Әл-Фараби мұралары: Әл-Фараби ғылымды өз бетінше зерттеп, үлкен табыстарға жеткен ұлы тұлға. Ол метафизика, тіл білімі, логика, география, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын 160-қа жуық трактаттар жазып қалдырған. Педагогика, психология, эстетика мен музыка, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Аристотельдің еңбектерін зерделей отырып, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары»,«Бақытқа жету»,«Ақындықтың мәні туралы» т.б. философиялық туындылар жазған. Әл-Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» т.б. іргелі еңбектер жазған. Бірқатар музыкалық аспаптарды жетілдірген. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында ізгі мемлекеттің болуы, ондағы халықтың жағдайы басшысына байланысты деп, қоғамды қалай басқару керек деген мәселеге көңіл бөлген. Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия,философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |