Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану. Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды:
а)тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы);
ә)этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
б)коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Сөйлеу мәдениеті орфоэпиялық нормаға негізделеді. Орфоэпиялық норма – сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады.Сөз мәдениетін қалыптастыруға қажетті лингвистикалық орталықтар қатарына лингвистикалық болжау орталығы жатады. Лингвистикалық алдын ала болжау орталығы дәстүрлі тіл жүйесінің сапалық және сандық бағыттарын кешенді түрде зерттеу міндеттерін, сөз, сөйлеу қызметінің дәстүрін қалыптастыру мәселесін қарастырады. Сөз мәдениетіне қатысты лингвистикалық экология тіл және сөз мәдениетінің экологиясы деп аталады. Сөз мәдениетінің экологиясына тілдік ситуация, тілдік сана, тілдік орта, тілдік ортаның тазалығы, сөз қызметіндегі стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасы мәселелері, сөз мәдениеті және мониторинг, т.б. мәселелер жатады.Тіл мәдениетіне тілдің құрылымдық жүйесіндегі орфоэпикалық, пунктуациялық, лексикалық-грамматикалық, синтаксистік нормалар қамтылып, олардың коммуникативтік эстетикалық қызметі толық айқындалған жағдайда стилистикалық норма жүзеге асады.
Тіл мәдениеті тіл білімінің көп аспектілі саласы. Себебі тіл мәдениеті тек бір пән аумағында ғана емес, бірнеше ғылым саласымен тікелей сабақтасып жатады. Яғни тіл мәдениетін тек лингвистиканың шегінде ғана емес, өзге де ғылым салалары тұрғысынан қараймыз. Тілдің өзге ғылым салаларымен байланысы негізінде жаңа бағыттар пайда болады. Айталық, психологиямен байланысы негізінде психолингвистика, тілді тікелей адаммен байланыстырып зерттеу арқылы антропоөзектік бағыт, салыстырмалы салғастырмалы әдіс арқылы тіл білімі де өз ішінде бірнеше жаңа тарауға бөлініп, жаңа арнада зерттеле бастады. Мысалы, салыстырмалы-салғастырмалы фонетика, салыстырмалы-салғастырмалы лексикология, салыстырмалы-салғастырмалы грамматика, салыстырмалы-салғастырмалы фразеология.
Тіл мәдениеті тіл білімінң салаларымен ғана емес, тілден алыс шет ғылым салаларымен осындай байланысқа түседі.
Психолингвистика. Социолингвистика. Мəтін лингвистикасы мəселелері. Г.Т.Əбікенова
Б.Сағындықұлы, жанпейісова
Достарыңызбен бөлісу: |