Байланысты: 228810231235 Химияны оқыту әдістемесі Оқулық-1
Химиядан өткізілетін өндірістік танымжорықтар. Оқу курсын ұйымдастырудың қосымша формаларының бірі - өндірістік таным жорықтар. Өндірістік танымжорықтар өмірмен, өндіріс негіздерімен байланысын нығайтып, оқушылардың политехникалық білім алуына мүмкіндік береді. Оқушылар әр түрлі өндіріске барып, оларды бағдарлама бойынша оқығандай зерттей отырып, өздерінің ғылыми-сарамандық білімдерін кеңейтеді, толып жатқан алуан түрлі бақылаулар жүргізіп, бағалы қорытындылар жасайды. Химиялық танымжорықтар оқытудың өмірмен, өндіріспен және қоғамдық құрылыстың сарамандығымен байланысын жүзеге асырады. Оқушыларға политехникалық білім, еңбек тәрбиесін және кәсіптік бағдар беруге жәрдемдеседі.
Өндірістік танымжорықтар өткізетін объектілер химия бағдарламасының талабына сай, жергілікті ерекшеліктерге лайықты іріктеп алынады. Химия өндірістері кездеспейтін жерлерде танымжорық негізіне химиялық бағдарда немесе химия өнімдері кеңінен қолданылатын өнеркәсіп мекемелеріне ұйымдастырылады.
Өндірістік танымжорықтар мектепте оқылатын теориялық материалды өндіріс тәжрибесімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Өндірістік танымжорықтар оқушылардың әр жақты жетілуіне жәрдемдесе отырып, олардың политехникалық ой-өрісін де дамытады. Олар өндірістік еңбек саласындағы айналаны қоршаған нақты факторларды түсінуге мүмкіндік береді. Өндірістік технология мен еңбек құралдарымен, өндірістің жалпы ғылыми ұстанымдарымен де танысады. Өндірістік танымжорық оқушылардың техникалық ой-өрісін кеңейте отырып, олардың білімге құмарлығын арттырудың тамаша құралы болып табылады. Өндірістік танымжорықтардың саяси-идеялық маңызы аса зор, өйткені, олар егеменді еліміздің өндіріс құрылыстарының даму қарқынын, ғылымымыздың, техникамыздың барлық табыстарын біле отырып, ұлттық мақтаныш сезімін тудырып, отан сүйгіштікке, халықтар достығына тәрбиелейді. Химиялық танымжорықтар өзінің мақсаты мен мазмұнына қарай жалпы және арнайы танымжорықтар болып екіге бөлінеді. Жалпы өндірістік танымжорықтардың мақсаты - өндіріс орындарының жалпы жұмысымен, ондағы технологиялық үрдістердің өту сатыларын, өнімнің түрлерін оңтайлы температура, өршіткілер, қысымның рөлін байқау, білімді жетілдіріп, дамыта түсу мақсаттарын көздейді. Химия оқыту үрдісінде арнайы таным жорықтар басым болғанымен жалпы өндірістік танымжорықтардың маңызын ұмытпаған жөн. Өндірістік танымжорықтар сабақ үстінде, үйірме сабақтарында және сыныптан тыс жұмыстарда кеңінен пайдалануға болатындай материалдарды жинақтауға мүмкіндік береді.
Өндірістік танымжорықтар тақырып бойынша немесе кешенді түрде өткізіледі. Кешенді танымжорық бірнеше пәннен – химия, физика, география, биология және т.б. ұйымдастырылады. Мұнда бір нысан әр жағынан қарастырылып, оқушылар өндіріс туралы жан-жақты мағлұмат алады және уақыт үнемделеді. Тақырыптық танымжорық оқу материалын өтпестен бұрын, өту кезінде немесе өткеннен кейін ұйымдастырылады. Танымжорыққа байланысты оқу материалы алдымен арнайы сабақта қарастырылады.
Қазіргі кезде халыққа білім беру саласын қайта құру оқушылардың дербестігін арттыру, алған білімін өздігінен және шығармашылықпен қолдана білуге үйретуді қажет етіп отыр.
Оқыту ісі оқушылардың жалпы білім деңгейін көтеруге, политехникалық ой-өрісін кеңейтуге жәрдем етіп және олардың химия саласындағы еңбекке деген сүйіспеншіліктерін тәрбиелеу үшін оқыту үрдісінде теорияны өмірмен, ғылымды еңбекпен тығыз байланыстыру қажет.
Химияға деген қабілеттіліктерді дамыту үшін мүмкіндігінше оқушылардың өзіне көбірек етіп беріп, оларға химиялық мәселелерді шығармашылықпен шешу тәсілдерін біртіндеп түсіндіру қажет. Химия ғылымы мен химия өнеркәсібінің мәні – осы саладағы жүмыстардың жемісті болуы – сынақ тәжірибе жасай білуді, бақылаған құбылыстарды ой жүгірте талдай білуді оқытудың алғашқы қадамынан бастап-ақ дамыту қажеттілігін талап етеді. Химикке тән осы сияқты және бұдан басқа да, мысалы тәртіптілік, зейіндік, жұмысқа ептілігі, жинақылық тәрізді қасиеттер тек оқушылар сынақ тәжірибе жасауды сынақ тәжірибелік теория негізінде оқып-үйренумен ұштастырған жағдайда ғана ойдағыдай қалыптасады. Осының нәтижесінде әрбір оқушыда ақыл-ой және сарамандық іс-әрекеттің дараланған сипаты қалытасады, бірте-бірте ақыл мен естің химиктің қызметіне тән арнаулы қасиеттер дамиды, әдеттегі ғана емес, сонымен бірге теориялық және сарамандық мазмұндағы жаңа мәселелерді шеше білу шеберлігі пайда болады.
Сонымен қорыта келсек, сабақтағы ең басты және оны анықтаушы көрсеткіші оның мазмұны, дүниетанымдық бағыттылығы, мұғалімдердің педагогтық шеберлігін арттыру жөніндегі, істі ұйымдастырудың әдістемелік жағы болып табылады. Оқытуды ұйымдастырудың барлық формаларында оқушылар ғылым негіздері бойынша белсенділік пен берік білім меңгеруін, оқу еңбегінде және алған білімін іс-жүзінде қолдануда икемділік пен дағдылар алуын, сол сияқты оқушылар өздерінде дүниетану көзқарасын қалыптастыруын қамтамасыз ету - мұғалімнің парызы болып саналады.
Оқушылардың химияға қызығуын біршама қанағаттандырғанымен факультативтік сабақтардың да мазмұны мемлекеттік бағдарлама бойынша шектеледі. Оқушылар бағдарламадан тыс көптеген нәрсені білгісі, үйренгісі келеді. Мұның өзі химияның тұрмыстағы және халық шаруашылығындағы маңызының күн санап артуымен де байланысты.