1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер:
1) қылмыстық теріс қылық жасалғаннан кейін бір жыл;
2) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейiн екi жыл;
3) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейiн бес жыл;
4) ауыр қылмыс, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалғаннан кейiн он жыл;
5) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн он бес жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
2. Ескіру мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап және сот үкiмi заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімдерінің өтуi жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.
4. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзімдерінің өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімдерінің өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап қайта басталады. Бұл ретте, егер қылмыс жасаған уақыттан берi ескіру мерзімі үзілмесе және мынадай мерзімдер:
1) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін бес жыл;
2) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін он жыл;
3) ауыр қылмыс, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалғаннан кейін он бес жыл;
4) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiм өткенге дейiн жаңадан ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаса, ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады. Өзге жағдайларда, егер ескіру мерзімі өткенге дейiн адам қайтадан қылмыс жасаса, әрбiр қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес өтедi.
5. Осы Кодекс бойынша өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмысты жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп таппаса, онда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
6. Бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ескiру мерзiмдерi қолданылмайды.