Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында
Қандайда бір ортақ тіл иелерінің ұжымы бар жерде сан да бар. Себебі сандар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың бір-біріне қатысты мөлшер, көлемін анқытаудан туындап, адамның дүниені тануының бір құралына айналған. Қазіргі кезде сандар кез келген ғылымның мазмұнына еніп,сол ғылым үшін қызмет етіп келеді. Сонымен бірге қай тілде болмасын ұлттың сандарға қасиет бергені байқалады. Сан атауларына қасиет беру, оны киелі санау дәстүрі – көптеген халықтарда тым ертеден келе жатқан құбылыс. Мәселен, жапондықтарда бұл «сан туралы ілім» деп аталады. Бұл ілім бойынша бірбір сан атауы тоғыз планетаға сәйкес келеді. Осы планетаға байланысты әр санның өзіндік ерекшелігі болады. Бір санына – Күн, екіге – Ай, үшке - Юпитер, төртке - Сатурн, беске – Меркурий, алтыға - Венера, жетіге – Уран, сегізге - Марс, тоғызға – Нептун телінген. Шумерлерден бастау алған мифологияда сандар жалпы тақ сандар, сиқырлы сандар, магиялық сандар, ретінде қалыптаса бастады. Осы деректер негізінде сандардың психолингвистикалық, логикалық аспектілері ескеріліп, қазақ тіл білімінде де қазақ ескіліктері тілдің танымдық қызметі тұрғысынан, тіл мен миф сабақтастығында қарастырыла бастады. Соның негізінде, мысалы, сандар арқылы адамның тағдырын да болжауға белгілі болды.
Ежелгі Грецияның әйгілі философ математигі Пифагордың (б.з.д. 560-500 ж. шамасы) сан жөніндегі ілімі санды құдірет тұтып, әлемді сандар жүйесі деп қарайды, заттар мен адамды, рухани дүниені санға балап, өнердің өзін сандық қатынастар гармониясы ретінде дәріптейді (9, 238). Ол математикалық заңдылықтар мен философиялық қағидалардың арасындағы тығыз байланысқа қарап «Сан – бүкіл дүниенің негізі» деген қорытынды жасап, әр санға әр түрлі қасиеттерді теліген. Мәселен, олар: бір – ақыл, екі - пікір, үш – ерлік, төрт – әділеттік, бес – неке, алты – жетілгендік, жеті – денсаулық, сегіз - өлім, тоғыз - тұрақтылық, он – дүние системасының негізі, он үш - қырсық, отыз алты – бүкіл әлем, алты жүз алпыс алты – хайуан және т.б. деген пікір айтқан.
Әр санға қасиеттерді телу, беру қазақ ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу, үш дегенім – үскі, төрт дегенім – төсек, бес дегенім – бесік, алты дегенім - асық, жеті дегенім – желке, сегіз дегенім – серке, тоғыз дегенім – торқа, он дегенім – оймақ, он бір - қара жұмбақ және тағы да басқа бірнеше нұсқалары бар. Бұлар тегін айталмағаны белгілі. Біз үшін қазіргі кезде жасырын болып тұрған бұл телулердің астарында үлкен сыр бар екені белгілі. Когнитивтік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулер осындай сырлы әлемді ашуға септігін тигізетіні сөзсіз.
«Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді», - деп ойшыл, әрі ақын Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен сыр бар екені о бастан-ақ сезілген.
Соңғы ширек ғасырда түркі халықтарының сан есімдері жөнінде бірталай еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды. Мәселен, академик В.А.Гордлевскийдің «Түркі тіліндегі елу сан есімі» атты арнайы еңбегі бар, Автор түркі халықтарының сан есімдерін өзіне дейін зерттеген В.В.Радлов, Н.Я.Марр, В.В.Бартольд сияқты академиктердің пікірлерін зерттеуінің негізне алады. Сондай-ақ Г.Н.Потатниннің жалпы фольклор туралы, түркі-монғол, славян, Скандинавия, Еуропа халықтарының шығармалары жайында жазған еңбектерінде де сандар туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Ғалым өзіне дейінгі еңбектерге сүйене отырып, 3,7,9 сандарын киелі, қасиетті деп, фольклорда көбірек ұшырасатынын айтады. Бұл құбылыстың себебін Г.Н.Потанин аспандағы жеті планетаны дәріптеуден іздеу дұрыс емес екенін ескертеді. Мұндай пікірді басқа да көрнекті ғалымдардың еңбектерінен көруге болады (10, 170-174; 11, 115-116; 12, 223-225; 13, 158-163). Бұл еңбектерде жалпы сандардың білдіретін ұғымдары, олардың адамның қоғамдық санасымен байланысы қаралады.
Қазақ тілінде сандарды әр түрлі қырынан зерттеу үрдісі байқалады. Мәселен сандардың ішінен киелі сандарды бөліп алып қарастыру үрдісі бар, сондай-ақ сан төңірегінде шоғырланған ойлардың мағынасы мен тарихы, сандардың жалпы фольклордағы немесе әдебиеттегі қызметі, көркемдік ерекшелігі, сандардың этнолингвистикалық сипаты, лингвомәдени мәнділігі де қаралып келеді. Осындай зерттеулердің бастамасы ретінде І.Кеңесбаевтың еңбегін айтуға болады (14, 3-14). Ғалым біршама фразеологизмдерге ұйтқы болған сандардың семантикалық қызметін аша отырып, олар көне замандағы діни сенімдермен байланысты болып шыққан киелі сандар деп қорытынды жасайды. Бұдан кейінгі жылдары да сандарға қатысты әр түрлі мақсаттағы лингвистикалық зерттеулер жүргізілді: Базен Л. (15), Тенишев Э.Р. (16), Чернышев В.И. (17), Умаров Э.А. (18), Уаңкі М. (19) және т.б.
Сан есім мәселесіне арнап 1927 жылы Ленинград қаласында «Сандарға қатысты тілдік мәселелер» атты үлкен конференция өтті. Бұл конференция ғалымдарды сандарды тек грамматикалық тұрғыда ғана емес, басқа жақтан да, атап айтқанда, дүниетанмымен байланысты зерттеу керектігін түсінгенідігін көрсетті. Конференция негізінде жарық көрген мақалаларда «санға байланысты мәселелер шешуі қиын, өзекті, болашақта тынымсыз ізденуді талап ететін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын зерттеу жұмысын қажет етеді» деген қорытынды ойлар жиі ұшырасады. Бұған дейін Ресейде сандарды тілдік тұрғыда зерттеп жүрген ғалымдардың «Сандар тобы» құрылған. Бұл топтың мүшелері: славян-албан тілдерінің маманы Н.С.Державин, славист М.П.Долобко, урал-алтаист Н.Н.Поппе (финтанушы, монголист), түркітанушы А.Н.Самойлович, үнді-еуропатанушы Л.П.Якубинский, египет сан есімі бойынша П.И.Воробьев, В.П.Томашевский, Я,Марр.
Жалпы түркі тілдеріндегі сан есмідер ХVІІ ғасырдан бері қаралып келеді: В.В.Бартольд. Система счисления Орхонских надписей в современном диалекте. ХІХ ғасырда жазылған еңбектердің ішінен Г.И.Рамстедтің еңбектерін де айта кету керек. Рамстедтің сандар саусаққа қатысты шыққан деген тұжырымын әсіресе бес сан есімінің этимологиясын білекпен байланыстыруын сол тұста ғалымдар жоғары бағалап, осы бағытта ізденістер жүргізді.
Қазақ тіл білімінде сандар жоғарыда көрсеткен І.Кеңесбаевтың, сонымен бірге Ә.Хасенов, Ә.Қайдар, Н.Уәлиұлы, Т.Жанұзақов, Е.Қойшыбаев, Н.Оралбаева, Т.Сайрамбаев, Ж.Байзақов, А.Машанов, А.Елешева, Қ.Ғабитханұлы, Г.Шаһарман, Қ.Тажиев, Қ.Дүсіпбаеваның еңбектерінде әр түрлі аспектілерде қарастырылды. Осы тұста сан есімдерді жете зерттеген Н.Я.Маррдың мына пікірін келтіре кеткен орынды: «Если возьмем из совремнной, тем более древней человеческой речи культовые термины и слова морали, легче всего понять, какая исключительная роль сыграна в этом отношении числительными в сметании как плевелы взращивавщихся классово-культурным человечеством граней и т.н. племенных и национальных, и социальных» (20, 8).
Сандарды зерттеуге жаңа бағыт тұрғысынан келген ізденістерге тоқталатын болсақ олардың лингвокультурология, этнолингвистика, когнитивті лингвистика аспектісінде жүргізіліп келетінін айту керек. Осындай зерттеулердің бірінде мынадай тұжырымдар жасалған:
- бір, екі, үш, төрт, жеті сан атауларының символдық мәні ғаламдық модель туралы көне мифологиядан бастау алады;
жеті, тоғыз, қырық сан атауларының символдық қасиеті магия өнерінің тууымен бірге қалыптасқан;
сандар алғашында ерекше қолданылып, соның барысында, кейіннен сиқырлы сандар, киелі сандар, тұрлаулы сандар ретінде семантикалық жағынан дамыған;
сандық символдар жүйесінде қалыптасып, философиялық, логикалық, психологиялық т.б. негіздермен сабақтасып, сандар арқылы көрнектенген этномәдени, рухани ескіліктердің күрделі де, кешенді мазмұны – тілдік сананың түп негіздері;
сандар жүйесінде қалыптасқан қазақ ескіліктерінің пайда болуы ұлттық танымға сай о бастағы сандарға тағылған ерекше қасиет пен жұмбақ ұғымдарға байланысты;
қазақ тіліндегі бір, екі, үш, төрт, тоғыз, он екі, қырық сандары адамзаттық жалпы дүниетаным жүйесіне негізделген (21, 7).
1. 3 Когнитивтік лингвистика және концепт ұғымы
Когнитивтік лингвистика және оның басқа ғылым салаларымен байланысы. Қазіргі кезде тіл білімінде жаңа бағыт дамып келеді. Соңғы кезге дейінгі зерттеулердің басым бағыты құрылымдық бағыт болды. Бұл бағытта жүргізілген зерттеулерде тілдік бірліктер абстрактілі тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері, элементтері ретінде қаралып, олардың арасындағы өзара байланыс, қарым-қатынас талданып келді. Сондай-ақ осы бірліктердің жүйедегі тәртіп бойынша қолданылу нормасы, одан ауытқудың түрлері қаралып келді. Ендігі кезекте жалпы гуманитарлық бағыттағы ғылым саласының барлығы да кез келген қоғамдық құбылысты немесе соның объектісін адам факторымен байланысты зерттеуді басым үрдіске айналдырды. Бұл тағы да адамзат тарихындағы ренессанс дәуірінен кейінгі адамның өзіне бет бұруымен байланысты антропоцентристік бағыттың дәуірі болып отыр. Егер бұрын гуманитарлық ғылым зерттеулерінің мақсатына адамнан тыс ақиқат дүниеден адамға пайдалы білімді анықтап беру алынса, қазіргі кезде адамның өзін-өзі тануы арқылы қоғамдағы құбылыстардың сырын түсіндіруге бет бұрып отыр. Осы сияқты лингвистикада да тілді өз ішіндегі, өзі үшін зерттелеттін тұйық жүйе түріндегі құбылыс ретінде қараудың орнын тілді адамның дүниені тану құралы, өзін тану құралы ретінде қарау басып отыр. Егер бұрынғы зерттеулерде тілдік бірліктер абстрактілі жүйенің құрамдас бөліктері ретінде қаралып олар барлық сыртқы факторлардан оқшауланса, кейінгі зерттеулерде керісінше сол бірліктерді тудырған, қолданысқа түсірген барлық сыртқы факторлар ескеріліп, олар тілдік бірліктен ажыратылмай маңызды фактор ретінде талданып отырады.
Осыған байланысты тіл ғылымы басқа қоғамдық ғылымдармен интеграцияға түсіп келеді. Бұл процестің нәтижесінде қазіргі заманда лингвистика аясында жаңа ғылым салалары қалыптасып үлгерді. Оларға психолингвисткиа, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвитика сияқты тіл білімі салалары жатады.
Жұмысымызда «концепт» ұғымы қолданылады. Концепт когнитивтік лингвистиканың тірек ұғымы. Когнитивтік білім бірлігі. Осы тұста когнитивтік ғылым мен оның басқа ғылымдармен байланысын түсіндіре кеткенді орынды санадық.
Кез келген халықтың тілі – сол халықтың шынайы этникалық болмысының айнасы. Тіл әлем туралы білімді сыртқа көрсетіп қана қоймайды, ғұмырнамалық тәжірибенің түпсанада бедерленіп үздіксіз сұлбалануына және оның айқындалуына, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне қалтықсыз қызмет етеді. Сондықтан да тілді жаңа ғасыр баспалдағында теориялық-танымдық процесте зерттеудің қажеттігі туып отыр. Бұл процесс тіл мен адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам миының өнімі ғана емес, күрделі ассоциативті-вербальді құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. М.Хайдеггер «язык как пространство мысли и «дом» духа» деген пікір айтқан. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сапа-сандық қасиеттерін сезім мүшелері арқылы қабылдап, санамен түйсініп қана қоймайды, оған өз қатысын білдіреді, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде әлемнің тілдік бейнесі жасалады. Ал бұл этностың, оны құраушы жеке индивидтің таным деңгейіне ғана емес, генетикалық табиғатына, сол тілде сөйлеушілердің психофизиологиясына, әлеуметтік күйіне, жағрапиялық жағдайына, қысқасы, ол тыныс алатын күллі дүниеге тікелей қатысты болады, басқаша айтқанда, адам мен оның тілін тұтастықта зерттеудің шындық нәтижеге жетуі оны қоршаған ортадағы физио, -социо, - психологиялық шарттарды бірдей ескергенде мүмкін болады. Бұл ретте антропоцентристік бағыттағы когнитивтік ұстанымды зерттеулер жеміс берері сөзсіз.
Когнитивтік ғылым АҚШ-та, Еуропада кең таралған әдістемелік зерттеу үрдісі. Жалпы адам танымына деген қызығушылық ерте кезден басталып, ес пен ойлау, адам білім табиғаты төңірегіндегі зерттеулерден, ақыранда екі бағыт ұстанған ағым ретінде қызу айтысқа созылды. Оның бірі – эмпиризм – ол білім тәжірибеден пайда болды десе (Беркли, Юм, Милль), екіншісі – нативизм – бала дүниеге білім қорымен келеді деген ұстанымды басшылыққа алады. Философиялық айтыс уақыты көпке дейін толастамады. Бұл уақытта астрономия, физика, химия, биология т.б. ғылымдар елеулі деңгейде дамыды. Бірақ адам танымын түсінуге ХІХ ғасырдың аяғына дейін ешбір ғылыми әдіс арнайы қолданылмады. Философияға, тіл философиясын қатысты зерттеулерде шашыраңқы көрініп отырды. Әдістемелік қозғалыс көрініс ретінде тек 1950 жылдардың соңында ғана басталған когнитивтік лингвистиканың бастау көзі Аристотельдің, Платонның, кейін Гумбольдтың және оның шәкірттерінің тіл философиясы концепциясында жатыр. Бұл үрдістің негізгі айырым белгісі тіл туралы жаңаша зерттеулерінде, тіпті зерттеу әдістеріне жаңа тәсілдер енгізілуінде емес, таза танымдық бағдарының жаңалығында, тілге танымдық тұрғыдан келуінде. Жүйелі-құрылымдық зерттеулер мен антропоцентристік ізденістердің ұштасуы тілді белгілі бір ұлттың рухани-мәдени коды ретінде қарастырып, ұлт пен рухты – тілді тұтас тануды мұрат ететін Гумбольд теориясы (22, 138) мен кейін Лео Вайсгербердің ұғымның (концептінің) креативтілігі (23, 452) теорияларында көрініс береді, Швейцариядағы құрылымдық жүйе өкілі Ф. де Соссюр теориясының тіл мен сөйлеу арақатынасы туралы терең пайымдауларынан да табылады. Ф. де Соссюр тіл тарихы мен тарихы байланысын байқап, бұл екеуінің сабақтастығы тілде бейнеленетінін, ал тіл ұлтты қалыптастыратынын көрсетіп, тілдің әлеуметтік, психологиялық табиғатын дұрыс таныған. Ол: «язык – это суть реальности, имеющее местонахождение в мозгу», деп жазады (24, 27).
Алғашқы когнитивтік зерттеулер этнолингвистикалық және лингвистикалық типологияны шендестіру деңгейінде сипат алды. Сөйтіп, тілдік әмбебап құбылыстарды түсінуге талпыныс жасалды. Бұл туралы қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика саласының негізін салушы ғалым Ә.Қайдар «… кейінгі кезде (АҚШ-та) қалыптаса бастаған тағы бір көзқараста этносты «Адам» деген ұғыммен алмастыру арқылы этнолингвистиканың баламасы ретінде «антропология» (адам туралы ғылым) терминін қолдану үрдісі байқалып отыр», - деп көрсетті (25, 9). Әр түрлі деңгейде антропоцентристік парадигма элементтерін қамти дамыған зерттеулердің бір-біріне ұласып, саралануы таза теориялық-танымдық ұстанымдардың айқындалуына, бағыт-бағдарының екшеленуіне ықпал етті.
Жаңа ғылыми бағытқа сай тілді зерттеуде негізі назар жоғарыда айтып кеткеніміздей тілдік тұлғаға аударылады, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады (26, 40).
Когнитивтік лингвистикалық зерттеулер Америкада - Хомский Н., Джонсон М., Лакофф Дж., Лангакер Р және Ресейде – Апресян Ю.Д., Кубрякова Е.М., Караулов Ю.Н. т.б. еңбектерінен көрініс тапқан.
Когнитивтік лингвистика саласында зерттеу жасап жүрген ресейлік ғалым Н.Н.Рябцева батыс және ресейлік лингвистикада когнитивтік деп санауға болатын бірде бір ортақ қабылданған анықтама жоқтығын атап көрсетеді. Дегенмен когнитивтік деп есептелген зерттеулердің көпшілігі когнитивтік емес, ал алдына когнитивтік негіздегі мақсат қоймаған семантикалық зерттеулредің мазмұнында бұл мүдде орындалғанын (Ю.А.Апресян, Н.Д.Арутюнова, А.Г.Шмелев, Г.В.Булыгина, В.Левонтина) жазады (27, 2). Дәл осындай сипаттағы зерттеулерге қазақ тіл білімінде Н.Уәлиұлының ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан зерттеулерін жатқызуға болады. Олардың дені когнитивтік лингвистиканың тәсілдерімен, ұстанымдарымен жүргізіліп, когнитивтік мақсаттарға қол жеткізген.
Когнитивтік лингвистика қайдан пайда болды деген сұрақ барлық зерттеулерде көтерілетін мәселеге қатысты. Әр алуан деңгейдегі когнитивтік бағыттағы зерттеулерді зерделегенде, жоғарыда көрсетілгендей, олардың барлығына ортақ мәселе тілдік антропоцентризм, дәлірек айтқанда, сол тілде сөйлеушілердің өмірлік тәжірибесі, рухани, мәдени білімі тұтасқан түрде әлемнің тілдік бейнесі ретінде көрініс табуы екені анықталады.
Когнитивтік антропология адам сана-сезімінің негізінде жатқан өзіне ғана тән саналық, түпсаналық рухани болмысының тіл арқылы көрініс табуын зерттейді. Антропоцентристік парадигманы алғашқыда «интуитивтік» жүйе деп атау ұсынылғанмен, кейін «антропоцентристік» термині қабылданған (28, 15). Тілдік зерттеулерде антропоцентристік бағыт ХІХ ғасырдан бастау алып, көптеген лингвистикалық мектептерден орын алды.
Антропоцентристік алғашқыда лексикография, оқу әдебиеті негізінде тар көлемде қолданылғанмен, кейін әсіресе семантика саласында ауқымын кеңейтті. Бұған дейінгі тіл біліміндегі функционалды-семантикалық, құрылымдық жүйе негізіндегі тілдік талдаулар жақсы дамығаны белгілі. Алайда мұның жаңа дәуір талабына жауап беруде жеткіліксіз тұстары байқалды. Себебі грамматкиалық категориялардың қызметі (синтаксистік, морфологиялық, лексикалық) және сөздердің мағынасы зерттелмеген, сөздің (тілдің) табиғаты мен дамуына аса үлкен мән берілмейді.
Когнитивтік лингвистика антропоцентристік парадигманы, яғни адам және адам танымын құрастырушы тілді бір-бірі арқылы зерттеуді мұрат ете отырып, бірнеше лингвистикалық (этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, дәстүрлі лингвистика) және мәдениеттану, философия, психология, кибернетика пәндерімен шендеседі. Бұл пәндермен когнитивтік лингвистика кейбір зерттеу әдістері мен ортақ зерттеу объектісі – тілдің қызметі деңгейінде тоғысады.
Күрделі тілдік жүйе қандай да бір психологиялық механизмге сүйенері шындық. Тіл ғылымындағы психологизм жалпы лингвистер үшін ХІХ ғасырдың А.А.Потебня, Г.Штейнталь, В.Вунд және т.б. сияқты классиктерімен ассоциацияланады. П.Б.Паршин «Конгитивтік зерттеу ұстанымдары психолингвистиканың дәстүрлі бағдарымен ұштасады. Айырмашылығы психолингвистика лингвистикалық болжамдардың психологиялық шындығын, психологиялық негіздемесін түсіндіреді. Басқаша айтқанда, психологиялық әдістеменің лингвистикада қолданылуы, яғни психолингвистика әдістемелік қатынаста экспериментальды психология ретінде көрінеді. Когнитивтік лингвистика, керісінше, психологиялық болжамдардың лингвистикалық шындығын, тұжырымын, лингвистикалық негіздемесін түсіндіруге бағытталған», - дейді (29).
«Когнитивная лингвистика или «психология наоборот» атты мақаласындаР.М.Фрумкина П.Б.Паршиннің бұл пікіріне қарсы шығып, сын айтады (30, 25). Жалпы мәселенің бұлай қойылуын түпкілікті терістеп, психолингвистиканың эксперименталды психологияға теңестірілуін қате деген ой білдіреді. Эксперимент психолингвистиканың әдісінің бірі ғана. Ал оның когнитивтік лингвистикамен ортақтастыратын негізгі тәсілі бола алмайтынын О.Н.Селиверстова да атап өтті (31, 13). Психологяны когнитивтік лингвистикамен байланыстыратын оның әдісі емес, объектісі – сөйлеуші адам психикасында өтетін процесті, тіл мен мидың ара қатынасын қарастыруы болса керек. Шындық дүниені адам көзбен емес, мимен көреді. «Тілдік таным, жад, ойлау, қабылдау сияқты психологиялық ұғымдарға тікелей қатысты» (32, 41) ол тұтас конитивтік парадигма құруға мүмкінідк береді. Тілдің санада құрылуы семантикалық жад, есте сақтау қабілеті, оның ақпарат сақтау мүмкіндігіне тәуелді. Психология мен конитивтік лингвистика сондай-ақ когнитивтік модель санада қалай құрылады дегенді қарастырудың деңгейінде ұштасады.
Лингвистикалық семантика – когнитивтік лингвистиканың дереккөзінің бірі. Когнитивтік лингвистика дәстүрлі семантиканың әдіс-тәсілдерін дамыта отырып, кейбір жалпы ұғымдық категорияларды адам танымының әлемді когнитивтік игерунің нәтижелері ретінде қарастырады. Когнитивтік семантика ерекше терең құрылымды семантика ретінде анықталады, сондай-ақ семантикалық бірліктердің табиғи дамуы сипатын да қарастырады. Дәстүрлі лингвистикадағы тілді имманентті зерттеу арқылы қол жеткізу мүмкін емес болған тілдік жүйенің қызмет етуінің креативтік аспектісіне назар қоюға мүмкіндік береді.
Инженерлік пән когнитивтік лингвистиканың тағы бір негізі бастауы ретінде анықталады. Қазір жасанды интеллект деп аталып жүрген бұл пәннің дамуы нәтижесінде когнитивтік ғылымдар пайда болғаны мәлім. Ол табиғи тілді түсіну бағдарламасын құру негізінде өрістеп, тілдік білімнің құрылуы мен қалыптасуы жөнінде ізденіс жасауға талпынады. Кейін машина мүмкіндігіне терең үңілген манадардың қабілетін ескеру нәтижесінде басмқа нәрсеге, сананың, адам миының жемісіне көңіл қоюға бетбұрыс жасалды. Яғни мұнда табиғи тілді машинаның түсініп, қабылдау деңгейі басты назарға алына зерттелуі, ақырында адам қабілетінің мүмкіндіктеріне үңілуге әкелді.
Ақпаратты өңдеу процесіндегі нерв жүйесінің маңызды элементі – нейрондар. Нейрон – электр қуатын жинайтын және беретін элемент. Адам миы шамамен 100 миллиард нейроннан тұрады. Үш фундтық бір ми әлемдегі барлық компьютерден өңдегіш, ұйымдастырғыш қабілетке ие. Бірақ кейде қарапайым қол калькуляторы квадрат түбірлерді есептеуді адамнан жақсы орындайды. Жүйке жүйесінің осындай мықты және әлсіз тұстарын салыстыра зерттеу адам танымы табиғатын тану, түсінудегі басты нәрсе болды (32, 26). Индивидуалды сана мүмкіндігін жасанды интеллектіге пайдаланудың когнитивтік лингвистикадағы түпкілікті мақсаты лингвистиканы нақты ғылымдар қатарына қосуға тырысумен байланысты анықталады.
Тілдің қызметіне қатысты когнитивтік лингвистиканың тағы бір ұштасатын пәні – этнолингвистика. Антропологияда «адамға», этнолингвистикада «этносқа» тән болмыстың тұтас көстеілуін зерттеу мәселесінде бұл екі пәнді сабақтастыратын ұғымдар – ментальдылық, тіл әлемі, этнос табиғаты және әлемнің этникалық тілдік бейнесі ұғымдары.
Ментальдылық адамның, әлеуметтік қоғам, дәуір немесе этномәдениеттің рухани әлемін бейнелейтін әлеуметтік-психологиялық құбылымты айқындайды (33, 62). Ол вербалды түрде жүзеге асады, яғни тіл арқылы сыртқа танылады. Бұл ретте ментальды лексиканың да өз маңызы бар. Ол индивидтің өзі өмір сүретін ортасына әрі тәуелділігін білдіріп, әрі оның интеллектуалды, рухани дүниесін сипаттайды және өзге халықтардан ерекшелендіретін қасиеттерін жинақтап көрсетеді. Этнос тілі, әлемнің этникалық тілдік бейнесі тілдің күрделі конитивтік қызметінің нәтижесі ретінде когнитивтік лингвистиканың негізгі нысаны болса, «этностың өзін танып білудегі қайнар көзі, білктіліктің кәусар бұлағы – тіл әлемі» (25,11) этнолингвистикалық зерттеудің өзекті мәселесі болып табылады. Конгитивтік лингвистикада әлемнің тілдік бейнесі динамикалық негізді, уәжді және адаммен тікелей қатысты, тұтас бірліктегі дүние деп түсініледі. Когнитивтік лингвистиканың өзге пәндермен шектелуі де негізінен тіл қызметі не әдіс-тәсіл ортақтығына байланысты. Бірақ олар мақсаттарының нәтижелеріне келгенде ажырап кетеді. Жалпы тіл білімінде жарты ғасырдан астам даму тарихына ие когнитивтік ғылым әр деңгейлі ішкі қайшылықтарына қарамастан бұл уақытта өз категориялық аппараты бар, зерттеу нысаны айқын ғылым деңгейіне көтерілді.
Қазақ тіл білімінде когнитивтік зерттеу бағытына бетбұрыс жасаған еңбектер жазыла бастады. Қазақ тіл білімінде кейінгі 10 жылдықта ғана осы бағытта ізденістер жасалуды. Бұған дейін арнайы сөз болмаса да когнитивтік пайымдаулар нышаны ғылыми еңбектерден өз көрініс тапқан. Қ.Жұбанов «Әр сөз өз алдына жеке ұғым. Мысалы «бор» дегеннің не екенін білмек болсақ, оның неші түрлі қасиеттерін біліп үйренеміз. Осы үйренуіміздің жинағы «ұғым» представление болады», деп көрсетеді (34, 64). Мұндағы сөз болып отырған «үйренуімізідң жинағы» санадағы «әлемнің тілдік бейнесі» екені даусыз. Ұғым (представление) сөздікте былай анықталады: «представление форма отражения в виде наглядно-образного знания, одно из проявлении памяти, следовой образ ранее бывшего ощущения или восприятия» (35, 62). Бұдан басқа Қ.Жұбановтың одағайларға қатысты айтылған ойында (34, 64) тілдік әлеуметтік жағдайға тәуелдігі, адамның сөйлеп тұрғандағы психологиялық күйіне тікелей қатысы ескерілуі қажеттігін меңзейтіні оны Бодуэн де Куртененің тлідің индивидтің санасында, психикасында, жадында өмір сүретіндігін айтқан идеяларымен сәйкес келеді.
Когнитивтік лингвистика саласы психология, философия, логика, мәдениеттану, нерофизиология, антропология сияқты пәндермен тоғысатынын ескерсек, лингвистиканың осы пәндермен байланыстылығында, сабақтастығында пайда болған салалрдағы ізденістердің әрқайсысы когнитивтік лингвистика үшін дереккөз бола алатыны белгілі.
Бұл ретте әсіресе этнолингвистикалық зерттеулердің үлесі ерекше екенін атап өту керек. Мәселен, қазақ тіл біліміндегі Ә.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Н.Уәлиұлы, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова және т.б. ғалымдардың зерттеулері тек этнолингвистика үшін емес, когнитивтік зерттеулер үшін де құнды мазмұнға ие.
Концепт ұғымы. Концепт мәселесінің теориялық негіздері Д.С.Лихачев, Н.Д.Арутюнова, Е.С.Кубрякова, А.Н.Мороковский, В.В.Колесов, В.А.Маслова, А.Я.Гуревич, А.Вежбицкаяның еңбектерінде әр қырынан қарастырылды. Н.Д. Арутюнова концептілер туралы былай дейді: «… каждое из этих слов обладает своими законами, сочетаемостью, своим лексиконом, фразеологией, риторикой и шаблонами, своей областью референции, и поэтому, описывая и анализируя «язык» каждого культурного концепта, мы открываем доступ к соответсвующему понятию» (36, 3). Мәдени сөздерді әлеумет жасайды, «сол тілдің өкілдерінің әрқайсысына түсінікті мағынада қолданылады» (37, 117), яғни кез келген тілдің актив сөздік қорына кіреді. Олардың міндеті – тілдегі кейбір түсінктерді, ұғымдарды сол әлеуметте бар концептілерді орнықтыру және соның негізінде рухани сананы, түсінікті қамту. Олардың әрқайсысында сол ұлт мәдениеті, менталитеті бейнеленеді (38, 55). Сөздердің «мәдениленуі» әдет-ғұрыпты сипаттайтын, адамның жекелеген қасиеттерін білдіретін сөздердің (тұрмыс, мінез-құлық, кедейлік, батырлық т.б.) тіпті нақты іс-әректтердің (ән салу, күш сынасы т.б.) негізінде де жүзеге асады.
Әсіресе тірек концептілер (тірек сөздер) – ұлттық танымның, мәдениеттің бір бөлшегі (элементі), сонымен қатар оны түсінудің де кілті. Тірек концептіні талдау арқылы ұлттық танымның, мәдениеттің даму қалпын, оның қазіргі өмірдегі жай-күйін білеміз. Осы мәселе төңірегінде В.А.Маслова мәдени ақпарат тілдің номинативті бірліктері арқылы төрт тәсілмен – «мәдени семалар», «мәдени ая», «мәдени концептілер», «мәдени коннотациямен» берілетінін айтады. Бұл тұрғыда мәдени концептілерге «ұлттық мәдени категорияларды» (39, 51) жатқызуға болады. Мысалы, қазақтар үшін амандық (он екі мүшең сау ма?), шеберлік (бес аспап), мұқтажсыздық (төрт тұрманы түгел) т.б. ұғымдар мәдени концептінің ұлттық мәдени категорияларын жатады. Құрамында сандық атаулар бар күрделі атауларға қатысты тірек ұғымдар осы аталған мәдени концептілердің категориялары ретінде танылып, тірек немесе түйінді ұғым негізінде этностың мәдени, рухани болмысын бейнелейді.
Танымдық концепт сөздердің аясы нақты, жинақтаушы заттық лексиканың есебінен кеңейе алады. Мысалы, «үй», «соғыс», «қару», «адам ағзасы» т.б. көптеген өсімдік пен жануарлардың, тұрмыстық заттар мен құбылыстардың жекелеген ұлттың өзіндік менталитетіне байланысты ерекше концептілік мән алуы ықтимал, Сөйтіп, заттар мен құбылыстарды таңбалаушы тілдік бірліктер мәдени компоненттерімен ерекшеленеді. Мысалы орыстар мен басқа да христиан дініндегі ұлттарда он үш саны жағымсыз күштермен байланысты теріс баға алады, ал қазақтар үшін тақ сан есебінде мүшелдің белгісі болып оң бағаланады, мысалы, он үшінде отау иесі.
Сөйтіп, концепт ұғымын «адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері бейнеленген және атаулары бар әлемнің тілдік бейнесі ретінде» (40, 85) тани отырып, сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулардың концептілерін біздің дүниетанымымыздағы әлем туралы ақиқат болмысты бейнелейтін когнитивтік бірлік ретінде қарауды жөн көрдік.
ІІ САНДЫҚ ҰҒЫМДАР АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ АТАУЛАР КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМұНЫ
2.1 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы: аялық білім, астырт және үстірт мағына
Кез келген тілде сан атаулары алғашқы ұғыммымен, яғни қандайда бір заттардың санын, басқа заттармен қатынасының сандық мәнін білдірумен қатар, екінші деңгейдегі қолданысқа түсіп, басқа ұғымдарды атауға қатысады. Яғни о бастағы нақты білім басқа , жаңа білімді игеруге көмектеседі. Сол арқылы қоршаған ортаның ақиқат дүниесіндегі құбылыстар адам санасында дайын, бұрыннан бар бірліктер арқылы оңай танылып жатады. Осы процесс сан атауларына әбден қатысты. Мәселен үш саны нақты бір заттардың мөлшерін көрстедеі, яғни лексикалық бірлік ретінде оның анықтамасын былай беруге болады: Үш – екіден көп, төрттен аз сан. Ал осы сан атауы енді ұлттың басқа да рухани, мәдени, материалдық мәдениетіне қатысты, әлеуметтік болмысындағы құбылыстар мен заттарды, абстрактілі ұғымдарды тануға қатысады. Мысалы, үш жүз күрделі атауында үш санының атауы нақты бір заттардың мөлшерін атап қана қоймайды, бұнда ол тіркескен жүз сөзімен бірігіп, қазақ халқының этникалық құрылысына қатысты білімді жинақтаушы қызмет атқарып тұр. Міне, осыған байланысты әр бір сан есімнің түркі тілдеріне ортақ, қазақ тілінің өзіне тән ерекше а с т ы р т м а ғ ы н а с ы болады. Астырт мағынаны тану үшін сол тілдің ұжымның бүкіл болмысы, мәдениетімен, тарихы мен әлеуметтік құрылысымен, рухани дүниесімен таныс болу керек. Егер осыған қатысты а я л ы қ б і л і м жоқ болса, аталған сандық ұғымдардың астырт мағыналарын түсіну мүмкін болмайды.
Сонымен, астырт және үстірт мағына, аялық білім сияқты талдау аппартатымызға алынған ғылыми ұғымдарға тоқталып кетсек. Бұл талдау принципреті мен негіздерін біз М.Күштаеваның зерттеу жұмысынан алдық (41).
Аялық білім жүйесі туралы айтқанда сандарға қатысты тілдік бірліктердің әлеуметтік мәнділік деңгейі қарастырылады.
«Дүниедегі көрінген және көрінбеген сырларды түгендеп, болмаса, денелеп білмесе, адамзаттың орны болмайды», - деген Абай сөзінің астары өмірдегі заттар мен құбылыстарды танып білуге ұмтылдырады. Бұл орайда тіл – адамдардың қоршаған орта мен өзін тану, мәдени ақпаратты сақтаушы және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші құрал болғандықтан, оның қызметі қоғамдағы атқаратын қызметінен туындайды.
Дегенмен, белгілі бір «лексикалық жүйелікке» (42) негізделген тілдік бірліктердің қолданысы шектеулі болуы халықтың таным-түсінігінің тар болғанына қатысты емес. Ол қандай да бір кәсіп не шаруашылықтың маңыздылығына, қажеттілігіне, таралым аймағына байланысты. Белгілі мақсатқа негізделген ойды жеткізуде пайдаланылған тілдік құралдардың тыңдаушының қабылдауы, түсінуі әр түрлі. Тілдік таңба (кез келген тілдік бірлік тілдік таңба бола алады) мен оны қолданушы арасындағы қатынасты тіл деңгейлерінің барлық бірліктері тұрғысынан қарастыруға болады дейтін болсақ, сандарға қатысты тілдік бірліктердің прагматикалық аспектісі оларды белгілі бір әлеуметтік ортадағы түрлі мақсатына қарай қолданылуына байланысты. Бұл бағытта аталмыш лексемаға қатысты тілдік бірліктердің мән-мағынасын, ұғымын, мазмұынын түсінуді бір сызықтың бойымен біржақты қарастыра аламыз. ¤йткені әр бір жеке адам немесе кез келген әлеуметтік орта жалпы өмір саласына байланысты қолданылатын тілдік бірліктерді өһздерінің қажетіне қарай пайдаланады. Сол себепті сандарға қатысты лексемаларпды әр түрлі әлеуметтік топтар арасында қолдану, түсіну, деңгейі әр түрлі болады. Мысалы, бес сан есімі арқылы жасалған күрделі атау бес қару тіркесін жазушылар, шеберлер, тарихшылар мен соғыс өнерін зерттеушілер немесе қарияларымыз қолданбаса, қаланың мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларынан мұндай сөзді есту ілуде болмаса сирек.
Бұдан белгілі бір тілдік таңбаны қолданушы топтар мен қабылдаушы әлеуметтік топтардың сан атауларына қатысты тілдік бірліктер туралы ұғымы сол қолданушы топтар мен қабылдаушы топтардың таным-түсінігі тұрғысынан оның әлеуметтік мәнділік деңгейін анықтауға болады.
Әлеуметтік мәнділік дегеніміз – қоғамдағы белгілі бір өмір сласында қолданылатын тілдік бірліктерді / таңбаны / лексеманы қолданушы мен қабылдаушы әлеуметінің таным-түсінігі, қолдану деңгейі (аясы). Осы орайда сан ұғымдарына қатысты күрделі атаулардың - тілдік таңбалардың әлеуметтік мәнділік деңгейін анықтау үшін екі топқа бөліп қарастырдық:
1. сан ұғымдары арқылы жасалған күрделі атауладың әлеуметтік мәнділік деңгейін анықтаудағы үстірт құрылым;
2. сан ұғымдары арқылы жасалған күрделі атауладың әлеуметтік мәнділік деңгейін анықтаудағы астырт құрылым құрылым;
М.Күштаеваның пайымдауындағы «үстірт құрылым» атаулар – «қоғамдық өмірдің әр түрлі саласына, жалпы жұртшылыққа түсінікті, қолданыс аясы кең таңба. Ал «астырт құрылым» атаулар деп отырғанымыз – жалпы жұртшылыққа түсініксіз, тек белгілі бір кәсіп иелеріне, ғалымдарға, жергілікті тұрғындарға ғана түсінікті, қолданыс аясы шектеулі тілдік таңбалар» (41, 17). Бұл тұрғыда белгілі бір өмір саласына қатысты тілдік бірліктердің әлеуметтік мәнділік деңгейі әр түрлі екені байқалады. Әрине, әлеуметтік мәнділік деңгейі шектеулі астырт құрылым дегенде ұлттық таным түсінігі тар деген ой тумау керек. Бұл жерде сол тілдік таңбалардың белгілі бір әлеуметтік топтар арасындағы қолданысының шектеулі екендігі айтылып отыр.
Сонымен бірге таңбаны қолданушы мен қабылдаушының белгілі бір кәсіп не шарушалыққа, болмаса ұлттық рухани мәнділікке, тарихи тұрмысының саласына қатысты тілдік тұрғалардың мән-мағынасы туралы түсінігін, яғни аялық білімін біржақты қарамау қажет. Аталмыш ұғымға (сандарға) қатысты әлеуметтік мәнділігі кең күрделі атаулар – тілдік бірліктер туралы жалпы ұғым болғанымен, оның әр түрлі ерекшеліктеріне байланысты әлеуметтік топ иелері мен ғалымдар қолданатын тілдік бірліктердің мән-мағынасы жөнінде жалпы жұртшылықтың таным-түсінік деңгейі шектеулі болады да осы топ иелері мен ғалымдардың, сонымен қатар сол мәселе төңірегінде қарастырып жүрген зерттеушілердің, жергілікті тұрғындардың аялық білімі кең болады.
Аялық білім дегеніміз белгілі бір өмір саласына қатысты тілдік ұжым өкілдерінің тілдік және тілдік емес құбылыстар жөнінде таным-түсінігі. Қоғамдық ортада белгілі бір сандық ұғым арқылы жасалған күрделі атаулардың қолданылу аясы мен ол туралы кез келген әлеуметтік ортаның таным-түсінігі тұрғысынан оның әлеуметтік мәнділігінің мән-мағыналық, танымдық сипатының аялық білім ерекшеліктері анықталады. Бұл айырмашылықтар қоғамдағы әлеуметтік орта деңгейімен байланыста көрінеді. Сондықтан белгілі бір өмір саласына қатысты тілдік таңбаларды әлеуметтің таным-түсінігі, қолдану аясы тұрғысынан бір деңгейде қарамай, таңбаны қолданушы мен қабылдаушының әлеуметтік таным тұрғысынан «үстірт» құрылым, «астырт» құрылым деп екі деңгейге бөлдік.
Адамдар арасындағы байланыс тіл арқылы жүзеге асатыны анық. Сондықтан да тіл ақиқат өмірдегі объективтік шындықты танудың, оны өмірде пайдаланудың құралы болып табылады.
Қазақ халықының тарихындағы материалдық және рухани мәдениеттің, тұрмыс-тіршілігің деңгейін бейнелейтін, яғни этнос өмірінің декеккөзі болар белгілі бір сандарға қатысты біртуар, үш жүз, бес қару, төрт құбыла, алтыбақан, бес саусақ, екі дүние, қырықаяқ, Жетіқарақшы, бесатар, үш жұрт, сегізкөз, сегізаяқ, қырықбуын сияқты күрделі атаулардың әлеуметтік мәнділігі кең. ¤йткені олардың мән-мағынасы жұртшылыққа, яғни тілдік ұжым мүшелерінің барлығына дерлік кеңінен түсінікті. Осыған қатысты жұртышылқтың бәріне ортақ қолданыстағы сөз және сөз орамдарын «әлеуметтік мәнділігі кең атаулар» деп алуымыздың тағы бір себебі – оның тек әдебилігі ғана емес, сондай-ақ тілдік бірліктердің мәдени мазмұнының да ұғынықты болуында. Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік мәнділік деңгейі кең үстірт құрылымдық атауларының саны шектеулі болғанымен, олардың мәдени мазмұны көтеген ұғымды қамтиды.
Халықтың өткен өмір жолынан мағлұмат беретін, белгілі бір өмір саласына қатысты жұмсалатын тілдік бірліктер көне мұраларда, ауыз әдебиетінің үлгілерінде (шешендік сөздер, эпостық, лиро-эпостық, тарихи жырлар, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, жұмбақтар мен ертегілер, аңыз әңгімелер), көркем шығармаларда кездесіп, әлеуметтік мәнділік деңгейі кеңіп отырады.
Әлеуметтік мәнділік деңгейі шектеулі астырт құрылым атауларға негізінен мән-мағынасы қазіргі заман үшін бейактуалданып күңгірттенген тарихи лексикаға жататын, көне салт-дәстүрмен байланысты қолданыстар, сондай-ақ кәсіби сөздерді пайдаланатын – көбінесе кәсіп иелері мен сол кәсіптің орналасқан жерінің тұрғындары қолданатын, мән-мағынасы соларға ұғынықты тілдік бірліктерді жатқызамыз. Мұндай бірліктердің мән-мағынасы былайғы жұртшылыққа, жалпақ жұртшылыққа беймәлімдеу болып, аталмыш атаумен арнайы айналысатын немесе онымен таныс, болмаса жекелеген кәсіпке қатысты тілдік бірліктердің әлеуметтік мәнділігі шектеулі болып келеді. Көне салт-дәстүрге, тарихи оқиғаға, наным-сенімге немесе арнаулы кәсіпке байланысты ұғымдар, құбылыстар мен өнім, зат атаулары көбінесе осы мәселелермен шұғылданатын немесе онымен жақсы таныс, болмысында күнделікті қолданатын адамдар арасында қолданылады да,солардың өздеріне, сол жердің тұрғындарына ғана түсінікті болады. Мысалы, Қызылорда, Шымкент өңірлерінде тоғыз беру салты жақсы сақталған, бүгінгі күнге дейін үш тоғыз, тоғыз тоғыз деген түрлері халық арасында сақталып, тұрмысының бір көрінісі болып келеді. Сондықтан бұл күрделі атаулардың әлеуметтік мәнділігі осы өңір тіл иелерімен шектеледі де, Қазақстанның басқа өңірлері үшін мағынасы күңгірт болады. Сондайақ сан ұғымдарымен байланысты бес саусақ, төрт жақ, екі дүние т.б. атаулардың не нәрсе туралы екені көпшілікке түсінікті. Ал жанды тоғыз, жансыз тоғыз, аяқ тоғыз, төрт кітап, көктен түскен төрт қылыш, он сегіз мың ғалам, сегіз пейіш, жеті тозақ, төрт тұрман сияқты т.б. күрделі атаулардың мән-мағынасы жалпы жұртшылыққа белгісіз. Сондықтан бұлар әлеуметтік мәнділік деңгейі шектеулі астырт құрылым ретінде көрінеді.
Абай шығармашылығының жемісі – қазақ өлеңінің құрылымдық жаңа түрінің күрделі атауы сегізаяқ сөзін де осы астырт құрылым тілдік бірлікке жатқызуға болады. Себебі осы атаудың қолданысының аясы әдебиеттанушы, тілші мамандармен, сондай-ақ Абай творчествосын зерттеуші немесе лингвистикалық біліктілігі жоғары оқырмандармен шектеледі де, бұл сөз барлық тіл иелеріне бірдей түсінікті бола бермейді. Сонымен қатар әлеуметтік мәнділік деңгейі тым шектеулі атауларға сан ұғымдарынан жасалған математикалық, физикалық, химиялық ұғымдарды көрсететін терминдік лексикалық бірліктер де жатады.
2.2 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің мазмұны
2.2.1 «Бір», «екі», «үш», «төрт», «бес», «жеті» сан атауларының концептілері
Тұрақты сөз тізбектерінің біраз бөлігі жеті, үш, тоғыз, қырық сияқты бірқыдыру сан есімдердің төңірегіне топталып жүреді. Бұл сөздердің белгілі бір тізбек, тіркестерге түп қазық болу себебі халықтың ежелгі дәуірдегі ұғым-түсінігімен, салт-санасымен ұштасып жатыр. Фразеологизм ішінде бұл сөздер нақтылы сан мағынасында қолданылуы шарт емес. Мысалы, жеті ғылым тілін біледі [жеті ғаламның тілін біледі], қырық ру дегендерде нақты саннан гөрі әйтеуір «көп» деген ұғым бар.
Бұл сияқты сан есімдердің фразеологизмдер ішінде ұйытқы болу қасиеті жоғарыдағы тіл, жүрек т.б. типтес емес. Өйткені бұл үш, жеті, тоғыз, қырық сөздері өзінің сан-мөлшерлік қызметін көп жағдайда жойып алу сыры бөлегірек. Олар белгілі бір нәрсе, құбылыстардың ұғымдық символы ретінде қолданылатын тәрізді. Бұлардың дені халықтың ескі наным, түсініктерінен туған. Бірақ, бертін келе бұл ұғым‑түсінік дерексізденіп, екінші бір салаға ауысқан деуге болады. Айталық, ит сөзінің алыстыққа тікелей қатысы болмаса да, ит арқасы қиянда дегеннің алыстық ұғым баламасы болғаны сияқты, жеті атасынан түк көрмеген дегенде жеті сөзі де, уақыт, мезгілдің шартты көрсеткішіне айналған. Немесе жеті басты жалмауыз, жұт жеті ағайынды дегендегі жеті сөзі де жалпы көптік ұғымына айналып кеткен. Демек, бұл сандар біршама сан мағынасын сақтай отырып, өзге ұғымға да икемденіп, екі түрлі қасиетке ие болған. Өзге сандардан гөрі жеті санының жұмсалу өрісі кеңірек.
Ертедегі мифопоэтикалық дәстүрлерде сан ұғымдарына киелі мән беріп, өн бойына космонимикалық мағыналар жүктеген. Адамзат қоғамында сандар діни тәңірлік және әлемдік символдар ретінде қарастырылып, олардың бойында адам санасы жете қоймайтын құдіретті құпиялар мен сырлар жатқанына, сонымен қатар бұл құдіретті күштердің адамға жақсылық та, жамандық та, алып келетініне сенген. Сан есімдер бойындағы мифопоэтикалық семантика мен символикалық қолданыстар олардың магиялық қасиеттерімен тікелей байланысты. Сан есімдер мифолегемасы дара сандарда ғана емес антропонимдерде, фразеологизмдерде де көптеп сақталынған. Ономастика ғылымының көрнекті ғалымы Т.Жанұзақов сан есімдермен келетін жалқы есімдерге, 1-10, 20, 30, 40, 50, 60, 70, 80, 90, 100, 1000 сандарымен келетін кісі аттарына тоқтала келіп, ол есімдердің көбінесе ер кісілерге берілетін, ал санмен әйелдер есімінің кездеспейтінін айтады (Жанұзақов, 1971: 196).
Қазақ фразеологиясының ірі маманы, ғалым‑түркітанушы І.Кеңесбаев сан есімдермен жасалған фраземаларға талдау жасай келіп, «... тұрақты сөз тіркестерінің біраз бөлігі ... сан есімдер төңірегіне топталып жүреді. Бұл сөздердің белгілі бір тізбек, тіркестерге түп қазық болу себебі халықтың ежелгі дәуіріндегі ұғым-түсініктерімен, салт-санасымен ұштасып жатыр. ... үш, жеті, тоғыз, қырық сөздері өзінің сан‑мөлшерлік қызметін көп жағдайда жойып алу сыры бөлегірек. Олар белгілі бір нәрсе, құбылыстардың символы ретінде қолданылатын тәрізді. Бұлардың дені халықтың ескі, наным, түсініктерінен туған. Бірақ бертін келе бұл ұғым-түсінік дерексізденіп, екінші бір салаға ауысқан деуге болады» (Кеңесбаев, 1977: 612).
Сөз қадірін білген халық өзінің ардақты би-шешендерін ардақтай білген. Қазақтың ел қалаған үш биінің бірі Қазыбек бидің көңілін сұрай келген Бұхар жырауға бірден онға дейінгі санның мағынасын айтып берші депті. Сонда ол:
Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніңіз – егесіп өткен ел жаман.
Үш дегеніңіз – білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.
Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған кісі жаман.
Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатыңа жете алмаған жаман.
Сегіз дегеніңіз – серкесіз бастаған жаман.
Он дегеніңіз – өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.
Осы жолдардың әрқайсысы қазіргі күнде нақыл, өсиет сөз түрінде халық тілінде қолданылады.
Көне жазба ескерткіштер деректері мен қазіргі түркі тілдері материалдары сан құдіреті архаикалық, көне дәстүрлерді сақтағанын және олардың көпшілігінде ерекше символиканың таңбасы барлығын дәлелдейді.
«Бір» концептісінің мағынасы. Қазақ тіліндегі культтік фразеологизмдердің табиғатына ғылыми талдау жасаған ғалым К.Қ.Рысбаева, кейбір сан есімдер ұйытқы болатынын да айтып кеткен. Мәселен, киелі сан есімдер қатарын бір санынан бастай отырып, автор ол санның құдай, алла, жаратушы ием» сөздерімен тіркесіп келетінін айтады (Рысбаева, 2000: 95). Бір құдірет – он сегіз мың ғаламды жаратушы жалғыз Алла, бүкіл дүниені, адамзат пен тіршілікті жаратушы жалғыз – құдай немесе алла болса, бір саны жалғыз сөзімен мағыналас келуі, әрине, түсінікті. Мысалы: бір құдайдың ұрғаны, бір құдайдан тілегенім, бір құдай біледі, бір алла өзің жар бола көр!, бір аллаға тәуекел және т.б.
Бір саны соматизмдермен тіркесіп соңғы, қорытынды деген мағына береді. Мысалы: бір ауыз сөз «соңғы сөз», бір ауыз сөзге келмеді «үндемеді», бір беткей «айтқанынан қайтпайтын (адам)», бір ауыздан «түгел, тегіс» және т.б.
Бір санымен тіркесіп келетін заттың, нәрсенің мөлшерінің, арасының аз, жақын екенін білдіретін тіркестер қазақ тілінде бірталай. Мысалы: бір уыс «бір рет тамақ жасауға жететін арпа, бидай, тары» т.б., бір асым (ет), бір аттам «өте жақын жер», бір жапырақ «азғантай, аз», бір жұтым «бір ұрттап жұтарлық», бір киер «оқта-текте бір киетін», бір тұтам «1. бір сығым; 2. өте қысқа», бір түйір «аз, кішкентай ғана», бір тілім «бір ғана кесіп алған», бір үзім «жарым-жарты бөлшек», бір шайнам «тіске басарлық», бір шөкім «азғана, кішкентай» және т.б.
Бұл тіркестердің басым көпшілігі «аз, кішкентай» мағынасында жұмсалғанымен, олар синонимік қатар құра алмайды. Мысалы: Аспанда бір шөкім бұлт жоқ (А.Тоқмағанбетов); Кәріптен тымағының маңдайына қыстырған бір жапырақ қағазды алып берді (Ә.Әбішев). Екі мысалдағы мөлшер тіркестер «аз, кішкентай» мағынасында жұмсалса да, олардың прагматикалық қызметі әр түрлі. Бір санымен кслген фраземалардың тіркесімділік қасиеті өте шектеулі.
«Екі» концептісінің мағынасы. Сандар жүйесін ғаламдық бейнеден іздеу қажет. Тіл - әлем қатынасы. Тілдік ойлау әлем қатынастарына негізделеді. Г.В.Колшанскийдің ғаламдық бейнені тіл арқылы тануға арналған еңбегінде тіл танымның, сондай –ақ санның да ерекше құралы емес. Тіл әлемді танып, біле алмайды, сондықтан ғалам бейнесін жасай алмайды деп тұжырымдайды. Бірақ та, ғалым тілде адамның барлық танымдық шығармашылығының әр түрлі әрекеттерінің бейнесі көрінетінін, соның нәтижесінде тілге бекітіледі дей келе: «Язык не может раскрывать истину бытия только через свою форму– через материю знака. Закономерности мира отражаются и познаються только в концептуальной системе человека. Вот почему язык состороны внешней, знаковой формы не образует самостоятельного государства» (43, 33) деп атап көрсетеді.
Сандардың ерекше қолданыла бастауы антикалық тіл білімі дәстүрінен басталады. Антикалық тіл білімі дәстүрі көне грек мифологиясымен қатар пайда болады. Антикалық ойшылдар тілдің табиғаты мен жазу таңбаларын зерттеумен қатар айналысқан. Бұл екі саланың дамуы тіл білімінің қалыптасуы мен дамуына, бүкіл көне мәдениеттің дамуына әсері болған. Көне грек дүниетанымының негізгі философиялық мәселесіне қатысты «заттың», «сөздің», «ойдың» өзара қатынасын қарастыру барысында антикалық тіл білімі пайда болды.
Дүниежүзіндегі халықтардың мифологиясын зерттеушілердің еңбектеріне ареалдық талдау жасау барысында екі лексемасымен келетін сөз тіркестерінің көпшілігінің мағынасы қарама-қайшылық екені байқалады. Ондай мағынаға ие болуы - екінің, символдық классификациясының әсері. Көне мифологияға көз жүгіртсек, Үнді мәдениетінің ағаш басында отырған екі құс туралы айтылады: «Две птицы, связанные, обхватывают одно и то же дерево. Одно из них ест сладкие плоды, другая – смотрит, не прикасаясь к плодам». Оңтүстік Калифорнияның какуильва тайпасында екі ағайынды Темайауите және Мукате туралы мифте біріншісі ақ түспен байланысты ақ жерді құрайды, ақ топырақтан әртүрлі заттар жасайды, екіншісі қара жерді құрайды, қара топырақтан әртүрлі заттар жасайды. Дуалистік тибет мифінде ақ жұмыртқадан ақ ниетті жарықта өмір сүретін әке шығады, қара жұмыртқадан қара ниетті, қатігез, қара түнекте өмір сүретін әке шығады. Бұндай сарындағы аңыздар қазақ халқының мәдениетінде де кездеседі. Мысалы, лиро-эпостық жырлардағы Қозы мен Қодар, Төлеген мен Бекежан.
Жоғарыда айтқанымздай екі лексемасы көбінесе егіз, жұп мағынасындағы символдық мәнге ие болған. А.Золоторева екінің егіз ұғым гипотезасына дәлел ретінде ежелгі Римдегі егіз култьінің дуалистік ұғымын көрсетеді (44). Ежедгі Римде егіз Ромула және Рема культі болған, яғни екі патша болған. Сондықтан әрбір қызмет орындары екіден болған. Елде екі жақты басқару кейінгі дәуірге де жеткен. Римде екі консул, екі трибун (ежелгі Римдегі қызмет адамы) болған. Дуализм - қазақ және жалпы түркі мифологиясының да басты көрсеткіштері (С.Қасқабасов т.б.)
Ескі наным-сенімнен бастау алған екі сан есімі ертегілерден де орын алған. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісінде Төстік жер астына түскен кезде Бапы ханның ордасында екі қара жылан, екі сұр жылан, екі дәу жылан кездеседі. Сондай-ақ «Қара үйрек» ертегісінде Қараүйрек пен ағасы екі күн, екі түн алысып, ақыры Қараүйрек қыз ағасын қырық құлаш аспанға лақтырғанда, жерге түспей-ақ өліп кетеді.
Екі сан есімі үндіевропа тілдерінде «кез келген қарама-қарсылықты, ақ пен қара, әйел мен еркек дегенді білдіреді» (Маковский, 1995: 110). Қазіргі тілде сақталған екі дүние: бұл дүние - фәни. о дүние - бақи; екі мәңгілік: ай және күн және т.б. ұғымдар да қарама-қарсылықтың заңдылықтирына мысал бола алады.
Екі сөзінен туындаған түркі тілдеріндегі егіз сөзі туралы атақты түркітанушы ғалым И.Г.Добродомов былай дейді: «В соответствии с названным противоречием («мужское и женское») именем екиз или же именем с этим компонентом у современных тюркских народов нарекают близнеца-младенца мужского пола, родившегося с близнецом женского пола», - дейді (СИГТЯ, 1997: 629.). Қазақ фразелогиялық қорында, дос егіз, дұшпан сегіз; егіз қозыдай; екінің бірі, егіздің сыңары т.б. фраземалары сақталған.
Мұндай қарама-қарсылық фразеологизмдер бойында қазақ тілінде де кездеседі. Мәселен: екі дүние – діни ұғымда екі дүние бар деп есептеген. Бірі – тірліктегі кез, бұл – жалған дүние, екіншісі – адам өлгеннен кейінгі кез, бұл – шын дүние. Мысалы:
Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы (Абай).
Немесе Екі жүзді (бетті) – кісінің көзінше бір түрлі, сыртынан екінші түрлі сөйлейтін, опасыз адам (Кеңесбаев, 1977: 157). Мысалы:
Есеңгіреп жүрмесең,
Елді неге даттайсың,
Екі жүзді болмасаң,
Байды неге мақтайсың?! (Жамбыл);
Сонымен қатар теріс сөйлейтін, айтқан сөзінде тұрмайтын, қарама-қарсы сөйлейтін, өтірікші адам туралы: екі сөзді кісі «өтірікші, тиянақсыз кісі». Мысалы: Екі сөзді болып елендеп жүргеннен, бір сөзді болып мерт кеткен дұрыс (Б.Момышұлы);
Екі ұшты болды (сөйледі) «екі жақты; өтірік, шыны белгісіз, күмәнді» және т.б.
Екі сөзінің мағынасы тұрақсыз, сатқын, опасыз сияқты жағымсыз коннотациямен байланысты:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілме.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме кұйрығын,
Ұста жетсін бұйрығың (Абай). Немесе, екі кеменің құйрығын ұстанған суға кетер, көңілі екі болды, және т.б.
Сонымен қатар екі сөзі фраземалар құрамында жұп соматикалық ұғымдармен де келеді. Мысалы: құлақ – жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты, екі езуі екі құлағында; аяқ – екі аяғын бір етікке тықты; иық – екі иығынан демін алып отыр, екі иығына екі кісі мінгендей, екі иығын жұлып жеді; көз – екі көздің бірі, екі көздің шарасы, екі көзі алдында, екі көзі су қараңғы, екі көзі төрт болды, екі көзі шарасынан шыкты, қол – екі қолы алдына сыймады, екі қолы жағасында болды, екі қолын кусырды, екі қолын мұрнына тығып алды, екі қолын төбесіне қойып... .
Фразеологиялық бірліктер құрамындағы екі комопнентімен келген тіркестер соңғы сөз, қысқа сөз, тиянақты іс мағынасында да жұмсалады. Мысалы: сөзі екі болмасын, сөзін екі еткізбеді, екі ауыз сөз, хан екі айтпайды, ханның жарлығы екі болмайды, қолынан екі келсе, бірін қылсын, қолынан бір келсе, екі қылсын және т.б.
Қазақ тілі теориясының маманы Ә.Хасенов: «Түркі тілдерінде негізгі сөздік қорга жататын сан атаулары өмір шындығынан, конкретті заттан алынған. Әрине, бұл жалпы сандық ұғымдардың дамуына байланысты, адамзат қажеттілігінен туды деген пікір ешбір қайшы келмейді қайта оны толықтыра, растай түседі. Екіншіден, белгілі бір ұғымның, құбылыстың өткен тарихын қазіргісімен салыстыра, қазіргі формаларын зерттей отырып ашуға, тануға болады», – деген пікіріне қосатынымыз, көне түркі тілдері мен қазіргі түркі тілдері материалдарында ерекше символдық мағынаға ие, қазіргі тілдік тұрғыдан түсіндіруге бола бермейтін сандардың архаикалық дәстүрлердің сақталғандығы (Хасенов: 63-187).
«Үш» концептісінің мағынасы. Үш сан есімімен келетін фразеологизмдер де ескі салтқа қатысты. «Ешбір басы бірікпейді» деген мағынада үш қайнаса сорпасы қосылмайды; «ешбір ойына кіріп-шықпаған» деген мағынада үш ұйықтаса түсіне енбеген деп келеміз. Ер кезегі үшке дейін деген мақал да бар. Ертегілерде: Біреудің үш баласы болыпты немесе хан үш қайтара сұрапты сияқты фразеологизмдер жиі кездесетіні белгілі.
«Жан алу», «жан беру» сияқты дәстүр көп елдерде болған. Бұл әдет қазақта да болды. Ертеде «жан беруге» тура келсе, дүние салған ардақты бір кісінің моласына барып, одан үш рет айналып, «жалған айтсам, осы кісінің аруағы ұрсын» деп қарғанған. Мұндайда жан беруші айыпқа тартылған кісі емес, ол кісінің үш ата алыстығы бар жақын туысы болуы шарт болған. Туыстығы үш атаға жеткен кісінің сөзі әшкереленіп, жаман қылығы жұртқа аян, сенімсіз болса ғана, айыпқа тартылған кісінің басқа туысы (бірақ үш атадан бері болмау керек) жан беретін болған.
Үш саны көне түркі тілдерінде «туыстық», «қандастық» және «руластық» мағынасын білдерген.
Қырғыз балаларының асық ойынынан К.К.Юдахин үш сөзінің «сандық» мағынасынан гөрі аяқталғандықтың, бір нәрсенің соңы екенін көрсету мағынасы жоғары екенін байқайды. Егер І.Кеңесбаевтың зерттеуінен (14, 10) түркі халқында үштік санау жүйесі болуы мүмкіндігін ескерсек, үш- санның аяғы болуы мүмкін. Кейін адам миының жетілуіне байланысты бестік санау жүйесі пайда болған кезінде үш реттік мән алған.
Шумерлерден бастау алған құпия сандар ең алғаш уақыт өлшеміне байланысты ерекше қолданыла бастаған: жеті (жеті күндік апта), он екі (он екі ай жыл есебіне байланысты), үш (триада Ану, Энлиль және Эа немесе Син, Шанаш, Иштар). Үштік ерекше қолданысқа ие болуы триада негізінде емес, ғалымның вертикаль моделі, мифтік үш әлемнен Көк (аспан), Жер, Жер асты бастау алалы.
Үш сөзі қазақ тілінде де өзге тілдердегі «жеті», «қырық» сөз сөздері тәрізді өте киелі сипатта айтылмағанымен, біраз фразеологизмдердерге ұйытқы болған. Үш сан есімімен байланысты ойын аты, ырым, салт-дәстүр, жыл маусымы, ай аттары, жер-су аттары кездеседі.
Байырғы түркі халықтарының мифологиялық түсінік-сүйсігіне жүгінсек, ертеде адамдардың, әлем үш қабаттан тұрады: аспан, жер, жер асты. Бұлар өзара орталық ось арқылы бірігеді. Осы ось арқылы құдайлар жерге, ал өлгендер жер асты әлеміне түсіп отырған. Жаратылыстың мифологиялық моделінің тігінен алынған бөлігін дүние жүзі халықтары «Әлем ағашы» («Мировое дерево») десе, көне қазақтар «Бәйтерек (Өмір деген бір бәйтерек), «Төр» деп таныған. «Өмір ағашы-бәйтеректе, жер кіндігі -Көктөбеде өседі» деген аңыз да бар.
Монғолдың мифологиясында «Бәйтерек» әлем тауының басында өседі. Хакастарда ол таудың басында өсіп тұрған жеті бұтақты ақ қайың, Хакастарда ол таудың басында өсіп тұрған жеті бұтақты ақ қайың, ал нангайларда ол таудың басында өсіп тұрған жеті бұтақты ақ қайың, ал нанайларда үш бірдей «Бәйтерек» бар. Біреуі- аспанда, екіншісі- жерде, үшіншісі- жер астында. Якуттар бәйтеректің көлеңкесінде жұмақ бар, онда бірінші адам туған деп есептейді. Түріктердің көне ескіліктерінде өмір бәйтерегінің жапырақтарында әрбір адамның тағдыры жазылған, егер адам өлетін болса, жапырақ жерге түскен. Әлем ағашы әртүрлі халықтарда әр түрлі атаумен аталғанмен түпкі негіз, түсінік біреу.
«Әлем ағашы» - мифтердің негізін этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуші В.Н. Топоровтың айтуынша, «бұл космосты жасаудың құралы». Әлем ағашы тігінен алғанда үш бөліктен тұрады: төменгі ( тамыр), ортаңғы (бойы, діңгек) және жоғарғы (бұтақтары). Әлем ағашы құрылысының негізінде адам танымында үштік элементтер пайда болған: өткен шақ, осы шақ, келер шақ, ата-баба-осы кез және оның ұрпағы; дененің үш бөлігі; бас, дене, аяқ. Міне осылай үштер өмірде әр қырынан көрінеді. Осыған орай, жаратылыс болмысы тігінен алғанда Жоғарғы әлем- Тәңірлер әлемі, Ортаңғы әлем- Адамзат әлемі, Төменгі әлем- Аруақтар әлемі боп үшке бөлінеді. Құран-Кәрімде да Алла тағала бірінші- жер астын, екінші –жерді, үшінші- аспанды дарытты делінген.
Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармаларында: «Аспанда да адамдар тұрады, белбеуді тамағынан буынады, біз әлемнің ортасында тұрамыз, белбеуді белімізден буынамыз, ал жер астында тұратындар белбеуді аяқтарынан буынады (45, 181) деген аңыз беріледі. Бұл дегеніміз әлемді үшке бөлу жүйесі қазақтарға ғана тән. Қазіргі бақсы-балгерлердің түсіндірулерінше: «Адамның жаны, рухы, ақыл, ой, санасы жоғарғы қабаттан беріледі. Адамның тәні ортаңғы қабаттан О дүниеге беріледі». Тіліміздегі «Ер кезегі үшке дейін» сияқты мақалға, салт-сана, ырым, ем, жалпы әдет-ғұрып және көшпелі мемлекеттердің құрылым мүшесіне тән үштік одақ жоғарыдағы түсінікке орай қалыптасқан.
Қытай халқы да әлемде тігінен үшке аспан, жер, жер асты бөліп, әрқайсысының өз құдайы бар деп түсінген. Үш сфера туралы әртүрлі түсініктер де бар. Жаңа жыл кешінде сыйынатын үш тәңірі: будда, аспан, және жер. Осыған байланысты үш жануарды құрбандыққа шалған: тауық, үйрек, доңыз. Үш тәңірінің құрметін жаңа туған ай туғанда және ай толғанда айға қарап мінәжат еткен.
Осетин фольклорында да үш, жеті сандары ерекше қолданылған. Мысалы «Мен өлгеннен кейін, бірінші үш түні мен күзетсіз қалдырмаңдар, үш құс ұшып келеді, от басында үш бақташы отыр». Бұдан миф туралы ілімнің философия, психология, теология, лингвистика ғылымдарымен тоғысып, шектесіп жататындығы көрінеді.
Үш санының символдық мәні. Халық ерте заманнан‑ақ түрлі құбылыстарға баға беріп, олардың кейбір қасиеттеріне ерекше көңіл бөліп, оларға бақылау жасаған. Олардың ортақ қасиеттерін саралап, санамен түйіп, оның ізін өз тілінде сақтаған (үш жұрт, үш күндік пәни, үш қайтара сәлем беру, үш қайнаса сорпасы қосылмау және т.б.).
Көне түркі руникалық ескерткіштер тілінде үш санымен келген көне этникалық және географиялық атаулар кездеседі. Мәселен: üс birkun (үч бірку) – жер атауы, üс oyuz (үч оғыз) – оғыз тайпа бірлігі, üс garlug (үч қарлуқ) – қарлұқ тайпа бірлігі. Үш санының киелі ұғымды білдіру мағынасына тоқтала келіп Э.Р.Тенишев былай дейді: «По буддийской традии число «три» употреблялась для обозначения времени: üс ödki «относящийся к трем временам – прошедшему, настоящему и будущему»... Большинство буддийских обозначений древних уйгуров представляет собой толковательный перевод санскритских терминов, показывающий путь приспособления чужой религи к тюркской среде» (СИГТЯ, 1997: 580). Үш санының көне ұйғыр ескерткіштеріндегі мағыналық көріністеріне талдау жасай келіп, ғалым қараханид ұйғырларында «үш жұлдызды» төрт жылдың мезгіліне балау астрономиялық дәстүрі болғанын дәлелдеп, Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанынан үзінді келтіреді: «Сен білгейсің, үш жұлдыз - көктемгі, үш жұлдыз жазғы! Сен білгейсің, үш жұлдыз – күзгі, үш жұлдыз – қысқы! Олардың үшеуі – оттан, үшеуі – судан, үшеуі – ауадан. Оның үшеуі – топырақтан, жер болды тіршілік ортасы (Ж.Баласағүн).
І.Кеңесбаев үш санының ескі салтқа да қатысты екенін, қазақ ертегілеріндегі біреудің үш баласы болыпты немесе хан үш қайтара сұрапты деген тіркестердің жиі қолданылатынына тоқтала келіп: «жан алу», «жан беру» сияқты дәстүрлер көп елдерде болған. ... Ертеде «жан беруге» тура келсе, дүние салған ардақты бір кісінің моласына барып, одан үш рет айналып, «жалған айтсам осы кісінің аруағы ұрсын» деп қарғаған. Мұндайда жан беруші айыпқа тартылған адам емес, ол кісінің үш ата алыстығы бар жақын туысы болуы шарт. Туыстығы үш атаға жеткен кісінің сөзі әшкереленіп, жаман қылығы жұртқа аян, сенімсіз болса ғана, айыпқа тартылған кісінің басқа туысы (бірақ үш атадан бері болмауы керек) жан беретін болған», - деген салтты келтіреді (Кеңесбаев, 1977: 615).
Қазақ халқының тек тану дәстүрі бойынша әр азаматтың үш жұрты болады: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Олар жанашыр, сүйеніш, қорғаныш болып саналады. Үш жұртқа халықтың берген бағасы:
Өз жұртың – күншіл, бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды, жақсы болсаң күндеді, жаман болсаң жүндеді;
Қайын жұртың – міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды, берсең жағасың, бермесец дауға қаласың;
Нағашы жұртың – сыншыл, жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді, әрқашан тілеуіңді тілейді, тілеуқор қамқоршың болады (Кенжеахметұлы, 1998:193).
Шағатай тілінде үш санының туыстық мағынада қолданылғанын (Үаsп Quly gапlуlаry vе üсläri jog // Хасан Құлдың жақын туыстары жоқ) А.З.Будагов айтқан болатын. Атақты түркітанушы Э.Р.Тенишев үш санының қасиетіне тоқтала келіп, қарашай-балқар тілінде, фольклорында üс bašly // үш басты; üс bašly emegen // үш басты айдаһар тіркесінің кездесетініне тоқтала келіп, Қарашай жерінен бастау алатын üс jözen // үш өзен және руникалық ескерткіштер тілінде кездесетін üс birkü тіркестерін талдай отырып, үш санымен түркілерде жер-су аттарын атау дәстүрінің болғанын айтады (СИГТЯ, 1997: 580). Қазақ тілі топожүйесіндегі Үш арал жерінің атауы да үш санының символдық белгісінің айғағы бола алады.
Сонымен қатар түркі тілдес халықтары тілінде адам дүниеден қайтқаннан кейін үш күннен кейін үшін беру//өткізу, үшіне шақыру, үшін оқыту (Құран бойынша) сияқты ғұрыптар сақталған. І.Кеңесбаев фразеологиялық сөздігінде үш санымен келетін фраземалардың бірнеше мағынасын көрсетеді:
1) бір нәрсенің ақыры: ер кезегі үшке дейін (үшке дейін ғана күресуге, айқасуға, тайталасуға болады деген ескі салттан келіп шыққан тіркес; бұл дағды ертеде батырлардың ерегесуіне байланысты болған);
2) әскери топ құрудың бір түрі: үш мүйіз болды (үш топқа бөлінді, үш топ құрды);
3) тілек тілеу: ошақтың үш бұты деп отыр, ошақтың үш бұтынан сұрады/ тіледі, ошақтың үш бұтына берсін! (көне. От басы, өз үй ішінің, бала-шағасының амандығын тіледі, қамын жеді);
4) қалың мал, айып мал: үш тоғыз (айыбы, сыйлығы). (Әрқайсысы тоғыздан тұратын үш сыйлық (айып).
Сандық символдардың мифопоэтикалық табиғатын зерттеуші ғалым И.А. Подюков үш, жеті, тоғыз сандары бір-бірімен символикалық тұрғыдан байланысты туыстас, олардың әрқайсысы бүтіндікті (тұйықтықты, аяқталғандықты) білдіреді деп, өз пікірін былай дәлелдейді: «...определенная специфика числового символа – три как покровительствующее число, которым представлялась идеальная структура – с началом, концом, серединой, с которым соотносилась идея бога в трех лицах и вселенной в трех уровнях, в основном контактирует с сюжетами, в которых использованы те или иные мотивы «космизации» и само по сути «космизирует», приобщает к божественному, нейтрализуя неприемлемое или опасное или наоборот усиливая священное» (Подюков, 1997:19).
Кейбір түркітанушы ғалымдардың (А.М.Щербак, Я.В.Севортян, Б.А.Серебренников) пікірінше, көне түркі ескерткіштерінде үш саны туыстас, қандас, рулас, жақын адам мағынасында қолданылған дейді.
«Төрт» концептісінің мағынасы. Қазақ халқында киелі сандар қатарына жатпаса да, өзіндік ерекшелігі бар, ерекше қолданысқа ие болған жұмбақ сандар қатарына жататын төрт сан есімімен келетін сөз тіркестері өте көп. Ең бірінші, төрт сан есімінің ерекше қолданысқа ие болуына әсер етуші фактор - көне мифология. Бүкіл әлемді алып бәйтерекке теңеп, оны мүшелеуі әлемді де төртке бөлуден көрінеді. Ол статистикалық тұтастықтың образы ретінде қабылданады. Тұрақтылықты қажет ететіннің барлығын өзіне тартатын ең тұрақты құрылым ретінде ол тіпті, дүниенің бар бұрышын, үйдің қабырғасына дейін қамтиды. Осы тұрақтылық қасиеті басым төрт сан есімі тұрақты тіркес құрамында сандық ұғымнан гөрі негізгі, басты мағынасында жиі ұшырасады. Мысалы: төрт түлік, төрт тарап, төрт құбыла, төртжолдың торабы, төрт құлақ, екі көзі төрт болды, төрт көзі түгел, төрт тағандау, төртпақ, өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, төрт қанат үй, төрт бұрыш, түн ұйқысын төрт бөлді т.б. Бұл мысалдардағы матастырушы роль атқарып тұрған- төрт сан есімі бірінші мағынаны білдіріп тұр.
Біз бұның төркіні әлі де арыда жатқанын айтар едік. Себебі өмір ағашының бұтағы бар, әр бұтақтың төрт жағы бар. Бұтақтың төрт жағы- бұл төңіректің төрт бұріші немесе дүниенің төрт бұрышы және төрт басты түсті білдіреді. Сонымен, ең алдымен төрт құбыла, одан кейін төрт, түс, төрт түстен кейін төрт элемент туралы түсінік пайда болған. Төрт құбыла, дүниенің төрт бұрышы, төңіректің төрт бұрышы, төрт тарап, төрт қанат деген тіркестерде төрт саны тұрақтылық белгісін көрсетсе, төрт түс, төрт түлік, төрт періште, төрт тұрман, төрт қонақ тіркестерінде негізгі, басты ұғымды беріп, түн ұйқысын төрт бөлу, төрт жолдың торабы, екі көзі төрт болды тіркестерінде ауыспалы мәнде жұмсалып тұр.
Төрт санының символикалық мәні. Төрт саны ең алдымен дүниенің төрт бұрышымен – оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыспен тікелей байланысты. Көне ұйғыр ескерткіштеріндегі tört bulun // төрт бұрыш «бүкіл дүние, әлем» мағынасында қолданылатын көне дәстүр. Қазақ тіліндегі дүниенің төрт бұрышы «барлық әлем, түпкір-түпкірден», түрік тіліндегі dunjanyn tört buzagyndan // дүниенің төрт бұрышынан «бүкіл әлемнен, әр тараптан», кабардин-балқар тіліндегі төрт дуниа «бүкіл әлем», өзбек тіліндегі томаниң Қибла «барлық төрт тарабқа» және т.б тіркестер қазіргі түркі тілдес халықтарда сақталған.
Төрт саны мифологиялық түсінікте тұрақтылық, тұтастық мағынасында жұмсалады. Мысалы: төрт құбыласы түгел, төрт көзі түгел, төрт қанат үй, төрт мезгіл, төрт мүше, төрт маусым, құранның төрт мүшесі, төрт пір және т.б.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» tört tjyum «төрт рет туылу, дүнеге келу», tört es «төрт әулие», яғни Алланың төрт әулиесі, мұсылман мемлекетінің алғашқы төрт әкімі – Әбубәкір, Омар, Осман және Әли аттарымен тікелей байланысты. Қазақ тіліндегі аспаннан түскен төрт кітап фраземасы діни ұғыммен – Мұсаның кітабы – Библия, Дәуіттің кітабы – Пластырь, Исаның кітабы – Евангелие, Мұхамбет кітабы – Құран – тікелей байланысты.
Төрт саны туралы Ф.Р.Ахметжанова мен Қ.С.Дүсіпбаева былай дейді: «Төрт періште» мифология мен діни ұғымдар бойынша, құдайдың әмірін жеткізіп тұратын, табиғаттан тыс мифтік көмекшілер. Аллаға жақын ұлы төрт періште бар, олар: Жәбірейіл – Алламен арадағы байланысшы, сенімді хабаршы; Мекайыл – табиғат күшін (жауын, жел, егіншілік т.б.), құбылыстарын бақылайды; Исрафил – қиямет күнінде жел тұрғызып дауылдатады, адамдардың қайта дүниеге келуін бақылайды; Әзірейіл – ажалы жеткендердің жанын алады (Ахметжанова, Дүсіпбаева, 2001:63).
Төрт санының киелі қасиеттері туралы ғалымдар Ж.Байзақов пен С.Қонақбаев, дүниенің негізі төрт элементтен – от, су, жер және жел, төрт ұғымы осымен байланысты деп түсіндіреді (Байзақов, Қонақбаев, 1979: 25).
«Төрт» сөзі көз сөзімен тіркесіп метафораланған тіркестер жасайды: қазақ тіліндегі екі көзі төрт болу «күту, әбігерлену, тынышы кету, қорқу», төрт көзі түгел «жанұясы аман-есен, барлығы түгел», түн ұйқысын төрт бөлу «мазасы кету, алаңдау», төрт арыстың баласы «бүкіл ел, халық», төрт аяғы тең теңселген (жорға) 1. «жақсы жорғалайтын ат»; 2. «төгілте жырлайтын ақын», төрт аяқтан ақсады «ауыртпалық басына түсіп, қатты қиналды», торт аяқты екенсің! (қарғыс) «қу, зұлым», төрт табандады «екі аяқ, екі қолын тіреп тұра қалды», төрт тағаны кимылдады «зорға қимылдады, әлсіреді»; түрік тілінде dört göze beklemek «асыға, шыдамсыз-дана күту» (сөзбе сөз «төрт көзімен қарау»); башқұрт тілінде дөрт күз менен күтүу «асыға күту» (сөзбе сөз «төрт көзімен күту»); өзбек тілінде турт кузи билан кутди ~ икки кузи турт болди «асыға күту» (сөзбе сөз «төрт көзімен күту» ~ «екі көзі төрт болды»), турт ишкали бут «бір нәрсеге зәру болу», турт оғиз «аздау, аз» (сөзбе сөз «төрт ауыз»); ұйғыр тілінде икки көзи төрт болмақ «шыдамсыздан күту», төрт көзи тәл (олтурмак) «бәрі жиналып, түгелімен болу»), төрт пути асманға салбиримақ «қайтыс болу, о дүниеге аттану» және т.б.
Түркі халықтарында, әсіресе, қазақ халқы үшін төрт түлік күн көріс пен тіршіліктің негізгі көзі болған. Төрт түлік мал фраземасының мотиві – түйе, жылқы, сиыр, қой. Төрт түліктің сақтаушы иесі бар деп есептеген, атап айтсақ: түйе пірі – Ойсыл қара, жылқы пірі – Қамбар ата, сиыр пірі – Зеңгі баба, қой пірі – Шопан (Шекшек) ата және оларға сиынған. Тілде сақталған төрт түлігі сай болды «малға байыды, бай болды» фраземасы да осы түсінікпен тікелей байланысты.
Түркі тілдерінде төрт сөзімен тіркесіп жасалған идиомалар саны аз емес. Идиомалардың негізгі мағынасы «толыққандылық, тұрақтылық, беріктік, біркелкілік». Мысалы, ұйғыр тілінде төрт айиғида тик турғизмақ «бағып-өсіріп, адам қылу», төрт мүчиси сақ «сау-саламат, аман-есен», төрт там «тұратын жай, баспана», түрік тілінде dört ajak üstüne düsmek «сәті түсу, жолы болу» (сөзбе сез «төр аяқтап құлау»), dört basi mamur «барлық жағынан өте жақсы, төрт қүбыласы тең» (сөзбе сөз «төрт басы да өте сәтті»), dört japrakly gul olmak «гүлдену, шаттану» (сөзбе сөз «төрт жапырақты гүл болып қалу») жөне т.б.
Саха (якут) тілінде «төрт» саны о дүниемен, тозақпен тікелей байланысты, нес туöтуген «жеңіл тозақ» (сөзбе сөз «төрт тозақ»), Саха халқының тілін, мифологиясы мен мәдениетін зерттеуші ғалым А.А.Габышеваның пікірінше, «төрт» сөзі тек тозақпен, жамандықпен, о дүниемен ғана байланысты емес, сонымен қатар түнмен және қыспен де тікелей байланысты дейді (Габышева, 1988: 88).
Қазақ тілідегі төрт қанатты үй, төрт төбе қыпшақ, төрт тарап және т.б. тіркестердегі ұғымдар «төрт» санының бойындағы құпиялар мен жұмбақ сырлардан мағлұматтар бере алады.
«Бес» концептісінің мағынасы. Қазақ тілінде «бес» сөзі бүтін «қол» мәнінде жұмсалады. Сөз түбірі о баста «беш» не «біл» түрінде емес, «піл» түрінде айтылса керек. Адам баласы үштік санау жүйесінен кейін бестік санау жүйесін ойлап тапты. Бестік санау жүйесі бойынша ертеде сандарының шегі бес болғаны анық. Әрі бес- календарь жүйесіндегі негізгі сан атауы. Бес анық: анық сөзі бұл жерде айқын деген мағынады қолданған. Бес анықты тарататын болсақ: тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекен. Грек ғұламаларының айтуынша, адамдардың белгілі, ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезіну үшін 5 түрлі шартқа толық жауап беруі тиіс:
Достарыңызбен бөлісу: |