Ибраһим пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын)
әйелдері Сарра және Ажар
«Аллаһым, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына бұзықтан құтқар».
«Демек, Аллаһ бізді құрдымға тастамайды».
Бұл – адамзат тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, пайғамбарлардың атасы Ибраһимнің әйелдері Сарра және Ажар жайлы әңгіме. Сарра он алты жасында Ибраһим пайғамбарға тұрмысқа шыққан. Сарра көз тұнар сұлулықтың өзі еді. Тіпті адамзат тарихында ең сұлу әйел Хауа анамызды есептемегенде, одан сұлу ешкімнің болмағаны жайлы айтылады. Сарра Ибраһимге иман келтірген, оның әрі әйелі, әрі ізбасары болды. Ол Ибраһиммен бірге Ирактан Шамға, Мысырға, Палестинаға қоныс аударған. Сарраның дәрежесін ашып көрсеткен уақиға Мысырда орын алған-ды. Ибраһим мен Сарра Мысырға көшіп келеді. Ол жерде бір жауыз, қатыгез патша билік құрып отырған-ды. Ел құлағы елу емес пе, патша өз мемлекетіне бүкіл адамзаттың ең сұлу әйелі кіргенін естиді. Бұл жаңалықтан хабардар болған залым патша есекдәмеге беріліп, зұлым ойға кетеді. Патшаның надандығы сондай, ол әйелге деген құрмет, ар-намыс, абыройға көңіл бөлмейтін, ешқандай жауапкершіліксіз, адамгершілік қасиетке сүлесоқ қарайтын тоңмойын болатын. Арам ойын іске асыру мақсатымен Сарраны иемденгісі келіп, оны алып келуге жұмсаған әскеріне: «Қасындағы еркектен сұраңдар, оған кім болады екен, егер күйеуі болса, өлтіріңдер!» – деп бұйырады.
Әскер Ибраһимге келгенде, пайғамбар олардың суыт жүрісін сезеді. Әскерлер: «Мына әйел кімің болады?» – деп сұрағанда, Ибраһим: «Қарындасым», – деп жауап берді. Сосын Ибраһим Сарраға: «Егер сенен сұраса, менің қарындасым екеніңді айт. Аллаһпен ант етем! Бүгінде жер бетінде (ерлі-зайыптылардан) сені мен менен басқа ешқандай мүмін жоқ», – дейді (Әл-Бұхари, Буйуғ: 100). Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Ибраһимнің үш-ақ рет жалған сөйлегенін айтады, ал оның ешқайсысы өз мүддесі үшін емес-ті. Соның бірі – сол залым патшаға Сарраны «қарындасым» деп айтқаны.
Ибраһим бұл жерде «Исламдағы, діндегі, имандағы, Аллаһ жолындағы қарындасым» дегенді мақсат тұтқан. Әскер Сарраны алып кетіп, патшаның құзырына әкеледі. Арам ойын іске асырмақ болған залым Сарраға қолын соза бергенде, Сарра Аллаһқа жалынып, жалбарынып жәрдем сұрап: «Аллаһым, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына бұзықтан құтқар», – деп дұға қылады.
Бұл дұғадан біз иман белгісін, арлылық пен намысшылдықтың лебін көреміз. Бұл – Аллаһқа иман келтірген, ар-намысы мен абыройын басына көтере сақтайтын әйелдің дұғасы. Аллаһ тағала оның дұғасын қабыл алумен қатар, бұл тұста керемет бір мұғжиза көрсеткен.
Патша Сарраға қолын соза бергенде, ол Аллаһқа дұға қылады да, әлгі залымның қолы қатып-семіп, ешқандай әрекетке келмейді. Қатты қорқып, зәре-құты қалмаған патша Сарраға жалынып өзін босатуын сұрайды. Босатпайын десе, залым патша адамдарына өзін өлтіруді бұйыра ма деп қауіптеніп, Аллаһқа оны босатуын сұрап дұға қылады. Ол босайды. Патша аңтарылып: «Мүмкін, бұл шайтанның ісі шығар», – деп екінші рет Сарраға қолын созады. Сарра қайта дұға қылғанда, патшаның қолы тағы да қатып қалады. Патша Сарраға тағы да жалынып, өзін босатуын сұрайды. Сарра Аллаһқа оны босатуын сұрап тағы да дұға қылады. Ол босайды. Сөйтіп залым патша үшінші рет әрекет жасағанда, Сарра қайта дұға қылып, патшаның қолы семіп, алғашқысынан да бетер болады. Сол кезде ғана патша ынсапқа келіп, Сарраға: «Осы жолы мені босатсаң, өзіңе лайықты сый-құрмет көрсетемін», – деп қайта жалынады. Өз басына қатердің төнуінен қорыққан Сарра Аллаһ тағалаға дұға қылып, оны босатуын сұрағанда, патшаның қолы қалпына келеді. Ақымақ, залым патша Сарраға жұмсаған жасақтарын шақырып: «Сендер маған кімді кіргізгенсіңдер, бұл адам емес, шайтан ғой, оны сыртқа шығарыңдар», – деп айқайлап бұйырады. Осылай кұдіреті күшті Аллаһтың кереметімен, қорғансыз, шарасыз әйел Мысырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған патшаның жәбірінен құтылды.
Назар салыңыз, иман мен ар-ожданға қатысты жәрдем сұрағанда әйелдің дұғасы Аллаһ тағала тарабынан бірден қабылданған.
Сөйтіп, патша сөзінде тұрып, Сарраны босатып, оған орасан зор сый-құрмет көрсетіп, тарту-таралғы жасап, оған қоса «Ажар» атты тағы бір сұлу күңді қосып береді. Бұл Мысыр патшасының Сарраға жасаған сыйы болды. Тарту-таралғыларымен жанына күңді ертіп, Сарра қайтып келгенше, Ибраһим Аллаһтан әйелінің құтқарылуын сұрап, жәрдем тілеп ғибадатта отырған-ды. Аллаһтың сынағының соңы Сарраның абыроймен үйіне оралуымен бітеді.
Ибраһим бұл жерде қоныстанудан қауіптеніп, Палестинаға қайтып кетеді, сол жерде әжептеуір мал-дүниелі болады. Әйтсе де оның бір арманы балалы болу еді. Жасы болса келіп қалды, әлі күнге дейін перзентсіз жүруі көңілін жүдететін, бірақ арманының орындалатынына сенетін. Ибраһим бұл тағдырына назаланып, уәж айтпайтын. Керісінше, Раббысының көрсеткеніне шүкіршілік етіп, берген несібесіне разы болып күн кешетін.
Күйеуін сүйіп, қатты қадірлейтін, жаны ашитын, мүмін әйел – Сарра ерінің балалы болуды қалап жүргенін сезіп, оған өзінің күңін тарту етеді. Ибраһим Ажарға үйленіп, одан Исмаил деген ұл көреді.
Исмаил туғанда Ибраһим 86 жаста еді деген риуаят бар. Аллаһ тағала қалаған пендесіне, қалаған уақытта, қалаған нәрсесін береді. Аллаһтың бұл тартуына әке қатты қуанады. Исмаил шамалы өскен соң, Ибраһимге кішкентай нәрестесі мен әйелін Араб түбегіне апарып тастау туралы уахи келеді. Ол әйелі мен ұлын алып, сол жаққа жол тартады. Біраз уақыттан соң жан адам тіршілік етпейтін, таулардың арасындағы ойпаң жерге келіп жетеді. Бұл Мекке ойпаты еді. Ибраһим ұлы мен Ажарды қалдырып, өзі кері қайтуға ыңғайлана бергенде: «Сен бізді қайда қалдырып бара жатырсың? Не су жоқ, не үй жоқ. Біз құрудың сәл-ақ алдындамыз ғой!» – дейді Ажар. Ибраһим жауап қатпайды.
Кім өзінің қартайғанда Құдайдан тілеп алған жалғызын адам аяғы баспаған, қаңыраған қу шөлге тастайды?! Бұл Аллаһтың бұйрығына жан-тәнімен берілудің әрі жүректің тереңіне бойлаған иманның айғағы еді.
Не істерін білмей абдырап қалған Ажар анамыз күйеуінің артынан ілесе: «Бізді мұнда қалай тастамақсың, ең болмаса жақын бір шаһардың маңына апарсаңшы», – дейді. Ал Ибраһимде үн жоқ. Сонда Ажар ерекше бір сөз айтады. Ол: «Ей, Ибраһим! Мұны саған Аллаһ бұйырды ма?» – дегенде барып, Ибраһим: «Иә», – деп жауап қатады. Демек, бұл – уахи. Ал уахиге бойсұнбау, Аллаһтың әміріне бағынбау мүмкін емес. Ол – Ислам. Ал Ислам дегеніміз – Аллаһтың бұйрықтары мен тыйымдарына ешқандай қарсылықсыз, екіленусіз, шүбәсіз, дау-дамайсыз толық бағыну. Сол кезде ғана кемел иман көрініс табады. Бұл – нағыз мүміннің сипаты. Осы тұста бізге Ажар анамыздан Аллаһтың әміріне бойсұну керектігін көрсететін мәңгілік өшпес тәлім қалған. Ол Ибраһимнің жауабынан қорытынды алып: «Демек, Аллаһ бізді құрдымға тастамайды», – деп сабасына түседі.
Міне, Ажар анамыздың өнегесі. Егер біз Аллаһтың әмірлеріне бойсұнсақ, Аллаһтың жолымен жүрсек, Аллаһқа бағынсақ, Ол бізді құрдымға кетіп жоғалуымыздан сақтайды. Құрдымға кету – Аллаһ жолынан адасу. Бізге құрмет, абырой, өркениет, күш-құдірет тек осы тура жол арқылы ғана келеді. Егер Аллаһтың жолын ұстансаңыз, кедейлік пен жоқшылықтан, өмір ағымынан артта қалып қоюдан, қоғам тарабынан шетке қағылудан, дүние игілігінен мақрұм қалудан қорықпаңыз. Сіз Аллаһтың жолындасыз, Аллаһ сізді ешқашан жоғалтпайды.
Сонымен, Ажар анамыз қалады да, Ибраһим кері қайтады. Анасы мен баласы екеуден-екеу, елсіз, сусыз сахарада күн кешеді. Алып қалған азық-ауқаттары таусылады. Анасының сүті де тартылып, аштық пен шөл қысқан сәби жылай бастайды. Баласының шыңғырғаны жанына қатты батқан ана жүрегі қобалжиды.
Адам баласының сезімдерін саралар болсаңыз, ананың баласына деген пәк, таза махаббатына тең келер ештеңе таппайсыз. Бұл, әсіресе, қолындағы баласын жоғалтуға шақ қалып тұрған ананың жағдайында айқын көрініс табады. Осындай жағдайда иен далада, бірдеңе істеуге шарасы қалмаған ананың орнына өзімізді қойып көрейікші. Бауыр еті баласы үшін қиналып не істерін білмей дағдарған ана, әлдебір көмек, жәрдем бола ма деген үмітпен маңындағы төбелерге шығып, төңірекке көз жүгірте бастайды. Сафаға шығып, маңайды шолып қарайды. Әрине, бұл кезде Қағба салынбаған, Зәмзәм суының көзі ашылмаған еді. Енді Ажардың жанары сол маңдағы жақын төбе Маруаға түсіп, сол жаққа қарай бет алады. Төбеге шығып, жан-жаққа көз жібереді. Ажар үшінші бір төбеге шығып қарағысы келеді де, баласынан ұзап кетуге қауіптеніп қайтадан Сафа басына шығады. Одан да байыз таппай қайтадан Маруаға келеді. Абыржыған ана екі төбенің арасында ерсілі-қарсылы осылайша жүгіре береді. Ана жүрегінің қысылуынан, абыржуынан, қобалжуынан туған бұл әрекет мұсылмандар үшін оның өзінен кейін мәңгілік рәсім болып қалыптасатынын ол өзі білген жоқ-ты. Санаққа алар болсақ, Ажар анамыз Сафа мен Маруаның арасында 7 рет жүгіріп өткен екен. Осылайша Сафа мен Маруаның арасында 7 рет жүгіруді Аллаһ тағала ұлы дін негіздерінің бірі – қажылықтың үрдістерінен етіп, мәңгілік рәсімге айналдырды. Бұл үрдісті орындамай, қажылық толық саналмайды.
Біз Сафа мен Маруаның арасында жүгіргенде, мағыналық түрде не істейміз? Сол бір әйелдің әрекетін жаңғыртамыз, сол бір ана жүрегінің іс-әрекетін қайталаймыз. Бұл көріністегі тағы бір ғибрат – адам баласының қарап отырмай әрекет етуі. Ажар анамыз айла-шарасы жоқ болса да, үмітін үзбей, жәрдем боларлық әрекет жасады. Мұсылман да осылайша әрекет етуі керек, бірақ бұл әрекет Аллаһтың әміріне қарсы шығу деген сөз емес. Ажар анамыз өзін Аллаһтың құзырына тапсырып, жалаң тәуекелмен қарап отырмастан, Сафа мен Маруаның арасында ерсілі-қарсылы жүгіре, қолынан келген себепті жасап, нағыз тәуекелге сәйкес іс қылды. Ойланып қараңыздаршы, әйел әрекетін мәңгілік дін негіздерінің бірі етіп бекіткен жер бетінде қандай дін, қандай бірлестік, қандай қоғам, қандай қауым бар? Ал Ислам солай ұйғарды. Қажылықта мұсылмандар бұл аралықта сол әйел қалай жүгірсе, дәл солай жүгіреді, сол әйел қандай әрекет жасаса, дәл сондай әрекет жасайды. Дүниеде біз білетін қандай дін әйелге осындай дәрежеде құрмет көрсетті? Исламның әйелге деген құрметі бұйрықтар мен тыйымдар түрінде, сөз жүзінде ғана емес, іс-әрекет арқылы да бекітіліп, діннің бір бөлшегіне айналған.
Ажар анамыз екі төбенің арасында жанұшырып жүгіріп жүргенде, көктен Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) түсіп, Исмаилдың (аләйһис-сәләм) қасынан өзінің 600 қанатының бірімен Зәмзәм бұлағының көзін ашады. Міне, осылайша Исмаил мен Ажар анамыз аман қалады. Осы сәттердің бірінде журһум деген тайпа суы бар қоныс іздеп жүрген-ді. Бұлар йемендік таза араб тайпасы болатын. Олар Зәмзәмнің төбесінде құстар айналшықтап ұшып жүргенін көріп: «Біз бұл жерді білеміз ғой, мұнда су жоқ сияқты еді, құстар неге ұшып жүр?» – деп бір кісіні төңіректі шолуға жібереді. Ол барып иен далада шығып жатқан суды көріп келіп, тайпасына хабар береді. Олар келген кезде баласын қолына алған бір әйелдің суды қолымен көсіп, оның құмға сіңіп кетуінен қорқып абдырап: «Зәм-зәм, зәм-зәм...» (жинал-жинал, жинал-жинал...) деп отырғанын көреді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер ол (Ажар) оны (бұлақты) жайына қалдырғанда, ол (бұлақ) ағын өзен болар еді» (Әл-Бұхари, Әнбия: 9; Ахмад, Муснад: 5/121), – деген. Бірақ ана жүрегі баласын аман алып қалуға себеп болған судың құмға сіңіп кетуінен қорқып, «зәм-зәм» (жинал-жинал) деп тоқтатқан-ды. Қияметке дейін Аллаһтың керемет мұғжизасын айғақтап тұрушы бұлақ осылай «Зәмзәм» деп аталды.
Журһум тайпасының адамдары бұлақтың иесі ретінде Ажарға ілтипатпен келіп: «Сен рұқсат берсең, біз осында тұрақтап, мына судан пайдаланғанымыз үшін саған белгілі бір мөлшерде ақы төлеп тұрайық», – дейді.
Ажар бұл ұсынысты мақұл көріп, келіседі де, Зәмзәм бұлағы Ажар анамыз бен ұлы Исмаилдың күнкөріс көзіне айналады.
Бұл уақытта Ибраһим Саррамен қалған болатын. Адамның бір қызығы бала емес пе?.. Бала сүйіп, аналық сезімге бөленуді қалап, сағымға айналған арманын күте-күте көзі талған Сарра анамыздың да жасы кәрілікке таяған еді. Нақтырақ айтар болсақ, Ибраһимнің жасы жүз жиырмада, ал Сарраның жасы тоқсанға келіп қалған-ды. Бұл кез тарих беттерінде ақтаңдақ боп қалып қойған, азғындықтың шыңына шыққан Лут қауымын Аллаһ тағала жермен-жексен етуге періштелерді жіберген кезең ретінде белгілі. Бұл қауымның бұзықтығы сондайлық, олар әйел мен ер адамның арасындағы әсіл қатынасты жоққа шығарған. Яғни бүгінгі таңда қоғамымызда белең алып бара жатқан нағыз індет, адамзат қауымындағы шектен шыққан азғындық – «гомосексуализм» (еркекаралық төсек қатынасы) деген масқара алғаш рет Лут (аләйһис-сәләм) қауымында бас көтерген болатын. Аллаһ тағала мұндай істерден қайтару үшін оларға пайғамбар жіберсе де, алған беттерінен қайтпағаннан кейін, олар тұқымымен құрып кету апатына ұшыраған-ды.
Бұл қауым орын тепкен жер Ибраһим қоныстанған мекенге жақын орналасқан Садум қаласы еді. Аллаһтың әмірімен сол қаланы қирату үшін келген періштелер әуелі Ибраһимнің үйіне түседі.
«(Мұхаммед!) Саған Ибраһимнің құрметті қонақтарының әңгімесі жетті. Олар (Ибраһимге): «Сәлем», – деп кірді. (Ибраһим де): «Сәлем, бөгде қауым!» – деді» («Зәрият» сүресі, 24-25 аяттар).
Ибраһимнің ерекшеліктерінің бірі – ол кеңпейілділігі, қонақжайлылығымен адамдар арасында Әбу Дифан (қонақтардың атасы) деген лақап атқа ие болған. Ибраһим қонақтарды қабылдағанда, оларға арнайы оқшау үй тігіп, ерекше дастарқан жаятын. Әлбетте, бұдан пайғамбарлардың қонақжайлылық үлгісі көрінеді.
Періштелер пайғамбардың үйіне түспес бұрын Ибраһим байыз таппай қонақ іздеуде еді, өйткені оның үйіне қонақ келмегеніне жарты айдың жүзі болып қалған. Адам бейнесінде келген періштелерді ажырата алмаған Ибраһим оларды қонақүйге түсіріп, қарсы алып, дастарқанға қақталған семіз бұзау етін тартады. Үй иесі қонақтардың дәмге қол созбағанынан сескеніп қалады. Қонақтар өздерінің періштелер екенін, Луттың қауымын жою үшін жіберілгендіктерін жеткізгенде, ас әзірлеуге жәрдемдесіп жүрген Сарра анамыз бұл хабарды естіп, Аллаһтың бұзық қауымға жаза жолдағанына қатты қуанады.
Періштелер бұған қоса Сарра анамызға үш сүйінші хабар жеткізеді. Оның алғашқысы – Ибраһим мен Сарраның Исхақ деген ұл сүйетіндігі, екіншісі – Яғқуб атты немере көретіндігі, кейінгісі Сарра анамыздың ұзақ жасайтындығы жайлы еді.
«Біз оны Исхақпен және Исхақтың соңынан Яғқубпен сүйіншіледік» (Һуд сүресі, 71-аят).
Бұл сүйінші хабарды естіген Сарра анамыз таңданысын жасыра алмай:
«Сорым құрысын! Мен кемпір, ал мына ерім шал бола тұрып (бала) туамын ба? Шын мәнінде, бұл – таңғаларлық нәрсе», – дегенде, Аллаһтан үмітін үзгендердің бәріне ғибрат болар: «Сен Аллаһтың ісіне таңғаласың ба? Сендерге Аллаһтың мейірімі және берекесі болсын, ей, (Ибраһим) үйінің тұрғындары. Әлбетте, Ол (Аллаһ) Мақтаулы, Даңқты» (Һуд сүресі, 72-73 аяттар), – деген уахи келді.
Расында да, пенденің тоқсанға келіп ұл көріп, немере құшуы – ерекше жайт. Десе де, ғайыптың ісін ешкім болжай алмайды.
Сарра мен Ажар аналарымыздың бұл оқиғасы өмірімізде өнеге тұтарлық, келешек ұрпақтарымызға үлгі етерлік, даналық пен ғажайыпқа толы мысал болмақ.
Ибраһим пайғамбардың
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
келіні
«Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер!»
Ибраһимнің ұлы Исмаил (ол екеуіне сәлем болсын) журһум тайпасының арасында өсіп, кәмелетке толады. Ибраһим жылына бірнеше рет оны көруге келіп-кететін. Бірде Ажар дүние салғаннан кейін, Ибраһим ұлын көруге келеді. Бұл кезде Исмаил журһумдіктердің бір қызына үйленген-ді. Үйіне келсе, Исмаил жоқ екен. Әйелінен жағдайларын сұрайды. Келіні оған:
«Таршылықта, қиындықта өмір сүріп жатырмыз», – деп шағымданады. Ибраһим оған: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем айт, есігінің табалдырығын ауыстырсын», – дейді. Үйіне келген Исмаил бірдеңені сезіп: «Сендерге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. Мен таршылықта, қиындықта күн кешіп жатқанымызды жеткіздім», – деп Ибраһимді сипаттап береді. «Саған бір өсиет айтты ма?» – дейді Исмаил. Әйелі: «Иә, саған сәлем жолдауымды және есігіңнің табалдырығын ауыстыруды тапсырды», – дейді. Сонда Исмаил әйеліне: «Ол – менің әкем. Маған сенімен ажырасуды бұйырыпты. Сен төркініңе қайт», – дейді. Сөйтіп, онымен ажырасып, басқа әйелге үйленді. Сосын Ибраһим бірде тағы да келіп, Исмаилды үйінен таппайды. Әйелінен жағдайларын, күнкөрістерін сұрайды. Келіні жағдайларының жақсы екенін айтып, Аллаһты мадақтайды. «Тағамдарың не?» – деп сұрайды Ибраһим. Келіні: «Ет», – дейді. «Сусындарың не?» – деп сұрайды. «Су», – дейді келіні. Ибраһим: «Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер!» – деп дұға қылады.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сол күндері оларда дәнді дақыл жоқ болатын. Егер оларда дәнді дақыл болғанда, сол үшін оларға дұға қылар еді. Меккенің көзінде ешкім ол екеуінсіз (ет пен сусыз) қалмайды» (Әл-Бұхари, Әнбия: 9), – деген.
Сосын Ибраһим келініне: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолда және есігінің табалдырығын бекітуді тапсыр», – дейді. Исмаил келіп: «Сендерге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. «Жағдайымыз жақсы» деп айттым», – дейді. «Саған бір өсиет айтты ма?» – дейді Исмаил. Әйелі: «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді бұйырды», – дейді. Исмаил оған: «Ол – менің әкем. Сені өзімде ұстауымды бұйырыпты», – дейді.
Осылай қанағатшыл келін пайғамбардың дұғасын алады және ол дұғаның берекетін Мекке тұрғындары әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Біз Аллаһтың ажыратқан ризығына қанағат танытпай, әркімге бір жағдайын айтып шағымданатын әйелдерге осы Ибраһимнің келінін өнеге етеміз. Ибраһим пайғамбар ұлына ондай әйелден айырылмауды тапсырған еді. «Жоқ деген жоғалар, бар деген оңалар» дейді қазақ. Қашанда жоқты білдірмей, барды ұқсата білген әйел отбасының берекесі болмақ.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».
Достарыңызбен бөлісу: |