2.1 Араб халифатының құрылуы
632 жылы Мұхаммед пайғамбар өлген соң қауым басшысы болып Мұхаммед пайғамбардың әрі жақын досы, әрі қайын атасы Әбу-бәкір (632-634) жарияланды. Ол “Халиф” (орынбасары) деген атақ алды. Бұл өте мазасыз кезең еді. Жан-жақты Мединаның билігін мойындағысы келмеген тайпалар арасынан жалған пайғамбарлар шыға бастады. Осындай мазасыз кезеңнен кейін араб жазушылары мен тарихшыларының еңбектерінде “Ар-Рида”, яғни, “дінінен безу”, “дінінен бөліну”, деген атаққа ие болады. Ал шын мәнінде ол “діннен безгендер” деп саналған тайпалар әлі ислам дінін қабылдамағандар еді. Жалпы Мұхаммед пайғамбар өлген кезде Ислам дінін қабылдаған араб тайпаларынан ол дінді әлі қабылдап үлгермеген тайпалар көп болатын. Олардың кейбіреулері өздерінің бұрынғы нанымдарында қалғанымен, мединалық қауымның саяси билігін мойындады.
Енді біреулерінің арасында ислам дінін қабылдап, Мединаның ықпалына бағынуды жақтайтын топтары болды. Сондай-ақ ислам туралы хабары жоқ, мединалық қауымның ықпалын сезінбеген тайпалар да болды [29].
Л. Кэтани Аравия тайпаларын олардың ислам дініне қатынасы жағынан төрт категорияға бөледі:
І – категориясына ислам дінін қабылдаған Мекке-Мединалық қауым басшылығының қол астындағы тайпалар жатады. Бұл негізінен Мекке мен Мединада, сол қалалардың жақын маңында тұратын джухейн, мувейн, бали, асджа, аслале, хузейя, хуза т.б. ұсақ тайпалар болды.
ІІ – категорияның құрамына Орталық Аравияның хавазин, Амир ибн-сасааб, тайб, сулейм тайпалары кірді. Бұл тайпаларға Ислам дінін қабылдағандардың ықпалы зор болды. Бірақ олардың арасында кішігірім топтары Медина ықпалына қарсы-күресте өте зор белсенділік танытты.
ІІІ – категориядағы ислам дінін ұстанушылар ықпалы енді-енді тарап келе жатқан тайпалар кірді. Бұл тайпалардағы мұсылмандар өте аз болды. Бұл асад, гатафан, тамим тайпалары.
ІҮ – категорияға өздерінің саяси және идеологиялық тәуелсіздігін сақтап қалған тайпалар енді. Олар: ал – Исламдағы Ханифа, абд ал – Кайс, азад тайпалары, Иемен мен Хабрамауттағы тайпалардың көпшілігі. Ал христиан дінін ұстанушы араб тайпаларына жаңа дін өкілдері ешқандай ықпал еткен жоқ. Бұл келб, кудао, бахра, гассан, бекр ибн-вайл, танух, таглиб тайпалары еді.
Сондай-ақ Махарадағы, Иемен мен Хадрамауттағы кейбір политейстік бағыттағы тайпалар да ислам дініне еш қатысы болмады. Бірақ, бұл соңғыларына Иудейлік діннің ықпалы күшті болды [36].
Жекелеген тайпалардың саяси және идеологиялық тәуелсіздігін жақтаушылар жергілікті әулие пайғамбарлар болды. Олардың кейбіреулері өз насихатын Мұхаммедтің тірі кезінде - ақ жүргізді.
Ислам дініне қарсы күресті әскери ал- Иемамадағы Мусейлима деген әулие белсенді жүргізді. Мединалық ислам діндегілердің үстемдігіне қарсы Орталық Аравиядағы асад тайпасының күресін Тулейха басқарды. Ол исламға қарсы күресін Мұхаммедтің тірі кезінде-ақ бастаған болатын. Мұхаммед өлген соң фазада, тайм тайпаларының қолдаушылығына ие болды. Халид ибн ал- Валидтің әскері Тулейха жасағының тас-талқанын шығарды.
Тулейха қашып құтылды. Кейін ол ислам дінін қабылдап, араб жаулап алушылықтарын белсене қатысты. Сөйтіп, “ар-рида” діннен безу емес, тек көпшілік тайпалардың жаңа ислам дінін бірден мойындамауы, оған алғаш қарсылық көрсетуі болды. “Ар-рида” екінші жағынан барлық араб тайпаларын медина-меккелік қауымының билігіне бағындырып, оларды жаулап алушылық соғыстарына тарату болды. Барлық араб тайпаларын біріктіру екінші тақуа халиф Омар ибн ал-Хаттабтың (634-644 жж.) тұсында аяқталды.
Ортағасырлық араб тарихнамасында араб халифатының құрылуы, яғни жаулап алынған жерлерде бір орталыққа бағындырылған үкіметтің құрылуы осы тақуа халифтың білікті де шебер, данышпан басшылығының нәтижесі деп көрсетілді. Ол өте ақылды, әділетті, қарапайым, белсенді, әскер басшы болған. Ислам діні мен мұсылмандар мүдесіне жан-тәнімен беріліп, адал қызмет еткен. Ол нағыз демократ болған. Омар мұсылманша жыл санау Хиджраны енгізген.
Омардың тұсында диван құрастырылған. Ол парсы сөзі, “тізімі” дегенді білдіреді. Ол тізімге жаулап алынған жерлерден салық жинауға құқысы бар жеке адамдар мен тайпа аттары енген. Жаулап алынған жерлер сол тізімге енгендер арасында бөлініп, ол жерде отырған елден “харадж” деген адам басына жер салығы жиналатын. Ол салықтан түскен табыс мұсылмандар арасына тең бөлініп таратылған [17].
Дивандағы ең бірінші тұрған Мединалық қазынаға және аймақтардағы бейт, ал-малдарға барлық жиналған алым - салықтардың бестен бірі түсіп тұрғды.
Әскердегі қызметін арабтар өздерінің құрметті борышы деп санады. Ислам әскері араб тайпаларының жасақшыларынан тұрды. Араб жауынгерлері соғыста түскен олжадан басқа жергілікті халықтан жиналатын азық-түлік есебінен және бейт ал – малдан бөлінетін жалақы есебінен күн көретін. Жаулап алынған елдерге қоныстанған арабтардың көпшілігі бағындырылған жергілікті халықтардың есебіне күн көріп, өнімді еңбекпен айналыспады. Егіншілікпен арабтар айналысқылары келмеді.
Арабтардың ру-тайпалық ұйымдары жаулап алушыларды бағындырылған халықпен араласып кетуден қорғады. Арабтар көбінесе өздерінің әскери лагерлерінің қасына жергілікті халықтар да қоныстана бастады. Олар арабтарға қызмет етіп, тауып жатқан олжаларынан үлес алып, күн көретін. Араб әскери лагерлерінің маңына қолөнершілер мен малайлар, ұсақ-түйекпен сауда-саттық жасайтындар қоныстанатын. Олардың арасында әртүрлі алаяқтар мен жезөкшелер жеткілікті болатын.
Басып алынған ескі қалаларда арабтар жеке кварталдарға орналасатын. Кейде ол кварталдардың тұрғындарын көшіріп жіберетін, сүйтіп оны толығымен өздеріне босатып алатын. Арабтар өз әскерінің қатарына жаулап алынған халықтардың өкілдерін алмады. (тіпті олар ислам дінін қабылдаса да). Ал бұрын Аравиядан көшіп келіп, бірақ көршілерінің ықпалымен христиан дінін қабылдаған арабтар дереу жаулап алушылар қатарына барып қосылып жатты. Әсіресе Сирия мен Иорданиядағы христиандық арабтар елеулі әскери-саяси рөл атқарды. Мұсылман-жаулап алушылар тек христиан, иудей діндегілерге ғана емес, сондай-ақ зороастризм діндегілерге де, манихейлер мен сабиялықтарға да ешқандай зорлық-зомбылық көрсеткен жоқ, ислам дініне кіру-кірмеу еріктерін өздеріне қалдырды [32].
Ислам дінін қабылдаған жат елдіктер жан басына салынатын жер салығынан босатылатын. Бұл қазынаға байлықтың аз түсуіне себеп болатын. Сүйтіп, арабтар жаулап алған деген тұжырым шындыққа ұласпайды. Шын мәнінде жаулап алынған жерлердегі исламдандыру өте ұзақ прцесс болды. Ол процесс кейбір арабтардың шығыс елдерінде осы күнге дейін аяқталған жоқ. Мысалы, ІХ ғасырда Египет халқының басым көпшілігі христиан діндегілер (копттер) болды.
Арабтардың өркениетті елдерді жаулап алып, оларда өз биліктерін орнатулары араб қоғамындағы экономикалық және әлеуметтік дамуды тездетіп, күрделендіре түсті. Қолында билік бар мұсылман қауымының мүшелері баий түсті, ал қолынан ешнәрсе келмейтіндердің жағдайы онан сайын қиындай берді. Бұл халифтар алдымен байуды дегенді білмеді. Алғашқы халифттер өте қарапайым өмір сүрген.
644 жылы ирандық құлдың қолынан Омар қаза тапқан соң Осман ибн Ал-Аффан халиф болды. Ол да омейя руынан болатын. Ислам дінін қабылдағанға дейін ол өсімқорлықпен айналысатын байлардың бірі болған. Ол сонымен қатар иіс сулар жасап сататын, асыл тұқымды сәйгүлік ат өсіретін. Мұхаммедтің Үркия деген қызына үйленген. Ол қайтыс болған соң тағы бір қызы Үмму Гүлсімді алған. Содан ол құрметті “Зу–н –Нұрайын” – қос сәлеге бөленген деген атақ алған. Ол 644 – 645-шы жылдар аралығында Халифтық құрды. Оның ең үлкен және аса маңызды жұмысы – Құранның толық жинағын әзірлеу, кітап қалпына жеткізу болды.
Осман өлген кездегі оның байлығы 150 мың динар мне 1 млн. Дирхем құрған. Сонымен қатар 100-ге жуық жылқысы, 1000 түйесі, 10 000 қойы болған дейді Е. Беляев. Ақыры бұл байлығы оның түбіне жетті [14]. 656 жылы наразы болған арабтардың өздері көтеріліс жасап, Османды өлтірді.
2.2 Алғашқы төрт тақуа халифтарының тұсындағы Араб жаулап алушылықтар
Аравияны толық жаулап алғанға дейін Мекке-Медина қауымының қарулы күштері мен оларға қосылған бедуин тайпалары көрші өркениетті елдерге басып кіре бастады. Нәтижесінде ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда Азияның, Африканың және Еуропаның ұлан-байтақ территорияларында араб үстемдігін орнатқан араб жаулап алу соғыстары бірнеше кезеңдерден тұрды. Бірінші кезең алғашқы үш “әділ халифтардың- Абу Бәкр (632-634 жж.) және Осман (644-656жж.) билігі тұсында өтті.
633 жылы күзде немесе 634 жылы көктемде, әрқайсысында 7500 жауынгерден тұратын үш араб әскері, Сирияға басып кірді. Медина халифатына аравиялық тайпаларды бағындыру арқылы бұл әскердің күші толықты. Византиялық қарулы күшпен, алғашқы қақтығыс [31] өлі теңізден оңтүстіктегі Вади – л – Арабта және Газды ауданында өтті. Бірнеше бекеттер орналасқан және жергілікті тұрғындардан асығыс жасақталған, әлсіз византиялық гарнизондар өз дәрежесінде қарсылық көрсете алмады. 634 жылы жазда арабтар Бусраны алып, Аджнандин (Аджадейн) және Фихм түбінде византиялық әскерге соққы берді. Бекініс қамалдарындағы палестина және сирия тұрғындары тойтарыс беретін және шабуыл жасайтын техниакалары араб отрядтарында қарсы қорғанысқа өте зауықсыз қатысты. Олар арабтардың әскер басшыларымен келісімге келуді артық көріп, “өмірін, мүлкін, балаларын сақтау және басы салығын төлеу шартымен” арабтарға бекініс пунктерін өткізіп берді. Византия әскерлері өздерінің соғысу қабілеті жағынан арабтарға жетпеді, олармен шайқаста үнемі жеңіліс тауып, үлкен қалаларға жасырынып қалатын. 635 жылы ақпанда Мардж ас – Суффара түбіндегі шайқастың нақты барысы қиял туындысы болмағанда, византиялық әскердің қайсарлығын мойындауға болар еді. Белазуридің хабарлауына қарағанда византиялықтардың “қырғын күреске кіргені соншалық, суға аққан қанмен диірмен қозғалысқа келтірілген” [4].
Арабтардың Хирамен шекаралас оңтүстік Иракқа басып кіруі ал- йемамдағы соғысқа дейін басталып, шапқыншылық сипат алған. Йемамдық халифтердің қарсылығын басқаннан кейін, қолбасшылығында 500 мединалық пен меккелік қалған Халиф ибн ал – Валид бекр ибн вайл тайпасын өз жағына тартып солардың көмегін Хираны алады.
Бек ибн вайл Орталық Аравияда ал – Иемамнан Парсы жақтағы жерге көшіп қонған көп санды, әрі құдіретті тайпа болатын. Бұл тайпаның көп бөлігін несториандық дінге сенуші христиандар құрайтын. Сондықтан ислам діні жаулап алу жорықтарына үндейтін себеп бола алмайтын. Бірақ, бұл тайпаларда ислам пайда болғанға дейін-ақ олжа табу мақсатымен Оңтүстік Иракқа басып кіру арқылы жинаған тәжірибесі бар болатын. 610 жылы осындай отрядтар Зу-Каре түбіндегі иран әскерімен шайқаста оларды жеңе алды. 634 жылы наурызда 500-800 салт атты әскері бар Хамид бұйрық бойынша шөл арқылы Мединадан Даманскіге жіберілді. Араб отрядтары Даман маңындағы бау-бақшалы аудан Гутуды алды және мұндай бекіністі не тәжірибелері, не құралдары жоқ болғандықтан қалай аларларын білмеді. 635 жылы қыркүйекте алты ай қоршаудан кейін комендант және жергілікті эпископ қала халқының қысымымен Даманскіні арабтарға берді. Қоршағандардан, қосатынынан қала қабырғаларына шығатын бірде-бір саты табылмады, ал бекініс қақпалары ішінен тастармен және бөренелермен бітеліп тасталған еді. Жеңімпаздарға Гутудағы бір монастрдан саты алуға келді.
Арабтардың басып кіруі ірі жаулаушылыққа айналып бара жатқанын түсінген Византия әскери қолбасшылығы мператор Ираклидің басшылығымен Солтүстік Сирияға көп әскер шоғырландырды. Гректермен (румдық) бірге оның құрамына ал – Джериа мен Армения тұрғындары мен сириялықтардың отрядтары енді. Византия әскерінің саны, араб тарихшыларының асыра санауымен 200 мыңға жеткен дейді. Араб отрядтары жауынгерлерінің саны мәліметтер бойынша 24 мыңнан асқан жоқ. Византиялықтардың жақындауына байланысты арабтар Даманск және тағы басқада қалаларды тастап, Иорданның шығыс тармағындағы Йармук ауданына шегінді. 636 жылы 20 тамызда осы жердегі ірі шайқаста византиялықтар қирай жеңіліп, 70 мың жауынгерлерінен айырылған.
Визатиялықтардың соғысу қабілетінің нашарлауына, шайқасқа дейін – ақ өзара қақтығысып қалған грек және армия бөлімдерінің алауыздығы кері әсер етуі Гассанид патшасы Джебел ибн ал – Айхан бастаған сириялық арабтар шайқас кезінде арабтар жағына шығып кетті [15]. Йармукта византиялықтарды толық талқандағаннан кейін арабтар Сирияның толық билеушісіне айналды. Аңыз бойынша император Ираклий бұл елді мүлдем тастай отырып, шекарадағы бір шатқалды: “Қош бол, Сирия !” – деген екен.
Арабтар Даманскіні қайта алып, содан кейін Солтүстік Сирияны бағындырды. 638 жылы – жыл қоршаудан кейін – Иерусалим, 640 жылы 7 жыл қоршаудан соң – Кайсария берілді. Мұндай ұзаққа созылған қоршау арабтардың әскери – техникалық мүгедектігінен емес, осы портты қалалардың гарнизондарының теңіз арқылы үнемі көмек алып тұруымен түсіндірілді. Арабтардың визатиялықтардың теңіз флотымен күрестен еш құралы ол кезде жоқ болатын.
Иракта Хираны алғаннан кейін арабтар сасанид әскерімен шайқаста бірнеше рет жеңіліп, бұл қала мен оның облыстарынан кетуге мәжбүр болды. Бедуиндерге күшті әсер қалдырған, олар үшін қорқынышты жануар болып көрінген иран әскери пілдері еді. Бірақ, 635 жылдың аяғында Бувейте түбінде, Евфратта Иран әскерлерін әкеліп, жеңілген арабтар қайтадан Хираны алды, ал 637 жылы 31 мамыр немесе 1 маусымда Кадисия түбінде кейін, осы ірі шайқастан соң арабтар Сасанидтер астанасы Ктесифонға кірді, ол қала арабтарда Мадаин деген атпен белгілі Шахиншах ІІІ – Йездигерд пен сарай маңындағылар қашып, кетеннен кейін қала тұрғындары арабтарға қала қақпасын ашты.
Арабтар әскер басшыларымен Иран әскери қолбасшылығымен жасасқан бейбіт келісімі көп ұзамай арабтар тарапымен бұзылды. Сол кезде солтүстікке қарай жылжыған араб әскерлері 641 жылы Мосулды алып, Хамадағы Нехаведен түбінде ирандықтарға күшті тойтарыс берді. 644-645 жылдары Араб әскерлері Белуджистан арқылы Индияның шекарасына енді. 649 жылы Истахрды (ежелгі Персополь) алды. Мерв түбінде ІІІ – Йездигердтің өлген 651 жылы, арабтардың Иранды жаулап алуының аяқталған күні деп есептелді. Осы жылы олар Амударияға дейін жетті. Бұдан сәл ертерек Сирияны жаулап алғаннан кейін, арабтар 640 жылы Арменияға басып кіріп, оның астанасы Двин қаласын алды. 654 жылы олар Тбилисиге дейін барды.
Африкаға жорығын арабтар, араб қарулы күштер Сирияда жеңіске жеткеннен кейін барып бастады. Араб отряды Египетке алғашқы жорығы ибн ал – Асанның қолбасшылығымен аз ғана әскермен 639 жылы желтоқсанда бастады. Ескі пайым бойынша, өзінің Сирия әскеріндегі бағыныштылық жағдайына риза болмағандықтан Ніл жазығына өздігінен жорық бастаған бұл қолбасшының әрекеті мүлдем мүмкіндігі жоқ ретінде алынып тасталуы керек еді. Іс жүзінде бұл жорық Египеттен Хиджазға астық, тағыда басқада азық – түлік жеткізу үшін жасалған болатын. Мекеннің тұтыну сұранысы, әсіресе Аравия біріккеннен кейін, қажыға барушы мұсылмандардың санының көбеюіне байланысты өсе түсті [37].
640 жылы қаңтарда Амрдың әскері Фарамды алды, одан соң Нілді басып өтіп, Файымға жорық жасады. Маусым айында арабтар қосымша күш алғаннан кейін, Гелиопольде византиялықтарға соққы берді. 640 жылы қыркүйекте олар Вавилонды қоршады, бұл бекініс 641 жылы сәуірде берілді. Осыдан кейін Ніл арқылы төмен жылжи отырып, Александрияны қоршауға көшті. 641 жылы қарашада жергілікті патриарх Кир (ал – Мухавкис) Амрмен осы бекіністі беру жөнінде келісімге отырды. Келісім бойынша он бір айлық уақытша бітімнен кейін Египет астанасы арабтардың қолына өтті, ал бұл уақыт ішінде осы қалада тұратын бай және ақсүйек гректер қоныс аударды: 642 жылы қыркүйекте гректерді көшіру аяқталғаннан кейін, араб әскері, Александрияға кірді. Осы уақытқа дейін араб отрядтары Жоғарғы Египетке ішкерлей енген болатын. 645 жылы Византия флоты Александрия аймағына басып кіріп, десант түсіріп, қаладан арабтарды шегіндірді. Арабтар қаланы екінші рет қоршап 646 жылы жазда шабуылмен алды.
Араб әскерлері Египеттен онымен көрші Ливияға шапқыншылық жасауды ұйғарды. Жергілікті бербер тайпаларынан қарсылық кездестірмеген және Византия гарнизонына соққы берген арабтар 642 жылы күзде Барка қаласын алып, Киреналка облысын бағындырды. Осы облыстан шығып, Феззанның оңтүстігіне дейін және батыста Трипаш қаласына дейін еніп, оны 643 жылы алды. 647 жылы араб әскері Египеттің наместнигі Абдаллах ибн Садтың қолбасшылығымен Ифрикияға басып кірді және Византиялықтарды Сбейтла қамалының түбінде талқандады [45].
жылы Иран құлының қолынан Омар қайтыс болғаннан кейін, Омейядтар руына жататын Осман ибн – ал Аффан халифтік қызметке келді. Осман ислам пайда болғанға дейін, өзінің жас кезінде тиімді өсімқорлық операцияларымен айналысып, бай адамдардың біріне айналған болатын.
Меккеліктердің арасында ал байлықты, асыл тұқымды жылқыны, жас құл қыздары жақсы көруші ретінде белгілі болатын. Осман Мұхаммедтің ең жас ізбасарларының бірі болды. Аңыз бойынша пайғамбардың қыздарының біріне үйленеді, ол жас қайтыс болуына байланысты, басқа қызын алады. Сондықтан Осман мұсылмандардың кезде “Алланың елшісінің екі қайтар күйеу баласы” деген атақ алған.
Осман халиф билігі тұсында (644-656 жж.) оның туыстары, Меккелік құл иеленушілік ру ақсүйектерінің өкілдері бағындырылған елдерде мемлекеттік билікті және жер иеліктерін жаулап ала бастады. 648 ж. Арабтар Кипр аралын басып алды. 653 ж. Кипрліктер Византия жағына шығып кетіп, Араб гарнизонын талқандады. Файника маңында болған шайқаста араб флоты византиялық флотты талқандап, Кипрді халифатқа қайтарып алды.
651 ж. Арабтар Иранды жаулап алуды аяқтады. Шахиншах ІІІ– Йездигерд мады жаққа қашып барып, сонда бір диірменшінің қолынан қаза табады. Сасандар империясы өмір сүруін тоқтатты.
Сол жылы Араб әскері Әзірбайжан жақтан Арменияға басып кірді. 653 ж. Арабтар византиялықтарды Тайк облысында жеңіп, Арменияны алиарабтың құрамына қосып алды. 653-655 жж. Халифат Грузияны бағындырды. Сонымен бүкіл Закавказье араб халифатының қол астына көшті [34].
Мұсылман қазынасының ашықтан – ашық тоналуы, оған түскен қаржы мұсылмандарға тиесілі және олардың арасында теңдей бөлінуі керек деп санайтын, аз санды пайғамбар “серіктері” тарапынан наразылық туғызды.
Осман халифтың өзі өз отбасының мүддесіне мемлекеттік қаржыны қалай болса солай пайдалану арқылы теріс үлгі көрсетті. Мысалы, оның қызы Абдаллах ибн Хамидқа тұрмысқа шыққанда, ол жас жұбайларға басыр бейт ал – малынан 600 мың дирхем беруге бұйрық шығарды. Абдаллах ибн Абу Сарх Ифрикиядан үш мың қаптар алтын жібергенде, Осман ал – Хасам отбасына беруді бұйрық етті.
Османға қарсы Куфадан, Басрдан, Египеттен Мединаға қажылық түрімен келген мұсылман өкілдері күшті наразылық көрсетті. Осы қаланың тұрғындары ашық көтеріліске шықты. Көтерілісшілер халифтың үйін қоршап алып, өзін өлтірді.
Енді Мұхаммедтің күйеу баласы, әрі ағайын бауыры, Әли (656 – 661жж.) халиф боды. Көтерілісшілердің қолдауымен билікке келген Әли халиф Османның байыған ықпалды “серіктері” мен туыстарының тарапынан қарсылыққа кездесті.
Арабияда күрес үшін жеткілікті күш құрал таба алмаған Әли, Ирактан сенімді әскери және әлеуметтік тірек табам деген үмітпен өзінің резиденциясын Куфаға ауыстырды.
657жылы ал – Джазирадағы Сиффин маңында, Ефраттың оң жағасында Муавияның сириялық әскері арасында ірі шайқас өтті. Бұл шайқаста екі жақта нақты нәтижеге жеткен жоқ [28].
Әли 661 жылы Куфа мешітіне кірер есікте хариджиттердің пышақ жұмсауынан алған жарадан қайтыс болды. Хариджиттердің үкімімен өлімге кесілген Муавия мен Амыр ибн ал – Асаға жасалған қастандық сәтсіз аяқталды.
Төртінші тақуа халиф Әли ибн Абу Талиф Неджефте жерленді. Оның өлімінен кейін Мұхаммед пайғамбардың көрегіндікпен айтқан сөзі дәл келді. Ол: мен өлген соң 30 жыл өткенде Халифаттың орнына патшалық келді. Халифты силау әулеттік принциппен ауыстырылады деген еді. Шынында да билікке Омейялық Муавия ибн Ауб Суфьян (661 – 680 жж.) келді де 750 жылға дейін оның үрім бұтағы биледі.
Осылайша, арабтар 20 жыл көлемінде Византия империясының құрамына кіретін Азияны, Африкадағы кең – байтақ территорияны жаулап алды және Иран патшалығын түгелдей бағындырып, құдіретті державаның саяси тәуелсіздігіне нүкте қойды. Араб жаулап алушылығының тез, әрі жеңіл жүзеге асуының себептерін араб тарихымен айналысатын немесе өз еңбектерінде осы оқиғаға жолай тоқтаған Еуропа тарихшылары анықтауымен шұғылданды [24 ].
Арабтардың жеңіске жетуінің негізгі себептерін Византия мен Сасанидтік Иранның экономикалық әлсіреуімен, ең бастысы осы мемлекеттердегі әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен түсіндіруге болады.
Елдер мен облыстардағы еңбекші халықты езгі мен қанаудың күшейе түскен жағдайында, қарапайым халық осында келген араб жаулап алушыларына өз билеушілерінің ауыр езгісінен құтқарушы ретінде қарауға бейім тұрды. Оның үстіне арабтар өздерінің үстемдігіне бағынған жағдайда өмір сүрудің әлде қайда төзімді шарттарын ұсынды. Соның нәтижесінде арабтар жаулап алған елдердің халқының көбі оларға қарсылық көрсетпек түгілі, бірден олармен одақтасуға тырысты: (мысалы ерте орта ғасырлар).
Арабтардың әскери жетістігінің себептерін түсіндірудегі ескі, аты шулы жаулап алушыларды тырп еткізбеген діни фантизмнің нәтижесі деген тұжырым қазір іске асқысыз болып қалды. Араб әскерлерінің негізгі бөлігін құрған бедуиндердің жаңа ілімді білмегені және біле алмағаны белгілі. Өйткені, мұсылман діни әдебиетінің алғашқы шығармасы – Құранды құрастыру арабтарды жаулап алу жорықтарының бірінші кезеңі аяқталған кезде, яғни ҮІІ ғасырдың ортасында болатын [14].
Орта Азия халықтарының ислам дінін қабылдауы
Мұхаммед пайғамбардың ізбасарлары, яғни халифтер тұсында олар Пиреней тауларынан Инд өзеніне дейін созылып жатқан орасан зор мемлекет құрды. Араб Халифатының бір қарағанда, орта ғасырлардың басында бірінен кейін бірі пайда болып, бірақ елеусіз жойылып кетіп отырған көптеген мемлекеттерден еш айырмашылығы жоқ болып көрінуі мүмкін. Басқада мемлекеттер сияқты,арабтар өзінен анағұрлым дамыған елдерді өзіне бағындырды. Алайда халифат ғұндардың, готтар мен түріктердің ұлан-байтақ державалармен салыстырғанда анағұрлым ұзақ өмір сүрді және сондай-ақ әлемдік тарихқа өлшеусіз зор ықпал етті.
Мәселе тек бұл мемлекеттің өмірінің ұзақтығында немесе көлемі бойынша өзіне дейін өмір сүрген державалардан әлдеқайда ауқымды (өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде ол Ескі дүниенің ширегінен астамын алып жатты) болуында ғана емес. Тарих үшін ең маңыздысы мынада – халифатта әр түрлі өркениеттердің өзара әрекеттесуі жаңа, жоғары дамыған мәдениетті туғызды, бұл мәдениеттің тілі - араб тілі, ал идеологиялық негізі – ислам болды, міне осы мәдениет араб жаулап алуларының нәтижесінде бүкіл әлемге дерлік тарады.
Бастапқыда халифатқа кірген әрбір ел өз бетінше, бұрынғы қалпымен өмір сүре берген болатын. Жағдай аббасилер (750 – 1258 жж.) әулетінің билікке келуімен өзгерді. Осы кезде барлық мұсылмандардың құқықтық жағынан теңестірілуіне байланысты халифаттың барлық аймақтарында ислам діні қарқынды түрде тарап, қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінің тілі – араб тілі кеңінен енгізілді. Көптеген жерлерде бірте-бірте жергілікті халықтың ана тіліне де айналды. Сонымен, Аббаси халифатының ыдырауы қарсаңында, яғни ІХғ. екінші жартысында оның батыс бөлігі біржолата арабтандырылды. Жаулап алушылардың аз ғана тобы аса көп жауланып алынған халықтардың арасына сіңісіп кетпегені былай тұрсын, керісінше оларды өз этнографиялық ықпалына бағындырды. Және де араб тілінің жеңісі араб үкіметі шараларының нәтижесінде емес, керісінше оның еркіне қарсы іске асты. Жауланып алынған халықтар арасында ислам дінінің таралуы халифаттың бүкіл қаржы жүйесін бұзды, үкімет мұсылман емес халықтардың арасында мемлекеттік тілдің тарауын тіпті де қалмаған еді. Христиандарға арабша сөйлеуге және өз балаларын мұсылман мектептерінде оқытуға тиым салынды. Соған қарамастан ислам орасан көп халықтың дініне айналды, және халықтың ислам дінін қабылдамаған бөлігінің өзі араб тілін қабылдады (мысалы, ал-Андалустағы мосарабтар).
Араб тілі, сондай-ақ біртұтастықтың басқа да түрін қалыптастырды: ІХ ғасырдың өн бойында барлық ислам дінін қабылдаған халықтардың жақындасуына және “араб мұсылман мәдениеті” деп аталатын туысқан мәдениеттер кешенінің пайда болуына ықпал етті. Қоғамдық деңгейлеріндегі айтарлықтай айырмашылыққа, жергілікті халықтардың дәстүрлері мен тарихи тағдырына қарамастан, ұзаққа созылған күрделі өзара ықпалдастық процесі нәтижесінде, ал соңғы нәтижеде ислам иіріміне тартылған халықтардың мәдениеттерінің синтезі нәтижесінде Араб халифатына кірген елдерде біртұтас жалпымұсылмандық мәдениет қалыптасты. Бұл мәдениет оны тұтынған халықтардың дүниетанымын, психологиясын, қоғамдық мекемелері мен өмір сүру үлгісін алдын-ала анықтап берді. Араб-мұсылман мәдениеті, әсіресе ислам дінін ұстанған халықтардың даму жолын белгіледі және әлі күнге дейін олардың өміріне айтарлықтай ықпал етті.
Айталық, араб мәдениетінің ықпалына түскен аймақтардың бірі – Орталық Азия. Біздің заманымыздың І-мыңжылдығының орта тұсынан бастап Орталық Азия аймағын, Қытай шекарасынан Иран мен Византия шекараларына дейінгі созылып жатқан ұлан ғайыр даланы негізінен түркі тайпалары мекен еткен.
“Түрік” сөзі тұңғыш рет қытай және соғды жазбаларында, атап айтқанда, Монғолиядан табылған Бұғыты жазбаларында (582 – 583 жж.) кездеседі. Бұдан кейін көп ұзамай-ақ бұл термин византиялықтардың, арабтар мен сириялықтардың жазбаларына, сондай-ақ, санскритке, әр түрлі иран тіліндегі және тибет тілдеріндегі жазбаларға түседі [46].
Қарастырып отырған дәуірдегі түріктер бұл ұланғайыр Еуразия даласын мекен еткен түркі тілдес, түркі тектес халықтар болып табылады. Түркілердің қатарына бұл дәуірде оғыздар, тоғыз-оғыздар (ұйғырлар), телестер, тардуштар, түргештер, қарлұқтар, қырғыздар, қимақтар, қыпшақтар, яғмалар, басмылдар, шығылдар және т.б. кірді [47].
Арабтар тарихи аренаға шығып, араб-мұсылман мәдениеті үстем болған дәуірде түріктер бастапқыда Батыс Түрік қағандығы, Түргеш, Қарлұқ қағандықтары, ал кейіннен Карахан мемлекетіне біріккен болатын. Түргештердің дәуірлеуі кезінде-ақ арабтар мен түріктер арасында белгілі жәрежеде қарым-қатынастар орын алғанына қарамастан (В.В. Бартольдтың айтуы бойынша бұл дәуірде арабтар түріктердің “мәдени” (отырықшы) аудандарға шапқыншылықтарын тойтарып қана отырды,олар түрік қағандарының ордаларына дейін, яғни далаға ішкерлеп кірген жоқ), араб-түрік мәдени байланыстары, негізінен алғанда қарлұқтар дәуірінде басталып, ал қарахандар дәуірінде өзінің ең шарықтау шегіне жетті.
Орталық Азияға арабтардың келу жолдары мәселесіне келетін болсақ, арабтар түркілер жеріне тікелей жаулап алу жорықтарын жасамағандығын көрсетуіміз керек. Өйткені халифат билеушілері, көрген саясаткерлер бола отырып, ежелден-ақ жауынгер халық ретінде аты шыққан түркілерді күшпен өзіне бағындыра алмайтынына көзі жетті. ҮІІ-ҮІІІ ғғ. Араб халифаты мен Түркі қағанаты бәсекелес күштер ретінде бейбіт қатар өмір сүрді. Орталық Азия жерінде жүргізген арабтардың жалғыз шайқасы – Талас түбіндегі шайқас түркілерге қарсы емес, керісінше, түркілермен бірлесе отырып Қытайға қарсы бағытталды.
746 ж. Жетісу жеріне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келіп қоныстанған еді. Ішкі күрес-тартыстан, сондай-ақ арабтармен болған ұзақ айқастан Түргеш қағандары бұрынғы құдірет-қуатынан айрылып қалған болатын, сондықтан да олар қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Осы аймақта белсенді саясат жүргізіп жатқан Қытай империясы бұл жағдайды өз пайдасына асыруға тырысты. Оның Шығыс Түркістандағы уәлиі Као Шиен-Чи 748 ж. өз әскерін Суяб қаласына аттандырады да, оны басып алып, ойрандайды. Шаштың иесі өлтіріліп, оның баласы арабтардан көмек сұрайды. 751 ж. Талас жанындағы Атлах қаласы түбінде аббасилердің әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Као Шиен-Чи арасында зор арпалыс болады. Бұл қақтығыстың нәтижесінде қытай әскері жеңіліске ұшырайды. Тарихшы Ибн әл-Асирдің мәліметтері бойынша: “Талас маңындағы шайқаста қытайлықтар оңбай жеңіліс тапты: 50 мың адам (100 мыңнан) қаза тауып, 20 мың тұтқыдалған.
Талас маңындағы шайқастың Орталық Азия халықтарының тағдыр-талайында үлкен тарихи мәні болды. Ол “Тандық Қытайдың Орта Азия істеріне қолсұғушылығына шек қойды” және түркі халықтарының мәдени бағдары жайлы мәселесін мұсылман өркениетінің пайдасына шешіп берді. Соңғы жылдары Талас маңындағы шайқас жаңаша тұрғыдан (өркениеттілік тұрғысынан) қарастырыла бастады. Бұл шайқаспен байланысты барлық нақты оқиғалардың астарында түркілер жерінде өткен исламның қиыршығыстық (қытай) өркениетпен орасан зор қақтығысуының терең мәдени-тарихи заңдылығын көре білу керек. Осы кезде Монғолия мен Алтайдан Жетісу жеріне келіп, бұл аймақта өз үстемдігін орнатуға тырысып жатқан қарлұқтардың Талас шайқасында арабтар жағына шығуы, олардың аймақтағы саяси ақуалды зерттеп біліп, түріктер үшін басты қауіп Қытайдан төніп тұрғанын дұрыс түсінгенінен болса керек. Қытай өркениетімен салыстырғанда ислам өрениті универсализмнің шын мәніндегі үлгісі болды, онда әрбір ұлт, әрбір кіші-гірім мәдениет өзінің дербестігін сақтады. Құран халықтарды рухани бірлікке шақырды. Ислам алғаш рет түркі тілді халықтардың ішінде қарлұқтардың қабылдағаны және жаңа өркениетке басқаларынан бұрын таратылғаны белгілі. В.В. Бартольд “қарлұқтар ислам дінін халиф Махдидің (775 – 785 жж.) тұсында-ақ қабылдай бастады” – дейді [48]. Сондай-ақ зерттеуші М. Бұлұтай да: “775 – 875 жж. Аралығында Қарлұқ қағандығы хақ дін Исламды қабылдап, ел арасында мұсылманшылық сенім кең тарай бастады. Қалаларда мешіттер салынып, медреселер ашылды” – деп көрсетеді [49].
Қарлұқ мемлекеті 766 – 940 жж. өмір сүріп, Х ғасырдың бірінші ширегінен бастап йағма жәнешығыл тайпаларының жиілеп кеткен одақтық шабуылдарынан күш-қуаты әлсірейді. 940 ж. Баласағұн қаласы одақтық күштердің қолына түсіп, Қарлұқ қағандығы құлады.
Қарлұқ мемлекетін құлатып, оның территориясында жаңа мемлекет орнатқан әулеттің, яғни Қарахан әулетінің атасы Сатұқ Боғрахан (915 – 955 жж.) болды және осы әулет алғаш болып ислам дінін мемлекеттік дінге айналдырады.
Араб-мұсылман мәдениетінің негізгі өзегі болған ислам дінінің пайда болуы терең рухани-әлеуметтік алғы шарттарымен және ерте ортағасырлар дәуіріндегі Аравия тайпаларының және бүкіл адамзаттың қоғамдық дамуының барысымен дайындалды. Ислам, бәрімізге белгілі, мұсылмандық Шығыстың, Африканың айтарлықтай бөлігі мен Еуропаның бірқатар халықтарының мәдениеті мен тарихында аса зор мәдени – жасампаздық рөл атқарған және әлі де атқарып отырған аса ірі әлемдік дін. Исламға, басқа да әлемдік діндер сияқты прозелитизм, яғни өз ықпалын басқа дінді ұстанушылар арасында таратуға ұмтылу тән. Исламның тарихынан белгілі, араб халифаты Мұхаммед пайғамбардан және одан кейінгі тақуа халифтер - Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлиден бастап өз шекарасын миссионерлік қызмет арқылы, сонда-ақ жаулаушылық соғыстар арқылы да кеңейтуге тырысып отырған. Осының нәтижесінде мұсылман әлемінің шекарасы ІХ ғ. басына қарай айтарлықтай ұлғайып, өзіне Солтүстік Африкадан Орталық Азияның межелеріне дейінгі ұлан-ғайыр территорияны қосып алды. Араб халифаты территориясының геосаяси кеңейтілуі жаңа жерлер мен халықтарды жаулап алу жолымен жүрген болса (бұл ерте дүние мен орта ғасырлар және, сондай-ақ жаңа заманның барлық мемлекеттеріне тән жағдай), ал жауланып алынған халықтардың іс жүзінде ислам дініне өтуі күштеу жолымен жүрді деп айта аламыз. Көбіне арабтар өздеріне қаратқан жерлердің жергілікті халқы, бұл жерлерде ислам мемлекеттік дін болғанына қарамастан, өздерінің дәстүрлі діндерінде қала берген.
Халифатқа кірген территориялардың исламдану процесі баяу жүрді және оның өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы, Омея әулеті кезінде (661 – 750 жж.) мұсылмандар христиандар мен зороастийліктердің діни істеріне араласпаған. Құранда исламға тек, жаңа діннің басты жауы болып табылатын пұтқа табынушыларды өткізу қажеттілігі жөнінде ғана айтылады. Мұсылмандықты таратуда күш қолданбау “жаңа дінді” халықтың көпшілігінің өз еркімен қабылдау процесін тездетті. Бұл турасында Г.Э.Фон Грюнебаум былай деп көрсетеді: “ислам әлемі көптеген әр түрлі діни қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру мәселесінің шешімін таба білді. “Қасиетті жазбалары бар халықтардың” (“Люди писания”), соның ішінде, ең алдымен, иудейлер мен христиандардың, ал олардан кейін зорастрийліктердің, егер олар билікке, әсіресе атқару өкіметі органдарына қатысуға ұмтылмаса, жеке ісіне қол сұғылмайтын болды”.
Ұлан-байтақ Орталық Азия аймағына исламның ықпалы УІІІ-ІХ ғғ. бастап тарай бастады. Исламның бұл аймаққа енуі тез арада іске асқан бір мезгілді акт болған жоқ, ол бірнеше ғасырларға созылған, ұзақ бір процесс болды.
705 ж. арабтар Амудариядан шығысқа қарай жатқан жерлерді жүйелі түрде жаулауға көшті. Кутейба ибн Муслим, ат-тарабидің мәліметі бойынша осы Балхтың бірқатар аудандарын басып алып, 706 жылы Пайкендке қарай жүрді. Түріктер мен соғдылықтардың біріккен күші араб әскеріне қарсы ойсырата соққы береді. Алайда Кутейба ибн Муслим одақтастар арасындағы алауыздықты пайдаланып, ақырында қаланы басып алады, бұдан кейін ол Бұқара мен Самарқандты алады. 714 ж. Ферғана мен Исфиджап жауланып алынды. 705 ж. Хорасанның әмірі етіп тағайындалған кутейба ибн Муслим әл-Бахили ақтық деміне дейінгі өмірін Мәуреннаһрдың мұсылмандануы үшін жұмсаған.
Мұсылман діні мен мәдениетінің ықпалы Орталық Азия аймағында 766 жылы Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда саяси үстемдікке қол жеткізген қарлұқтар арасында ең алғаш рет тарай бастағандығын айттық. Олар исламды Халиф Махдидің тұсында-ақ (775-785 жж.) қабылдаған деген пікір бар. В.В.Бартольд: “бұл пікір қарлұқтардың тек бір бөлігіне ғана қатысты болса керек, өйткені қарлұқтар мемлекетінің көп бөлігін саманилер тек ІХ ғасырдың ортасынан бастап-ақ өздеріне қаратып, ислам дінін енгізген”, - дейді.
Алайда, бұл жерде В.В.Бартольд ислам дінінің түріктер арасында тек жаулап алу арқылы ғана емес, керісінше, көбіне бейбіт жолмен тарағанын ескермеген сияқты. Ислам дінінің қарлұқтар арасында бұл ерте тарауын 751 жылғы атақты Талас шайқасымен байланыстыруға болады. Жоғарыда айтылып кеткендей, бұл шайқас орталық Азия аймағы Қытай мен Аббаси халифаты өкіметтерінің қайсысына қарайды деген мәселені ғана емес, ол сондай-ақ бұл аймақ халықтары қиыршығыстық және араб-мұсылман өркениеттерінің қайсысының ықпалына түседі деген мәселені де шешіп береді. Талас шайқасында жеңіске жеткен арабтар бұл жерде тек бір гарнизонын ғана қалдырып, ал басым бөлігі Мәуереннаһрға қайтып кеткені белгілі. Алайда еркіндік сүйгіш түріктер (қарлұқтар) осы оқиғадан кейін өздеріне қауіп төндіріп тұрған екі империяның ішінде араб халифатының қол астында (қамқорлығында) болу анағұрлым тиімді екенін түсінді. Сондай-ақ талас шайқасынан кейін, арабтармен жақын араласа бастаған түріктер, олардың дінімен танысады, өйткені осы кезеңде Жетісу түріктері арасында ислам мәдениеті тез қарқынмен тарай бастаған еді. Бұл діннің өздерінің рухани сұраныстарына жауап беретіндігін ұғынған қарлұқтар оны өз еріктерімен қабылдаған деген болжам жұмсауға болады.
Сондай-ақ, талас өңірім мен жетісуда ислам дінінің УІІІ ғасырда-ақ тарай бастауын, бұл аймақтың Ұлы Жібек жолындағы маңызды пункт болғандығымен де түсіндіруге болады. Орта Азияда ислам үстемдікке жетісімен-ақ мұсылмандар бұрынғы сауда керуендерін жөнелте бастады. Қытай тарихынан біз мұсылман керуендері УІІІ ғасырда-ақ қарлұқтар елі арқылы жоғары Енисейге, қырғыздар еліне барып тұрғанын білеміз, мұсылман деректерінде де, орхон жазбаларында да осы сауда жолдары туралы мәліметтер кездеседі: Саян жотасы орхон жазбаларында да, мұсылман деректерінде де кегмен деп аталады. Сондай-ақ ертіске баратын екі жол туралы да мәліметтер бар. Арабтар, әрине, көбіне сол дәуірдегі негізгі бәсекелесі, аса қуатты мемлекет – Қытайға баратын сауда жолдарын көп зерттеген, сондықтан да осы жол туралы және оның бойындағы тұратын түрік тайпалары туралы мәліметтер мұсылман деректерінде өте көп. Исламның басты артықшылығы, әрине, мұсылман әлемінің сол дәуірдегі өркениетті халықтар арасындағы мәдени (материалдық және рухани) біріншілігіне байланысты еді. Дала халықтары әр кез отырықшы елдердің өнімдеріне, әсіресе, киім-кешек, тұрмыс бұйымдарына зәру болды. Отырықшы елдер мен далалықтар арасында болған, ол қай жерде жүрмесін –Қытайда ма, мұсылман елдерінде ме, көшпенділерге ең алдымен маталар қажет болды. Көшпенділермен сауда отырықшы халықтарға да тиімді болған, олар көшпенділерден анағұрлым арзан бағаға мал шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ет алып отырған. Орта азиядағы түріктерге шекаралас жатқан мұсылман елдері үшін де өз кезегінде дала халықтарымен сауданың үлкен маңызы болды, Хорезм шеберханаларында дала халықтары үшін арнайы маталар шығарылып отырылған. Түріктер арасында исламды таратуда орта азиялық көпестер үлкен рөл атқарды. Махмұт қашқари өз “көпесі” бар адамды білдіретін “баста” деген терминді келтіреді. “Баста” белгілі бір мұсылман көпесі мен байланыста болады, оны жақсы біледі. Көпес үнемі соның үйіне тоқтайды, “оған ислам елінен киім-кешек, әйеліне орамал, біраз бұрыш, тары, жүзім және жаңғақ әкеліп тұрады”.
Таяу Шығыс, парсы елі және Орта Азиядан келген көпестер жай ғана көпестер емес еді, олар пайда табуды ғана көздеп қоймай, сондай-ақ дін мен мәдениетті таратушылар да болды. Сауда мен дін ол дәуірде бір-біріне қайшы келмеді (Мұхаммед пайғамбардың өзі діни қызметінің алдында саудамен айналысқан еді). Сауда керуендерімен, немесе бейбіт қоныстанушылар, дін уағыздаушы және саяхатшылар ретінде арабтар УІІІ ғ. өзінде-ақ Орталық Азияға – Ертіс бойындағы қимақтарға, шығысында – ұйғырларға, батыста – бұлғарлар мен хазарларға дейін жеттті.
Мұсылмандардың тауарларымен және жалпы өмірімен таныса отырып түріктер олардың мәдениетін, соның ішінде дінін де қабылдауға асыққан. Монғолияны мекен еткен халықтар жайында мұсылман әдебиеті ештеңе де айтпайды, алайда біз қытай деректерінен 924 жылдың өзінде-ақ Монғолияда мұсылман көпестерінің болғандығы жөнініде мәлімет аламыз.
Көріп отырғанымыздай, Орталық азияның қиыр Шығыс аудандарының өзіне УІІІ ғ. бастап-ақ мұсылмандар еніп, өз дінін уағыздай бастаған және оның негізгі жолы бұл дәуірде сауда жолдары болған.
Түріктер арасында исламның кеңінен тарауы, В.В.Бартольд атап көрсеткендей, Орта Азияда ирандық саманилер әулеті билік құрған кезден басталады. Саманилер арабтар бастаған “дін жолындағы қасиетті соғысты” одан әрі жалғастырып, әлі де болса ислам дініне өтпеген түріктерге қарсы жорықтарын бастады. 839-840 жж. Саманилердің билеушісі Нух ибн асад испиджабқа жорық жасап, қаланы бағындырды, сөйтіп жүзімдіктер мен егістіктерді қоршап, қамал тұрғызды. 859 ж. оның ағасы Насыр І ахмед Ибн Асад Шауғарды жаулап алды. Фарабтың мұсылмандардың қолында болғаны туралы Ибн хордабектің: “Фарабтың бас қаласы Кедерде мұсылмандар мен түрік-қарлұқтардың жасақтары болды”, - деген мәләметі дәлел бола алады. Тек ІХ ғ. аяғында ғана, атап айтқанда, 893 ж. Талас өңірі басып алынды. Сол кезде Жетісуда билік құрған Қарлұқ мемлекетінің қағаны Оғұлшақ қадырхан өз ордасын Тараздан қашғарға көшіреді де, саманилерге қарсы соғыс әрекетін жүргізе береді. Қарлұқ қағандығы дәуірінде, негізінен, Оңтүстік Қазақстан жерінің аз ғана бөлігінде араб үстемдігі орнығады. Бұл қосып алынған аудандардың халқы мұсылман әулеттерінің ортақ ұраны “дін жолындағы күреске” тартылады. Мұндай соғысқа қатысу мемлекет тарапынан ынталандырылып отырылғанын айта кету керек. “Мауереннаһрда Испиджаптан басқа харадж салығы салынбаған бірде-бір қала жоқ”, - дейді әл – Истахри. Испиджаб аймағының қандай да болмасын ақшалай салықтан басталуы – дін жолындағы күреске ынталандырудан туындаса керек. Испиджаб, сондай-ақ, араб деректерінде “дін үшін соғыс оргыпы” деп көрсетіледі. Х ғасырдың географтары онда ғазилердің (дін жолындағы күрескерлер) өте көп болғандығы атап айтады.
Алайда, саманилердің бұл жаулаушылық жорықтары тек шекаралас, жақын аудандарға ғана ұйымдастырылды, және де жауланып алынған жерлердің өзінде жорықтардан тәуелсіз Мауереннаһр тұрғындарының өз бетінше бейбіт қоныстануы жүріп жатты. Бұл дәстүр соғды дәуірінде – ақ басталған еді. Мауереннаһрда ислам көпшілік халықтың дініне айналғанын кейін мұсылмандар бұрын соғдылықтар бастаған қоныс аудару әрекетін әрі қарай жалғастырды. Осылайша, Сырдарияның төменгі ағысында үш мұсылман қаласы – Жент, Хувара және Янгикент (арабша ал-Карьят, ал-Хадиса, парсыша Дих-и-Нау) пайда болды. Араб географтарының хабарлауы бойынша бұл қалалардың халқы мұсылмандар еді, бірақ олар мұсылман емес оғыздардың билігінде болған. “Ал Жаңа қоныста мұсылмандар тұрады, бірақ ол Гуздар мемлекетінің астанасы, мұнда қыс айларында гуз патшасы тұрады. Оған таяу жерде Джент пен Хора орналасқан, ол екуінде де мұсылмандар тұрады, ал билік гуздардың қолында ”, - дейді ибн Хаукаль. Бұдан аталған қалалардың саманилер жаулап алған территорияларда емес жергілікті түріктердің келісімен Мауереннаһрдан қоныс аударғандардың салған қалалары екеніне көз жеткізуге болады.
Саманилер жаулар алған Талас та, бейбіт қоныстанушылар негізін салған жаңа қоныстарда Орталық Азияда сауда қызметтерн кеңінен өрістетті, осы қалалардың әрқайсысынан, түркі халықтарының бірі – қимақтар еліне – Ертіске қарай сауда жолы жатты. Мұсылман мәдениетнің шекаралас аудандарының бірі Хорезм болды. Үш жағын дала қоршап жатқан, Хорезм ежелден – ақ көшпенділермен кең сауда-саттық байланыстарын жасап келген болатын, бұл сауда мұсылман дәуірінде одан әрі кеңінен өрістеді. Мал шаруашылығы өнімдерінен басқа дала халқы аңшылық және соғыс арқылы түсірген олжаларымен де сауда жасап отырған. Хорезм базарларында түрік және славян құлдары, дала түлкісі, бұландары мен құндыз терілері өте жоғары бағаланған. Аталған тауарлардың бір бөлігі хорезм базарлары арқылы транзиттік жолмен ара қарай – Алдыңғы Азия елдеріне жөнелтіліп отырған. Хорезмдіктер Сырдария бойындағы қоныстарды салуға ат салысқан болуы мүмкін, бірақ олардың негізгі қызметі батыс пен солтүстік-батысқа қарай, еділ өзені бассейініне қарай бағытталды. Бұлғарлардың ислам дінін басқа түрік халықтарынан бұрынырақ қабылдауын көпшілік зерттеушілер дәл осы, хорезмдіктермен арадағы сауда байланыстарымен түсіндіреді. Араб авторы әл – Истахридің ( ІХ ғ.) жазбаларында: “оғыздар, халлуктар және басқалар мұсылмандықты қабылдады. Олардың бәрі ғазилер. Фараб, Кенжиде, Шаш арасындағы жерлерде көшпенділер көп. Олардың бәрі мұсылман. Ешкімге бағынбайды”, - делінген. Бұл дерек Сыр бойындағы түріктердің ІХ ғ. өзінде –ақ мұсылман дінін қабылдағанын айқын түрде дәлелдейді.
Сонымен, саманилер дәуірінде де Орталық Азия даласына исламның таралуы тек жаулаушылық жолымен ғана емес, бейбіт жолмен де, соның ішінде мұсылман дінін қабылдаған соғдылықтардың бейбіт қоныс тебуі және сауда жолдары арқылы жүргенін көреміз.
Орталық Азия аймағының одан арғы исламдануы қарахандар билігі дәуірінде яғни Х ғ. аяғы – ХІ ғ. басына жатады. Қарахандар түркі мемлекеттерінің тарихында тұңғыш рет ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Қарахандық билеушілердің ішінде өзін алғаш рет мұсылманмын деп жариялаған қаған Сатұқ – Боғра хан (955-956 жж.) болды, ол өзіне Әбд Әл-Керім деген мұсылман есімін қабылдайды. Ал оның баласы Боғра хан Харун Ибн мұса исламды мемлекеттік дінге айналдырады. Зерттеуші С.Сыздықов түрік тарихшысы Мүнәжжімбасшы шейх Ахмедтің “Қарахандар шежіресі” еңбегінен алынған мына бір деректі келтіреді: “Бурахан (Харун Боғра хан) діншіл, білім сүйгіш еді. Иман-хатибке өзі үшін дұға оқытқанды ылғи да: “тәңірім саған табынуда жеткіліксіздік көрсеткен және ылғи да сенің ықтиярыңды орындамақ үшін еңбек еткен Сулейман ұлы Харуннің халін жақсылыққа жеткізе көр” – деп айтуын тапсыратын. Өзіне ылғи да Тәңірі жіберген құлы деп айтылуын және солай жазылуы керектігін құптайтын. Әр жұма күні білімділерді жинайтын”.
Қарахандар мұсылман дініннен тек өзінің идеологиялық қаруын ғана көрген жоқ, сонымен бірге қоғамдық діни бірлік негізін де тұрақтандыруды көздеді: исламның бұл жағдайдағы қызметі қоғамда әлеуметтік интеграция мен құқықтық тәртіп орнатуға сайды. Қарахандар қоғамы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан Араб халифаты қоғамына ұқсас еді. Бұл ұқсастық тарихи дамудың жалпы заңдылықтарымен анықталалы. Нақ осы қоғамның тарихи дамуы, - деп жазады Т.С.Сайдбаев, - арабтарға тәуелсіз жүрсе де бірақ оған ұқсас болғандықтан, исламды үстем идеология ретінде қабылдауға алып келді және оның топырағына исламды енгізудің негізгі себебі ретінде қызмет етті. Орыс тарихшысы Н.П. Остроумовтың: “Көне арабтардың тұрмысы мен рухани даму дәрежесі Орта Азия халықтарының ішінде Түркістан көшпелілерін еске түсіреді”, деген сөздері де осы ойымызды дәлелдей түседі.
Сонымен бірге, қарахандардың ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдау фактісін тек қоғам дамуының объективті заңдылықтары мен немесе мемлекеттің идеологиялық қажеттіліктері мен ғана түсіндіу бұл мәселеге біржақты қарағандық болар еді. Іс жүзінде, түркілердің рухани сұраныстарына жауап бергендіктен, яғни діннің негізгі қағидалары халықтың жүрегіне жақын болып, оның діни дәстүрлеріне қайшы келмегендіктен де ислам діні көп ұзамай мемлекеттік дінге айналған болуы керек. Қарахан мемлекетінде исламның мемлекеттік дін статусын алуы бұл діннің Орталық Азия халықтарының жаппай дініне айналуы үшін қолайлы жағдайлар туғызды. Мысалы, В.В. Бартольд осыған байланысты қолжазба деректерден алынған (Бағдад жылнамасы) мынадай мәліметті келтіреді: 960 ж. ислам дінін 200000 киіз үйден (кибитка) тұратын түріктердің бір тайпасы қабылдады. Өкінішке орай, бұл мәлімет тек Бағдад жылнамасында ғана кездеседі екен, ал араб географиялық әдебиетінде де, самани мемлекетінде жазылған шығармаларда да мұндай мәлімет жоқ. Бізге дейін жеткен міліметтің көмескілігі осымен байланысты: бұл түрік тайпасы қалай аталғаны. Олардың қай жерде өмір сүргені жайында ештеңе айтылмайды.
Көпшілік шығыстанушы – зерттеушілер мұндай бір қызғылықты фактіні баса көрсетеді: қарахандар өздеріне көрші түрік тайпаларына, егер олар ислам дінін қабылдайтын болса, өз мемлекетіндегі жерден еркін түрде пайдалануға рұқсат беріп отырған. Сондай-ақ Махмұт Қашқаридің Арсылан ханның “дінсіздермен” соғыс туралы мәліметтерін келтіруге болады: Арсылан хан жағында 40 мың мұсылман әскері, ал олардың қарсыластары жағында 700 мың әскер болған делінеді. Бірақ соған қарамастан қарахандар жеңіске жетеді. Махмұт Қашқаридің еңбегінде келтірілген аңызда дінсіздердің саны едәуір асырылып берілген болуы мүмкін. Алайда қарахандардың әскери жорығы ғазауат формасында болуының өзі өте маңызды факт.
Сонымен, қарахандардың әскери табыстары Орталық Азия территориясында исламның кеңінен тарауына ықпал етті. Қарахандар тұсындағы Шығыс Түркістандағы мұсылман иеліктерінің шекарасы туралы Махмұт Қашқари мәлімет береді. Шығыс түркістанда отырықшы аудандар басты екі жолдың бойында – Гучен мен Турфанға апаратын солтүстік жол мен Хотаннан Тарим өзені құятын Лобнорға баратын жолдар бойында жатқаны белгілі. Махмұт Қашқариден біз осыған байланысты мынадай мәлімет аламыз: “Усми – Тарим – Ислам жерлерінен ұйғырларға қарай ағатын және сонда құмға сіңіп кететін үлкен өзеннің аты” [50].
Х ғ. ислам Сырдарияның төменгі ағысында мекен еткен оғыз халқының бір бөлігі қабылдады. Исламды қабылдаған оғыздардың қолбасшысы – Селжүк өз әрекетін мұсылман қалаларын кәпірлерге (пұтқа табынушы оғыздар) төлеп тұрған алымнан босатудан бастайды. Оғыздардан шыққан селжүк және осман әулеттерінің ислам өркениетіне қосқан үлесі жалпыға мәлім.
1043 ж. күзінде Орталық Азия даласында көшіп-қонып жүрген түріктердің бір бөлігі мұсылман дінін қабылдайды, “жазда олар бұлғарлармен көрші қонатын, ал қыста Баласағұн маңында қыстайтын”, - дейді В.В. Бартольд. Бұл қыпшақ тайпалары болса керек. Олардың жаз жайлауы Еділ бойында, бұлғарлармен көршілес жатқан. Бұлғарлардың қатарында бұрынырақ ислам дінін қабылдаған отырықшы қыпшақтарда болған еді. Бұны Плано Карпини мен Гильом Рубрук сияқты еуропалық християн миссионерлері де көрсетеді. Г. Рубрук өзінің ХІІ ғ. ортасында Монғолияға жасаған саяхаты кезінде Еділдің өңірінен өтіп бара жатып, бұлғарлар туралы: “Мұнда Мұхаммедтің заңын қай “албасты” (дьявол) әкеліп тастағанына таңым бар”, - деп жазады. Жалпы алғанда, түркі тілдес тайпалардың исламдануы біркелкі болған жоқ: Еділ бойы (бұлғарлар) мен Жетісуда қарлұқтар мен түркештер Х ғ. бойында жаңа дінге өту қарқынды жүріп, Мауереннаһр, Хорасан және Таяу Шығыстың мұсылман орталықтарымен тығыз байланыстар орнатылса, ал қимақ-қыпшақ тайпалары бұл істе біраз артта қалып қойды. Бұған себеп болған отырықшы аудандар мен қалалардан территория жағынан алшақтық, көшпенді тұрмыстың басым болуы еді. Алайда бұл тұжырымды біржақты қабылдауға да болмайтын сияқты. Жалпы, Орта Азияны мекен еткен ірі тайпалардың бірі – қыпшақтардың солтүстік бөлігінің исламдануы жөнінде тарихнамада үлкен дау – талас орын алған. Сондықтан да бұл мәселеге ерекше тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Қазақ тарихындағы исламның рөлін барынша төмендетіп көрсетуге тырысуға байланысты, кеңес тарихнамасында қыпшақтар ХІІІ ғ. дейін ислам өркениетінене тыс болды деген пікір үстем болды. Осыған байланысты кеңес идеологтары “пантүркішіл” ғалымдарға ортағасырлық қыпшақтар тарихындағы ислам факторын аса асыра бағалағаны үшін, алакөздік танытып отырды. Тек “пантүрікшілдер” ғана емес, сондай –ақ беделді орыс-еуропа ғалымдары да көшпелі қыпшақтар арасындағы исламның жетістіктерін атап көрсеткен болатын. Атап айтқанда, ХІХ ғ. атақты орыс тарихшысы Н.И. Веселовский: “татар басқыншылығының алдында половецтердің басым бөлігі мұсылман дінін тұтынды” –деп жазады.
Батыс тарихнамасында орта ғасырлық қыпшақтар таза көшпелі халықтар ретінде көрсетілген. Бұған А.Ю. Якубовский мен Б.Д. Греков ең алғаш рет қарсы пікір айта отырып, егіншілікпен айналысатын аудандармен шекаралас жерлерді мекен еткен қыпшақтар бірте-бірте отырықшылыққа өте бастады деп атап өткен еді. Мұндай фактілерді Жетісу мен көшпенділікпен күн кешкен түргештердің, оғыздар мен қарлұқтардың және т.б. көшпелі халықтардың ІХ-ХІ ғғ. жаппай отырықшылыққа өткені белгілі. Бұл процесс түріктермен көршілес соғдылықтар мен хорездіктердің елеулі түрде түріктенуіне алап келген болатын. Кеңес даласын археологиялық және этнографиялық жағынан зерттеген Г.В. Григорьев те осындай қорытындыға келеді. Атап айтқанда ол: “Жалпы алғанда таза көшпенділер болмайды; барлық көшпенді халықтар белгілі дәрежеде егіншілікпен де айналысады”, - деп жазса, УІ-ХІІ ғғ. Орхон-Енисей түріктерінің тарихын зерттеген А.Бернштам: Біз таза көшпенділердің болмайтындығын білеміз, көшпенділер егіншілікпен және аңшылықпен де айналысып отырған...Біз, көшпенділердің кедейленіп кеткен бөлігі жатақтарға айналып отырғанын тарихтан жақсы білеміз, - деп көрсетеді. Кедейленген көшпелілер жайлы Махмұт Қашқари: “басқа жерге көшпейтіндер мен соғысқа қатыспайтындар” қоныстанған барлық аймақтарда, ерте орта ғасырлардың өзінде-ақ ірі-ірі қалалар болғанын ескеру керек, бұл қалалардың халқы археологиялық деректерге сенсек, көшпенділер болмаған.
Қыпшақтардың арасында ислам дінінің таралуы жөніндегі мәселеге орала отырып, біз бұл діннің тек отырықшы халықтың арасында ғана емес, сондай-ақ, көшпенділер мен жартылай көшпенділер арасында да кең таралғанын көреміз.
Оңтүстік қазақстан мен Жетісу халқымен салыстырғанда Орталық Азияның солтүстік аудандарын мекендеген қыпшақтар өз ескі нанымдарын шыныда да ұзағырақ сақтады. Алайда ХІІІ ғ. қарай Дешті Қыпшақтың негізгі бөлігі мұсылманданып үлгерген еді. Бұл кезде батыс қыпшақтардың (половецтер) арасында да ислам дінін қабылдаған топтар болған болуы керек, өйткені оларды орыс жылнамалары “бусурмандар” (яғни мұсылмандар) деп атайды. Исламданудың қарқыны, белгілі дәрежеде жергілікті халықтың өмір салтына, олардың Сырдария бойы қалаларымен байланыстарына, Хорезммен саяси қарым-қатынастарға байланысты болды. Бірінші болып исламды шонжар өкілдері, хандар, қолбасшылар, жалпы, неғұрлым саналы, рухани жетілген адамдар қабылдады.
Осы дәуірде Қожа Ахмет Иассауи және оның сопылық мектебі көшпелі халықтар арасында ислам дінін таратудағы миссионерлік қызметін табысты түрде жүргізіп, Иассауидің өзі “орта Азияның көшпелі тайпаларының ұлттық әулиесі” деген атаққа ие болған еді. Иассауи исламды дәл осы көшпелі оғыз-қыпшақ тайпалары арасында жүргізді. Оғыздар мен қыпшақтардың мұсылман дініне өтпегені жөніндегі “марксистік” қағиданы қабылдау ислам дінін уағыздау қызметінің шарықтау шегі ХІ-ХІІ ғғ. сәйкес келген Қожа ахмет Иассауидің және барлық сопылық бірлестіктердің еңбегін жоққа саю болар еді.
Қыпшақтардың ислам дініне өтуі негізінен, көршілес ислам мемлекеттерінің, атап айтқанда Қарахан, Хорезмшах, Селжүк мемлекеттерінің ықпалымен жүрген. Барлық жағынан мұсылмандармен шектесіп жатқан қыпшақтар алдыңғы қатарлы өркениеттің ықпалынан тыс бола алмады. Қарахандардың Оңтүстік Қазақстан, Баласағұн мен Жетісуда халықты жаппай мұсылмандыққа өткізгені және өздерінің осы дінге өткенін көрсетіп олардың жиырма мың қойды құрбандыққа шалғаны туралы мәліметтер осы ойымызды растайды. Қыпшақтар тағдырында ерте орта ғасырлардағы аса жоғары дамыған мұсылман мемлекеті – Хорезм ерекше маңызды рөл атқарды. Хорезмды әл – Мукаддаси (Х ғ.) бойынша суреттейді: “Алла олардың нәсібесіне арзаншылық пен құнарлы жер берді, дұрыс оқи алу (Құранды ) мен терең парасаттылық силады”, “оның тұрғындары білгір, ғұламалығы мен ерекшеленеді, фикхты жақсы біледі, дарынды және білімді”. Жалпы, этникалық жағынан Хорезм мен көшпелі қыпшақ даласын бір-біріне қарсы қоюға негіз жоқ: ХІІ-ХІІІ ғғ. Хорезмнің халқы негізінен түркілер болған еді. Хиуада (Хорезм) мемлекеттік іс-қағаздар түрік тілінде жүргізілді. Хорезмшах – ануштегіндер гулямдардың (оғыз немесе қыпшақ) ұрпақтары болғаны белгілі. ХІІІ ғ. қарай хорезмшахтардың мұсылмандық билеушілерінің сопылықтың қамқоршылары, дінсіздерге (қарақытайлыр) қарсы күрескерлер ретінде даңқы таралды. Хорезм мен Дешті-Қыпшақ тек мәдени-тұрмыстық жағынан – отырықшылықтың ошағы және оны қоршаған көшпелілер әлемі ретінде ғана бір-біріне қарсы тұрды. Объективті заңдылық бойынша қыпшақтар Хорезмнің мәдени ықпалына барған сайын артыла түсуге тиіс болды. Ал саяси жағынан әлсіреп қалған Хорезм далалықтардың әскери қолдауына зәру еді. Хорезмдіктер өз кезегінде далалықтарға өркениет игіліктерін- білім мен дінді уағыздап отырды. Сөйтіп Хорезм бірте-бірте мұсылмандық қыпшақ мемлекетіне айнала бастады.
Сондай-ақ қыпшақтардың оңтүстік тобы, атап айтқанда, Сығанақ тобы ХІІ ғасырда – ақ өздерін мұсылманбыз деп санағаны туралы мәліметтер бар. ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақ хандары Қыран (Икран) мен Алып Дерек мұсылман дінін қабылдап соған байланысты дәстүрге сәйкес Қадырхан және Ғайырхан деген мұсылман есімдерін қабылдаған. Алайда, қыпшақтардың арасында орныққан исламның әрине, өз спецификалық ерекшеліктері де болды, өйткені, көшпенділердің арасында бұрынғы ата-баба салт-дәстүрлеріне деген берілгендік ұзақ уақыт сақталып қалған еді.
Сонымен түркілер ислам дінін өз еркімен қабылдаған халықтардың бірі болды. В.В. Бартольдтың айтуы бойынша “бұл жерде мұсылмандар исламды қарумен таратудан бас тарта отырып, үгіт-насихаттар арқылы үлкен табыстарға қол жеткізді”. Бұл насихаттың нақтылы түрлері туралы тарихи деректердің мәліметтері өте жұтаң. Алайда түріктерге, алғашында ислам олардың өмір салтына сәйкес келмейтіндей болып көрінгендігі жөнінде мәліметтер бар. Атап айтқанда, халиф Хишаның (724-743 жж.) елшісі түрік ханына исламды қабылдауды ұсынғанда ол былай деп жауап берген дейді: “Түріктер арасында шаштараз да, етікші де, тігінші де жоқ; егер олар исламды қабылдап мұсылмандық шарттарын орындайтын болса қалай күн көрмекші?”. Бұл жауап ханның ислам негіздерінен мүлдем хабарсыз болуынан немесе оның жаңа дінді саяси себептерге байланысты қабылдағысы келмегендігінен туындаса керек, бірақ бұл сол кездегі нақты жағдайды көрсетпейтін. Өйткені, жоғарыда айтып кеткендей түріктер бұл дәуірде тек көшпелі мал шарушалағымен ғана айналыспаған, олар қалаларда тұрып, қолөнермен де, сауда-саттықпен де айналысқан. Сондай-ақ таза көшпелі тайпалар болып саналған араб – бәдеуилердің ислам дінін белсенді түрде қабылдап, осы дінді басқа халықтар арасында таратудың ең бір белсенді күрескерлері болғанын біз жақсы білеміз.
Орталық Азияның орта ғасырлық қалаларындағы (Х ғасырдан бастап) мұсылмандықтың үстем және мемлекеттік дін ретінде орнығуының дәлелдерінің бірі мешіттер мен мазарлардың көптеп салына бастауы еді. Түркілер жеріндегі мешіттер жөнінде Максиди (Х ғ.): Таразда мешіт базарлардың ортасында орналасқан, ал Жікилде орталық мешіт базардың ішінде орналасқан, деп көрсетеді. Орталық мешіттер Барысхан, Бехлу, Атлах, Хамуке, Шелжі сияқты қалаларда да болған. Тараз бен Меркеде Христиандық шіркеулер мешітке айналдырылды. Сондай-ақ Х ғ. жатқызылатын мешіт ортағасырлық Құйрық-төбе (Оңтүстік Қазақстан) қаласынан да табылған. Баласағұн қаласынан табылған мешіт пен мұнараның қалдығы бұдан сәл кейінірек уақытқа жатады. Мешіт пен мұнара әкімшілік билік пен өкіметтің ислам дінін қолданғанын көрсететін белгілер болып табылады.
ІХ ғасырдан бастап Орталық Азия халықтарының арасында мұсылмандық жерлей ғұрпы тарай бастайды. Археолог Б. Нұрмұханбетов 1970 жылы арыс, Бадам, өзендерінің бойындағы Қараспан қорымын қазғанда, бұл қорымдардан алғашқы ІХ ғасырға жататын мұсылмандық жерлеу рәсімін кездестіргенін жазады. Х-ХІ ғғ. жататын мұсылмандық жолмен жерленген обалар Құйрық-төбенің маңынан табылған. ХІ-ХІІІ ғғ. басында мәйітті жерлеудің мұсылмандық рәсімі Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісуда үстемдік алады. Бұл ауданда исламның айтарлықтай дәрежеде таралғанын археологиялық қазбалардан табылған тұрмыс заттары да дәлелдейді. Мысалы, ХІ ғ. жататын әйел обасынан табылған (Тараздың батыс шегі – Үңгірлісай мекені) қола айнада: “Аллаға сенгендерге еш қауіп жоқ” деген жазу бар. Сондай-ақ Тараз маңындағы тас суаттың қабырғасына араб тілінде діни сипаттағы жазу жазылған. Бұл жазу бойынша суат 1006-1010 жж. Бір ақ сүйек әйелдің жарлығымен соғылған. “Бұл суатты әбделмәлік Құтұлықтың қызы Фатима хатун Аллаға жықындаудың жолымен жүру үшін және оның шапағатына бөлену үшін салғызды. Алла өзімнің, ата-анамның және барлық мұсылмандардың күнәсін кешсін”.
Исламның тарауына байланысты архитектурады ақсүйек өкілдерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен оба үстінен мазарлар тұрғызу ерекше маңызға ие болды. Талас жазығының мазарларын ең алғаш зерттегендер қатарына Б.П. Денике, А.Н. Бернштам, М.Е. Массон, М. Меңдіқұлов, Л.Б. Розиналар жатады. Кейін, 70-жылдары бұл мазарды зерттеуші қазақстандық ғалым тарихшы Т.М. Сенигова жалғастырды. Осы аталған зерттеушілердің еңбектерінде Тараз өлкесінің қарахандар дәуірінен қалған атақты ескерткіштері – Қарахан, Бабаджи Хатун және Айша бибі мазарлары жан-жақты зерттеле отырып, олардың халифат елдеріндегі мазарлардың архитектуралық ерекшеліктерін қайталайтындығы жөнінде айтылады. Сонымен, монғол шапқыншылығына дейінгі дәуірде Орта Азия мемлекеттерінде ислам ықпалды күш болды. Мұның тағы бір дәлелі – Қарахан мемлекетінде мұсылман дінбасылары вакуфтық (жеке жер меншігі) жерлермен қамтамасыз етілді, бұл олардың жоғары материалдық жағдайын анықтады. Дәстүрлі ислам символдары бар теңгелер шығарылды, мұсылмандық оқу орындары – медреселер ашылды.
Х ғ. басында Хорасан мен Мауереннаһрда пайда болған медреселер исламды таратудағы күшті бір құрал болған еді. Бартольдтің зерттеулері бойынша медреселер алғаш рет, яғни Х ғ. мұсылман әлемінің Шығыс бөлігінде пайда болған, тек ХІ ғ. ғана бұндай оқу орындары Батыс Иранда және халифаттың астанасы – Бағдатта ашылады. ХІ-ХІІ ғғ. Сайрамда (Испиджаб) рухани оқу орындары – медреселер және сондай –ақ кітапханалар болғаны жөнінде жазба деректерден мәлім. “Халифаттан тыс жерлерде, атап айтқанда, Орта Азияда басқа ислам аймақтарымен салыстырғанда мұсылмандық насихаттың қарқынды жүруі мүмкін осымен түсіндірілетін болар”, - дейді В.В. Бартольдт [48].
Сонымен, Орталық Азия халықтары арасында УІІІ-ХІІІ ғғ. арасында ислам діні таралып, орнықты. Түріктер арасында ислам көбіне бейбіт жолмен (сауда жолдары,т бейбіт қоныстанушылар және дін уағыздаушылар арқылы) тарайды. Сондай-ақ исламның жергілікті халықтың діни дүниетанымы ретінде қалыптасып, орныққан біз осы дәуірдегі түрік қалаларындағы мешіттердің көптеп салынуынан, қаза болған кісіні мұсылманша жерлеу салтының орнығуынан, түрік ақсүйектерінің мәйіті қойылған жерлерге мазарлар тұрғызу дәстүрінің орын алуынан, және бұл мазарларға мұсылмандық діни мазмұндағы мәтіндер жазылуынан, мұсылмандық мектептер мен медреселердің ашылуынан т.б. көреміз.
Түркі халықтары арасында ислам дінінің таралуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
751 ж. Талас шайқасынан кейінгі дәуірдегі исламның тарала бастауы. Бұл кезеңде ислам, негізінен, қарлұқтар арасында, ішінара таралған еді.
Орта Азиядағы саманилер билігі дәуіріндегі исламның таралуы. Бұл кезеңде ислам Орталық Азияға, біріншіден саманилер әулетінің ғазауаты арқылы, екіншіден, Мауереннаһр халқының бейбіт қоныстануы арқылы және үшіншіден, сауда жолдары арқылы таралды.
Қарахандар дәуіріндегі исламның мемлекеттік дінге айналып, барлық түркі халықтары арасында жаппай таралуы. Бұл кезеңнің аяғында Орталық Азияның солтүстік-батыс бөлігінде, яғни қыпшақтардың арасында мұсылман дінін таратуда Қожа Ахмет Иассауи бастаған сопылардың миссионерлік қызметі ерекше орын алды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Сонымен бітіру жұмысын аяқтай отырып мынадай қорытындылар жасауға болады. Осыдан он төрт ғасыр бұрын, яғни ҮІІ ғ. басында Мұхаммед пайғамбар жариялаған жаңа дін исламмен біріктірілген арабтар Аравия түбегінен кең тарихи сахнаға шықты. Пайғамбардың ізбасарлары, яғни халифтер тұсында олар Пиреней тауларынан Инд өзеніне дейін созылып жатқан орасан зор территорияда, көне мәдениеттердің жұртында жаңа этникалық өркениет және ұлы империя құрды. Бұл мемлекет Ұлы Македондық Александр заманынан кейін алғаш рет Шығыс пен Батыс, эллинистік Жерорта теңізі елдері, үнді – Иран және әлемі бірікті. Қасиетті құран мен рухтанған орта ғасырлық арабтар ҮІІ-ҮІІІ ғғ. көптеген елдерді еш қиындықсыз-ақ бағындырды, басқа “варвар” халықтардың жаулаушылықтарын өзгеше, арабтардың жаулап алушылықтыры жаппай қырып-жою, қиратушылықтарымен жүрмеген. Араб жаулап алушыларын күні азған ескі өркениеттерді қиратып орнына жаңа, прогресшіл өркениет орнатқан халықтардың ұлы қоныс аударуының құрамдас бір бөлігі ретінде қарастыру. Халифатқа кірудің оған кірген барлық халықтар үшін айтарлықтай ақ салдары болды.
Арабтар түркілер жеріне жаулап алу жорықтарын жасаған жоқ, бұл жерлерді басып алу арабтардың жоспарында болмаған. Бұған себеп – халифат билеушілері, көреген саясаткерлер ретінде ежелден-ақ жауынгер халық ретінде аты шыққан түркілерді күшпен өзіне бағындыра алмайтынына көзі жеткен еді. Орталық азия жерінде жүздеген арабтардың жалғыз шайқасы Талас түбіндегі шайқас түркілерге қарсы емес, керісінше түркілер мен бірлесе отырып Қытайға қарсы бағытталды.Негізінен арабтар мен Орталық Азияны мекендеген түркілердің өзара қарым-қатынастары бейбіт жақындасу бағытында дамыған. Араб ғалымдары Орталық Азия мен тарихы мен географиясын зерттеуге үлес қосты. Араб миссионерлерінің ұрпақтары (қожалар) түркі халықтарының құрамына сіңісе отырып, түркілердің этникалық жағынан қалыптасуында маңызды роль атқарды. Арабтардың енгізген ислам діні ортағасырлық түркілер қоғамының біртұтастығын одан әрі нығайтуын қамтамасыз еткен идеологиялық қызметін атқарды. Түрік тайпалары исламды өз еркімен қабылдады. Олардың ортасындағы діни, рухани үгіт-насихат бейбіт сипатта болды. Бұл аймақта ислам көне түрік наным-сенімдерін синтезге түсіріп, ондағы бірқатар әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді өз бойына сіңіріп алды. Орталық Азия көшпелілердің исламға жаппай өтуі Х-ХІІІ ғ. аралығында жүрді.
Біз қарастырып отырған дәуірде орталық Азия халықтарын саудаға деген қатынасы өзгереді. Бұл жағдай бір жағынан исламның саудаға қатынасы мен түсіндірілсе, екінші жағынан әр түрлі елдер арасындағы шекараларды жойып, мұсылмандар үшін баж салығын төмендеткен халифаттың ұлы жібек жолы бойы мен сауда керуендерінің еш қауіп-қатерсіз, еркін түрде жүруіне ықпал етуіне деп түсінеміз. Халифаттың басқа да аймақтары сияқты Орталық Азия халықтарына да араб тілі мен жазуы енді.
Сөйтіп арабтар мемлекетін ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбардың атымен байланысты. 661 – 750 жж. Аралығында ол мемлекетті Омейядтар әулеті, 751 жылдан – Аббастар әулеті басқарды. Мемлекет “халифат” яғни “орынбасар” “пайғамбардың” болды. Араб халифаты сегізінші ғасырдың ортасына қарай Шығыста Қытайдан – Батыстан Франктер мемлекетіне дейінгі ұлаңғайыр жерді алып жатты.
Халифаттағы барлық жер әуелде халифтың меншігі болып есептелді. Ол енді наместниктер арқылы басқарды. Наместник өзі қызмет атқаратын мерзіміне қарай пайдалануға жер үлесін алып отырды. Халықтан жиналған салықтардың есебінен ол шенеуніктер мен әскер ұстады. Бертін келе халиф жердің бір бөлігін шонжарлардың тұрақты иемденуіне берді.
Халифатта құлдар еңбегі де кеңінен пайдаланылды. Бірақ еңбекші халық бұқарасының басым көпшілігі құлдар емес, тәуелді шаруалар болды. Халиф өз басшыларымен ерекше еңбек сіңірген қызметкерлеріне жер үлестіріп беріп отырды. Ол үлес “ихта” деп атады. Ихта үшін оның иесі салық төлейтін болды. Омар халиф /634 – 644 жж./ ол иелікті меңгеруге міндетті. Егер бос жатса, өкімет қайта алып қоятын болды.
Ұшыр – жан басынан жиналатын жер салығы. Жизья – ислам дініне енбеген халықтар төлейтін ақшалай салық болды. Мұсылмандар мешіт пен дінбасылардың пайдасына зекет жинап отырды. Харадж деген егін салығы болды. Ол жиналған өнімнің үштен бірін құрайтын.
Жаулап алынған елдердің тұрғын халқына қару асынуға рұқсат етілмеді. Олар өздерінің киген киімдерімен де арабтарға ұқсамауға тиісті болды. Жаулап алушылар мұсылман емес халықтардың бәріне қосымша салықтар салып, өз әскерлерін азық – түлікпен қамтамасыз етуді міндеттеді.
Халифаттағы Мұхаммед пайғамбардың өсиетін бұрмалаушылық, әділетсіздікке жол беріле бастауы мемлекеттің әлсіреуіне әкеліп соқты. 1055 жылы Бағдадты селжук түріктері басып алса, 1258 жылы араб халифатын монғолдар құлатып тынды. Халифаттың құлауының негізгі себептерінің бірі әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі, арабтардың дін тазалығы үшін күресуші жауынгерден жеке өз басының пайдасын ғана ойлаушы пенделерге айналуда деген тұжырым жасауға болады.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
ДЕРЕКТЕР:
1 Ибн – Хосров. Сафар – Намэ // Хрестоматия по история средних веков / Под. ред. Н.П. Грацианского и С.Д. Сказкина. – М., 1963 - С. - 238 – 239.
2 Ибн – Исхак. Житие посланника божьего // Хрестоматия, 1949 Т. – І. – С. 247 – 250.
3 Құран. – Медина, 1991.
4 Ал – Белазури. Книга завоеваний // М.А. Медиников. Палестина от завоевания ее Арабами . . . – СПб., 1897. – С. – 115 – 120.
5 Смасет – Намэ. Книга о правлеыи Везира ХІ столетия Низам аль- Мулька. – М. – Л., 1949. – С . 375 – 380.
Арабские источники ХІІ – ХІІІ вв. – Л., 1985. – С. 286 – 288.
ЗЕРТТЕУЛЕР
7 Крачковский Н. Ю. Аш – Шанфара. Песнь пустыни // Избранные произведения. Т – ІІ. – М. –Л., 1956. – С. 10 – 12.
8 Анри. Ламменс. Ислам бесігі. - Рим. 1914. – С. 50 – 52.
9 Арабский Восток и Магриб. Сб. статей. М., 1977. – С. 244 – 246.
10 Арбские страны: История, Экономика – Политика. М., 1986. – С. 278 – 280.
Арабская республика. Египет. М., 1990. – С. 350 – 352.
12. Бартольд В.В. История изучения Востока в Европе и России. Л., 1925. – С. 56 – 57.
13 Бартольд В.В. Ислам. ПГ., 1918. – С. 70 – 74.
14 Беляев Е.А. Арабы, Ислам и Арабский халифат в раннные средневековье. М., 1966. – С. 287 – 289.
15 Васильев А.А. Византия и Арабы. Л., 1925. – С. 48 – 50.
16 J. Fück, Dic arabischen in Europa. Leiprig. 1955. – S. 4 – 6.
17 Эинштейн А. Д. Арабы и Возникновение халифата. М., 1969. – С. 70 – 72.
Жумагулов К.Т. Проблемы исследования Евразийской историй // Исторический наука а ХХІ веке: Материалы международных Бекмохановских чтений. 24 – 25 мая 2001 г. - Алматы : 2001. – С. 120 – 126.
Жумагулов К.Т. Гунны в Европе. К современной постановке и трактовке проблемы // Вестник КазНУ. Серия историческая. Вып. 9. Алматы., 1998.
Жумагулов К.Т. К современной трактовке истории Гуннов в Европе // Материалы научной сессии МИ-АН РК. “Уроки отечественной историй и возрождение Казахстанского общества. Алматы: Казахстан. 1999.
Жумагулов К.Т. Об историко – политических взглядах И.Г. Гердера // Вестник КазНУ. Серия историческая. Вып. 14. - Алматы: КазНУ, 1999.
Вопросы истории и литературу в Исламе. М., 1962. – С. 72 – 74.
История Востока. ІІ – том. М., 1995.
Ирмияева Т.Ю. От халифата до блистательной парты. Перм, 2000. – С.110 – 111.
Болышакова О.Г. История Халифата. ІІ- том. М., 1989. – С. 270 – 280.
26 Пигулевская Н.В. Арабы у границ Византии и Иран в ІҮ – ҮІ вв. М. – Л., 1964. – С. 34 – 42.
27 Жумагулов К.Т. Завоевание Аттилой Северной Италии // Вестник КазНУ. Серия историческая. Вып. 16. - Алматы: КазНУ, 2000.
28 Медников Н.А. Палестина от завоевания ее арабами до крестовых походов по арабским источникам. СПб., 1897. – С. 54 – 56.
29 Надирадзе Л.И. Вопросы общественно – экономического строя государства арабов и халифата ҮІІ – ҮІІІ вв. В Советской историографий // Историография стран Востока. М: МГУ. 1969. – С. 57 – 82.
30 Нысанбайұлы Р. Пайғамбарымыздың Ислам мемлекетін құруы // Ислам әлемі. 1998. – № 1. 2 – 5 бб.
31 Пигулевская Н.В. Зарождение феодальных отношений на Ближнем Востоке. М. – Л., 1958. – С. 3 - 9.
32 Резван Е.А. Религиозно – Социальная ситуация в Аравии на рубеже ҮІ – ҮІІ вв. и ее отражение а Коране // Науч. Конфер. “Общественные движения и их идеология до капиталистических обществах Азий. М., 1984. – С. 64 – 66.
Тортаев С.Ә. Орта ғасырлардағы Шығыс елдерінің тарихы. Алматы, 2000. – 61 бб.
МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР
Сипенкова Т.М. К истории завоевания Закавказья арабами // Вопросы историй стран Азий / Сб. Статей. Л., 1965. – С. 143 – 155.
АВТО РЕФЕРАТ
Қартабаева Е.Т. Араб Мұсылман мәдениеті. Автореферат. Алматы, 2002.
ЗЕРТТЕУЛЕР
Чистякова Т.А. Арабский Халифат. М., 1962. – С. 80 – 82.
Чуракова М. Завоевания Северной Африки Арабами. ПС., 1958. Вып. 3 - С. 107 – 126.
Якубовский А.Ю. Востание Муканы. Л., 1948. – С. 24 – 26.
Папова В. Бахтин Ю. Мұхаммед пайғамбардың өмірі. Тарихи толғау. Алматы, 1994. 12 – 16 бб.
Гольдциэр И. Культ святых в Исламе. М., 1962.
Соловев В. Магомет, жизнь и религия. Алматы, 1990. – С. 70 – 75.
Ахмедов А. Социальная доетрина Ислама. М., 1980.
Тарнау И. Изложение мусульманского законоведения. М., 1991.
Ислам : Историографические огерки. М., 1991.
Завования Арабов // История средних веков. М., 1980. – С. 142 –154.
Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячалетий. – Алматы, 1992. –79 б.
Каиржанов А.К. Мир древних тюрков. –Алматы, 1999. – 24 б.
Бартольд В.В. Сочинения. (В 9-ти томах). Т.2. Ч.1. –М., 1963. – С. 39.
Бұлұтай М.Ж. Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды. – Алматы, 2000. 77 б.
Қашқари М. Түбі бір түркі тілі: (Диуани лұғат ат-түрк). Аударғандар Қ. Бекетаев, Ә. Ибатов. – Алматы, 1993. 173 б.
Достарыңызбен бөлісу: |