Ііі халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары


Ғылыми жетекшінің аты-жөні



Pdf көрінісі
бет119/330
Дата07.02.2022
өлшемі7,21 Mb.
#84247
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   330
Байланысты:
3 том (1)

 
Ғылыми жетекшінің аты-жөні:
п.ғ.к. Кульбаева Б.С. 
АБАЙДЫҢ ІНІСІ, АЛАШТЫҢ ІРІСІ
 
Жарылғасын Ә. Қ. 
Ақтөбе гуманитарлық колледжі 
Аннотация:
Бүкіл ғұмырын Абай әлемі мен Абай айналасына бағыштаған алтын көпір асыл 
ағамыз, алыптар шоғырының көзі тірі куәсі де, кемеңгері Қайым Мұхамедхановтың
қаламгерлік тебіреністері арнайы зерттелген емес. Ақын ағамыз Несіпбек Айтов айтқандай әрі 
тарих, әрі музей, әрі шежіре қордалы ойдың ордасы болып табылатын Қайым 
Мұхамедхановтың шығармашылық мұрасын арнайы жоба тақырыбымыздың өзектілігі болып 
табылады. 
Қазақ әдебиетінің тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлғалардың бірі Қайым 
Мұхамедханов – зерттеуші, ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург, аудармашы болған. Ол 
1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келді. Әкесінің азан шақырып қойған аты 
Ғабдұлқайым. Әкесі Мұхамедхан өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірі 
болды. 
1924 -1928 жылдары Семей қаласындағы бастауыш мектебінде оқып бітірген соң, 1929 
– 1932 жылдары Семейдегі колхоз мектебінде оқиды. 1935 – 1937 жылдары Семейдегі қазақ 
тілі мен әдебиеті пәні бойынша мұғалімдер даярлайтын курста оқи жүріп, Семей облыстық 


129 
оқу бөлімі ұйымдастырған мұғалімдер курсына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1939 
жылы Абайдың шығармашылығын зерттеумен айналысып, Ақылбай мен Мағауия Абай 
ұлдары, Көкбай, Әсет, Әріп жайлы мақалалар жариялап, 1940 жылы КСРО Жазушылар 
Одағына мүшелікке қабылданады. Қ.Мұхамедханов 1941 жылы Семей педагогикалық 
институтын бітірісімен сол институтта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұлы Отан 
соғысынан оралған соң 1942 – 1947 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей облысы 
бойынша өкілі, 1947 – 1951 жылдары Абай музейінің директоры, 1955 жылдан Семей 
пединститутының доценті болып қызмет етеді. 1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» деген 
тақырыпта диссертация қорғайды. 1951 – 1954 жылдары жазықсыз жазаға ұшырап, Абайдың 
ақындық мектебіне «Ұлтшыл ақындарды» енгізгені үшін 25 жылға бас бостандығынан 
айрылып, артынан төрт жылдан кейін ақталып шығады. Тағдыр талқысына түскен 
Қ.Мұхамедхановтың бұдан кейінгі тағдыры да тақтақ жолға түсті деуге болмайды. «Халық 
жауынан» сескеніп қалған ел - жұрт, партия - әкімшілік орындары Қайымды бауырына баса 
қоймады. Қаншама рухы күшті болғанымен де, сергелдеңмен өткен он жыл өзінің 
салқындығын тигізбей қоймады. Әркім Қайымның әрбір пікірінен кілтипат іздеп, әр 
мақаласына қарауыл қойды. Қайым осылайша өмір сүріп жатып, 1955 - 1959 жылдар арасында 
Абайтану бойынша он бір ғылыми мақала жариялады. Осы жылдардан бастап 1990 жылға 
дейін Семейдегі пединституттың оқытушысы, доценті, профессоры қызметтерін атқарды. 
Оның ішінде 1958 жылы «Абай поэзиясының текстологиясы» деген тақырыпта екінші рет
диссертация қорғады. Әдебиетіміз бен тарихымыздың көкейкесті мәселелерін қозғай отырып, 
1959 жылы «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы» атты 
монографиялық еңбектері жеке кітап болып басылып шықты. 1960 жылы «Комиссар 
Ғаббасов» драмасын жазып, 1967 жылы татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленді» 
пьесасын тәржімалады. 1974 жылы «Ер Білісай» атты пьесасын жазды. Ол осы аралықта қазақ 
әдебиетіне мол үлес қосты және бұнымен тоқтап қалған жоқ. 1991 - 1995 жылдары Қазақстан 
Республикасы Ұлттық ғылым академиясындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер 
институтының Абайтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болып қызмет етті. 1993 - 
1997 жылдары «Абайдың ақын шәкірттері» деген төрт кітаптан тұратын жинақ 
құрастырылып, баспа бетінен жарық көрді. Қ.Мұхамедханов 1995 жылы Абайдың екі томдық 
академиялық шығармалар жинағының жаңа басылымын шығаруға өзіндік көмек берді. Өзі 
осы жылы «Абай мұрагерлері» атты зерттеулер жинағын жарыққа шығарды. 1996 жылы 
әдебиет ғылымына ат ізін салып түбегейлі зерттегені үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 
Әдебиетке соның ішінде Абайтану ғылымына мол үлес қоса жүріп, 2004 жылдың маусым 
айының отызыншы жұлдызында дүниеден озды.[1.5] 
Адамның бойындағы қасиеттерге берілген ғұламалардың анықтамалары көп. Соның 
ішінде «талант дегеніміз мінез» деген қисын ғұлама ғалым Қ.Мұхамедхановтың жеке басына 
да, оның өмірлік жолына да, ғылыми шығармашылық еңбектеріне де қаратыла айтылған 
сияқты. 
Әрбір талант мінезді болатыны хақ. Шындығында мінезсіз талант – қанатсыз қыран, 
жер бауырлап көтеріле алмайды. Енді осы жан дүниесі талантқа бай Қайымның болмысына, 
тәрбие – тәліміне, мінезіне шолу жасайық. 
Қайым Мұхамедханов шындық үшін басын бәйгеге де тікті. Түрменің торлы терезесі 
де, ыстық - суық карцердің қинап - қыстаулары да, достарының сатқындығы да, жабылған 
жалған жала да, көрген бейнеті мен зейнеті де, оның бойындағы бұл қасиеті қайсарлығына 
сызат түсірген жоқ. Ол Абай айтқандай әуелі «өзіне сенді», өйткені қандай тауқыметтен де 
«еңбегі мен қайратының екі жақтап» демеп шығатынын білді. 
Алған бетінен қайтпайтын, жақынының өзін жалғандығы үшін жек көретін, ұнаса 
қырындысыз құлай ұнататын жан болған. Қаншама жылы қабақ танытып, бауырына тартып, 
кейде еркелеткенімен де Қайым ғұламаның жанында жүргендердің өздері сескеніп тұратын 
болыпты. Ол сырты жуасыған болса да іші ашуға толы, атылуға кез - келген сәтте дайын 
тұрған арыстан сияқты еді. Өзінен басқа кез - келген адамды мақтай берсе де үндемейтін, 
сынаса да үндемейтін, ал өзін қоса сынап өмірге бейімсіздігін айтқан адамға күліп отыра 


130 
беретін кездері де болған. Ал Абай мен Әуезов туралы сөз қозғап, сәл ғана жалған сөйлеген 
адам болса, оның Қайым алдында шаруасы бітетін болған. Ондай кезде Қайым арыстан. 
Өйткені өмір сүру мен ғылыми пікір тұжырымдауды тек сол екеуінің ілімі мен тәлімінен 
үйренді. 
Шындықты бетіне тура айту үшін Қайым Мұхамеданов кісі таңдамады. Үлкен бе, кіші 
ме, шәкірті ме, тіпті дана Мұхтар ма Қайым олардан сескенбеді. Үндемей, қабағын түйіп 
отыра беретін, не шығып кететін мінезі тек жетпіс бес жастан асқан соң ғана қылаң берді. 
Қайымды «Халық жауы» етіп көрсеткендердің бірі бар болса, бірі жоқ болды. Ғалым 
бірақ оларға өкпе артпады. Бірақ та сол кезде Абай мен Әуезовке жала жапқандарды кешпеді. 
Өзінің жеке басына қиянат жасағандарға түсіністікпен қарап: «Оларда не жазық бар? 
Қысымға шыдамады. Бала - шағасы бар, тіршілікті қимады. Алатын атағы бар. Ал, Әуезовті 
аранға жығу деген сөз - қазақ ұлтын арандату деген сөз. Менің өз басым, әйтеуір Әуезов 
еркіндікте аман - есен жүрсе, түбі бәріміздің бостандыққа шығатынымызға кәміл сендім. 
Сондықтан екіжүзділерді жек көрдім. Әуелі Мұхаңды мұқатамын дегендердің өзі ұшып кетті 
ғой. Адалдығың, арыңның тазалығы – адамдығыңның белгісі. Қазір соларды көрсем, мен күліп 
қараймын, ал олар қипыжықтап, бет - аузы тыржиып қашқақтай береді»... деген бір 
деректерінде оқымысты Қайым ұстаз. 
Қайым Мұхамедановтың әдебиетші - ғалым ретіндегі ерекше қасиетін айтатын болсақ, 
ол өзінің азаматтық көзқарасының тереңдігінен, адамдықпен астасып жатқан парасатты да 
және болаттан да төзімді қайсарлығынан Қайым қашан да ғылымның мұратын өз мүддесімен 
араластырып көрген жоқ. 
Турашыл да кішіпейіл, сырлы да сырбаз Қайым өзінің ғылыми пікірлерін айтуға, 
дәлелдеуге, жариялауға, қорғауға келгенде қатал - ақ еді. Ондай сәттерде ол өзін де, өзгені де 
өксітпеді. 
Сексен сегіз жыл жасаған ғұмырының ішінде жалпы өмірден пендешілікпен 
көмкерілген кейбір сәттерінде өкініш - өкпесі бар - ау дегенмен де, ғалым Қайым 
Мұхамеданов өзінің ой - санасын екшеген ғылыми ортаға, оған мүмкіндік жасаған тағдырына 
разы боп өтті. Міне, мұны Қайымның творчестволық мінезі деп те қарауға болады.[2.3] 
Қайым Мұхамедановтың ғылымға ат ізін салған елу жылдың көлеміндегі тереңдете 
зерттеген ең арналы өмірлік мақсаты мен мұраты - Абай поэзиясының қатпарлы құбылыстары 
секілді. Ол ұлы ақынның творчествосының барлық саласына ат салысып, тың тұжырымдар 
ұсынып келді. Атап айтсақ, ол – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылуы, 
басылуы тарихын зерттеген историограф, үш - төрт басылымына түсініктеме жазған 
библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның 
ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек бітірген теоретик, сол замандағы қоғамдық 
қарым - қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы жыр
- өлеңдерді, әңгіме - аңыздарды қағазға түсірген фольклорист болып табылады.[2.5] 
Қайым ұстазы Мұхтар Әуезовтың өсиетіне адал бола отырып «Абайдың ақындық 
мектебі» деген аты шулы тақырыпты түбегейлі зерттеп, ақыры дәлелдеп шықты. Демек, 
Қайым Абайтанудағы жаңа бағыттың, ғылыми тұрғының негізін қалады. Қазақ елі 
Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқаннан кейін ғана тынысы ашылып, өрісі кеңейген Қайым 
Мұхамедханов Әуезовтың орындалмай кеткен арманын, мақсатын жүзеге асырды. 
Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттелу мәселесі – Қайымның қазақ 
әдебиеті тарихындағы екінші үлкен еңбегі болды. Бұл Қайым негізін салған, бұрын қазақ сыни 
көзқарастарында назарға ілінбеген ғылыми сала еді. Әрине бұл еңбекке М.Әуезовтың ақылы, 
дегдарлық шапағаты көмек болды. Қайымның Абай өлеңдері жөніндегі пікірлері мен 
көкейтесті мәселелері әлі де күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Қайым негізін қалап, Әбіш, 
Жиренше үн қосып, З.Ахметов пен С.Қирабаев, М.Мырзахметов сияқты ғалымдар із 
салғанымен де, Абайдың сөзі түзеліп біткен жоқ. Түзеу үшін емес, түзу сөзді орнына қою үшін 
жүргізілетін жұмыстардың басы қайырылып бітті деуге әлі де ерте. Дегенмен, 
Қ.Мұхамедханов Абай шығармаларын түбегейлі зерттеп, соңғы шығармаларының толық 


131 
басылымына қатысты. Бірақ сол тұста көзі ауырып, қағаз оқу қиындап кеткендіктен әдебиет 
мәселесіне белсеніп кірісуге мүмкіндігі болмады. 
Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі өте салмақты. Соның ішінде жыраулар 
жөніндегі өмірбаяндық зерттеулері мен текстологиялық салыстырмалары бұл саладағы 
көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер қалдырды. Әсіресе, Бұқар жырау,
Махамбет туралы еңбектері ғылыми дәлелімен құнды. Бір өкініштісі ғалымның бұл саладағы 
мақалаларының басы қосылып, дербес жинақ ретінде басылмады.[2.7] 
Қ.Мұхамедановтың төртінші бір түбегейлі зерттеген тақырыбы – XIX ғасырдың аяғы 
мен XX ғасырдың басында өмір сүрген жазба ақындардың өмір тарихы мен шығармашылығы 
болды. Кезінде «кітаби ақындар» деп шетке қақпайланған осынау талант иелерінің мұраларын 
зерттеді. 
Қайым Мұхамедханов Мұхтар Әуезов дүниеден өткеннен кейін Алматыда айлап 
жүрмеді. Бірақ осы уақытта ұстаздық ете жүріп, ғылыми ізденістерін тереңдеткен. Соның 
нәтижесінде, жоғарыдай менменсіп, менсінбей сөйлейтін, ғылыммен емес, ғылымның 
төңірегіндегі дау - дамаймен, даңғазамен аты шыққандардың өзі ғалымсымаққа айналып, 
есімдері ұмытылып тынды да, Қайымның жұлдызы жана берді. Әдебиеттану мен Абайтану 
ғылымында өзіндік дербес пікір, тұжырымы бар қазақтың оқымыстысы дәрежесіне 
көтерілді.[1.10]
Енді ұлты үшін құрбан болған, «қабырғасын сөксе де қабағын шытпаған», сағы 
сынбаған алмаш қылыш Қайым Мұхамедханұлының шығармашылығына тоқталайық. 
Ақынның әдеби мұралары жинақталып, бас - аяғы бүтінделіп, бір арнаға түсірілген жоқ. 
«Қазақ мәдениетінің қызғыш құсы» атанған ғалымның ең бірінші латын әліпбиімен, кейіннен, 
1940 жылы кириллицамен жазған өлеңдерінің кейбіреуі сақталған. 1937 жылы Семейдің 
«Екпінді» газетінде ақынның – «Шаттық» атты алғашқы туындысы жарық көрді. Қазірде 
Қайым Мұхамедханұлының кең көлемді екі поэмасы белгілі: Бірі - «Жамбыл» атты толғауы, 
екіншісі – «Орындалған өсиет» атты поэмасы. «Жамбыл» атты толғауы 1938 жылы «Екпінді» 
газетінің мамыр айындағы санында жарыққа шықты, ал Абайға арналған «Орындалған өсиет» 
атты поэмасы баспа жүзінде жарық көрмеген.
1938 жылы жыр алыбы Жамбылдың әдеби қызметінің 75 жылдығына орай 
ұйымдастырылған ақындар сайысында Қ. Мұхамедхановтың «Жамбыл» атты поэмасы бас 
жүлдені жеңіп алды. Одақ көлемінде аталып өткен бұл дүбірлі шараға қатысқанда 
Қ.Мұхамедханов студент еді. Бұл толғауға жыр алыбының аумалы - төкпелі кезеңдегі қиын 
тағдырын өз жырына арқау етті. Осы байқауда Қ.Мұхамедханұлы жыр алыбы Жамбыл 
Жабаевтың батасын алады. 
Қайым Мұхамедханов сан қырлы талант иесі, ол тек ғылыми ізденістерімен ғана 
шектелмей, өлең де, пьеса да, киносценарийлерді де жазды. Жазушының драмалық 
шығармалары бір төбе. Драматургтың «Перне» /1944/, «Майданнан - майданға» /1947/, 
«Комиссар Ғаббасов» /1960/, «Ер Білісай» /1974/ атты туындылары – қоршаған ортадағы түрлі 
тартыстарды көрермен назарына қалтықсыз жеткізген сүбелі дүниелер. 
Ақын, 
драматург, 
аудармашы 
Қ.Мұхамедханұлы 
сондай-ақ, 
1968 
жылы
С.Анисимовпен «Жас шағымның қаласы» деген киносценарий жазды. 1989 жылы Ш.Айманов 
атындағы «Қазақфильм» киностудиясынан шыққан «Шәкәрім» атты деректі фильмге 
Қ.Мұхамедханұлы М. Смағұловпен бірігіп сценарийін жазған болатын.[3.71] 
Қорытындылай келе, алаш рухында тәрбиеленген қайраткер ғалымның кейінгі ұрпаққа 
қалдырып кеткен мол мұрасын зерделеп, ел кәдесіне жарату - бүгінігі ұрпақ парызы. Осы 
тұста, ғалымның мына бір сөзі «Меніңше, нағыз бақыт – еркін, азат болу, ақиқатты айту, 
ештеңеден, ешкімнен қорықпау. Тек осындай өмір сүру керек! Адам – осындай болғанда ғана 
адам!», - деген сөзі баршамызға үлгі болғай. Сондықтанда, құрметті жастар, әрқашанда 
Қайым Мұхамедханов атамыз секілді рухты, турашыл әділ болайық, сонда ғана биік 
мақсаттарға қол жеткіземіз! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   115   116   117   118   119   120   121   122   ...   330




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет