаларым,

Көрдің бе ғарып болған біздің - жәйді.

- деп оларға да жалбарынып қояды.

Түрменің қатал тәртібін, күннің өтіп болмайтынын, іздеп

Келген ағайынмен де дұрыстап сөйлестірмейтінін өлеңге қосады.

Бұл күңде абақтыда біз жатамыз,

Көңілді құмалақлен жұбатамыз.

Алыстан іздеп келген ағайынмен,

Тесіктен алақандай тіл қатамыз, -

деп біресе "Үшқара" әнінің, біресе "Қаракесек" әуенімен түрмені басына көтеріп, шырқай жібереді. Қанша қатал болғанымен күзетшілер өздерінен үлкен әкімдері келіп қалғанда болмаса, Мәдиді қимайды. Ал басқа еріксіздер болса, олар айта түссе екен дегеннен басқа тілек тілемейді. Мәди осылай біраз уақыт болып, мәселенің шеті көрінбей бара жатқан соң қалай да қашудың жоспарын жасайды. Қарулы жігіт түрменің іргесін қазып, күндіз оны жауып қойып, бір күні аман-есен қашып шығады. Бұл 1915 жылдар.

Мәдидің "Үшқарасы", "Қаракесегі" өзінің тұсында ауыздан-ауызға көшіп, Қыр мен Сырға тегіс тарайды. Халық Мәдиді әнінен біледі, түсін көрмегендер оның бейнесін өздерінше неше саққа жүгіртіп, көз алдарына басқа адамнан өзгеше бір алып етіп суреттейді. Мәди халықтың қиялында ертегінің батырларындай эпикалық образға енеді. Мәди әкімдерден, оның ішінде Қақабайдан қауыптеніп, ұзақ уакыт еліне бармай, алыстан хабарласып жүреді. Сол алаң кездің өзінде де ол ән шығаруын тоқтатпайды. Қапастан босап, елінің еркін ауасын жұтып, кенеліп қалған Мәди бір сәтте болса көңілі көтеріліп, атақты "Шіркін-ай" әнін шығарады. "Шіркін-ай" салған бетте үлкен интервалға жоғары секіріп басталады. Ол авторлық шалқыған ойын, мызғымас күшін береді. Тек өлеңнің соңғы жолында, қайырмаға келгенде әннің динамикасы азайып, бір сәт үлкен қиялға кеткендей, өткен бір қызық күңдері ойға түскендей, әсем үн, қоңыр дыбыс арқылы, құйқылжып барып ән бітеді. Мұны біреулер: Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, Сонан соң көптің сөзін тастау қиын, — деген сөздермен айтады. Мәдидің өзі айтатын сездер біздінше басқа болуы керек. Өйткені, әннің алапат күшпен басталуы, сол дәрежеде орындаушының біраз ұстап тұруы, тек аяғында ғана дыбыс баяулап, бірақ қайғы-қасіреттен аулақ, тек бір тәтті қиял дүниесіне еніп кеткендей болып аяғының бітуі басқа бір текстер керек еткендей". Міне, Ахан бұл пікірді өте бір білгіштікпен дөп басып айтып кеткен.

Ал, Бектасов пен Адамбековтың "Қазақстан" баспасынан 1969 жылы жарық көрген "Мәди" атты өмірбаяндық очеркінде: "Оның ақылы мен мінезіне сұңғақты, кең иықты келбеті, атжақты, қыр мұрынды, жазық маңдайлы бет-пішіні, шамшырақтай шаралы, жалынды көздері жарасып, жарқырап тұратын. Ол ер тұлғалы сұлу денесіне жарасымды киімді де қымбаттан таңдап, жаңа үлгімен киінетін. Орысша киіміне қарағанда ол оқыған ғалымға, ширақ қимылына, ісіне қарағанда әскери адамға ұқсайтын. Омбыда оны соттаған процеске қатысқан бір қарт офицердің Мәдидің сұлу да сымбатты сүйегіне қызығып, тілмаш арқылы қасында отырған Қасенге: Шіркін-ай, мына тұлғасына, ақылына. жүректілігіне лайық европаша білім алса, әскери тәрбие берсе, өзінен қандай қабілетті генерал шығар еді" дегені бар деп жазған болатын.

Бүгінде Мәдиді көрген адамдардың көзі тірісі некен-саяқ. Алайда оның туыстары Мәди туралы айтқан әңгімелерінің бірқатары бізге жетіп отыр. Солардың арасынан 1980-шы жылдары дүние салған Мәдидің күйеу баласы Тоқаш Кәдікеев (Ол Мәдидің қарыңдасы Мәрпузаға үйленген) ерекше құнды. Ақиық ақынның қазір елдің қолында жүрген жалғыз суретін бой тұмардай сақтап ұрпағына табыс еткен де сол Тоқаң. Мәдидің суреті әуелі Атбасарда руы Қаракесек Жайсаң деген қажының баласы Қәмалдың, қолында болады да, кейінде 1953 жылы оның, әйелінен Тоқаш алады. Патша жендеттері Мәдиді 1914 жылы тұтқындап, басында Қараөткелге, одан кейін Атбасарға айдағаны мәлім. Жаңағы суретке ол 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде түскен. Тоқаш ақсақал бұл жөнінде «Мәди бір сөзінде: «осы суретке 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргеңде туысым Кәмал бір суретшіні үйге ертіп әкеліп, түсірткен еді. Басымдағы тымақты Алшын-Жаппас елінің азаматы, абақтыда бірге болған жолдасым беріп еді» дегені есімде», деп айтқан екен.

Тоқаш ақсақалдың баяңдауынша Мәди жазда басына елтірі тымақ, қыста түлкі тымак, үстіне плащ пен пальто киетін. Кейде шаш қоятын, тіпті шылым да тартатын. Бұл оның түрмеден-түрмеге түсіп жүрген кездеріңде басқа ұлт адамдарынан көрген әсерден болса керек. Дауысы кеудеден күңгірлеп шығатын, құлаққа жағымды қоңыр үн болған. Ол көбіне-көп өзі шығарған әндерін орындайтын. Оның қазіргі айтылып жүрген әндерінен басқа да бірқатар әндері бар екен. Ал араб әліппесімен жазған жазулары тасқа таңба басқандай анық болған. Қыста ақ байпақты саптама етік киген.

Сексеннен асып, тоқсанға таяп барып өмірден өткен Тоқаң:

"Мәди ат сайысының пірі еді, шауып келе жатқан аттап қарғып түсіп, қарғып мініп кете беретін. Талай рет шаршы топ алдында балуанға түсіп, күш сынасқанын да көрдім. Қоянды жәрмеңкесі кезінде Жалғызтөбе деген жерде Керекудің түйе балуанын - жыққаны есімде қалыпты. Керекуліктер балуанын шынжырлап әкелді. Ол кезде шынжырлау балуанның күшгілігін көрсететін, жұрт алдында айбынын асыратын белгі, әрі өзінше бір сәні болатын. Өзі де бір атан түйедей неме екен, онымен күресуге дәті барып, жөпәлемде ешкім шыға қоймады. Бір кезде қарасам Мәди үндеместен шешініп жатыр. Шапанын бізге қарай лақтырып тастады да бешпетшең ортаға шықты. Аяғында өкшесінің биіктігі бір сүйем қара былғары етігі бар. Оны өзі тіккен. Апар-ай тобығы шьвып кетіп, жазым болар ма екен деп Аллалап біз түрмыз. Екі балуан жанаса бергеңде карасам, Мәди анадан әлде кайда биік, әлде кайда жіңішке. Түйе балуан оны олайда шиырып лактырады, былайда шиырып лактырады. Бірақ, Мәди жерге мысық сияқты тік ете түседі. Осылайша қарсыласын әбден қалжыратып, титықтатып алған Мәди бір кезде "әуп!" деп оны көтеріп арқалай жөнелді. Енді көзді ашып-жұмғанша анадай жерде алқа-қотан отырған би-төре, бай-бағлан, ақсақал-қарасақалдардың алдына апарып, жерге бір-ақ ұрды, шаң бұрқ ете түсті. Аржағында не болғанына қарағамыз жоқ, жүрегіміз жарыла қуанған көп жігіт Мәдиді тік көтеріп әкеткенімізді білемін, әйтеуір. Сол жолы балуанға түсіп, алған бәйгіден Мәди сыңар суыртпақ иеленген жоқ. Жиналған елге пышақ үстіңде үлестіріп берді..." дейтін.

Токаш қария Мәдидің қолынан мөр төгілетін ісімерлігін да тамсана отырып айтады екен. "Тамаша етікші еді, аякөз арулар Мәдиді қолқалап етік тіктіріп алатын. Киімді өзі пішіп, өзі тігетін. Оның орысша киінетінін мескарын байлар сөз етіп, Мәди шоқынған деп кемсітпек те болатын. Міне, Мәди Бәпиұлын тек әнші, ақын, сазгер ғана емес сегіз қырлы, бір сырлы сері деп отырғанымыз да осыдан.

Жастайынан әділетті ту еткен сері өзінің дүниеқоңыз қарау ағасы Қақабайдың қарына тап болып, патша өкіметі тұсыңда қуғын-сүргіннен көз ашпай түрмеден-түрмеге түскенін жоғарыда біршама сөз еттік. Ал ол қазан төңкерісі тендікке жеткізетін жақсылық әкелгендей көріп, Кеңес өкіметін Қарқаралы өңірінде жүру ісіне белсене араласады. Бұл жолда көзі ашық інісі Нығымет Нұрмақовты басшы санап, оның соңынан ереді. Сөйтіп, Қарқаралыдағы елді басқара бастаған Совдепке мүше болып кіреді. Оның тапсырмасымен ауылдық жерлерде бірсыпыра игілікті істердің жүзеге асырылуына мұрындық болады. Бұдан кейін ақ гвардияшылар жасаған бүліншілік және елді жайлаған азамат соғысы кезінде қайтадан тұтқындалады. Мәдилерді 1919 жылы қызылдар түрмеден босатады. Басқалар сияқты Мәди де жаңа заман ісіне бел буа кіріседі.

Оның:


Қырықта бостаншылық шықтым тауға,

Совдеппін, қимылдайтын басым сауда.

Николай, Колчактардың заманы өтті,

Болғанда тілім қышып, қалам найза,

Сілтейік, кетпесін кек залым жауға, —

деп жар салуы соның нақты дәлелі болса керек.

Осыдан Үшқарадағы туған ауылында алаңсыз жаңа өмірмен араласып жүрген Мәди сол тұста нақақ жаламен Қарқаралы түрмесіне қамалған досы, Алашорда жағында қызметте болған Мұстақым Молдыбаевқа жолықпақ болып, Қарқаралыға келеді. Мұнда ол ат басын реальное училищесінде сабақ беретін, бұрыннан көңілдері жараскан Кәмелдің үйіне тірейді. Оның, қасына ауылдан жақын туысы Мөшірап жәке бірер жігіт ере келеді, Мәдиді қуана қарсы алған үй иесі Садырбектің Әмейі, Сатыбалдының РымСайы, Сәду, Бекен қари, ағайынды Әбіш пен Мұстапа молда дейтін адамдарды шақырып, бәрі көңілді бір мәжіліс құрады. Ертеңінде Мәди Мұстақымға жолықпақ болып абақтыға барады. Бірақ, мұндағы бастықтар оны Мұстақымға жолықтырмайды. Бұған ызаланған от жүрек әнші түрме бастығымен байланысуға дейін барады. Осы қылығы үшін мылтығын шоштандатқан, шаш ал десе бас алуға дейін баратын тобырлар Мәдиді дереу тұтқындап, ояздың кеңсесіне алып барады. Бәпиұлы өздерінің үстінен жоғары жаққа арыз түсіргендіктен уездік атқару комитетінің төрағасы Мейде және басқалар да оған қырын қабақпен қарап жүрген-ді.

Бұдан кейін оқиғаның немен тынғанын сол кезде Семейде шығып тұрған "Қазақ тілі" деп аталатын газетте басылған "Мәдидің өлімі" атты қайғылы қазанамадан оқып көрелік:

"Осы жыл (бұл 1921 ж. Б.М.) 1-февральда Мәди Бәпиұлын күндіз сағат 12-де Қарқаралы қаласында 5-ші учаскенің районный начальнигі Жасанов атып өлтірді. Мәдидің жасы 42-де. Екі қатынынан да баласыз еді. Өлім былайша болды. Декабрь басында Едірей еліне продразвертканы (азық-түлік салығы) бөлгенде байлар Теміржанов, Малаев дейтін волпредседательді қолына қондырып алып, малды ауылдарға бөліп, кедейлерге аудара салды. Өткен замандарда стражник болып қан сорған, бүгінде коммунистің тонын айналдырып киіп, түрлі қиянаттар істеп жүрген Малаевтің істерін Мәди қуа Қарқаралы барып, онда отырған үкімет адамдарының кейбіреулері қазақ өміріне қолайсыз, мына заманға ұғымсыз һәм түрлі қиянаттарын, һәм алған параларын айтып, губисполком, губкрайотделге арыз беріпті. Мәди Қарқаралыдан сескеніп, енді Семейге кетемін деп жүргенде Қарқаралының әкімішілік бөлімі Едірей елінің жер құмар байлары Уранов, Теміржановтың доносымен оның жақсы көретін адамы Малдыбаевтардың малын заңсыз конфисковать етеді. Осы мал тұралы Қарқаралы барған Малдыбаевты жауып қояды. Осындай жұмыстар тақырыпты Бәпиұлы Мәди Қарқаралыға келеді. Өзінің ондағы хакімдер үстінен жазған арызынан қорқып, біреудің қатыны арқылы ескі бастықпен танысады. Мойынға түлкі оралады. Бірақ шы-райлары келмейді. "Менің губисполкомға жазған арызымды осында бір орыс оқып отыр екен, өзім қауыптеніп шықтым" деп жолдастарына айтады. Мәди "Колчак заманында Едірейдің ескі болысы Теміржанов мені үкіметке қарсы деп көрсетіп, неше айлар абақтыда жаттым, енді мына үкімет заманында Малаевті қырғи қылып соңыма салып, мынандай қорқынышты халде жүрмін" деп отырады екен. Мәди достарына сырын айтып"...

Міне, газет осылай деп айта келіп, "Конвой түрмеге таяна бергенде келе жатқан Мәди Бәпиұлын аты тастағанын бірнеше адам көріп тұрады. Оқ қарақұстан тиіп, маңдайынан шығып кеткен..." деп жазған.

Осы жан түршігерлік қайғылы оқиғаны көргендердің аузымен айтылып бүгінде бізге мәлім болғанындай қар үстіне құлаған Мәдидің қасына ауылдан бірге келген туысы Мәшірап, Рымбай, Әмеш жүгіріп барады. Рымбай иманын айтады. Көлік әкеліп, Кәмалдың үйіне апарып, ақ жауып, арулап, Қарқаралының солтүстік кіре берісіндегі Мәлік сайының табанындағы Ақбейтке апарып жерлейді. Бұл жайыңда Мәдидің жиені, Қазақ ССР-інің тұңғыш жер-су наркомы, одан кейін де бірқатар жауапты қызметтер атқарып, дербес зейнеткерлікке іліккен, Алматыда тұрып, бертінде қайтыс болған Әшімбек Бектасовтың "Жазушы баспасынан 1973 жылы жарық көрген "Мәди" атты деректі кітабында егжей-тегжейлі баяндалады...

Әділеттілік жатындағы күресте құрбан болған Мәди ұзақ уакыт бойы ескерусіз қалып келген болатын. Ол - кеңестік заманның мұздағының ы,ірсьпъі да болар. Алайда сол сірескен мұзды алгаш бұзушылардың бірі қарқаралылық қаламгер Сапарғали Ләмбекұлы болды. Ол алпысыншы жылдардың, бас кезінде Мәди туралы көлемді дастан жазды. Бұл туылды әуелі сол тұстағы облыстық "Советтік Қарағанды" газетінде басылды да іле-шала "Жұлдыз" журналында жарық көрді. Осының артынша халык жазушы-сы Әлжаппар Әбішевтің Мади туралы "Найзағай" романы жарық ете түсті, Әшекеңнің жоғарыда аталғаи кітабы шықты.

Әшімбек Бектасов болса атақты нағашысы жөнінде калам тартып қана қойған жоқ. Бірінші болып Мәдидің қабіріне белгі койды. Ол жоғары жаққа қуына жүріп, ақыры 1974 жылы Мәдидің басына тамаша ескерткіш орнатып, келісті қоршау қойғызды. Бұл ізгілікті істен қолынан келіснінше Сапарғали да аянып қалған жоқ. Ол жөнінде кезінде аудандық, облыстық және респубдикалық газеттерде суретімен материалдар басылды. Енді Қазыбек би ауданындағы үлкен бір іргелі шаруашылық, Қарқаралы қаласындағы орталық көшелердің бірі Мәди есімімен аталып отыр.

Бұрнағы жылы іргесі қаланғанына 170 жыл толған Қарқаралыда мемлекет камқорлығына алынған саусақпен санарлық тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында бірегей тәуірі делініп, Мәди Бәпиұлына қойылған ескерткіш аталып өтілді. Ал бүгін біз осынау қолжазбамызды ақиық ақын, тамаша әнші, әрі сазгер серілігімен қоса қамшының сабындай қысқа өмірінде әділетті ту етіп еткен күрескердің қаза болғанына 65 жыл толуына орайластырып отырмыз.

Сөз соңыңда айтарымыз Мәдидің бүгінгі ұрпағына қалдырып кеткен баға жетпес мұрасы әлі толық табылып, олардың қатына тиіп отырған жоқ. Ендеше оны іздестіріп, жалт еткізіп жарыққа шығаруға ел болып ат салысу қасиетті парыз деп білеміз.


      1. Мәдидің көркем бейнесі

Биыл туғанына 125 жыл толайын деп отырған қазақтың ұлы перзенттерінің бірі, әнші, ақын композитор Мәди Бәпиұлының бізге жеткен бейнесі-туралы көп жазылып. та айтылып та жүр. - Иә, небары 41- ақ жыл ғұмыр кешкен, өмірі арпалыспен аласапыран заманда өте шыққан Мәдидің шын келбеті осы ма екен деген сұрақ әлі де болса ойға келе береді. Былтырдан бері Мәдидің 125 жылдығын атап өту жөнінде әңгімелер көтеріле бастағаннан-ақ, осы сурет төңірегінде тағы да әр түрлі пікірлер айтыла бастады. Тіпті, бұл Мәди емес, басқа адам екен деген сөздерде айтылып қалды. Бірақ, бұл суретті 1968 жылы туысқандарынан табылған нағыз Мәдидің өз бейнесі деп, белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрімов былтырғы жылы Қарқаралы қаласында Жүсіпбек Елебековтың 100 жылдық мерейтойында сахнаға шығып тұрып салтанатты түрде аудан әкіміне өзінің қолтаңбасымен табыс етті. Сондықтан біз бұдан былайғы жерде бұл сурет Мәдидің нағыз өз бейнесі екеніне сенуіміз керек.



Суретте жасы қырықтағы азамат емес, алпыстан асып, жетпіске жетіп қалған, екі иығынан су кетіп, өмірден қажып, әбден шаршап, жүдеп отырған адам екені көрініп тұр. Бірақ, анықтап қараған адам көзіндегі нұрды, терең ақыл мен бойындағы зор күштің бар екенін байқауға болады. Әрине, ол кездегі техниканың шамасы да сол болды ғой. Оның үстіне, қуғын көріп, жағдайы болмай, арып-ашып, көңіл-күйі жабырқап, бірнеше күн қараңғы абақтыда жатқан жерінен алып шығып, басына бөтен біреудің тымағы мен күпісін кигізе салып түсірген суреттен Мәдидің бар болмысы мен образын көре алмай жүрген шығармыз. Өкінішке орай, біздің ұрпақ Мәдидің осы бейнесін қабылдап өстік. Ал шын мәнінде Мәдидің түрі қаңдай болған? Өткен ғасырдан жеткен сапасы нашар жалғыз сурет келер ұрпаққа Мәдидің образын бере алмай кетіп барады емес пе? Бірақ, Мәдидің образы оның әндерінде қалды. — Мәдидің образы оны көрген, бірге жүрген адамдардың әңгімелерінен бізге жетті. Бүгінгі күні Мәдиді көрген адам қалған жоқ.

Ендігі жерде сол бізге жеткен сипаттамалар мен суреттемелерден құрастырып отырып, Мәдидің суретін жаңғыртып, ғылым мен техниканың жетістігін пайдалана отырып, келбетті кескінін көрсету керек деп ұйғардық. Бұл келер ұрпақтың санасында Мәдидің нағыз өз бейнесін қалыптастырып, қалдыру үшін қажет. Біріншіден, негізге Мәдидің қолда бар суреті алынды. Қазіргі заманның жетістіктерін пайдалана отырып, компьютермен Мәдидің бейнесін жасаттық. Мәди туралы азды-көпті жазылған шығармалар мен туысқандарының ауызынан естіген әңгімелерге арқа сүйесек, ол кісі ірі денелі, батыр тұлғалы, «жауырыны жалпақ, көзі өткір адам болған. Киімді өте жинақы, өзіне жарасымды қылып киген. Мәди өте күшті және епті болған. Қақтығыстарда ат үстінен арқа өңірінде оны ешкім түсіре алмаған. Осыдан біз оның бабаларымыздан қалған жауынгерлік өнерді жете меңгергенін байқаймыз. Топты қараға жалғыз қарсы шыға берген. Бұл оның өте жүректі болғанын білдіреді. Осының бәріне қосыла, ол кісі мәңгі өшпес әндер шығарып, артында мол мәдени мұра қалдырған адам. Демек, Мәдидің бейнесінен біз оның рухани ішкі жан дүниесінің бай екенін көре алуымыз керек. Сонымен бірге Мәдидің орындалмай кеткен талай арманы болды ғой. Мысалы: "Шіркін-ай" өлеңіндегі .... "қызығын атқан таңның көре алмадым"... деген сөздері осыны аңғартпай ма?! Сонымен, Мәдидің жалпы сырт кескіні айқындала бастаған соң, ол кісінің көз қарасын зерттедік. Тағыда, менің әкем бірге болыпты, сол кісі айтып еді деген деректерден, ол кісінің көзі өткір, ат жақты, қоңқақ мұрын, қою қара мұртты, оны өте сәңді қылып бастырып отырған. Сақалды төменгі ерінінің астынан иегінің үстіне ғана қойған. Көбіне еуропаша киініп, жұқа пальто киіп жүрген. Суреттеушілердің бөрі бірауыздан ол кісінің көзіне ешкім тіктеп қарай алмаған еді дейді. Болуы әбден мүмкін. Енді біреулер көзі қып-қызыл қасқырдың көзіндей болыпты мыс дегенді де айтады. Бір жағынан, ол заманда Мәдидің даңқы, дақпыртпен араласып, өзінен озып, оның жолын кескен ағайындарына бұрын жетіп жатқандықтан, Мәди келді дегенде маңайдағылардың оның көзіне тіктеп қарай алмауы да түсінікті болып тұр емес пе. Осы жайттарды ескере келе Мәдидің фотографиядағы бейнесіндегі иығын тіктеп, мойнын көрінетіндей қылып жағасын ашып, басындағы ескі тымақты шешіп, бөрік кигізілді. Үстіндегі күпі ішікті де алып, орнына шапан жамылды. Бұның бәрін компьютер жасады. Ал енді осы өзгерістер адам денесінің табиғат жаратқан пропорцияларын бұзбау үшін, бет терісін, қабағы мен қасын пайдалану үшін, бойы мен жасы сол шамадағы, бірнеше адам, әр түрлі тұрғыдан фотоға түсірілді. Осы суретке Мәдидің фотосы бетіне салынып, көзі, жағы, мұрны, қас-қабағы, ерні орнына қойылды. Компьютердің көмегімен күнге қарсы сығырайып қарап қалған көзі ашылды. Әрине, бетінің терісі, сақал-мұрты компьютермен жасалды. Енді үстіне қандай киім кигізу керек дегенде, біз ол кісінің байдың тұқымы екенін, бұлғыннан ішік, құндыздан бөрік кие алар жағдайы әбден болғанын ескере отырып, басына құндыз бөрікті компьютермен кигіздік. Үстіне қиғаш жағалы, шытырмалы ақ жібек көйлек кигізілді. Ал шапанды жұқа, қарапайымдау қылып кигіздік. Жағасы мен өңіріне жіңішкелеп оқа жіберілді, қанша десек те Мәдидің сері болғанын да ұмытпауымыз керек. Осының бәрін жасаған кезде көз алдымызға 32-35-тердегі Мәдидің бейнесі шықты. Әрине, біреулер мүмкін өздерінің жақындарына, таныстарына ұқсатар, ол заңды құбылыс. Бірақ бұл бейне жинақталып, өңделіп жасалған образ. Кескіні мен келбеті жарасқан, бойында алапат күште, сабырлы да ақылды, сонымен бірге жан-дүниесі өте нәзік, өмірден көп нәрсені армандап, қыршын кеткен Мәди осындай болды деп сенейік! [1; 30 б.]
1.2. Мәди туралы айтылған деректер.
Мәди Бәпиұлының күрескерлігі өз алдына, ақын, сазгерлігі өз алдына бір әлем. Оған музыка зерттеушісі Александр Затаевич және Ахмет Жұбановтар сонау жылдары баға берді. Мәдидің әніне тұңғыш рет ғылыми баға беріп, нотаға түсіріп алған А. Затаевич екендігі Зарқын Тайшыбайдың «Алтын бесік ән орда» (Қарағанды, 1998 жыл) кітабында жан-жақты суреттелген. Онда Александр Викторовичтің Ғаббас, Мұсылманқұл, Жұман тәрізді әншілер шырқаған Мәди әндерін сүйсіне тыңдап, қуана нотаға түсіргені айтылады. А. Затаевич Мәдидің әнін нотаға түсіріп, «Қазақтың 1000 әні» музыкалық-этнографиялық жинағына енгізген [2; №661, 251 б.]. Зерттеуші бұл әндерді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтан, жалынды ақын Сәкен Сейфуллиннен сонау жиырмасыншы жылдардың басында естіп, іштей қатты құмартып, қызыққан. Кейінде, 1926 жылдың жазында Қарқаралы - Қу өңіріне сол кездегі үкімет төрағасы Нығмет Нұрмақовпен бірге келіп, екі апта жатып, Мәди әндерін нотаға түсірді. Бағалы мұра осылайша тұңғыш рет ғылым игілігіне қосылды. Мәдидің есімі, оның музыкалық мұрасы қазақтың әндері мен күйлерін терең зерттеуші, бес аспап білгір Александр Затаевичтің қаламына да ілікті: "Қазақ халқының 1000 әні" және "Қазақ халқының 500 әні мен күйі" деген іргелі ғылыми еңбектерге Мәди әндерінің нотасы мен сөздері енгізілді.[3; 45 б.]

Ал одан бұрын 1914-1915 жылдары қазақ даласында ән-күй жинаған, Шоқан Уалихановтың сүйікті досы Г.Н.Потаниннің назарына Мәдидің әндері іліккен. Белгілі орыс оқымыстысы «Сібір өмірі» дейтіп кітабында «Бүкіл Қарқаралы даласы Мәдидің әнін шырқап тұрғандай» деп жазған еді.

Академик-композитор Ахмет Жұбанов Мәдидің әншілік өнеріне мынандай баға берген: «Мәди халық бақыты үшін өмірін күреспен өткізген қайраткер. Оның шығармалары үнемі халықтың аузында, музыка майданында шаттық үніндей болып естіледі». Осы берілген баға - шын, әділ баға. Ал оның «Қаракесегі» жайлы Ахмет Жұбанов «Мәдидің «Қаракесегі» бүкіл қазақ халқының әнұраны десе болғандай», деп бір ауыз сөзбен жеткізді. Асау өзендей буырқанған алапат күшті ән шырқалғанда 62 тамыры шымырламайтын қазақ жоқ! [3; 46 б.].

Қазақтың ұлы перзенті Мұхтар Әуезов Қарқаралы уезіне барған сапарында, Мәдидің қайғылы қазасы жайлы естіп қатты қапаланды. Ақынның қалай атылғанын, қайда жерленгенін сұрастырып білгеннен соң, «Қазақ елі» газетінің 1921 жылғы 8 наурыздағы санына «Мәдидің өлімі» деген азалы хабар жариялады. Сол хабарда болған оқиғаны толық баяндай келіп: «Қайран, арыстан жүректі ер Мәди екі жылдан бері бұрынғы тентек мінезден тыйылып, сенімді халық азаматтарының қатарына кірген еді. Ақ қардың үстінде етпетінен құлап қанға бөккен Мәдиді Қарқаралы жұртшылығы арулап, ақыреттеп Мәліксайға Ақбейітке қойды» - деп жазған болатын. [3; 45 б.]. |

Тұңғыш рет Мәди туралы кітап жазған жазушы Әшімбек Бектасов болатын. Ол ел арасындағы әңгімелерді жүйелеп, ұлы бейнені жарыққа шығаруға талпыныс жасады. Оның «Мәди» деп аталатын алғашқы кітабы кестелі тілмен жазылған әдемі әңгіме еді. Мәдидің көркем бейнесіне көрнекті жазушы Әлжаппар Әбішев «Найзағай» атты үлкен роман арнады. Соның негізінде сахналық шығарма туғызды. Сөйтіп, Мәди тұлғасы театр сахнасынан да көрінді. Әлжекеңнің бұл еңбектері өте құнды, әрі тот баспас алтындай қымбат. Асыл бабамыздың әншілігі, сазгерлігі жайында ертеректе Мақсұтбек Майшекин, бертінде музыка зерттеуші қаламгер Ілия Жақанов бірнеше радио хабарларын ұйымдастырды.

Зерттеуші-ғалым, белгілі журналист Зарқын Тайшыбаев Мәди туралы тың деректер жинап, «Алтын бесік ән орда» кітабын жазды. Жазушы Сапарғали Ләмбекұлы, журналистер Масғұт Халиолла, Мақсым Омарбекұлы, өнерпаз Қыдырғали Рақымұлы көлемді мақалалар жазып, кейіпкер өміріне қатысты естіген - білгендерін ортаға салды. Ақын, марқұм Кәрім Сауғабай Мәдиге арнап деректі хикая жазып бастырды.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, танымал журналист Ермек Балташұлының баба туралы «Сұрасаң-Мәди еді менің атым»драмасын оқырман қауым жылы қабылдады. Мәди Бәпиұлы туралы жазылғандардың басын қосса үлкен кітап болып шығар еді. Мұның сыртында Мәдидің ата-тегі, өскен ортасы, отбасы туралы тарихшы Ахмедия Ығыбасұлы бастаған бірнеше адамның естелік жазбалары да баршылық. Сайып келгенде, Мәди есімі ел есінде тайға таңба басқандай сақталып қалды.

Соңғы жылдарда бұқаралық ақпарат беттерінде Мәди туралы бірнеше жаңа деректер жарық көрген. Оның ішінде туысқандарымен сұхбаттар үлкен орын алады. «Орталық Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 19 мамырда берілген, Тоқаш Кәдікеев ақсақалмен сұхбат өте бағалы. Мәдидің дауысы құлаққа жағымды, жүректі тербететін, көмейден күмбірлеп шығатын қоңыр дауыс. «Қаракесек», «Қарқаралы» сияқты әндер шырылдаған дауысқа көне қоймас.Ат сейістің пірі болғанын,құйғытып шауып келе жатып , аттан секіріп түсіп, секіріп мініп жүре беретінін, талай рет күш сынасқанын да көргендігін, балуандармен күреске түскенін тамашалағандығын, Тоқаш ақсақал әсерлі етіп әңгімелеп берген.Тоқаш Кәдікеев Мәди Бәпиұлының күйеу баласы. Бәпидің екі әйелі болған. Бәйбішесі Күләнда Бітібай қызынан Мәди мен оның қарындастары Үрия мен Мәпіруза туған.Осы Мәпірузаның жолдасы.Кейінгі уақытта баспа беттерінде беріліп жүрген Мәдидің жалғыз суретін,Атбасар деген жерде тұратын Қаракесек Жайсаң қажының Камал деген баласының әйеленің қолынан,1953 жылы Тоқаш ақсақал алған. Мәдидің Тоқашқа айтқаны: «Осы суретке 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде туысым Камал бір суретшіні үйге әкеліп түсірткен еді.(Ол кезде Мәди 35 жаста) Басымдағы тымақты Алшын – Жаппас елінің (Батыс Қазақстан) азаматы,абақтыда бірге болған жолдасым беріп еді.»Тоқаш атаның айтуынша, Мәдидің түрі ақ сұр емес, қараторы. Қашып –пысып жүргенде жүдеуліктен ақ сұр болып көрінуі мүмкін.Мына суретте көзі қысыңқы.Негізі көзі отты, қасқырдың көзіндей қып-қызыл еді.[ 4; 5 б.]



Тағы да бір Мәди жайлы дерек, Ұлы отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Айтжанов Кәкен Дүйсембекұлының естіген, білгенімен бөліскені. «Руымыз Қарақесек, оның ішінде Шаншар боламыз. Шаншардың үш әйелі болыпты: Қыздамбике, Айбике, Нұрбике. Біздің аталарымыз Айбике-Шаншардан тарайды,- деп бастады әңгімесін ақсақал.-Шаншардың Келдібегінен Қаз дауысты Қазыбек би туады. Қазыбек бабамыздың бірінші әйелінен Қазымбет туады. Қазымбеттен Қанай туады. Қанай кейіннен Ер Қанай аталады, бұл кісі туралы М.Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясында жазылған. Қанайдың бірнеше баласы болған, соның бірі Құлмамбет. Құлмамбет малды, бай адам болыпты. Бұл кісі тоқалдыққа өзінің қойшысының қызын алып, одан Жолдыбала туады. Жолдыбала ер жеткен соң Мәдидің атасы Алшынбайдың жылқышысы болған. Жолдыбала бабамыздан екі ұл бала туған: Шөней жоне Айтжан. Олар да әкесімен бірге Алшынбайдың жылқысын бағысады. Шәнейден екі ұл туады: үлкені Нұрлыбек, кішісі Дігербек (Дігербай), ал Айтжаннан үш бала туған: үлкен қызы Ақжар 1898 жылы туған, ұлы-менің әкем Дүйсембек 1900 жылы туған және үшінші баласы Құлшар 1908 жылы туған. Бұлардың туған жері-Едірей болысы, кейіннен совет үкіметі кезінде ол 2-ші ауыл аталған. Жоғарыда айттым ғой, Жолдыбала екі баласы Шөней жоне Айтжанмен Алшынбайдың жылқысын баққан деп, содан Алшынбай қайтыс болғаннан кейін оның малына баласы Қақабай иеленеді де, сол Қақабайдың бас жылқышысы біздің Шөней болады. 1880 жылы Қақабайдың інісі Бөпиден Мәди туады. Бозбала кезінде Мәди аталарым Шөней мен Айтжан ауылына барып күреспен шұғылданады екен. Шөней Мәдиді ерекше жақсы көріпті, Мәдиде Шөнейге көп үйір болып, ол кісіден көп тәлім-тәрбие алып отырған екен. Шөней өзі атасы Ер Қанай сияқты батыл да батыр, сөзге шешен адам болған екен. Шөнейдің есімі Әшімбек Бектасовтың "Мәди" атты кітабында Бөженей деп қате жазылған, ал шындығында ол біздің атамыз Шөней болған.»Тағы да аса бағалы дерек: «Мәди 1921 жылы 1 февральда Қарқаралы қаласында 41 жаста атылды, атқан Қарқаралы қаласының 5 участок начальнигі Жасанов. Оқ тиген жерден қан токтамаған соң больницаға апарған, соңғыда бір түн жатқан. Екінші күні Қарқаралыдағы Орынбасар диірменіне тақау тұратын бір жесір әйелдің үйіне апарған (бұл Айтжанның Дүйсембегінің үйі болу керек, өйткені Мәли: "Бәріміз бір атадан тараған туыспыз" деп қалаға келгенде осы үйге де түсіп жүрген), осы үйде бір күн түнетіп ертеңіне Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің азаншысы Әбіш молданыкіне апарып 3 күн сақтаған, өйткені қырдан әйелінің келуін тосқан, әйелі кешіккен соң 6-шы күні Мәліксайға аманат (уакытша) деп қойған, әйелі Қази қойғаннан кейін келген. Әбіш молданың үйіне бір жылқы сойып Қази жетісін берген. Елге алып баруға жол бойы денесі бұзылып кететін болғандықтан сол жерге (Мәліксайға) мәңгілік қалдырылған. Больницадан Дүйсембектің үйіне Мәдидің сүйегін алып келгендер: Рымбай Сатыбалдин, Әмен Сәдірбеков, Әбіш молда, Қапаштың Сәдуі және сол кездегі Қарқаралыдағы дәрігер Жүніс Сүгралин, Мәдидің жаназасын шығарған Әбіш молда сондықтан құлын жарғағын соған берген. Көшеде жатқан кезде басында отырып иман айтқан Рымбай Сатыбалдинге түлкі тымағын берген.

Мәди екі әйел алған: бәйбішесі Қази, екінші әйелі Дина. Екеуінен де бала болмаған. Мәди өлген соң Қазиды Қақабайдың Айғожасы алған. Айғожадан 4 бала тапқан, қазір бірі де жоқ. Динаны Дәкімбек деген кісі алған, одан 3 бала тапқан, қазір бұларда жоқ.

Осы оқиғаның ішінде болған және Мәдиді ертеден білетін, бұрынғы Қарқаралы уезі, Ақсары болысы, руы Құдайберлі Әмен Хұсайын ұлы Сәдірбековтен жазып алған Хасен Мусин. 20.05.71ж. Осы қолтаңбамды сүйікті балдызым Кәкенге ескерткіш ретінде берем.» [5; 34-35 б.]

Ақын Серік Ақсұңқарұлының, 2008жылғы, бірінші нөмірлі «Мәди» деген ұлттық журналына «Менің Мәдиім» атты мақаласы жарық көрген.Осы мақаласында былай деп толғанған: «Сұрасаң руымды- Қаракесек!»- деген ол.Абыралы- Қарқаралы- Қызыларай- Тоқырауын- Балқаш- Шуға дейінгі ұлан- ғайыр аймақты алып жатқан қалың Қаракесектің ұзын санын ғана емес, бекзат болмыс бітімін айтып мағмұрланған еді ол.

Атасы – азуы алты қарыс Алшынбай!Онымен Тобықтының тізгінін ұстаған Құнанбайдың өзі санасқан.Алшекеңнен туған Ділдә ару – исі қазақтың маңдайына біткен ең ұлы ақын Абайдың құдай қосқан қосағы.

Мынау сайын Сарыарқа.Атамыз күйеу болған жер,анамыз келін болған жер.Оның сайын төсін дүбірлетіп,небір жақсы мен жайсаң өткен.Соның бірі һәм бірегейі Мәди еді. Жер бетіне ұлы дүбір салған көшпенділер цивизилациясының соңғы тұяғы еді.

Дүниежүзілік поэзияда Мәдиге тағдыр таланы ұқсас бір – ақ ақын бар екен. Ол Франсуа Вийон. Француздар оны бүкіл Францияның пірі көреді.

Сарыарқаның орталығы Қарағандыда Мәдиді еске түсіретін не бар? Екінің бірі болса арманы - жоқ, Егіздің сыңары болса бір жөн.Ол біздің ұлтымыздан туған, ешкімге ұқсамайтын ерен тұлға еді ғой.Мәдидің заманы жаңа келді. Елі – азат. Бодандық келмеске кеткен.Мәдидің әнімен рухтанып,арқасына жырынан аруақ біткен қазақтың бүгінгі буыны ұлы тұлға алдындағы парызын қайтаруға тиіс![6; 4 б.]

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,ақын Кәрім Сауғабаев Мәдидің өлеңдері кең тараған ошақ Ақмола аймағынан «Өз елім деп келіп едім» атты өлеңін жазып алған.Кәрім Сауғабаевтың айтуы бойынша ақынның басқа өлеңдері онбір буыннан құралса,мына табылған өлеңнің өзгешелігі жеті буыннан құралып жазылған.

Өлеңінде оның өмірден қажығандығын, бойында, ойын да билеген қайғы – қасіретін, ел – жұртына өкпе назын да аңғарамыз, - деп жазыпты ақын Кәрім Сауғабаев Қарқаралы журналына шыққан еңбегінде.

Өз елім деп келіп едім...
( Мәди Бәпиұлы)
Қол – аяқ жоқ домалап,

Құр кеудемен жорғалап..

Ғұмырдайда біз жүрміз,

Жол осы деп жобалап.


Ағайын жоқ, туысқан

Мінезі жоқ жұғысқан.

Көңіл қалды әр істен,

Естіп аңдыр алыстан.


Ешкім білмес бұл сарды,

Өз елім деп келіп ем.

Өз халқым деп сеніп ем,

Ескі аруақтың орны деп,


Бұл қораға келіп ем.

Мұгша қоймай қуатын.

Қақабайға неғып ем?

...Сақта Алла пәлеңнен,


Асып тұр ғой шарадан.

Шағам тілмен шағып тұр,

Шиққан шыққан жарадан.

Жараның аузы бітпей тұр.


Ірің саулап ағып тұр.

Бізді аңдыған дұшпанның,

Табасы әбден қанып тұр.

Дұшпан ұстап қолымнан,

Иттер тістеп тонымнан...
Мәди бабамыз жайлы айтылған, жазылған деректердің бәрі өте маңызды әрі бағалы. тағы бір маңызды оқиға,ғасырдың ғажайыбы, хас таланты Жүсіпбек Елебековтың Мәди әншімен кездесуі. «Мәдидің «Қаракесек», «Үшқара», «Шіркін –ай » сынды тағдырлы әндерін 1975 жылы Совет Одағының Батыры мәлік Ғабдуллиннің үйінде асқақ әнші Жүсіпбек Елебековтың өз аузынан тыңдағанмын. Сол бір мәжілісте ұлт зиялылары Әлкей Марғұлан, Бауыржан Момышұлы, Шапық Шөкин, Өмірбек Жолдасбеков, Ісмет Кеңесбаев, Ғайниден Мұсабаев, Әди Шәріпов, Шерхан Мұртаза сынды ардақтылар болғанды. Жүсекеңнің бөрі басты таяғын, киімін, мүбәрәк қолын ұстағанның өзі бір ғанибет. » [7; 108 б.]

«1912 жыл. Қоянды тауы. Әйгілі Жақыпбек әнші Жүсіпбекті Мәдиге таныстырады. Сонда атақты әнші –ақын Мәди Жақыпбекке:



  • Баулып жүр едім де, қыран қанаты қатпаған балапанын қиядағыға баулиды. Жастайынан топ ортасына салуың маған соны елестетті. Тек өзіңдей биікке самғайтын болсын, - деді де, маған қарап:

  • Кішкетай інішегім, мені байлар, бектер жек көргенімен, қарапайым ел қадір тұтады. Ендеше, менің де бойымда бір қасиеттің болғаны да. Мә, мына ақшаға көйлек алып ки, менен тәбәрік болсын деп, менің қолыма бір бөлек қағу ұстатып, өзі тез басып шығып кетті. » [8; 22 б.]

Мәди бабамыз өмірдің талан- таражына түсіп, тар қапастың ар

жағында жатып, туған жерін аңсап, халқының арман тілегін әндеріне қосып, қапаланып жатқанда кішкене болса да, көңіліне медет болар алданыш іздейді. Мәди әні шартарапқа шалқып,кең тарайды. Есіл ердің даусын естіген жалпақ елі құрметтеп,ас-суын әкеліп,көңілін сергітіп, жігерлендіреді. Атбасар оязы адамның сырттаны Мәдиді қатаң бақылауға алды. Жолығуға сұранғандарды тәптіштеп тергейді.Осынау күндерде Баянауылдан ойшыл,дала данасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Атбасар түрмесіне ат басын тірейді. Әдейі іздеп келген Мәшһүр Жүсіпті Мәдимен сөйлестіруге ояз рұқсат бермейді. Себебі, Торғай Өңірінде Әмір Әбдіғапар мен Кейкі Батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тұтанаған еді. Қазақтың бұтақты мүйіз құлжасы Мәди мен әмбебап дарын Мәшһүр Жүсіп бірігіп,тұтас Сарыарқаны дауылдатып, Жүрер деп сескенеді.

Мәдиді көруге үмітін үзген Мәшһүр Жүсіп түрме маңына дастархан жайып,мұсылманшылығы мол бір жігітке Мәдиге жазған хатын табыстайды.

Жүсіптің сәлемі мынандай:


Аман сау жатырмысың Мәди батыр,

Тұтқын боп бұл түрмеде әркім жатыр.

«Жуымас аққа пәле» деген сөз бар,

Қалас боп құтыларсың бір күн ақыр.


Жаңбырдай жауа берген көздің жасы,

Ат пенен не көрмейді ердің басы.

Шөп шулап,ағаш шулап сәлем айтты,

Он екі қазылықтың таумен тасы.


Біз елден шығып едік өткен қыста,

Болмады, оңдалмады асығыста.

Қағыстық бір-екі амандықты,

Анадай ат үстінде, тұрып тыста.


Құмарым тарқамады көріп көзбен,

Білмеймін жүргеніңді қай түрлі ізбен.

Кіруге қайта-қайта қарауылшы

Қарайды ұрсып-зекіп жаман көзбен.


Бекітіп талай ерді кісіндеген,

Сонда да ажал келмей кісі өлмеген.

Басында бір кемшілік түскен кезде,

Рас деп шындығына бір сенбеген.


Жүргенде басы боста жігіттікпен,

Сонда да ажал келмей кісі өлмеген.

Басына бір кемшілік түскен кезде,

Рас деп шындығына бір сенбеген.


Ақсұңқар аспандағы түсер торға,

Өрлеген өнерпаздар жығылды орға.

Ес кетіп жан шыққандай іс болғанда,

Құтылып кейбіреулер шығар зорға.


Ниетің болу керек хаққа дұрыс,

Әркіммен жасай берме жанжал ұрыс.

Зынданда жалғыз жатқан сен емессің.

Әр түрлі жақсылар бар қылған қоныс.

Жақсылыққа тырмыса бер, басшы бала,

..........................................................

Қадірін білсең сөздің нұрлы гауһар,

Сырға қыл құлағыңа, әнші бала.


Бұл сөзді айтушы ағаң- Мәшһүр Жүсіп

Елдей боп қара басы жүрген көшіп.

Сөз зайыры қадіріне жетпеске айтқан,

Сенде де бір алтын жүзік қалған түсіп.


Бұл жерде сен де ғаріп, мен де ғаріп,

Мойны ұзын алыс жерде жұртым қалып.

Күшім жок ақылдасар кісім де жоқ,

Кетемін ерікке қоймай жұлып алып.


«Бұл кісі ағам да емес,әкем де емес, менің қадірімді түсініп, алыстан, елімнен іздеп келген қазақтың пайғамбары – Мәшһүр Жүсіп» - депті Мәди.

Осы сөзді естіген Мәшһүр Жүсіп: «Ай, заман-ай, адамды заман билейді ғой! Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде болған заман ғой!» - деген.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет