ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӨМІР ҚАЖЕТТІЛІГІ
Қазіргі уақытта әлемдік қауымдастықта білім беру саясатындағы басымдылық саясаты инклюзивті білім беру принципіне незігделеді.
Қазіргі таңда барлық әлемде жеке қажеттіліктерді түзету – педагогикалық қолдау мен бейімдеу баланы емес, балалардың білімдік сұраныстары мен жеке ерекшеліктеріне ортаның, отбасының белсенді қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын «барлығы үшін бір мектеп» немесе инклюзивті білім беру туралы айтуда.
Әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.
Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру [1].
Қазақстан Республикасының Конституциясы республика азаматтарына міндетті болып табылатын тегін орта білім алуына кепілдік береді, бұл басқа жақтарын қоспағанда, оның қол жетімділігі мен сапасын да көздейді. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңында білім мақсаты қоғам мүшелерінің адамгершілік, зияткерлік, мәдени және дене дамуының әрі кәсіптік құзыреттілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу болып табылады.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жж. арналған Мемлекеттік бағдарламасында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды қолжетімді білім алу жағдайларын ескеретін оқыту үдерісіне кіріктірудің механизмдері анықталған болатын [2].
XVII ғ. швейцариялық математик Я.Бернулли (1654-1705) математика ғылымында «интеграл» терминін енгізеді. Кейінгі үш жүзжылдықта интеграциялау термині біртіндеп ғылымның басқа салаларына да ене бастайды: алдымен философияға, кейінірек психологияға, әлеуметтануға, соңынан педагогикаға енеді. Педагогикада «әлеуметтік интеграция» термині ХХ ғ. Пайда болды және алдымен АҚШ-та тек нәсілдік, этникалық аз халықтар мәселесінде, кейінгі онжылдықтарда эмигранттардың балаларына қатысты қолданылды. ХХ ғ. 60-ж. Европа континентінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) қатысты қолданыла бастады.
Инклюзивті (франц. inclusif – өзіне енгізетін, лат. include – ішіне аламын, енгіземін) немесе енгізілген білім беру – жалпы білім беру мектептерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үрдісін сипаттау үшін пайдаланылатын термин. Инклюзивті білім берудің негізіне балалардың кез келген кемсітушілігін болдырмайтын, барлық адамдарға тең қарым-қатынасты қамтамасыз етиетін, бірақ ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін ерекше жағдай жасайтын идеология жатады.
Педагогика тарихында Европалық білім беру тәжірибесіне бірге оқыту феномені деген педагогикалық идеяны енгізген педагог И.Г.Песталоцци (1746-1827) болды. Көру, есту, зият кемістігі бар балаларды сау балалармен бірге оқыту идеясы XIX ғ. бірінші жартысында европалық мұғалімдердің ойын жайлаған идея болды (Франция, Германия, Австрия т.б.). Бірге оқытудың ыңғайлылығы мен тиімділігін дәлелдеу үшін прогресшіл педагогикалық қоғам бірқатар дәйекті деректерді келтіреді: дамуында бұзылуы бар балаларды оқыту мүмкіндігінің шеңбері анағұрлым кеейеді, көбірек бала қамтылатын болады, себебі кейбір сенсорлық кемістігі бар балалар үшін ашылған арнайы мекемелер саны өте аз; мектеп-интернатта оқитын баланың ата-анасының оқу-тәрбие ісіне қатысы азаяды, сондықтан ата-аналарды белсенділендіруге мүміндік береді (В.А.Егер); дамуы ауытқуы бар баларды оқыту мен тәрбиелеуде қолданылатын кейбір тиімді әдістер мен тәсілдерді, құрал-жабдықтарды пайдаланудың сырын көпке мәлім ету, себебі бұл кейбір жағдайларда отбасының, өндіруші фирманың немесе арнайы мекеменің ғана құзыреті жететін жайлар болуы мүмкін.
Бірге оқыту тәжірибесі жалпыға бірдей міндетті қатаң қадағаланатын ереже енгізілгенге дейін ғана мүмкін болды. XIX ғ. 40-50жж. Европа елдеріне біртіндіп енгізіле бастаған міндетті бастауыш білім алу заңдары жалпы білім беретін мектептердегі сыныптардағы балалардың күрт өсуіне алып келді [3].
АҚШ-та 1962 ж. M.C.Reynolds арнайы білім беру бағдарламасын жариялайды, онда «специфика қажеттіліктен артық болмауы керек» қағидасы негізінде МШ балаларды жалпы білім беру легіне барынша көбірек қосу идеясы жатыр. 1970 ж. американдық Е.Н. Дено осыған ұқсас концепция ұсынады, ол «Модель «Каскад» деген атқа ие болады. «Каскад» дегеніміз – мүмкіндігі шектеулі балаға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсете алатын «жалпы лектен» мүмкіндігінше аз шығу («mainstream») жүйесі. Термин ХХ ғ. 90-ж. КСРО елдерінде де кең қолданысқа ие болады, ал АҚШ-та бұл кезде жаңа терминологияға көшіп үлгереді («инклюзия») [4].
Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің жалпы мектептердегі білім беру үдерісіне белсенді қатысуы ғана емес, негізінен жалпы білім беретін мектептердің оқыту жүйесінің барлық баланың қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатындай болып тұтастай қайта құрылуы.
Саламан Декларациясына сәйкес инклюзивті білім беру саясатының міндеттері төмендегідей:
Әрбір бала білім алуға құқылы және оны алуға тиіс.
Әрбір баланың дара қабілеттері, қызығушылықтары, қажеттіліктері және оқуға деген мұқтаждықтары болады.
Білім беру жүйесіне оң өзгерістер, яғни осы мұқтаждықтарды қанағаттандыру мақсатына орай өзгерту
Осыған орай, инклюзивті білім берудің негізгі 8 принципі туындайды. Яғни ол мына принциптер:
1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
4. Барлық адам бір-біріне қажет.
5. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.
6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
7.Әрбір оқушы үшін жетістік кежетуөзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
8. Жан- жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді [5] .
Ресей педагогы Н.М. Назарова еңбектерінде бұл ұғым былайша түсіндіріледі: «Арнайы педагогикаға қатысты бұл интеграция термині денсаулық мүмкіндігі шектеулі мүгедек адамдар, зиятында, сенсорлық саласында т.б. кемістіктері бар адамдар шеттетілмейтіндей, әлеуметтік өмірде өзге адамдармен қатар қатысатындай нәтиже беретін үдерісті білдіреді. Білім беру жүйесінің барлық сатыларында интеграция - мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы немесе жалпы білім беру мекемелерінде өзге сау балалармен қатар білім алуға деген шынайы мүмкіндік» [6].
КСРО-да интеграцияланған оқыту идеясы жалпы білім беру жүйесінде де, арнайы білім беруде де ешқандай қолдау таппайды. КСРО инклюзивті білім беруге байланысты эксперимент жүзінде ұзақ жылдар бойы зерттеледі. (70-ж. – Э.И.Леонгард проф. Ф.Ф.Раудың жетекшілігімен; одан әрі – сол жерде 80-ж. бастап қазіргі кезге дейін Н.Д.Шматконың басшылығымен зерттеушілер тобы айналысуда). ХХ ғ. 90-ж. бастап Ресейдің бірқатар білім беру мекемелері (Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск т.б.) инклюзивті білім беру режимінде жұмыс істей бастады [7] .
Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігімен 2013 жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» шарасының
мақсаты – қоғам өмірінің барлық салаларында мүмкіндіктері шектеулі адамдардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және өзін-өзі танытуға жәрдемдесуге, қоғамға мүгедектерді етене араластырудың тиімді тәжірибесін қолдануға қоғамдық назарды аудару болып табылады [8]
Инклюзивті оқыту - мүгедек пен дамуында сәл бұзушылығы мен ауытқулары бар балалардың дені сау балалармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлескен оқыту.
Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Тәжірибе көрсеткеніндей, қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалады, өйткені қалыптасқан жүйе мұндай балалардың даралық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Инклюзивті оқыту – барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді; оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді; адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Қорыта келе инклюзивті оқыту балалардың оқу үрдісіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге талпынады. Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайлары да өзгереді. Инклюзивті оқытуды ашқан мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады. Өйткені, олар бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, танып-білуге, қабылдауға үйренеді. Инклюзивті оқыту - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді.
Инклюзивті оқыту - адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді, оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |