І. Кіріспе Ойын туралы түсінік. Ойын түрлері. ІІ. Негізгі бөлім



бет1/2
Дата23.05.2017
өлшемі0,62 Mb.
#16732
  1   2
Жоспары:
І. Кіріспе


Ойын туралы түсінік. Ойын түрлері.

ІІ. Негізгі бөлім
а) Дидактикалық ойындардың басқа ойындардан ерекшелігі

ә) Дидактикалық ойын түрлерін қолдану тәжірибемнен




ІІІ. Қорытынды

«Ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты

дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес».

В. Сухомлинский


Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғатпен, қоғамдық құбылыстармен, адамдардың еңбегімен, қарым-қатынасымен танысады. Ойын–баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән–мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс- қызметінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.

Ойын – адамдардың қарым-қатынас, кәсіби және жанұялық өмірдің мектебі болып табылады. Балалар ойын арқылы барлық маңызды ақыл-ой әрекеті, қабілеттерінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңеюіне, тілінің дамуына, жолдастарымен жақындасуына көмектеседі. Сондай-ақ, бейнебір өмірдің өзіндегідей қуаныш пен реніш сезімінде болады. Бұл баланың ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамытуға түрлі дағды мен шеберлікті меңгеруге, қиындықты жеңуге, төзімділікке баулиды. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы деп ерекше бағаланған. Ойын негізінен балаларға дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды құралы. Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп ұғынады.


Белгілі психолог Е. А. Аркиннің пайымдауынша, ойын және ойыншық балалар өмірін сипаттайтын бірден - бір жалпы ұғым: «Балақай өсімдік сияқты өз ішінен өсіп жетіледі. Және бұл үрдіс қатал түрде әр жеке баланың өзіне ғана тән. Бала тіршілігінің негізгі заңдарының бірі осындай».«Балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруды қалай жақсартуға болады? Бұл мәселе педагогикалық үрдісте қандай орын алады?» деген сұрақтарына жауап іздеп көрелік. Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап – ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын мектепке дейінгі тәрбиешілердің бірден - бір көмекшісі болуы керек деген.Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Ойын үстінде баланың  түрлі қасиеттері, қабілеті  мен белсенділігі  де көрінетіні туралы аса көрнекті педагог А. С Макаренко былай дейді: «Ойында бала қандай болса, өмірде кәсіби қызмет саласында, көбінесе сондай болады». Сондықтан келешекке адамды  тәрбиелеу – бәрінен бұрын ойын арқылы жүзеге асыралады. Ойын – балалар үшін айналадағы танып, білу тәсілі.

Ойын- бала әрекетінің негізгі түрі. Ойын ойнағанда бөлме теңіз де, ұшақ та темір жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар ойын кезінде тыныш отыра алмайды. Тіпті жалғыз баланың өзінде   де сөйлесіп жүреді. Сондықтан, ойын барысында тілдесім үлгісі қалыптасады.Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рольді, дидактикалық  құрылыс ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді. Ойынның түрлері өте көп. Мысалы: рөлдік ойындар, дене шынықтыру ойындары, сюжеттік ойындар, дидактикалық ойын элементерін пайдаланудың маңызы өте зор.

Мен өз тәжірибемде ойындарды көп қолданамын. Сабақ барысында да, күннің жартысында да жүргіземін. Мектепте балалар табысты, жақсы оқу үшін баланың тілдік функциялары толық дамыған болуы керек.  Баланың тілін жетілдіру үшін оны әңгімеге тарта отырып, баланың  сөздік қорын жаңа сөздермен толықтырып, түсінігін молайту қажет.Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті–баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Осындай ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Бұл ойынды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те. Ол балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Сондай-ақ, балалар өздерін ізденімпаз, тапқыр етіп көрсеткісі келеді. Әсіресе, түйсіну, сезіну, қабылдау, ойлау, зеійн қою сияқты таным үрдістері дамуына жол ашады.  Демек, ойын –баланың өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. К. Д. Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескерсе, былай деп жазады: «Бала табиғатты көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша түсіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді».
Дидактикалық ойынның пайдасы  баланың ой– өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қоюында. Сондай – ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым–қатынас жасау, еңбек адамдарына, басқа ұлт өкілдеріне, достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін сияқты асыл қасиеттерді  тәрбиелеуге де көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның барысында балалардың зейіні, қол қимылының жылдамдығы, дәлдігі қалыптаса бастайды және санауды, біреуі артық немесе кем санды тауып, оны атауды үйренеді. Міне, осы сияқты дидактикалық ойындар негізінде баланың ойлау жүйесі, ақыл – ойы қалыптасады.

Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Дидактикалық ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан, мұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет. Яғни балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Ойын арқылы баланың бойына адамгершілік асыл  қасиеттермен қатар, білімге, өнерге деген құштарлығы қалыптасады.

Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл - ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай - ақ білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса, баланың іс - әрекетімен іштей қабысып жатса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді. Бала әрбір затты ұстап, дәмін татып, сан рет байқап көреді. Балабақшада бала психикасының дамуына ойын әрекеті шешуші рөл атқаратындығы туралы белгілі ғалымдар (Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев,Ш. Құдайбердіұлы, С. Торайғыров, Т. Тәжібаев т. б) өз еңбектерінде айтып кеткен. Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның алар орны жөнінде қазақстандық ғалым Н. Құлжанова да зерттеген. Ойын бала үшін еліктеу, инстинкт күнделікті негізгі іс - әрекет және өмірі деп дәлелдеген. Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатқа пайдалану – болашақ өміріне түзу жол салу, үлкендерге еліктеу және өмірдің талаптарына сай бейімдеу деп түсіндірген. Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылай түседі.Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Тәрбиеші баланың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып саналы түрде түсінуін өрістетеді.

Осы орайда , мен өзім жетекшілік етіп жүрген мектепалды даярлық топ тәрбиеленушілеріне дидактикалық ойындарды ұйымдастырылған оқу- қызметімде қолданып жүрген өз тәжірибеммен бөліскім келеді.



Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл - ой қызметін қалыптастырады.Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді жеңіл келеді. Сондықтан дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескертуге ерекше назар аударған жөн.Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те. Дидактикалық ойындар көркем әдебиет, сөйлеуді дамыту, сауат ашу, қарапайым математикалық ұғымдар оқу қызметтерінде   жиі қолдануға болады. Ойынды ұтымды пайдалансақ оқу процесі жанданып, оқу қызметінің сапасы артады. Баланың сөздік қоры молайып, сөзді еркін, өз мағынасында қолдануға жетіле түседі. Жылдам сөйлеуді үйренеді. Мектепалды  оқушысының зейіні тұрақсыз, импульсивті болғанымен, қабылдау есте сақтау мүмкіндіктері жақсы дамыған. Мысалы «Сауат ашу»  әліппе дәптерінің  соңында тапсырмалар берілген. Осы тапсырмаларды ойын арқылы өткізуге болады. «Ұйқасын тап», «Сиқырлы қоржын», «Тауып ал»,  «Логикалық ойындар» т.б. ойындар. Ал ҚМҰҚ оқу қызметінде баланың логикалық ойлауында дамытатын ойындар «Құрастыру», «Бөлігін тап», «Көршісін тап», «Ойлан тап»  т.б.



«Санамақ» ойынының да түрі көп. Сөйлеуді дамыту  сабағында жұмбақ шешу ойынын жарыс түрінде өткізуге болады. Бұл ойын балаларды өздігінен ойлауға үйретеді, дерексіз ойлаудан нақты ойлауға жетелейді. Сабақ күрделене түскен сайын оқушының ой өрісі де өсе түседі. Осыған сәйкес ойын түрін де өзгертіп отыру керек. Кейбір оқушылардың Р, Л, С,Ш дыбыстарына тілі келіңкіремейді. Бұл мақсатта халық ойыны жаңылтпашты  ұтымды  пайдалануға  болады. Жаңылтпаштар тілді дамытуға, сөзді таза сөйлеуге үйретеді.Тіл дамыту, сауат ашу сабақтарында да ролдік, сюжеттік ойындарды қолдануға болады. Ролдік ойындар мектепке дейінгі балалармен өмірінде елеулі орын алады. Бұл  ойындар ұзақ та , қысқа да болу мүмкін .Сюжетті – рөлді ойындар бейнелеу құралы роль мен ойын  әрекеті болып табылады. Өзінің сипаты жағынан бұлар көбінесе еліктену, шындықты көрсету болып табылады. Мысалы «Дүкен» ойынын ойнағанда балалар сатушы мен сатып алушы әрекеттеріне еліктейді, ал «Мектеп» болып ойнағанда мұғаліммен оқытушының әрекетіне еліктейді. «Отбасы» ойындары арқылы айналадағы өмірді бақылауға, күнделікті өз өмірлерінен алған  білімдерін ойын сюжетіне пайдалануға төселдендіруге болады.Қорыта айтқанда, ойын араласқан сабақ тартымды өтеді, балалардың  білуге деген құштарлығын арттырады, түсініктерін тереңдетеді.



 



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет