Испиджаб – Оңтүстік Қазақстандағы орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Орны қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде, қазіргі Сайрам кентінің оңтүстік-батысында орналасқан. Қала жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Испиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Испиджабтың кейінгі аты. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджаб сауда орталығы ретіндегі рөлі Х-ХІІ ғасырларда күшейді. ХІ ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб ІХ-Х ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Испиджаб ірі діни орталық болған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған. Ең ежелгісі – Падишаһ Мәлік баба мазары. Табылған ескерткіштер ІХ-ХVІІІ ғасырларға жатады. Жалпы, Испиджаб қаласында 40 мың адам тұрған.
Тараз - Ұлы жібек жолы бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз - ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», - деп жазған. Тараз қаласында 10 мың адам тұрған.
Ясы (Түркістан) – қазіргі Түркістан қаласының орнында болған ежелгі қала. Сырдария өзенінің оң жағалауында, Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан. Қаланың іргесі біздің заманымыздың V-VІ ғасырларында қаланған. Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады. ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. ХІІ ғасырдың бірінші ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген (кейін Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Яссауиге VІІ ғасырда мазар салдырған). Қаланың Ұлы Жібек жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы, табиғи-географиялық жағдайының қолайлығы, сонымен бірге адамдардың Қожа Ахмет Яссауи мазарына тәу етуі, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті. Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді.
Сығанақ«Болса тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай». Бұл - орта ғасырдағы түрік ойшылы Ғисамеддин әл-Сығанакидің айтқан сөзі. Сығанақ қаласы Сырдария бойында орналасқан ортағасырлық ірі сауда орталығы. VІІ ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды. Сығанақ жайлы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемда» кездеседі. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ хорезмшаһ Текештің қол астында болған.1219-1220 жылы Сығанақты Жошының әскері қоршап алады. Қала тұрғындары берілмей, олардың елшілерін өлтіріп, күшті қарсылық көрсетеді. Жеті күндік толассыз шабуылдан кейін жау қаланы басып алып, тұрғындарын түгел қырып тастайды. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қала қайта жанданады. Жошы ұрпақтары кезінде Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған. ХV ғасырдың 70-жылдары қаланы қазақ ханы Керей иеленді. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды. ХV-ХVІІІ ғасырларда қала бұрынғысынша сауда орталығына айналды. Оны орыс саудагерлері мен елшілері жақсы білген. Сығанақ ХVІІІ ғасырға дейін жеткен. Қаланың қазіргі орны Сунақ-ата деп аталады. Археологтар Сығанақ қаласының маңынан ертедегі су құбырының іздерін тапқан.