Іsbn 9965-412-71-5 Иманғазинов М., 2009 кiрiспе а нтика



бет17/20
Дата31.12.2019
өлшемі1,83 Mb.
#54076
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

(“Алпамыс батыр” жыры)

Осы аталған еңбекте асатаяқ турасында тағы да мынадай пікірлер бар: “Сібірлік шаманизмде, - деп жазады Е.М. Мелитинский, - әлемдік ағаш пен шаман арасындағы байланыс өте тығыз, әрі жан-жақты. Шаман әлемдік ағаштың көмегімен адамдар мен құдайларды, жер мен аспанды байланыстыра алады, яғни ол дәнекер, медиатор қызметін атқарады”,- десе, академик Сейіт Қасқабасов, “біздің халқымыздың танымында медиатор – Бәйтеректің, космос ағашының формалық жағынан өзгерген түрлерінің бірі – бақсының қолындағы асатаяғы. Бұл жерде, бақсы асатаяғы мен ертедегі бәйтеректің түбірі бір екені, ол архаикалық мифтегі космостық ағаш екені күмәнсіз деген әдебиеттану, фольклорда осы мәселені арнайы зерттеген маман-ғалымның пікірін ескермеске болмайды”, - дейді.

С.И. Вайнштейннің айтуына қарғанда: “Тувалықтарда шаманның ең басты құралы таяқ болған. Ол тірілтетін қасиетімен қастерленген. Келттерде таяқтың маңызы әлемдік шаман ағашының мәнінде жұмсалған.Ал буряттарда шамандардың қолдарына ұстайтын таяқты хэсе деп атаған.

Н.А. Оңдасынов бұл сөзді өзінің “Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінің” екінші томында былай деп анықтайды: “(асан) аса – таяқ, жіңішке таяқ Мұсаның (О.Моисей) “қасиетті” асасы болыпты-мыс. Мұнда ол асасымен алуан түрлі ғажайыптар жасайды екен. Діни аңызда Мұса асасымен Ніл дариясының суын қақ бөліп, сол жерден өзінің Мысырдағы қауымын алып өтіпті-міс. Араб-иран тілдерінде аса-таяқ, таяқша деген сөз. Міне, осыған қарағанда асатаяқ бір-біріне мағынасы барабар екі сөзден құралған”.

Зерттеуде асатаяқпен бірге асай-мүсейдің мән-жайы да қарастырылған. Айталық, ежелгі грек архитекторы Фидийдің мүсін еңбегіндегі Зевстің сол қолындағы жеңіс құдайы Никаның бейнесі бар шар ұстаған ескерткішін алсақ, мұндағы символ - қандай да бағытта болмасын, яғни аспан, жер үсті, жер асты дүниенің бәрі де, құдайлар мен адамзат, жан-жануар, аң мен жан-жәндіктің бәрі де Зевске бағынышты. Қарсы шыққанның бәрі де Зевстен жеңіліс табады деген мағынада Никаның бейнесін қолынан тастамайды. Бұл көбіне қазақтың асай-мұса дегенге келетін ұғым. Ол асай-мұсайы болмаса, Зевстің бойындағы жетпейтін бір құдіреттілігінің жоқтығы бірден көзге түседі.

Жоғарыдағы аталған еңбекте “Аса-мұса – Мұсаның асасы, таяғы” деп берілген. Мысалы: Жаппар ту сырты мұп-мұздай боп қоя берсе де, қобалжыған жоқ. Бірақ аяғының астынан асай-мұсайын асынып Мүңкір-Нәңкірдің өзі көтеріліп келе жатқандай, өне бойын біздің ұшындай дызылдатып бара жатқан әрі өткір, әрі сұп-суық бір тосын түйсік билеп алды (Ә.Кекілбаев).

Ал енді “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің” бірінші томында бұл сөздерге берілген мына анықтамалар жіктеп талдауды қажет етеді: Аса. Зат. 1.Диуананың қолына ұстайтын ерекше таяғы. Үсті-басы жалба-жұлба, қолында асасы бар диуаналар қазақ ортасында ислам дінін таратушы қожалар болды (З. Шашкин). 2. Ұзын таяқ. Қабырғаға сүйеулі ала таяқтардың арасында сарғыш буынды, бойшаң бұхар асалары көрінді (Х.Есенжанов). Асаймұса заттық-биологиялық ұшқат тұқымдасына жататын қатты ағашты өсімдік. Асаймұса көбінесе тасты, шатқалды тау бөктерлерінде, әсіресе, өрікті тоғайларда өседі (ҚСЭ). Асаймұса зат. Көнеден ұшына үшкір темір орнатқан таяқ. Тақтың сол жағына сүйеген лайықты, келтелеу асаймұса, оны “скипетр” дейді екен (С.Мұқанов). Асай-мүсей зат. Жергілікті ұсақ-түйек, кәкүр-шүкір. Желік беріп, желдіріп отыратын дәрі-дәрмегімізді, асай-мүсейлерімізді әкеліп, ара-тұра көз қырыңызды сала отырыңыз деп, басқа шаруашылығымызға кеттік (“Лен.жас”). Асатаяқ зат. 1. Ұзын таяқ, Асатаяқ. Есікке келген қолында шылдырмақты биік асатаяғы бар диуана екен (М. Әуезов). 2. Асатаяқ зат. Музыка аспап. Дыбысты сілкітіп шығаратын қазақтың көне музыка аспабы. Асатаяқтың бас жағы түрлі өрнекпен әшекейленеді, ұзындығы шамамен 110-130 см (ҚСЭ). Болат Сарыбаевтың зерттеуі нәтижесінде шертер, сыбызғы, асатаяқ, көне қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, дауылпаз үлгілері табылды”.

Герместің қолындағы кадуцейдің өзі де көбіне-көп асатаяққа жақын келетін тәңіриелердің қолындағы құралдардың бірі.

Гермеске байланысты жоғарыда аталған эпитеттер мен аңыздардағы бейнесіне қарағанда, оның хтоникалық тәңіриелердің қатарына қосудың қисыны бар. Оған себеп – “Герместің мифтік функцияларының біреуі – оның өлгендердің жанын жер асты дүниесіне өткізуші жолбасшы болуы. Гермес әлгі жезлін қолына ұстап (осы жезл адамды ұйқыға жібере де, оята да алады) өлгендерді о дүниеге бастап апарады, жалпы алғанда осы жолбастаушылық – мифтік Герместің ең ежелгі функцияларының бірі болып табылады” делінген.

“Гермес жезліндегі (асатағындағы, кадуцейіндегі) біріне-бірі таяқты бойлай оратылған екі жылан да, ең алдымен осы екі дүние арасындағы байланыстырушылыққа қатысты болса керек.

Түрлі халықтар мифологияларын зерттеушілер Гермес тұрпатын анадолылық бастаудан шығуының мүмкіндігін де атап көрсетеді (возможно, малоазиийского происхождения), бұл оның тұрпатын о бастағы гректік емес Арес, Артемида, Аполлон сияқты тұрпаттардың қатарына қояды, сондықтан да біз оның есімінен де әлдебір жаңа мағыналарды іздестіруге мүмкіндік аламыз”.

Ертеде өмір сүрген адамдардың әдеби туындыларды жеткізудегі өзіндік машықтарының ортақ ұқсастықтары, сонау көне замандардағы мифтік ой-санадан жалғасып келе жатқан, құдайлар мен тәңіриелерге сыйынудан бастау алатындығы белгілі болса, бұл дәстүр дами келе, өлең-жырды музыкалық аспаппен орындауға итермеледі. Осы дәстүр арқылы өлең мен жырды халық арасында айту, жеткізу, насихаттау үшін түрлі жанрларға бөлігенінің куәсі болып отырмыз. Ежелгі гректердегі аэдтар мен рапсодтар бiр мекеннен екiншi бiр мекенге барған кезiнде өз дауыстарын кифарамен немесе лирамен сүйемелдей отырып, бiр қалыпты мақаммен осы тайпаның қамқоршылары немесе мифтiк ата-бабалары, құдайлар мен қаһармандар құрметiне әндер мен гимндердi жатқа айтып беретiн болған.Өздерінің шығарған ән-жырларын аэдтар түрлі музыкалық аспаптармен айтып, жеткізген. Жиналған халықтың көңіл қошын аулау мен бір мақаммен айтқанда шаршатып алмау мақсатын көздеген аэдтар қолдарында дауыс ырғағына қарай сыбызғы - спрингс, лира, кифара немесе форминге сияқты аспаптармен орындауды әдетке айналдырған. Аэдтардың қасында өздерімен бірге серіктес адамдар да болған. Қазақтың ерте кездегі сал-серілері секілді, біреулері ән-жыр айтса, біреулері пантомимо жасап, ел ішіндегі сорақылық пен жаманшылыққа әуес адамдарды, жалқаулар мен арамтамақтарды мазақ етсе, тағы біреулері би билеп, қалың елдің көңілін көтеруге күш салған. Бірақ солардың ішіндегі көшбасшысы аэдтер болған.

Эллиндердің рухани мұралары көп жағдайда жыр-өлеңдері осындай жағдайда туып, халық мұраларының ұмытылмай осы кезеңге жетсе, қазақ халқының әдеби мұралары да көп жағдайда осы жайтты басынан өткерді. Қазақ iшiндегi үлкен мереке ұлыс, наурыз немесе бiреудiң үйлену тойы, шiлдехана басқа да халықтың бас қосқан жерiнде импровизатор жыраулар мен жыршылардың ертеректе шығарылған өлең-жырларды халық арасында жиi айтып отыруы - елдiң жадында жақсы сақталуға негiз болып қаланған. Бұл турасында Шоқан Уәлиханов та қалам тербеген. “Қазақтың халық поэзиясының түрлері” туралы деген еңбегінде бұл туралы былай дейді: “Бұл өлеңдер көне Грециядағы Гомердің рапсодиялары тәрізді, жыраулық кәдеге берік ақындар арқылы ұрпақтан – ұрпаққа, рудан-руға жалғасып, халық арасына кеңінен тарайды” деп жазады.

Жыршы, термешi мен ақындар жөнiндегi, олардың эпостық жырларды, аңыз-әфсаналарды өзiндiк бiр жолмен халық арасында тарату турасында М. Ғабдуллин өз ойын төмендегiдей бiлдiредi: “Батырлар жыры халықтың жазу өнерi болмаған кезде туды. Оны жыршы ақындар шығарып, ел арасына ауызша айту түрiнде таратты. Жырдың алғашқы үлгiлерiн кейiнгi ақындар пайдалана отырып, оны көпшiлiктiң тiлегiне сай өзгертедi, өңдейдi. Әрбiр ақын өздерiнiң жырын жұрттың жиналған жерiнде айтқанда бұрыннан таныс әңгiмелердi қайталай бермей, тыңдаушыны сүйсiндiрiп, қызықтыратын жаңадан тың әңгiмелер қосады. Егер тыңдаушы көпшiлiк ақыннан жырды ұзағынан айтуды, батырдың балалық шағынан бастап қартайғанға дейiнгi өмiрiн, ерлiк iстерiн молынан жырлауды өтiнсе, онда халықтың бұл тiлегiмен ақындар санасып отырған. Осы ретте олар жырын бiрнеше күнге созып айтатын болған.

Әрине, жырды ұзағынан айту, бiр оқиғадан екiншiсiн тудыру, әңгiменiң жалпы желiсiн бұзбай молынан қамти жырлау, әрбiр ақыннан асқан шеберлiктi, ақындық өнердi керек етедi.Сондықтан да олар көпшiлiк алдында жыр айту үшiн оған көп даярлық жасаған, ертеден келе жатқан және бұрын жұртқа таныс болған жыр әңгiмелерiне қиыстырып жаңа сюжет қосу жайын көп iздеген. Ертеден келе жатқан жыр сюжеттерiн негiзге ала отырып, оны әрбiр ақын өзiнше жырлаған, жаңадан редакциялаған” – дейдi, өзiнiң “Қазақ халқының ауыз әдебиетi” атты кiтабында.

Байқағанымыздай, екi халықтың әдеби мұраларының шығу, жазылу жайы ұқсас келсе, жырау, ақын – аэд, рапсодтардың арасында, олардың әдеби мұраны жеткiзудегi мәнерi, айту машығы, әдiс-тәсiлдерi көп жағдайда ұқсас, етене жақын екендiгi көзге ұрады. Мұндай ұқсастықтар әлем әдебиетіндегі ақындарға ортақ. Айталық, айтыс ақындары, жазу ақындары көнеден келе жатқан талант иелері болса, олар - әдеби мұраларды жеткізуші, ұрпақтан-ұрпаққа таратушы ретінде халық арасында кеңінен танымал болған. Жыршы – жыраулар, аэд – рапсодтар тек бір ғана өлеңді, жырды жеткізуші ғана емес, яғни, өлең-жыр жанрының аясында қалып қана қоймай, ара-тұра болса да айтыс өнеріне өзіндік үлес қосқан. Қорқыт бабамыздан бастап, кейінгі дәуірдегі өмір сүрген Сыпыра, Қазтуған, Ақтамберді, Бұхар, Дулат және т.б. жыраулардың, Сүйінбай, Шөже, Кемпірбай, Бақтыбай және тағы басқа ақындардың шығармашылығында бұл феномен олардың бойындағы ажырамас асыл қырларының бірі. Бұл тек қазақ әдебиетінде ғана емес, талай халықтардың тәжірибесінде болған жайт.

Жыр-өлеңнің өзі айтыс өнерімен тікелей байланысты жанр екендігі талассыз. Академик Мұхтар Әуезов ақындар шығармашылығын арнайы зерттеп, ол турасында мынадай пікір білдірген: “Айтыс жанры ерте замандарда бір қазақ емес, дүние жүзіндегі көп елдердің тарихында болған. Бүгінгі күнде айтыс Совет Одағында, нақтылы ақындар айтысы түрінде үш елде бар. Ол, қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдері. Ерте дәуірлерде айтыс осы елдердегі қәзіргі дәстүрдей Шығыс, Батыстың көп елдерінде болған. Мысалы, арапта жәрмеңкелерге жиылған ақындардың айтысқан жарыс өлеңдері қағазға жазылып, көпшілік оқуына, сынауына қолайлы етіп, жәрмеңке ортасына ілініп қойылатын болған. Ол айтыс өлеңдерін араптар, мұғаллакат деген. Сол алуандас айтыс өлең Батыс Европаның орта ғасырында: келттерде – фильдер деген ақындарды туғызған. Терістік Францияда труверлер, орталық Европадағы мейстерзингерлер және Скандинавия елдерінде болған “эдалаларды” жырлайтын скальділер – бәрі де айтысқа жүйрік ақындар. Олардың өз өмірінде, бірімен бірі жиі айтысып жүретін болған. Орыс халқының ескілігінде, әрі күлдіргі артистер қызметін атқаратын, әрі ақын-скоморохтар өнері де сол айтыстың талай үлгілерін тудырған. Сол саналған әр елдегі, әр ақындар топтарының қатарынан шыққан мейстерзингерлер және кей дәуірлерде ағылшынның менестрельдері, өздерінің айтыстарын дін тақырыбына да арнап, жарысқа түсетін. Әсіресе шіркеу ішінде, дін тақырыптық айтыстарды көп жүргізген мейстерзингерлер болады. Бұлар айтыстың кейбір жұмбақ-сұрақ түріндегі жарыс-таластары, қазақ ақыны Шөже мен Кемпірбай айтысында келетін дін жұмбағына өте жақын. Шөже Кемпірбайды жеңгенде “уаттари уәззейтуни” деген аяттың мағынасын айт деп қысады. Онысы діндер аңызы бойынша, Мұсаның Син (Синай) тауына шығып, құдаймен жауаптасқанын келтіріп, сондағы айтысқан сөздерін, өлеңмен шешіп бер дегені еді. Кемпірбайда бұны шешерлік білім болмай, жеңіліп қалады. Бұл мысал, қазақтағы, қырғыздағы бұрынғы, бүгінгі мәлім болып жүрген айтыстың кейбір үлгісі, бұрын көп халықтарға ортақ болған үлгі-өрнектер екенін танытады”.

Айтыс көне грек халқында болды. Бірақ, қазақ халқындағы әндетіп, өлеңдетіп, термелетіп айтқаны, эстетикалық талғаммен жеткізу жөніндегі дерек көзі болмаса да, олардың айтыстары көбіне риторика, шешендік өнер арқылы көрінді. Риторика, ділмар, шешендік өнер грек халқында ерте заманнан туындап, жедел қарқынмен дамыды. Оның алғышарты, негізі қоғамдық қажеттіліктен туындап, демократияның жандануына қозғаушы күш есебінде дүниеге келді. ”Риторика” терминдік атауының әуелгі әрі негізгі мағынасы шешендік өнердің теориясы дегенді береді”-дейді, профессор Серік Негимов. “Сондай-ақ сыртқы сымбаты сұлу, мағынасы кемшін қызыл тіл дегенді сездіретіндігі бар. Филология ғылымында риторика мәнерлі сөйлеудің теориясы деп те табылады.

Көне дәуірде шешендік өнердің көркейіп гүлденуінің екі кезеңі болған. Біріншісі, б.з.д. V - ІV ғасырлар, Афина елінде сөзі күннің күркірі мен жалт еткен найзағайындай Периклден бастап даңқты шешен Демосфенге дейінгі уақыт, ал Румде б.з.д. бірінші ғасыр немесе Цицерон заманы.

Атам заманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және теориясы – ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі”.


5.1 Мысал жанрындағы ұқсастық
Мысал - әріден келе жатқан, эпостың шағын да өткір жанры. Мысал жанры көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі әлемнің іргелі ақын-жазушыларының назарында болған, кейін мол ғылыми еңбектердің шығуына себепкер әдеби туынды.

“Осы жанрды теориялық жағынан түсіндіруге онша көп мән берілмеген. Көне дәуірдің ғалымдарының еңбектерінен “Аристотель, Булан еңбектерінен кездестіре аламыз” деген пікірді Г.В. Москвичева айтса, қазақ ғалымы Т. Шаңбаев “Аристотель заманынан бастау алған, негізінен философтар да көңіл аударған, кейіннен Г.Э. Лессинг, В. Перри, А. Потебня, М.Н. Гаспаров еңбектерінен көрініс тапқан”,- дейді.

Бұдан шығатын қорытынды мысал жанрына ең алғаш тұжырымды пікір білдірген Аристотель болса, оның айтқаны мынаған келіп саяды. Негізінен, ғалым бұл жанрды арналы үш теориялық бағытқа апарып тірейді.

“Біріншісі - өзге жанрдан өзгешелендіріп тұруы, айтар ойы ғибрат, тәрбие, яғни мораль болғандықтан, оның философиялық – дидактикалық сарынына қарағанда рационалды бағыт болып шығады.

Екіншісі – негізінен әңгімелеу барысы романтикалық бағыт алуы, типологиялық жағынан мысалдардың шығу тегі ертегілерден бастау алатындығынан.

Үшіншісі – мысал жанрының психологиялық-эстетикалық әсер ету қасиеттеріне қарай, оны психологиялық бағыт”деп ой түюге болады.

Осы үш бағыт бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-бірімен сабақтасып жатқанын аңғару да қиын емес. Мысал жанры жоғарыдағы айтылған жануарлар туралы ертегілермен жақындығы, біріншіден, жас буынға жануар бойындағы жақсы – жаман қасиеттерді көрсете отырып, тәрбие беру болса, ертегінің де өзіндік атқарар ролі ой жүйесін арттыруға өз үлесін қосуы талассыз. Бұған тағы қосылар ой – грек мысалының басында тұрған Эзопқа байланысты мына жайтты айту орынды. Мысал ертегі сарындас болып, оның ішіндегі кейіпкерлердің аң, құс, жан-жануар, жәндіктердің болуы - Эзоптың шығу тегінің құл, жалшы болуынан да іздестіру керек секілді. Эзоп басы байлы қожайынына тәуелділігінен, иесіне “беті мен жүзіне қарамастан”,оның кемшілік-айыбын, озбырлық, қатігездігін, қараулығын бетіне басатын мүмкіндігі мен қауқары болмаған. Сондықтан болар, еріксіз халық арасында кең тарайтын қарапайым ауызекі айтылатын әңгіме, анекдот, қысқа түрде жазылған ертегіге көңіл қойып, негізгі кейіпкерлер - аң, құс, жан-жануар, жәндіктерді мысал түрінде алып, өз туындыларын дүниеге әкелгенге ұқсайды. Осы әрекеті арқылы, өзінің айтып кеткен немесе ел арасында таралған жан-жануар, аң-құс, жан-жәндік кейіпіндегі мысқыл әңгімелері, иронияға толы туындылары кең тарағанда қожайнынан кегін алып, айызы қанады. Халық арасында кеңінен тараған мысалдары арқылы танымал болған Эзоп кейіннен өз иесінен мәңгілік бостандық алып, өз еркімен өмір сүрген деседі.

2005 жылы Алматыдағы “Балауса” баспасынан ақын Оразақын Асқар құрастырған “Эзоп мысалдары” деген еңбектегі алғы сөзде Эзоп турасында: “Мысал жанрының ең байырғы негізін салушы Эзоп” екендігін айта отыра, ол туралы Геродоттың, Плутрахтың жазбаларына кездесетіндігі айтылған.

“Ол ертедегі грек халқының перзенті, Эзоп о баста Самосц Иадмон дегеннің басыбайлы құлы болған (бір деректе Ксанф делінген, Ксанф – кейінгі қожайыны болуы да мүмкін ). Кейінірек басына бостандық алған соң, Лидия патшасы Крезаның сарайында қызмет еткен. Патша оны Дельфияда тұратын бір сәуегей абызға түрлі сый-сияпаттар беріп елшілікке жібереді.

Осы өміріндегі кездердің бәрінде, тумысынан ерекше талантқа ие Эзоп, құл иеленушілердің, патшалардың, олардың сарайларындағы жағымпаз, жемқор, алдамшы, жауыз, сұм-сұрқиялардың өзі күә болып жүрген қылмысты қылықтарын төте әшкерелеп, жазудан, өз басына төнетін қауіптен қорқып, астарлап, әр түрлі хайуанаттар бейнесінде суреттеп жазып та, көпшілік қарапайым халық арасында айтып та жүреді. Көкрегі ояу, көңіл көзі көреген жұрт ішіндегі ақылмандар Эзоптың бейнелеп жүргендерінің шын мәнінде кімдер екенін іштей сезіп, әжуа, ащы күлкіге айналдырып, оларға деген өшпенділік ыза-кегі оянып, зығырданы қайнайды. Ақыры билеуші, бай-манаптардың да санасына жетіп, Эзоптың мысалдарының мәніне үңіле бастайды. Сөйтіп ол мысалдардан өздерінің озбырлыққа құрылған түп негізіне балта шабатын тегеуірінді күшті сезінеді. Ендігі жерде Эзоптың көзін қалай тезірек жоюдың амалын ойластырып, оны “құдайдан безген, дін бұзар” деген жаламен айыптап, нәтижесінде биік жартастан құлатып өлтіреді”.

Билеуші, бай-манаптардың, опасыз, сатқындар мен оңбағандардың, кержалқаулар мен жағымсыз қылықты адамдардың мінез-құлқын әшкерелеуде, мазақ етуге бағытталған шығармалардың негізін қалаған Эзоптың өмірі осылай қайғылы аяқталса да, оның өлмес туындылары талай ғасырлар бойы халықтың ой-көкейінен шықпай, көптеген елдің әдебиетінен берік орын алғанын кәрі тарих жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан келгенде, Эзоптың шығармашылығына тоқталмас бұрын, оның қазақтың арғы ата-бабаларының бірі, Эзоптың замандасы болған – Анақарыспен кездескенін айта кеткен жөн. Эзоптың есімі алғашқы рет қазақтың ежелгі дәуірінде өмір кешкен Анақарыстың есімімен байланысты айтылады. Анақарыс Скифский есімі ежелгі грек әдебиеті мен әдебиетіне етене таныс болғандығын жоғарыда айтқан едік. Ертеде өмір кешкен дана бабамыз өз уақтысында гректің жерінде болып, өз елінің қандай екендігін ойлы да, шешен тілі, болмыс-бітімі арқылы танытып, мойындатып кеткен. Сол сапарында Эзоппен кездескендігі жөнінде дерек сақталған. Эзоп қағытпа, кез-келген адамның мінін бетіне айтатын қасиеті болса, оның бір ұшы Анақарысқа да тиген. Сол қағытпаға Анақарыс та тұщымды жауап беріп, сол ортада қатысып отырған талай даналарды тамсантқан.

Зерттеуші – ғалым Қосымова Гүлбанудың “Қазақ шешендік өнерінің негіздері” деген еңбегінде бұл кездесу жайы төмендегідей өрбиді: “Анақарыс қандай тақырыпта сөз таласына түссе де, өзінің халқына оралмай кетпейді. Ол өз халқының шексіз сүйген және соны мақтаныш еткен адал перзенті еді. Анақарыстың байыпты да ұтқыр жауабы оның философиялық таным деңгейінің тереңдігінен туындап жататын.Осындай пайымдаудың бірі Плутархтың “Жеті ғұламаның серуені” атты еңбегінде келтірілген деректе көрінеді. “Эллада ойшылдары білім жарыстырып, қоғамдық ойды өрбіту үшін, бақ ішінде сейілдеп жүріп пікір таластыратын болған. Сондай кезекті серуенді Периандр ғұлама ұйымдастырған. Оған Фалес, Солон, Питтак, Биант, Хилон, Клеобул және Анақарыс қатысады. Әңгіме Амасис патшаға кеңес ретінде өрбиді”(Т. Жұртбаевтың “Дулыға” еңбегінің бірінші томындағы 154 бетінде). Патша қандай болу керек деген ой-пікір төңірегінде сөз жарыстырғаннан кейін “патша болу кез-келгеннің еншісіне тимейді, ал отбасы әркімде бар, сондықтан үй ішін қалай басқару туралы ой толғасақ”, - деп Диокль ұсыныс жасайды. Сонда Эзоп:

- Егерде барлығы да солай болса, онда сен Анақарысты есепке алмағаның ғой. Оның баспанасы жоқ және сонысын мақтаныш етеді, ол арбаның үстінде өмір сүреді, біресе аспанның сол жағынан көрінетін, өзінің шеңберін шыр айналған Күн сияқты, - деп мысқылдайды.

- Сондықтан да, - дейді іле Анақарыс, - Күн – ең азат құдай немесе құдайдың ішіндегі ең азаты сол Күн. Ол өзінің қозғалыс заңымен өмір сүреді. Әлемнің бар заңына бағынады әрі дербес, өзі патша және өз билігі өз қолында. Ал оның шеңбері әрі ғажап, әрі құдіретті. Сен ғой, Эзоп, байқауымша, мына жер кепені, ағаш пен саз қабырғаны үй деп түсінесің. Бұл ұлудың қабығынан ұлу деп ұққанмен бірдей, ал оның ішінде кімдердің тұратынымен жұмысың жоқ. Сондықтан да, жылтыраған жиһазды көргенде, Солонды мазақ еттің. Крездің сарайы бір күнде тұрғызылмаған.Сырты жылтырағанына сүйінбе, ішіндегі ұялаған бақытқа сүйін. Зады, сен барыстың шұбарлығымен өзінің терісін салыстырған түлкі бикешіңді ұмытып кеттің ғой деймін. Тас қашаушы мен ағаш шеберінің салған затына қарап, оны үй деп ұғасың, ал оның ішінде жылытып тұратын балалардың, зайыбының, досының қызметшілерінің жан жылуын сезінбейсің. Оның барлығы ынтымақпен, парасатпен, ақылмен үйлестірілгенде ғана үйелменге айналады. Тіпті, құмырысқаның илеуі де, құстың ұясы да жақсы да жайлы үй бола алады. Бұл арқылы мн Эзопқа жауап беріп, ал Диокльге емеурін білдірдім, қалғандары өз пікірін айтсын,-деп сөзін аяқтайды. (Т. Жұртбаевтың “Дулыға” еңбегінің бірінші томындағы 185 бетінде).

Эзоптың скифтерді Күнге теңегеніне Анақарыс үлкен астар беріп, Күннің қозғалысы жайлы философиялық топшылау жасайды”. Күн – скифтердің ең құдіретті де ең белгілі Тәңірі екендігі талассыз.

Осы бас қосуда Эзоп сөзге тосылып қалса да, оның әлем әдебиетіндегі мысал жанрының атасы екені де анық. Эзоп тек мысал жанрының ғана негізін қалап қойған жоқ, ол сонымен бірге қысқа да нұсқа сөйлеп, көп ретте ұтымды жағдайда көрінеді. Анақарыспен кездесуі, онымен сөз қағыстыруы былай тұрсын, Эзоптың айтып кеткен, немесе кезі келгенде, табан астында жауап таба қоятын қасиеті жөнінде халық аузында жиі көрініс табады. Осы әдеби мұралардың бірсыпырасы қазақтың баспасөз беттерінде жарияланған да. Эзоп туралы “Қазақ әдебиеті” газетінде Ұлықбек Есдәулет мынадай дерек келтірілген: “Алпысыншы жылдары орақ тілді Оспанхан Әубәкіров “Лениншіл жас” газетіне қазақ сатирасының жай-күйі туралы мақала жазып, “Эзоптан Ислам Шұғаевқа дейінгі сатириктер” деген тіркес қолданыпты. Сөйтсе, мұны оқыған И. Шұғаев “Эзоп деген кім ? Өзі қайда істейді ?” деп сұраған көрінеді. Осы сұрақ қазір де көлденеңдеп қоятыны бар.

Тарихта екі Эзоп болған. Біріншісі – біздің дәуірімізге дейінгі VІ ғасырда өмір сүрген ежелгі грек сықақшысы, мысал жанрының негізін салушы. Аңыз бойынша ол жас кезінде өзінің усойқы тілінен тартыпты, оның әжуасына ызаланған біреулер оны жартастан лақтырып жібереді де, аяғы сынып, өмір бойы ақсақ болып қалыпты деген дерек те бар. Бұл Эзоп өзі бас терісі келіспеген, кейіп-кеспірден жұрдай, басында билігі жоқ құл болған. Сөйте тұра ол өз заманының қияли данышпаны ретінде халықтың құрметіне бөленеді. Эзоптың атақты мысалдары ежелгі Римнің мысалшысы Федр (б.д.дейінгі І ғасыр) мен көне гректің мысалшысы Бабрийден (б.д. І-ІІ ғасыр) бастап, бергі Лафонтен мен Крыловқа, Абай мен Байтұрсыновқа дейінгі талай мықтылардың өңдеуінен өтіп, бүгінгі күнге жетті.

Ал римдік трагик-әртіс болған екінші Эзоп Клодий (б.д.дейінгі І ғасыр) туралы мәлімет мардымсыз”-дейді де, Эзоптың айтып кеткен мысалдары мен даналық сөздерін, афоризмдерін, қысқа әңгімелерін келтірген. Зерттеушілердің шамалауынша, Эзоптың мысалдар саны – 650 болса, ал қазақ тіліне аударылғандардың саны – 73 екен. Сол шығармаларда қазақтың әфсаналары мен афоризмдік қысқа қайырымды, дидактика тұрғысында жазылған әңгімелерінің ішінде формасы мен жанрлық жағы ұқсас, тіпті сюжеттік желелері дәл келетін мұралар ара-тұра кездесетінін айта кеткен абзал.

Айталық, шамамен 1320 мен 1436 жылдары өмір сүрген Сайф Сараийдың “Гүлстан би-т–турки” (“Гүл бағы”) туындысындағы 178 - хиқаяттан тұратын дидактикалық сарында жазылған шығармасында және шамамен ХІІІ ғасырда өмір сүрген Насыретдин Рабғұзидің “Рабғұзи қиссалары” деген еңбегінде мол кездеседі.

Мысалы, Эзоптың “Өгей шеше” атты мысалында: “Бірде Ксанф қасына Эзопты ертіп, дастарханға шөп-шалам алуға бақшашыға барыпты.

Ксанф өзіне керек көкөністерін таңдап алып, енді ақшасын төлейін деп тұрған кезде бақшашы оған:

- Егер сен маған мынаны түсіндірсең осы алғандарыңның бәрін тегін берер едім: мен қанша баптасам да жерге еккен жемістерімнен гөрі арам шөптер басып шығады, неге бұлай?-депті.

Ксанф бұған жауап бере алмай аңтарылып қалады. Сонда Эзоп:

- Егер екінші рет күйеуге шыққан әйелдің үйде өз балалары және күйеуінің бұрынғы әйелінен қалған балалары да болса, өзінен туған балаларына ол – ана, күйеуінің балаларына - өгей шеше болады. Сонда ол, сеніңше, кімнің баласын жақсы көріп, көбірек тамақтандырар еді? – дейді.

- Әрине, өз баласын, - деп жауап беріпті бақшашы. Міне, жер де сондай. Өзінен туған өсімдіктерге ол ана да, сенің еккендеріңе өгей шеше емес пе? – депті сонда Эзоп.

Рабғұзи мысалындағы төмендегі хиқаят сюжеті дәл Эзоптың шығармасындағы мазмұнды қайталамаса да, адамды ойлантар, тәрбиелік жағы басым, сонымен бірге шешендік өнердің үлгісі афоризм тұрғысындағы жазылған, қысқа болса да нұсқа шығарма екендігін көрсетеді.

“Хазірет Лұқпанға қожасы бидай ек деп бұйырады. Бұл кісі арпа екті. Қожасы айтты: “Мен бидай ек десем, арпа егіпсің”. Хазірет Лұқпан айтты: “Олай болса, не үшін жамандық жасап жақсылықтан үміт етесіз?”. Бұл әңгімеден кейін қожасы жаман істен тыйылды.

Сайф Сараийдың “Гүлстан би-т–турки” (“Гүл бағы”) туындысында: “Бір уәзірдің бір біліксіз ұлы бар еді. Оны алып ғалымның қолына береді: “Баламды тәрбиеле, тәрбие алса ақылы кірер”, - деді. Ғалым біраз тәрбиелеп көрді, оған тәрбие қонбады. Сонда ғалым айтты: “Бұл баланы әкесіне апарып салыңдар. Сәлем айтыңдар: “Балаңды қанша тәрбиелесем де, ақылды болатын емес, оның есесіне мен ақымақ болуға айналдым”- деген екен.

Тағы бір әңгімесінде: “Бір кісінің үйіне ұры кірді. Іздеп, алатын ештеңе таппады. Үйден ренжіп шықты. Үй иесінің бір кілемі бар еді, ол кілемнің үстінде жатқан. Ұрының ренжіп бара жатқанын көріп, бос кетпесін деп кілемін оған берді” – деп келетін қысқа әңгіме Эзопта да жоқ емес.

Мәселен, Эзоптың айтып кеткен деген тағы бір мысалында: “Бір жолы көшеде Эзопқа қала әкімі жолығып қалып, қайда бара жатқанын сұрайды.

- Қайда бара жатқанымды білмеймін! – деп қисық жауап береді Эзоп. Қаланың бастығы ол өзін мазақ қылып тұр деп ойлап, шамданып қалады да, сақшыларды шақыртып, Эзопты түрмеге жабуды бұйырады. Олар қолын қайырып әкете бергенде Эзоп:

- Мен саған айттым ғой! Көшеде кетіп бара жатып түрмеге түсетінімді мен қайдан білейін? – деп ышқына айқайлапты. Эзоптың тапқырлығына таңқалған әкім оны табанда босаттырып жіберген екен”.

Рабғұзидің “Қисса-сул әнбиясындағы” тағы бір қиссасында Лұқман хәкім турасында мынадай хиқая бар:

“Лұқман хәкімге патшасы: “Жақсы ет ас, жоғары мәртебелі қонақтар келеді” деген екен. Лұқман хәкім қой сойып, жүрегі мен тілін асып береді. Біраз уақыт өткен соң, патшасы: “Келетін қонақтар нашарлау, жаман ет ассаң да болады” деген екен. Бұл жолы да Лұқман хәкім, қой сойып, жүрегі мен тілін асып береді. Патшасы мұның мәнісін сұрағанда: “Тәтті болмақ та тіл мен жүректен, ащы болмақ та тіл мен жүректен” деп жауап берген екен.

Рабғұзидің аталмыш қиссасындағы хиқаяға ұқсас, айтар ой мен идеясына ұқсас Эзоптың “Әрі тәтті, әрі ащы” әңгімесі бар. Оқиға желісі төмендегідей келеді: “Бірде Ксанф Эзопқа үйге достары қонаққа келетінін айтып, ең бір дәмді тағамды дайындап қоюды тапсырады.

- Қонақтар келгенде дүниедегі ең мықты тағам дайын тұрады, - дейді Эзоп саспай. Сөйтіп ол базардан тіл сатып әкеліп, қонақтарға қуырып береді. Қонақтар соншалық сүйсініп жей қоймайды.

Дүниедегі ең мықтының түрі осы ма? – деп Ксанф көңілі толмай, ашу шақырады.

- Иә, - депті Эзоп, - дүниеде тілден артық ештеңе жоқ. Тілсіз сен дүниеде ештеңе де істей алмайсың: айтарыңды айта алмайсың, ешкімге бұйыра алмайсың, бере алмайсың, ала алмайсың, мемлекет те құра алмайсың, онда тәртіп орнататын заң да шығара алмайсың, бәрі-бәрі, оның ішінде сенің философияң да бар, тілдің арқасында өмір сүреді, Ксанф!

Эзоптың бұл сөзіне қожасы да, оның қонақтары да ештеңе айта алмапты.

Келесі күні Ксанф тағы да достарын қонаққа шақырып, Эзопты сынау үшін:

- Енді бүгін базардан ең дәмсіз тағам сатып әкел, - деп бұйырыпты. Эзоп тағы да тіл әкеліп, пісіріп беріпті.

- Кеше сен дүниедегі ең дәмді тамақ – тіл демеп пе едің, бүгін енді оны неге ең дәмсізге санап отырсың? – деп мысқылдапты Ксанф.

- Өте дұрыс айтасың, қожайын, - деп жауап беріпті сонда Эзоп бүлк етпестен, дүниеде тілден жаман не бар? Ерегесті де, төбелесті де бастайтын сол, алдау, арбау, қызғаныш, өсекті себетін, айтыс, тартыс, соғысқа апарып, жұртты қыратын да осы тіл емес пе? Міне қазір, Ксанф, сенің өзің де тілдің көмегімен мені сөгіп тұрған жоқпысың?”- деп жауап береді.

Жоғарыдағы мысал жанрының басында тұрған гректің Эзопы мен қазақтың ерте кезеңіндегі Сайф Сарайы, Насыретдин Рабғұзиі өздерінің шығармаларындағы адам бойындағы жаман қылықтары мен сорақылықтарын ащы тілмен түйреп, өздерінің шешендігін ғана емес, асқан дидактикалық-тәрбиелік мағынадағы бағытты қолдайтындығын байқау қиын емес. Осы тұрғыдағы жазылған шығармалардың ішкі мазмұнына мән берсек, ондағы айтылған оқиғалар мен негізгі кейіпкерлері әр деңгейдегі адамдар. Олардың қылығы мен сөздері арқылы шығарманың идеясы мен көркемдігі ашылып, өлеңнен гөрі қарапайым, қысқа прозалық тілмен жазылғандығы басым екендігін байқаймыз.

Академик Зейнолла Қабдолов мысал жанры турасында мынадай пікір ұстанған: “Мысал – эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанат, кейде зат туралы жазылады да, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік, күлкіге, келекеге, мазаққа айналдырылып, сықақпен саналады. Мазмұны бүкпелі болғанымен, идеясыз астарсыз, ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді.

Ежелгі Грециядағы аты шулы Эзоп (б.э.б. VІғ.) шығармаларын өз алдына қойғанда, мысал көне дүниеден күні бүгінге дейін көбіне өлеңмен жазылып келеді: Италияда Федр, Францияда Лафонтен, Германияда Геллерт, Англияда Мур, Россияда Крылов, қазақта Абай – бәрі солай жазған. Біздің тұсымыздағы мысалшылардан Сергей Михалков пен Асқар Тоқмағамбетовты бөліп айтуға болады” – дейді.

Бұл пікір жоғарыдағы берілген мысалдардың түр мен формалық жағынан дәл келетін лайықты баға мен әрі теориялық анықтама. Өйткені жоғарыдағы мысалдар әрі қысқа да нұсқа жазылған шығарма. Сонымен бірге, шығарманың өн бойындағы негізгі сарын – сын мен сықаққа, сатираға толы, адам бойындағы міні мен кемшілігі әшкереленген.

Мысалдың түп-төркіні ауыз әдебиетіндегі ертегілерде қалыптасса да, оның әбден тәжірибе мен тезден өткен формасы жоғарыдағы Эзоп пен Федр, Бабрий, кейінгі кезеңде өмір сүрген европалық, орыс жазушы-мысалшылар - Лафонтен, Лессинг, Хемницер, Крылов, ежелгі және кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі Сайф Сарайи мен Рабғұзи, Дулат пен Ыбырай, Абай, Ахмет Байтұрсынов және т.б жазушылар өзінің шығармаларында пайдаланған.

Рас, мысалдың дүниеге келуінен бастап осы жанрдың өзі жақсы-жаман қасиеттерді айыру, ізгілікке ұмтылу, адамгершілік қасиеттерді уағыздау болса, оның сюжеті де, формасы да өзгеріп, дамып отыратыны, өзіндік эволюциялық жайды басынан өткеруі заңды құбылыс.

Қоғам мен заманның өзгеруі мысалдың өзін түрлендіреді. Қоғамның дамуына мысалдың қажеттілігі ауадай қажет десек, оның терең қайшылығын, өмір шындығын, қуат күшімен аса мол мүмкіндігі бар сатира мен ирония арқылы бүкіл адамзатқа ой салатын күшті жанр екендігін әдебиет қайраткерлері мен ойшылдар әлдеқашан дәлелдеген. Мәселен, орыстың ұлы сыншысы В.Г. Белинский бұл жанрды: “Сатираға суғарылған – поэзияның нағыз ерекше жанры” десе, академик З. Қабдолов бұл жанрды “Мысал адамгершілік мұқтаждығын өтеу мақсатында жанр ретінде әдебиет арнасына тоғысты”- дейді.

Мысалдың құрылымы да әрқалай, ол кейде прозалық шағын әңгіме болып жазылады, кейде өлең жолдарымен де өрнектеледі. Прозада көбіне – көп ойдың айқындығы басым болса, өлең немесе поэзия тілімен жазылған шығармада көркем суреттер мол болады. Эзоптың шығармалары кейде өлеңмен, кейде прозалық, қара сөзбен жазылған. Жоғарыда Эзоптың шығармаларының қара сөзбен жазылғанын көрсек, оның бірқатары өлеңмен жазылған формасы да кезігеді. Мысал өлеңдердің поэмалар секілді кіріспеден, оқиға өрбуінен, шиленісуінен және шарықтау шегі мен қорытындыдан тұратын болса, Эзоптың өлең түріндегі жазылған, орыс және қазақ әдебиетіне етене таныс “Қасқыр мен қозы” , “Қарға мен түлкі”, “Түлкі мен жүзім”, “Құмырысқа мен шегіртке” және тағы басқа да мысалдары бар.

Славян-грек-латын мектебінде оқып жүрген тұста, осы мысалдардың бірқатарына кезіккен орыс мысалшысы Иван Крылов, оны орыстың өмір – тұрмысына, ойлау ерекшелігіне, сөз саптауына лайық етіп, кейін осы мысалды жазып шығады. Мұның ішіндегі аса белгілісі - “Қарға мен Түлкі” мысалын Ахмет Байтұрсынов өзінің “Қырық мысал” жинағында қазақтың қарапайым, кәдуілгі халыққа етене жақын сөздерімен, өлең формасындағы шығармасын жазады. Мысалда, ірімшік тістеген қарғаны көріп, оның олжасын алдап әкету үшін түлкі былай деп сайрайды:


“Тамаша қарағанда түрің қандай!

Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандайІ

Гауһардай қанаттарың жарқырайды,

Келісті қалай біткен және маңдай!

Көркемдік сипатыңнан табылғандай,

Дауысың да болса керек шырын балдай.

Көптен – ақ дауысыңды естісем де,

Болған соң келе алмадым жерім шалғай.


Нұрыңды күн секілді көріп тұрмын,

Шыдамай бойым балқып, еріп тұрмын.

Дауысыңды тым болмаса бір шығаршы,

Естуге құмар болып, ұйып тұрмын”- деп мақтайды.

Өлең жолдарына қарап, түлкінің қарғаны келеке етіп тұрғанын көреміз. Әйтпесе, қарғада ондай сұлулықтың ешқандай белгісі де жоқ.Түлкі табиғатында қандай қу болса, ақын оның тілінің сондай майдалығын, әккі, қу екендігін көрсету үшін, желдей есітеді. Ал оның әр сөзінің астарындағы басты мақсат - қарғаның ауызын аштырып, ірімшікті қағып алу болса, қарға түлкінің мазағын шын көріп, имандай сенеді.
“Өтірік мақтанға қарға еріп,

Қарқ етті пәрменінше жағын керіп.

Ірімшік қарқ еткенде жерге түсіп,

Жеп алып, түлкі кетті жортып-желіп”-деп, аяқталады. Түлкі мен Қарғаның оқиғасын ақын сатиралық образ жасаудағы бір тәсілі – сарказмді шебер пайдаланған. Өйткені күлкіге ұшырап қаламын – ау деген ойды қаперіне ілмеген ақымақ адамның, құр бос мақтанға желігіп, өзінің аузындағы асынан айырылып қалатын осы типтес категориядағы пенде аз ба? Осы образдағы адамдардың құр кеуделік, бөспелік пен мақтан құмар қасиеттері ерте заманда, өткен заманда, қазіргі заманда да бар болса, осы жиіркенішті әдет пен қасиеттен аулақ, қашық болуды өсиет еткен мысалшылардың туындылары қанша уақыт өтсе де өлмек емес.

Шығармалары мен өмірі аталып өткен, фригиядан шыққан ұсқынсыз құл Эзоп құрастырып жазып кеткен деген мысал жанры грек халқының арасында аса белгiлi әдеби мұралардың бiрi. Қазіргі әлем әдебиетінде мысал жанрының қалыптасуына Эзоптың енгізген еңбегі айтарлықтай. Ежелгi деректерде ауыз әдебиетiндегi мысал жанрының негiзiн қалаған да осы Эзоп болса, осы автордың қолынан шыққан болар дейтiн жорамал бойынша, жазып кеткен мысалдарының өзi - 426 тарта болса, басқа деректе - 650. Сол мұралардың iшiндегi қазақ әдебиетiндегi ең белгiлерi “Қасқыр мен қозы”, “Қарға мен Түлкi”, “Бақа мен өгiз”, “Шегiртке мен құмырысқа”, “Қасқыр мен Тырна” т.б шығармалар. Бұлардың iшiндегi кейбiр шығармаларды қазақтың белдi ақын-жазушылары - Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мәжит Дәулетбаев, Спандияр Көбеев қазақ тiлiне тәржiмалады.

Кейiнiрек мысал жанрының қалыптасуына кейбiр сөз зергерлерi жiтi көңiл бөлiп, оны басқа да әдеби формалары мен жазылу әдiстерiн өмiрге әкелдi. Мәселен, б.д. д I ғасырда өмiр сүрген римдiк ақындар Федр және б.д.д II ғасырда өмiр сүрген Бабрий әлем әдебиетiндегi мысал жанрына өзiндiк қолтаңбаларын қалдырды. Осы кәусар бұлақтан шығармаларына шұрайлы сюжеттер мен эпизод жолдарын тапқан, өз тұсында мысал жазған, замандастары iшiнде әлем әдебиетiне есiмдерi белгiлi, жаңа тұрғыдағы мысалшылар - Франциядан Лафонтен, Германиядан Лессинг, Ресейден И. Хемницер, А. Измайлов, И. Крылов, А. Пушкин және т.б. шықты.

Антика дәуiрiнде өмiр сүрген авторлардың iшiнде мысал жанрының кейбiр үлгiлерiн Гесиодтың “Еңбек пен күндер” шығармасында, сонымен бiрге паростық, VII ғасырдың басында өмiр сүрген Архилохтың да еңбегiнде кездестiремiз. Архилохтың мысалының iшiнде, бiзге үзiндiлерiмен ғана жеткен “Қыран мен Түлкi” жөнiндегi мысалды Эсоптың құрастырған мысалдарында да ұшырасамыз.

Ал Гесиодтың “Еңбек пен күндер” шығармасында, “..күллі бақыт пен рахат атаулыдан кейін, адамдар мамыражай өмір сүріп, олар құдайларша дәурендеп, Жер Ана оларға еңбексіз барын беріп “сары майды санынан, ақ майды аузынан” ағызған алтын ғасырдан кейін, ақырындап құлдырау күміс және мыс ғасырлары басталған. Адамдар үшін азғантай да болса тиімділік әкелген “Батырлар” ғасырынан кейін көптен күткен ең соңғы бесінші ғасыр “темір” ғасыры да келді, бұл ғасыр - жалғандық пен зорлықтан тұратын ақының өзі өмір сүрген ғасыры, ол мынандай шешімде болады “мұндай жан түршігерлік ғасырда өмір сүргеннен сүрмегеннің өзі жақсы”-дейді. Бұл турасында Гесиод дәуірлестер өмірі жайында “Бұлбұл мен қаршыға” мысалын айтады (бізге алғаш танымал болған мысалы):


“…Патшаларға айтамын бұл мысалды үлгі болар,

Бірде бұлбұлға айтады қаршыға жан алар.

Қандауырымен қысып байғұсты, шарықтапты аспанға,

Қысылған тұтқын оған жалынышпен бас ұрар.

Қаршыға оған тәкәппарлықпен үн қатты:

“Топас неме айқайлама” сені ұстап тұр, ең мықты.

Жақсы әнші болсаң да, апарамын өз жағыма,

Болмаса жеп қоямын, оған ешбір налыма…” .



(Гесиод. “Еңбек пен күндер” шығармасынан)
Бұл мысалда әлеуметтік-тұрмыстық өмір, адамдар арасындағы қарым-қатынастар аллегориялық жолмен бейнеленген. Патшалар және тағы да басқа ақсүйектер өз қолдарында тізгінді берік ұстап отыр. Тексіз, қолында билiгi бар адамдар қабілетті де дарынды адамдардың өзін өздерiне тәуелді де кіріптар етiп, бейшара күйге ұшыратады. Олар билiк басындағы мықтылдардың алдында әлсіз көрiнедi. Біз бұл жерден ақының өз сөзі жүйесінен “өнерпаздардың” өзіне көрсеткен зорлығын да байқаймыз. Бұдан Гомердің Ферситпен болған оқиғаны еске түсіреміз. Онда тектілікке қарсы тұрған әлсіз әрекет жөнінде сөз болған еді, оны ақын күлкілі мысал түрінде байлардың, яғни басқарушы топтардың көзқарасын көрсетіп отыр. Гесиод өмір сүріп отырған тәртіпке өз қарсылығын ашық түрде жариялап отыр. Бұл дәлел әлеуметтік қарым-қатынастардың қаншалықты дәрежеде өзгергендігі жөнінде айғақ беретін бірден-бір мысал. Гесиодтың көптеген көзқарастары өмірден түңілушіліктен құралған, бірақ оның түңілушілігі, үмітсіздікке бой алдырмайды. Ол құдайларға сенеді және беріктiк пен сенiмдiлiк медеуді еңбектен табады. Жалғандықтың дәуірлеп, салтанат құрылғанда, зорлыққа Гесиод ақиқатты қарсы қойып, оның күш алмауына үлкен шығармаларын арнайды.
“…Сен Перс, мұны жүрегіңе өте жақын ал.

Зорлықтан қаш, Ақиқатқа бол адал”–деп, сөзiн арнайды.


Ежелгi гректердiң халықтың поэтикалық шығармашылығындағы мысал жанрында (барлық басқа да алғашқы дәуiрдiң поэзиялық үлгiлерiндегiдей) синкретизм жақын, яғни мысалдар кейде әуенмен, бимен және т.б. ойындық, ритмикалық дене қозғалыстарымен бiте қайнасып тұрады.

Мәселен, жұмысшы, егiншi, жүзiм жинаушы, немесе басқа да еңбек етiп жүрген адамның әр қозғалыс тактысы әуенмен, әндермен сәйкес келуi керек. Мұндай әндердiң кейбiр үлгiлерi Аристофанның “Бейбiтшiлiк” комедиясында, Плутархтың еңбегiнде, б.д..д VІІ ғасырда айтылып жүрген лесбостық жұмысшы әндерiнiң iшiнде мысалдардың бiрнеше жолдары сақталып қалған.


5.2 Гесиодтың өмірі мен шығармашылығы және ондағы қазақы сарындар

Ежелгі грекиялық әдеби даму үрдісінде мифологиялық сарында жазылған шығармалардың халық арасында айтылғанымен, оның бірте-бірте тәрбие құралы есебінде, дидактикалық-мораль тұрғысында пайдалану өрістей бастаған жайт - шамамен б.д. д. VІІІ – VІІ ғасырлардың ішінде болған үрдіс. Ал сол заманда өмір кешкен, осы жанрды өрістетіп, дамытқан, гректің аса белгілі қаламгердің бірі – Гесиод.

Гесиод шығармаларының дидактизм сарынында жазылуы-сол уақыттағы заман талабы еді. Қоғам мен заман талабы бірге өрістесе, ертеде айтылып жүрген эпикалық шығармаларға тек адам тәрбиесіне қажетті материал есебінде қарайтын кезең туындағанда, мифологиялық шығармалар екінші қатардан орын алған кезең Гесиодтың заманында да болған.

Архаикалық кезеңде мифтік шығармалардың көтеретін аса ауыр салмағының бір бөлігі, бұл – ру-тайпалық одақтардың пайдасына шешілу мақсатында, өз ата-бабаларының тегі сонау тәңірие-құдайлардан бастау алатындығын таныту, елге мойындату еді. Енді бұл үрдістің бірте-бірте әлсіреп, саналы қоғам қалайда өзінің ата-бабасына жүгінуден гөрі, тіршілік қамын күйттеп, еңбек арқылы өмір сүруді көздеген кезеңде, мифологиялық ой-санадан арыла бастайды. Міне, осы тұста тәрбие-дидактикалық әдеби шығармаға қажеттілік туындағанда, Гесиод өзінің “Еңбек пен күндер” атты дидактикалық шығармасын жазады.

Шығарманың шығу тегіне мән берсек, “Еңбек пен күндер” нақты өмірдің талабынан туындаған шығарма екендігін аңғарамыз. Гесиодтың әкесі Кіші Азиядан гректің Беотия қаласының маңындағы Геликон тауының баурайындағы Аскре ауылына келіп тұрақтайды. Беотияның табиғаты адамға сұрықсыз, кейіпсіз сезім ұялататын. Гректің мәдени өмірінен алыста, үш жағынан тау қоршаған, ал төртінші жағы үлкен саз, батпақты жерде орналасқан елді мекенде Гесиодтың балалық шағы өтеді.

Беотия - гректің Кадм атты қаһарманының есімімен тығыз байланысты, өйткені Беотияның негізін гректің атақты қаһарманы Кадм қалаған еді. Кадм туралы мифке көңіл қойсақ, оның сюжетінде Зевс бұқа кейіпінде келіп, Сидон патшасы Агенордың қызы Европаны ұрлап әкеткеннен соң, патша үш баласына қарындастарын іздеп әкелуін талап еткендігі турасында жоғарыда айтылған. Дегенімен, тақырып аясын айқындау үшін айтар болса, оның қысқаша мотиві төмендігідей келеді. Агенор ұлдарының үлкені - Фойникс, ортаншысы - Киликс, кішісі – Кадм қарындастары Европаны іздеп, әбден табандарынан таусылады. Европаны Зевстің өзі ұрлап әкеткені анық болған соң, үйлеріне қайтуды намыс көрген Фойникс – Финикияның, Киликс – Киликияның негізін қалап, сол елде тұрақтап қалады.

Кадм қарындасын жалғыз өзі іздеп шығады. Бірақ еш нәтижеге жетпеген Кадм, біржолата еліне қайтпауға бел шешіп, жат жұртта қалады. Ол үшін қасиетті Дельфыға барып, Аполлонға тәу етеді де, қай елде қала салуға болатынын сұрайды. Аполлон Кадмға аян береді. Кадм Дельфыдан шыға сала, алаңқайда өзімен-өзі жайылып жүрген аппақ қардай сиырды көріп, соның артынан ереді.Талай жер жүріп, бір уақыт көк шөпке жайғасқан сиырдың орнына Кадм қала іргесін қалап, Аполлоның айтқан кеңесi бойынша, сол жерді Беотия деп атайды. Яғни, “сиыр жайғасқан жер” Кадмның тұрақтайтын мәңгілік мекені болмақ. Аңыз таза грекиялық миф десек те, оның сюжетінен қазақы сарынның иісі шығып тұрғанын айтпасқа болмайды.

“Егемен Қазақстан” газетінің бетінде белгілі ғалым, академик Ғарифолла Есімнің “Әулие” атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Сол еңбекте Райымбек бабамыздың әулиелігі сөз болған. Жоғарыда аталған аңыздағы Кадмның тұрақтайтын мәңгілік мекені Аполлонның аяны бойынша, аппақ сиырдың жайғасқан жері болса, Райымбек бабамыздың да ақ түйенің шөккен жерінде өзінің мәңгілік мекені болмақ. Мұндағы айтпағымыз - екі әулиенің де жануарларды пір тұтып, оларға болашақтағы мәңгілік тұрақты анықтауға аса маңызды миссияны жүктейді. Екі жануар да әулиелердің абстрактілі – визуальды түрдегі тапсырмаларын жүзеге асырып, өздері де сол жерде қалып және сол тұрақтаған жерлерін қалың ел тұратын, сулы, нулы жерге айналады.

Ғарифолла Есімнің аңызында: “Райымбек ата Нарынқол өңірінің Сарыжаз деген жерінде қатты ауырып әл үстінде жатады. О дүниеге қарай бет бұратынын сезген соң: “Сүйегімді ақ түйеме артыңдар. Сол шөккен жерге мені қоясыңдар”, - дейді. Түйе Сарыжаздан шығып, неше күн жүріп отырып, Алматыға бірақ келген екен. Ол туралы Сабалы жырау өз өлеңінде суреттеген.

Ел жадында сақталған бұл әңгімеде Райымбек өз өлімін болжаған, тәні қай жерде зират болып қалатынын сезген. Болжам орындалды. Сезім қателеспеді, бүгінде бабамыз, өзі айтқандай, ұзын жолдың үстінде тыныш тапты. Демек, бұл ұзын жолды “Райымбек даңғылы” демей, ендігі жерде “Райымбек жолы” деп атаған дұрыс болар. Осы тұста Иран еліндегі бір әулиенің ұрпақтарына қалдырған өсиеті есіме түседі. Ирандағы аса көрнекті діни орталық болып есептелетін Құм қаласында бай қолжазба қоры сақталған кітапхана бар. Оның негізін қалаған, яғни қолжабаларды жинап, осы іске бар ғұмырын арнаған әл-Машшари деген әулие. Сол кісі дүниеден өтерде ұрпақтарына мынандай өсиет айтыпты. “Мен дүниеден өткен соң, мені осы өзім негізін салған кітапхананың табалдырына қойыңдар. Мен білім іздеген жанға табалдырық болып жатайын”, - деген екен. Өсиеті орындалды, ол кісі кітапханаға кірер табалдырықтың сол жағына жерленген. Кітапханаға енген адам оған дұға оқып барып өтеді. Сол сияқты Райымбек бабамыздың ниеті де ұзын жол бойында жолаушыларға тілекші болып жату еді, мақсаты орындалды”,- дейді.

Райымбек бабамыздың да болжағаны дәл келіп, өзі айтқан ұзын жолдың үстінде мәңгілік тұрақ тауып, сол жер қазақтың, жалпы ниеті дұрыс адамдардың қасиетті орнына айналған.

Аталып өткен Кадмның басынан өткен оқиғада Аполлонның әулиелігі анық көрінген. Кадмның тұрақтаған жері грек халқының қасиет дарыған орын.Тіпті жазу-сызудың, түрлі ғылымдардың негізі де осы жерде туып, қаланып, гректің басқа да полистеріне тарған. Өйткені, грек аңыздарына сенсек, Аполлоның тоғыз музаларының тұрағы осы Беотияның маңындағы Геликон мен Парнас таулары. Гесиод осы жерде туып-өсіп, өзінің туындыларын осы қасиет дарыған жерде жазған. Антика әдебиетін зерттеуші ғалымдар Н.А. Чистякова мен Н.В. Вулихтің “История античной литературы” деген еңбегінде Гесиодтың тұрағы былай деп суреттеледі: “Беотия, где вырос и провел впоследствий всю свою жизнь Гесиод, представляла собой сельскую местность, почти полностью изолированную остального греческого мира, окруженную с трех сторон горами, а с четвертой замкнутую большим болотистым озером. Ее население – земледельцы и пастухи, вело суровую борьбу за существование. Но это суровая страна с древнейших времен славилась своими поэтическими преданиями и своеобразным керамическим исскуством. Все творчество Гесиода навеяно и проникнуто мотивами беотийского фольклора, в котором ведущую роль играли Музы, обитавшие, согласно легенде, на Геликоне и на Парнасе. Пастух и землепашец Гесиод, как он рассказывает сам, впервые по указанию Муз ввел в поэзию повседневную жизнь. О своем посвящений в рапсоды он рассказывает так: однажды, когда он, измученный зноем, задремал возле пасущегося на Геликоне стада, к нему подошли Музы, взяли у него пастушеский посох и вручили посох из лавра, вдохнули дар священных песнопений и приказали идти и поучать людей. Свою пророческую миссию Гесиод воспринимает в полемике с гомеровской поэзией, объявив повествование о героических деяниях прошлого лживой выдумкой. Музы говорят Гесиоду:
Много умеем мы лжи рассказать за чистейшую правду.

Если, однако, хотим, то и правду рассказать можем!” .


Геликон тауының баурайында мал бағып жүріп, күннің ыстығынан әбден мезі болып, шаршаған Гесиод көлеңкеге барып, мызғып жатқанында, түсінде Музалар оған аян беріп, қойшы таяғының орнына, лавр жапырағы оралған асатаяқы ұстатып, ән-жыр айтудың қасиетін бойына дарытады.

Қазақтың діни аңыздарында адамдардың пайда болуы Адам-Ата мен Хауа-Анамен байланысты болса, олар ең алғаш араб жеріндегі Каснун тауына түсіпті-міс. Ақжан әл-МашанидіңӘл-Фараби және Абай” еңбегінде: Каснун тауының басында, бірнеше жерде ерте заманның ескерткіші бар. Анау тұрған ақ күмбез ертедегі аңыз бойынша адам баласы Әбілдікі болса керек, Адам – Ата мен Хауа ана алғашқы рет жер бетіне осы аймаққа түскен: бұл қасиетті әулие жер. Алғашқы өнер де, ғылым да осы жерден басталған. Соған дәлел бірінші алфавит осында пайда болыпты. Ертедегі обсерватор орны да осында деседі”- дейді.

Академик В.М. Жирмунский өзінің “Сравнительное литературоведение. Восток и Запад” атты еңбегінде осы жоғарыдағы таңғажайып құбылысқа орай арнайы ғылыми мақала арнаған. Онда Гесиодтың басынан өткен оқиғаға байланысты Европа елдерінде де бар мотив екендігін тілге тиек етеді.

“Новоевропейская поэзия в период Ренессанса и классицизма XVII – XVIII вв. унаследовало сходный комплекс образов и представлений от поэзий античной. Музы и Аполлон “вдохновляют” поэта, т.е. чудесным образом сообщают ему твоческий “дар”, “прызывая” его к своему служению (“Пока не требует поэта к священной жертве Аполлон”). Соответственно этому двойной смысл имеют и самые слова “признание” (ср. франц.vokation, нем. Ruf, Beruf, англ. Call и т.п.) и поэтический “дар” (франц. don, нем. Garde, англ. Gift и т.п.). В приписываемой Гесиоду “Феогоний” (VIII - VII вв. до н. э.) рассказ о призваний народного певца-сказителя. Музы обучили пастуха Гесиода своим дивным песням “в те времена, как овец под святым он пас Геликоном”. Они вручили ему жезл, вырезанный из пышного лавра (лавр посвящен Аполлону, а жезл – знак отличия греческого рапсода), и они “вдохнули” в него “голос” (ελεπυ εσ όάϋ αεμοαυδηΰ) В дальнейшем в эллинистической и в латинской поэзий, как и новоевропейской, это “посвящение” и “дар” становятся традиционной метафорой индивидуального поэтического дарования и высокого общественного служения”.

Бұл мотив қазақтың мифтік мұралары мен ертедегі айтылып жүрген әфсаналарда, жыр-толғауларда да ұшырасады. Мәселен, бұл жайт көне дәуірден беріде өмір кешкен, бойына ерекше қасиет дарыған Қаблиса жыраудың, айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбайдың, жыр жампозы Жамбылдың, Жетісудан шыққан Бақтыбайдың және тағы басқа да ақын-жыраулардың басынан өткен таңғажайып оқиғаларды зерделі қауым жоққа шығармайды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жанқара Дәдебаев бұл құбылысқа орай пікірін былай деп білдіреді: “Өмірдің түрлі саласында, түрлі кәсіп аясында ірі табыстарға, нағыз шеберлік биігіне жету үшін қажетті нәрсе, негізінен, мынадай: талап, білім, еңбек, тәжірбие” болса, дей келе, ақындық жолға, нағыз, шынайы ақындық жолға түскен адамның жөні бір басқа нәрсе”- дейді. Әлемдік ақындық өнер тарихы беретін деректерге қарағанда, ақындық өнер кісі бойына оқу, үйрену еңбектену арқылы келмейді, ақындық өнер кісіге не туа бітеді, не жүре келе қонады. Ертедегі Шығыс ойшылдары, сондай-ақ қазақ білімпаздары кісі бойындағы ақындық өнерді Тәңірдің сүйген құлына берген айырықша сыйы деп бағалап, ақынды Тәңірдің сол сыйын сақтап, елге тарататын, сөйтіп елдің жанынан жарық шашырататын, Тәңірі нұрын танитын ерекше биік рух иесі ретінде білген. Өткен дәуірдің ақындарының жеке басынан өткен кейбір ерекше оқиғалар қазақ, қырғыз, қарақалпақ және басқа түркі тектес халықтардың ірі ақындарының көпшілігінің басында болған. Мысалы, Абыл ақын өзінің қалай ақын болғанын ұйықтап жатып көрген түсімен байланыстырады. Қой күзетінде ұйықтап жатқанда Абылға әлдебір кісі келіп қымыз береді. Қымыз ішіп болған соң қойшы жігіт оянып кетеді. Ояна кетсе, түсі екен, Абылдың көкірегі толып тұрған өлең екен. Содан бастап Абыл ақындық өнер жолына түседі. Осылайша, ақындық өнер Абылға жүре келе дариды. Қазақтың ірі жырауларының бірі Базар жыраудың, қарақалпақтың ірі ақыны Бердақтың ақындық жолға түсуі де осындай жағдайлармен байланысты.

Ақындық өнер Сүйінбайға бала шағында дарыған. Ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгіме бойынша, Сүйінбайдың қозы бағып жүрген кезі екен. Қозышы бала түс көреді.Түсінде Сүйінбайға ақ сақалын желбіретіп кеудесіне дейін түсірген, бір қолына домбыра, бір қолына көген ұстаған бір қарт келіп: “Балам, өлең аласың ба, көген аласың ба?” – деп сұрақ тастайды. Сонда Сүйінбай көгенді емес, өлеңді таңдап, домбыраны алады. Ояна кетсе, өлең баланың кеудесіне симай, толып тұрыпты. Сүйінбайға ақындық өнер осылай дариды. Мұның кей қырын ақын өзінің “Түс” атты өлеңінде де айтқан. Абыл мен Сүйінбайдың, Бердақтың көрген түстерін түркі халықтарының байырғы балгерлік, түс жору кітаптарында сақталған өлшемдер тұрғысынан пайымдағанда да олардың елді аузына қаратқан ақын болатындығы туралы ұғым туады”- дейді.

Гесиод халық арасындағы түрлі діндердің сапырлысы мен олимпілік құдайлардың шығу тегі, олардың орны, ретін табу мақсатында, өзінің “Теогония” (“Феогония”) мифологиялық поэмасын осы арнаға бағыттайды.

Басқа ежелгі гректердің ақын-жазушыларының жазғандарымен салыстырғанда, Гесиодтың бұл шығармасы мейілінше анық, түсінікті, лаконизм заңдылықтарын сақтап, әдеби шығарманың негізгі талаптарына сәйкестіріп жазған. Гесиодтың шығармаларының тағы атап өтетін бір ерекшелігі - әр айтар маңызды жайларды өте бір мәнді образдарды келтіре, құрғақ болса да дәл тиетін сөздермен ұйқастыра біледі.

Гесиод “Теогония” шығармасын олимпілік құдайлардың ішіндегі құдіреттісі Аполонның музаларына арналған алғы сөзінен кейін бастайды. Ондағы басты себеп, Аполонның музалары өзіне күш-қуат, шабыт берер құдірет иесіне тәу ету, сыйыну дегеннен туындаған болса керек. Ертеде өмір кешкен, қаламының желі бар қай адамды алсақ та, алғашқы сөзді жаратушыға, немесе шабыт берер құдірет иесіне арнаудан, дифирамбы айтудан бастайды. Бұл үрдіс ежелгі дәуірде өмір кешкен Абу-Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари мен Гесиодтың шығармашылық өміріне ұқсас Рабғұзи туындысына да тән құбылыс.

Гесиод келесі кезектегі өлең жолдарында негізгі құдайлардың қарапайым жер басып жүрген әйелдермен некелескен жайын суреттейді. Одан кейін, Хаостан пайда болған Жер-Гея, Аспан-Уран, Эрос, Крон, Зевс және тағы басқа құдайлардың пайда болуы, олардың таңғажайып іс-әрекеттерін қызғылықты оқиғалармен суреттейді.

Ежелгі дәуірде өмір кешкен Бұрһанеддин ұлы қазы Насретдин Рабғузи шығармаларының ішінде “Рабғузи қиссалары” кейде “Қисса – сул әнбия” деп аталатын шығармасында Гесиодтың “Теогония” шығармасындағы негізгі айтылған әдеби сарындардың ұқсастығын атап өту орынды.

Ертеде өмір сүрген адамдардың өздерінің шығу тектері мен құдайлардың қоғамдағы орны, ролі, құдіреттілігі турасындағы ой жиі мазалайтын. Осы тығырақтан шығу жолында табиғаттың түрлі ерекшелігі мен құбылыстарына орай түрлі ой-түсінік қалыптасқанын мифтік туындылар жоққа шығармайды. Бұл мифологиялық шығармалар ауыздан ауызға тарап, бір әдеби комплекске айналды. Осы жайт әлемдегі әр халықтың басынан өткен кезең болса, Гесиод сол халық арасындағы айтылып жүрген әдеби туындыларды жинастырып, “Теогония” поэмасына айналдырады.

Рабғузи Гесиодтан көп кейін өмір сүрген қаламгер. Десек те, Рабғузи "Қисса – сұл әнбия” шығармасын жазғанда, өзіндік бояу, өзіндік жол тауып, ертеде өмір сүрген түркі халқының ішіндегі аса танымал қаламгерге айналады. Шығарма зертеушілердің пікірінше, 710 хижрада, яғни григориан жыл санауы бойынша 1310 жылы жазылған. Бір ерекшелігі – Рабғузи кітабы ежелгі парсы, араб және басқа да шығыс елдерінде туып, халық арасында кең тараған шығыстық сюжеттердің басын қосып, жинастырған.

Ежелгі дәуір әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, дара ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев зерттеуінде "Қисса – сұл әнбия” шығармасына орай мынадай пікір білдіреді: “Атына қарап: түгелдей, барып тұрған, діни кітап деп шамаланып, күні бүгінге дейін бұл шығарма қаға беріс қалып келеді, тиісінше зерттелмеді. Бұл үстірттік, әбес болды. Дұрысында "Қисса – сұл әнбия” таза діни кітап емес, түгелдей әулиелер, пайғамбарлар туралы хиқая да емес. Ерте замандардағы түркі текті халықтардың, ру-тайпалардың қисса-хиқаяларының, аңыз-ертектерінің, өлең-жырларының жинағы, өңделген түрі, қысқасы, ескі ұрпақ мәдениетінің нұсқасы дерлік көркем шығарма”-дейді.

Гесиод пен Рабғұзидің кейіпкерлерінің көбісі құдайлар, пайғамбарлар, әулиелер мен тәңіриелер болса да олардағы ортақ ұқсастық, адамға тән қуану, шаттану, қайғыру, қарапайым жер басып жүрген әйелдер мен еркектерге үйлену, тұрмыс құру жайттары адамша болады.

Гесиодта: “Образ Прометея дан и в “Теогонии”, и в “Трудах и днях”. В первой поэме мы находим сообщение о тяжбе олимпиицев с людьми; рассказ о том, как отнял Зевс у людей огонь и как похитил огонь для них Прометей, прикованный за это к скале, об орле и о об освобождении Прометея Гераклом; тут же (565 – 591) говорится и о Пандоре, которую Гефест делает из глины, о том, как ее одевает Афина, и о венце Гефеста” дерек келтіріледі.

Рабғұзиде: “Адам ата жөніндегі бір қисса былай: Құдай Адамды жұмақтан қуып шығады. Ол қаңғып хайуанаттар, аңдар арасына келеді. Шайтан хайуанаттарды азғырды: бұл сендерді қыруға келді дейді. Айуанат жиналып келіп адамды өлтірмек болады. Адам сасады, Құдайдан ақыл сұрайды. Құдай оған айуандардың бірін маңдайынан сипа.Сонда ол сені жақтайды дейді. Адам итті маңдайынан сипайды.Ол адамды жақтап, айуандарды қуады. Осыдан ит адамға үйір болып кетеді.

“Лұқпан хақім” деген қиссада соның өмір-тірлігі, ғалымдарлығы, ақылдылығы, тапқырлығы баяндалады. Бір күні қожасы Лұқпанды бидай ек деп жібереді. Лұқпан барып арпа екті. Бидай шықпайды деді. Бегі айтты: өнбес деді. Лұқпан айтты: ондай боса, сен жауыздық тұқымын егесің. Ізгілік тамұқ қылмағын, - деді.

Басқа пайғамбарлар жөнінде де осылай келеді. Олар да пайғамбар, әулие деп аталғаны болмаса, кәдімгі адам – адамша өмір сүрген, бәрінде де адамға тән ой, сезім, мінез-қылық, махаббат, ғадауат, тірлікке, қоғамдық өмірге байланысты әр қайсысының жаман-жақсы істері, ірілі-ұсақты ерліктері болған. Қисса соларды баяндайды. Әркімнің өмірбаянына, қоғамдық іс-әрекеттеріне байланысты кезінде шыққан қисса-хиқаяларды, ертек-аңыздарды келтіреді”.

"Қисса – сұл әнбия” шығармасындағы негізгі идея дүние құбылыстары, жаратылыстың пайда болуы жайындағы мифологиялық әңгімелер, құдайлар мен пайғамбарлар туралы аңыз-қиссалар, ертегілер, өлеңдер болса, Гесиодтың шығармалары да осы жанрда жазылған.

Айталық, “Қисса – сул әнбияның” тақырып мазмұнына, идея-мәніне қарап, үш топқа бөлсек:

“Біріншісі: жер, көк, адамзат, хайуанат, жын-шайтан, періште, Адам ата, топырақ жайлы түсінік, мақала, әңгіме.

Екінші: әулие - әнбиялар, пайғамбарлар, солардың өмірбаяндары, іс-әрекеттері туралы қиссалар, ертектер, аңыздар.

Үшінші: шежіре – мұсылман жыл есебінің, хижраның алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғалар, календарь – жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер болса, Гесиодтың “Теогониясында” да жер мен көктің пайда болуы, адамзат пен хайуанат, жүз қолды гекатонхейерлер, титандар, Ехидна мен Химера, Тифон, түрлі құбыжықтар мен қаһармандар және олардың өмірбаяндары айтылады”.

Мысалы,“Әуелі тек мәңгі шексіз, қап-қараңғы Хаос болды.Өмірдің қайнар көзі сонда жатқан. Барлығы да – бүкіл дүние мен мәңгі жасайтын құдайлар да шетсіз-шексіз Хаостан пайда болды. Әйел құдай Жер-Гея да осы Хаостан жаралды. Өзінде тіршілік етіп, өніп-өсетіннің бәріне өмір беретін қуатты Жер ұшы-қиырсыз боп созылып жүре берді”.

Рабғузидің шығармасында бей-берекеттіктен жер пайда болса, одан Аспан, одан басқа да тіршілік иелері пайда болады. Алла тағала топырақтан Адамды жаратады деген аңызды кездестіреміз.

Насыретдин Рабғұзи мен оның атақты еңбегі “Қисса сул-әнбия” тек қазақтың ғана әдебиетінде ғана емес оның кейбір жұрнақтары орыстың, кейбір европалық әдеби мұраларында орын алған.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет