I ТАРАУ. ЕЖЕЛГІ ҚАЗАҚСТАН
§ 1. Қазақстан тас дәуірінде
Тас дәуірі адамзат тарихындағы маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл кезеңде адамның, оның мүсін-кейпі мен мінез-құлқы күн көріс тіршілігі қалыптасты.
Тас дәуірі осыдан 2,5 млн. жыл бұрын басталып, б.з.д. 3 мыңжылдықта аяқталды. Ғылыми зерттеулерге қарағанда адам баласы осыдан 2 миллион жыл бұрын пайда болған. Бұл деректі археология ғылымы дәлелдеген. Археология-тарихи ескерткіштерді зерттейтін ғылым. Ең алғашқы адамның сүйегі Шығыс Африкада (Кения жерінің Олдувай шатқалы) табылды.
Адам дамуының сатылары:
1. «Епті адам» табылған жері - Африка (Кения жеріндегі Олдувай шатқалы) - 1 млн.750 мың жыл бұрын өмір сүрген.
2. «Тік жүретін адам» 1 млн жыл бұрын өмір сүрген:
а) питекантроп: табылған жері - Ява аралы (1891 жыл), Индонезия
ә) синантроп: табылған жері-Қытайдағы Чжо-коу-дянь үңгірі (1927 жыл).
3. «Неандертал адамы» табылған жері - Германиядағы Неандертал өңірі. Өзбекстанның солтүстік өңіріндегі Тесіктас үңгірі (1938 жыл).
4. «Кроманьон адамы» - Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылған.
Адам баласының ең алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған және бұл кезең ұзақ уақытқа созылған. Осыған байланысты алғашқы тарихи кезең - тас дәуірідеп аталған.
Тас дәуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді:
1. Палеолит - ежелгі тас дәуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан – 12 мың жылдыққа дейін).
а) Ерте палеолит (б.з.б. 2 млн. - 140 мың жж.);
ә) Орта палеолит (б.з.б. 140 - 40 мың жж.);
б) Кейінгі палеолит (б.з.б. 40 - 12 мың жж.);
2. Мезолит - орта тас дәуірі (12-5 мың жж.)
3. Неолит - жаңа тас дәуірі (5-3 мың жж.)
Палеолит дәуірі
а) Ерте палеолит(б.з.д. 2 млн - 140 мыңжылдықтар). Ерте тас дәуірінде - адамдар тастан еңбек құралдарын жасап, аң аулап, терімшілікпен айналысты. Климат жылы және құрғақ болды. Сол кезде Қазақстан жерін мекендеген жануарлар: өзен көлдердің жағасында пілдер, мамонттар, бизондар, қарақұйрықтар, бөкендер, құландар, жылқылар, түйелер, таулы жерлерде аюлар, бұғылар, маралдар, тау ешкілер т.с.с. Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріндегі б.з.д. 800-140 мыңжылдықтарға сәйкес келеді. Алғашқы адамдар Қаратау (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары) жотасы мен Қарасу (Оңтүстік Қазақстан обл. Алғабас ауд.) тұрағында мекендеген. Ең көне тас құралдар Оңтүстік Қазақстаннан табылды. 1958 жылы Оңтүстік Қазақстанда тас ғасыры адамының тұрақтарын тапқан археолог ғалым Х.Алпысбаев болатын. Ерте палеолитке Шабақты, Бөріқазған тұрақтары жатады. Алғашқы адамдардың баспанасы тау үңгірлері, үңгіме қуыстар, тау шатқалдары т.б. Адамдар табиғаттың қаталдығына қарсы тұру үшін, бірігіп аң аулап тіршілік етті топтасып өмір сүрді. Олар пайдаланған тас құралдар мыналар: кварцит, обсидан, тақтас, шақпақ тас.
Достарыңызбен бөлісу: |