Отан, білім, достық туралы мақал-мәтелдерді жаттау.
Фразелологиялық сөздікпен жұмыс жүргізу.
Мәтін: Қазақстан Республикасының Парламенті Мақсаты: Қазақстан Республиксының Парламенті жайлы қазақ тілінде түсінік беру 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциямен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және басқа да заңнамалық актілермен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады. Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланымдағы Мәжіліс депуттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, оның он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл.
Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.
Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Мәжіліс сайлаған Төраға басқарады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.