Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың



бет8/11
Дата05.11.2016
өлшемі1,96 Mb.
#525
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ЖЕТІНШІ ТАРАУ
«Үш жүз» партиясы және «Үш жүз» газеті туралы
Кешегі түкірігі жерге тимей тұрған Кеңес өкіметі тұсында «Алаш» партиясы туралы ауызға алынбаса, оған қарсы бағыттағы «Үш жүз» партиясы жайында аз да болса мәліметтер оқушыларға жетіп отырды. Мәселен, кезінде бұл тақырыпқа белгілі ғалымдарымыз Зиманов С., Богачев А.К., Бурабаев М.С., Елеуов Т., Елкеев Б. және т.б. қалам тартқан. [105] Алайда, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін «Алаш» партиясы сияқты «Үш жүз» де тарихтан өзінің шын орын ала алмай келді. Оған түрлі бағыт ұстанған тарихшы, зерттеушілер әр кезде түрлі баға беріп келді. Мәселен, жоғарыда айтылған Богачев А.К. «Алашты» – «ұсақ-буржуазияның партиясы» десе, Брайнин С. пен Шафиро Ш. – «бүкіл байлардың саяси ұйымы» ал, Құрамысов – «жартылай феодалдық байлардың партиясы» дегені белгілі. Сондай-ақ «Үш жүз» партиясын да олар осылай «қазақтардың ұсақ буржуазиясының оппозициялық фракциясы», «ұлттық саяси ұйым немесе қозғалыс», «қазақ кедейлері мен жалшыларының одағы» деп келді.

Бұл екі партияның да кезінде қоғамнан алған шын мағынасындағы орны, яғни, рөлі тек кейінгі жылдары ғана ақиқат көзіне айнала бастаған сияқты. Алаш партиясы туралы және оның басылымдары жайында біздер бұдан бұрынғы кейбір мақалаларымызды сөз еткендіктен бұл жолы тек қана «Үш жүз» партиясы төңірегінде әңгіме қозғамақпыз. [106]

Белгілі ғалым, тарихшы К.Нұрпейісов бұл екі партия туралы да өзнің «Алаш һәм Алашорда» атты зерттеу-монографиясында былай деп жазады: «1917 жылдың күзіне қарай Қазақстанда тағы да бір ұлттық-саяси ұйым – «Үш жүз» партиясы дүниеге келді. Ол өзін «қырғыздың (қазақтың – авт) социалистік партиясы» деп атады.

Жоғарыда айтылғандай қазақ интеллигенциясы, жалпы алғанда қазақ қоғамы сияқты бір текті болған жоқ. Оның қатарында, сан жағынан аз болса да, ұсақ буржуазиялық ортадан немесе соларға жақын әлеуметтік ортадан шыққан жекелеген топтар болды. Қазақ зиялыларының осы тобында Россиядағы социалистік бағыттағы партиялар насихаттаған идеялар айтарлықтай ықпал етті.Мұндай партиялар татар, башқұрт сияқты қазақтарға жақын халықтардың еңбекшілері тарапынан белгілі дәрежеде қолдау тапты. Түрік халықтары шыққан әртүрлі бағыттағы социалистер Россиялық буржуазияға және оның елдің қоғамдық-саяси өмірдегі өкілі кадеттерге тән шовинизмді белсенді түрде әшкерелеп отырды. 1917 жылы Россиядағы Советтер мен Уақытша үкімет арасындағы саяси қарсылықтың тереңдей, шиеленісе түсуі барысында ұлттық социалистер ұлттық буржуазиялық ұйымдардан өз іргелерін алысырақ салып, тіпті кейбір әлеуметтік-саяси мәселелер төңірегінде оларға ашық түрде қарсы шыға бастады. Осыған ұқсас, осымен сабақтас процестер Қазақстанда да орын алды. Мұны «Үш жүз» партиясының өмірге келуінен анық көруге болады.

«Үш жүз» 1917 жылғы қазан-қараша айларында пайда болды. Әуел бастан ол Алашпен бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен, ол ойынан тез қайтты да көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөнінен Алаштың басты сынаушысына (оппонентіне) айналды. «Үш жүз» саяси ұйымындағы жетекшілік ролдерді бұрынғы қорғаушы адвокат, журналист және драмматург Көлбай Тоғысов, фельдшер және тілмаш Шаймерден Досов, жүк тасушы жұмысшы Ысхан Кабеков, журналист Мұқан Әйтпенов атқарды.

Ш.Әлжанов, М.Әйтпенов және К.Тоғысов 1912-1915 жылдары «Айқап» журналына жақын болып, оның істерінде мәдениет, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, жер мәселелері туралы мақалалар жазып тұрған. К.Тоғысов 1907-1912 жылдары патшалық әкімшілік тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған. 1916 жылдан бастап ол Ташкент қаласында «Алаш» атты газет шығарды. Оның алғашқы сандарында ресми өкіметке қарсы мазмұндағы мақалалар жарияланған жоқ, алайда бұл басылым өзінің 12-ші санынан бастап (1917 жылғы 24 ақпан) революциялық-демократиялық бағыт ұстады.

1917 жылғы наурыз-сәуір айларында Көлбай Тоғысов Сырдария облысының қалалары мен басқа елді мекендерінде «Шора-и-Ислам» партиясының ұйымдарын құруда Мұстафа Шоқайұлына көмектесті және оның Ташкент ұйымына мүше болды. Осы ұйымның атынан мұсылмандардың бүкілроссиялық Съезіне делегат болып қатынасып, оның атқару комитетінің құрамына сайланды.

1917 жылдың бірінші жартысында Көлбай Тоғысов қазақ қауымының демократиялық бағытты ұстайтын пікірлестерімен бірге жалпымұсылмандық және оның аймақтық қозғалыстары аясында белсенді түрде саясатпен айналысты. Алайда ол 1917 жылғы көктемде өткен бірде-бір қазақ съездеріне қатыспады, шілде айында өткен бірінші жалпықазақ съезіне де шақырылмады. Мұның себебін қазір дәл басып айту мүмкін емес. Дей тұрсақ та, Әлихан Бөкейханов пен оның жақын серіктері сол кездің өзінде Көлбай Тоғысовқа сенімсіздікпен қарағаны дау туғызбаса керек.

Қалай десек те, Көлбай Тоғысов 1917 жылғы көктемде қазақ қауымының солшыл пікірде болған әртектілер өкілінен өзінің саяси ұйымын (партиясын) құру ісіне кірісті.

Саясат сахнасында өз партиясын орнықтырып, оны көпшілікке кеңінен таныстыру үшін К.Тоғысов пен оның пікірлестері өз жақтастарының бір тобын Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар етіп ұсынды. Ұсынғандардың Семейде тұратын Нұрғали Құлжановтан басқасының барлығы Ақмола облыстық қазақ комитетінің үш мұшесі: Хасенқожа Бекхожин, Қазы Торсанов және Байсейіт Әділов, Омбы уездік қазақ комитетінің төрағасы Мұқан Әйтпенов және Петропавл уездік қазақ комитетінің төрағасы Ғалиасқар Қуанышев болды. Көлбай Тоғысовтың өзі кандидаттар қатарынан Бүкілроссиялық шаруалар Советінің атқару комитетінің мүшесі ретінде орын алды. Жоғарыда айтылғандардан тыс кандидаттар тізімінде Үсен Қасаев, Сәкен Сейфуллин, Семей семинариясының оқытушысы Нұрғали Құлжанов, әскер қатарынан кеткен офицер Махмұт Уәлиханов, фельдшер Шаймерден Әлжанов, Сұлтан Абылаев және Ыбырай Төлебаев болды. «Үш жүз» тізімі бойынша Құрылтай жиналысы депутаттығына ұсынылған жоғарыда аталған он үш адам негізінен сол кездегі россиялық үш саяси партияға: эссерлерге, ұлттық социалистерге және социал-демократтарға іш тартты. 1917 жыл жағдайында жоғарыда есімдері аталған кандидаттардың «Үш жүз» тізімі арқылы депутаттыққа ұсынғандықтарына қарсы болғандығы жөнінде сол кездің баспасөзінде және архив құжаттарында сақталған мәліметтер тарихшыларға белгісіз. Совет өкіметі азамат соғысында жеңіске жеткеннен кейін Сәкен Сейфуллин ғана «Үш жүз» атынан құрылтай жиналысы мүшелігіне кандидат етіп ұсынылуға өз келісімін бермегендігі жөнінде мәлімдеді.



Кандидаттар тізімі «Қырғыздың (қазақтың- авт.) социалистік «Үш жүз» партиясының Орталық комитетінің құрылуы туралы» хабарымен қатар жарияланды. «Үш жүз» партиясы Орталық комитетінің алғашқы төрағасы болып Мұқан Әйтпенов, оның орынбасарлығына Көлбай Тоғысов сайланды. Өзінің әлеуметтік тегі жағынан «Үш жүз» ұсақ-буржуазияшыл демократтардың саяси ұйымы болды. Оның бағдарламалық мақсаты – мүдделерінің алғашқы кезде Алаштық программасымен көп айырмасы болған жоқ. Олар соғыс мәселесі жөнінде ғана Алаштан басқа позиция ұстады. Кейінірек, елде саяси хал-ахуал шиеленісіп, өкімет үшін шырқау шегіне жетіп, таптық жіктелу процесі күшейген жағдайда «Үш жүз» іргесін Алаштан аулақ салып, большевиктермен солшыл эссерлерге жақындай түсті және Қазан революциясы жеңіске жеткен соң Алаш партиясына қарсы ашық күреске шықты. [107]

«Үш жүз» партиясы туралы Қ.Есмағамбетов өзінің «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты еңбегінде: «Уақытша үкіметтен көңілі қалған кейбір қазақтар Бүкілқазақтық конгресс шешімдерінен бас тартты. Олардың көпшілігі Көлбай Тоғысов есімді кісінің айналасына топталды, ол құрылған күнінен бастап «Бірлік» тобының белсендісі болды. Ақпан төнкерісінен кейінгі кезде қазақ тілінде шығатын «Алаш» газетінің редакторы бола жүріп, Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан қазақтарын ұйымдастыруға қызу араласқанымен, Бөкейханов пен «Қазақ» тобының қызметіне еш уақытта тартылмаған болатын. 1917 жылғы 12 наруызда Тоғысов Ташкентте жиналыс ұйымдастырады, оған бұған дейін Ташкент кеңсесіндегі қызметімен көрінген Тұрар Рысқұлов қатысады. Жиналыс Тоғысов үшін жайлы болмағанға ұқсайды, айдың аяғында ол өзінің саяси белсенділік орталығын асығыс түрде Қазалыға көшіреді, онда 27 наурызда 5000-дай қазақ, өзбек және татар қатысқан (бұларды кейінірек кеңес деректері мұсылман солдаттары деп дұрыс көрсетпейді) жиналысқа төрағалық етеді. Қолдары бос болмағанына қарамастан, олар 1917 жылғы мамырда болатын бүкілресейлік мұсылмандар конгрессіне үш татар, үш қазақ және үш өзбек делегатын сайлайды», [108] – деп жазды.

Тоғысовтың ықпалы күн санап өсе берді. 1917 жылдың қарашасында Алашорда үкіметі құрылған кезде ол неғұрлым ықпалды-ау деген қазақ оппозициялық фракциясын басқарады. Фракция құрамында Сәкен Сейфуллин мен Шаймерден Әлжанов енеді. Олар Тоғысовпен бірге Ташкентте «Үш жүз» (Үш Орда) партиясының негізін қалады. Осы топтың, әсіресе, Сефуллинің социалистік идеялар ықпалында болғандығы туралы көп жазылғанына қарамастан, Алашорда басшыларымен арадағы жеке бастарының бәсекелестігі, алашордашылардың өздерінің ақсүйектік шығу тегін даусыз жоғары қоюлары Тоғысов пен оның достарын өз беттерінше қимылдауға итермеледі. Қалай болғанымен де Тоғысовтың фракциясы большевиктік билікті қолдауда пысықтық таныта білді, – дегендер де болды.

Ал Сәкен Сейфуллиннің өзі болса «Үш жүз» партиясы, оған өзінің қатысуы туралы «Тар жол, тайғақ кешуінде» былай деп көрсеткен: «Бұл партияны ашушылар сол Омбыдағы Мұқан Әйтпенұлы, Көлбай Тоғысұлы, Шаймерден Әлжанұлы, т.б. Бұлар партияның атын «социалшыл», «Үш жүз» партиясы деген. Партияларының тізіміне сырттан Ақмола қаласындағы бізді де кіргізіп қойыпты...» дей келе одан әрі өздерінің бұл партиядан не себепті бас тартатындықтары туралы «Біздің «Үш жүзге» қосыла алмайтынымызды «Тіршілікке» жазғанымыз былай тұрсын, менің «Қазақ» газетіне телеграмма бергенім былай тұрсын, әуелі сондағы «Алаш» партиясын ашып және учредительное собрание сайлауын өткізуге Ақмолаға келіп жатқан Мұқтар Сматұлы көзімен көрген. Мұның бұл туралы Орынборға соққан телергаммасы «Қазақ» газетіне басылған. «Қазақ» газетінің 259-ыншы нөмірінде 1918 жылы, 12 январда хабар ретінде былай деген:

«Мұхтар Сматұлы басқармаға телеграмма берді: 26-31-ші декабрьде болатын сайлауға керекті нәрселер жетпей қалды. Сайлау кейін болуын сұранып тұрмыз. «Үш жүз» партиясы көрсеткен Ақмола кандидаттарының бәрі тасқа түспейтін болды...».

Біз «Үш жүзден» бөлек екенімізді білдіреміз деп тасқа түспедік. Әйтпесе, Алаш партиясынан қорыққанымыз жоқ. Және «Үш жүз» партиясынан бойымызды аулақ қылғанда, бұл партияның бастықтары «Алаш» партиясының бастықтарынан кем адамдар деп және теріс адамдар деп бой тартқанымыз жоқ. Қайта «Үш жүздің» ішінде Шаймерден тәрізді, Ысқақ тәрізді артық адамдар бар еді. Революцияға «Үш жүзден», «Алаш» зияндырақ еді. Жақсы болсын, жаман болсын «Үш жүздің» бастықтары 1917-1918 жылы, ердің ерін сынайтын тарихи күндерде қызылдар жағында болды, революция жағында болды.

Бізді «Үш жүзге» қосылды деген шатпақтардан (демогогия) соң, учредительное собрание сайлауына белсеніп кірісе алмай қалдық. Кіріскенде Ақмола қазақтарының қалың бұқарасы біздің жақта болатын еді. Оны сол учредительное собрание сайлануынан бірнеше күн бұрын ғана кейін болған Земство сайлауында көрдік. Бұл земство сайлауына біраз қатынасып едік. Земствоның уездік жиылысында зор көпшілік (90 проценті) біздікі болды. Оны сонда Ақмолада болған «Алашорданың» Нұралин, Сейітұлы, Абылайханұлы тәрізді адамдары және басқа адамдары көзімен көрген» деп жазды.

Ғасыр басында айтылған Сәкен Сейфуллиннің бұл ойын ХХ ғасырдың соңында белгілі тарихшы, зерттеуші К.Нұрпейісов былай деп жалғастырады: «Қазақ мемлекеттігін (қазақ автономиясын) құру ісін күн тәртібіне қойылған сәтте өлкенің көп ұлттылығы, әсіресе, оны бір жарым миллионннан астам орыстар мен басқа славян тектілердің мекендеуі тек қана Алаш партиясы жетекшілерін алаңдатып қойған жоқ. Сонымен қатар «Үш жүз» партиясы басшыларын да қатты ойландырды.

«Үш жүз» партиясының қазақ автономиясы туралы, әсіресе, осы автономия мен ұлтаралық қатынас мәселелері хақындағы көзқарас бірде «Алаш» көсемдерінің пікірлеріне қайшы келіп, бірде жақындағанын байқауға болады.Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Үш жүз» газетінің 1918 жылы наурыздың 2 – ісіндегі жетінші санында жарияланған «Алаш автономиясы» атты мақаладан үзінділер келтірейін: «... қазақ-қырғыз оқу, өнер, ғылыммен және басқа дүние байлықтарынан айнала жарлы ... Азат болып отырғаның кеше. Енді мынау жаңа заман жайғаспай, бостандық, теңдік дариясынан, тым болмаса, ерсілі-қарсылы жүзіп, түр көріп, нұсқа алмай, жалаңаш кеуде, құр қолмен аюдай автономияны қалай ұстап бағамыз... Біздің қазақ-қырғыз шөлдегі бытыраңқы құландар сияқты. Құланды қорқыту (қоршауға алу мағынасында – К.Н.) қандай қиын болса, қырдағы қырғыз-қазақты автономияға көндіру сондай ауыр».

Көп ұлтты Қазақстанның автономия болу қиыншылықтарын түсіндірудегі «Үш жүз» партиясының пікірі, кейбір қиыншылықтарға қарамастан, Ә.Бөкейханов ойларымен сабақтас. Мұны аталған мақалада айтылған мына пікірден анық көруге болады: «... қазақтар өз алдына автономия болуына, жер-суы шалғай жатыр. Қазақ-қырғыз басы Астраханьда, аяғы Қытайда, ортамызда ұзын аққан Ертіс, Есіл, Тобыл, Еділ, Жайық секілді өзендер жатыр. Бұлардың алқабындағы жердің бәрінде де қашаннан бері орналасып қалған кірме, көрші орыстар бар. Бұлардың өзінде я бізге кіру жоқ, я бізден кету жоқ, ауыл шетіне отыру тағы жоқ. Бұлай болған соң олармен, әлбетте сыйласып-сипасып отырыспасақ жоқ нәрсе. Көп орыс аз орысты қазаққа бауырлата қоймайды». Одан әрі газет: «Қазақ халқы өзі көшпелі, өзі кедей, өзі ата қуып, тап тайпасымен тұратын, өзі бұрын тарих жүзінде мемлекет болып өрнек алмаған жұрт», – дей келіп былай қорытындылайды: «Басқасын тастап, осы аталған бес нұсқаның көзі түгел тұрғанда қазақ-қырғыз бөлек автономия боламыз деп, жұртқа жар салып, жария қылғанымыз аспанға атқан мылтықпен бір есеп... Қысқасы, мына сұрапыл заманда қазақ-қырғыз аралас көрші отырған жұрттармен қостас болып, қол ұстасып, қазықты я Сібірге, я Түркістанға бірге қағысып бас қамдарын қылмаса, өз алдымызға автономия болғанымыз қатер». ... «Үш жүз» партиясының қазақ автономиясы туралы бұл пікірлері газет бетіне 1918 жылғы наурыз айының басында жарияланғанымен, олар 1917 жылғы қараша-желтоқсан айларында жасалған тұжырымдар еді.

Әлихан Бөкейханов пен жоғарыда келтірілген «Үш жүз» партиясының қазақ автономиясы туралы көзқарастарының ұқсастықтары мен қайшылықтары неде деген сұраққа жауап берер болсақ, ол мынаған саяды: «Қайшылықтар – Ә.Бөкейханов көп ұлтты Қазақстан жеке автономия болса, ішімізде орыстар оны қолдайды деп үміттенді, ал «Үш жүздегілер» «Көп орыс аз орысты қазаққа бауырлата қоймайды» дейді. Ә.Бөкейханов отарлау саясаты нәтижесінде жойылған қазақ мемлекеттігін жаңа жағдайда кіргізе отырып, кейін бөлініп шығу» жайын ойласа, «Үш жүздегілер» Қазақстан Түркістан өлкесімен бірлесе отырып, Ресей құрамына федерациялық негізде кіруді жақтаған. «Үш жүз» газетінің бетінде: «...Қысқасы, мына сұрапыл заманда қазақ-қырғыз аралас көрші отырған жұрттармен қостас болып, қол ұстасып, қазықты я Сібірге, я Түркістанға бірге қағысып бас қамдарын қылмаса, өз алдымызға автономия болғанымыз қатер». [109]

«Үш жүз» партиясының негізгі лидері Көлбай Тоғысов 1879 жылы Зайсан оязы Шорға болысында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туған. Оның қоғамдық-саяси әрекетпен белсене араласуы бірінші орыс революциясымен тұспа-тұс келіп, 1905 жылғы 17 қарашада Қарқаралыда патшаның 1905 жылғы 17 қазандағы манифесіне орай митинг пен ереуілді ұйымдастырушылардың бірі ретінде аталады. Ол баспасөз істерінде сол кездегі саяси ахуал, патша шенеуніктерінің қиянат, озбырлықтары мен парақорлығы жөнінде жиі-жиі мақалалар жариялап тұрған. Мәселен, «Айқаптағы» «Әй, қазақ!» өлеңі:

...Қайран жұрт шын адасып кетемісің,

Жер үшін малын сатып бітемісің,

Болмаса, бала оқытып, ғылым іздеп,

Әр итке адамшылық жетемісің.

Лапылдап келіп қалған өртке кетпей,

Көпірден анау тұрған өтемісің?!

Бұл бір жұмбақ ойландым, шеше алмадым,

Ерте ойландым, сандалдым, жете алмадым,

Ішім толған қан, жара, сыртым дүлей,

Надандық қақпанынан өте алмадым.

Талаптандым, талпындым, көп ойландым,

Шеңгелінен зорлықтың өте алмадым.

Мен шаршадым, қаламын, сен де тоқта,

Кім естіді сөзіңді, ісің жоқ па?!

Қанша айтсаң да тіліңді қазақ алмас,

Жазған өлең сырыңды көпке жаяр,

Қой тоқта, жолығарсың атқан оққа.

Дарияны бір тамшы сүт ағарта ма?

Ғаділдік үстін болмақ бақ арта ма?

Шындық пен өтірікті айырмасаң,

Тарихыңда жазылар қара таңба!

Бір бес күнге аптығып, аңғалданып,

Адамшылық туынан босқа қалма.

Туыппыз жиырмасыншы ғасыр саясында,

Арналсын бұл қазақтың баласына.

Адасқан алашыңды жолға бастап,

Жүректің дәрі ізделік жарасына.

Көзіңді аш, таң келеді, оян қазақ,

Мәз болмай кісіліктің жаласына, –

деп дүйім қазақ халқын жарқын болашаққа шақырып, олардың алдарында тұрған негізгі міндеттерді өлең жолдарымен өріп берген.

Бұдан басқа оның «Айқап» журналында Қапалдағы елдердің мәдениті, шаруашылығы, оқу-ағарту ісі, сот жұмысы жайында жазылған «Қазақ даласынан», «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 98 нөмірінде қазақ арасындағы сот туралы жазылған мақала жайында «Қайсінікі дұрыс?», «Қапал жағында болған уақиғалар», «Райымжанның сөзінде шындық бар ма?» және т.б. мақалалары жарық көрген. Сондай-ақ оның «Қазақ» газетінде Жетісу маңындағы Жалайыр руы жайында «Жалайыр елі» деген хабары, «Алаш» газетінде әр халық өз алдына егеменді ел, демократиялық республика болу керек деген идеяны ұсынатын «Жоғалсын Романовтар!» деген көптеген мақалалары жарияланған.



Саяси әрекеттері үшін патша өкіметі Көлбайды қуғын-сүргінге ұшыратып, үстінен қылмыстық іс қозғап, абақтыға жауып, үш жыл мерзімге Қапалға жер аударады. Қапалда мерзімін өтеген соң Наманған, Ташкент жаққа кетіп, 1916 жылғы 26-қарашадан бастап «Алаш» газетін шығара бастаған. Көлбайдың өзі қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысу құқығынан айырылғандықтан газетті әйелі Мариямның атынан шығарған.

Көлбай Тоғысов «Алаштың» бірінші санындағы бас мақаласында «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының «Алаш» газетінің ағасы екенін айта келіп, қазақ халқының болашағы үшін бірлесіп қимылдауға шақырады.



Омбыда шығып тұрған «Революционная мысль» газетінің 1917 жылғы 23 қарашадағы нөмірінде «Қазақстан социалистік партиясы» – «Үш жүздің» құрылғаны жазылды. Партияның Орталық комитетінің төрағасы – Мұқан Әйтпенов, оның жолдасы (орынбасары) болып Көлбай Тоғысов сайланды. Кейін ол партияның төрағасы болды. Партияның баспа органы «Үш жүз» газеті шықты. Редакторы – Көлбай Тоғысов болды.

Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романында былай деп жазды: «Қызылжар қаласында «Үш жүз» деген газет шыға бастады. Газеттің бетін «Алаштың» көсемдерін сөгумен толтыра берді.

Әрине, «Алаш» партиясының көсемдері де «Үш жүз» басындағыларды сөгуден кенде қалған жоқ. Бұлар да боқтады. Қайта бұлар сөгуді, жамандауды «Үш жүзден» асырып жіберді. Өйткені, бұлар сөзге шеберірек. Бұлардың саны көп, бұлардың бастықтарының бәрі де зор оқығандар. Және әр облыстарды шығып жатқан қазақ газеттерінің «Тіршіліктен» басқасының бәрі бұлардікі еді. Семейдегі «Сарыарқа» газеті, Ташкенттегі «Бірлік туы» деген газет, Астраханьдағы «Ұран» деген газет, Орынбордағы «Қазақ» газеті бәрі де Омбыда «Үш жүздің» бастықтарын сөгіп бақты. Әрине, кімді болса да сөгуге «Алаштың» шешендері шеберірек болып шықты.

Әрине, шеберлікті бәрінен Орынбордағы «Қазақ» газеті асырды. Өзге «Алаш» газеттерінің «Қазақ» газеті ағасы болған соң, шеберлікті асырмай қояр ма? «Шеберліктерін» көзбен көру үшін және «Үш жүзге» көзқарастарын аңду үшін «Қазақстан» және «Сарыарқадан» «Үш жүзді» балағаттаған біраз ғана сөздер келтірелік. Ал «Үш жүз» газетінен сөз келтіруге бұл күнде қолымызда ол газет болмады.

«Сарыарқаның» 26-шы нөмірінде бұлай дейді және мұны 260-шы нөмірінде «Қазақ» көшіріп басқан. Газеттен:

«Қазақтан шыққан арамзалар.

Бостандық болғаннан бері жұрттың көзі ашылып, қайда болса да ынтымақ бірлік табылып, қалың қазақ ішіне береке ұйтқысы орнағандай болып тұр еді. Қазақ арасында кейбір жүгенсіздік ұлғайып, азаматтарының соңына ерген жұртты арамза қулары азғырып, адастарып тұр еді. Біздің ұяттан кешкен, ардан безген арамзалар шығып, газет таратқан болып, ел ішіне әрекет шашқалы жүр. «Алаштың» туын ұстаған, асқар белдей ерлерімізді жынданған итке ұқсап, арамзалар қаппақ болып, жынын құсып, уын шашып жүр. Түрі адамға ұқсағанмен пікірі аюан сияқты адамдар. «Үш жүздің» партиясы деп атақ байланып, ұйытқысы болған «Алаш» партиясының адамдарын арам аузымен былғамақ болып жүр. Төрт аяқты қасқырға астыртын у салушы еді, ал оған деген у мынау:

«Үш жүз» партиясы – содырлы-сойқанды, жүзі қаралар партиясы. Бұл жұртқа келген үлкен дерт. Сөзіне құлақ қоймай, өздерінен аулақ болып, сақтану – алаш балаларына борыш. Қазақтың баяғыдан бері аяқ астына басылып, көрген қорлығы, көрген зорлығы мен зомбылығы аз емес. Енді «Үш жүздің» қуларына айтарымыз: «Елімізді ертпеңіздер, ел қылып ұстау сендердің қолдарыңнан келетін іс емес. Ел де есін біледі, сендердің соңдарыңнан еріп, жарға жамалып жығылмайды. Халықты әуре қылмай, өлген мұжықтың қойнында қалаш табылатын болса, соны іздеп қараңдар!

Біз «Алаш» партиясының соңынан ереміз: анық басшыларымыз сонда.

Семейдің уезный Земствоның мүшелері Ахметжан Аңдамасұлы, Жамшырбай Шөлембайұлы, Темірші Жүсіпұлы, Садық Дүйсенбайұлы, Құрмабай Мұздыбайұлы, Бәйсеке Есіркепұлы, Майлыбай Есенбайұлы, Имамбазар Қазанғапұлы, Рақымжан Мәрсекұлы, Қалдыбай Будамбайұлы, Көкбай Шанатайұлы».

Одан әрі Көлбай Тоғысовтың Түрмеге қамалғандығы туралы Сәкен Сейфуллин былай деп жазды: «... 1918 жылдың жазы шықты. «Алашорда» да және оның інішектері де қарап жатпады. Бұлардың Омбыдағылары большевиктерге қосылған Мұқан Әйтпенұлы мен Көлбай Тоғысұлының арасына от жақты. Екеуін жауластырды. «Киімді шайтандардың» әрекеттерінің ақырында Көлбай Мұқанды қаматты. Соңсоң тез Мұқан қамаудан шықты. Енді Көлбайдың үстінен қаралайтын материалдар жинап, Совдеп арқылы Көлбайды қаматтырды.

Омбыда оқып жүрген жастардың 1914 жылдан бері келе жатқан «Бірлік» ұйымының мүшелерінің көбі әбден «Алашорданың» жолына түсіп алған соң, біраз жас «Бірлік» ұйымынан шығып, Совдеп туының астына кірген. Олардың өйткенін айтып кеткем. Кейін толығырақ баяндаймын... Ал «Бірлікте» қалған «Алашорданың» қазақтары Көлбайға аласұрып жабылды. Көлбайдың үстінен қаралап, Совдепке «материалдар» жинап жаудырды. Елде болыстық, билік, старшындық, «партия» аталастарында бірін-бірі қаралауға, өтірік арыз, ұятсыз шағымдары көп көріп ысылып қалған «Алашордашыл» қулар материалдар жинауға қандай ұста болады!

Менің өз басым Көлбайды ақтауға ақтығын білмеймін, қаралауға қаралығын білмеймін. Омбыда жүрген «Бірлік» ұйымындағы «Алашорда» лаңдары Көлбайды Совдепке қаралап көрсетуге материал тапты.

Бұларды қуаттап, Көлбайды жаптырған Омбыда большевиктер жағына шыққан казак-орыс офицері – Прудов деген белгілі казак-орыс. Ол Көлбайды жамандап, Байтұрсынұлын, Бөкейханұлын мақтап газетке сөз жазып шығарды...

Семейдегі «Алашорда», «Сарыарқа» газетіне телеграммалар соқты, «Сарыарқа» газетінің 1918 жылы, 9 апрельдегі 38-ші нөміріндегі басылған Омбыдағы «Жас алаштардың» телеграммаларының түрі мынадай еді:

«Күндіз 11 апрельде Омбыдан «Сарыарқа» басқармасына тағы екі телеграмма алынды. Бірі «Көлбайға қосарланып, Шаймерден Әлжанұлы, Сүлеймен Тоғызұлдары да абақтыға жабылды. Көбекұлының да жабылатын ыңғайы бар. Көлбай бұрын қандай жұмыс істеп жүрген кісі екенін айтып беруге Ермекұлы мен Сәрсенұлын жіберіңіздер. Бірлік болды» [110] деген телеграмма беруші «Кашарский».

«Алаштың» қулары Көлбайдың соңынан сонша түсіп, «ескі атқа мінер» әкелерінің әдетінше жан-жақтан «қаралау қағаз» жинап телергамм соққанда шын аттарын жасырып, «Кашарский» деп қол қояды. Істері адал болса, аттарын неге жасырады?...

Екінші телеграмма ескіше 17 апрельде Омбыда жалпы бұқара кедейлерінің съезі болады. Съез Көлбай жұмыстарына байланысқан мәселелерді қарастырмақ. Съезге Сәрсенұлын жіберуіңізді сұраймын» деген. Телеграмма беруші: «Бірлік».

«Алашорданың кәрілері, жастары болып аласұрып жабылып, Көлбайды қаматты. Көлбаймен бірге Шаймерденді де қаматты. Тағы Ысқақ Көбекұлының соңына түсіп, қаматуға әрекет қылды. Бірақ Ысқақты Қызылжардағы қазақ жұмыскерлері шығарып алуға әрекет қылды. Бірақ чехтардың бунты олардың әрекетін аяқтатпай кетті. Көлбайды жамандайды. Көлбайды айыпты дейді. Көлбай жаман болсын, ал Шаймерден мен Ысқақ төңкеріске белсенді қатысқаннан басқа «Алашқа» қарсы болғаннан басқа не қылды екен? [111]

Көлбай Тоғысовтың кезінде қандай қызмет істеп, түрмеге қалай түскендігі туралы соңғы дерек мынау: «1918 жылдың басында Көлбай Омбы губерниялық кеңесінің атқару комитетіне мүше болып, басқа да қызметтермен бірге Заң комиссары міндетін де атқарады. Осы кезде Батыс Сібірде Колчак өкіметі орнап, олар «Үш жүз» қайраткерлерін қуғындап, қамайды. Ол 1919 жылы Колчак түрмесінде қазаға ұшырайды. [112]

Иә, «Үш жүз» партиясының және оның органы «Үш жүз» газетінің редакторы Көлбай Тоғысовтың өмірбаяны, жүріп өткен жолы әлі күнге дейін толық зерттеліп, бір ізге түсе қойды деп кесіп айту өте қиын. Кезінде ол да қазақтың басқа зиялылары сияқты елі, жері, халқы үшін күрес сахнасына шыққан. Бірақ, өзі таңдаған жолға ол басқа жолмен жетем деп күрескен. Соңынан сол идеяға сенушілерді ерте білген. Өз алдында партия құрып, жоспарлар құрған. Қазақтың негізгі сенері «Алаш» партиясынан да алшақтап кетпеген. Алайда, ХХ ғасырдың басындағы түрлі саяси жағдайлар оларға өз бағыт- бағдарларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет