I тарау. Қос сөздердің қазақ тіл біліміндегі зерттелу тарихы


Қос сөздердің қазақ тіл білімінде зерттелуі



бет8/15
Дата08.02.2022
өлшемі296 Kb.
#98617
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15
Байланысты:
абай

Қос сөздердің қазақ тіл білімінде зерттелуі.

Түркі тектес халықтарда көп қолданылған, олардың сөздік қорындағы сөздік тұлғалардың бірі – қос сөздер. Сондықтан көптеген ғалымдардың назарын аударып зерттеу еңбектерінің объектісі болды. Сол жайында тоқталайық.


ХІХ ғасырда И.Н.Ильминский, К.Фой, И.Гигонов, А.Казембектің қызығушылығын тудырған бұл сөз тұлғаларының зерттеулеріне кейін түркологтар Н.К.Дмитриев (“Парные словосочетание в башкирском языке” 1930 г.), И.А.Баскаков (Ногайский язык и его диалекты), Е.У.Убрятова (“Парные слова в якутском языке” 1940 г.), Б.Орузбаева (Некоторые заметки о парных словах), Б.Қыдырбаев (Қарақалпақ тилиниң грамматикасы), В.А.Агонин (“Повторы однородные парные сочетание в современном турецком языке” 1957 г.), Ә.Қайдаров (“Парные слова в современном уйгурском языке” 1949 г.), М.И.Адилов (“Система повторов в азербайжанском языке” 1959 г.), М.Абдурахманов (“Парные слова в тюркских языках” 1975 г.) ат салысты. Сол кезеңдегі басқа да түркологиялық еңбектерден қос сөздер сөзжасам объектісі ретінде аналитикалық тәсіл арқылы сөз жасаудың жемісі болғанын көреміз.
ХХ ғасырдың бірінші жартысы түркология тарихында көптеген түркі тілдерінің ғылыми грамматикаларының жарық көруімен сипатталады. Бұл грамматикалардың барлығына ортақ ерекшелік — сөзжасамның екі тәсілі ғана -аффикстік және сөздердің бірігуі мен қосарлануы көрсетіледі. Бұған Е.Самойловичтің (“Краткая учебная грамматика современного османо-турецкого языка” Л.Гос. акад. тип.1925 г.). В.Гордлевскийдің (“Грамматика турецкого языка” М.1928), С.Ястремскийдің (“Грамматика якутского языка” М.1938 г.).
И.Батмановтың (“Грамматика киргизкого языка” ч.ІІ Фрунзе, 1939), А.Кононовтың (“Грамматика турецкого языка” М.Л. 1941 г.), Н.Дмитриевтің (“Грамматика кумыкского языка” М.Л. 1940), Л.Харитоновтың (“Современный якутский язык” М.І Якутск, 1947 г.) еңбектері дәлел. Аталған еңбектерде қос сөздер әр сөз табының аясында қарастырылады, аздаған мысалдар келтіріледі. Осы тақырыпқа арнайы жазылған еңбек деп Н.К.Дмитриевтің мақаласын атауымыз керек [1940, 501-516]. Автор башқұрт тілі деректерінің негізінде қос сөздердің жасалуы, түрлері, мағыналары жөнінде ғылыми тұжырымдар жасайды. Отызыншы жылдардан бастап түркологияда қос сөздерге байланысты көптеген мақалалар жарық көріп диссертациялар мен монографиялар жазылды.
Қазақ лингвистерінің біраз тобын бұл тақырып бейтарап қалдырмаған. Осы мәселе төңірегіндегі зерттеулерді сала-салаға бөліп, саралағанда, морфологиялық,этимологиялық, стилистикалық тұрғыда қарастырылған бірталай еңбектерге кездесеміз.
А.Есенғұлов көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қос сөздердің табиғатын көрсетсе, Ә.Керімов қос сөздерді құрамына қарай қайталама және қосарлама қос сөздер деп бөледі. Негізгі көпшілігі таза түркі сөздерінің қосарлануы арқылы жасалған дей отырып, кірме сөздерді де айқындайды: Екі сыңары да араб сөзі: мал-мүлік, екі сыңары да парсы сөзі: парә-парә, бір сыңары араб, бір сыңары түркі сөзі: шәһар-бол, мал-товар, қазғу-хасрәт [25, 49-45]. А.Есенғұлов: “Көне түркі жазба ескерткіштерінде қос сөздердің қосарлама түрі қолданылады да қайталама қос сөздер кездеспейді», - деп көрсетеді [25,138]. Тағы бір атап өтетін жайт: Көне жазбаларда қос сөздердің орын тәртібі өте тұрақты. Егер сыңарларының орнын ауыстырса, қос сөз болудан қалады. Мысалы: қыз-оғул — қыз бала, оғул-қыз —балалар, қыз-қудуз — қыз бала, қудуз-қыз — әйел [25,139].
Қос сөздердің морфологиясына қатысты мәселелер А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, Т.Қалабаева еңбектерінде сөз болды. Олар қос сөздердің негізгі белгілерін жасалу жолдарын, дұрыс жазылу жайын анықтап береді [24,65].
А.Байтұрсынов өзінің еңбегінде қос сөздерге былай анықтама береді: “Қос сөз дегеніміз – қосарынан айтылатын бір өңкей есімді сөздер. Қос сөз екі түрлі болады, біреуі нәрсенің көбін атайды, екіншілері айыра атайды. Алдынғысы жалпылағыш қос сөз деп соңғысы жалқылағыш қос сөз деп айтылады» [3,45], — дейді. Жалпылағыш қос сөздерге: аяқ-табақ, төсек-орын, ер-тұрман, киім-кешек, бақа-шаян сияқтыларды жатқызса, жалқылағыш қос сөздерге: жел-бау, жүк-аяқ, ер-батыр, есен-аман, өмір-қопса, шекті-бай, төсек-ағаш т.б. жатқызады.
А.Байтұрсынов қос сөздерді жалпы екіге бөліп қарастырса, белгілі тіл маманы Ж.Сауранбаев қазақ тіліндегі қос сөздерді бес топқа бөліп көрсетеді.

  1. Мәндес қос сөздер (қыз-келіншек).

  2. Қайшы мәндес қос сөздер (үлкен-кіші, ыстық-суық).

  3. Сыңар мәндес қос сөздер (алай-дүлей, кәрі-құртаң).

  4. Қайталама қос сөздер (тау-тау, бес-бестен).

  5. Қоспа буынды қос сөздер (ап-ауыр, ұп-ұзын, тәп-тәтті) [18,64].

А.Қайдаров, Н.Сауранбаевтың қос сөздерді беске бөліп жіктегенін қостай келе,қос сөздердің осы бес түрі барлық сөз таптарына да ортақ екенін, бірақ қос сөздердің қай-қайсысы да кемінде екі сөзден құралатындығын, оның әрбір сыңарының кейде толық мағыналы, кейде мағынасы жоқ сөз болатыны белгілі дейді. Ол зерттеушілердің екі сөзден құралатындығына сүйеніп, қос сөздерді сөз тіркесі түрлеріне жатқызатындығын да айтып өтеді.
А.Қайдаров кейбір басқа еңбектерде қос сөздерді сөз тіркесі дегенмен, олардың сөз тіркесінен төмендегідей айырмашылығы барлығын көрсетеді.
Бір сыңары өздігінен мағына бере алмайтын қос сөздер сөз тіркесіне жатпайды. Қос сөздердің екі сыңары да мағыналы болғанымен, бір сөздің орнына қолданылады. Қос сөздердің әрбір сыңары басқа тілге калька бойынша аударылмай, тек мағынасы жағынан аударылады. Қос сөздердің сыңарының мағыналық жағынан жақындастығы соншалық, оларды бірыңғай мүшелер сияқты айтуда арасына кідіріс жасап айтуға болмайтындығын А.Қайдаров өзінің еңбегінде айтып өтеді [18,12].
Жасалу тәсілі жағынан алғанда, қос сөздер жалаң және күрделі түрлерге бөлінеді. Қос сөздердің жалаң түрі – дефис арқылы жазылатын қос сөздер. Профессор А.Ысқақов осы жалаң қос сөздердің негізгі екі түріне: қайталама қос сөздер, қосарлама қос сөздер деген атау береді [21, 107].
Қос сөздердің күрделі түрі үтір арқылы жазылады және екі сөзден ғана емес,одан да көп сөзден, тіпті екі сөйлемнен жасалады. Бұл жайтты анықтаған Кеңесбаев былай дейді: «жалаң қос сөздерге қарағанда, күрделі қос сөздер, көбінесе, метафоралық мағынада айтылады. Бұл есептен олар «идиомдық» немесе «фразалық» қос сөздер бола алады. Оларға мынадай мысалдар келтіреді: «ұзын-арқан, кең тұсау», «үлде мен бүлдеге оранып», «айрандай аттап, күбедей пісіп», «бір сырлы, сегіз қырлы», «алалы жылқы, ақтылы қой», «әулиеге айтып, қорасанға қой айтып». Оның айтуынша қос сөздер деп атау үшін сызықшамен жазылу шарт емес, яғни тілімізде бір-бірінсіз айтылуға келмейтін тиянақты сөздерді қос сөздер деп тануға болады» [10, 93].
Осы тұрғыда біздің тоқталатын мәселеміз — қос сөздердің стильдік жағынан зерттелу жайы. Қос сөздердің қолданыстағы мән-маңызы қаншалықты, оларды пайдаланудан ұтарымыз не, ойды бейнелі, әсерлі жеткізуде олардың ролі қандай дегенде, кімнің қандай пікір айтқанын, дәлелін төмендегіше сипаттап шығамыз. «Ойды ажарлы беруде «фразалық» қос сөздердің маңызын алдымен І.Кеңесбаев дәлелдейді. Ол «шалқып, басып жүргенде» дегеннен гөрі «айрандай аттап, күбідей пісіп жүргенде» деген тіркесі ойды әсерлі жеткізеді», — дейді. Стилистика тұрғысынан қос сөздердің қолданылу жайына алғаш көңіл аударған ғалым Ф.Мұсабекова. Ол қос сөздерді зат есімдік тұлғада қарастырып, сөйлем ішіндегі қолданылуына, стильдік мән-мазмұнына түсініктеме береді. Ғалым қос сөздерді қолданудың сөйлем мағынасына әсерін былайша көрсетеді: «Көшені араладық»дегенде немесе «көше-көшені араладық» деген екі сөйлемде айтылып тұрған ой мағыналас, бірақ бұл екі сөйлем арасына мағыналық жағынан тепе- теңдік белгісін қоюға болмайды, себебі «көше-көшені араладық» дегенде, даралап, бөліп-бөліп айырып, әлденеше көшені аралағаны айқын берілсе «көшені араладық» дегенде, даралау көптік ұғымнан гөрі жалпылық ұғым басым беріледі. [14, 133].
Сол тәрізді «ызыңнан мезі болу» мен «ызың-шудан мезі болуды» салыстырып, олардың мағыналық реңкін көрсетеді. Ол сонымен бірге зат есімді қос сөздердің қайталанған түрі молшылық мағынасын беретінін «тегене-тегене қымыз», «мая-мая шөп», «табақ-табақ ет», «қазан-қазан асылған ет» деген сөздер қатыстырылған сөйлем арқылы түсіндіреді де кейбірін мүлде жекелеп қолдануға болмайтынын ескертеді. Қос сөздерді қолдану жайына арнайы тоқталған ғалым С.Хасанова мынадай пікір айтады: «Ол аз сөзбен көп жайды аңғартуда, ойды дәл, жинақы жеткізуде ұтымды келеді. Сөзді қосарлап қолданудан айтылмақшы ойға экспрессиялық реңк, эмоциялық мән-мағына үстеледі. Мысалы, жеке қолданған күн, түн сөзін күні-түні деп қосарлап айтудан тыңдаушы мен оқушының алар әсері әртүрлі» [22, 61].
З.Қожабергенова өз еңбегінде трансформациялы қайталама қос сөздердің стильдік мәнін ашып көрсетеді. Ол «Қос сөздердің бұл түрі көркем әдебиетте стильдік ерекшеліктеріне қарай көркем сөзді оқырманға әсерлі жеткізу үшін, сонымен қатар оқиғалардың өрбу әсемдігін, экспрессивтілігін, эмоциялығын дәл нақышпен баяндау үшін пайдаланады» дей келе, нақты мысалдармен дәлелдейді [11,40-41].
А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде қос сөздердің түрлеріне тоқтала келіп, қайталама қос сөздің үстеме буын түрінде қалыптасқан түрі —негізінен алғанда, сын есімдерге тән форма. Бұл үстеме буын сын есімге күшейту мағынасын жамайтын форма түрінде қалыптасқан, өйткені бұл форма тек негізгі сынға я ұлғайту, я солғындату реңкін жамайды»,— деп, үстеме буынның табиғатын әбден дұрыс айқындаған. Ол бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздерді, мысалы: жап-жақсы, қып-қызыл, кіп-кішкене, сап-сары, теп-тегіс сияқтыларды үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп К.Ахановтың пікіріне қарсы келеді. А.Ысқақов бұл сөздерді үстеме буындары әрі ықшамдалып, әрі соңына «п» дыбысы жамалып, бір тұйық я бітеу буынға айналуынан пайда болған дейді [21, 110].
К.Аханов өз еңбегінде қып-қызыл, қап-қара тәрізділердің сын есімнен басқа сөз таптарынан жасалған қос сөздердің түрлерінде мүлдем ұшыраспайтынын, оның тек сын есімдерге ғана тән екендігін және бірден-бір негізгі қызметі сын есімнің шырай формасын тудыру тәсілдерінің қатарында емес, форма тудыру, соның ішінде сын есімнің шырай формасын тудыру тәсілі деп қараған жөн. Демек, қып-қызыл, қап-қара тәрізділер қос сөздердің қатарында емес, сын есімнің шырай формаларының мағына мен қызметі жағынан тым қызыл, өте қызыл, тым қара, тіпті қара тәрізді сын есімдердің күшейткіш шырай формаларымен сәйкес келуі дәлелдей түседі, ал тым қызыл, өте қызыл, тым қара, тіпті қара тәрізділерді күрделі сөздер деп қарамайтынымыз белгілі (бұлар торы ала, қара торы тәрізді күрделі сөздерден мүлдем басқаша) дейді. Ол тілдегі құбылыстарды бір-бірінен ажыратуда, әдетте, негізгі үш түрлі өлшемді таяныш етеді: оның бірі – мазмұны екіншісі – форма, үшіншісі – қызметі. Ал жартылай редупликация арқылы жасалған қып - қызыл, қап – қара тәрізділер формасы жағынан ғана қос сөздерге ұқсайды, ал мазмұны мен қызметі жағынан өте қызыл, тым қара тәрізді сын есімдердің күшейтпелі шырай формасымен сәйкес келеді деп қорытындылайды [1, 97-98].
А.Н.Кононов та А.Ысқақов сияқты қып-қызыл, қап-қара тәрізді формаларды сын есімдердің күшейткіш формалары деп санайды. Бірақ А.Н.Кононов оларды жартылай редупликация жолымен жасалған деп есептейді.
А.Ысқақов пен К.Аханов күшейтпе буын тек сын есімнің шырай формасы арқылы туады десе, бұған қазақ тіл білімі тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов тұжырымы қарсы болады. Мысалы, қап-қара, тіп-тік, қып-қызыл, сап-сары деген қос сөздер күні бүгінге дейін жасалу жағынан осылайша тек «п» дыбысының жамалуы ғана ескеріліп жүрген күшейтпе буынды қос сөздердің Жұбановтың еңбектерінде тағы да бірнеше дыбыстар арқылы жасалатын түрлерін кездестіреміз. Мысалы, қаз-қатар сөзінің тіркестік құрылысын талдай келе былай дейді: «Бұл жерден мен қаз және қатар деген сөзді көріп тұрған жоқпын. Мұнда сап-сары, қып-қызыл сияқты қатар сөзі қаз деген күшейткіш буынмен айтылған». Дәл осындай сөздер қатарына ғалым қаз-қалпы, тас-талқан, тым-тырыс,жым-жырт, қым-қуат сияқты сөздерді туғызады. Бұдан екі түрлі жаңалықты байқауға болады. Бірі – бұрын қос сөздердің күшейтпе буынын жасаушы дыбыс тек қана «п» деп танылатын болса, енді соған «з» (қаз-қатар, қаз-қалпы дегендегі ), «с» (тас-талқан дегендегі) және «м» (тым-тырыс, жым-жырт, қым-қуат дегендегі) дыбыстар да қосылады. Сөйтіп күшейтпе буынды қос сөздер жасайтын дыбыстар біреу емес, п, з, с, м болып төрт дыбысқа жетеді. Екінші – буын күшейтпе буындар тек қана сын есім түбірлерден жасалады делініп келсе, енді зат есім (қаз-қатар, қаз-қалпы,тым-тырыс дегендегі қатар, қалпы, тырыс) түбірден де,еліктеуіш сөздер (жым-жырт дегендегі жырт) түбірлерден де, етістік (қым-қуат дегендегі қу) түбірлерден де жасалуы болып табылады [8,84].
Соңғы шыққан еңбектерден қос сөздердің қолданысына қатысты пікір Г.Әзімжанованың кандидаттық диссертациясында да айтылды. Ол «Қайталама қолданыстар – оқырманға, тыңдаушыға ерекше эмоциональдық әсер ететін қасиеті бар стильдік әдіс ретінде көркем әдебиетте жиі қолданылады. Сөз зергерлері бұл стильдік амалды психологиялық анализді тереңдету үшін де жұмсайды. Редупликацияланған немесе қосарланған (порно-повторные) лексикалық элементтері тілек (морфологиялық) категория ретінде, ал бір сөйлемде немесе микротексте қайталанып қолданылатын құбылысты стилистика құбылысы (категориясы) деп тану керек» – дейді [2,71].
Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері И.Уәлиев өзінің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қос сөз сыңарларының сырлары» деген еңбегінде қос сөз сыңарларының сырын ашып, түп-төркінін көрсетіп, этимологиялық талдау жасайды. Мысалы, «Кілең мықты» деген мағынаны білдіретін ығай-сығай қос сөзінің негізгі сыңары сығай, ал ығай оның дыбыстық өзгеріске ұшырағандағысы. Жеке алғанда сығай сөзінің нендей мағынаны білдіретіндігін бірден байқай қою қиын. Енді осы сөзді өзге бір сыбайлас сөзбен салыстырсақ, сөзге сөз сәулесін түсіріп, көмескілікті сейіткендей болады», — дейді.
Сондай сөздің бірін ұлы қаламгер М.Әуезовтің «Қараш-қарашынан» кездестіреміз: «Соңғы кездесудегі қуғын әлденеше жақты болуға айналды. Бір жағынан , он шақты кісіні қолдарына мылтық, қару-жарақты сығайлап беріп, күндіз-түні, тау-тастың барлығын кезгізуден басқа, тау ішінде отырған елді де мұның соңына салмақшы болды. Мұндағы сығайлап сөзі – қазіргі «сайла»- ның байырғы нұсқасы. Сығай сөзінің ықшамдалған түрі — сай. Бұл сөздің қазіргі тіл қолданысымызда «лайықты», «мықты», «келісті», деген мағынада жұмсалатындығын мынадай тұрақты тізбектерден байқаймыз: төрт құбыласы сай, сай күлік (сайгүлік), бір түлікке бай болғанша, төрт түлікке сай бол т.б.
Тілімізде түп - төркіні өзара салыстыру арқылы ашылатын бұдан басқа да бірталай қос сөз сырлары бар дей келе құрбы-құрдас деген қос сөзге де талдау жасайды. Бұл сөз дейді Уәлиев: «былайша қарағанда екі сыңары да түсінікті. Жас шамасы қарайлас адамдарды құрбы-құрдас деп атайтындығы байқалады. Әйгілі ғалым М.Қашғари [Х ғ.] сөздігінде құр сөзі «дәреже», «лауазым», [19,467] дегенді білдіреді делінген. Осындай дерекке қарағанда құрдас деп әуелде қарайлас адамдарды емес, дәреже, лауазымы қатар кісілерді атаса керек»,— деген тұжырым жасайды [12,10].
Т. Қалабаева «Қайталама қос сөздердің кейбір мәселелері» деген еңбегінде тілімізде қайталама қос сөздерге жатқызып жүрген кейбір ( түйе-түйе, қатын- қалаш, қыз-қырқын, бала-шаға, некен-саяқ, нан-пән, ет-мет, бара-бара, айта- айта)
сөз тіркестері жөнінде профессор А.Ысқақовтың «Жалпы түсіну, талдау мәселелерін жеңілдету үшін, қос сөздерді ең әуелі қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деген үлкен екі топқа бөліп алғанын дұрыс» — деп өте дұрыс түйіндеген, ол бұл екі топқа қысқаша ғана мәлімет беріп өтеді дейді. Т.Қалабаева қайталама қос сөздер немесе редупликация деп аталатын екі түбірден яки екі сөзден синтетикалық жолмен бірігіп жасалған сөздер тілімізде жаңа сөз тудырмайды, бірақ мағына тудырады. Кейде жұрнақтар, жалғаулар арқылы, яғни синтетикалық – морфологиялық тәсілмен де жасалады», — деп мынадай мысал келтіреді: Бүгін мен Алматы, Москвамен ауызба-ауыз сөйлестім (Ғ.Мүсірепов). Мені күте- күте кетіп қалыпты (Т.Иманбеков). Осы сөйлемдердегі бір сөздің екі рет қайталануы әртүрлі үстеме мағына беріп, оның экспрессивтивтілігін арттырып тұр дейді. Осы еңбегінде Т.Қалабаева қайталама қос сөздердің ең көп қолданылатыны қосымшалы қос сөздер екіндігін, соның нәтижесінде қайталама қос сөздердің эмоциональдық мәні арта түсетінін және қайталама қос сөздердің қосымшалар арқылы жасалу тәсілі барлық сөз таптарында қолданыла беретіндігін, соның ішінде етістіктердің түбіріне көсемшенің -а,-е,-й, -ып, -іп, жұрнақтарының қосылуынан жасалғаны жиірек кездесетінін айтып өтеді. Т.Қалабаеваның осы зерттеуінде қайталама қос сөздердің стильдік өңі туралы айтылып өтіледі және бір сөздің екі рет қайталануы немесе қосымшалы түрде қайталануы экспрессивтік және эмоционалдық мән үстейтіндігі де көрсетіледі. Мысалы, мені күте- күте кетіп қалыпты. Бостан- босқа бүлініп, саған не болды? [13,70-76].
Жоғарыда айтылған пікірлердің бәрін қорытындылай келе, қос сөздердің стилистикасы мынадай мәселелердің айналасында болған:

  1. Қос сөзді қолданудың сөйлем мағынасына әсері.

  2. Қос сөздердің экспрессивті- эмоционалдық мағыналары.

  3. Қос сөздерді қолданудың ұтымдылығы.

  4. Жеке жазушылардың қос сөздерді қолдану ерекшелігі.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет