Чтение Инструкция: «Внимательно прочитайте текст и выполните задания по тексту».
Әміре Қашаубаев туралы Қазақ ән өнерінің тарихында қайталанбас тұлға ретінде бағаланатын Әміре Қашаубаевтың таланты – сирек кездесетін талант. Ауызша айтылатын ол туралы әңгімелерде әншінің даусы аңызбен астасқан қиял-ғажайып ертегілерде болатын құбылыстардай әсерде бейнеленеді. Сондай бір әңгіме былайша баяндалады. Өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың аяғында Әміре бастаған әртістер Алматы облысы қазіргі Райымбек ауданындағы Қарқара жайлауында концерт қойып жүреді. Түн жарымынан ауып, концерт аяқтала бергенде бір топ атты кісі сау ете түседі. Сөйтсе, өрісте жылқы бағып жүрген жылқышылар екен. Жайлаудағы ашық далада шырқалған әнді естіп жеткен екен. Жылқышыларға жеткен асқақ дауыс Әміренікі болады. Ал жылқышылар келген жермен концерт болып жатқан жердің арасы сегіз шақырымның үстінде дейді.
Шындығында да, Әміре даусы өте биік ноталарды қиналмай алатын әрі диапазоны өте кең үнді болған. Мұны дәлелдейтін тыңдаушысын еріксіз мойындатқан тарихи фактілер аз емес. Соның бірі 1925 жылы Париж қаласында өткен бүкіл дүниежүзілік ән өнері көрмесінде екінші бәйге және күміс медаль алып қайтуы. Тіпті Әміре бірінші бәйге алғандай екен, әнші дауысының күштілігі сонша, оның табиғи дауыс екендігіне сеніміздік білдірген қазылар алқасы адамда мұндай дауыс болуы мүмкін емес деген күдікпен екінші бәйге беріпті деген әңгіме де ел ішінде айтылады. Қалай болғанда да Әміренің орындаушылық шеберлігі, даусының өте күштілігі мен диапазонының кеңдігі, үнінің аса сұлу, әуезділігі тыңдаушысын тамсандырмай қоймаған. Осындай өзінің әншілік дарыны арқасында жоғарыда Париждегі көрмеде қазақ әнін тұңғыш рет әлем кеңістігіне шығарып, Еуропа жұртшылығын таңғалдырып мойындатқан Әміре кейін, 1927 жылы Москва консерваториясында, осы жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмелерде өнер көрсетіп, қазақ әндерін тағы да әлемге паш етті, асқақтата шырқады.
1. Мәтінге сәйкес емес ақпаратты табыңыз.
A) Әміре даусы өте биік ноталарды қиналмай алатын әрі диапазоны өте кең аса сұлу үнді болған.
B) Әміре Қашаубаевтың таланты – сирек кездесетін талант.
C) 1925ж. Парижден Әміре алтын медаль алып қайтты.
D) Мұны дәлелдейтін тыңдаушысын еріксіз мойындатқан тарихи фактілер аз емес.
E) Қазақ әнін тұнғыш рет әлем кеңістігіне шығарды.
2. Мәтін оқырманның бойында қандай сезім тудырады?
A) Махаббат сезімін.
B) Қуаныш сезімін.
C) Мақтаныш сезімін.
D) Өкініш сезімін.
E) Сағыныш сезімін.
3. Әміре Қашаубаев кім?
A) Қаламгер.
B) Ақын.
C) Әнші.
D) Жыршы.
E) Сазгер.
4. «Әміре Қашаубаевтың таланты – сирек кездесетін талант» екенін дәлелдейтін нұсқа:
A) Жылқышылардың жайлаудағы ашық далада шырқалған әнді естіп жеткен беттері екен.
B) 1927 жылы музыкалық көрмеде өнер көрсетті.
C) Әнші дауысының күштілігі сонша, «адамда мұндай дауыс болуы мүмкін емес» деп қазылар алқасы күдіктенген.
D) Әнге шөлдеп отырған халық әншілерді жібермей, концерт ұзаққа созылған.
E) Концерт аяқтала бергенде, бір топ атты кісі сау ете түседі.
5. Мәтіннің негізгі идеясын көрсетіңіз.
A) 1952 жылы Парижде Әміре күміс медальға ие болды.
B) Қазақ әнін тұңғыш рет әлем кеңістігіне шығарды.
C) Әміре Қашаубаевтың таланты – сирек кездесетін талант.
D) Оның әншілік дарынын жұрт жоғары бағалады.
E) 1927 жылы музыкалық көрмеде өнер көрсетті.