Шетелдік инвестиция
– шетел инвесторы жүзеге асыратын инвестиция Әлемдік
экономикалық жүйені жаїандандыру жағдайында, сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік
тәуелсіздік алуына және ашық нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты
шетелдік инвестиция объективті қажеттілікке айналып отыр. Өтпелі кезеңде экономикалық
өрлеу мен нарықтық реформаларды қаржыландыру үшін елдің ішкі қорланымдарының
жеткіліксіздігі себепті оның рөлі мен мәні арта түсуде. Шетелдік инвестицияға тікелей
шетелдік инвестиция (яғни қаражатты кәсіпорындардың немесе компаниялардың
жарғылық қорына не акцияларына салу), қоржындық шетелдік инвестиция, сондай-ақ,
сыртқы несиелер, қарыздар, дамуға ресми көмек, гуманитарлық көмек жатады. Нарықтық
экономика жағдайында шетелдік инвестицияны тарту және пайдалану тек қаражаттың ғана
емес, сонымен бірге шетелдік технологиялардың, басқару тәжірибесінің де ағылып келуін
қамтамасыз етеді, жаңа рыноктарға жол ашады, ірі құрылымдық өзгерістерге, нарықтық
инфрақұрылымның қалыптасуына, инновациялық процестердің кеңеюіне, экономиканың
жекеше секторының қалыптасуына серпін береді. Қазақстан үшін тікелей шетелдік
инвестиция неғұрлым тиімді. Ол қабылдаушы елдің шаруашылық қызметінде инвестордың
ұзақ мерзімді мүддесін қанағаттандырады және сыртқы борышты қалыптастырмайды.
ТМД елдерінің арасында Қазақстан
экономикаға тартылған шетелдік инвестицияның көлемі бойынша көш бастап
келеді. Күрделі құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлеміндегі шетелдік инвестицияның үлесі 1995 ж. 1,5%-дан
2000 ж. 38,6%-ға артты. 2000 ж. 2751 млн. долл. шет ел қаражаты тартылды, мұның өзі 1999 жылғымен салыстырғанда 48,6%
жоғары. Тек 1993 – 99 ж. тартылған тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 9700 млн. долл. болды, бұл ретте оның жалпы
көлемінің 54,4%-ы мұнай-газ секторына, 20,1%-ы түсті металлургияға, 3,8%-ы қара металлургияға, 3,7%-ы энергет. кешенге,
3,4%-ы тамақ өнеркәсібіне салынды. Осы кезеңде тартылған тікелей шетелдік инвестицияның ең көп көлемі АҚШ-тың
үлесіне тиеді – жалпы көлемінің 33%-ы, Оңтүстік Кореяның үлесі – 15,4%, Ұлыбританияның үлесі – 12,5%, Түркияның үлесі –
4,9%, Қытайдың үлесі – 4,7%. Қазақстан шет ел капиталын несие мен қарыз нысанында да тартты. Қазақстанға Австрияның,
АҚШ-тың, Қытайдың, Түркияның, Еуропалық Одақтың және басқа елдердің несие желілері ашылды, осы желілердің
шеңберінде 90-нан астам келісімге қол қойылды. Қазақстанның сыртқы қарызы шекті өркениетті шеңберден шыққан жоқ,
яғни тікелей мемл. және Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген сыртқы борыш оның жалпы көлемінің 25,5%-
ы ғана болды. Борышқа қызмет көрсету нормасы сыртқы борыштар бойынша төлемдердің экспорт көлеміне қатынасы
ретінде 2000 ж. 32,6% болды. 2000 ж. Қазақстан ТМД елдерінің арасында сыртқы борыш бойынша міндеттемелерін
мерзімінен бұрын төлеген жалғыз ел болды, мұның өзі еліміздің халықаралық инвестициялық беделін көтерді. Қоржындық
инвестиция – ұзақ мерзімді борышқорлық міндеттемелер мен бағалы қағаздарға салынған қаражат; капиталға қатысуды
және салынған капиталға шаққанда табыс алуды қамтамасыз етеді. Әлемдік практикада капитал қорланымы мен халықтың
жинақ ақшасының көп бөлігі бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдары арқылы жанама түрде өндірісті
инвестициялауға қатысады. Мысалы, әлемдік инвестициялық байлықтың жалпы көлеміндегі қаржы байлығының үлесі көп
– 57,7%. Халықтың ақшалай қаражатының қорланымына келетін болсақ, мысалы, АҚШ-та бағалы қағаздарға (негізінен,
акцияларға) салынған инвестицияның жалпы көлемдегі үлесі 50%-дан асады. Қазақстанда халықтың акциялар,
облигациялар, басқа да бағалы қағаздар сатып алуға жұмсаған шығыны олардың жалпы көлемінің 3%-ынан аспайды.
Мұндай жағдайдың себебі қор рыногі мен қаржы құралдарының дамымағандығында. Мемлекеттік бағалы қағаздар рыногі
(МБҚР) бағалы қағаздар рыногінің неғұрлым серпінді түрде дамып келе жатқан буыны болып табылады. Мұндай
қағаздардың ең маңыздылары: мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер (МҚМ), олардың айналыс мерзімдері 3, 6, 12, 24
айдан 10 жылға дейін, Мемл. қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелер (МЕККАМ), Мемлекеттік индекстелетін
қазынашылық міндеттемелер (МЕИКАМ), Мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттемелер (МЕОКАМ), Мемлекеттік
арнаулы қазынашылық міндеттемелер (МЕАКАМ), Арнаулы валюталық мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер
(АВМЕАКАМ), Мемлекеттік қысқа мерзімді қазынашылық валюталық міндеттемелер (МЕКАВМ); ұлттық жинақ
облигациялары (ҰЖО), Ұлттық банктің ноталары, муниципалдық құнды қағаздар.
|