I теоретические основы логопедии



бет124/220
Дата05.02.2022
өлшемі11,49 Mb.
#15214
түріОқулық
1   ...   120   121   122   123   124   125   126   127   ...   220
Акустикалық-мнестикалық афазияны түзету – педагогикалық жұмыс

Акустикалық-мнестикалық афазияны түзету-педагогикалық жұмысының негізгі міндеттері – есту-сөйлеу есінің бұзылуын жою, заттың негізгі белгілері туралы көру елестерін қалпына келтіру, сонымен қатар экспрессивті аграмматизмдер элеметтерін және амнестикалық қиындықтарын жою.


Нейропсихологиялық тексеру барысында акустикалық-мнестикалық афазияның нұсқасы анықталып, түзету-педагогикалық жұмыстың бағдарламасы құрылады. Акустикалық-мнестикалық афазия кезіндегі бұзылыстарды түзетуде логопед сөйлеудің түпкі ойын кодылау (кодирование), заттың белгілерін сипаттау, сөзді әр түрлі контекске еңгізу, науқасқа есту-сөйлеу жүктемесінің әр түрлі көлемін сақтауға мүмкіндік беретін сыртқы сүйеніштерін құру механизмі пайдаланылады.
Есту-сөйлеу есін қалпына келтіру, көріп-қабылдауына сүйене отырып қалпына келтіріледі. Науқастың алдына мағыналық байланысы әр түрлі суреттер беріледі де, солардың ішінен үш-төрт суретті іріктеп алу тапсырылады. Сөйлеу ішіндегі сөз байланыстығы түпкі ой арқылы болуына байланысты, «кездейсоқ» іріктеп алынған суреттердің ішінен (мысық, қоян, кесе, үстел, орман, т.б.) белгілі бір ситуацияға қатысты заттарды көрсетуін талап етеді. Содан кейін бір семантикалық топқа кірмейтін сөздер беріледі. Есту-сөйлеу есін қалпына келтірудің келесі кезеңінде суреттер бір топ түрінде беріледі. Науқас заттардың атауының сериясын тыңдап, олардың суретін табады. Кейін осы сөздердің сериясын суретке сүйенбей отырып атауын сұрайды. Алғашқыда есте сақтауға заттардың атауын білдіретін сөздер, кейін олардың әрекетін және сапасын, соңында телефон номеріне жинақталған сандар беріледі. Сонымен қатар сюжетті суретке сүйене отырып, кейін онысыз екі, үш, төрт сөзден құрылған фразаларды есту диктант түрінде жазу жүргізіледі.
Акустикалық-мнестикалық афазияның екінші нұсқасында көру елестерін қалпына келтіру үшін суреттері, пішіні ұқсас, бір-екі белгілері бойынша айырмашылығы бар (мысалы, шәйнек, кастрөл, кесе, тоңазытқыш, шкаф, сервант), бір элементінің өзгеруі немесе болмауы осы заттың қызметін, мазмұнын және белгісін өзгертетін заттарды талдаудан құрылған бір қатар жаттығуларды жүргізу ұсынылады. Элементтерін біріктіріп, заттарды құрастыру, заттардың бейнесінде қателерін табу (мысалы, қоянның құлағы қысқа, мысықтың құлағы ұзын, түлкінің құйрығы жоқ, т.б.), заттың суретін аяқтау, оның қасиеттерін және функцияларын сипаттап беру, жартылай жабық тұрған затты тану сияқты т.б. тапсырмалар беріледі.
Керекті сөзді табу қиындықтарынан сөздің мағыналық шегін кеңейту, кейбір жағдайда тарылту, яғни олардың мағынасын нақтылау және жүйелеу арқылы арылады. Ол үшін сөз әр түрлі фразеологиялық контекстерде айтқызылады, сөздің көп мәнділігін, синоним, антоним және омонимдердің мағынасын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Амнестикалық бұзылыстарын түзетудегі қол жеткізген нәтижелерін бекітудің формасының бірі - жазбаша сөйлеуінін қалпына келтіру. Сөздің дыбыстық-буындық құрамын түсінуі және фонематикалық есту қабілетінің сақтаулы болуы бірінші күннен бастап түзету – педагогикалық жұмысында жазбаша түрде мәтіндерді құрастыруға мүмкіндік береді. Бұл сөздік кедейлігін және афазияның «артқы» түрлеріне тән аграмматизмдерді жоюға ықпал етеді.
Семантикалық афазия

Семантикалық афазия темпералис аймағының – ми қыртысының сол жақты жартышарының шүйде-төбе бөліктерінің (39, 40, артқы бөлігі, 37 және 19 алаңы) зақымдалуының салдарынан пайда болады. Афазияның бұл түрін алғашқы сипаттап жазған Т. Хэд (1926) болатын. А. Р. Лурия семантикалық афазияның негізінде ақпаратты симультантты (бір мезгілді) қабылдауының ауытқулары жатататынын көрсетті. Симультантты кеңістікті қабылдау – негізгі механизм, ал негізгі ауытқу – логикалық-грамматикалық құрылысының бұзылуы болып табылады.


Клиникалық көрінісінде экспрессивті сөйлеу тілінің терең бұзылуы байқалмайды: құрылысы жай сөйлемдерді қолданалады, жай құрылған тілді түсінеді, бірақ сөйлеу тілінің грамматикалық жағын қиындатқан кезде науқас оны түсінбейді, абыржиды. Науқастар жеке көмекші сөздердің мағынасын жақсы түсінеді. Мысалы, олар кітап астына қаламды немесе қаламды дәптердің оң жағына дұрыс қоя алады, бірақ «қасықты шәнішқының оң жағына, пышақтың сол жағына қой» деген сияқты нұсқау бойынша үш затты орналастыруда қиналады. Геометриялық фигураларды орналастыру кезінде оданда көп күйзеліске түседі. Келесідегідей логикалық-грамматикалық есептерді шеше алмайды: шеңбердің астына және шаршыңың үстіне нүкте қой. Мысалы, «Әсеттің бойы Маржаннан биік, Ерланнан аласа. Кімнің бойы ең биік? Кімнің бойы аласа?» сияқты салыстырмалы сөз тіркестерін түсінбейді, Дәл осындай қиындықтар алыс-жақын, оң-сол жақта, т.б. үстеулер кездесетін салыстырмалы сөз тіркестерін қолдануда байқалады. Науқастар себеп-нәтиже, уақыт және кеңістік байланысын, көсемшелі және есімшелі тіркестерді білдіретін синтаксистік құрылысы күрделі сөйлемдерді түсінуде қиналады. Мысалы, «Мен киноға анамнан рұқсат алғаннан кейін бардым». Дұрыс берілмеген сөйлемдердің мағынасы бұзылғанын түсінбейді: «Айналаның су болғанынан жаңбыр жауды», т.б. Семантикалық афазияда «қарым-қатынас байланысын» білдіретін логикалық-грамматикалық сөз тіркестерін, мысалы, «әкемнің інісі» - «інімнің әкесі» түсінуі өте қиын болады, өйткені оларды түсіну үшін белгілі бір мағыналы категориялармен байланыстыру қажет («аға» - «іні», «әке»). Семантикалық афазиясы бар науқас мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді, астарлы сөздерді түсінбейді. Экспрессивті тілінде сөйлеудің артикуляторлы жағы сақтаулы болады, бірақ амнестикалық қиындықтар айқын байқалады, бірінші дыбысты немесе буынды айтып есіне салған науқасқа көмектеседі. Заттың атауын оның қызметімен шатастырады: «уақытты көрсететін», «шашты тарайтын», т.б. Вербальді парафазиялар семантикалық афазияға тән емес, олар бір парадигманы екіншіге ауыстырмайды. Сын есімдерді, үстеу, есімшелі мен көсемшелі тіркестерді, мақал-мәтіндерді сирек қолдануы, науқастың сөздік қорының кедейлігіне байланысты. Есте сақтау қабілеті төмен, ой-өрісі тар адам сияқты көрінеді. Кеңістікті әзер бағдарлайды.
Афазияның бұл түрінде жазбаша сөйлеу тілі кедейлігімен, синтаксистік формалардың стереотипті болуымен сипатталады, бағыныңқы құрмалас және салалас құрмалас сөйлемдер, сын есімдер аз қолданылады.
Семантикалық афазия симультантты агнозия, астереогноз, өз денесін бағдарлауының бұзылуы, кеңістік және конструктивті апраксия және алғашқы акалькулияның (есептеу қабілетінің бұзылуы) нейропсихологиялық синдромының негізінде жүреді.
Сонымен, семантикалық афазияда сөз грамматикалық ұғымдар жүйесінен түсіп қалады және тек белгілі бір мағынаны білдіретін тасымалдаушы ретінде қабылданады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   120   121   122   123   124   125   126   127   ...   220




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет