Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
МҰРАТБЕК ИМАНҒАЗИНОВ
Антика әдебиеті
оның көне және кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетімен үндестік – байланыстары
АСТАНА
2009
ББК 83.3 (0)
И 48
Баспаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдар мамандықтары комиссиясының шешімімен 050205-филология, 050504-журналистика мамандықтарының «Әлем әдебиетінің тарихы» атты пәніне толық сәйкес келетіндіктен ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу орындарына ұсынған.
Пікір білдіргендер:
ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан ЖМ ҒА академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішұлы.,
Филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Сыдықов.,
Филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Тебегенов.
Толықтырылып, өңделіп, қайта басылған
И 48 Иманғазинов М. Антика әдебиеті.- Алматы: Қазақ университеті, 2009.-370 б.
ІSBN 9965-412-71-5
Оқу құралындағы негізгі тұжырымдар орта, арнайы жоғары мектептерде “Шет елдер әдебиеті тарихын” курсын оқыту, “Антика әдебиеті” негізгі курстар мен арнайы курстар, семинарларда, қосымша сабақтар мен қазақ әдебиетінде «Қолданбалы курстар» өткізуге, сондай-ақ оқу құралдарын жазуда, арнайы курстар мен арнайы семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады.
ББК 83.3 (0)
ІSBN 9965-412-71-5
© Иманғазинов М., 2009
КIРIСПЕ
А
нтика латынның antiguus – ежелгi, көне деген сөзiнен шыққан болса, Қайта өрлеу, яғни ренессанс (академик Мұхтар Әуезов бұл дәуірді үдеу дәуірі деп көрсеткен) кезеңiндегi италиялық гуманистер өздерiне белгiлi ежелгi мәдениет ретiнде грек-рим мәдениетiн солай деп атап кеткен. Сол кезден берi одан да көне мәдениеттер ашылса да осы мәдениет жөнiнде сол атау әлi күнге дейiн сақталып келедi. Оқулықта антика әдебиеті тарихының көне қазақ әдебиетінің әр кезеңіндегі әдеби мұралармен ұқсастығын, өзінің ерекшеліктерімен, адамды сүйсінтер әшекейлерімен, аса баға жетпес құндылықтарын салыстырма, яғни әдебиеттің әдістемесі компаративизм тәсілі бойынша сипатталады. Өйткені, шығыс әдебиетінен кеш туса да, оның жарқын беттері бүкіл әлемдегі мәдениетте өзіндік орны, ізі бар екендігін дәлелдеп келеді. Айталық, антика бастауындағы гректің әдебиеті, философиясы, өнері мен мәдениеті, саясат пен ғылымда, құқық пен заңтануда, кескіндемеде, сәулет пен мүсін өнерінде және тағы басқа да салаларда көрініс табатындығын ғалымдар әлдеқашан мойындаған.
Сол мойындалған мәдениет салалардың ішінде антика әдебиеті мұраларында қазақ халқының арғы ата-бабаларының жасап кеткен әдебиетімен ортақ ұқсастықтары, үндестіктері өте мол. Бұл көбіне, типологиялық, сюжеттік, идеялық-мазмұндық, форма, стиль, компози-ция, поэтика және басқа да көркемдік ерекшеліктерінің ортақтығы байқалғанда, осы объектіні зерттеу қажеттілігі өзінен-өзі сұранады.
Қазақ әдебиеттану ғылымының қайраткері, профессор Тұрсынбек Кәкішев: “Ғылымда соңғы сөз айтылып, нүкте қойылмайды. Қазіргі тәуелсіздік заманда бұрын құлашымыз жететінді ғана қармасақ, енді
ой жетер жерге баруымыз керек. Оның алғашқы қадамы жасалды да. Ә.Хасеновтың “Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны”, Кляшторный мен Сұлтановтың “Қазақ халқының үш мыңжылдық тарихы”, қазақ энциклопедиясы шығарған “Қазақ поэзиясының екі мыңжылдық” антологиясы жарияланып, оқушылар қолына тиіп, ғалымдарды ойландырып жатқан кезде қазақ әдебиеті тарихының сақ, ғұн дәуірлері естен шықпауы тиіс. Біздің заманымызға дейінгі кезеңнен бастау алатын рухани дүние бүгінгі біздерге түсінікті тілде болмауы мүмкін, тіпті басқа тілде жазылуы да ғажап емес. Бірақ оған қарап ол мәдени мұрадан бұрынғыдай қашуға болмайды. Біз бүгінгі қазақ жерінде жасалған мәдени-рухани байлыққа ортақ екенімізді еш уақытта ұмытпауымыз керек. Парсылардың тіліне аударылып, дініне айналып кеткен атақты “Авеста” Амударья мен Сырдарьяның арасындағы алқапта туса қалайша безінбекпіз?! Бүгінде жеке халық атына ие болғандардың арғы бабасы болғандығы, қәзіргі қазақ жерінде жасап, шаттанғанда, қайғы-қасірет шеккенде өзінің ой-пікірін, жан сырын көркем сөзге орап жеткізгенін әрқашан есте тұтып, өз әдебиеті-міздің бастау ретінде тануға тиіспіз. Олай болса көне заманның көрікті ойларын бүгінгі ұрпақтың асыл мұрасына айналдыруға тиіспіз” – дейді.
Заратуштра дінінің пайда болуы мен “Авеста” жайлы ой білдірген шығыстану ғалымдары бұл шығарма Орта Азияда немесе Мидияда туған, яғни азербайжан мұрасы деген тұжырым жасады. Қысқасы, “Авеста”, ең беріден есептегенде, Орта Азияны ежелден мекендеген көне түркілер мен Мидия мемлекеті дәуірлеп тұрғанда – біздің заманымыздан бұрынғы VІІ-VІ ғасырлар аралығында жасалған” десе, сол тұстағы және сол кезеңнен көп кейін байырғы қазақ елінің арғы ата-бабалары сақ-скиф елімен тығыз мәдени-әдеби, материалдық-экономикалық байланыс орнатқан, антика мәдениетнің отаны санала-тын көне элладалықтар және олардың бір-біріне әсері, рухани пәрменін айтудың мезгілі әлдеқашан пісіп-жетілген секілді.
Осы тұстағы атап өтетін факт – қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, оның даму ерекшелігі, сипаты, рухани мұрасы, тарихы көп ретте басқа әдебиеттерден еш кемі жоқ, тамыры тереңге кеткен, тіні мықты бәйтерек секілді болса, оны басқа елдердің әдебиеттерімен салыстыру аса қажет фактор екені ақиқат. Салыстырма әдебиет, яғни компара-тивизм әдісі бойынша ой айту Европада ХVІІІ ғасырда қолға алынса, оның ең алғашқы баспалдақтары Ресейде ХІХ ғасырда пайда болып, қазіргі күнде белгілі, мектеп ретінде іргеленді.
Академик Рымғали Нұрғалиев салыстырма әдебиет турасында мынадай пікір білдіреді: “Әдебиеттану ғылымының тарихында белгілі мектептер, үлкен ағымдар болған.
Ежелгі, көне ағымдардың бірі – филологиялық мектеп дәстүрін ұстанған оқымыстылар негізінен көркем шығарманың мәтінін зерттеп, бағалауға бой ұрған. Әдебиеттің әлеуметтік табиғатын ашудың есесіне, қоғамда атқаратын қызметін көрсетудің орнына бұл бағыт тексті бастыру, мазмұн баяндауды күйттейді, жеке сөздер, тіркестер, қолжазбалар тарихын бажайлайды.
Филологиялық мектептің историография, библиография, тексто-логия үшін маңызды кейбір табыстары болғанын айту ләзім” – дей келе, “Тарихи салыстыру мектебі яки компаративизм ағымының Россияда туын көтерген адамдар – А.Веселовский, В.Миллерлер. Мұндағы негізгі принцип – салыстыру. Дүние жүзінде капитализмнің дамуы нәтижесінде экономикалық қарым-қатынастар шеңбері ұлғайып, бір ел мен екінші ел, бір халық пен екінші халық жақындай түсті, жерге, байлыққа, қызығуымен қатар, әдебиет нұсқаларына да назар аударылды.
Компаративистер әр түрлі халықтар әдебиетіндегі жанрларды салыстыра қарап, форма мәселесіне, сюжеттің шығуына байланысты көптеген пікірлер айтқан. Әдебиеттің әлеуметтік маңызына, эстети-калық сипатына бұл әдіс те терең бойлай алған жоқ” - дейді.
Яғни, қазіргі тұста компаративистердің осы күйіне қарап, проблемалық мәселені алдыға тартады. Оны шешу алдағы уақыттың еншісінде болса, тарихи салыстыру мектебі, яғни компаративизм термині, қазақ әдебиеттану ғылымында кейінгі он, он - бес жылдың ішінде ғана ауызға алынғаны жасырын емес. Бұл терминнің өзі әлемнің әдебиеттану ғылымында өткен ғасырдың 50-жылдарында ғана кеңінен пайдаланыла бастады. Қазiргi ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты әдебиеттану ғылымында да түрлi терминдер мен атаулардың пайда болуы заңды да. Сондай терминнiң бiрi, әдебиет саласының бір бөлiгiне айналған, шет мемлекет пен өнерiн танудағы жоғарыдағы аталған әдеби компартивистика болмақ.
Компаративистика батыстың оқу орындарында 1950 жылдары кең көлемде қолданыла бастады. 1954 жылы халықаралық әдебиет компаративистикалық ассоциация (АИЛК) құру шешiмi қабылданады. 1955 жылы Венецияда халықаралық әдебиет компаративистiк ассоциацияның бiрiншi Генералдық Ассамблеясында ұйымның жаңа статусы мен ережесi бекiтілді. Ондағы басты мақсат – әр елдің классикалық әдеби туындыларын бір – бірімен салыстыру, сол арқылы әдеби байланыс орнату. Компаративизмнің қазіргі уақытта әлемдік жаһандануға да қатысты екендігін атап өту қажет, яғни салыстырма әдебиет жаһанданудың да бір қапталынан шығатын рухани қағида.
Десек те, қазіргі тұстағы жаһандану мәселесі аса өзекті болып тұрғанда, өзіміздің төл рухани мұрамыздың біреудің жетегіне кету қауіпі тұрғанын айта кетудің еш артықтығы жоқ. “Жаһандану – бүгін пайда болған құбылыс емес”- дейді, академик Сейіт Қасқабасов өзінің “Мәдени мұра – рухани жаңғырудың негізі” деген тақырыпта жазған еңбегінде. “Жаһандану – Америка мемлекеті ойлап шығарған нәрсе емес. Жаһандану – ерте замандарда басталған үрдіс. Сонау антика дәуіріндегі Греция мен Персияның, Египет пен Рим империясының уақытындағы мемлекеттер мен халықтардың кейде соғысып, кейде бейбіт өмір сүріп, бір-бірімен қарым-қатынаста болғаны, соның нәтижесінде бір-біріне әсер етіп, бірінен – бірі үйренгені белгілі. Сондай-ақ христиан мен буддизмнің, исламның дүние жүзіне тарауы – көп халықтардың жаһандану процесінде болғанын дәлелдейді. Демек, қай заманада да жаһандану жүріп жатқан.
Қазақ халқы да жаһандану процесіне ерте түскен. Ежелгі және орта ғасырларды айтпай-ақ, кеше ғана өткен ХХ ғасырды еске алайықшы. Қазақтар өзінің үйреншікті көшпелі өмір салтымен қошта-сып, отырықшылыққа үйренді, өндірістік технологияны меңгерді. Тіпті үй-тұрмысымыз да жаһандануға түсті: киіз үйді тастап, ағаш үйге, кірпіш тамға қоныстандық, киіміміз еуропалық үлгіге ауысты, тамағымызға да басқа дәмдер араласты. Сол сияқты рухани салада да өзгерістер болды: театр, опера, балет, симфония, кино, теледидар, радио – осының бәрі жаһанданудың нағыз өзі. Демек, жаһанданудан қашып құтылу мүмкін емес. Қазіргі біртұтас ақпараттық әлем кеңістігінде – бұл өте қиын іс” – десе, жаһанданудың қай-кезде болмасын, халықтың кез-келген өміріне өзгеріс енгізетіндігінің талассыз екендігін алдыға тартады.
Жұмыстың басты мақсаты – ертедегі классикалық антика әдебиетінің Европа мен Азия елдеріне кеңінен тарағаны, оның бай әдеби туындыларынан іздеу керек. Антика мәдениетінің өмір сүрген уақыты шамамен 1200 жыл болса, сол уақыт ішінде оның түрлі жанрдағы әдеби туындылары әлем жұртшылығына кеңінен тарап, соның ішінде ертедегі қазақ әдебиетіне де өз әсерін тигізгені туралы ой-пікірлер бүгін ғана айтылып, жазылмаған. Оның алғашқы белгілері мен ұшқынын сонау әл-Фарабиден бастап, Қорқыт жырлары, “Оғыз-наме”, Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік”, Сайф Сарайидың “Гүлстан би-т турки”, Насыретдин Рабғұзидің “Қисса – сул әнбия”, Абай мен Шәкәрімнің және тағы басқа да көне және қазіргі әдеби туындылардан аңғарылады. Өз жолы мен еш әдебиеттің әсерінсіз де пайда болған әдеби туындылар болса да, оның ішінде антика әдебиетінің элементтері мен кей деталдары кездесетінін жоққа шығаруға болмайды.
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы әдеби процесті бағамдаған қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың осы мәселе жөніндегі пікірі көңіл аударарлық. “Қазақ – діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық” – дейді, жазу әдебиетіне қатысты пікірінде. “Мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша үкіметі қазақ пен ноғай арасында жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін арап әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Европа жұрттарының әдебиеттерімен танысады.
Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін, тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: 1.Діндар дәуір. 2.Ділмар дәуір. Діндар діншіл деген мағынада, ділмар – тілшең деген мағынадағы сөздер.
Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебие-тін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес. Басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге арап, парсы әдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып соған еліктеуден пайда болып отыр. Мұндай бір жұрт екінші жұрттан әдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде ғана болған емес, барша жұрттың басында болған іс. Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған. Еуропадағы басқа жұрттар алған. Біздің орыс та әдебиет үлгісін Еуропадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз” – дейді.
Ал осы антика әдебиеті қалай жетілді екен? Әрине, антика әдебиеті бірден өзі жетіліп, өзі биіктеген жоқ. Айта кету қажет, антика әдебиетi Шығыстың ренессансынан көп кеш туған. Антика дәуiрiндегi әдебиет өзi жеке дара өсiп-жетiлмеген, оған халықтар арасындағы қарым-қатынас, сауда-саттық, айырбас және тағы басқа тұрмыстық, шаруашылық түйткiлден туындаған араласулар антика әлемiнiң мәдениетiне, өнерi мен әдебиетiне өте үлкен әсерін тигіздi.
Зерттеушiлердiң ғылыми-зерттеу еңбектерiне мән берсек, грек әдебиетi мен өнерi сол тұстағы мәдениетi дамыған мемлекеттердiң ағымының әсерiнен пайда болған деген тоқтамға келген. Бұл қатарға кiретiн елдердiң iшiне өзiнiң өмiршеңдiк күшiн, тегiн сақтаған жеңiл тынысты, көршiлес жатқан Кiшi Азия, Орта Азия, сақ-скиф, сармат пен Тұран мемлекеттерi, Солтүстiк дорийлер мен көркем творчест-волық үлгiлерi бар Египет пен Мессопотамия, сан ғасырлық әдебиетi мен мәдениетi, тамаша бейнелеу мен сәндiк шеберлiгi бар Шығыс өркениетi өз әсерiн тигiзген.
“Көне гректердің басқа елдермен сауда-саттық, кеме жолы байланыстары гректердің танымдық көкжиегін кеңітті” делінген “Мәдениеттану” деген еңбекте. “Финикиялықтардан алфавиттік жазу өнерін қабылдап, халдей-вавилондық астральды дүниетанымды игеріп, Мысырдың өнері мен бай мифологиясын мұра етіп, Иранның этикалық ойына тәнті болып, көне Шығыстың эзотерикалық ілімінің даналығын мойындап, көне Греция соның бәрін жинақтай келе өз алдына болашақ европалық мәдениеттің қара шаңырағы бола білді.
Көне Греция рухының ғажайып көрінісі – философияның өзі де басқа халықтардың (мысырлық, вавилондық, парсылық, финикиялық) даналығын қабыл алу, гректерге түсіндіру үшін туған қажеттілікпен байланысты пайда болған деген пікірдің жөні бар, өйткені аталған мәдениеттермен салыстырғанда Греция мәдениеті жас әрі аз білетін еді. Сондықтан алғашқы грек ойшылдары Фалес, Пифогор, Анаксимандр, Гераклит Шығыстың даналық мұраларын өз бойларына жинақтап, қорытындылады. Гректердің өздері Шығысты ұстазы деп танитындығын еш жасырмаған болатын, солардың арқасында құдайлық және адамдық құпияны таптық деп түсінген еді. Гректерді көне гректерге айналдырған уақыт аралығы көп түрлі өзгерістер тудырды. Мәдениет ғасырлар бойы дайындалып, ғасырлар бойы өмір сүреді. Әрбір жаңа ғасыр өткен мәдениетке жаңа мән-мағына әкеледі, себебі дәл уақытында кейде бір идеялар өз орнын таппауы да мүмкін. Мысал келтіре кетсек, антикалық мәдениеттегі Сократ ғұламаның адамның жеке тұлғасына деген қызығушылығы өз уақытында қажетті қолдау таппаған көрінеді. Ал енді мыңжылдық уақыт шамасынан кейін келген италиялық гуманистердің ұран етіп көтерген мәселесі сол гуманизм болды, адамның жеке дара тұлғалық қасиеттерін марапаттау мұраты болды.
Ренессанс кезеңінде антикалық сұхбаттық дәстүр қайта жаңғыр-тылды. “Ренессанс өз алдына диалогтың қайталанбас болу мүмкін-шілігі еді. Индивидтегі ренессанстық емес мәдениетердің кездесуінің өзі ренессансты болды”.
Италиядағы ренессанстық типтегі мәдениеттің пайда болуы жан-жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың қалыптасуымен байланысты жүзеге асты.
Адамдардың ғана емес, сонымен қатар халықтардың да тарихи жады таңдаудан тұрады. Керек дегенді есте сақтап, қаламағанын, ұятсынғанын ұмытуға тырысады. Сондықтан болар қазіргі европалық халықтар мұсылмандарды өздерінің алғашқы тарихи ұстаздары ретінде қарастырғысы келмейтіндігі. “Европацентризм” деп тек қана грек-римдік және оның мұрагері – батысевропалық мәдениетті ғана адамзаттың жалпыға ортақ әмбебап жолы деп танитын көзқарастар жиынтығын айтамыз. Нәтижесінде, Батыстан Шығысқа мәдени ықпал ету аймағы жылжыды делінеді де Шығыстың Батысқа тигізген әсері туралы тым үстірт айтылады. Ал шындығына келер болсақ, алдында айтып кеткен Ренессанс мәдениетінің түп-тамыры тек антикалық әлемде жатпаса керек, шығыстық соның ішінде араб-мұсылмандық мәдениетке де байланысты екендігі аян. Олай деуімізге бірден-бір себеп Батыстың өзінің грек–римдік мұрасын, соның ішінде әсіресе еуропалық ортағасырлық шіркеу әлемі тәркілеген философияны, ондағы ұлы тұлғалар шығармашылығын араб-иран әлемінің аман сақтап қалу арқасында иеленгендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мәдени даму тік бағытталған процесс емес. Онда үнемі ескінің жаңамен, өзіндік мұраның басқалармен қызу қарым-қатынасы жүріп жатады. Мәдени бірегейлі мәдениеттердің бір-біріне ықпалын, өзара байланысын жоққа шығармайды. Мәдени өзара байланыс кеңістігі ұлан-ғайыр. Біздің Ортаазиялық аймақ та бірнеше діндердің, мәдениеттердің өзара ықпал аймағы болып табылады. Оған басты себептердің бірі – Ұлы Жібек жолының осы территориялар арқылы өтуі еді. Ұлы Жібек жолы шынында да Батыс пен Шығыстың ұлы мәдениеттердің сұхбаты, ұлы діндердің кездесу орны болды.
Буддизммен қатар Ұлы Жібек жолы арқылы христиан діні де қазіргі Қазақстан территориясына V ғасырда несторианство ретінде енген болатын. Тек VІІІ-ІХ ғ. қарай, яғни исламның Қазақстанда орнығуына байланысты несторианство да, буддизм де өз орнынан ысырылады”.
Алайда, бұл мәдениеттер өзiндiк тұрмыс-тiршiлiгi, этногенезистiк алғышарттары бар көп полистiк қала-мемлекеттiк елге бiрден сiңiсе қойған жоқ. Өйткені Грекияның сан ғасырлық тарихына мән берсек, жоғарыдағы аталған жайттармен бірге жаугершілік жағдайлардың өзі халықтың, тіпті өз ұлтын тану қиынға соққан ауыр жайын басынан өткерген-ді.
“Қазақ ауыз әдебиетінде: “Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау” деген сөз тіркесі бар” – дейді, профессор Бейсембай Кенжебаев. Бұл қазақ руларының бір заманда Балқан түбегіне дейін ығысып барғандығын аңғартады. Яғни, қазақ рулары басқа түрік, моңғол ру-тайпаларымен бірге ерте уақыттардан шығыс жағы Орталық Азия, батыс жағы Византия аралығын жайлаған, әр кезде сол араның әр жерінде болған. Осы күнгі Қазақстан жеріне ХV ғасырдан, негізінде өз алдына халық, хандық болып құрылғаннан бастап жайғасқан.
Қысқасы, ертедегі қазақ ру-тайпалары бұрынғы уақытта, қазақ халқы, қазақ хандығы болып құрылғанға дейін Қытай, Рим аралығындағы аймақтар мен өлкелерді мекендеген түрік, моңғол руларымен бірге, тіпті солардың құрамында тірлік еткен. Сондықтан бәрінің тарихи, қоғамдық, мәдени өмірі ұқсас болған.
Ерте кездерде Қытай, Рим арасын мекендеген көптеген ру-тайпалар, шамамен айтқанда, ІХ ғасырға дейін қоғамдық дамудың ру-ұлыстық сатысында болды. Соған лайық олардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, тілі, мәдениеті, әдебиеті болды.
Бірте-бірте халықтың наным-сенімі, ұғым-әдеті, салт-санасы, даналығы пайда болды; халық түрлі өнер, жазу-сызу ойлап шығарды.
Халық даналығы дегеніміз – оның ауыз әдебиеті: еңбек, шаруа, ғұрып-әдет, өлең-жырлары, жұмбақ, мақал-мәтелдері, ертектер, аңыз-әңгімелері.
Қай халықтың ауыз әдебиетіндегі төрт түлік мал, аң, құс, аңшылық, малшылық жөніндегі өлең-жырлар, күн жайлату, жалыну, жалбарыну, арбау, сарнау, бәдік, тұрмыс-салт өлең жырлары осы ру-ұлыстық дәуірде, соның алғашқы кезінде туа бастады.
Бері келе тайпа, ұлыс өзінің басынан өткендерін, бұрын-соңды болған атақты ер, батыр адамдарын әңгіме, аңыз, жыр, еткен. Олардың өлісін жоқтаған, тірісін мадақтаған. Осыдан аңыз – әңгімелер, ертектер, батырлар жырлары келіп шыққан.
К.Маркс арғы замандағы гректердің әдебиеті мен өнері туралы сөз еткенде: “рулық дәуірде халықтың әдебиеті мен өнері мейілінше өркендейді; бірді-екілі халықтың әдебиеті мен өнері өзін туғызған қоғамдық құрлыстан әлдеқайда озып кетеді”, – дегенді айтады. К.Маркстің осы қорытындысына сүйеніп, сөз болып отырған дәуірде түрік, моңғол, ру-тайпаларының да әдебиеті, өнері өркендеді, гректің әдебиетіндей өз дәуірінен озып кетпесе де, заманына лайық едәуір гүлденді деп айтуға болады” – дейді.
Мұрат Аджидың “Европа, тюрки, Великая степь” еңбегіне көңіл қойсақ, онда былай делінген: “Почему первой стала Древняя Греция? Она была ближе к Востоку. Позже Рим, перехватив торговые пути на Средиземноморье, оттеснил греков от живительных восточных дорог… Собственно, вокруг Средиземного моря и складывалась европейская цивилизация. Морская транспорт был ее кровеносной системой. В Греций, в Риме строили суда. Они, и только они, связывали с другими странами, усиливая мощь государства. Вот почему границы Древней Греций не уходили далеко от моря – крупные города были, как правило, у побережья. Римляне добились того, чтобы “все дороги вели в Рим”, но было этих “всех дорог” от силы две-три, по ним изредка проползали колымаги, шли рабы с поклажей на плечах.
Европу символизировал парус, с колесом она не дружила. Так продолжалось до ІV века, пока не появилось кибитки и брички кипчаков. Стоит подчеркнуть – прибыли тюрки не по морю, как “ходили” во всей Римской империи, а посуху! Очень важная деталь. Принципиальная, многое объясняющая. Например, почему именно в степях Центральной Европы селились первые тюрки. Почему они не стремились к побережью…
А брички их были отменны. Запряженные парой или тройкой лошадей, они заполнили нехоженое пространство глубинной Европы. Дороги им не требовались. Бричка – технически совершеннейшее изобретение той эпохи. Ее конструкция легка и надежна.
Действительно, столько написано о “дикости” кипчаков и почти ничего об их технической сноровке. Упущены любопытнейшие “мелочи”, которые как раз и показывают, почему тюрки совершили то, что было не под силу другим народам… Случайностей в жизни бывает. Особенно если речь идет о Великом переселении народов”- делінсе, Европаны, соның ішінде жеңілмейтін, “мәңгі қала – Римге” қауіп төндірген Аттиланың жорығы да Римге өз әсерін тигізгенін айта кеткен жөн. Оның европалық әдебиеттегі орнын, ол жөніндегі зерттеушілер мен әдебиетші-ғалымдардың пікірлері үлкен орын алады.
Аттиланың есімі Азия мен Европа елдеріне аса танымал болса, оның да антика дәуіріне өзіндік із қалдырғандығын айта кету керек. Оның есімі көне грек пен латын авторларының еңбектерінен үлкен орын алған. Самат Өтенияздың “Аттила” атты еңбегінде: “Еуропада бірінші рет хун тайпасы туралы 160 жылы жазған грек жазушысы Дионис Перигет болды” дейді. “Сол кезден бастап хун тарих бетінен кеткен емес. Содан кейінгі авторлардың бірі грек жазушысы Кл.Птолемей 1758-182 жылдары хун туралы көптеген тарихи деректер жазып қалдырды.
Сондай-ақ француздың ескі энциклопедиясындағы және басқа бұлақтардағы тарихи деректерге қарағанда: Хун ордасы ІІ ғасырда Каспий теңізінің жоғарғы жағында қазіргі Батыс Қазақстан жерінде – Еділ мен Жайық өзендері аралығында пайда болған. Хун ордасының құрамына көптеген көшпелі тайпалар кірген, хундардың ең күшейген кезі - Аттиланың тұсында, - деп көрсетеді.
Каспий теңізінің жағасындағы Хун ордасы жылдан-жылға күшейе берген. Алғаш орданың негізі құрамы Қазақстан мен Орта Азия территориясын мекендеген көшпелі тайпалардан құралды. Олар негізінен хун тайпалары деп аталады. Кейінірек Каспий теңізінің жағалауындағы көптеген тайпалардың (дай, алан) қосылуы арқылы хун ордасы өте күшейді.
Әрине, уақыттың өтуімен хундар оңтүстік-батысқа қарай жылжып, өз территориясын ұлғайта бастаған. Оңтүстік-батыстағы Қара теңіз жағалауы мен Қырым түбегін ерте заманнан-ақ скифтер жайлайтын еді.
Бірақ дәл осы кезде скиф жерінің көп бөлегін герман тайпалары (остготтар мен вестготтар) келіп басып алған болатын.
Мал шаруашылығымен айналысқан хундарды Қара теңіз жағалауындағы шұрайлы жерлер шексіз қызықтырған. Хундар алан мен басқа тайпаларды бағындырып, өздеріне қосып алған. Тек аландардың бір бөлігі хун ордасына бағынбай, Рим империясының территориясына кіріп кеткен. Бұл дәуірдегі хун ордасының нығаюына әйгілі қолбасшы Балаәмір (Баламбер) көп еңбек сіңірді.
370 жылдан бастап хундар мен готтар арасында қақтығыстар басталды. Бірнеше рет хундар остготтарға шабыл жасайды және оларды түгелдей тізе бүктіреді. Бұл жөнінде Рим жазушылары талай рет жазған”.
Хундар түбі рим империясының да күлін көкке ұшырады. Бірақ олар кей европацентристік жазушы-тарихшылардың айтуынша “жабайлық пен қатігездік танытып, “мәңгілік Рим қаласын” оспадарсыз тонап, қиратқан емес. Оның тоналуы көне герман тайпаларынан тұратын әскерден болған. Сол себепті, Хун және Аттиланың есімі антика дәуіріндегі европалық әдебиеттегі орны үлкен екендігі анық. Еңбекте осы мәселе әдеби және тарихи деректер тұрғысынан қарастырылады
Көне европалық әдебиет пен қазақ әдебиетінің ішкі мазмұны мен талай ғасырғы тарихына мән берсек, көп ретте олардың біріне-бірі әсері, ықпалы өте күшті болғанын аңғаруға болады. Тарихтың аумалы-төкпелі толқындарына көз жүгіртсек, оның бірде европалық елге жайлы жағдай туғызса, бірде байырғы қазақ даласына мейірін төккен. Сол арқылы әдеби-рухани дүние мәңгі өлместей болып, ел ішіне сәулесін төгуде. Әдебиет елдің тек өз ауласында өсіп-жетіліп, сол арқылы басқа елге таралу мүмкін емес.
Осы тұста, қазақ әдебиетінің өркендеуі, оның алып байтерек болып, жапырақ жайған тұсын қанша ауызға алсақ, оның өткен жолындағы қалтарыс жайын, ірге тасының қалануы турасында үәлі пікір білдірген Ахмет Байтұрсыновтың төмендегі ойын сабақтаудың жөні бар шығар. Әдебиет теориясының бастауындағы “Әдебиет танытқыш” еңбегінің “Сындар дәуір” деген бөлімінде қазақ әдебиетінің сынын саралай келе, европалық әдебиеттің әсерін төмендегідей сабақтайды: “Адамға өз бойындағы үйреншікті міні мін болып көрінбей, өз үйіндегі кемшіліктер кемшілік болып көрінбейді. Жұртқа да солай: салтындағы, қалпындағы, ғұрпындағы жаман әдет жамандық болып көрінбейді. Бойындағы мін бойында міні жоқ, біреуді көргенде байқалады, үйдегі кемшілік кемшілігі жоқ үйді көргеннен кейін көзге түседі; жұрттағы жаман әдет басқа жұрттың жақсы әдетін көргеннен кейін білінеді.
Сондай-ақ, қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып, көзге түскен. Сонан кейін ғана Европа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзеушілер шыға бастаған…”
“… Жоғарыда айтылған “сын арқылы шығып, әдеміленген” деген сөзді шығарған сөз біреудің сынына салынып, сонан кейін шыққан сөздер деп ұқпаса керек. “Сын арқылы шығып” дегеніміз – шығарушы өзі жазушы, өзі сыншы болған уақытта шыққан деген мағынадағы сөз. Европа әдебиетімен танысқаннан кейін қазақ ақындары сөздің асыл болатын сырын біле бастайды. Сөздің ондай сырын білу – сын білу болады” – дейді.
“Сындар әдебиеті” бөлімін аяқтай келе, ғалым сол тұстағы әдебиеттің өзі де Еуропа үлгісімен келе жатқанын айтып, “…және сол бетімен баратындығы да байқалады. Европа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал” деген болжамды алдыға тартады.
Еуропа әдебиетіне қатысты пікірлерінің ішінде аса көңіл қойған мәселесі жер жүзіндегі шығармалардың бір-бірімен ұқсастығы да қамтылған. Бұл мәселені Ахмет Байтұрсынов былай деп түсіндіреді: “Жер жүзіндегі жұрттардың түріндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас болатын себебі: олар шыққан заманда халықтың бәрінің бір ананың қолында өскен балалар сияқты көргені, өнегесі, үлгісі бір болған” – дейді.
Әдебиет үлгілерінің таралуы оның бір-біріне әсері аудармасыз болмақ емес. Бұл турасында, қазақ әдебиетінің жай-күйіне ерекше мән беріп, оның ыстық-суығына бір кісідей күйген, қазақтың жазушылар одағының алғашқы төрағасы Ілияс Жансүгіров те антика әдебиетін аударма арқылы қазақ даласына енгізу керектігін сонау өткен ғасырдың 30-жылдарында атап өткен. Бұл қадам әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне өзіндік үлес қосатындығын, одан өз уақтысында европа мен басқа да өркениетті елдердің үйренгендігін тілге тиек етеді.
“Енді аз жылдың ішінде біздің әдебиетте Толстой, Шекспир, Фирдоуси, Гете, Гейнелермен қатар адамзаттың әдебиет қазына-сындағы атақты “Илиада”, “Одиссея”, “Энеида”, “Нибелунгі”, “Конан жыры”, “Манас”, “Калевала” жыры сияқтылар, қазақ халқының қолына тиетін болсын”, – дейді І.Жансүгіров.
Антика дәуiрiндегi әдебиеттің жай-күйін, оның бүкіл әлемге әсерін баяндаудағы ғылыми еңбектер мен әдістемелік жұмыстардың ішінде Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбілғазы, Рабғұзи, Сайф Сараий, А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, А.Машанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов, Ш.Сәтбаева, Ш.Ыбыраев, А.Сейдімбек, Ж.Дәдебаев, Қ.Әбдезұлы, Т.Жұртбай, Ж.Тілепов, Н.Омашұлы, С.Негимов, З.Бисенғали, Б.Майтанов, Т.Тебегенов, С.Әшімханова, Т.Есембеков,
Ө.Күмісбаев, Д.Хамзабекұлы, А.Жақсылықов, Д.Ысқақұлы, Р.Тұрыс-бек, Н.Жуанышбеков, Б.Әбдіғазиев, Т.Сыдықов, Қ.Қалиасқарұлы, Х.Маданов, Ғ.Есім, Б.Серікбайұлы, О.Сүлейменов, С.Қондыбай, О.Жанайдаров, М.Аджи, Қ.Салғараұлы, С.Өтенияз және тағы басқа ғалым-зерттеушілердің еңбектері оқу құралына, оның мазмұнына қатысты теориялық тұжырымдары мен ұстанымдарын басшылыққа алдық. Сонымен бірге, алыс-жақын шетел ғалымдары, көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі зерттеушілердің ішінде Геродот, Страбон, Полишен, Плутарх, Гиппократ, Д.Перигет, Кл.Птолемей, Н.Кун, В.Жирмунский, Дж. Фрезер, А.Тахо-Годи, А.Лосев, С. Радциг, Г.Анпеткова-Шарова, Е.Чекалова тағы басқа ғалым-зерттеушілердің еңбектеріндегі ой-тұжырымдар да назардан тыс қалған жоқ.
Әдебиеттің ғылыми әдістемелік заңдылықтарына сүйене отырып, көне грек пен рим әдебиетінің, қазақтың көне және кейінгі кезеңіндегі әдеби мұраларын тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-нақтылық пен тарихи-әдеби жағын әдебиеттану ғылымы мен ауыз әдебиеті мұралары негізінде қарастыруға бағыттадық. Сонымен бірге, кейбір ұқсастықтардың “көшпелі мотивтер” мен әдебиеттегі паралель ұқсас, объективті-аналитикалық талдау және салыстырмалы, кешенді әдістерді басшылыққа алып, жақын келетін сюжеттерді байланыстыруды да мақсат еттік.
Оқу құралындағы негізгі тұжырымдар орта, арнайы жоғары мектептерде “Шет елдер әдебиеті тарихын” курсын оқыту, “Антика әдебиеті” негізгі курстар мен арнайы курстар, семинарларда, қосымша сабақтар өткізуге, сондай-ақ оқу құралдарын жазуда, арнайы курстар мен семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады.
I
АНТИКА БАСТАУЫНДАҒЫ
ЕЖЕЛГІ ГРЕКИЯ
А
нтика әдебиетінің ұзақ жылғы ғұмыры түрлі мәдени, әдеби эволюциядан өткендігін кәрі тарих жоққа шығармайды. Сол тұрғыдан келгенде, тарихшы-зерттеушiлер ежелгi Грекияның тарихын бес кезеңге бөлiп қарайды.
Біріншісі, Эгейлiк немесе крит – микеналық (б.д. дейiнгi ІІІ-ІІ мың жылдық), рулық қоғамның ыдырау кезеңi, дорий шабуылдарының нәтижесiнде қоғам өмiрiнiң тоқтауы, кейбiр жеке аудандарда ерте таптық құл иеленушi мемлекеттердiң пайда болуы және өркендеуi;
Екіншісі, б.д. дейiнгi ХI-IХ ғасырлардағы Грекия – дорий жаугер-шiлiгiнен кейiн алғашқы қауымдық қатынастардың уақытша қайта өркендеу (жандану) кезеңi және таптық қатынастардың, жеке меншiктiң антик түрi негiзiнде соңғы гректiк даму;
Үшіншісі, архаистiк кезең (б.д. дейiнгi VІІІ-V ғасырлар) – бұдан алдыңғы кезеңнiң жалғасы, антик құл иеленушiлiк қоғамның қалыптасу кезi;
Төртіншісі, классикалық кезең (б.д. дейiнгi V-IV ғасырлар) антик полис-терiндегi құл иеленушiлiк қатынастардың ең шарықтап өркендеген кезеңi;
Бесіншісі, Эллиндiк кезең (б.д. дейiнгi IV ғасырдың екiншi жар- тысы I ғасырдың ортасы) Парсы мемлекетiн грек-македон жаулауынан кейiнгi Таяу Шығыстың орасан кең жерiнде құл иеленушiлiк қоғамның одан әрi өркендеуi. Бұл кезең эллиндiк дүниенiң батыс бөлiгiн – Рим ал шығысын (Евратқа дейiн) Парфияның жаулап алуымен аяқталады.
Антика әдебиетiне кiрiспес бұрын ежелгi Грекия мен Рим әдебиетінiң қысқаша сипатына, табиғи ерекшелiгiне, халқының өмiр-тiршiлiгi мен этнографиялық болмысына тоқталу қажет, онсыз бүкiл дүниежүзiлiк ежелгi, одан кейiнгi евразиялық орасан құрлықта мекендеген халықтың, ренессанс дәуiрiнiң цивилизациялық әдебиеттерiнiң тууына ерекше әсер еткен, солардың алғышарттарын жасауға негiз болған антикалық әдебиеттiң құбылыс-қасиетi мен рухани потенциалын танып-бiлу мүмкiн емес.
Грекия Балкан түбегiнде және Кiшi Азияның батыс жағалауында орналасқан. Балкан түбегi жағалауының тiлiм-тiлiм болып кескiленген табиғаты Грекияда теңiзден қашық орналасқан жер жоқтығын көрсеттi. Мұның теңiзде жүзу және балық аулау iсiнiң өркендеуiне маңызы күштi едi. Балкан түбегiнде биiктiгi орташа таулар бар. Олардың ең биiк жерлерi Македония мен Фракияда, бұл - Балкан таулары. Жер бедерi әр түрлi болып келедi. Тек екi үлкен аңғар ғана-солтүстiкте Пеней өзенiнiң бойындағы Фессалий аңғары мен оңтүстiктегi топырағы құнарлы бiрден-бiр кең жазықтық болып табылады.
Балкан түбегiнiң ежелгi Грекия жайлаған, оңтүстiк бөлiгiн Жерорта теңiзi жайып жатады. Түбектiң батыс жағында Ионий теңiзi орналасқан. Балкан және Кiшi Азия түбектерi аралығында, осында суға батып өлген, аты аңыз болған батыр Эгей патшаның атымен аталған, Эгей теңiзi жатыр. Эгей теңiзi Пропонтидамен (қазiргi мрамор теңiзi) Геллеспонт (қазiргi Дарданелл) бұғазы арқылы жалғасады.
Мрамор теңiзi Пропонтида деп аталған, яғни теңiз алдында деген сөз. Пропонтида мен Эвксин Понтын (қазiргi Қара теңiз) Фракия Боспары (Қазiргi Босфор бұғазы) жалғастырады.
Гректерге өте ерте кезден белгiлi болған Қара теңiз-понт яғни “теңiз” деп аталған. Шынында да “теңiз” деген ұғымның өзi басқа еш нәрсемен үйлеспей, айырықша дауылды толқындары мен тереңдiгi арқасында тек Қара теңiзге ғана сай келедi. Теңiзде жүзу iсi Қара теңiзде кең қанат жайған кезде оны Эвексин, яғни қонақ – жайлы теңiз деп атайды.
Эгей теңiзiнде аралдар көп. Ол Балкан түбегiнiң жанында да, сондай-ақ Кiшi Азия жанында да кездеседi. Эгей теңiзiнiң солтүстiгiнде Фракияға жақын жерде Фасос аралы болса, ал одан оңтүстiк-шығыста-Самофракия мен Имброс бар. Кiшi Азияның ұзына бойында Спорады деп аталатын аралдар тiзбегi орналасқан. Лесбос, Хиос, Самос, Радос сияқты үлкен аралдар осы топқа кiредi.
Сондай-ақ Балкан түбегiнен Кiшi Азияға дейiн Киклады (“киклос”- “дөңгелек”) деп аталатын аралдардың үлкен бiр тобы жатыр. Бұл аралдар өте көп, олардың бiрiнен жүзiп шығып, Балкан түбегiнен Кiшi Азияға оп-оңай өту мүмкiн едi. Олардың ең бастылары, грек тарихында және басқа да үлкен роль атқарған Парос, Кеос, Делос аралдары.
Балкан түбегiнен оңтүстiкте Кифера аралы жатыр. Аттиканың солтүстiк-шығыс жағалауында Грекия материгiмен тығыз байланысты Эвбея аралы орналасқан. Грекияның батысындағы ең маңызды аралдар-Закинф, Кефалления, Итака (Гомер поэмасындағы аты аңызға айналған Одиссейдiң отаны) және Керкира, iрi түбектер – Балкан Грекиясының солтүстiгiндегi Халкидика мен Балкан түбегiнiң оңтүстiк бөлiгiндегi Пелопонесс.
Эгей теңiзiнен солтүстiкте Фракия орналасқан. Фракиядан батыс жақта – адам қатынауына қиын таулы Македония (Ескендiр Зұлқарнайын елi), ал Адриат теңiзiнiң шығыс жағалауында – шатқалды Иллирия-жабайылар елi бар.
Грекияда субтропикалық құрғақ климат. Теңiз жақын болғандықтан, жазы онша ыстық емес. Қысы жұмсақ, жылы, жаңбырлы, екi-үш айға созылады.
Грекияның табиғат жағдайы, адамның шаруашылық тiршiлiгiн толық қамтаматсыз етпесе де, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен кәсiпшiлiктiң қандай да болмасын түрiмен айналысуға белгiлi мүмкiндiктер бередi, жағалауларының тiлiмденiп, қайнаулардың көп болуынан тiптi сал мен жай қайықтармен Кiшi Азияға оңай өтiп жету мүмкiндiгi теңiз қатынасы мен сауданың өте ерте дамуына қолайлы жағдай жасады. Теңiздiң жақындығы сонымен қатар, балық аулаумен шұғылдануға мүмкiндiк бердi. Сондықтан да балық ежелгi гректердiң негiзгi тағамдарының бiрi болды.
Астық егу iсiмен тек екi алқапта ғана шұғылдануға мүмкiн болғандықтан, жер өңдеу шаруашылығы Грекияда негiзiнен жүзiм және бау шаруашылығы болып қалыптасты. Бау және жүзiм шаруашылығы тұрмысқа ең қажеттi азық-түлiктермен-өсiмдiк майы және шараппен қамтамасыз еттi. Шарапты сумен араластырып, сол күйiнде Грекияның негiзгi сусыны ретiнде пайдаланылған.
Әр түрлi рудалардың молдығы Грекияда металлургия өндiрiсiнiң қатты өркендеуiне жағдай жасады.
Грекияның қазбалы кен байлықтары мол. Дәл Грекияның өзiнен солтүстiкте-Фракияда бай алтын рудниктер мол. Антика мен орта Грекияда атақты қорғасын-күмiс рудниктерi жұмыс iстедi. Мыс Эвбея аралында және Халкадика түбегiнде (“халкос” – “мыс”), темiр Пелопонестегi Лапония территориясында өндiрiлдi.
Грекия құрылыс материалдарына, негiзiнен, iзбес пен мәрмiр тастарына бай. Жақсы мәрмiр тас, әсiресе Парос аралында өндiрiледi. Парос мәрмәрiнiң даңқы өзiнiң өте ақтығымен әйгiлi болды. Ақ мәрмiр Аттикада да өндiрiлдi. Бiрақ мұның сапасы Парос мәрмәрiнен төмен болатын.
Мәрмiр теңiзi мен Эгей теңiзiнiң аралдарында түрлi түстi – сұр, қара, көгiлдiр және қызғылт тамырлы мәрмiр тас өндiрiледi. Мәрмiр атам заманнан грек құрлыстарының негiзгi материалы болатын. Ол онша қымбат емес едi. Сондықтан да ол статуя мен әсемдiк заттар жасауға ғана емес, сондай-ақ үй құрылысына да пайдаланылды. Грек храмдары мен басқа да қоғамдық iзбес пен мәрмiрден салынды немесе солармен қапталып көмкерiлдi.
Грекияның өзi Фракия мен Македониядан оңтүстiкке қарай орналасқан. Грекия үшке бөлiнедi. Солтүстiк Грекия, Орта Грекия және Оңтүстiк Грекия немесе Пелопоннес. Грекия аймақтары тау тiзбектермен бөлiнедi.
Солтүстiк Грекияда екi аймақ болды: батысында Эпир – iрi таулы жер, ал оның шығысында – үлкен шұрайлы алқапты Фессалия.
Орта Грекия Солтүстiк Грекиядан Эгей теңiзiнiң қия жағасындағы бiрден-бiр өткел – Фермопиль шатқалы орналасқан биiк жотасы арқылы бөлiнетiн.
Орта Грекия: Акарнания, Этолия, Фокида, Дорида, Опунт, Локридасы, Озоль Локридасы, Беотия, Аттика аймақтарына және Эвбея аралына бөлiндi. Олардың ең iрiсi Аттика мен Беотия болды.
Пелопоннес Орта Грекиямен Исто тар мойнағы арқылы жалғасатын. Оңтүстiк Грекияның: Ахайя, Элида, Аркадия, Коринф, Арголид, Лакония және Мессения деген аймақтары болған.
Грек тарихында бұлардың кейбiреулерi өте iрi роль атқарған, мысалы, Аттика мен Лакония. Басқалары – Ахайя, Аркадия – ауыл шаруашылық аудандары болып қалған.
Балкан түбегiнiң және оған жанаса орналасқан аралдардың ежелгi халықтары жайында толық дәл мәлiметтер әзiрге жоқ. Гомер поэмалары мен грек тарихшыларында сақталған ежелгi грек ертек-аңыздарына қарағанда, бұл аудандардағы ежелгi халықтардың iшiндегi айтарлықтай белгiлiсi пеласгiлер болған. Өздерiнiң шығу тегi жағынан олардың кiм болғаны белгiсiз. Герадот оларды гректердiң туысы деп санаған. Аралдарда тұратын ежелгi тайпалардан криттiктердi атауға болады, олардың да этникалық тегi анық емес. Археологиялық ескерткiштерге қарағанда, б.д. дейiнгi ІІ мың жылдық iшiнде тап құрылу процесiнен өткен. Б.д. дейiнгi ХІІ ғасырда гректердiң дорий тайпаларының Балкан түбегiнiң оңтүстiгiне ауысуы басталған. Олар таптық қоғам ерте пайда болған Ахей мемлекетiн қиратқан. Ал бұл жағдай тайпалардың жаңа қоныс аударуына әкелiп соққан.
Б.д.дейiнгi I мың жылдықта ежелгi грек тайпалары бiржолата қалыптасып, былай мекендейдi. Грекияның Солтүстiгiнде – Фессалия мен Орта Грекия – Беотияға эолийлiктер тұрған. Олар сондай-ақ, Эгей теңiзiнiң Солтүстiк бөлiгiндегi аралдарды, соның iшiнде Лесбос аралын және Кiшi Азияның солтүстiк – батыс жағалауын мекендеген. Орта Грекияның шығыс жағын, Аттиканы, Эвбей аралын, Эгей теңiзiнiң орталық бөлiгiндегi аралдарды ионийлiктер мекендеген. Ахейлiктер Пелопоннестiң солтүстiгi мен орталығын – Ахайя мен Аркадияда орын тепкен. Пелопоннестiң қалған бөлiгiнде- Лаконияда, Мессенияда, Арголидада, Коринф аймақтарында және Элидада дорийлiктер тұрды. Олар сондай-ақ Эгей теңiзiнiң оңтүстiгiндегi аралдарды Родосты, Криттi, Кiшi Азия жағалауының оңтүстiк бөлiгiн мекен еткен. Гректердiң ұзақ уақытқа дейiн ортақ тiлi болған емес, алуан түрлi диалектiлерде сөйлеген. Алайда, халықтың басым көпшiлiгi бұған бiрдей түсiнген. Олардың iшiнен үш негiзгi диалектiнi бөлiп алу қажет: ионийлiк, эолийлiк, дорийлiк. Ионий диалектiсiмен афиналықтар сөйлейтiн, аттик диалектiсiнiң ерекшелiгiн ажырата бiлу қажет. Барлық диалектiлер әдеби тiл дәрежесiне жеткен болатын. Мысалы, Герадот Ионий тiлiнде, ал Фукидид – аттик тiлiнде жазған, тамаша ақын әйел Сафо өзiнiң өлеңдерiн эолий диалектiсiнде, Пиндар өзiнiң гимндерiн дорий тiлiнде жазған. Жалпы гректiң Койне (“Жалпы”) тiлi тек Эллин кезеңiнде қалыптасты. “Ежелгi Грекияның тарихы ежелгi Шығыс елдерiнiң тарихымен бiр уақытта және өзара қатынаста дамыды” - делiнген “Ежелгi дүние тарихы” деген еңбекте.
Бiрақ ежелгi дүние көлемiнде Ежелгi Грекия мәдениетi ерекше өркендеу дәрежесiне жеттi. Онда жаратылыстану, гуманитарлық және дәл ғалымдар өркендедi. Ежелгi Грекияда философияның негiзгi бағыттары пайда болып дамыды, бейнелеу өнерi, әдебиет және мәдениеттiң басқа да салалары тамаша табыстарға жеттi. Грек тiлi осы уақытқа дейiн ғылыми терминологияда кеңiнен қолданылады. Рим мәдениетi Грекиядан 400-500 жыл кейiн дамыса да, осы екi елдiң сөздерi мен терминдерi кез келген ғылым салаларында, халықаралық қоғамдық-саяси өмiрде евразиялық орасан континентте молынан пайдаланады, мысалы: конституция, реформа, империя, республика, демонстрация, прокламация, декрет, пролетариат, коммунизм, социализм, революция, конгресс, армия, акт, акция, либерал, аттестат, институт, университет, факультет, лекция, консультация, экзамен, студент, лаборатория, аудитория, ректор, профессор, доктор, доцент, аспирант және т.б.; субъект, объект, предикат, атрибутикалық, активтi, пассивтi; ал батысевропалық тiлдерде сонымен бiрге singularis, pluralis, kerbum, abjectivim, indicativis, conjunetivis және тағы басқа грамматикалық терминдер; культура, литература, реализм, сентиментализм, артист, инструмент, спектакль, декорация, опера, солист және т.б. мотор, арматура, конструкция, калорифер, корпус, трансмиссия, трансляция, радий, радио және т.б.
Сонымен бiрге антика әдебиетiнiң асыл мұраларының iшiнде халыққа ерекше әсер еткен қызғылықты сюжеттердiң iшiндегi батыл өжет, ақылды қаһармандар мен елге мейiрбан құдайлардың есiмдерiн адам және спорт командаларының аттарын қою үрдiсiн де атап өту қажет. Мәселен: Геракл, Ахилл, Тесей, Парис, Елена, Менелай, Пенелопа, Медея, Гера, Афина, Посейдон, Гермес, Патрокл, Нарцисс, Апполон, Орфей, Венера, Адонис, Паллада, Прометей, Даная, Спартак, Цезарь, Александр, Марк, Антоний, Нерон, Август, Цицерон т.б. есiмдер.
Осы уақытқа дейiн ежелгi грек және рим әдебиеттеріндегi сюжет, образ, бейнелеу, кейiпкерлердiң сөзi, көптеген мақалдар мен мәтелдер, ертегiлер осы екi елден тарайды. Оның барлығы Европада не Азияда, орыс немесе қазақ т.б. халықтарының лексиконында кең таралған. Олар күнделiктi әңгiмеде, атауларда, бейнелi сөздердi пайдаланғанда жиi қолданылады: “титандық күрес”, “молшылық мүйiзi”, “бүлiк алмасы”, “гиганттық ауқым”, “паникалық үрей”, “олимпиялық жайбарақаттық”, “Ахиллес өкшесi”, “Тантал азабы”, “Бостан-бос Сисиф еңбегi”, “Ариадна жібі”, “Авгийдің атқорасы” т.б.
Ал ХVІІ-ХХ ғасырларда Европа елдерiнiң әскери кемелерi антикалық мифологияның ежелгi құдайлары мен қаһармандары есiмдерiмен аталады. Мәселен, орыстың ХIХ ғасырдағы аңызға айналған “Меркурий шлюпы”, “Паллада” фрегаты, бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа қатынасқан крейсерлер – “Аврора”, “Паллада”, “Диана”, Наполеонды әулие Елена аралына жеткiзген ХIХ ғасырдың басындағы ағылшын кемесi – “Беллерефонт”, ХХ ғасырдың басындағы ағылшын флотының көптеген соғыс кемелерi “Нестор” мен “Мельпомена” эскадралық минотасығышы, “Аретуза” крейсерi, “Аякс”, “Агамемнон” броненосецтерi және т.б.; француз флотында “Минерва” крейсерлерi де ежелгi грек мифологиясынан алынған есiмдермен аталады.
Қазiргi астрономияда күн жүйесiнiң көптеген планеталарының, жылжымайтын жұлдыздар мен тұтас жұлдыздар шоғырларының аттары антикалық мифологиядан алынған. Олар: Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Марс, Венера, Меркурий, Плутон планеталары; Кастор және Поллукс, Персей, Пегас, Арион, Андромеда, Кассиопея шоқ жұлдыздары және тағы басқалар”.
1.1 Антика әдебиетiнiң Европаға әсерi
Антикалық грек-рим мәдениетi қазiргi гүлденген барлық европалық халықтардың әдеби, мәдени дамуына өте күштi ықпал жасады. Ахмет Байтұрсынов бұл туралы мынадай пікір айтқан: “Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған. Еуропадағы басқа жұрттар алған…”.
Қайта өрлеу (ренессанс) дәуiрiнен бастап, ғасырлар бойы ұмыт қалған антикалық мәдениеттiң сұлу ескерткiштер (әлемдiк мәдениетте Афинаның даңққа бөленiп, нұр төгуi Периклдiң есiмiмен тығыз байланысты. Ол Афинаны көркейтуге қамқорлық жасады, өнер атаулыны қанатының астына алды, қалаға ең таңдаулы суретшiлердi тартты. Фидийдiң кемеңгерлiгi арқасында архаикалық рухтағы Акропльдiң қираған орнына, толық еркiндiкке жеткен Эллинизмнiң көркемдiк мұратын бiлдiретiн Акропльдi салдырған. “Бiз әлжуаздықты мойындайтын даналықты, нәпсiнi тоқтататын сұлулықты сүйемiз” дегенi оның ең басты принципi мен әдеби шығармаларына, әрi солармен бiрге ежелгi грек мифологиясының образдарына Европалық феодалдық қоғам мен жаңадан пайда бола бастаған қала буржуазиясының үстемдiк етушi топтары қайтадан ынта-ықылас қоя бастады. Европаның әр түрлi елдерiнiң жазушылары, суретшiлерi мен музыканттары грек мифологиясының эпизодтарын қайтадан өз шығармаларына сюжет ете бастады. Мифтiк сюжеттер мен құдайларды бейнелеуге қайта өрлеу дәуiрiнiң аса көрнектi итальян суретшiлерi – Леонардо да Винчи “әйел тәңiрi” Флораның бюстiн жасады. Сандро Боттичели “Венераның тууы”, “Көктем”, картиналарын, Тициан “Айна алдында Венера” картинасын осы грек-рим мифтерiне орай салған. Аса көрнектi итальян мүсiншiсi Бенвенута Челлини өзiнiң ғажайып Персей статуясының негiзiн көне грек мифологиясынан алды.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Европа өнерi қайраткерлерiнiң ежелгi грек мифологиясы сюжетiн пайдалануы одан әрi өрiстей түстi.
Ежелгi грек мифологиясынан алынған сюжеттерге аса көрнектi фламанд, француз, голланд суретшiлерi: Рубенс, “Персей мен Андромеда”, “Венера мен Адонис”, Ван Дейк “Маркс пен Венера”, Рембрандт “Даная”, “Паллада Афинаның басы”, Пуссен “Жаңғырық пен Нарцисс”, “Хор қызы мен сатир”, “Полифем табиғат аясында”, “Геракл табиғат аясында”, Буше “Апполон мен Дафна” сияқты картиналар тек Европа ғана емес, сонымен бiрге дүниежүзiлiк өнер, мәдениетке қосылған орасан үлес едi.
Грек мифологиясына арналып талай драмалық және опералық шығармалар жазылды. Сол үздiк жазылған классикалық туындылар әлi күнге дейiн дүние жүзi театрларының сахналарынан түспей келе жатыр. ХVI-ХVІІІ ғасырлардағы көптеген опералық шығармалар “Дафна” мен “Эвридика” итальяндық операда мол қошеметке ие болса, ХVІІ ғасырдың композиторлары Перселлдiң “Дидона мен Эней”, Люллидiң “Тезей”, Монтевердидiң “Орфей”, “Ариадна” Глюктiң “Ифигения Авлидада”, Моцарттың “Идоменей” опералары жазылса, В.Шекспирдiң “Троил мен Крессида” пьесасы, “Венера мен Адонис” поэмасы халыққа кең танымал шығармалар.
Антика әдебиетiнiң бiлгiрi, М.Ломоносов атындағы университеттегi классикалық филологияның негiзiн қалаушы, iрi ғалым, профессор С.И.Радциг антика әлемiнiң Европаға әсерiн төмендегiдей бейнелейдi: “Барлық Европалық мәдениет түгелiмен құлаған антиканың үйiндiсiнен құрылды. Бұл өзiнен-өзi табиғи, ерiктi түрде, қоғам iшiне кең тарала бастады. Мәселен, ежелгi грек пен латындардың ойлары, тiл-мақамдары, бейнелеу образы және тағы да басқа ұғымдар кеңiнен дәрiптелiп, антикалық мәдениеттi бiлмейiнше, сол тұстағы өмiрдiң сан қырларын түсiну, сезiну мүмкiн еместiгi ашық жария болды.
Жаңа Европаның тарихында мынадай кезеңдер болғанын атап өту орынды, антикалық идеалдар мен антикалық формаларды ерекше күштi қарқынмен саяси өмiрде ғана емес, сонымен бiрге әдебиет пен өнерде бiр-бiрiмен үйлестiру қағидасы ұсынылған. Бұл қадам ХIV ғ. Италияда гуманизм мен Қайта өрлеу (ренессанс) дәуiрiнде басталып, ХVІІ мен ХVІІІ ғасырлардағы классицизм дәуiрiнде, ХVІІІ ғасырдағы Ағартушылық /Просвещения/ дәуiрiмен жалғасып, 1789 жылғы француз революциясына дейiн ұштасқан кезеңге дейiн барып тiреледi. Антика образдары мен идеяларынан әдебиет пен өнер, мәдениеттiң ұлы, дана өкiлдерi: Данте, Петрарка, Микеланджело, Шекспир, Мильтон, Байрон, Расин, Мольер, Вольтер, Эразм Роттердамский, Рейхлин, Лессинг, Гете, Шиллер және басқа да қайраткерлер шабыт алған, рухтанған”.
Орта ғасырлардың басында Европада грек тiлiн бiлетiндер саны саусақпен санарлық едi. Осы тұста ежелгi гректердiң рухани мұраларының дәстүрлерiн бiрден-бiр сақтаушысы Византия-Константинополь болды. 1453 жылы түрiктердiң жаугершiлiкпен Византияға басып-кiргеннен кейiн, көптеген грек оқымыстыларының ерiксiз Батыс елдерiнiң iшiне, Италияға, одан Францияға, Германияға және Ресейге көшулерi грек мәдениетiнiң Европаға келуiнiң алғашқы қадамдары едi.
Әрине, грек оқымыстыларының Европа мен Ресейге келгендерi оқытушы қызметiне кiрiскенi, өздерiмен ала келген бай қiтаптары жергiлiктi кiтапханаларға түскенi белгiлi жайт. Грек қолжазбаларының жауһарларының көбi Ватикан, Флоренция, Венеция, Париж және басқа да үлкен қалалардың архивтерiне осылай түскен. Мәселен, грек оқымыстысы Виссарион Венециядағы ұлы Марк кiтапханасына 800 тарта қолжазбаны өткiзген. Бұл тұста Римдiк әулие әкейлер ежелгi қолжазбаларды қолға түсiру үшiн орасан мол қаржы жұмсайтын. Бұл Қайта өрлеу (Ренессанс) дәуiрiнiң басты белгiлерi.
Кiтап, қолжазба жинау тек Қайта өрлеу дәуiрiнде ғана емес, антика дәуiрiнде өмiр сүрген грек-рим дәулеттi азаматтарының, оқымыстыларының дәстүрiндегi бар әдет. Грекиядағы мәдениеттiң өрлеуiнде кiтаптар мен кiтап жинақтарын жинауға ден қойған тұста, оның құны ерекше қарқында өсе түскен.
Б.д.д. V ғасырда оқыған қауым үйлерiнде кiтапхана ұстауды әдетке айналдырған. Сол тұста өмiр кешкен ақын, грек трагикi Еврипиттiң айтарлықтай үлкен кiтапханасы болған. IV ғасырда философ Аристотельде де сан түрлi мол кiтаптарға ие болған. Олардың кейбiреуi атақты Александрия кiтапханаларына да түскен. Аристотель дүниеден өткеннен кейiн оның жазған шығармалары қолдан қолға ауысып, соңында б.д.д. 83 жылдары Афина құлағаннан кейiн, рим қолбасшысы Сулланың әмiрiмен Римге жеткiзiлдi.
Достарыңызбен бөлісу: |