62. АҚШ-тың ХХ ғ. 90 жж.-ХХІ ғ. басындағы сыртқы саясаты.
У. Дж. Буш тұсындағы АҚШ сыртқы саясатының басты ұстанымдары
ХХ ғасырдың 90-ж. осы күнге дейін АҚШ ықтималды бəсекелес бола алатын елдердің əскерисаяси үстемдігін басып-жаншитын бағыт ұстанып келеді. Əскери шығындарды ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы ширегінде айтарлықтай қысқартқаннан кейін, бұл шығындардың көлемі «қырғи-қабақ» соғыс кезіндегі шығынмен шамалас болды. Басқаша айтқанда, АҚШ-тан өзге алпауыт мемлекеттердің əскери шығындарының барлығын қоса алғанда АҚШ-тың əскери шығыны артып отыр. Əскер санын (1,5 млн адамға дейін) қысқарту олардың сапалық сипаттамасын – білім деңгейін жəне əскери дайындығын, техникалық жабдықталуы деңгейін көтерумен қоса жүргізілуде. Əдеттегі соғыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін потенциалын арттыра отырып, АҚШ өзінің ядролық потенциалының негізін сақтап жəне жетілдіріп келеді. Бұл бағытта АҚШ ядролық қаруды одан əрі қысқарту жолында сақтықпен əрекет жасай отырып жəне оны қолданудың стратегиясын қайта қарап, зымыранға қарсы қорғаныстың жаңа жүйелерін белсенді дамыту үстінде.
Бұл факторлардың бəрін қоса алғанда олар Америка Құрама Штаттарына ХХ ғасырдың 90-ж. аяқ шеніне қарай өзінің ықтималды бəсекелестерінен тарихта бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейде əскери-техникалық алға озып шығуды қамтамасыз етті. Бұл алға шығушылық, əсіресе əскери қуатты жаһандық деңгейде арттыру мен құрлықта əскери қимылдарды жүзеге асырудың қазіргі заманғы тəсілдерін қолдану деңгейінің жоғарылығымен сипатталады. АҚШ-тың əскери-саяси жетекшілігі болашақта да бұл арақашықтықты сақтап қалуға бар күшін салуға бел шешіп кірісіп отыр.
Осы кезге дейін АҚШ-тың əскери-саяси белсенділігінің деңгейі өте жоғары күйінде қалып отыр. ХХ ғасырдың 90-ж. соңына таман АҚШ сыртқы саяси стратегиясында бір-бірімен өзара байланысты екі ағым айқын көзге көрінді. Біріншісі, БҰҰ шеңберіндегі көпжақты ұжымдық шараларды бірте-бірте проамерикалық əскери-саяси одақтардың, ең алдымен НАТО-ның қолдауымен біржақты түрдегі қимыл-əрекеттерге көшіру болды. Алғашында, халықаралық қақтығыстарды реттеу мақсатында АҚШ «шабуылдаушы көпжақты дипломатия» концепциясын ұсынды [1]. Бұл концепцияның ең басты мақсаты БҰҰ-ның аясында бүкіл халықаралық қауымдастықтың ұжымды күш салуы арқылы «қырғи-қабақ» соғыс кезінде екі алпауыт мемлекеттің арасында қалыптасқан бəсекелестіктің орнын басу болатын. 1993 жылдың мамырында президент Клинтон БҰҰ-ның бітімгерлік потенциалын күшейтуге қолғабыс етуді жəне АҚШ тұрақты негізде БҰҰ-ның бітімгерлік операциялары үшін оның (БҰҰ-ның) оперативті басқаруына өзінің əскери контингентін беруді көздейтін №13 дерективаға қол қойды. Сол жылдары АҚШ БҰҰ-ның аясында жүзеге асырылған Сомали, Гаити жəне Босниядағы бітімгерлік операцияларға белсенді қатысты. Бірақ Сомали операциясының сəтсіздікке ұшырауы, Босниядағы қақтығысты реттеу барысында АҚШ пен БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері (Ресей мен Қытай) арасында орын алған қайшылықтар тез арада АҚШ-ты «көптарапты шабуылдаушы дипломатия» принциптерінен бас тартуға жəне НАТО мен бұл құрылымдағы өзінің жеке күшіне арқа сүйеуге мəжбүр етті. 1994 жылдың жазына қарай аталмыш директива
№ 24 директивамен алмастырылды. Бұл жаңа директиваның ең басты мақсаты БҰҰ-ның əскери потенциалын күшейтетін идеяны шектейтін жəне БҰҰ-ның аясында іске асырылатын бітімгерлік операцияларға АҚШ-тың қатынасуы туралы қатаң талаптар қойды. Сонымен бірге АҚШ БҰҰ-ның бітімгерлік күштерін жəне «НАТО сияқты құзырлы аймақтық ұйым» күштерін АҚШ-тың оперативті басқаруына берілуін де талап етті. АҚШ-тың бұл қадамдарының оңды нəтижесі Босниядағы дағдарысты реттеу барысында өз көрінісін берді. Атап айтқанда, босниялық дағдарыс тек НАТО-ның іс жүзінде əскери бақылауы арқылы жүзеге асырылды, ал мұндағы БҰҰ-ның қатынасуы тек формалды сипатта болды.
АҚШ сыртқы саясаты теоретиктерінің бірі С. Хантингтон бұл жөнінде: «Соңғы жылдары АҚШ біржақты түрде келесідей мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылды: өзге елдерді америкалық нормаларды жəне адам құқықтарының америкалық стандарттарын қабылдауға мəжбүрлеу; қарапайым қару түрлері бойынша АҚШ-тың үстемдігіне нұқсан келтіретін жағайды, өзге ықтималды бəсекелес бола алатын елдердің əскери потенциалының артуына жол бере бермеу арқылы алдын алу; басқа елдерге қатысты америкалық заңнамаларды экстерриториалдық негізде қолдану; адам құқығы, есірткі саудасы мен терроризмге қарсы күрес, ядролық қару мен зымырандық технологиялардың таратпау, сондай-ақ діни бостандықтарды; аталмыш стандарттарды сақтамайтын елдерге қарсы санкцияларды қолдануда америкалық стандарттарға беріктігіне қарай өзге елдерді рангілеу... АҚШ-тың тікелей мүдделеріне қарсы келмейтін жергілікті қақтығыстарға араласу; басқа елдерді америкалық экономиканың мүдделері үшін əлеуметтік жəне экономикалық шараларды қабылдауға мəжбүрлеу; басқа елдердің қару-жарақ сатудағы ұмтылыстарына тосқауыл қоя отырып, америкалық қару-жарақтың экспортын арттыру; БҰҰ-ның бас хатшысын шеттетіп, оның ізбасарының кандидатурасын күштеп мойындату; НАТОның құрамына Польша, Чехия жəне Венгрияны қабылдау арқылы альянсты ұлғайту; Иракқа қарсы əскери қимылдарды жүзеге асырып, бұл елдегі саяси режимге қарсы санкциялар қолдану; бірқатар елдерді «қылмыскер мемлекеттер» ретінде жариялау жəне оларды америкалық ерік-жігерге бағынбағандары үшін халықаралық ұйымдардан шығару», деп көрсетеді.
Қазіргі кезеңде АҚШ арсеналындағы күштеудің негізгі құралы – күн санап артып келе жатқан экономикалық санкциялар мен əскери араласулар. Мысалы, тек 1993-1996 жылдар аралығында АҚШ біржақты түрде 35 елге қатысты экономикалық санкцияларды алпыс рет қолданды немесе қолдануға əрекет жасады. Бірақ АҚШ-тың біржақты экономикалық санкцияларының пəрменділігі төмен немесе, кейде АҚШ экономикасына айтарлықтай зиян алып келді. ХХ ғасырдың 90-ж. АҚШ əскери күшті алты ірі əскери операцияда (яғни, ХХ ғ. 80-ж. салыстырғанда екі есе жиі), Ауғанстан, Судан жəне Ирактағы бомбалық соққыларда (Иракта Ұлыбританиямен бірлесе) пайдаланды. АҚШ тарапынан əскери күш қолдану қоқан-лоқылары, оның ішінде ең байсалдылары Солтүстік Корея (1994 ж.) мен Қытайға (1996 ж.) қатысты алаңдаушылықтар болды.
ХХ ғасырдың 90-ж. АҚШ сыртқы саясатының маңызды басымдылықтарының бірі əлемдік экономиканың жаһандану жағдайында америкалық сауда-экономикалық мүдделерді алға бастыру болды. Саяси тұрғыдан алғанда бұл ілгері жылжуға «қырғи-қабақ» соғыстың аяқталуы негіз қалап берді. Аталмыш кезеңде АҚШ əкімшілігі сауда-экономикалық мүдделерді ұлттық қауіпсіздік мəселелерімен тығыз байланыстырды. Сонымен бірге əлемдік экономиканың қарқынды жаһандануы, АҚШ-тың алдына əлемдік нарықта америкалық тауарлардың бəсекелестігін арттырып, сыртқы нарықтарға шығуды жеңілдету мен күн санап бір-бірінен өзара тəуелділігі артып келе жатқан жаһандық қаржы-экономикалық жүйенің тұрақтылығын нығайту арқылы осы үрдіске белсенді түрде бейімделу міндеті тұрды.
Қазіргі кезде бірқатар сарапшылардың пайымдаулары бойынша, АҚШ-тың əлемдік экономикадан тəуелділігі ұдайы артып келеді. АҚШ əлемдегі ең ірі экспортер (мысалы, 2007 жылы Америка экспорты 126,23 млрд долларды құрады) болып табылады. АҚШ-тың сыртқы сауда айналымына ішкі жиынтық өнімнің үштен бірі келеді жəне бұл салада 15 млн жұмыс орны бар. АҚШ жетекшілігі əрдайым мақтанышпен атап өтетін экономикалық өркендеу тікелей əлемдік экономиканың ырықсыздану деңгейіне байланысты. Бірақ АҚШ үшін интеграциялық процестердің маңызы бұл елдің экономикалық мүдделері ауқымынан əлдеқайда шығып жатыр. ХХ ғасырдың 90-ж. тəжірибесі көрсеткендей, нарықтардың, жеке кəсіпкерліктің ашықтығы мен бұл саланы құқықтық реттеу бұл процеске тартылған елдердің экономикалық (содан соң саяси) тəртібінің гегемонизациясының ырықсыздануы принципі негізіндегі халықаралық интеграция, америкалық түсінік бойынша «еркіндік пен демократия аймақтарының» кеңеюіне алғышарттар қалыптастырады. АҚШ-тың «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында» көрсетілгендей, «экономикалық тұрақтылық пен өсу еркін нарықтарды тарату мен оларды жаһандық экономикаға интеграциялау үшін қажет». Сонымен бірге бұл құжатта «Салауатты жаһандық экономика үшін қажетті шарттар, бірмезетте демократиялық бостандықтарды нығайтады. Бұл дегеніміз – идеялар жəне ақпараттармен емін-еркін алмасу, шекаралардың ашықтығы мен еркін жүріп-тұру заңының өктемділігі жəне оның тұтынушылардың құқықтарын қорғауда əділ қолданылуы, білікті жəне кəсіби жұмыс күші», деп атап өтілген. Басқаша айтқанда, экономиканың жаһандануы, аталмыш көзқарасқа сəйкес, Американың пайдасына қолдануға болатын демократизацияның үлкен потенциалын өз бойына жинақтаған.
Айтқандай-ақ, ХХ ғасырдың 90-ж. орта шеніне қарай, оның бастамасымен құрылып жатқан ірі аймақтық бірлестіктерде АҚШ өзінің шешуші рөлін иеленді. Əсіресе АҚШ-тың белсенділігі Солтүстік Америкалық еркін сауда аймағында жəне осы іспеттес АТА (АТР) аймағында ерекше көзге түседі. АҚШ жоспары бойынша АТА 2020 жылға дейін АТЭЫ (АТЭС) елдерін түгелдей қамтуы тиіс. Экономикалық интеграция мейлінше дамып, қарқын алып отырған да, АҚШ өзі 1995 жылы мұрындық болған «Трансатланттық күн тəртібі» (1998 жылы «Трансатланттық экономикалық əріптестікке» ұласқан) бағдарламасының арналары арқылы белсенді араласуда. АҚШ бұл бағытта болашақта ұзақ мерзімге есептелген трансатланттық еркін сауда аймағын құруды көздейді. Осындай шаралардың арқасында АҚШ əлемдегі негізгі аймақтық сауда-экономикалық бірлестіктермен болашақта ынтымақтастық көпірін қалыптастырды деп айтуға толық негіз бар. Бұл орайда, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы М. Олбрайт кезінде: «Американың мүддесіне жұмыс істейтін жаһандық экономикалық жүйені қалыптастыру, АҚШ сыртқы саясатының таяудағы маңызды міндеттерінің біріне саналады», деген болатын.
Өзін əлемдік қаржы тұрақтылығының ең басты кепілі ретінде таныта отырып, АҚШ мексикалық песоны (1994-1995 ж.) құтқаруда шешуші рөл атқарды, сондай-ақ ХВҚ (МВФ)-мен бірлесе отырып, аймақ елдеріне көпмиллиардты несие беру арқылы АҚШ Азиядағы қаржы дағдарысының нəтижелеріне төтеп беруге атсалысты. Сонымен қатар 2002 жылы Аргентинада орын алған экономикалық коллапспен күресуге қол ұшын беріп, 1998 жылы АТЭЫ (АТЭС) елдерінің қаржы министрлері мен орталық банктері жетекшілерінің тұрақты əрекет жасаушы форумын ұйымдастыруда бастамашы болды.
Бұдан өзге АҚШ тарифтер мен сауда жөніндегі көптарапты келіссөздердің уругвайлық кезеңін жылдамдатып, əлемнің негізгі аймақтарының елдерін біріктіретін Дүниежүзілік сауда ұйымының құрылуына белсенді атсалысты. 1993-1998 ж. АҚШ əртүрлі елдермен өзі тауарларының сыртқы нарықтарға түсуін жеңілдететін жалпы саны 240 сауда келісімін жасады [7]. Осы мақсаттарда АҚШ өзінің ең басты сауда бəсекелестері болып табылатын – Жапония мен Қытайға айтарлықтай қысым жасауға дейін барып, бұл өз кезегінде соңғысының ДСҰ-ға кіруіне əкеліп, Америка бизнесі өткен ғасырда «ашық есік» доктринасын жариялаудан бері көксеп келген теңдесі жоқ нарықтың ашылуына əкеліп соқтырды. Американың ғылыми-техникалық артықшылығының негізін қалайтын жаңа ақпараттық технологиялар саласында авторлық құқықтарды қорғауда Вашингтон белсенді соғыс жүргізді. ЕО-мен жəне Жапониямен де сауда соғыстары орын алды.
2000 жылы Жаңа америкалық жүз жылдық жобасының мүшелерінен тұрған топ «Американың қорғаныс қабілеттілігін қалпына келтіру: Жаңа ғасырдағы стратегия, қарулы күштер жəне ресурстар» атты қазіргі кезде америкалық экономикалық жəне əскери артықшылық, жауап қайтарудың орнына аймақтық жағдайларды «тудыру», «бейбітшілік аймағын» құру туралы жағдайларымен белгілі трактат шығарды. Сонымен бірге онда Буштың екінші əкімшілігінің саяси мақсаттарына айналған ұсыныстар да бар еді: қорғанысқа шығынды өсіру, қарулы күштерді қайта құру жəне оны əлемнің кез келген ауданына жеткізу мүмкіндігін кеңейту, тактикалық ядролық қару жұмысын дамыту, неоконсерваторлар үшін маңызы зор ғаламдық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін жасап шығару жəне Американың ұзын қолын Парсы шығанағына жеткізу. Бұл жұмыста алғаш рет тек халықаралық қауіпсіздікке ғана емес, АҚШ-тың өзіне де қауіп төндіріп отырған үш ел атап көрсетілді: «Біз Солтүстік Корея, Иран, Ирак жəне сондай сияқты мемлекеттерге америкалық жетекші рөлге нұқсан келтіруге, Америка одақтастарын үрейлендіруге жəне америкалық отанға қауіп төндіруге жол бере алмаймыз».
2001 жылдың 11 қыркүйегі Вашингтон стратегияларының басымдылықтарын күрт өзгертіп, алдыңғы орынға ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мəселелері шықты. Мемлекеттің өзін-өзі сақтау мақсатының оның даму мəселелерінен алда тұратындығы туралы концепция нақтыланды. Буш əкімшілігі үшін 11 қыркүйек «XXI ғасырдың Перл-Харборы» іспеттес еді. 11 қыркүйекке дейін кіші Буш əкімшілігінің сыртқы саясаты «АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне» сүйенсе, осы ұлттық қайғыдан кейін Вашингтон «бүкіл батыс өркениетіне тəн еркіндік пен демократия идеалдарына» мойын бұрды. Ендігі жерде басты мақсат Ресей мен Қытай сияқты стратегиялық бəсекелестердің күшеюіне жол бермеуден гөрі, халықаралық лаңкестікпен күреске ауысты [9]. Халықаралық лаңкестік əрекеттерін АҚШ жылдам, шешуші жəне аяусыз шараларды талап ететін соғыстың жариялануы қадамы ретінде қарастырды. «Жалғыз астам державаның» жауабы 5 негізден құралған «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуынан кейін алғаш пайда болған ғаламдық стратегиядан көрініс тапты.
2002 жылдың көктемінде əкімшілік көп ұзамай «Буш доктринасы» деген атқа ие болған жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жасап шығарды. Стратегияға екі ерекшелік тəн. Біріншісі түбірлі сипатта болып, Америка лаңкестік ұйымдар мен оларды қолдаушы елдер арасын бөлмейтінін түсіндірді. Үмітін ақтамаған елдер (Йемен, Судан), дұшпан режимдер («зұлымдық осі» елдері жəне Сирия, Ливия, Куба) БҰҰ-мен егеменді мемлекеттер ретінде танылғанымен, америкалық заң алдында жауапты болды. Екіншісі болса «америкалық отанды қорғаудағы» АҚШ-тың алдын алу əдістерін қолдануға деген құқығын бекітті. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халықаралық нормалар мен ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келген ұлттық қауіпсіздік саясатынан мүлдем өзгеше еді. Көп ұзамай мұның бəрі 2002 жылы 20 қыркүйекте жарық көрген «Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздік стратегиясында» сипат тапты. Бұл стратегия 1648 жылдан бері халықаралық қатынастарға жетекшілік етіп келген ағымдағы əлемдік тəртіпті тікелей сынға алған құжат болды. Республикалық партияның ұлттық партиялық платформасының өзінде келесідей жарияланған: «Республикалық əкімшілік америкалық гегемония кезеңін сапалы жаңа болашақты қамтамасыз ету үшін барынша қолданады» .
Достарыңызбен бөлісу: |