Жекеева К. О. Т. Рысқұлов атындағы



Дата08.09.2017
өлшемі91,12 Kb.
#31822
Жекеева К.О.

Т.Рысқұлов атындағы

Қазақ экономикалық

университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Эпикалық шығарма және аударма

(А.С.Пушкиннің “Евгений Онегин” романының екінші қазақша нұсқасы жайлы)
Адамзат дамуы тарихында үлкен маңызға ие болған тарихи құбылыс-оқиғаларды, ойшылдарды, данышпандарды, ғалымдарды, ақын-жазушыларды, олардың өмірі мен қызметін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, шығармалар тудыру, өлең-жырға қосу – бағзы заманнан келе жатқан ежелгі гуманистік дәстүр әдебиетте әбден орныққан. «Бұл дәстүрдің тамша үлгілеріне қазақ жазба әдебиеті де бай. Негізгі халық әдебиетінен келе жатқан бұл дәстүр сонау ақын-жыраулар творчествосында едәуір нығайып, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар сөз өнерінде дамып, қазақ әдебиетінде мейлінше байи түсті. Әр әдебиетте бұл дәстүрдің баюы сол әдебиеттің даму, өсу деңгейін, интернационалдық сыр-сипатын аңғартатын белгілердің бірі» дейді Ш.Сәтбаева өз зерттеулерінің бірінде.

Қазақ әдебиетінде Шоқан, Ыбырай Алтынсарин, Абайлардан бастау алған аударма мәселесі күні бүгінге дейін өз жалғасын табуда. Абай байытқан бұл дәстүр, мысалы, Ілияс Жансүгіров шығармашылығында да өз жалғасын тапқан.

«Пушкинді ұстаз тұтып, оған әрдайым өлең арнамаған ақын жоқтың қасы» деп жазады академик М.Қаратаев – ұлы ақынға арнап жазылған өлеңдер көп. Арнау өлеңдер мазмұны, сапасы, дәреже деңгейі әр түрлі болғанымен, тұтас алғанда, қазақ поэзиясының интернационалдық сипаттарының бір қырын танытатын олар ерекше бір құбылыс. Қазақ халқы рухани өмірінде Пушкиннің де өзіндік орны бар. Қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ілияс Жансүгіров «Пушкин – қазақ халқының да ақыны» деп бекер айтпаған.

Орыстың ұлы ақынының мұрасы Қазақстанда ертеден-ақ игеріле бастауы, аударылуы ұлттық әдебиетіміздің дәстүрлі гуманистік интернационалистік қасиеттерінің жарқырай көріне түсуіне дәнекерлесті.

І.Жансүгіров – Пушкин есімін қазақ кеңес поэзиясына алғаш енгізушілердің бірі. Ол Пушкин шығармаларының бірсыпырасын қазақ тіліне шебер аударды. Атап айтар болсақ, «Евгений Онегин» романы мен «Жебірілнама» поэмасы, «Жырлама сұлу мен барда», «Чаадаевқа», «Сибирьге хат», «Бұл», «Арион», «Лилаға», «Қара бұлт», «Ұйқысыз түндегі өлең», «Цыгандар», «Жазушыға», «Ақынға», «Ақын», «Элегия», «Пайғамбар», «Россия тарихы», «Үш бұлақ» өлеңдері және «Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөз», «Пушкин қазақ халқының да ақыны» мақалаларын жазып, алғашқысын «Әдебиет майданы» журналында, соңғысын «Социалды Қазақстан» газетінде жариялады. І.Жансүгіров шығармашылығында Пушкин мен Лермонтов есімі қатар қолданылып отырады. Классикалық әдебиеттің бұл екі алыбының аудармалары қазақтың әдеби-мәдени қазынасына айналған-ды.

Қазақ ақынын тағдырлас екі ақынның өмірі мен шығармашылықтарындағы ұқсастықтар, үндестік мотивтер, тіпті өлімдері де ұқсас болып келуі қатты толғандырғанға ұқсайды. Осы толғаныстар Ілиястың белгілі «Құлагер» поэмасындағы мына шумақтарды дүниеге келтірген.

Таба алмай тыныштықты туған елде.

Кете алмай біржолата бөтен жерге.

Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық

Төсеген талай ерлер оққа кеуде.

Жақсы боп езден өлім талай ерге

Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?

Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген

Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?

Өмірде солардайын қорлық тартқан,

Сұм заман өткір жанды қор қып баққан,

Жаралап ер жүрегін жау қанжары

Ысқырып жылан өмір жанын шаққан!

Бұл өлең жолдары сонау Пушкин көз жұмған азалы сәтте туып, ертеңінде қолжазба арқылы қолдан-қолға тарап, ақын қазасының себептерін ашықтан-ашық батыл айтып берген М.Ю.Лермонтовтың «Ақын ажалы» атты өлеңін еріксіз еске түсіреді. Одан бері де орыс әдебиетінде де, басқа халықтар әдебиетінде де осы сарынды талай туындылар өмірге келді.

Әдебиетші-ғалым С.Қирабаев бұл жайында: «Әдебиетіміздің рухани баюы мен идеялық-көркемдік ізденістеріне аударма ісімен қатар озық әдебиеттен оқудың, үйренудің көп пайдалы көмегі тиді. Бұл ретте ұлы орыс халқы әдебиеті үлкен ұстаздық етті. Қазақ жазушылары орыс әдебиетінің классикалық дәстүрінен, совет жазушыларының шығармаларынан әрдайым үйрену үстінде болды. Қазақ әдебиетшілері олардан халық өмірін терең бейнелеудің жолдарын, көркемдік талаптарды игеруді, совет әдебиетінің партиялық принципін берік ұстауды, ұнамды образ жасау жолдарын үйренуге күш салды», - деп ой түйеді.

Сонымен бірге, І.Жансүгіров өзінің жоғарыда келтірілген шумақтарында орыс ақындарының қазасын қазақ поэзиясында алғаш бейнелеген еді. «Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген», «Сұм заман өткір жанды қор ғып баққан», «Жаралап ер жүрегін жау қанжары», «Ысқырып жылан өмір жанын шаққан» деген астарлы тіркестер де идеялық-көркемдік қуатқа ие болып тұр. Осы өлең шумағындағы «Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде» деген тіркес тегін қолданылмаған. Осының жалғасы ретінде ел еркесі Ақан серінің де Пушкин, Лермоновтармен тағдырлас екенін мына өлең жолдарында ақын шебер суреттеген:

Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

Кісі ме еді ақындықтан құралақан?

Ортасын олқы көрген бұл да дара,

Имеген иттерге бас сер, дарқан.

Еріксіз ерте туған ел еркесі

Жетпестен қиылатын ер желкесі.

Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс

Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?

Осылай орыс әдебиетінің озық үлгілерінен сусындап, оларға өзінің шығармаларында елеулі орын бере отырып, Ілияс сол ақындардың еңбектерін өз ана тілінде сөйлетеді. Мұның анық айғағы қазақ ақынының Пушкиннен жасаған, бүгінде өзіміз сөзімізге арқау етіп отырған «Евгений Онегин» романы. «Евгений Онегин» романын Ілияс Жансүгіров сөзбе-сөз, дәл аударуға тырысқан. Бұл жөнінде аудармашы өз туындысының алғы сөзінде: «Романның ерекшелігінен туатын қиындығын еске ала отырып, біз мұны қазақ тіліне аудардық. Аударғандағы алған жолымыз – мүмкіндігі болғанынша Пушкиннің өз үлгісіне жақындау. Ақынның сөз кестесін, образын, ақындық рухын сақтап аудару» деп көрсетеді.

Міне осындай мақсат қоя отырып, І.Жансүгіров А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударғанда, өз сөзімен айтқанда «Пушкин үлгісіне таман» тартқан. Пушкин өз романын төрт-бес стопалы ямбомен жазған. Әрине, бұл кең тынысты, тегеурінді серпінде жазу көлемді роман үшін оңтайлы құбылыс. Сонымен бірге, Пушкинде етістік аз. Пушкин «Глаголом зажешь сердца» дегенде жүректі етістікпен жандырамын демеген, сөзбен жандырамын деген. Осыған байланысты қазақ ақыны да етістікке бара бермеген.

Жалпы, аудармалары арқылы І.Жансүгіров қазақ әдебиетінде Абайдан кейін жаңа түр жасады десек те болады. Сөзімізге дәлел ретінде түпнұсқаның мына бір жолдарының қазақша нұсқасына көңіл аударайық:

«Не спится няня: здесь так душно!

Открой окно да сядь ко мне».

- Что, Таня, что с тобой? – «Мне скучно,

Поговорим о старине»,

- О чем же Таня? Я бывало,

Хранила в памяти немало

Старинных былей, небылиц

Про злых духов и про девиц;

А нынче все мне темно, Таня:

Что знала, то забыла. Да,

Пришла худая череда!

Зашибло – «Расскажи мне, няня,

Про вашей старые года:

Была ты влюблена тогда?

Аудармасы:

- Няня, ұйқым жоқ, үйде тым бүк!

Терезені аш, отыр жақын.

- Не бар, Таня? – Көңілім жоқ,

Сөйле ескінің өткен салтын.

- Не жайынан, Таня, бұрын

Есте сақтап жүретінмін

Болмағанды, болғандарды,

Жын туралы, қыз туралы:

Қазір бұлдыр маған, Таня,

Білгенімді ұмыттым, және

Кәрілік те келді, міне!

Естен шыққан – Айтшы, няня,

Өтті өмірің қалай сенің:

Сонда ғашық болып па едің?

Соңғы өлең жолдарындағы екпін өлшеуі, түпнұсқаның ырғақ, тыныс, буын екпіндерімен сәйкес келіп отырады. Өлең жолдарындағы тыныс белгілерін де сол қалпында беруге тырысқаны, қазақ ақынының түпнұсқаны бастапқы қалпында, тек өзге тілде сөйлетуге барынша күш салуының жемісі. Ілиястың тағы бір қол жеткізген жетістігі - өлең шумағын, өлең ұйқастарын да Пушкиннің өз үлгісінде беруінде.

Ал, аударма барысында кездесетін кейбір шет тілінен (орыс тілінен) енген сөздерді аудармашы бастапқы қалпында қалдырып отырған. Бұл ақынның кемшілігі емес, қайта өз туындысын тым қазақыландырып, аудармаға қазақтың шапанын кигізбей, Пушкин тілінде жеткізу деп білген жөн шығар. Мысалы: храм, бульвар, ложа, кабинет, панталон, фрак, жилет, мера, управитель, деревня, цензур, герой, село, оброк, шкаф, романтика, роза т.б.

Және бұл жерде айта кететін бір жай, бұл романның А.С.Пушкиннің туғанына жүз жыл толуы қарсаңында асығыс аударылғаны көпшілікке мәлім. Бұл жөнінде І.Жансүгіровтың өзі: «Евгений Онегин» романының аудармасының алғы сөзінде: «Бұл жұмыстың тығыздығы алдымызда болатын ақынның жүз жылдығымен байланысты. Бізге қалайда ақынның юбилейіне «Евгений Онегиннің»» қазақшасымен шығу керек болды», - деп жазады.

Әрине, роман, қазіргі өскелең талғам деңгейінде алсақ, күрделі жанр. Оның құндылығы да эстетикалық, көркемдік деңгейінен көрінері анық. Бұл жайлы профессор Т.Рахымжанов, филология ғылымдарының докторы М.Хамзин еңбектерінде жеке айтылған.

Орыс ақынының бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де шығармаларында табиғатты суреттеуінде өзгелерге ұқсамайтын өзгеше бір ерекшеліктің бар екендігі оқырман жұртшылыққа мәлім. «Евгений Онегин» романының жетінші тарауындағы отызыншы бөлімінде қысқы табиғатты ақын былай суреттейді:

Пришла, рассыпалась; клоками

Повисла на суках дубов;

Легла волнистыми коврами

Среди полей, вокруг холмов;

Брега с недвижною рекою

Сравняла пухлой пеленою;

Блеснул мороз. И рады мы

Проказам матушки зимы.

Не радо ей лишь сердце Тани.

Неидет она зиму встречать,

Морозной пылбю подышать

И первым снегом с кровли бани

Умыть лицо, плеча и грудь:

Татьяне страшен зимний путь

Ал, қазақ аудармашысы осы өлең жолдарын бейне бір өзінің төл туындысындай, жып-жинақы қалыпта аударған.

Қыс келді де, салды көміп,

Майыстырды қар бұтақты.

Қырға, дөңге тегіс төгіп,

Толқынды аппақ кілем жапты.

Тас қатырып өзен суды,

Жағасын ақ құндақ қылды.

Шытынады аяз. Шатыр бізде

Қыс шешейдің мінезіне.

Тек қуанбайды Татьяна,

Аяз шаңын жұту үшін,

Жуып бетін, иық, төсін,

Монша үстіне жауған қарға,

Қарсы алмайды келген қысты,

Тек қысқы жол қорқынышты.

Ал Татьянаның жан күйзелісі мен көңіл-күйін жырлаған тұстарда екі ақын бейне бір жарысқа түскендей. Бұл өлең жолдарында да Ілияс орыс классигінің туындысында кездесетін штрих, детальдарды сол қалпында, тіпті өзінің төл туындысындай етіп береді. Мысалы, орысшасында:

Тоска любви Татьяну гонит,

И всад идет она грустить,

И вдруг недвижны очи клонит,

И лень ей далее ступить.

Приподнялася грудь, ланиты

Мгновенным пламенем покрыты,

Дыханье замерло в устах,

И в слухе шум, и блеск в очах

Настанет ночь; луна обходит

Дозором дальный свод небес,

И соловей во мгле древес

Напевы звучные заводит.

Татьяна в темноте не спит,

И тихо с няней говорит, - десе,

ал, осы жолдардың қазақшасы:

Асық шері айдайды өзін,

Бақша барар қайғыруға,

Төмендетер талған көзін,

Еріншектік алар тура.

Күрсінер де, қызарып бет,

Қас-қаққанша жалындар от.

Дем алғызбай тыныс байлап,

Құлақта шу көзі жайнап

Болады түн; ай жүреді

Алыс аспан күзетінде,

Қараңғы орман бір шетінде

Бұлбұл әні күңіренеді.

Татьяна көз ілмейді,

Нянясына күбірлейді, - деп әр сөйлемді, әрбір тыныс белгісінің қойылуына дейін аудармашы бастапқы қалыпта беруге тырысқан.

Сонымен І.Жансүгіров аудармасы өзіне дейінгі жасалған Абай аудармасынан, басқа ақын-жазушылардың романға арнап жазылған арнау өлең-жырлардан бөлек, аударма саласында өзіндік орны бар туынды демекпіз. Бірден көзге ұрып тұрған ерекшелік: екі ұлттың ірі ақынының рухани кеңістікте талант, тағлым, таным жағынан бір-біріне жақын тұруы жекелеген типологиялық тығыз байланысқа алып келген деген ғылыми тұжырымға негіз болып тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл айтылғандар, біріншіден, Пушкинтану ілімінің Абайдан кейінгі уақытта қалай дамығанын көрсетеді, екіншіден, осы саладағы, яғни аудармадағы Абайдан басталған дәстүрдің сабақтастығын, жалғастығын айқындап тұр дегіміз келеді.



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Кенжебаев Б. Пушкин туралы бір – екі сөз.// Қазақ әдебиеті, 1934 23 октябрь.

  2. Жиенбаев С. Аударманың тілі туралы. –Қазақ ССР Ғылым академиясы.

  3. Қаратаев М. Пушкин қазақ әдебиетінде. // Әдебиет майданы, 1937, № 2.

  4. Талжанов С. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1975. – 286б.

  5. Нұрғалиев Р. Сырлы сөз. Алматы: Жазушы, 2000. –400 б.

  6. Мамыраев Б. Казахские литературные связи начало ХХ века. Алматы, 1991.

  7. Пушкин А.С. Шығармалар. 4 томдық. Т.1. Алматы: ҚМКӘБ, 1953. – 343 б.

  8. Қабдолов З. Арна. Алматы: Жазушы, 1988. – 256 б.

  9. Жансүгіров І. Шығармалар. Т.2. Алматы: ҚМКӘБ, 1960. – 587 б.

10. Бердібаев Р. Игі дәстүр. (Орыс – қазақ әдебиеттерінің байланысы жайында). // Жұлдыз, 1958. № 1, 100-107 бб .

11. Әдеби мұра және оны зерттеу. - Алматы: Қаз ССР ҒА баспасы, 1961. – 361.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет