I мыңжылдықта Евразия аймағында этникалық өзгерістер жүріп, мұнда



бет1/2
Дата03.10.2023
өлшемі30,86 Kb.
#183520
түріЛекция
  1   2
Байланысты:
4-дәріс


2 –лекция 2.1. Tүрік және Батыс Tүрік қағанаттары

I мыңжылдықта Евразия аймағында этникалық өзгерістер жүріп, мұнда


түркі тілдес тайпалар басым бола бастайды. Түріктер туралы алғашқы деректер 542 жылдан бастап белгілі бола бастаған. Қытай жазба деректерінде Қытайға солтүстік-батыстан туцзюе (түріктердің) шапқыншылығы болғанын баяндайды. Қытайлар түріктерді ғұндардың ұрпақтары деп санаған.
VI ғасырда «түрік» атауы кең тарала бастады. Олар Алтай аймағында қалыптасқан тайпалар одағы болған еді. Қытайлықтар түріктерді «туцзюе» немесе «тукю», соғдылар - «түркі», «түркіт», ал византиялықтар, арабтар мен парсылар - «тюрк» деп атаған. Орыс деректерінде түрік тайпалары «торки -тюрки» деп аталған. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде түрік сөзі «дулыға» деген мағынаны білдіреді. деп жазады. [60, 8-б.] Түріктердің тайпалық одағы - Түрік Елі Алтайда қалыптасты. Түрік Елі деген ұғым Түрік қағанаты құрылғанға дейін қолданылды. Дегенмен, бұлай атау қағанат тұсында да орын алған. Белгілі түркітанушы, Санкт-Петербург Мемлекеттік университетінің профессоры С. Г. Кляшторный: «егер Түрік мемлекетінің құрылу уақытын оның халықаралық аренада танылған уақытымен есептейтін болсақ, 548 жылды түркі мемлекеттілігінің басы деп айтуға болады» деген тұжырым жасайды. [34, 50-б.]. Сонымен, тарих сахнасына шыққан ежелгі түріктердің бүкіл Азияға әсері негізінде «Түркістан», яғни «Түрік әлемі» деген ұғым қалыптасты. «Түркістан» атауы «Тұран» ұғымымен тікелей байланысты, ал «Тур» деген ұғым түрік деген мағынаны білдіреді. «Түрік Елі» деген мағынаны «Түркістан» атауы алғаш рет түріктердің елі деген мағынада VI ғасырдағы парсы деректерінде кездеседі. [62, 38-б.]. 1968 жылы Орталық Азияның Моңғолия аумағында Түрік қағанатының құрылу құрметіне арналған ескерткіш ашылды. Биік тасқа салынған ескерткіште қасқырдың бауырында тұрған жаралы сәбидің бейнесі берілген. Тарихи аңызға сәйкес, жаулары ойрандап кеткен тайпадан қалған сәбиді қасқыр құтқарып қалыпты-мыс. Кейін Шығыс Тянь-Шяньде сол бала мен қасқырдан он бала таралып, олар батысқа қарай қоныс аударып, Алтай тауларын мекен еткен. Сол аңыз бойынша олар түріктердің арғы тегі болып есептеледі.
Ежелгі түркі тілдес тайпалардың негізгі топтары түріктік этнотектің қалыптасуының бастапқы кезеңінде пайда болып, олар өздерінің тарихи сабақтастығын сақтап қалды. Бұларға Орталық Азиядан Алтайға қоныс аударған түркілер, сондай-ақ енисей қырғыздары, қыпшақ тобы, теле немесе оғыздар жатады.
VI ғасыр - Түрік империяларының Еуразия кеңістігінде үстемдік етуі барысында жалпы түркілік мәдени ортақ белгілерімен қатар, өзіндік ерекшеліктері де қалыптасты. Бұлан тайпалар ішіндегі билеуші және бағынушы топтар болып жіктелуі еді. Біріктіруші күштер тегі жағынан бір-біріне жақын тайпалардың басын қосу арқылы бір орталыққа біріккен мемлекет құруға әрекет жасаса, дербестікке ұмтылушы күштер алтай түркілері, қыпшақтар, қырғыздар, оғыздар сияқты этникалық топтардың тәуелсіздігін қалыптастыруға тырысты.
Алғашқы түркі мемлекеті - Түрік қағанаты ( 551-603 ) 551 жылы Алтай түркілерінің көсемі Бумын қаған дәрежесін алған кезде тарих сахнасына шықты. Түрік қағанаты нығайған тұста шығыста Корей түбегінен бастап батыста Қырым түбегіне дейін, солтүстікте Енисей бастауынан оңтүстікте Амудария өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатты. Бумынды Қара қаған ауыстырды ( 552-553 ). Бұл билеушілерден кейін Мұқан қаған ( 553-572 ), Таспар қаған ( 572-581 ) билік жүргізді.
Түрік қағанаты Орталық Азияда Мұқан қаған тұсында үстемдік құрды. Ол сол тарихи кезеңдегі Иран мен Византия сияқты аса ірі мемлекеттерімен тең дәрежедегі байланыстар орнатты. Қытай да Түрік қағанатына алым салық төлеп тұрды. Мұқан қаған алғашқыда Маньчжуриядағы қидандарды, Енисей бойындағы қырғыздарды жеңіп, солтүстік Қытайды да бағындырады. Кейін түрік билеушілері Шығыс Түркістаннан Каспий теңізіне дейінгі эфталиттер иелігіндегі аймақты және Орта Азияны бағындыру саясатын жүргізді.
561-563 жылдары Мұқан қаған Иранмен эфталиттерге қарсы әскери-саяси одақ құрады. Бұл одақтың нәтижесінде эфталиттер талқандалып, Түрік қағанаты Орта Азияға үстемдік етуге қол жеткізді. Бұндай нәтижелі саяси қадамнан кейін Түрік қағанаты енді Византиямен Иранға қарсы одақ жасаған. Түрік қағанаты үшін бұл одақта табысты болып, оларға парсылар алым-салық төлеп тұруға міндетті болды. Сыртқы саясатты белсенді жүргізген түріктер Керчь бұғазына дейін жетіп, Қырым түбегін де басып алады.
Орта ғасырларда ұлан-ғайыр аймақтар мен халықтарға үстемдік еткен төрт «әлем патшалығы» туралы тұжырымдаманың қалыптасуы кездейсоқ емес. Оларға: оңтүстіктегі «пілдер патшалығы» - Үндістан, батыстағы «асыл тастар патшалығы» - Византия, солтүстіктегі «жылқы патшалығы» - Түрік қағанаты, шығыстағы «адамдар патшылығы» - Қытай елі жатады. [10, 24-б.]. Сөйтіп, түркі тілдес тайпалар бір көсемнің билігін мойындап, бір ру мен бір әулеттің қоластына бірігіп, нығайды. Түрік қағанаты езіне бәсекелес тайпаларды, этникалық құрамы мен шаруашылығы әр-түрлі елдер мен халықтарды тәуелді етті. Тәуелді ету екі бағытта жүргізілді. Бірі - саяси тұрғыда, яғни билеуші әулеттің билігін мойындату, екіншісі - кесімді алым-салықты төлету арқылы экономикалық тұрғыда жүзеге асырылды. Нәтижесінде көшпенділер құрған мемлекет империялық дәрежеге жетті. Бұл тұрғыдан алғанда Түрік қағанаты ғұндардың дәстүрін жалғастыра отырып, Еуразия кеңістігіндегі күшті империяға айналды. Ежелгі түркі тайпалары өзіндік сапалық ерекшеліктері бар өркениет ошағын қалыптастырды. Онда көшпенді және отырықшы мәдениеттердің өзара ықпалы, қала мәдениеті мен урбанизация үдерісі ерекше орын алды. Діни құндылықтарға деген сұраныс Түрік Елінде буддизм, христиандық және кейінірек ислам сияқты әлемдік діндердің таралуына жол ашып берді. Мұның бәрі қоғамның әлеуметтік және саяси құрылымына да әсер етпей қойған жоқ еді. Түркі өркениетінің үздік үлгісі - тастағы жазулардан қолжазбаларға дейінгі жолдан өткен өзіндік, дербес түркі жазуының қалыптасуы болып табылады.
Түркі Елінің бастауы мен оның тұңғыш қағаны туралы ежелгі түркі жазба ескерткіштерінде алғашқы түркі шежірешісі Йоллығ тегін: «Биікте Көк тәңірі, ал төменде Қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған Адам баласы үстіне ата-тегім - Бумын қаған мен Истеми қаған отырған. Олар түркі халқының Ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен… Басыбарды идірген, Тізеліні бүктірген! Шығыста Қадырқан қойнауына дейін, батыста - Темір қақпаға дейін жайлаған. Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді осылай қоныстандырған екен. Білге (дана) қағандар екен, алып (ер) қағандар екен!» деп жазады. [34, 51-б.] Бұл деректерде қағанаттағы билік жүйесі - Будун - Ел - Торю, яғни «Халық - Мемлекет - Заң» үлгісінде келтірілген.
Түркілік тайпалар одағы тайпалар мен рулардан құрылып, саяси тұрғыда Елге (қағанатқа) ұйымдасқан еді. Ру-тайпалық ұйым - будун және әскери-әкімшілік ұйым - Ел бірін-бірі толықтырып тұрды. Қаған «Елдің тұтқасын ұстады және будунды басқарды». Ол тектік иерархияда үлкендік құқы бойынша тайпалық одаққа жетекшілік етті, елдің көсемі болды, жоғарғы сот және абыз қызметін, басқа тайпалар мен елдерді бағындырып, оларға алым-салық төлетуге мәжбүр ететін әскери қолбасшы қызметтерін атқарды. Қаған тайпа ақсүйектері - бектерге сүйеніп ел басқарды. Қағандардың халқына айтар сөзі: «Тюрк беклер будун» - «Түрік бектері мен халқы» деп басталатын болған. Ал. кейде әлеуметтік мәртебеге сәйкес «Атақты бектер мен қара халық» деген қайшылықты реңкте сөз арнайтыны байқалады.
Бектер тепі бойынша ақсүйектер ортасынан шыққандықтан, олардың руының мәртебесі де жоғары болған. Түрік қағанатында текті ақсүйектерге Ашина руы жатты. Түрік қоғамындағы ерекше артықшылықтарға ие болған Ашина руының иерархиясы жалпыға мәлім әрі мойындалған басқа да тармақтарының өкілдерінен империяның билеуші ақсүйектер тобы - кеңесшілер, әскери қолбасшылар, әкімшілік басшылары жасақталды.
Түркі тайпаларының табынатын құдайы Көк-Тәңірі болды. Олар Жер мен Су киесіне, отбасының жебеушісі - Ұмай-Анаға табынды. Сыртқы жаулар қысымы, этникалық құрамы әр текті болғандықтан ішкі талас-тартыстар және әлеуметтік қайшылықтар Түрік қағанатының әлсіреуіне алып келді.
Түрік қағанатының ыдырауына бір жағынан, сол кезеңге дейін бытыраңқы болып келген Қытай Суй ( 581-618 ) әулеті тұсында айтарлықтай күшейіп, Түрік қағанатына қысымын арттыра бастаған еді. Екінші жағынан, түрік қоғамындағы билеуші Ашина руының ішінде билікке талас басталған болатын. Ал, 581-583 жылдары Түрік қағанатының әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұралатып кеткен зор жұт болды. «Түркілер нанның орнына үгітілген сүйектермен қоректенді», - деген, сол қасіретті кезеңнің куәгерлері. Сонымен бірге, осынау ұлан-ғайыр аумақты ұзақ уақыт басқару да аса қиын болатынды. 603 жылы Түрік қағанаты дербес екі мемлекетке белінді: Шығыс Түрік қағанаты (Орталық Азия аймағында орналасты) және Батыс Түрік қағанаты (Орта Азияда орналасты). Шығыс Түрік қағанаты Қытайға бағынышты болып, саяси дағдарыстың ұзақ кезеңін бастан кешірді. Оның қайта өрлеуі Құтлық-Елтіріс қағанның тұсында басталды. Шығыс Түрік қағанатының едәуір күшейген кезеңі оның ағасы Қапаған қағанның және игілікті істері «мәңгілік тасқа» түсірілген Білге қаған мен Күлтегін билігі тұсында жетті.
Батыс Түрік қағанатының ( 603-704 ) негізін «Он ок будун» (Он Оқ елі) құрады. Олар Қаратаудан Жоңғар тауларына дейінгі байырғы үйсіндер жерін, сонымен бірге Шығыс Түркістан мен Орта Азияның отырықшы-егіншілік жазираларын алып жатты. Соғды мен Бұхарада да қағанның уәлилері отырды. Батыс Түрік қағанатының ондағы иелігі Амудария мен Гиндукуштың бастауларына дейін, Исфиджаб пен Шаштан Оңтүстік Ауғанстан мен Солтүстік-батыс Пәкістанға дейін жетті.
Батыс Түрік қағанаты қалалық және егінші-отырықшылық мәдениеті дамыған, Ұлы Жібек жолының басты тармақтарын бақылауында ұстаған, сол себепті саудасы өркендеген мемлекет болды. VI VII ғасырларда Талас, Іле, Шу өзендерінің алқаптарында ондаған қалалар мен күшейтілген бекіністер пайда болды. Бұл ірі қалалар көлемі бойынша орта ғасырлық Орта Азияның цитадель, шахристан, рабадтардан тұратын қалаларынан кем түспеді. Тек Шу алқабының өзінде ғана 20-ға жуық ірі қалалар мен көптеген қалашықтар өмір сүрген. Батыс Түрік қағанатында қаған - жоғарғы билеуші, әмірші, әскери қолбасшы қызметтерін атқарды. Қаған билігі мұрагерлік дәстүр бойынша ауысып отырды, ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын айқындап отырды, қағанаттағы барлық жерлерге иелік етті. Қаған мемлекетті билеуде жоғарғы лауазымдарға ие болған ақсүйек рулардың өкілдеріне сүйенді, олар қағанның тәуелді тайпалардағы уәкілдері болды. Қағанатта үй шаруасы үшін пайдаланылған құлдар ұсталды. Халықтың негізгі бөлігі тәуелсіз малшы қауымынан тұрды. Қағанаттың астанасы Шу алқабындағы Суяб қаласы, алжазғы ордасы Мыңбұлақта (Түркістан маңында) болды.
630-634 жылдары Батыс Түрік қағанаты Сырдариядан батысқа қарай Орта Азиядағы саяси ықпалынан айырылып қалды. Осы кезеңнен бастап мемлекетте дағдарыс кезеңі басталды. Оның басты себебі, сыртқы жаулардың қысымы және тайпалық одақтар арасындағы билік үшін күресі еді.
Жетісуға қытайлар басып кіріп, 657 жылы Батыс Түрік қағанатының әскері жеңіліске ұшырап, саяси дербестігінен айырыла бастады. Енді қағанатты басқару Қытай әкімшілігінің бақылауымен жүзеге асырыла бастады.
Батыс Түрік қағанатының құлауының нәтижесінде, оның басқа аймақтарында күшті мемлекеттік бірлестіктер пайда болды. Еділ жағалауында және Солтүстік Кавказда Хазар қағанаты, Сырдария мен Арал жағалауында Оғыз мемлекеті, Жетісуда - Түргеш, Қарлұқ қағанаттары, Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда Қимақ қағанаты құрылды. Ал, Енесей аймағында Қырғыздардың мемлекеттік бірлестігі, Моңғолияда - Ұйғыр (тоғыз оғыз) қағанаты пайда болды. Бұл этникалық-саяси бірлестіктер Түрік қағанатының әлеуметтік, мәдени, әскери, мемлекеттік әкімшілік дәстүрлерін жалғастырды. [62. 318-б.]



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет