ә)Орта палеолит (б.з.д. 140-40 мыңжылдықтар).Орта палеолит дәуірі мустьер дәуірі деп аталды. Бұл дәуір ертедегі адамның одан әрі өсіп-дамуымен, мәдени дамуының жаңа кезеңге көтерілуімен ерекшеленеді. Орта палеолит дәуірінің адамдары неандерталдықтар деп аталды.Неандерталь адамының антропологиялық келбеті: мойыны қысқа келеді, тістері ірі болады, сөйлеу қаблеті толық қалыптаспаған. Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аңды қауым болып топтасып аулаған. Басты ерекшеліктерінің бірі-шақпақ тастан от шығаруды үйренді. Тас өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары, негізінен, нуклеустан жасалды. Бұл кезеңнің археологиялық ескерткіштері Оңтүстік Қазақстанның Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан табылған. Сондай-ақ, орта палеолитке Уәлиханов атындағы тұрақ жатады. Орта палеолитте діни наным-сенім қалыптаса бастады. Мәселен өлікті жерлегенде бір қырына жатқызып, аяғын бүгіп жерлеген. Климат суытып, тауларды мұз басты. Осы кезеңде Қазақстанда ауа райының суытуы өте ұзаққа созылған. Жылылықты жақсы көретін жануарлар қырыла бастады.
б) Кейінгі палеолит (б.з.д. 40-12 мыңжылдықтар).Бұл дәуірде адам баласы дамуындағы тағы бір жаңа кезең басталып, қазіргі адамға ұқсас адамдар қалыптасты. Бұл адамдарды «саналы адамдар» немесе «кроманьон» адамдары деп атайды. Бұл адамдардың антропологиялық белгілері: бастары сопақша, маңдайлары жазық, бойлары ұзын, денесін тік ұстап жүретін болған.
Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аулайтын аңдары: бұғы, марал, жылқы, мамонт. Теретін жеміс-жидектері: жабайы алма, алмұрт, сәбіз, саңырауқұлақ, жаңғақ т.б. Бұл дәуірде адамдардың топтасып өмір сүру нәтижесінде рулық қауым қалыптасты. Адамдар тау үңгірлерін, қуыстарды баспана қылған. Өнер мен діни наным-сенім дамыды. Сол дәуірде үңгір қабырғаларына жылқы бейнесі, аң аулау сәттері көп бейнеленген. Бұл дәуір адамдарының бұрынғылардан бір ерекшелігі рухани жағынан әжептәуір жоғары болды. Үңгір қабырғаларына салынған суреттер осылай дейді. Сонымен қатар, кейінгі палеолитте еңбек құралдарының 20 шақты түрі болған. Кейінгі палеолит адамдары Қазақстанның барлық аумағынан табылады. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы Ащысай тұрағы, Орталық Қазақстандағы Батпақ тұрағы, Қарабас көмбесі т.б.
Мезолит дәуірі
Ежелгі тас ғасыры палеолит пен жаңа тас ғасыры неолит арасындағы өтпелі дәуірді орта тас ғасыры немесе мезолит деп атаймыз. Ол б.з.д. 12-5 мыңжылдықтар кезеңін қамтиды. Мезолит дәуірі 7 мың жылға созылды. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелген Қазақстанда табылған ескерткіштері көп емес.
Мезолит дәуірінде ауа райы күрт жылынып, мұздар еріді. Бұл кезеңде қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрі қалыптасты. Бірқатар жануарлар (мамонттар, мүйізтұсықтар) құрып кетті. Ірі жануарлар азайып, кішігірім аң-құстар пайда болды. Аң аулау сол кездегі адамдардың негізгі кәсібінің бірі болды. Аңшылық қарулар: жебелі садақ, бумеранг т.б. Садақты алғашында ағаштан жасаған. Жебелері де ағаш, ұштары сүйек. Жебе 80-100 метрге, күрделі жебе 450 метрге дейін жететін болған. Мезолит дәуірінде бумеранг пайда болды. Бумеранг - 100 метрге дейін ұшатын орақ тәріздес ағаш қару. Мезолит кезеңінде жебенің доғал және домалақ оқтұмсықтарын аңшылар терісі бағалы аңдарды аулау үшін қолданған. Балық аулау да жақсы дамыды. Оның себебі мұздар еріп, өзен, көлдер көбейді. Бұл дәуірде адамдар Еуропа, Азия, Америка материгін игерді. Бұл кезеңде жан-жануарларды қолға үйретіп, дәнді дақылдар өсіруді қолға алды.
Достарыңызбен бөлісу: |