Интеллектуалды ұлт-2020
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде 2008 жылдан бастап, Елбасының
идеясымен «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасы жүзеге асырылып
келеді. Жобаның басым бағыттары: білім беру жүйесінің инновациялық
дамуы, ақпараттық революция, жастарды рухани тұрғыдан тәрбиелеу болып
отыр.
Жобаның мәні туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Интеллектуалды ұлт – 2020»
ұлттық жобасы идеясының негізгі мақсаты – қазақстандықтарды жаңа
формацияға тәрбиелеу, Қазақстанды бәсекелестік қабілетті адам капиталына
бай елге айналдыру»,- деген еді. Бүгін де осы мақсатқа жету үшін еліміздің
ғылыми элитасы қоғамды зерттеп, оның интеллектуалды әлеуетін арттыру
жолында еңбек етіп келеді. Сондағы ғалымдардың бірі әрі бірегейі әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының
меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира
Сұлтанбаеваның пікірін білген едік.
Профессордың айтуынша, Қазақстан халқының интеллектуалды деңгейін
арттырудың маңызы зор. Себебі, қазіргі жаһанданған заман жас мемлекеттің
азаматтарына жаңа талаптар қойып, бәсекелестіктің бәйгесінен қалмау үшін
де интеллектуалдық қажеттілігі жоғары. Біз өмір сүріп отырған қоғам жаңа
талаптар мен міндеттерді ұсынуда. Оның басты себебі неде? Ақпарат немесе
білім қоғамы ғылым мен технологияны, сондай-ақ олардың қоғаммен
байланысын мүлдем жаңа арнаға бұрды. Ғылыми-техникалық жетістіктердің
жылдам қарқын алуы азаматтардың қоғамдық болмысы мен қоғамдық
санасын өзгертті, жаңа құндылықтар пайда болды. Қазіргі заманғы ғылым
жаңа технологияларды өндірумен қатар, қоғамның рухани құндылықтарына
бағытталған жаңа саланы – гуманитарлық технология саласын дүниеге
әкелді. Соңғы жылдары Қазақстан қоғамының интеллектуалдық әлеуетінің
дамуы және өзекті проблемалары зерттеліп, талдау жүргізіле бастады.
Қазақстандағы гуманитарлық құндылықтардың заманауи қағидаларын
талдау, қажетін қабылдау, құндылығын сақтау, дәстүрін жалғастыру – жаңа
заманның, өрлеуге бет бұрған қазақ елінің басты мақсаты, айқын мұраты.
Ақпараттық қоғам немесе индустриалдық қоғамның дамуын тереңірек
зерделеуде өзге елдердің тәжірибесіне сүйенеріміз анық. Дегенмен өзіміздің
ұлттық ерекшелігіміз бен болмысымыз, ұлттық интеллектіміз бен
әлеуетімізді тек өзіміз құраймыз, өзіміз жасаймыз және ол тек бізге керек, -
дейді Гүлмира Серікбайқызы.
Алайда, интеллектуалдылық бірден қалыптаса қоймайтын қасиет. Әрбір
адамның интеллектуалдылығын арттыру үшін соған сай орта қалыптастыру
керек екендігін алға тартады. Адамның интеллектуалды әлеуетін инвестиция
ретінде қарастыру үшін де бізге сол адамды интеллектуалды азамат ретінде
қалыптастыру керек және оның интеллектуал болып өсуі үшін де салым салу
керек. Салым дегеніміз, сол азаматтың зерделі де сергек, зерек те зиялы
болып өсіп, қалыптасуына қажет қаржылық-материалдық, рухани-мәдени,
өнегелі-тәрбиелік ортаны жасай білу дегеніміз. Сонда ғана қоғамға
интеллектуалды азамат өз тарапынан қарымын қайтара еңбек етеді. Бұл
тұрғыда біздің әлеуетіміз қаншалықты деп сұрамастан бізді басқалар атап
көрсетіп, нысана етерліктей қашан жоғары деңгейде дамимыз деген сұрақтың
жауабына жетуіміз керек. Мұның өзін таяуда Елбасы бағдарламалық
мақаласында нақтылап берді: Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ
ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа
өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады.
Қазақстан ғылымында адам капиталының дамуы мен интеллектуалды қоғам
әлеуетін арттыруға арналған гуманитарлық технология саласы бойынша
зерттеулер жүргізіле бастады. Осындай зерттеулердің бастауында профессор
Сұлтанбаеваның да тұрғанын атап өту керек. Бұл мәселеге жаңа дем беріп
отырғаны рас. Және де елімізде ұлттың интеллектуалдық капиталы
қалыптасуына бағытталған мемлекеттік реформалардың тиімді жүзеге
асуына қатысты гуманитарлық базис әзірленуіне, сараптамалар жүргізілуіне
ықпал етерлік ғылыми орта қалыптастыратыны тағы бар. Елбасы
қолдауымен іске асқан зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің
құрылуы осы саладағы зерттеулерді жүргізудің балама құрылымдары болып
табылады.
Дегенмен де, әлі күнге дейін елімізде гуманитарлық зерттеулер жүргізудің
өзіндік проблемалары бар. Бұл туралы профессор: Қазақстандық қоғамдық-
саяси ғылым саласында гуманитарлық технологиялар саласын зерттеудің
әлсіз жағы басымырақ. Өйткені, бізде бұл ғылым саласы жайлы әлі жалпы
түсінік қалыптасып үлгермеген. Зерттеу жағынан кенже ғылым болып
табылады. Оның үстіне бізде гуманитарлық технология саласында
интеллектуалдық ұлт қалыптастыруға бағытталған гуманитарлық
құралдарды басқаруда кешенді зерттеу орталықтары, зертханалары жоқ,
дейді.
Бірақ соған қарамастан, қазіргі таңда профессор Г.Сұлтанбаеваның
жетекшілігімен бір топ ғалымдар мен студенттер Елдің интеллектуалды
әлеуеті мемлекеттік бағдарламасы аясында зерттеулер жүргізіп келеді.
Елбасы Интеллектуалдық ұлт – 2020 жобасын жариялағаннан бері Білім және
ғылым министрлігі іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық
қаржыландыра бастаған еді. Ғылыми жоба аясында Қазақстандағы БҰҰ
Ақпараттық Бюросы, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросы
қолдауымен алғаш рет журналистика факультеті студенттерінің Қазақ елі
ғылыми экспедициясы еліміздің шет аймақтарында екі жыл қатарынан
зерттеулер жүргізді. Бұл ғылыми жорық нәтижесінде Қазақ халқының
тарихи-семиотикалық құндылықтары атласы әзірленді. Бұл құжат ғылыми
монографияға еніп, ЮНЕСКО-ның мәдени бағдарламасына табыс етілді.
Жастардың туған жерінің мәдени құндылықтарын зерттеуде, бағалауда, оны
құрметтеуде мұндай жобалардың қоғамдық мәні ерекше. Ғылыми жорық
сапарға шығар алдында жыл сайын бүкіл қазақ жастары белсене қатысқан
әлеуметтік желілердегі Ауылға хат ақпараттық науқанын өткізу де нәтижесін
беріп отыр. Екі жыл бойына ел-елден келген хаттардың үздік топтамасы
таяуда баспадан жарық көрді. Ауыл – қазақ өркениетінің ошағы. Сондықтан
да жастардың ауылды құрметтеуі, ауыл өмірі мен тіршілігіне үн қатуы
бүгінгі қазақ қоғамы үшін рухани қолдау!
Сондықтан да, Интеллектуалды ұлт- 2020 жобасы ел азаматтарының әлеуетін
арттырып, сауатты да саналы қоғам құру үшін алдына міндеттер де қоюы
тиіс. Бұл, ең алдымен, ғалымдар мен білім беру саласының мамандарына
жүктелетін үлкен жауапкершілік. Профессор Г.Сұлтанбаева да бұл ойды
қолдайды: Қазақстандық ғалымдардың алдында гуманитарлық
технологияларды зерттеу, оның мүмкіндіктерін қарастыру, нәтижелерін
интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жарату міндеті тұр. Бұл міндеттер озық
ойлы, ізгі ниетті ғылыми қауымға интеллектуалды азамат қалыптастыру,
олардың шешім қабылдау процесіне қатысуын белсендіру, адам мен қоғам
арасындағы сенімді арттыру сияқты талаптарды жүктейді, - деді ол.
Достарыңызбен бөлісу: |