Инклюзивті білім беру дегеніміз не калай түсінемін
Біз біртұтас қоғамда өмір сүреміз. Айналамызда миллиондаған адамдар бар. Күн сайын бейтаныс бейнелерді, адамдарды көреміз. Қаптаған адамдар арасынан бірінің бейнесін еске сақтаймыз, бірінікін жоқ. Әлемде барлық адамдар бір-біріне ұқсамайды, «бірегей» болып табылады. Әр адамның өз мақсаттары мен көзқарысы болады. Тұлға болғандықтан өз қызығушылығы, принциптері, өмірлік мақсаттары мен жоспарлары болады. Тіпті киім таңдау мен кию стилінде, сөйлеу мәнерінде де қайталанбас ерекшеліктер бар. Бір-бірімізді түсініп, әр адамның жеке даралығына (индивидуальность) құрметпен қарауымыз керек.
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір кемшіліктерін айтпау, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты орнату, сонымен бірге оқытуда ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге септігін тигізіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады.
Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру арнайы білім берудің ең соңғы стратегияларының бірі болып табылады. Инклюзивті білім халықаралық ұйымның көптеген мүше елдерінің білім беру саясатының құрамына ене отырып, өз кезегінде жалпы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бөлігі болып табылады және оның сипатын, ішкі логикасын және даму бағытын қабылдайды. Инклюзивтік білім беру — барлық балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау, қоршаған ортаның балаларды жас ерекшеліктеріне және білімдік қажеттіліктеріне бейімделуіне жағдай қалыптастыру, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.
Инклюзивті білім беру жүйесі өзіне орта, кәсіби және жоғары білім беру мекемелерін енгізеді. Оның мақсаты мүмкіндіктері шектелген жандардың білім алуы мен кәсіби даярлануына кедергісіз орта құрылуы болып табылады. Инклюзивті білім беру тарихының дамуында барлық интеграцияланған білім берудің даму тарихы инклюзивті білім беру концепциясының қалыптасуына әсер еткен деп айтуымызға болады. Педагогикалық интеграция мүмкіндіктері шектелген жандардың білім беру процесіне кеңінен енуінің алғашқы қадамы болып табылды .
Елбасы Н.Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау мен көмек көрсету мәселесіне ерекше тоқталғаны белгілі. Атап айтақ, «…мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес, ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады» — деген болатын. Кез келген қоғамның даму деңгейі балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі (МШ) жандардан тұратын қорғауды қажет ететін адамдар тобына деген қарым-қатынаспен өлшенеді. Бүгінде қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық жағдайлар жүйке жүйелері бұзылған, әртүрлі психикалық-физикалық аурулары бар, жас ерекшелігі әртүрлі балалардың көбеюіне әкеліп, соқтырып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Солардың 69 мыңы балалар, оның мектеп жасына дейінгі 15 мың бала еліміздегі 39 арнайы балабақша мен 315 арнайы топтарда білім мен тәрбие алуда. 106 арнайы мектеп және жалпы білім беретін мектептер жанындағы 1219 арнайы сыныптарда 25 мыңға жуық мектеп оқушылары білім алып жатыр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға коррекциялық-педагогикалық қолдаудағы 17 реабилитациялау орталықтары, 133 психологиялық-педагогикалық коррекциялау кабинеттері, мектеп жанындағы 558 логопедиялық пунктері көрсетуде.
Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алса 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізген екен. Ғаламдық педагогика және психологияда инклюзивті оқыту мәселелері көптеген ғалымдар тарапынан зерттелінген мысалы: M Ainscow, M.C. Reynolds, К.Хортон, М.Гуральник, Т.С.Лернера, Д.Брикер, Н.Д.Шматко т.б. еңбектерінде инклюзивті оқытудың проблемалары теориялық тұрғыдан қарастырылған. Соңғы жылдары Ресей ғалымдары Л.М. Шипицина, Л.П. Назарова, Л.И. Аксенова, Н.Н. Малофеев, В.В. Линькова, Н.Г. Чанилова, С.А. Марковой, В.Г. Маралова, Т.В Егоров, Н.Д.Шевцовтың зерттеу жұмыстарында инклюзивті оқытудың көптеген аспектілері ашылып көрсетілінген.
Біздің елімізде инклюзивті оқыту тәжірибесі 2000 жылы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға базалық білім беруге көмек» Қазақстан Республикасының Үкіметі және ЮНЕСКО – мен бірігіп САТР Орталығының Пилотты жобаны жүзеге асыру барысында басталды. Осы жобаның арқасында «инклюзивті білім беру» түсінігі орнықты. Әрі қарай мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру ортасына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады . Осы заң аясында жарымжан балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету қарастырылған. Қазақстандық ғалымдар Р.А. Сулейменова, А.Н. Алмаганбетова, А.К. Жалмухамедова, А.А. Баймуратова, Хакимжанова Г.Д, Р.Ж. Жумажанова, К.Ш. Кумаржанова, А.А. Байтұрсынованың зерттеу жұмыстарында инклюзивті оқытудың кейбір мәселелері қарастырылғанын айта кетуге болады. Ал, біздің елімізде нақты инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілді. Осы бағдарлама төңірегінде инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері қарастырылып, жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті оқыту, білім беруді дамытудың негізгі міндеттері қатарына қойылған.
Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балаларға деген көзқарас өзгеріп, оларды дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Жалпы білім беретін мектептерде қалыпты дамыған оқушылармен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту қазіргі уақытта өзекті мәселеге айналып отыр.
Әлемнің дамыған елдерінде мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен қосып оқытуға көп көңіл бөлінеді және бұл салада елеулі тәжірибелер жинақталған. Біздің отандық жалпы білім беретін мектептің іс – тәжірибесі үшін инклюзивті оқыту педагогикалық жаңашылдық деп есептелінеді. Себебі мәселенің жаңалығы қазақстандық жалпы білім беретін мектептердің іс – тәжірибесінде инклюзивті оқыту жан – жақты зерттеуді талап етеді.
Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сол азаматты балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеу, дені сау адамдардың арасында өздерін жәйлі сезіну үшін қолайлы атмосфера қалыптастыру – білім беру ұйымдарының міндеті болып табылады. Әр бала дүниеге келген соң оқуға, білім алуға құқылы.
Сонымен қорыта айтқанда, инклюзивті оқыту- оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ .
Достарыңызбен бөлісу: |