Қысқарған сөздерге қосымшалардың дұрыс жалғанбауы.
Қысқарған сөздерге қосымша жалғау тәртібі де сақтала бермейді. «Әріптерден қысқарған сөздерге қазақ тілінің қосымшалары соңғы әріптің немесе соңғы цифрдің айтылу әуеніне қарай, ал олардың ішінде дауысты дыбыс болса, сол дыбыстың айтылу әуеніне қарай жуан не жіңішке жалғанады да, дефис арқылы жазылады»деген ереженің ескеріле бермейтінін өте жиі ұшыратып жатамыз. Қысқарған сөздерге қосымша жалғаудағы қателіктер азаяр емес. Мысалы, ҚазҰАУ-де ректор Лоо Цжи Цзянг болып қайтты. ( «Егемен Қазақстан 9 мамыр, 2014жыл №54-55), КМЖЗҰИ-дің бағалауынша, мұндай көрсоқыр шаралар шағын бизнес нысандарының қатарын кем дегенде 20-25пайызға кемітіп, көптеген жұмыс орындарының қысқаруына алып келуі мүмкін. («Ана тілі»5 наурыз, 2009 жыл, №9) ҚызПУ-ге бәсеке оқу орны ашылмақ. («Айқын» 6 қараша 2008 ж, №209).
Осы байқауда ҚазМҚПУ-дің №2 жатақханасындағы 10-ші бөлме «Ең үздік бөлме» атағын жеңіп алды. («Егемен Қазақстан» 29 қыркүйек, 2009 ж, №315-318) Осы сөйлемдердегі барыс септігінің жалғаулары ҚазҰАУ-да, КМЖЗҰИ-дың , КызПУ-ға түрінде жуан жалғану керек еді. Қысқарған сөздерге қосымшаны қалауымызша жалғауға жол беріп жатсақ, онысыз жазу мәдениетімізге асқан ықтияттылықпен қарап отырмыз дегенді білдірмесе керек.
«Астана ықшамы» газетінің 2010 жылғы 10 қарашадағы санында ХШТС – үздіктердің қатарында» деген тақырыппен шағын мақала жарияланды. Осындағы ХШТС-тің толық атауы – Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені. Осындағы «кешен» сөзі қысқарған сөз құрамынан көрініс таппаған.
Қысқарту барысында күрделі сөздің құрамындағы толық мағыналы бір сөзді тастап кету әдетте оның мағынасының дұрыс ұғынылмауына апарып соғады. Күрделі сөз құрамындағы дербес лексикалық мағынаны білдіріп тұр-ған сөздер мен көмекші сөздерді, оның қысқарған нұсқасының құрамына ен-гізбеудің мәні бірдей емес. Сондықтан қысқарту тәжірибесінде «және» жал-
Ғаулығы мен «бойынша» септеулік шылауларын бірде қысқарым құрамына енгізіп, бірде қалдырып кету де көрініс беріп жатады. Мәселен, ҚР ҚР БҒМ//БжҒМ, ҚР ЭБЖМ//ҚР ЭжБЖМ, ҚазХҚӘТУ//ҚазХҚжӘТУ т.б.
Бұл нұсқалардың көбінесе біріншісі, яғни жалғаулық шылаусыз нұсқасы қолданылып жатады. Жалпы мұндай құрамында жалғаулық демеулік, септеулік шылаулар болатын күрделі атауларды қысқартудың да тиісті ережесін мақұлдап, оны басшылыққа алып отырған жөн.
Кейде қысқартылған атаулардың толық түрі дұрыс таратылып берілмей жататын жағдайлар да ұшырасады. Мысалы, «Үш күнде 61 техникалық жөндеу орны тексерілді. (мақала тақырыбы). Әлбетте, бақыланар нысан-дардың топ басында шаһардағы техникалық қызмет көрсету органдары (ТЖО) тұр». («Алматы ықшамы» 4 наурыз 2010 жыл №27). Қатар тұрған екі сөйлемде бір күрделі атау екі түрлі беріліп, соңғысында оның қысқартылған атауы толық нұсқасымен сейкеспей тұр.
«М.Паханов ОКС сайлауға дайындық кезінде және оны өткізуде жариялылық қағидаттарын сақтауға үлкен маңыз беретінін айтты» («Егемен Қазақстан» 6 қазан 2010 ж №410-413) деген сөйлемде ОСК (Орталық сайлау комиссиясы) түрінд қысқартылып қолданып жүрген атау ОКС түрінде қате қолданылған.( «Айқан» 24 ақпан 2010 жыл, №32)газетінен алынған «Мемлекет басшылары арасындағы өзара сенім бізді БҰҰ және ШҰҚ ұйымдары аясында да мүдделес болуға жетелейді» деген сөйлемдегі «ШҰҚ» қысқарымы түсініксіз. Оқырман «ШЫҰ (шанхай ынтақтастық ұйымы) немесе (экономикалық ынтымақтастық ұйымы) болар деп, шамалауы мүмкін.
Сөзқолданыс мәселесінде мұндай «ұсақ-түйек» кемшіліктерге де орын берілмеуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |