Жеке тұлга туралы тусінік. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы мәселесінің көп ғасырлық тарихы бар. Ол көп аспектілі және әр түрлі ғылымдардың тоғысында қарастырылады. Ертедегі грек ғалымдары жеке тұлғаның дамуына табиғи тума қабілет, қоршаған орта да әсер етеді деп есептеген. Жеке тұлғаның қалыптасуының факторлары туралы идеялар келесі дәуірлердің прогрессивті философиялық жоне психологиялық-педагогикалық пікірлерінде өз жалғасын тапқан (Э.Роттердамский, Я.А Коменский, К.А.Гельвеций, Д.Дидро, А.Дистервег, К.Д.Ушинский, К.Маркс, Ф.Энгельс, З.Фрейд, Д.Дьюи, Э. Торндайк, Н. К.Крупская, П. П. Блонский, А. С. Макаренко, Л. С. Вьгготский, Э. И. Моносзон. Л. И. Божович, С. Л. Рубинштейн, В. В. Давыдов т.б.)
Адам — өзіне тән биологиялық құрылысы бар тіршілік иесі, сондықтан табиғат заңдары оның дамуына да әсер етеді. Қоршаған ортаға бейімделіп, өз тіршілігі үшін дайын заттарды пайдаланатын жануарларға қарағанда, адам өзіне керектіні өз қолымен жасайды. Адам табиғатының өзгеруі адам өмірінің әлеуметтік жағдайларының әсерінен болады, адамның тектілігі тек биологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи дамуы нәтижесінде де пайда болады. «Әлеуметтік мұрагерлік» адамның қоғамдық тәжірибеге ие болуы нәтижесінде орын алады. Сонымен, адамның жалпы дамуында өзара байланысты биологиялық және әлеуметтік бағыттар әсер ететіндігі байқалады. Адам биологиялық тіршілік иесі болып туады, алайда өз дамуы барысында ғана ол әлеуметтік тіршілік иесіне айналады.
Психологияда «жеке тұлға» деген ұғымның әр түрлі түсіндірмелері бар, бірақ олардың көбісі мына түсінікке келіп тіреледі: жеке тұлға дегеніміз әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Жеке тұлғаның ең басты белгісі — оның әлеуметтік мәнінің болуы және оның әлеуметтік функцияларды (қызметтерді) (болмысқа, адамдарға, өзіне, еңбекке, жалпы қоғамға қатысты) атқаруы. Жеке тұлға, сондай-ақ, психологиялық дамудың белгілі бір деңгейіне ие (темперамент, мінез-құлық, қабілеттілік, ақыл-ой дамуының денгейі, қажеттіліктер, мақсат-мүдделер).
Жеке тұлға — бұл интегративті жүйе, әлдебір ыдырамайтын тұтастық. Алайда, жеке тұлғаны зерттеумен айналысатын ғалымдар бұл тұтастықтың «өзегі» бар деп мойындайды, олар оны «Мен -жүйе» немесе жай ғана «Мен» деп белгілейді. Жоғарыда келтірілген жеке тұлға туралы түсінік жалпылама ұғым болып табылады.