Топырақтың ылғалдылық қасиеттері. Өнімділікті жоғарылатуда топырақтағы ылғалдың алатын орны ерекше. Негізгі ылғал көзі-жауын-шашын, олар топырақ бетіне сұйық және қатты түрде түседі. Топырақ құрылымды болса, онда қарашірік мол болады, ылғал көп жиналады. Екінші су көзіне атмосфера қабатында түзілетін бу тәріздес ылғал жатады. Бұл ылғал көзінің құрғақ континентальды аудандарда маңызы зор. Үшінші су көзі-ыза сулары, егер олар топырақ бетінен 3 м-ге дейін тереңдікте жатса.
Топырақ ылғалдылығы дегеніміз-топырақтың құрғақ массасына пайызбен көрсетілген су мөлшері. Топырақтағы ылғал әр түрлі жағдайда болады, сондықтан олар өсімдіктің қоректенуіне әр түрлі әсер етеді. Топырақтағы судың төмендегідей басты түрлері бар. Гранитациялық су-топырақтың ірі қуыстылықтарымен (капиллярлық емес) өз салмағымен жоғарыдан төмен қарай жүреді. Бұл-өсімдік ең жеңіл қабылдайтын су, егер ол топырақтың барлық қуысын толтырса, онда ылғал шамадан тыс болып кетеді. Құмды топырақта гранитациялық су тез төмен кетіп қалады. Капиллярлық су-топырақ капиллярына орналасады. Ол капилляр арқылы төменгі ылғалды қабаттан беткі құрғақ қабатқа қарай жылжиды. Капиллярлық суды өсімдік оңай пайдалана алады.
Гигроскопиялық су топыраққа сіңірілген жағдайда молекулалар түрінде болады. Ол топырақ бөлшектерінің үстінде берік ұсталады, бірақ өсімдікке пайдасыз, себебі, олар топырақ бөлшектері арасында тек қана бу түрінде қозғалады (диффузиялық жолмен). Топырақтың осы суды ұстау қасиетін оның гигроскопиялығы деп атайды. Қабықшақты су-топырақ бөлшектерін жұқа қабықша мен гигроскопиялық су жауып тұрады. Бұл суды өсімдік пайдалана алмайды.
Бу тәрізді су-топырақ арасында бу түрінде болады. Ол төменгі температурада шық түрінде тамшылы суға айналады. Оны өсімдіктің пайдалануы мүмкін. Бірақ бұл түрдегі судың өсімдіктерге маңызы шамалы. Топырақтың ылғалдылық қасиеттеріне оның су өткізгіштігі, ылғал көтергіштігі, ылғал сыйымдылығы, ылғал жоғалтқыштығы жатады.
Су өткізгіштік – топырақтың өз бойынан жоғарыдан төмен қарай су өткізу, сіңіру қабілеті. Ол топырақтың гранулометриялық құрамына, құрылымына, құрылысына, минерологиялық, катиондық құрамына байланысты. Борпылдақ, құмды және құмдауыт топырақтардың су өткізгіштігі жоғары болады. Бұл қасиеттің дұрыс және бұрыс жақтары да бар. Егер топырақтың су өткізгіштік қасиеті төмен болса, онда ылғал оның жоғарғы бетінде жиналып қалады да, микроағзалар тіршілігін баяулатуға, органикалық қалдықтардың шіруіне және тағы басқа жағымсыз жағдайларға әкеп соғады. Ал топырақтың су өткізгіштігі шамадан тыс жоғары болса, қолдан берілген сулар, жауын-шашын сулары тамыр жүйесінен ары қарай тез өтіп кетеді де, суды өсімдік сіңіріп үлгермейді. Топырақтың гранулометриялық құрамы ауыр типтерінде оның су өткізгіштігін арттыратын негізгі әдіс-топырақты қопсыту, оның құрылымын, құрылысын жақсарту болып табылады.
Ылғал сыйымдылық-топырақтың белгілі бір мөлшерде суды сіңіріп, өз бойында ұстап тұру қабілетті. Ылғал мөлшері бойынша оны танаптық , капиллярлық және толық ылғал сыйымдылық деп бөледі. Топырақтың гранулометриялық құрамына, құрылымына, құрылысына және тағы басқа жағдайларға байланысты оның ылғал сыйымдылығы әр түрлі болады. Мысалы, ол құмды топырақта 4-9%, құмдауыт топырақта 10-17% саздақ жерде 18-30%,ауыр топырақта 23-40% болады.
Топырақтың капиллярлық қуыстарында ұсталған ылғал мөлшерін капиллярлық ылғал сыйымдылық деп атайды. Топырақтың барлық қуыстарының сумен толған кездегі ылғал мөлшері толық ылғал сыйымдылығы болып табылады. Мұндай жағдай қар еріген кезде, қатты жаңбырдан және егістікті суарғаннан кейін байқалады. Толық ылғал сыйымдылық кезінде топырақтағы ауа атмосфераға ығыстырылып шығарылады, сондықтан оттегі азаяды да, топырақтың құнарлылығы кемиді және өсімдік өнімі төмендейді. Толық ылғал сыйымдылық топырақтың қуыстылығына байланысты.
Ылғал көтергіштік- топырақтың менискілік күштің әсерінен өзінің капилляр түтіктері арқылы ылғалды төменгі қабаттан жоғарғы қабатқа көтеру қабілеті. Ол капилляр түтігінің диаметріне, құрылысына, құрылымына байланысты. Капиллярдың диаметрі аз болған сайын, топырақтың бұл қасиеті күштірек (жоғары) болады. Ауыр құрылымсыз топыраққа қарағанда, жеңіл құрылымды топырақтың ылғал көтеру қабілеті аз болады.